Оқушылардың жазба жұмыстарынан жіберген қателерін түзету жолдарын анықтап жазыңыз



Дата06.05.2024
өлшемі35.31 Kb.
#500673
СА 14


Оқушылардың жазба жұмыстарынан жіберген қателерін түзету жолдарын анықтап жазыңыз.
Бірінші тәсіл. Сөздегі қатені сызып тастап, оған қажетті әріпті үстіне жазу.Мысалы: калхоз,енбек,сех,бүгүн,қүлұн,мазмын. 
Екінші тәсіл. Сөздегі артық әріпті немесе буындарды сызып тастау. Мысалы: ылақ,ыстанқия,минута,газета. 
Үшінші тәсіл. Қателесіп, біріктіріп жазылған сөзді бөлу. Мысалы: Еге білсең,уақытта,жерде,судажетеді.
Мұндай тәсілдердің кейбір артықшылығы.
Біріншіден, емлелік қателерді сызып тастау және қажетті әріпті үстіне жазу жолымен түзету тәсілі оқушылардың қателерін түзетудегі ең таңдаулы тәсілдердің бірі болып табылады. Екіншіден, бұл тәсілді қолданғанда оқушылар емлелік қателерін бірден көреді. Келесіде осы сөздерді жазылуында қате жібермейтіндей есіне сақтайды, оның сипатын да тез біліп алады. Сөйтіп, оқушылардың емлелік қателерді өз бетімен түзетулеріне мүмкіндік туады. Үшіншіден, бұл тәсілді қолдану арқылы оқушылар орфографияны түзетіп қана
қоймайды, кей уақытта сөздің мазмұнын немесе сөйлемнің дұрыс еместігін айқындайды. 
Төттінші тәсіл.Бүкіл қате сөздің астын сызу.Мысалы: айтпайяк (айтпай-ақ), алтақ(алты-ақ),башшылық(басшылық). 
Бұл тәсілдің басқа тәсілден айырмашылығы бар, мұнда оқушылар өздерінің емлелік қателерінің дұрыс еместігін сөз тұлғасымен салыстырып, талдау жасаумен байланыстырады. Ал оқушы әсіресе сөз құрамын білмегендіктен көп қате жіберетіндігі мәлім, олай болса, бұл тәсілдің орфографияны меңгеру үшін зор маңызы бар. Екінші жағынан, бұл тәсіл оқушылардың грамматикалық талдау жасауды үйренуіне де көмектеседі. Мысалы, оқушы қате жазылған басшылық (башшылық)деген сөзді талдаған кезде, оған грамматикалық талдау жасап, сөз тұлғасына ажыратады. Сөйтіп, ол әлгі сөзді қате жазғанда, нені шатастырғанын саналы түрде түсіне білетін болады. 
Бесінші тәсіл. Қатенің астын ғана сызып, үстіне қажетті әріпті жазу. Мысалы: сембеді(сенбеді),Дәстір(дәстүр). 
Алтыншы тәсіл. Қажетті әріпті үстінен жазбай-ақ, қате кеткен әріптің астын сызу. Мысалы: қүлүн (құлын), мазмын (мазмұн), ақшыбар (ақшұбар). 
Жетінші тәсіл. Қате жіберілген сөздің астын түгелдей сызу. Мысалы: аты адам (атты адам), ойн (ойын), айлану (айналу), бүхара (бұқара), әжептәуір (әжептеуір). 
Сегізінші тәсіл. Сөздердің астын сызбай-ақ, дәптерлердің шетіне шартты белгі қою. Бұл тәсілді 5-6 класстарда ғана қолданып қоймай, сонымен қатар төменгі кластарда да қате аз болған жағдайда қолдануға болады. Қойылатын шартты белгі оқушыларға түсінікті болуы керек. 
Сонымен, жоғарыда көрсетілген тәсілдерді мұғалім іскерлікпен, орфографиялық қателердің сипатына, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай пайдаланып жұмыс жүргізсе, сауатты жазуға үйрететіні сөзсіз. [10]
Еркін көшіру. Балалар әуелі мәтінді оқып шығады, талдайды, сонан соң кітапты жауып қойып, мәтінен есте қалғандарын, қалай ұғынса, солай жазады.
Грамматикалық тапсырмаларға байланысты көшіру. Сөздің немесе сөйлемнің бір бөлігі өзгеріссіз сол қалпында, екінші бір бөлігі өзгертіліп көшіріледі: қалып қойған жерін ойлап тауып немесе қосып, өзгертіп жазады: қалып қойған әріптер мен буындарды тауып қосу, сөздерді тауып қосу немесе сөйлемдерді аяқтау, берілген сөйлемнің немесе сөздің тұлғасын өзгертіп жазу сияқты тапсырмалар орындалады.
Мұнда мәтінді көріп қабылдау жеткіліксіз,сонымен қатар оны ойланып, анализ-синтез жасау керек. Көшірмес бұрын балалар алдарында тұрған міндетпен танысады, мәтінді іштен және дауыстап оқиды, тапсырманы әуелі ауызша шешіп алып, жазуға соңында ғана кіріседі. Жұмыстың бұл түрін кейде бақылап көшіру деп те атайды. Казіргі оқулықтарда жаттығудың бұл түрі кең алынып жүр. 
Көшіру жұмыстары тіл дамытумен байланысты, сұрақтарға жауап беру (жазбаша) түрінде де кездеседі. Бұл жұмыс балаларды мазмұндама мен шығарма жазуға дайындау мақсатында қолданылады.
Балалардың орфографияға үйренген дағдылары мен шеберліктерін байқау мақсатында диктант жаздырылады. Мұнда мұғалім мәтінді, сөйлемдерді немесе жеке сөздерді оқиды, оқушылар оны аяғына дейін тыңдап, естерінде ұстайды, жазады.
Диктанттың бастауыш мектепте жүргізілетін түрлері:
1.Ескерту диктанты. Мұнда мұғалім мәтінді оқып шығады. Балалар жақсылап тыңдап отырады. Сонан кейін түсініксіз деген сөздердің мағынасы түсіндіріледі. Мұғалім әрбір сөйлемді қайта оқып шығады, оқылған сөйлемдер балалардың қатысуымен талданады. Сөйлемді жазбас бұрын мұғалім балалардың зейінін ондағы қиын сөздердің жазылуына, өтіліп отырған ережеге аударады. Оқушылар тиісті дыбыстарды көрсетеді, ережесін айтып береді, олардың қателескен жері болса, түзетіледі. Осындай жұмыстардан кейін ғана балалар сөйлемді жазуға кіріседі. Алғашқы кезде әрбір сөйлем оқылып, талданып барып жазылады. Кейін балалар жұмыстың бұл түріне дағдыланған кезде, бірнеше сөйлем бірден оқылып, олардың ішінен мағынасы түсініксіз сөздер мен жазылуы қиын деген сөздер ғана талданады, ал онан әрі мәтін тұтас оқылады да, сөздер іріктеліп алып талданады, сонан соң мұғалім әр сөйлемді оқып, балалар жазады. Егер балалар белсенділік көрсетіп, сөздердің қалай жазылуын, талдануын сұрап, сөздіктен қарайтын болса, онда ескерту диктантының тиімді болғаны.
2.Іріктеу диктанты. Мұның ескерту диктантынан айырмашылығы – балалар мұғалімнің айтқан сөздерінің барлығын жазып отырмайды, оның ішінен белгілі бір ережеге қажетті сөздерді немесе сөз тіркестерін іріктеп жазады. Диктанттың бұл түрінде уақыт үнемделеді, қажетті сөздер мен сөйлемдер көбірек жазылады, ең бастысы оқушылар мәтінді аса зейін қоя тыңдап отыруға мәжбүр болады.
3.Түсіндіру диктанты. Мұнда мәтін жазылып болғаннан кейін ғана талданады, қателері түзетіледі. Диктанттың бұл түрін жазуға кірісерде қажетті ережелер еске түсіріледі. Мұны ескерту диктантынан бақылау диктантына өткел ретінде жүргізілетін жұмыс деуге де болады. Түсіндіру диктантының бір түрі ретінде сөздік диктантын да жүргізуге болады. Онда сөйлем де, мәтін де емес, жеке сөздер айтылады. Бұған оқушыларға қиындық келтіретін немесе ережеге бағынбайтын сөздер алынады. Сөздік диктант ұзақ болмайды, 5 – 10 минут шамасы, көбінесе сабақтың аяғында жүргізіледі. Мұғалім жеке сөздерді айтады, балалар жазады, жазғандарын сөздіктен қарап түзетеді, үнсіз диктант ұйымдастырылады. Онда мұғалім қажетті суреттер көрсетеді (аю, сиыр, жылқы, қоян, қозы, трактор, комбайн, т.б.), ал балалар бірден жазады немесе керекті әрпі бар карточканы көрсетіп, сонан соң жазады. Сөздік диктант 10 – 15 сөзден аспауға тиіс. 
4.Шығармашылық диктант. Мұғалім тақтаға қажетті сөздерді жазады. Кейде сурет немесе бір серия картина беріледі: балалар бір тақырыпқа сөйлемдер құрайды. Шамамен қолданылатын ережелер беріледі (еске түсіріледі). Балалар сөйлемдегі сөздердің дұрыс тұлғада тұрған-тұрмағанын байқайды, қажет болса, өзгертеді. Жұмыстың бұл түрін таза диктант деуге болмайды, сөйлемді балалардың өздері құрастыратын болғандықтан мұны шығарманың кіріспесі деуге де болады.
Шығармашылық диктант балалардың тілін дамыту үшін де өте қолайлы, өйткені оқушылар мәтін құрауға белсенді қатысады, сөздерді де өздері ойлап табады.
5.Ерікті диктант. Бұл мазмұндама деп те аталады. Бірақ мазмұндамадан сәл оңайлау. Диктант деу себебі – мұғалім мәтінді оқып тұрады, ал ерікті дейтініміз – балалар әдеттегі диктанттай, мәтінді мұғалімнің оқуы бойынша сөзбе –сөз емес, естерінде қалғандарын ғана жазады. Мәтін оқылмас бұрын қажетті ережелер еске түсіріледі. Мұғалім мәтінді әуелі тұтас, сонан соң оның 5 – 6 жолын оқиды. Әрбір оқылған үзінді оқушылар жаттап алатындай, өте қысқа болмауы керек. Оқушылар оқылған үзіндінің естерінде қалғанын ғана жазады. Диктанттың бұл түрі де тіл дамыту жұмысымен ұштасады.
Осы көрсетілген жұмыстардың барлығы орфографиялық дағдыны автоматтандыру мақсатын көздейді.
Бақылау немесе тексеру диктанты. Бұл балалардың алған білімдері мен қалыптасқан дағдыларын тексеру мақсатында жүргізіледі. Мұнда оқушы өзі білетін ережені қолданып, өз күшін өз бетімен байқай алады. Мұғалім қандай да болмасын бір орфографиялық ережені оқушылардың қалай меңгергендері жөнінде мәлімет алады. Қандай ереже қайталану керек, кімге қандай көмек керек – соны анықтайды.Егер диктанттың нәтижесі бүкіл сынып бойынша нашар болса, қайталау диктанты жүргізіледі. Мұндай жағдайда сол мәтіннің өзі қайтадан алынады немесе соған ұқсас мәтін алынып, қайталанады, диктант жаздырылады.[11]
Жұмыстардың жүйесі: Орфографиялық жаттығулардың бірнеше кезеңі бар:
а) алғашқы кезеңде әдетте, оқулықтағы немесе тақтаға жазылған дайын материал алынады. Бұл материалдар мұғалімнің көмегімен талданады, оқылған ереже бойынша, жазылған сөздер табылады, нақты үлгі бойынша, балалар ереженің практикада қалай қолданылатынын түсінеді. Мұнда оқылған орфограммаға сай, жеке сөздер, сөз тіркестері немесе сөйлемдер ғана беріледі. Мұны дағдыны бекітудің алғашқы кезеңі деуге де болады.
ә) екінші кезеңде де дайын мәтін: сөз, сөз тіркестері, сөйлемдер беріледі. Мұнда оқылып отырған орфограммаға сай, сөздердің ішінде басқа ережелерге де жататындары болады. Ұсынылған материалдардың ішінен балалар керектісін, оқылып отырған ережеге сай келетіндерін іріктеп, тауып алады; неге ол сөзді алды, ол сөз бұл ережеге сай келе ме соны дәлелдейді. Бұған қосымша, балалар сұрақтарға жауап қарастырады, ескерту диктантын жазады.
Бұл кезеңдегі ең көп қолданылатын жаттығулар: көшіріп жазу, үлгі сұрақ бойынша сөзді, сөйлемді аяқтап жазу. Бұл орфографияны білу кезеңі деп аталады. Балалар ережені қолданып үйрене бастайды, жазғандарын дәлелдеп, негіздей алады. Сөздердің жазылуын әуелі дәлелдейді, сонан соң ғана жазады.
б) балалар өздіктерінен басқа құбылыстардың ішінен оқылып отырған ереженің объектісін тауып бере алады. Мұнда жеке сөйлемдер де, тұтас мәтін де беріледі. Балалар мәтінді көшіреді: қалдырылып кеткен сөздерді үлгі, сұрақтарсыз өздері тауып жазады; Бұл кезде ескерту, түсіндіру, іріктеу диктанттары жаздырылады. Бұл үйрену кезеңі деп аталады.
в) орфографиялық дағдының автоматтана бастау кезеңі. Мұнда балалар орфография туралы ғана емес, жазу жұмыстарының басқа жақтары (мазмұны, лексика, синтаксис, жоспар) жөнінде де ойланады. Бұл кезеңде балалар грамматикалық – орфографиялық тапсырмаларды орындап, көшіру жұмыстарынан басқа ескерту диктанты, түсіндіру, ерікті, шығармашылық, бақылау диктанттары, түрлі мазмұндама, шығармалар жазады.
г) қалыптасқан дағдыларды жетілдіру кезеңі. Жазылуы бірыңғай сөздерді байланыстырып, оларға тән ортақ заңдылықты, жалпылықты анықтау; түбірлес сөздерді табу, сөздердің синонимін, антонимін табу, омоним сөздерді табу. Бұл кезеңде диктанттың барлық түрі жазылады, оқыған ережелер бойынша қалыптасқан дағдылар толық автоматтанады, сондықтан мәтінді алдын ала талдаусыз жаздыра беруге болады. Сөздіктен қарауға, мұғалімнен сұрауға рұқсат етіледі.
Жоғарыда көрсетілген жүйені өзгертуге болмайды деп түсінбеу керек. Нақты жағдайларға: балалардың жас ерекшеліктеріне, дайындық дәрежелеріне, алған білімдері мен сөйлеу дағдыларына қарай өзгеріс болуы мүмкін. Алайда, мұғалім осы көрсетілген жұмыстардың жүйесінің толық орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Жаттығу жұмыстарының жүйесіне қарай, материалды таңдауға қойылатын талаптар туады. Жаттығуларды жүргізу үшін алынатын материалдар да бірден-бірге лексикалық, синтаксистік жағынан күрделене түсуге тиіс. Материал таңдауда әсіресе мына жағдайлар ескеріледі:
1.Грамматикалық немесе орфографиялық құбылыстарды түсіндіру кезінде бақылау үшін анағұрлым жеңіл, анық материалдар алыну керек. Бұл кезде оқушылардың зейінін оқылып отырған ережеден басқаға алаңдататын нәрселер болмағаны жөн.Оқушылар бақылағандарынан дұрыс қорытынды шығара алатындай болуы қажет.
2.Жаттығуға арнап материал таңдағанда тіл дамыту мен жазу жан-жақты ескерілуге және бұрын өтілгендерді үздіксіз қайталау есте болуға тиіс.
Жұмыстың әр түрлі кезеңдерінде біртектес (сөздік, фразалар немесе мәтін) материалдарды қайталап отыру дұрыс болмайды. Мысалы, алғашқыда «қала» сөзіне түбірлес сөз тапқанда «қалалар» десе, кейінгіде «қалалы, қалашық, қалашыл т.с.с.» сөздер айтқызылады.
Қазіргі кезде орфографияны меңгеру үшін көру мен есту органының (көшіру мен диктанттың) қайсысы маңыздырақ деген мәселе жөнінде талас жоқ.
3.Сауаттылыққа үйренуде сезім анализаторларының барлығы да: есту де, көру де, қол қозғалысы да қатысуы керектігі зерттеліп анықталды. Оның үстіне көшіру немесе диктант сияқты жазу түрлерінің қазіргі кезде әр түрлі варианттары шыққанын жоғарыда айтылғандардан байқағанбыз.
4.Мұғалім қандай да болмасын, бір сезім органына жаттығудың қай түрі дұрыс келеді деген мәселеден гөрі, бір жаттығуда таным қызметінің қандай операцияларды орындауы жайлы, олардың комплексті қатысуын қалай қамтамасыз етуге болатыны жайлы көбірек ойлауға тиіс: анализ, синтез, жалпылау, ұқсастық пен айырмашылықты табу, абстракциялау, топтау, жүйелеу т.б.
Сөйтіп,орфографиялық немесе пунктуациялық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруда оқушылардың зейінін, ойы-есін, қиялын т.б. таным қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ олардың ауызша, жазбаша тілін дамытуға көп күш салу қажет.[12] 
Әрбір материал мұғалім тарапынан жақсы түсіндіріліп, одан қаншама дұрыс дағды берілгенімен әр оқушының білімі, дағдысы мен шеберлігі есепке алынбаса, оларды материалды қалай меңгергені, мұғалім мен оқушылар еңбегінің барысы, нәтижесі және оған қалай жеткені белгісіз болады. Оның үстіне балалар өз еңбегінің нәтижесін біліп отырмаған соң, келесі еңбекке деген ықыласы азайып, сабаққа белсенділігі төмендейді. Сондықтан қай сабақ болмасын, балалардың алған білімдері, дағдысы мен шеберліктері есепке алынып отырылады. Оның мынадай жолдарын көрсетуге болады: 1) бір сабақтың негізінде бағалау; 2) бірнеше сабақтың негізінде бағалау; 3) бір ғана жұмыстың негізінде бағалау.
Оқушылардың білімін бір сабақтың негізінде бағалаушы оқушының қандай сұрауларға, қалай жауап бергенін және қандай жұмыстарды орындағанын есепке алып отырады. Сабақтың соңында бірнеше оқушыға бүкіл сабақ бойы істеген жұмыстарының (еңбегінің) негізінде баға қояды және неге олай баға қойғанын бүкіл сыныпқа хабарлайды (дәлелдейді). Мұндай жағдайда мұғалім сабақ бойы кез келген оқушыдан сұрай алмайды: кімдерді бағалау керектігін, қандай сұраулар қоятынын, қандай жұмыстар жасайтынын алдын ала жоспарлап алады. Сабақта сұраулар бүкіл сыныпқа қойылып, дағдыландыру, жаттығу жұмыстарына барлық оқушылар қатыстырыла тұрса да, мұғалім білімін, дағдысын, шеберлігін есепке алатын оқушыны іштей байқап, сұрағанда көбіне соларды тұрғызады. Мысалы, II класта оқушыларға деформаланған мәтін ұсынылып, ондағы сөйлемдерді тауып, соңына нүкте қою керектігі тапсырылды дейік. Оқушылар тапсырманы орындап болған соң, мұғалім олардан сөйлем жөнінде не білетіндерін сұрайды: 3 – 4 оқушыдан сұрағанына жауап алады, 1) аяқталған ойды білдіреді, 2) сөйлем өзара байланысты сөздерден құралады, 3) сөйлемнен соң нүкте қойылады, 4) әрбір жаңа сөйлем бас әріптен басталып жазылады. Сол оқушылар өздіктерінен мысалдар келтіреді, талдайды. Мұғалім олардың сөйлем жөніндегі түсініктерін, дәлелдемелерін байқайды. Осыдан соң берілген тапсырманы бүкіл сыныптың қалай орындағаны жалпы тексеріледі. Бұл үшін жекелеген оқушылар орнынан тұрғызылып, нүкте қойған, бас әріппен жазған әр сөйлемді оқиды. Алдыңғы сұралған 3 – 4 оқушыны тақтаға шығарып, олардың дәптерлерін тексереді; қажет болса, тақтаға сөз, сөйлем, сөз тіркесі жаздырылады. Балаларды бағалау үшін мұғалім бір сабақ бойы осылайша материал жинайды.
Сабақ соңында бірер сұраққа жауап берген бірнеше бала және жаттығуды орындаған балалардың еңбектері де атаусыз қалмайды. Олардың қай сабақта қандай сұрауға жауап бергенін, қандай жұмысты орындағанын ескеріп жүріп, бірнеше сабақтағы еңбектері қорытылып бағаланады. Бұл үшін мұғалім өзінің арнаулы дәптеріне (балаларға көрсетпей), әр сабақтан кейін қажетті мәліметтерді жазып жүреді. Балалардың әрбір жауабы, әрбір еңбегі ескерілетініне көзі жетсе, әр сабақта өз білетіндерін көрсетуге тырысады, белсенділіктері артады.
Оқушылардың білімін, дағдысын, шеберлігін үйге берілген тапсырманы орындауларына, жазбаша бақылау жұмыстарының нәтижесіне немесе сабақтың әр кезеңінде (әсіресе жаңа сабақты түсіндіру я бекіту кезінде) бір күрделілеу сұраққа дұрыс, толық анық жауап беруіне қарай бағалауға да болады. Оқушының белсенділігін көтеруге, тапқырлығын арттыруға және өздігінен ойлай білуін күшейтуге бұл әдістің де пайдасы зор. [13]
Мектеп тәжірибесінде балалардың білімдерін және емле дағдыларын тексеру бірге жүргізіледі. Мысалы,балалар диктант жазса, ол оқушылардың грамматикадан белгілі бір тақырып бойынша алған білімдерін тексеруге де, емле, жазу дағдысын, шеберлігін тексеруге де арналады. Оқушылар ондағы сөздерді, сөйлемдерді талдайды, шартты белгілермен көрсетеді, керекті сөздерді теріп жазады,схемаға түсіреді т.с.с. Мұнда грамматикалық талдауға берілетін тапсырмалар көп болмауға тиіс (2 – 3-тен аспауы тиіс). Бақылау жұмысы дұрыс көрсеткіш беру үшін, оны ұйымдастыру және өткізу барысында кейбір шарттар орындалуы қажет:
1.Орфографиялық бақылау жұмысы белгілі бір тақырып аяқталып, оқушыларда жазу дағдылары қалыптасқаннан кейін жүргізіледі.Егер мұндай алғышарт болмаса бақылау жұмысын кейінге қалдыра тұрған жөн.
Балалардың жазғандарын қарағанда тек соңғы өтілген тақырыптар бойынша берілген білімдер ғана емес, сонымен қатар бұрын берілген білімдер де қамтыла тексеріледі.
2.Бақылау жұмысына әдетте мәтін немесе жеке сөйлемдер алынады. Әр сыныпқа белгілі мөлшерде сөз саны есептеп беріледі.
Бір түрлі орфограмманың бірнеше қайталанып келуінің (бір бақылау жұмысының ішінде) қажеті жоқ.Бақылау жұмысында ең соңғы оқылған тақырыпқа 2 – 6 объект, ал бұрын оқылғандарға екі объектіден келтірілген жеткілікті.
Бірдей орфограммада кездесетін сөздерді варианттармен берген тиімді.
3.Мұғалім бақылау диктантының мәтінін тұтас оқып шығады, ондағы түсініксіз сөздер мен сөз тіркестерін түсіндіреді, сонан соң жеке сөйлемдерді оқиды, онан әрі мұғалім сөйлемді тағы бөліп оқып жаздырады. Әр сөйлем қайта тұтас оқылады, бұл кезде оқушылар жазғандарын тексеріп шығады. Ең соңында мәтін тұтас, жай, бір рет оқылады, балалар оған ілесіп отырып, жазғандарын тексереді. Оқушыларға жұмыстарын жөндеуге қосымша уақыт берілмейді. Мұғалім жазғандарын жинап алады.
4.Оқушылардың алған білімдерін,дағдыларын және шеберліктерін тексеру мақсатында өтілген материалдардың негізгі мәселелері жайлы қосымша тапсырмалар беріледі. Мысалы, грамматикалық тұлғаларды табу, сөз таптарына ажырату, септіктерді қою т.с.c
5.Сабақта оқушылардың қойылған сұрақтарға жауап қайтарып қоюы жеткіліксіз, олар сұрақты өздері де дұрыс қоя білуге дағдылануға тиіс. Сұрақ қоюға үйретуді қайталау сабақтарында жүргізген дұрыс.
Сонымен, оқушылардың білімін, дағдысы мен шеберлігін белгілі бір жүйемен есепке алу жұмысы мұғалім мен оқушылар еңбегінің көрсеткіші болып табылады.[14] 
Жазба жұмыстарында жіберген қателерімен жүргізілетін жұмыстар және оны жетілдіру амалдары.
Мұғалім грамматика мен емледен оқушылардың білімін, дағдысы мен шеберлігін есепке ала отырып, олардың жақсы және олқы жақтарын біледі, ол өзінің дәптерінің бірнеше бетін сыныптағы анағұрлым білімі нашар балаларға арнайды. Осы дәптерге үнемі сол балалардың қатесін белгілеп, жазып жүреді. Сөйтіп, мұғалім оқушылардың орфографиялық сауаттылығын қадағалап, кейбір оқушыларға жеке тапсырмалар береді. 
Оқушылар жазу жұмыстарында қате жібермеу үшін өздіктерінен жұмыс жасауға тиіс. Осы тұрғыдан олар өздері қате жіберген сөздерін дәптерлеріне жазады, оны жою жолында жұмыс жасайды. Оқушы мұғалімнің басшылығымен сөздерді жазып қоюға ғана емес, сонымен
қатар өздерінің қателерін жою үшін өздіктерінен жұмыс жасауға да үйренуге тиіс. Біршама уақыт өткеннен кейін мұғалім сыныппен жұмыс жасау кезінде немесе бір оқушыдан сабақ сұрау кезінде керекті сөзді жазғызады, қалай жазылып тұрғанын талдатады. Мұндай жұмыс балалардың белсенділігін арттырады.
Біраз уақыт өткеннен кейін (тоқсан аяғында, жарты жылдықтың аяғында) оқушылардың жұмыстарына толық талдау жасайды. Кейбір 
оқушыларға тән қателерді теріп жазады, осының нәтижесінде әрбір оқушының және бүкіл сыныптың үлгерімі жөнінде тұтас карта жасалады. Мұғалім балалардың қате жіберу мотивін анықтайды: 1) оқушы ережені білмегендіктен (кезінде түсінбеген немесе ұмытып қалған) жіберген бе? 2) ережені біледі, бірақ оны жазуда дұрыс қолдана алмаған, яғни ережені жазуда қолдану дағдысы қалыптаспаған. 3) ережелерді араластырып шатастырады. 4) жазып отырғанының мағынасына (не жазып отырғанының өзіне түсінбейді) түсінбей, зейін қоймай, механикалық түрде әрекет етеді. 5) кейбір дыбыстарды қате естиді немесе өзі қате айтады да, өзін-өзі бақылай алмайды. 6) асығыс, ұқыпсыз орындау салдарынан қатені байқамайды т.с.с. себептерін анықтағаннан кейін соған сәйкес, қосымша жұмыс ұйымдастырады. [15]
Оқушылардың жұмыстарында кеткен қателіктерді түзету жолдары да алуан түрлі. Қателерді қай кезде түзету керек? Егер жұмыс шағын болса, сол табанда түзету керек. Мысалы, ескерту, түсіндірме диктанттары, көшіріп жазу жаттығуларын сол сабақтың үстінде-ақ түзетуге болады. Ал бақылау диктанты, мазмұндама, шығармадағы қателер соңынан түзетіледі. Қате түзетуде жазу жұмыстарына талдау жасаудың пайдасы зор. Талдау барысында мұғалім балаларға әуелі дәптерлерін таратып бермейді, өйткені олар өз дәптерлеріне қарап алаң болады да, мұғалімді тыңдамайды, ұжымдық жұмысқа қатыспайды.
Жұмыс осы оқушылардың көпшілігіне тән қателерден басталады. Мұғалім өзі (немесе тақтаға шақырылған оқушы) балалардың көбі қате жіберген сөзді немесе сөйлемді тақтаға жазады, оны қалай жазу керектігі, неге олай жазатынымыз анықталады, ережесі еске түсіріледі. Мұндай жалпы сыныпқа тән қателер онша көп болмайды, сондықтан оларды талдауға бір сабақ жеткілікті. Егер уақыт қалса, оқушылар ол сөзге сөйлем құрап, дәптерлеріне жазып алады.
Екінші сабақта жеке оқушылардың жіберген қателіктері талданады. Осы мақсатпен балалардың дәптерлері таратылып беріледі. Олар мұғалімнің түзеткен қателіктерін табады, оны жұмыстың соңғы жағына теріп, көшіреді, қосып сөйлем құрастырады т.б. Қатемен жұмыс тек бақылау диктантына байланысты ғана жүргізіліп қоймайды, сонымен қатар басқа сабақта да жүргізіледі.
Бұл көрсетілген жағдайлардың қайсысын қалай қолдану: 1) сыныптың ерекшелігіне байланысты (I-II сыныптарда айқынырақ түзетулер қолданылады, III –IV сыныптарда күрделірек әдістер қолданған мақұл (3-4 әдістер), 2) оқушылардың дайындық дәрежесіне байланысты. Мысалы, жақсы оқитын оқушы қате жіберсе, оның қатесінің асты сызылып қана қойылады, ал нашар оқитын оқушылардың қателерін түрлі әдіспен түзету керек (кейде қалай түзету керектігіне нұсқау көрсетсе, кейде дұрысын жазады). Мүмкіндігіне қарай, қателерді түзетуге оқушылардың өздерін қатыстыру керек. Мұғалім қате жазылған сөздердің дұрысын, тіпті болмаса, мәтінді түгел балаларға қайта көшіртеді. Мұнда қате жазылған сөздерге емлелері ұқсас я қарама-қарсы сөздерді теріп жаздыру әдісі өте пайдалы.
Оқушылар бір түрлі қатені қайталай беретін болса, онда динамикалық стеротип орнайды да, одан құтылу оңайға түспейді. Сондықтан олардың қателерін есепке алып, бір қатені екінші рет қайта жібермеу үшін, дереу алдын ала шаралар қолданылады. Оқушыларды қате жазудан сақтандыруда жазылуы қиын сөздерді ескертіп, көрсетіп жаздыру, жазылу ережесі оқылмаған сөздерді жаттығу жұмыстарына енгізбеу, егер бірен-саран кездессе, ондай сөздерді тақтадан немесе оқулықтан қарап жазуға дағдыландыру керек. Мұғалім оқушылардың жазуларын тексеріп, қателерін түзетіп болғаннан кейін, әр оқушының жұмысына баға қояды. Бүкіл сыныпқа берілген тапсырманың үстіне жеке оқушыға арнаулы тапсырмалар береді (мысалы, ережені пысықта, сөйлем құрастыр, белгілі бір жаттығуды орында т.б.). Бастауыш сыныптарда да әсіресе сауаттылық жағын қамтитын бір баға қойылады. Ал мазмұндама мен шығармада тек орфографиялық қателер ғана емес, сонымен қатар пунктуациялық қателер, сөз қолданудағы сөздерді байланыстырудағы, жоспардағы, сөйлем құрудағы, мәтіндегі қателер де, тіпті жазу жұмысының көлемі де есептеледі.
Оқушылардың жазғандары, айтқандары орфографиялық жағынан сауатты, стилистикалық жағынан дұрыс болуға тиіс. Оқушылар мұғалімнің сөзіне еліктейді. Ендеше мектептегі мұғалімдердің өзі сауатты сөйлеулері керек, тақтаға, оқушылардың дәптерлеріне жазғандары әдемі, қатесіз болғаны жөн.[16]
Қорыта айтқанда: 1. Сауатты жазуға үйренуде мұғалім оқушылардың ережені түсінбей, құрғақ жаттауына жол бермеуі керек, сол ережені меңгертудің әдіс-тәсілдерін іздестіруі керек. Оқушылар өтілген ережелерге өз бетінше мысал келтіре алып, оны оған ұқсас басқа жағдайларда пайдалана алатындай дәрежеге жеткенде ғана ақыл-ой дағдысы қалыптасады. өйткені тіл дамыту – қашанда ой дамыту. Сауатты жазуға үйрену үшін оқушы аналогия, салыстыру, талдау, жинақтау, жалпылау, нақтылау сияқты ой операцияларын іске асыруы керек.
Сауатты жазуға үйретуде мұғалім мынадай жұмыстарды жүргізеді: сөздің не сөйлемнің мағынасын түсіндіріп барып оны оқушыларға жаздырады; сөзді дұрыс айтуға, ұқыпты жазуға машықтандырады, түбірлес сөздерді табу, сөз тіркестер арқылы сөйлем құрастыру, ұқсастығы мен айырмашылығын салыстыру, дыбыстық талдау жасау, сөздік жұмысын жүргізу, сауатты жазу дағдысын қалыптастыру т.б.
Жазуға байланысты жүргізілетін жаттығулар көруге, естуге және орфографиялық тапсырмалар бойынша жүргізіледі. Олардың негізгі түрлері: грамматикалық-орфографиялық талдау, көшіру түрлері: механикалық көшіру, есте ұстау арқылы көшіру, еркін көшіру, грамматикалық тапсырмаларға байланысты көшіру, бақылап көшіру, диктант жүргізу, оның түрлері: ескерту диктанты, іріктеу диктанты, түсіндіру диктанты, шығармашылық диктант, ерікті диктант, бақылау диктанты.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет