Абыз
Қостанай қаласының құрметті азаматы,
тоқсанға келген ағамыз Мағауия ЖҮНІСҰЛЫ
туралы әңгіме
1. “Тәубе” деген тарланбоз
Мағауия ағамыз 1919 жылы 11 ақпанда Меңдіқара ауданына қарасты Шолақсай ауылында туыпты. Бүгіндер ол ауыл да, Мәкең туған алып держава – Кеңес Одағы да, Мәкең ұзақ жылдар қатарында болған Коммунистік партия да жоқ. Өйткені заман өзгерді, бұрынғы құндылықтарға сын көзбен қарай бастадық, өткеннің бәрін де жамандап, топырақ шашудан аулақпыз, бірақ бүгінгі белес биігінен қарасақ кейде сол кеңестік дәуірдің кейбір сорақылығы мен мұндалап шыға келеді. Кеңестік саясат халықты діннен алыстатты, “дін – апиын” деп мешіттер мен шіркеулерді қиратты, дін жолын ұстаған талай тұлғалар қудалауға түсті. Өз халқының ішінен сол халықтың жауын іздеп, жазықсыз жандарды атты, түрмеге тоғытты. Сол бір нәубат жылдары халықтың бетке шығар қаймағы “халық жауы” атанып, Итжеккенге айдалды. Бәлкім, “аттың жақсысын кермеден, жігіттің жақсысын түрмеден көрерсің” деген мәтел сол бір сәтте туған шығар.
Мәкеңнің әкесі Жүніс те аузынан Алласын тастамаған діндар жан еді. Ұлы төңкеріске дейін жаяулап-жалпылап, бірнеше ай жүріп, Меккеге барған, қажылық парызын өтеп қайтқан елге сыйлы, жамағатқа құрметті, өз заманының қайраткер қазағы еді. Бірақ жаңа үкіметтің сыңаржақ саясаты кезінде оның қажы екенін айтудың өзі де қауіпті еді. Сондықтан да Кеңес үкіметі тұсында Мағауия ағамыз шыққан тегі туралы әңгімеден қашқақтай беретін. Сауалнама толтырғанда әкесі туралы деректе оның қажылыққа барғанын, дін жолын ұстаған, ешкімге қиянаты жоқ жан екенін жазғаны бар.Жеме-жемге келгенде сол бір жазбаның кейін пайдасы да тиді. Шыққан тегін жасырған талайлар теперіш көріп жатқанда Мәкең “әкемнің қажы екені рас, оны мен анкетада көрсеткенмін” деп ағынан жарылған. Тексерушілер расында да баланың әкесі туралы өз қолымен толтырған деректерін көріп, солай екен-ау, баланың не жазығы бар дегендей мәселені одан әрі ушықтырмайтын.
Сол әке сүйегі ата-баба мекені болған Шолақсайда жатыр. Туған жер басында ел болмаса да осы өңірде туып, өскен жасы бар, жасамысы бар ата жұртқа ат басын бұрып, аруақтарға құран оқиды. Ана бір жылы үлкен-кіші әу десіп, ас берді. Осынау игілікті шара ортасында ағалық ақылын айтып, кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, абыз аға Мағауия Жүнісұлы да жүрді.
Ағамыз тоқсан жылдық ғұмырында жақсыны да, жаманды да көрді. Отыз жетінің ойранын, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы тауқыметті, соғыстан кейінгі ауыр кезеңді, тың және тыңайған жерлерді игеру дүрмегін, “Совет адамдарының бүгінгі ұрпағы коммунизмде өмір сүреді” деген дақпыртты, “кемелденген социализм құрған” даурықпаны, Горбачевтың “қайта құру” деген далбасасын... көрді. Ақыры ата-бабасының, қазақ халқының талай ұрпағының арман еткен елінің Тәуелсіздікке жеткенін көрді. Көрді де “тәуба” деді. Қайратына мінді. Құдайға шүкір, ағамыз тоқсанында да топ ортасында тұлғаланып көрінеді. Соның бір мысалын мына әңгімеден аңғарамыз.
2. Тоқсанында топ бастады
Өткен жылы тамыз айының ортасында Торғайдың Қызбеліне еңселі ескерткіш қойылды. Ол ел қорғаны, ру басы, кешегі қалмақтармен кескілескен күрес кезінде асқан ерлік жасап, туған елін басқыншы жаудан қорғау жолында мерт болған Өтей батырға арналған еді. Мағауия ағамыз да сол ержүрек батырдың бір ұрпағы. Бабасына ас беріп, ескерткіш орнатылғалы жатқанда қалада қала алмады, тамыздың аптап ыстығында алты жүз шақырым қашықтықтағы Қызбелге тартты. Рәсімді ұйымдастырудың басы-қасында жүрген інілері “Аға, алыс жол ғой...” дей бастап еді, Мәкең турасына көшті:
– Бір әулеттің үлкені ретінде баба ескерткішіне тағзым етпей тыныш қалай жата аламын, – деді.
Торғайдағы салтанаттың бел ортасында көппен бірге көңілді жүрген де осы ағамыз еді. Меркенің қызыл мәрмәрінен жасалған ескерткіш жамылғысын өзі түсіріп, жиналған қауым алдында сөз сөйледі. Халық сілтідей тынды, оның ойлы да салмақты сөзіне құлақ түрді:
– Бабамыз Алланың рахманына бөленген кісі екен. Біз ұмытсақ та, Тәңір мен еліміз ұмытпапты. Нәтижесінде ол өткен жылдан бастап ұрпақтарымен қауышты. Бабамыздың есімін әспеттеген Атырау еліне, сосын атасын ардақтауды ұйымдастырған барлық інілеріме алғыс айтамын. Өтей батырға ештеңе керегі жоқ. Керісінше ол – бізге керек. Осы отырған Өтейлердің бәрі – бір Өтейдің баласымыз! Ол – біздің бәрімізді бірлікке, бөлінбеуге шақырып тұр. Бабамыз – өте киелі, аруақты адам екен. Оның сүйегінің табылуы – былтырдан бері бізді бір бүтін етті. Осы бірлігіміз бен ынтымағымыз одан әрі нығая берсін! Отанымыз бейбіт, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын! Аллатағала қазақ халқын осы берген бақытынан, ырыс-несібесінен айырмасын. Атамыздың тойы – Алаштың тойы болсын! Бұл – қасиетті құлпытас. Неліктен қасиетті десеңіз – араға 260 жылдай уақыт салып, бар ұрпағы жасады оны. Біз бабаларымыздың рухына тағзым ету үшін осы Қызбел жеріне келіп тұруымыз керек, – деді Мағауия ағай.
Осы салтанатқа қатысқан менің әріптесім тамаша ақын және қаламы жорға журналист Хамитбек Мұсабаев кейін былай деп жазды:
– Лайым да, Аллатағала іші-сырты бірдей сұлулықтан, сарбаздықтан жаралған бұл кісіні 90 түгіл, 100-ге аман жеткізгей. Осы жасымызға келгенше 90-ға дейін сыр бермей келген 3-4 ақсақалды көріп едік. Мағауия аға солардың бәрінен де ерекше көрінді. Жиналған қауымның бұл кісінің өзіне де, сөзіне де, иманы шалқыған нұрлы жүзіне сүйсінбегені жоқ шығар. Бұл кісіге қарағанда – 90 дегеніңіз жігіттің жасы іспетті.
3. “Халық жауына” қамқорлық
Төлепберген Сейтқалиев деген өз заманының ерекше білімдар, жөн білетін көшелі кісісі кешегі зұлмат жылдарда бір емес, екі рет “халық жауы” кейпін кейіп, Карелияның орманында қиямет-қайымнан өтіп еді. Кезінде облыстық, аудандық қаржы бөлімдерінде инспектор болып істеген ол сол кездегі астана Алматыға бір үлкен жиынға барып, аңдаусыз сөйлеп, үлкен басшылардың біріне төтеннен сұрақ қойып, көзге түсіп еді. Кейін іле-шала үйін тінтіп, жасырын “әдебиеттер” тауып, “Бәленше, түгеншемен” сыбайлас деп он жылға кесіп, алысқа аттандырып жіберіп еді. Одан аман-есен елге оралған соң қайтадан қаралап, келген жағына қайта жөнелткені тағы бар.
Өз басым Төлепберген ақсақалды кешегі Ахаң мен Жақаңның көзін көрген, олардың шығармаларын бес саусағындай білетін, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін жатқа оқитын жады мықты, көргені көп, білімі ұлан-теңіз ақсақал деп ерекше құрмет тұтушы едім. Ол кісінің бастан өткізген қиыншылықтарын қағазға түсіріп, газетке жариялаған да едім. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде-ақ баласына Әбілхайыр, қызына Сүйімбике, немересіне Абылай деп ат қойған, бүгінгі тәуелсіздікті аңсаған абзал ағамыздың бірі еді.
Сол кісі айтқан бір әңгіме жадымда сақталып қалыпты. Осы Мәкең, Мағауия Жүнісұлы, Қостанай қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істеген тұс. Бірде Төкеңді көріп, амандық-саулық сұрасып, кеңсеге келіп кетуін өтінеді. Төкең келеді. Кеңес үкіметінің бір қаулысын алып шығып, көрсетеді. Онда кешегі зұлмат жылдары нақақтан запа шеккен, “халық жаулары” атанған, кейіннен ақталған азаматтарға қамқорлық жасау жөнінде айтылған екен. Азаматтардың сондай санаттарына кезектен тыс пәтер беру, оның механизмі осы қаулыда көрініс тапқан болып шықты.
– Төке, осы қаулыға сүйеніп, қалалық атқару комитеті төрағасының атына арыз жазыңыз, оған мына газеттегі мақаланы да қоса тіркеңіз, – деп кеңес береді. Газеттегі мақалада Ленинград қаласында бұрынғы “халық жауына” пәтер берілгені туралы жазылған екен.
Төлепберген ағамыз арыз жазып тастап кетеді. Бірақ мәселе шешімін табады дегенге сене де қоймайды. Дегенмен арада біраз уақыт өткен соң ауылда тұратын ағамыз хат алады. Пәтер мәселесі шешіліпті. Сол жылдары жаңадан салынып жатқан Текстильщик шағын ауданынан Төкең ақсақал төрт бөлмелі үй алып, қуанышы қойнына сыймайды. Мағауия інісіне алғысын жаудырып:
– Жаңа пәтерге келіп, қонақ болып кет, қарағым, – дейді.
– Төке, рахмет. Қонаққа ағайын-туғандарыңызды, дос-жолдастарыңызды шақыра беріңіз. Қызметтегі адамбыз, сенбі-жексенбі деген де жоқ қой бізде, оған ренжімеңіз, – дейді. Бір жағы жұмысбастылық, екінші жағынан, бәлкім, сақтық жасағаны болар, кім біледі, біреу-міреу кешегі “халық жауына” пәтер беріп, қажының баласы сол пәтердің төрінде отырды, деп домалақ арызды айдатып жіберсе, не боларын кім білсін...
– Сенің әкең Жүніс қажы талай адамдарға жақсылық жасаған екен, сен де менің және менің отбасымның көңілін жадыраттың, өзіңнің сыбағаң емес, әкеңнің сыбағасын жеп кет, – дейді жөн білетін Төкең сөзді әріден бастап.
Мәкең де қарсы дау айта алмай аға үйінен дәм татып, ақсақалдың дуалы аузынан шыққан әңгімесін тыңдап, бір жасап қалады. Өміріндегі сол бір есте қалған оқиғаны Мағауия ағамыздың да аузынан естігенім бар.
4. Кім бар ыстық бала күнгі
досыңнан
Тоқсанға келген тарланбоз бұдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын мектепте бірге оқыған достарын да ұмытқан жоқ. Алматыдағы әйгілі № 12 қазақ орта мектебі еді. Алтын ұяны аяқтар сәтте бірге түскен суреттен арманы асқан, болашаққа сеніммен қараған қыз-жігіттерді көресің.
– Мынау менің Бақтыораз Бейсекбаев деген досым еді, – деп суреттегі көз жанары алысқа қадалған бозбаланы көрсетеді аға. – Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері қаза тапты. Арманы асқақ еді... Ұзақ жылдар бойы оның тағдыры да беймәлім болып келді. Бірақ кейін белгілі болғандай, Бақтыораз өшпес ерлік көрсетіпті. Кезінде ұшқыш Громов экипажы жасады деген теңдесі жоқ ерлік құрамында осы Бақтыораз да болған екен. Зерттеушілер мәселенің мән-жайын анықтап, Ұлы Отан соғысы тарихындағы теңдесі жоқ ерлікті паш еткенде, менің де қуанышымда шек болған жоқ. Ең бастысы қыршын кеткен Бақтыораздың дерегін білдік. Оның ерлігіне тағзым еттік.
Ағамыз сол бір қимас шаққа қайта оралып, достары туралы айтудан жалығар емес. Сол Бақтыораздың Ресейдің Батыры, кейіннен Қазақстанның Халық қаһарманы атағын алғанын да мақтанышпен баяндайды.
***
Мағауия Жүнісұлы Москвада оқыды. Сондағы тарих және мұрағат институтын бітірді. Бірақ бүкіл ғұмыр бойы Кеңес атқару комитетінде қызмет істеді. Қостанай қалалық комитетінде отыз жылдай уақыт бойы төрағаның орынбасары, жауапты хатшы сияқты лауазымды қызметтер атқарды. Білім, денсаулық, мәдениет салаларына жауап берді. Қаладағы көз жауын алатын осы саладағы талай ғимараттар осы Мәкеңнің көз алдында, Мәкеңнің тікелей араласуымен дүниеге келді. Қаланың келбеті өзгерді, ол Қазақ елінің ең бір әдемі де әсем шаһарларының біріне айналды. Ал Мәкең болса сол қаланың құрметті азаматы, Қазақстан оқу ісінің үздігі, Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды.
Құдай қосқан қосағы белгілі педагог-логопед Зайра Нұрғазықызымен бірге үш ұлына ағамыз келісті тәрбие берді. Әттең Әмір атты кіші ұлы, білікті дәрігер, өмірден ерте өтті. Болаты Алматыда тұрады, инженер-электрик, Абайы Қостанай қаласының бас архитекторы, ғылым кандидаты. Немерелері де ата-әженің көз қуанышы, заманына сай өсіп келе жатқан өрендер. Мәкең тәуелсіз елін, өсіп-өнген ұрпағын, күн сайын гүлденген туған қаласы – Қостанайын көріп, жасарып, жайнай түскендей. Елінің абыз ағаға деген шынайы құрмет пен ықылас-ілтипаты да ерекше.
"Соғыстың соңғы солдаты
біз ғана болайық"
Ұлы Отан соғысының ардагері
Молдағали Жүнісбекұлымен әңгіме
– Құрметті Молдағали Жүнісбекұлы, Сіз кешегі қанқұйлы соғыстың басынан аяғына дейін оқ пен оттың ішінде болған жауынгерсіз. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өткен өміріңізге тағы бір көз жүгіртейікші...
– Мен 1918 жылдың 1 қаңтарында Дамбар болысының (осы күнгі Таран ауданының) Маңатыз елді мекенінде дүниеге келген екенмін. Әкем 1920 жылы менің екі жасымда қайтыс болды. Шешем сегіз баламен жесір қалып, екі ашаршылықты басынан өткізіп, небір қиын жағдайларға шыдап, төзімділікпен бізді ер жеткізді. Осы басына түскен ауыр жағдайлардың салдарынан шешем жүрек ауруына шалдығып, 1933 жылы дүние салды. Мен шаруа жастарына арналған интернат-мектепте оқыдым. Жазғы демалыста колхозда жұмыс істедім. Егін егіп, жер тырмалау, шөп шабу науқанына қатынасып, өзіме күнкөрістік жағдай жасадым. 4-сынып бітіргеннен кейін 1933 жылы қарашада Қостанайға қатынасушыға еріп, жаяулап, жалпылап келіп, Мирзоян атындағы жаңадан ашылған 7 жылдық мектептің 5-сыныбына түстім.
1935 жылы бала саны 7-ші сыныпқа жетпегендіктен бізді осы қаладағы Қазпедучилищеге ауыстырды. Мұны бітірген соң 1938-39 оқу жылында Сергеевкадағы М.Горький атындағы орталау мектепке жіберді. Мұнда бір жыл мұғалім болып істегеннен кейін 1939 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогтер даярлайтын институттың тарих факультетіне түстім. Осы жылдың қазан айында мені Қызыл армия қатарына алды.
1940 жылдың шілде айында маған оқу-жаттығу жұмыстарында ерекше белсенділік көрсеткенім үшін саяси жетекшінің орынбасары деген атақ берді.
Осы айда әскери жүк тиеген бір эшелонды Украинаның Нежин дейтін қаласына апаруға мені басшы етіп жіберді. Сол әскери жүкті тапсырғаннан кейін астананы көру үшін Москваға келдік. Москваның көрнекті жерлерін аралап, Қызыл алаңды тамашаладық.
1941 жыл халықаралық жағдайдың шиеленісіп тұрған кезі еді. Біздің дивизия Батыс Белоруссияда болатын. Бүкілармиялық әскери жаттығуға қатынасатын көрінеді деген сөздер шығып жүрді. Айтқандай-ақ, маусымның 7-күні біздің полкты қару-жарақтарымен эшелонға тиеп, Батыс Белоруссияның ерекше әскери округінің қарамағына жіберді. Біз онда ылғи түн жүріп отырып, маусымның 20-сында белгіленген жерге жеттік. Қару-жарақтар артта, әлі жеткен жоқ. Ертеңіне, 21 маусым күні, бізді Висла өзенінің бергі жағындағы бір орманның ішіне әкелді. Мұнда әрбір полкке орын белгілеп, осы жерде болатынымызды айтты.
Таң бозара шырт ұйқыда жатқанымызда неміс самолеттерінің біздің аймақты бомбалап жатқан дауысынан ояндық, бізде ес жоқ, абдырап асып-сасып не істерімізді білмейміз. Қолда қару жоқ, батареяда 16 карабин ғана, ол қарауылға арналған. Голиков деген жолдасыммен екеуміз еңбектеумен өсіп тұрған арпа егісіне жеттік. Жолай өліп жатқан жауынгерлердің винтовкасын алдық. Белосток-Минск жолына шығып, осы жолмен Минскіге келе жатқан машинаға қол көтердік. Ол жүрісін бәсеңдетіп, бізді бортына алды. Ондағылар жоғары шенді командирлер мен комиссарлар екен. Біз ескі шекараға жеткен соң біз сияқтылардың басын қосып, өз мамандығымыз бойынша топтады. Бізді ескі шекарада бұрыннан тұрған алысқа ататын 210 мм. пушкаға жіберді.
Біз ауыр жағдайда шегінумен маусымның 28-де Днепр өзеніне жеттік. Бұл жерде бізді 122 мм. зеңбірекпен қаруландырып, Орша қаласының батыс жағына қорғанысқа қойды. Полкімізге 243 нөмір берді.
Немістің алдыңғы ілегі 7-ші шілдеде жетіп, біздің позициямызды артиллериядан атып, үстімізден самолетпен бомбалаумен болды. Осындай неміспен бетпе-бет келген айқаста шілденің 11-інде жарақат алдым. Мені түнделетіп ұрыс алаңынан алып шыққан Медведев пен Ларшин санитарлық бөлімге тапсырды. Қан көп кетіп, ессіз-түссіз жатыппын. Маған 17 жасар беларус қызының қанын құйып, өлімнен алып қалыпты. Жарақат ауыр болған соң алыс тылға жіберді. Мұнда Бугруслан қаласындағы госпитальда қаралдым. Снаряд жарықшағының біреуін алып, екіншісі тереңде болғандықтан ала алмаған. Жараның беті жазылған соң мені батальонға жіберді. Бұл Тоцкі деген жерде тұрған запастағы полкке қарайды екен. Мұнда жағдай ауыр болды. Тамаққа да жарытпады, әрі күздікүнгі суықтың зардабынан жараның аузы ашылып, саным тіземе дейін ісіп кетіп, төсек тартып жатып қалдым. Дәрігер қарап, Орынборға госпитальге жіберді. Мұндағы госпиталь өте жайлы болды. Бір жеті жатқасын маған операция істеп, денедегі қалған жарқыншақты алып тастады. Жазылғаннан кейін 1942 жылдың ақпанында қайтадан Батыс майданына жіберді. Маринское әскери-саяси училищенің 3 айлық қысқа мерзімді курсына жіберді. Мұнда үш ай оқып, емтихан беріп жатқанымызда майданнан бір полковник келіп, училищеден 200 курсантты іріктеп алды. Соның ішінде мен де болдым.
Бізді Москвада түсіріп, Внуково аэродромына апарып, сонда тұрғызды. Мұнда келген генерал-полковник Глаголов біздің енді десантник болатынымызды, Бас қолбасшының жеке резервінде болатынымызды ескертті. Енді біз үшін жаңа соғыс тәсілін үйрену басталды.
Парашют-десант тактикасын үйренгеннен кейін бізді арнайы тапсырмамен жау тылына түсіріп тұрды. Солардың бірінде мен де болдым.
Екінші Украина майданының қарамағында Будапешті алу, Балатон шайқасы, Венаны алу, Праганы азат ету шайқастарына қатыстық. Соғыста үш рет жараландым. 1942 жылдан КПСС мүшесімін. Соғыс жылдарындағы еңбегім үшін бірінші және екінші дәрежелі "Отан соғысы" ордендерімен, "Қызыл жұлдыз" орденімен және де жиырмадан астам жауынгерлік медальдармен марапатталдым. Соғысты гвардия аға лейтенанты шенінде аяқтадым.
1945 жылдың желтоқсанында мұғалімдік мамандықтың арқасында елге оралдым.
– Соғыстың алғашқы күндері біздің әскер шығынға ұшырап, фашистер Совет еліне баса-көктеп дендеп кіре бастағанда не ойладыңыз?
– Гитлер Совет Одағы мен Германия арасында жасалған бейбіт келісімге қарамай 1941 жылы 22 маусымда тұтқиылдан біздің елге шабуыл жасады. Бұл кезде біздің ел соғысқа дайын емес еді. Бізде артиллериядан басқа айтарлықтай қару-жарақ болған жоқ. Олардың армиясы бұл уақытта талапқа сай қарулармен толық жабдықталған еді. Оның үстіне самолеттер мен танкілердің жаңа түрлері сапта тұрған. Танктердің темірін біздің снарядтар бұза алмайтын. Оның үстіне солдаттары ұрыс алаңына машинамен, мотоциклмен келетін.
Ал бізде пушкаларды соғыс алаңында атпен сүйрететін. Оны неміс самолеттері әуеден келіп бомбылап кететін. Бұған қарсы шығатын бізде самолет болмады. Азын-аулақ ұшақтарды аэродромдарда тұрған бойында бомбылап құртты. Ал біздің жауынгерлеріміздің қаруы баяғы 1892 жылғы винтовка болатын. Оның өзі жеткілікті болмады.
Соғыстың басында майдан шебінде немістерге қарсы тұрарлық жағдай бізде мүлде болған жоқ еді.
Тек қана Кеңес халқының табандылығы, Ұлы Отанды қорғау жолындағы жанкештілік, асқан патриотизм бізді жеңіске жеткізді. Тіпті 1942 жылы ашылуға тиісті екінші майдан мәселесін Англия мен Америка 1944 жылға дейін созды. Оның астарында әліптің артын бағу бар еді. Бұл текетіресте кім жеңеді, кімнің шашбауын көтеру керек деген пиғыл басым болатын. Ал Совет әскерлері фашистерді басып алған аумақтарынан тырқырата қуып, сағын сындыра бастағанда Америка мен Англия екінші майдан ашуға өзінен-өзі мәжбүр болды.
Ал енді бүгіндер кейбір "қайраткерлер" Совет халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің ролін төмендетіп, әр саққа жүгіртуге бейім.
Тіпті өз елімізде де бүгіндер Прибалтика, Украинада болып жатқан оқиғалар, олардағы Ұлы Отан соғысы қорытындыларын қайта қарау фактілеріне сүйеніп, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің, қастерлі Жеңістің рөлін төмендетуге тырысушылық, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көрінер көзге тіл тигізушілік те бар.
Ұлы Отан соғысы туралы айтқанда Жоғарғы Қолбасшы И.В.Сталин туралы айтпай кетуге болмайды. Кешегі қанқұйлы соғысқа қатысқан майдангердің қай-қайсысы болмасын Иосиф Виссарионович Сталиннің еңбегін ерекше жоғары бағалайды. Ол тас-түйін жұмылған Армия құра білді, ол бар мақсат-мүддесін Ұлы Жеңіс үшін жұмылдырған тыл құра білді. Ол Кеңес жауынгері мен офицерінің Ұлы Отаны үшін патриоттық сезімін оята білді. Қазақтың Батыр ұлы Бауыржан Момышұлы "Сталин жарықтықтың несін айтасың" десе, өзіміздің күнде көріп жүрген майдангер досымыз Қазбек Әлжапаров та өз кітабында Жоғары Қолбасшының еңбегін аса жоғары бағалады.
Осы орайда өз тарапымнан да айтарым бар. Сталин қайтыс болғаннан соң билікке келген Н.С.Хрущев КОКП-ның ХХ съезінде "Сталиннің жеке басына табыну жөнінде" баяндама жасағанда оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қолбасшылық рөлін де төмендетуге тырысты. Ол "И.В.Сталин соғыс басталған күннен бастап мең-зең болып, ешкіммен сөйлеспей, бір жеті бойы жатып алды" деген сыңайда сөз сөйледі.
Ал шындығында қалай болды? Оны Кеңес халқы жақсы біледі. Орыстың белгілі жазушысы Владимир Карповтың "Генералиссимус" атты кітабын парақтап көріңізші. Ол мұрағаттан алып, жариялаған деректі құжаттарда Сталиннің сол бір ел басына күн туған сәтте тас-түйін жұмылып, күндіз-түні жұмыс істегені көрсетіледі. Карпов былай деп жазады: "Обратите внимание кто хочет представить Сталина в таком заурядном, неприглядном виде? Два члена Политбюро Берия и сам Хрущев, оба считались единомышленниками Сталина, а в тайне ненавидели его. Хрущев открылся в этом на ХХ съезде партии. Берия в борьбе за власть (а может быть за жизнь) в 1953 году. Вот такие два "соратника" клевешут на Сталина. Но очень достоверные документы разоблачают их ложь".
Енді сол құжатқа жүгінейік. Хрущев айтқан "Сталин депрессияда болып, бір жеті жатып алды" деген күндері ол күндіз-түні қарбалас қаракет үстінде болған. Сталиннің қабылдау бөлмесіндегі кезекші оған келіп, кеткен кісілердің аты-жөнін, қашан кіргенін және қашан шыққанын тізіп отырған. 21 маусым күні кешкі сағат 18.27-ден бастап, 23.00-ге дейін оның қабылдауында 13 адам болған, олар: Молотов, Ворошилов, Берия, Вознесенский, Маленков, Кузнецов, Тимошенко, Сафонов, Тимошенко, Жуков, Буденный, Мехлис, Берия. Бұл 21 маусым, соғыс әлі басталмаған, бірақ жағдайдың шиеленіскен тұсы. Ал соғыс оты тұтанған 22 маусым күнгі қабылдау таңғы сағат 5.45-те басталған. Алғаш кіргендер Молотов, Берия, Тимошенко, Мехлис, Жуков, сол күні Сталин жоғарғы басшылықтағы 29 адамды қабылдаған. 23 маусымда қабылдау тіпті түн ішінде сағат 3.20-да басталған. 24 маусымда түнгі сағат 1.15-ке дейін Қолбасшы алдында 20, 25 маусымда түнгі сағат 1-ден бастап 18 адам, 26 маусымда 28 адам, 27 маусымда 30, 28 маусымда 21 адам қабылдауда болған.
Және Карпов өз кітабында әрбір Кремльге келген адамның қашан кіргенін және қашан шыққанын көрсеткен. Бұл деректер Қолбасшының сол бір Отан үшін күн туған шақта қандай жанкештілікпен жұмыс істегенін көрсетеді.
– Молдағали аға, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қазақ халқының қосқан үлесін қалайша бағалар едіңіз?
– Қазақ халқы Ұлы Отан соғысында өзінің ортақ Отаны – Кеңес Одағын қорғады, сол арқылы ол өзінің Қазақ елін, оның кең байтақ жерін, үйде қалған анасы мен баласын, аяулы жары мен жарқын болашағын қорғады.
Қазақ жауынгерлерінің Москва түбіндегі ұрыстағы ерлігін кім білмейді? 28 гвардияшыл-панфиловшылар ерлігі Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріптермен жазылған жоқ па? Рейстахқа тігілген Жеңіс туы Қостанайда жасақталған құраманың туы емес пе еді? Сол Рейхстагқа ту тіккендердің бірі – біздің Сейтхан Темірбаев еді ғой. Ол – Кеңес Одағының Батыры. Қостанайдың қос қыраны – Иван Павлов пен Леонид Беданың ерлігі де мәңгі жасайды, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Ал тылдағы үлкен-кіші майданды оқ-дәрімен, азық-түлік, киім-кешекпен жабдықтауда жанқиярлық еңбек жасады. Жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы біздің Қазақстанда жасалды. Жер ауып келген талай ұлт пен ұлысқа қазақ халқы төрін ұсынып, бір үзім нанын бөліп берді, сол жандардың бүгінгі ұрпағы қазақ халқының меймандостығын ұмытпай, ризашылықпен айта жүреді.
– Соғыстан кейінгі өміріңізге тоқталсаңыз...
– Елге келісімен Таран аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істедім. 1947 жылы республикалық партия мектебіне оқуға жіберді. Кейін Қарасу аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, "Диев" совхозы парткомының хатшысы, агроном болып еңбек еттім. 1996 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталдым. 1978 жылдан бері дербес зейнеткермін. 1998 жылы Қостанайға қоныс аудардым. Облыс, қала басшылығы үш бөлмелі жайлы пәтер берді.
Құдайға шүкір, үш ұл, төрт қызым бар. Олардан он төрт немере, үш шөберем бар.
Мен арманыма жеткен адаммын. Елімді сүйдім, жерімді сүйдім, сол ел мен жерді қорғадым, адал еңбек еттім. Екі жасымда жетім қалған бала едім, тоқсан екі жыл ғұмыр сүріп отырмын. Ұрпағымның өсіп-өніп, азамат болғанын, жапырақ жайғанын көрдім. Ата-бабамыз арман еткен Еліміздің тәуелсіздігіне тәубе айту да біздің ұрпақ пешенесіне жазылды. Сол елім енді мені алақанына салып, ардагер ретінде аялап отыр. Бұдан артық бұл жалғанда бақыт бар ма?!
Жақында Елбасының халыққа Жолдауы жарияланды. Онда соғыс және тыл ардагерлеріне жасалатын қамқорлықтар туралы да айтылған. Оған соғыс және тыл ардагерлері ерекше риза.
Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, барлық ардагерлерді Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құттықтаймын! Ең ізгі тілестестік көңілімді білдіремін. Жылда осынау Ұлы мерекеге аман-есен жетейік! Соғыстың соңғы солдаты біз ғана болайық дегім келеді.
Кестелі ақ жібек орамал
Қайраткер аға, соғыс және еңбек ардагері
Қазбек Әлжапаров өмірінің кейбір қырлары
Достарыңызбен бөлісу: |