Орталық балалар кітапханасының тарихы
Алғашқы кітапханалар сонау 30-шы жылдары құрыла бастаған. Сол кездегі «Қызылотауларға» орналасқан шағын кітапханалар қызмет еткен.
Балалар кітапханасы 1964 жылы ашылып, 3005 дана кітап қоры болды. Сол жылдары кітапханада орта арнаулы білімі бар Т.Т. Масыч кітапханашы болып істеді. 1974 жылы кітап қоры 17935 данаға дейін өсті, бірақ сол жылғы болған өрттің зардабынан көп шығынға ұшырап, 5 мыңдай кітап сақталынып қалды. 1975 жылы Қазақстан стансасында ауылдың кітапхана қоры – 4183, тұрақты оқырманы – 400 болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауданда 12 жылжымалы кітапхана (изба-читальня), аудан көлемінде 1 кітапхана, онда кітап қоры – 13605 дана, оның 4487 данасы балаларға арналған кітаптар болған.
50-ші жылдары мәдени-ағарту мекемелерінің жұмысы жақсарып, ауданда балалар кітапханасы, селолық кітапханалар жұмыс істей бастайды. Өрттен кейін кітапхана Совет көшесі бойындағы тұрғын үйге көшіріліп, 1976 жылы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің құрылуына байланысты Орталық балалар кітапханасы болып қайта ұйымдастырылған. Оның құрамына қалалық кітапхана филиалы, Бөрлі, Березовка ауылдарының балалар кітапханалары енді. Орталық балалар кітапханасы балалармен жұмыс істейтін барлық кітапханалардың әдістемелік орталығына айналды. Кітапхана қаламен бірге дамып, өсіп отырды.
Алғашқы аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Т.Т.Масыч балалармен әңгімелесуде. 1970ж.
1988 жылы қаланың жаңа бөлігінің салынуына және мектептердің ашылуына байланысты кітапхана 4-ші ықшам ауданына, 1997-98 жылдары «Трнава» сауда орталығына, 1998-2007 жылдары №2 балабақша үйіне көшірілсе, 2007 жылдың желтоқсанынан қазіргі уақытқа дейін Өнер мектебінің ғимаратында жайғасып келеді. Осы жылдары Орталық балалар кітапханасында кітапхана меңгерушісі болып білікті де білімді, қабілеті мол мамандар М.Тлепова, Р.А.Асанова, М.Дүйсенбаева, Е.С.Соловьева ,З.П.Емец, М.О.Сарсенгалиева, С.С.Қаражанова кітапханашылар Шкуринская, Р.Калашева, Е.В.Рыбальченко, Б.Н.Абдрахманова, Е.Т.Балғабаева еңбек етті.
2006 жылдан бері балалар кітапханасының меңгерушісі болып С.К.Меңдібаева, 2011жылдың мамыр айынан бастап С.Х.Тасымғалиева қазіргі заман талабына сай оқырман сұранысын қанағаттандыруда кітапханашылар А.Ж.Шарипова, Ж.К.Мубаракова, Қ.Р.Магзумова еңбек етуде.
Бүгінгі таңда аудандық балалар кітапханасы дәстүрі мен тарихы бай, балаларға арналған мәдени орталық. Кітапхана құрамында оқырманға қызмет көрсету бөлімі, оқу залы жұмыс атқарады. Кітапханада 18654 дана кітап қоры бар, оның 3225 қазақ тілінде. Кітап қорын 2120-нан астам оқырмандар пайдаланады. Кітапхана оқырмандары 5-16 жас аралығындағы балалар, олардың ата-аналары, мұғалімдер, балабақша және балалар мекемелерінің қызметкерлері.
Кітапхана жанында 2011 жылдан бері «Атамекен» экологиялық клубы жұмыс істейді. Клубты ұйымдастырып, оның жұмысын тұрақты түрде жүргізетін кітапханашы А.Ж.Шарипова. Клубтың мақсаты – балаларға әдебиет арқылы қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты сақтауға, туған өлке, оның байлығы мен табиғаты туралы түсінік бері. Кітапханада 2008 жылы «Дәстүр» клубы ашылды. Клуб жетекшісі – Қ.Р.Магзумова. Кітапхананың материалдық базасы және кітап қорының сапалық құрамы жылдан-жылға жақсарып келеді.
Өскелең ұрпаққа руханият шапағатын таратып, қажыр-қайратын аямай оқырмандарға әрқашан қызықты кітап ұсынып, жандүниесін байытуға қолғабыс етіп жүрген кітапхана ұжымының еңбегі бағаланып, аудандық балалар кітапханасы 2004 жылы облыс көлемінде өткен «Кітапхана – экологиялық мәдениеттің орталығы іспетті» тақырыбына арналған экологиялық жобаның байқауына белсене қатысқаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.
2007 жылы Бөрлі ОКЖ-ның ұйымдастыруымен өткізілген «2007 жылдың ең үздік кітапханасы» атты аудандық байқауының қорытындысы бойынша бірінші орынға ие болып, І дәрежелі Дипломмен марапатталды. Өз ісінде жетістіктерге қол жеткізген үшін 2008 жылы шілдеде кітапхана меңгерушісі С.К.Меңдібаева «Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталды. Кітапхана 2011-2012 жылдары Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен өткізілген on-line конференциясы, «Отбасы оқырмандар сайысы» белсене қатысқаны үшін алғыс хаттармен, Бөрлі аудандық ОКЖ-ның, Бөрлі аудандық мүгедектер қоғамының алғыс хаттарымен марапатталды. Жыл бойына ауыл кітапханалары балалар мен жасөспірімдер жұмыстарын ауыл мектептерімен, мәдениет үйлерімен, клуб қызметкерлерімен, «НұрОтан» халықтық демократиялық партия филиалы қызметкерлерімен т.б. ұйымдармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізді. Кітапханада балаларды жүйелі оқыту барысында оқырмандарды әртүрлі топқа бөліп, олармен түрлі жұмыстар жүргізді, жанұялық оқуға, мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға көп назар аударылды.
Достарыңызбен бөлісу: |