Орталық Қазақстан. 1991. 29 қазан Әдеби мұРА



Дата08.06.2016
өлшемі106.59 Kb.
#122913
түріПоэма
Орталық Қазақстан.-1991.-29 қазан
ӘДЕБИ МҰРА
Көрнекті әнші-композитор, жыршы, әнгімеші, ақын Доскей Әлімбаев (1860—1946) ұзақ өмірінің сексен жылын жыр толғап, ән шырқап өткізген. Оның үстіне Сарыарқаны ән мен жырға бөлеген, өнерімен өрге өрлеген Басығараның Қанапиясы, Құлтума, Шөже, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Ғазиз, Иман-Жүсіп, Естай секілді дүлдүлдермен бірге жүрген.

Доскей ақын жүздеген жыр-толғаулармен бірге, «Бақыт іздеуші тазша», «Қажымұқан», «Жетім бала мен жебір уәзір», «Иман—Мағзам тарихы», «Тоқа батыр», «Қенесары», «Қара шолақ сиыр» тәрізді дастандар туындатқан.

Атап өтерлік жәйг, 1941 жылы көрнекті фольклор зерттеушісі Есмағамбет Ысмайылов пен ақын Қалижан Бекқожин «Кенесары — Наурызбай. Кенесары және оның батырлары жайындағы жыр-дастандар және аңыз-әңгімелер жинағын» дайындапты (көлемі 30 баспа табақ), Бүгінгі таңда қазақ халқының тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен батырлар туралы жыр-дастандарды ел кәдесіне жарату — абыройлы іс болса керек.

Сондықтан да Доскей ақынның «Кенесары» атты шығармасын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Бұл М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ғылыми қолжазбалар қорында сақтаулы екен (№ 176 бума).


Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымының кандидаты.

КЕНЕСАРЫ

ПОЭМА

Доскей ӘЛІМБАЕВ


Сөз шығады ақылдан,

Ақыл айтар жақсы ғой,


Айрылмаған жақыннан,

Бақытты бала туады,

Мейірімді қатыннан,

Бір хикаят сөйлейін.

Арғы атасы Абылай,

Қасымханның баласы

Кенесары батырдан.

Наурызбай туды ер болып,

Бір шешеден артынан,

Екеуінің бағы асып

Қара Қазақ халқынан,
Жаңылмаған осылар

Уәденің шартынан,

Бұны естіген ерлердің.

Денесі иіп балқыған.

Ер Наурызбай ойлайды

Теке жәуміт мінсем деп,

Найза теспес, оқ өтпес

Шеге көз сауыт кисем деп,


Қенекеннің артынан
Жолдас болып ерсем деп,
Жау қарасын көргенде.
Жекпе-жекке келгенде,
Иіле түйреп етектен,
Абылайлап тнсем деп,
Дос, дұшпаннын арасын,
Айырып әбден білсем деп,
Қонысыма таласқан,
Дұшпанды әрі түрсем деп,
Сарыарқаның даласы,
Халқының қазақ жері еді,
Қалмақ, қытай, шүршітпен,
Ел емес бізге дер еді,.
Оңтүстіктен тағы да

Бір жау қаптап келеді,

Екі жақтан қысқан соң,

Ат төбелі секілді,

Сорлы қазақ баласы,

Таршылықты көреді.

Қаланша күн көреді.

Құдайы қылып, мал сойып,

Аман қыл деп халықты,

Әуелден батыр тіледі.

Ел үшін жаға жыртысқан,

Жабысып жаумен қырқысқан.

Наурызбай мен Қенені

Мақтауыма келеді,

Арамдыққа ауған соң,

Қазақтың кейбір баласы,

Патшаның келіп жабылды

Арқаға нақақ жаласы,

Бұған қалай шыдасын

Кенекемдей данасы,

Кенесары батырға

Қан жауғандай боп кетті

Жер мен көктің арасы,

Кенесары батырдың

Қан толғандай қызарды

Қөзінің ақ пен қарасы,

Қастығын патша қоймаса,

Дұшпандығын жоймаса,

Өртенер деді қаласы,

Айдарлысы құл болып,


Тұлымдысы тұл болып,
Екіталай күн туып,
Ботасы өлген түйедей
Боздап қалар анасы,
Жүрегіне дақ салар

Найзадан болған жарасы,


Омыртқасы үзіліп,
Қабырғасы қақырап,
Жыртылар деді жағасы,
Опасыз туған болса ұл
Өлімен тең бағасы,
Елін сатса жауына,
Ол жүректің қарасы.
Наград берем деген соң
Қыпшақтан кетті Ыбырай,
Советник боп Тұрлыбек
Ол да кетті сұмырай,
Басентиін Мәсеке,
Шыдап тұрсын ол қалай,
Қаздауысты Қазыбектің
Әруағын аттап сыйламай,
Ауылынан кетті Шалғынбай.
Жемсауын кеуіп параға
Тобықтының елінен,
Суырыла шықты Құнанбай,
Құдаймен де калған жоқ —
Қодыр төре қалған жоқ
Найманнан шыққан Ерден де*
Алды-артына қарамай,
Ол да кетті жарамай,
Параны жақын жағалай,
Мұның бәрі Кенеге
Қасірет болды бірталай,
Ойран салмай жауыма,
Шыдаймын, деді, мен қалай?
Қазақтың жиын батырын,
Басын қосып жинайын,

Қолды түзеп көк найза,

Желкесін жаудың қияйын,
Арғыннан шыкқан Ағыбай
Шапырашты Бұғыбай,
Толқынта найза сілтеген,
Шәкір, Жәуке, Төлебай,
Азға куат беретін,
Туған інім Наурызбай,
Қайратты қалай тыяйын,

Атамның еді жолдасы,


Қарт Бөгембай бар еді,
Соған барып дос болған,
Тарақтыда Байғозы,
Назымды соған құяйын,
Төруылда Жанайдар,
Жиһан асқан ер еді,
Тамадағы Танашты
Шақырсам ол да келеді,
Базар батыр Бөрші де
Ерегіскен дұшпанның
Жау жазасын береді,
Көбек батыр және бар
Жауға жеке кіретін,
Бижан батыр тағы бар,
Мінген аты көк шағыр,
Әкесінің аты Алшағыр,
Жарғыштык жеті бірі еді,
Қайраты мұның ірі еді,
Оған еріп жолдас боп,
Көкаласын мінеді,
Немересі Жұманның
Байқан батыр келеді
— «Ерегіскен тақсыр-ау,
Жауың қайда» — дер еді,

Байқан батыр ерлігі


Оның-дағы мол еді,
Қенесары батырдың
Жауға аттанар жолы еді,
Жиналған осы батырлар,
Сегіз жүздей қол еді.
Кененің сонда мінгені
Сансыз қолдан озатын,
Шамадан алған торы еді,
Батырлар шығып жайнады,
Наркескенді қайрады,
Арғымақ тұлпар мінгені,
Беттері жаудан таймады.
Тоғыз күндік Бетпақтың
Шөліне қарай айдады.
Жолдан естіп қосылды,
Батырлар тағы қайдағы,
Ләшкерге толды деп естіп,
Ақтаудың тегіс аймағы,
Жауға жақын ілінді,
Бекінген қойнау сайдағы.
Қене айтады халқына:
«Мен айтайын жөнімді:"
— Қолды бастап қамалға
Кіретін осы жер деді,
Қүнбатыс жағын алайын»
Дегеннен сок Кенекең,
Тоғыз батыр қасында,
Наурызбай батыр бөлінді.
Наурызбай батыр ерліктен,
Оттай қаулап жанады,
Қамал бұзған батырдан
Тоғызын сайлап алады,
Жаудың бетін білуге,
Жер байқауға барады.
Тунде кез боп көп қолға,
Абылайлап ат қойып,
Түнде қырғын салады.
Таң атқанда қараса.
Батырларын санаса,
Өлген екен біреуі,
Өзгесі аман қалады.
Көбі өліпті дұшпанның
Қөбі бопты жаралы,
Қолға түскен жауының
Қаруын жиып алады.
Қайта келсе Ақтауға,
Қамап жатқан өз қолы,
Кенесары батырдың
Қаптаған екен көп қолы,
Мұнда көріп қуанып,
Наурызбай айтты бір сөзді:
Қандай қамал болса да,
Жауды аламыз бұл жолы.
Кенесары шақыртып
Наурызбайды алады,
Аман-есен келдік бе,
Ерлігің мен қайратың
Ә, шырағым, жарады.
Бағымызды ашса бір құдай,
Салдырған патша далаға
Өртейік тегіс қаланы.
Тегіс кұртсақ қаланы,
Зорлығынан құтқарып,
Алармыз аршып даланы,
Сөзіме менің нан, шырақ,
Қасыңа жолдас ал, шырақ,
Жанайдарды ертіп ап, —
Ағыбайды, Бижанды,
Ақтауға өртті сал, шырақ!
Наурызбайдай батырдың
Бозауыз еді мінгені,
Ағаның естіп жауабын,
Белгілі болды сенгені,
Сол күнгі айтқан түнінде
Тамадан шыққан Танат бар

Наурызбайдың досы еді,


Жолдаяқ дейтін бір батыр,
Екі мың қолмен екеуі
Сол күні түні келгені,
Теке жаумыт мінгені,
Көкпеңбек сауыт кигені.
Мұны көріп қуанып,
Абылайлап Наурызбай,
Өрт салуға Ақтауға,
Шаңқай түсте кіргені.
Ағаш үй жанды өртеніп,
Есепсіз жаудың өлгені,
Сауынан көп болды өлгені.
Қөшесінен Ақтаудың
Қып-қызыл боп қан ақты,
Мылтық атып бір жақтан,
Қолмен тартқан садақты,
Бір жұмада сап қылды,
Қарсылық етпей қалғаны
«Мен сіздікпін» деді де
Құшақтады аяқты.
Ақтауды алды, кенелді,
Батырлар салған өнерді,
Он екі мындай қол болып,
Акмолаға жөнелді.
Бастығы болған бәрінің
Кенесары, Наурызбай,
Екінші батыр тағы да
Арғыннан шыққан Ағыбай,
Бұларға теңдес тағы да
Батырлар бар бірталай,
Он екі мын қолменен
Қараөткелге жетеді,
Аялдап оған тоқтамай,
Көкшетауға өтеді,
Қайтқан жолда алам деп,
Қызылжарға кетеді.
Жиылып, ұлық жатыр деп,
Қерей тіккен шатыр деп,
Жолды өзекке жетеді.
Қалың қолмен келді деп,
Керей қорқыныш етеді,
Тегіс алып Керейді,
Ескі кегі бітеді.
Тұрлыбек қолға түскен жоқ,
Бер жағында Омбының
Клумзинге жетеді.
Губернаторға Омбыда -
Мен келдім қарсы келсін деп,

Кенекең қабар етеді.

Көп солдатты ертіп ап,
Губернатор Ертістен
Жау бетіне өтеді,
Елшісін ол жіберіп,
Өздері қалып үдеріп:

— Қайтем дейді әскері аз


Кімге әлі келеді...
Кенекең жауап береді:

— Қолымда найза жебелі,


Тартсам садақ шеркеудің
Басын жұлып кетеді.
Губернаторға айта бар,
Көп әскері қолымнан
Төтеп бермей өледі.
Губернатор айтыпты:

— Айтсын, — депті,— көрейін,


Мергендігін білейін.

Кресін шеркеу құлатса,


Қалағанын берейін,—
Дегенде, Қене - Подписка
Берсе депті сенейін,
Аруағына Абылайдың
Сыйынып, атып көрейін,

Дұшпанның көкілі басылып


Үстем болсын мерейім».
Шақырып алды алдына
Ағыбайды тобынан,
Атамын деді шеркеуін
Садақпен тартып жонынан.
Губернатор қайтпасын,
Өзінің айтқан сөзінен.
Қайтса сөзден мерт болып,
Шабайық жауға тезінен.
Қлумзиннің бір жағын
Түгел бізге бермесе,
Обалын көрсін өзінен.
Егер оғым алжасып,
Қате кетсе далаға
Қалағанын ол да алсын,
Мен қайтпаймын сөзімнен,
Осылай сөз байлады,
Батырдың күші қайнады,
Қөзі шоқтай жайнады,
Беті жаудан таймады,
Көк бурылды мініп ап
Шеркеуге жақын айдады,
Садағына оқ салып,
Қідірместен тоқталып,
Атуға белді байлады.
Жүгіртіп келіп бурылды,
Шіреніп тартты садақты,
Көрсетті қалык тобына
Қайрат пенен талапты.
Шыдай алмай күшіне
Тізесін бүгіп, ат жатты.
Ыза болып атына
Барып-қайтып тағы атты,
Үшінші рет болғанда
Аузына алды әруақты,
Бурылына күш бітіп,
Тағы тартты садақты,
Басына шеркеу дәл тиіп,
Кресін жұлып құлатты.
Губернатор көзімен
Мергендігін көреді,
Істен тынып үндемей,
Кенедеи сезіктенеді.
Уәдесін бұза алмай,
Қлумзинге қараған
Ертістің бойын береді,
Ойдағысын орындап,
Қайраты сыймай бойына.
Қөз жіберіп қарайды
Арқаның қыр мен ойына.
Бекітпекке қонысты,
Баса — көктеп орнаған
Отаршылмен соғысты:
Отаршылға басшы боп,
Көтеріп қоржын қосшы боп,
Жағынып күткен ұлықты,
Шекпең үшін, сен үшін,
Халқына салған құрықты,
Қиратпаққа қасқырды —
Би менен бек, болысты.
Семейге қарай құлады,
Семейді жаудан босатып
Алудың қамын қылады.
Жинап алып сарбазын,
Қең мәжіліс құрады.
Шағанның бойын жайлаған
Найман менен Тобықты,
Балқаштан құлап барлығы
Хан тауында жолықты,
Үйсін, Дулат елдері.

Көкірек, Сәмбет, Жалайыр**

Бүның бәрін түгендей,

Әңгімеге молықты.

Ауыр қолмен келген соң

Сонынан Кене еруге

Бәрі сөзді қорытты.

Сонда Кене сөйледі,

Сөйлегенде бүй дейді:

Қара қазақ баласын

Қол астыма жинайын,

Қазақ үшін кұрбан ғып

Шыбын жанды қияйын.

Ерегіскен дұшпанды

Ауыздықтап тыяйын,

Халқымнын қамын жеп жүрмін,

Елдің кегі деп жүрмін,

Бір басымнын қамы үшін,

Елдің сатып намысын,

Қоныс тауып қолайлы,

Деп жүргем жоқ: сияйын,

Қырғыз-қазақ баласы

Отырған көрші ел едің,

Салтанатың жарасқан

Еркін өскен ер едің.

Басыңды қосып бәріңнің

Ел қылайын деп едім,

Салдырған патша қаласын,

Жер қылайын деп едім.

Оққа көзін тестіріп,

Шел қылайын деп едім,

Қөзден жасын ағызып,

Сел қылайын деп едім.

Арқаның күйін келтіріп,

Гүл жаннатып қонысын,

Ел қылайын деп едім,

Терезесін патшамен

Тең қылайын деп едім,

Мақұл көрсең соңыма ер,

Қенекем берер көмегін.

Айқасуға жауыммен

Қырғыз боп тұр керегің!»-—

Деп Кенекең елшісін

Жібереді қырғызға

Білуге бір дерегін.

Манаптары қырғыздың

Хан сөзіне көнбеді,

Айтқанына жүрмеді,

Батырға тізгін бермеді,

Пара жеген патшадан

Жаңқараш, Жантай*** дегені

Қенені жақсы көрмеді.

Арам ниет бек, манап,

Өшіктірді өсек сап,

Қазақ-қырғыз арасын,

Өйткенімен не пайда,

Қенеден тартты жазасын,

Ертелі-кеш Қенекең

Манаптың алды мазасын,

Жетісу бойы Үйсінді

Әкетті тартып өзіне —

Көрсеткендей табасын

Үйсін, Дулат екі ру —

Кенеден тапты ағасын.

Қорыққаннан манаптар,

Тауға кіріп паналай,

Өлмейтін жерін сағалай,

Түбекке кіріп бекінді,

Мықты жерін шамалай.

Сонда да болмай Кенекең,

Айдап шыкты қамалай,

Сонда да болмай манаптар,

Қаша соғыс туғызып,

Қарсылық қылды қаралай.

Сонда тұрып сөйледі.

Батыр туған Наурызбай:

— Әй, Бұғыбай, Бұғыбай****
Қорлық болды бұл қалай?
Былтыр өзің келгелі
Жұрттың алдың жарлығын,
Жолдың алдың жабдығын.
Бір аузыңа қараттың,

Ерген жұрттың барлығын.


Алатаудан аса алмай,
Манаптар қолын баса алмай,
Тауысып келдім қайламды.
Өліп кетсем, Бұғыбай,
Қөңілімде арман қалмасын
Тау басында қамалға,
Бір тигізші найзамды!»-

— «Жол тап, деген жолыңа


Төгіле қалмас арымыз,
Жауынды шаншып беруге
Науанжан келмес халіміз,
Томағамды сыпырып,

Қыя тасқка салыңыз,


Алатаудың бетінең
Қаптай шауып батырлар,
Аяқтай тасты алыңыз»
Салып-салып жіберді
Бозауыз атты жебеге,
Алатаудан баршасы
Аспақ болды төбеге,
Зеңбірек ат деп тапсырды
Кейін қалған төреге
Ойдан атқан зеңбірек
Тау басына жетпеді,
Сонда-дағы манаптар
Асуын тастап кетпеді.
Жеткізем деп биікке,

Кенекең әкеп түйіне


Зеңбірегін тиеді,
Шыдамай дәрі күшіне
Ортасынан үзіліп,
Темірі жанып, күйеді.
Кенекең ойда жатқанда,
Бұғыбай басшы алдында,
Бір асудан кол менен,
Наурызбай жауға тиеді.
Таудың басын өрмелеп,
Қиындығы не түрлі,
Басынан ауыр сенделіп,
Шыға келсе биікке,
Шалығып-шаршап ентелеп,
Жатыр екен онда да
Бір топ қырғыз батыры,
Келген соң Науан оларға
Туды заман ақыры.
Көндірем деп оларды,
Кенекең қылды қайратты,
Меркеден әрі асырып,
Түгел қуып айдатты.
Ақсуды алып жайғасып,
Алатаудан асырды,
Жартысы қашып құтылып,
Кенекеңнің қалғаны
Аяғына бас ұрды.
Сонда да болман Кенекең,
Абылай аспас асудан
Асамын деп өктеді,
Сондағы манаптар
Асуын тастап кетпеді,
Қарабалта, Соққылық*****
Батырлар соған барған соң,
Манаптың қолын тағы да
Сыпыра шауып өткені.
Патшаға сеніп ердің деп,
Сөзіңді астырт бердің деп,
Кенекең қылған өкпені.
Сондықтан әбден өштесіп,
Манапқа мейірім етпеді.
Өрлей берді Кенекең,
«Бішкек» пенен «Арасан»
Оны басып тағы алды,
Токпақ пенен Кекілік
Алынбай енді сол қалды,
Асатын жер таба алмай,
Батырлар ауыр ойланды.
Көкала қалқаң өңгеріп,
Жебелі найза қолға алды,
Тас қыдырып, тау кезіп,
Тоқпаққа қарай жол салды.
Қыспақты күнде қысылшаң,
Тұрғанда төре осылай,
Астыртын хабар алысып,
Патша мен манап сөйлесіп,
Қырғыздың манап Орманы,
Патшаға барып сатылды.
Көмекке алып қасына,
Жинады өңкей батырды.
Азғырып, алдап Дулатты,
Қайта өзіне шақырды,
Кеңекеңе білдірмей,
Дулат тегіс қашады,
Біз кеттік деп Кенеден,
Манапқа хабар шашады.
Ішінен шығып дұшпаны
Кененің сырын ашады.
Мұны естіген манаптар,
Көңілденіп тасады,
Манап пен Дулат бірігіп,
Мықты уәде жасады,
Ішіне тыңшы кірген соң,
Әлсіз жерін білген соң,
Бір күні түнде қапелдем
Кенеқеңнің көп қолын
Манаптар келіп басады.
Қапыда қалып Кенекең,
Түн ішінде сасады,
Сонда да қайтпай жауымен.
Қан майданды жасады.
Тоғыз айлық соғыстан
Шаршап әбден қажыған.
Батырлардың қайраты
Қайта туып, тасады.
Сонда-дағы шыдамай,
Кененің қолы қаймығып,
Шегініп кейін қашады.
Патшаға қарсы соғысқан,
Халық үшін жан қиған,
Әскері кетіп қолынан,
Кенесары, Наурызбай
Қырғызда қалып өледі.

ҚОРЫТУ

Қырғыз елі ол бастан,


Қас болған жоқ қазаққа.
Патшадан тартып тақсірет
Жүрген ол да азапта.
Тізгін бермей қолына,
Кедергі болып жолына,
Манаптар салған дұзаққа.
Қырғызды сатып патшаға.
Алтын, күміс ақшаға,
Жанқараш, Жантай ел сатып,
Патшадан шен тағынған,.
Шен үшін соған жағынған,
Қырғыз бенен қазақтың
Сол үшін қаны ағылған,
Жанқарашпен өштесіп
Кенекең бекер шабынған,
Кеңекеңді өлтіріп,
Жантайдың кегі алынған.

*Аты аталғандар патшадан шен алып,


Кенесары көтерілісін басуға
қатысқан шонжарлар.

**Ру аттары



***Жаңқараш, Жантай — Кенесары өлтірген қырғыз манаптары.
****Бұл арасы Нысамбай жырынан алынған.
***** Жер аттары.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет