Оқулық Алматы, 012 ƏОЖ


  шығаруында еді. Қазақ газетінің 21 қарашадағы санында “Алаш”  партиясы программасының жобасы жарияланды



Pdf көрінісі
бет6/140
Дата11.01.2023
өлшемі3.28 Mb.
#468309
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   140
Әбдиманұлы-Ө.-ХХ-ғасыр-басынд.-қазақ-әдебиеті-Оқулық-2012ж (1)

27 
шығаруында еді. Қазақ газетінің 21 қарашадағы санында “Алаш” 
партиясы программасының жобасы жарияланды. Жоба жасаушылар 
ретінде қол қойғандар: Ғалихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, 
Міржақып Дулатов, Елдос Ғұмаров, Есенғали Тұрмағамбетов, 
Ғабдулхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бермұханов. Программа 
10 пункттен тұрады. 1. Мемлекет қалпы. 2. Жергілікті бостандық. 
3.Не гізгі құқық. 4 Дін ісі. 5. Билік һəм сот. 6. Ел қорғау. 7. Салық. 
8. Жұ мысшылар. 9. Ғылым-білім үйрету. 10. Жер мəселесі.
Программада “Алаш” партиясы мемлекеттің ендігі құрылысы 
жөнінде жақсы көзқарасын білдіреді: “Россия Демократический 
Федеративный республика болу. Демократия мағынасы мемлекетті 
жұрт билеу; Федерация мағынасы - құрдас мемлекетке бірлесуі. Фе-
деративный республика һəм мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы 
бір болады, һəм қайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді.
Хүкіметтің басында учредительное собрание мен ГосДума 
қалауынша кесімде жылға сайланатын президент болу… Депутат-
тар тегіс, тең, төте һəм құпия сайлаумен болады. Сайлау хақында: 
қан, дін, еркек, əйел, талғаусыз бөлу. Законды жалғыз ГосДума 
шығару…”
Оқу ағарту ісінде “Алаш” партиясы “Оқу ордаларының есігі 
кімге болса да ашық һəм ақысыз болу, жұртқа жалпы оқу жайлы
бастауыш мектептерде ана тілінде оқу, қазақ өз тілінде орта мек-
теп, университет ашу; Оқу жолын өз алды автономия түрінде бөлу, 
хүкімет оқу ісіне кіріспеу…”
Енді “Алаш” партиясының “Жер мəселесіне” нақты ұсыныстары: 
“Учредительное собрание негізгі закон жасағанша, жер мəселесі ал-
дымен жергілікті жұртқа берілсін деу… Бұрын алынған жерлердің 
мұжық отырмағандары қазаққа қайтарылсын. …жерді қазаққа үй 
басына бəленбай, ауыл аймақ, туысқан табына меншіктеп алу… жер 
законында жер сату деген болмау…”
Біздің “Алаш” партиясы программасынан осы үш пунктті 
бөлектеп алуымыздың басты себебі – “Қазақ” тобындағылардың ХХ 
ғасырдың бас кезінде өз алдына қойған мақсатының “Алаштың” да 
басты мақсатына айналғанын көрсету. Олардың мемлекеттік бірлік, 
ұлттық бостандық, жердің мемлекеттілігі, жергілікті халық иелігі, 
оқу ағарту ісі, ұлттық мектеп тəрізді өзекті мəселелерді бір-бірімен 
байланыста ала отырып, шешуге ұмтылуы – қазақ елінің ұлттық 
мақсат-мүддесін көздеуден туған тура жолды ұсыныстар екені да-
усыз. Осы үш мəселені алға қоя отырып, олар, ең алдымен, бүкіл 


28
халықтың бостандыққа саяси жолмен қол жеткізуге ұмтылды. Өз 
уақытының үрдісінен көз жіберсек, 30-жылдары, кейін де “Алашқа” 
берілген таптық көзқарасы айқын болмады немесе үстем тапты 
қолдады деген жалаң пікірлерде негіз жоқтығы айқын болса ке-
рек. Бұған дəлелді программадан да табамыз: “Алаш” партиясы 
ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жəбірлеуге жау болады”.
“Қазақ” төңірегіндегі қазақ зиялылары осы бір қазақ тарихындағы 
өліара тұста тек партия ісімен болмай, қазақ мəдениетінің көтерілуіне 
де еңбек етті. Əсіресе, оның баспасөзді дамытудағы еңбегін жоққа 
шығаруға болмайды. “Қазақ” бағытын ұстанған бірнеше газет-
журналдардың шығуына жолбасшы болды.
Семейде “Сарыарқа”, 
Ташкентте “Алаш” газеті, соңынан “Бірлік туы”, Бөкейлікте, Астра-
ханьда “Ұран” газеті, Ақмолада “Тіршілік” газеті. “…Бұл газеттер 
“Тіршіліктен” басқасының бəрі бір бетте болды. Бəрі Орынбордағы 
“Қазақ” газетінің ықпалымен жүрді. …Бəрінің орталық туы “Қазақ” 
газеті болды”, – деп жазды сол тұстағы “Қазақтың” ықпал-беделі 
туралы Сəкен Сейфуллин.
Яғни 1917 жылдың аласапыранында қазақ зиялылары бүкіл сая-
си ой-жүйенің ағымын жолға салып, бар қазаққа көшелілік көрсетіп 
отырғанын аңғару қиын емес.
Қазақ халқы, сөйтіп қазақ зиялыларының бастауымен көш түзей 
бастаған тұста, 1917 жылдың 25 қазанында келіп жетті. Дүние қайта 
өзгерді. Өзге халықтар Россиядағы үлкен екі толқынның арасын-
да қалды. Осы аласапыранда елдігін, жұрттығын сақтау қамымен 
жер-жерде республикалар автономия жариялай бастады. Осы тұста 
халық еркіндігін сақтап қалуды көздеген, “Алаш” өкілдері автоно-
мия жариялау, осы мəселені кеңінен ақылдасып шешу үшін ІІ-ші 
жалпықазақ съезін шақырды. Съезд Орынборда декабрь айының 5-13 
аралығында өтті. Оның қаулысында съезд тұсындағы саяси ахуал 
былайша бағаланды: “Октябрь айында уақытша хүкіметтің түскенін, 
Русия мемлекетінде халыққа сенімді һəм беделді Хүкіметтің 
жоқтығынан халық арасы бұзылып… бассыздық күшейіп, бүкіл 
мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен күнге халықтың күйі на-
шарлауын һəм сол бүлікшілік біздің қырғыз-қазақтың басына келуі 
ықтимал…”.
ІІ бүкілодақтық съезге 81 адам қатысты, 10 мəселе қаралды. 
“Алаш” автономиясын жəне бүкілқазақстандық халық советі 
“Алашорда” үкіметін құру туралы мəселе күн тəртібіне қойылды. 
Осыған орай Х. Ғаббасұлының жасаған баяндамасы талқыланды. 


29 
Қазақ халқы үшін мықты үкімет ұйымдастыру жөнінде 10 пункттен 
тұратын қаулы қабылданды. Съезде Алаш автономиясы Бөкей орда-
сы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарын, 
Ферғана, Самарқан облыстары мен Əмудария аймағын, Закаспий 
облысының қазақтар мекендеген уездерін, Алтай губерниясының 
қазақтар мекендеген облыстарын біріктіретінін жария етті. Съездің 
қарар-шешімдерінде Алаш автономиясындағы бүкіл атқарушы 
үкіметті дер кезінде қолға алу үшін “Уақытша халық кеңесі”, яғни 
Алаштың ордасы “Алаш орда” құрылғанын мəлімдеді.
Алашорданың халық кеңесі 25 адамнан тұрды. Үкіметтегі 10 орын 
қазақ автономиясын мекендейтін орыстар жəне басқа ұлт өкілдеріне 
тиісті екендігі съезд шешімдерінде баса атап көрсетілді. Алашорда 
төрағасы болып Ə. Бөкейханов, құрамына М. Дулатұлы, Е. Омарұлы, 
М. Шоқайұлы, Х. Ғаббасұлы, М. Тынышбайұлы, т.б. кірді. Оқу ко-
миссиясына: Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Елдес 
Омарұлы, Биахмет Сəрсенұлы, Телжан Шонанұлы сайланды. Съез-
де қарауға қойылған мəселелер: 1. Сібір-Түркістан автономиясы. 2. 
Қырғыз-қазақ автономиясы. 3. Милиция туралы. 4. Ұлт кеңесі. 5. 
Оқу мəселесі. 6. Ұлт қазынасы. 7. Муфтилік мəселесі. 8. Народный 
суд. 9. Аульное управление. 10. Азық-түлік мəселесі.
Съезде Ə. Бөкейханов Сібір, Түркістан жəне Оңтүстік Шығыс 
Одағының автономиясы туралы баяндама жасады. Жалпықазақтық 
декабрь съезінің қаулысы “Қазақ” газетінің 23 декабріндегі санында 
жарияланды. Бұл қаулыда автономия туралы: “Қазақ-қырғыз” авто-
номиясы “Алаш” деп аталсын. …қазақ-қырғыз арасында тұрған аз 
халықтардың хұқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген 
ұлттардың бəрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады. 
Алаш автономиясының қол астында жерсіз халықтар болса, оларға 
ұлт һəм мəдени автономия беріледі… Алаш облыстарын қазіргі 
бүлікшіліктен қорғау мақсатымен уақытша ұлт кеңесін құру…” – 
деп көрсетті.
Автономия туралы қаулының 1917 жылдың аяғындағы саяси 
ахуалдың күрт өзгеруіне байланысты болғанын жəне оның уақыттың 
талабына сай туындаған шара екенін көреміз. Бұл мəселенің өте 
тартысты жағдайда өткені автономияны бірден жариялау қажет пе, 
əлде кейінірек Түркістанды қосып барып жариялау керек пе деген 
мəселеде делегаттардың екі жарылуынан байқаймыз. Онда автоно-
мияны бірден жариялауды Халел, Жанша, Ғұмар бастаған 33 адам 
жақтап дауыс берсе, Əлихан, Ахмет бастаған 42 адам қарсы дауыс 


30
беріп, Мұстафа бастаған 3 адам қалыс қалды. Съездегі осы жағдай 
“Алаш” партиясының əлі де болса “Жігі ажырамастай” бірлігі жоқ 
екенін байқатады. 
Алайда осынау аласапыран кезде “Алаш-Орда” өкіметі ұзақ 
өмір сүре алмады. 1918 жылдың 22 октябрь (4 ноябрь) күні 
Бүкілроссиялық уақытша үкімет “Алаш-Орда үкіметі өзінің өмір 
сүруін тоқтатты деп саналсын” деген қаулы қабылдады.
Уақытша өкіметтің, одан кейінгі Сібірлік өкіметтің ешқай-
сысының да қазақ үшін бүйрегі бұрмасын білген алаштықтар неде 
болса “Нар тəуекел” деп, белең алған Кеңес үкіметімен келісім 
жүргізуге əрекеттене бастады. Соның нəтижесінде А. Байтұрсынов 
бастаған “шығыс алашордалықтар” тобы Совет өкіметі жағына 
шықты. Мұның басты себебі Ахаң бастаған осы топтың жетекшілері 
өз жерінде ақтар мен қызылдар арасындағы қан төгістен жазықсыз 
қазақ ұлтының жапа шекпеуін ойлаған еді. 
1919 жылдың 2 апрелінде Əлихан Бөкейханов, Халел Ғаббасов, 
Əлихан Ермековтер төте сым арқылы Ленинмен, Сталинмен 
сөйлеседі. Бұдан соң “батыс алашорда” тобының Кеңес үкіметі 
жағына өтуі қарастырыла бастайды. “Алаш Орда” өкіметі мен 
Алаш партиясы, жалпы қазақ зиялыларының арасында Ахмет 
Байтұрсыновтың беделінің зор екенін, өте сыйлы қайраткер екенін 
білетін Əскери-Революциялық Комитет Жанша Досмұхамедов то-
бымен келіссөз жүргізуді А. Байтұрсынов пен М. Тұнғаншинге 
тапсырады. Осы тұста қазақ халқының совет өкіметі қоластына 
бірігуіне А. Байтұрсыновтың өзіндік көзқарастары болғаны анық 
байқаймыз.
Жалпы, осынау қиын заман кезеңінде Қазақ зиялыларының 
ұстанған бағыты елдің демократиялық жолмен дамуы еді. Сондықтан 
да, олардың көпшілігінің көзқарасы кеңес үкіметінің көзқарасымен 
сəйкес келмеді. Əрине, қазақ зиялылары негізін құрайтын Алаш 
партиясының кеңестік үкіметті мойындамауын біркездегі кінəлау – 
бір жақтылық танытатын жалаң пікір екендігі бүгінде дəлелденді. 
Алаш партиясы мен Кеңес үкіметі арасындағы қатынасқа екі 
жақты көзқарас тұрғысынан келу керек. Егер, Алаш партиясының 
негізі тым əріде, 1905 жылдарда жатыр деп есептейтін болсақ, 
большевиктер партиясымен теориялық пікірлерінде алшақтық бар 
екенін көреміз. Ал бұл идеядан тəжірибеге ауысқан сəтте больше-
виктер саясаты алаштықтарды шошындырмай тұра алмады. Себебі, 
кеңестік өкімет “Алашқа” топтасқан қазақ зиялыларының ең негізгі 


31 
мақсатының тамырына балта шапты. Саяси күш ретінде пайда болған 
күннен бастап, ел тұтастығына, ұлт азаттығы жолындағы күресте 
бірлікке ұмтылған қазақ зиялыларына большевиктік идеологияның 
таптық жіктеуі арқылы бір халықты екіге бөліп, таптық күреске 
ұластыруы, сөйтіп, бостандық, азаттық күресіне енді бірігіп келе 
жатқан халыққа үлкен бүліншілік əкелуі, кері əсер етті.
Біздің бұл ойымызды 1918 жылы жазған А. Байтұрсыновтың 
мына бір сөздері бекіте түседі: “Біз тізгінімізді өзіміз алып, өз 
ұлтшылдығын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз. …
Келген дəуірдің амал-ісін танып, қадірін біліп қайталанбай қалап, 
соңынан өкініп жүрмелік. Өткен дəуір, өткен өмір сияқты бір кел-
ген күйінде қайта айналып келмейді. Осы жағын естен шығармай 
тез іске кірісу керек...”. “Асығу керек” атты бұл мақала сол тұстың 
шындығын, “Алаш” ойын дəл береді. Олар бұл ойдан ешқашан да 
ажыраған емес. Кейін қолдан келер қайран жоқ болған соң, лажсыз 
көп нəрсеге қайта қарап, “қателіктерін” мойындады. Оларды бұндай 
қадам жасауға мəжбүр еткен де ел қамы, ел тыныштығы, ел бақыты 
болатын. Бірақ, жұртының көрер зобалаңы алда тұрғанын кеш білді.
Қазақ зиялылары 1916 жылдың қасіреті соққанда ел қамын 
көздеп, 6 млн. халықтың мылтықтың оғы мен зеңбіректің добынан 
қырылып кетпесі үшін ереуілдеген ер азаматты ақылға, тыныштыққа 
шақырып, дабыл қақты. 1917 жылдың қара бұлт арасынан жалт ет-
кен бостандық сəулесін сезінісімен, олар сол бір бостандық əлеміне 
өз халқын бастай жөнеліп, елінің елдігін, қазақ ұлтының ұлттығын 
сақтап, өзгелермен терезесі тең болуы жолында азаттықты ту 
көтеріп, күреске шықты. Сол тұста бірлікке келген қазақ зиялыла-
ры қай уақытта, қай кезеңде болмасын туралық жолдан таймауға, 
қал-қадірінше замана ауанына қарай ұйтқи соққан саяси дауылдың 
бағытын аңғарып ғана қоймай, оның зұлматты жойқын күшін де, оң 
өзгерістерге бастайтын лебін де неғұрлым дəл бағдарлауға тыры-
сты. Сол арқылы халқына мүмкіндігінше аз қасірет, көп жақсылық 
əкелуге тырысты. Өздері халыққа пайдасыз, теріс деп түсінген саяси 
бағытты үнемі шеттетіп отырды. 1917-нің қазанындағы төңкерісті 
мойындамай, оған қарсы шығуы да сондықтан еді. Табиғи қажеттілігі 
жоқтығы қоғамдық даму үдерісінің шындығынан туындайтын бұл 
төңкерісті тек қазақ зиялылары ғана емес, қоғамдық қатынастың 
белгілі бір даму дəрежесіндегі қазақ халқы да қабылдамаған-ды.
Ұлтының азаттығы мен тəуелсіздігі жолындағы қазақ 
зиялыларының жанқиярлық күресі – ХХ ғасырдың басындағы 


32
шынайы ел мүддесін көтерген еді. Əрине, бес саусақ бірдей емесі 
секілді, түрлі көзқарас қайшылықтары болды. Бірақ ұлт қамын 
ойлаудан оған деген өзіндік ой-түсінік тұрғысына қараудан туған 
мұндай қарама-қайшылықтарды ұлы мақсатқа келгенде көбіне 
бірлікке жетелеп отырды. Оған 1905, 1916, 1917 жылдардың та-
рихи оқиғалары куə.
Иə, замана деген алып диірмен, ол кейде апай-топай етіп езіп-
жаншып жіберуі мүмкін. Тарихи құбылыстың сондай сəттерінде 
қазақ зиялылары бірлік таныта алмаса, оған кінəлі – уақыт. Ал, ақ-
қарасын айыратын кейінгі ұрпақ.
ХХ ғасырдың басында Қaзақстанның қоғамдық-саяси өмірінде 
болып өткен ірі-ірі оқиғалар мен саяси өзгерістер əдебиетімізде де 
көрініс таппай қала алмады. Қазақ зиялыларының “батысшылдар” 
мен “түрікшілдер” деп екі топқа жіктелуі өз кезегінде əдебиетіміздің 
де екіге жарылып, екі айрық жолға түсуіне итермеледі. Сөйтіп, 1905 
жылдан кейін қазақ əдебиетінде идеялық тұрғыдан ұлт-азатшыл, 
М. Əуезовше айтқанда “елшілдік” (А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. 
Жұмабаев, т.б.), ағартушы-демократтық (М. Сералин, С. Дөнентаев, 
С. Торайғыров т.б.), бағыттар белең алды. Бұрыннан əдебиетімізде 
бар діни-ағартушылық бағытты (М. Ж. Көпеев, М. Қалтаев, Ш. 
Жəңгіров) қосқанда осы кезеңдегі əдебиетімізде үш бағыт өркен 
жайды. Міне сондықтан да қашанда, қандай уақытта болмасын 
əдебиеттің дамуын, ондағы сан алуан үдерістерді қоғамдық-саяси, 
тарихи-əлеуметтік жағдайлардан тыс қарай алмаймыз.
Оның үстіне, сөз етіп отырған тарихи кезеңде қазақ санаткерлері 
ағартушылық қызметтерімен бірге көркем əдебиетті де мейлінше 
қатар алып жүруге тырысқаны бесенеден белгілі. Олардың сан-
салалы істердің басын біріктіріп, бірдей атқарып жүруі ерекше 
дарындылығымен қатар, замана ыңғайына бейімделе білгенін де 
танытады.
Ендеше, ХХ ғасырдың басындағы зиялыларымыздың қоғамдық-
саяси пікірлері əдебиетімізде пайда болған əртүрлі бағыттарда 
көрініс табу негізінде олардың шығармаларының тақырып, идеясына 
белгілі дəрежеде əсер еткені айқын. Олардың жеке шығармаларынан 
көрініс тапқан идеялық-көркемдік ізденістер – белгілі бір əдеби 
бағыттарды қалыптастырғаны шындық.
ХХ ғасырдың басындағы осынау жылдарда қазақ халқы қаншама 
тарихи оқиғаларды, өзгерістер мен толқуларды басынан өткерді. 
Замана дауылы алып Ресейдің өзін қаңбақша дөңгелеткенде, қазақ 


33 
халқына, əрине, оңай болмады. Осынау арпалысты жылдарда, 
кеңестік дəуірдің алғашқы тұсында əдебиет керемет дамыды де-
сек, өтірік айтқандық болар еді. Осы бір үзік кезең əлденені күткен, 
əліптің артын бағып, іштен тынған кезең еді. Əрине, шығармашылық 
адамы қандай кезең болса да жазбай отыра алмайды, бірақ жеке 
жазу бар да оны ел тану бар, шығармашылық ізденіс бар да бір арна-
да тоғысу бар. Міне осыларға мүмкіндік болмады. Ал бұл кезеңдегі 
жеке шығармашылықтар туралы жеке авторларға тоқталған кезде 
айтамыз.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі əдебиет күрделі саяси-əлеуметтік 
мəселелерді алға шығарды, себебі бұл кезде қазақ қоғамының ал-
дында өзінің болашағын таңдау, тəуелсіздікке қол жеткізу күн 
тəртібіндегі басты мəселе ретінде алға шыққан еді. Əдебиет 
осы өзекті мəселені айта білді. Қазақ əдебиеті өзінің дəстүрлі 
классикалық сипатында дамығанымен, жаңашыл əдебиет өкілдері 
Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Бернияз Күлеев, т.б. оған 
өзгеше леп қосып, жаңашылдықпен байытып, көркемдік мəнін 
биіктетті. Олар өздерінің эпикалық шығармаларында, лирикалық 
туындыларында халық өмірін кеңінен суреттеп, жан-жақты ашты. 
Сонымен бірге осы кезең шығармаларында қазақ даласының əсем 
көріністері, ұрпақтар арасындағы ізгі сыйластық, адамға деген 
құрмет, көрікті көркем сөзбен өрнектеліп, ұлт тағдыры мен тарихы-
на деген жанашырлық айқын танылды. 
Бостандық пен азаттық аңсаған қазақ халқы замана өзгерісіне 
орай Қазан төңкерісінен, Кеңес өкіметінен көп жақсылық күтті. 
Қоғамдағы осынау жаңаша даму барлық саяси-əлеуметтік қайшы-
лық тарды, экономикалық қиындықтарды шешеді деп білді. 
Сондықтан да 20-30 жылдардағы қазақ əдебиеті қоғамдағы өзге-
рістерді жырлап, толыққанды көрсетуге ұмтылды. Осы кезеңде 
əдебиеттің жаңа буын өкілдері Сəкен Сейфуллин, Бейімбет Май-
лин, Ілияс Жансүгіров, т.б. шығармашылықтары қазақ əдебиетінің 
биік деңгейін таныта алды. С.Сейфуллин Қазан төңкерісі негізінде 
келген ұлы өзгерістерді ерекше шабытпен жырлады. Осы тұста аса 
өнімді еңбек еткен Б. Майлин өз əңгімелері мен пьесаларында қазақ 
аулындағы кедейлер санасының өзгерісін терең ашып көрсетуге 
тырысты. Қазақ поэзиясының дүлдүл жүйрігі І. Жансүгіров сай-
ын даланың тарихи образын жасап, өнер жəне өнерпаз жөнінде 
тебірене жыр төкті.
20-30 жылдардағы əдебиетте кейіпкерлердің көбі əлеуметтік 
3–853


34
қайшылық жəне саяси күреспен астарланған тартыс арқылы 
көрсетілді. Сөйте тұра Ж. Аймауытов, Б. Майлин, т.б. жазушы-
лар шығармаларынан кейіпкерлердің нағыз реалистік сипаттағы 
табиғатын тануға болады. Олардың өзіне ғана тəн тағдыры, сүйініші 
мен күйініші, мінез-құлықтары, жан-дүниесі шынайы ашылады. 
ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті дамуының алғашқы кезеңінің тари-
хына арналған бұл оқулықта өткен ғасырдағы ұлттық əдебиетіміздің 
ұлы тұлғаларының шығармалары сөз болып, əдебиет дамуының 
үлгісіне баланар көркемдік-эстетикалық сапасы жоғары туынды-
лар іріктеліп алынып, талданды. 1900-1930 жылдар аралығындағы 
əдебиеттің биік деңгейге көтерілуіне зор үлес қосқан шығармашылық 
тұлғаларға жеке тараулар берілді.
Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың ширек бөлігінен астам уақытын 
қамтитын кезеңде қазақ əдебиеті барлық жанрда жазылып, 
көркемдік-эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейде дамыған əдебиет 
деп тануға лайық. Ол өзінің ұлттық сипатында гүлденген жəне 
бүкілəлемдік мəдениеттен нəр алған қуатты əдебиетке айналды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   140




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет