Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Хабаршысы № 2 (78), 2019
ҒТАХР 14.09.03
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ-ЗЕРТТЕУШІЛІК ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ШЕТЕЛДІК ПЕДАГОГИКАДАҒЫ ДИДАКТИКАЛЫҚ ТҮСІНІКТЕРДІҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ
С.К. Абильдина¹, А.М. Бейсенбаева²
¹педагогика ғылымдарының докторы, профессор
² 6D010200-Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығының докторанты
¹ʾ² Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қарағанды қ., email: beysenbaeva71@mail.ru
Мақалада психологиялық-педагогикалық әдебиеттегі зерттеу қызметінің эволюциясы берілген. Зерттеу және жаңалық ашу арқылы баланы әлемді тануға итермелеу идеялары айтылған шетелдік педагогтардың еңбектеріне шолу жасалды. Кіші мектеп жасында зерттеу іскерліктерін қалыптастыру мүмкіндігі мен қажеттілігін көрсететін балалардың танымдық, зерттеу қызметі мен оны ұйымдастыру тәжірибелері талданады. Зерттеу жұмысына байланысты мәселелер ашылады. Оқу пәндерін оқыту шеңберінде оқу зерттеуін ұйымдастыруға кең мүмкіндік беретін бастауыш мектеп үшін заманауи білім беру бағдарламаларының («Мектеп 2000... (2100)») сипаттамасы ұсынылған.
Түйін сөздер: зерттеу үдерісі, зерттеушілік қызмет, шығармашылық жұмыс, зерттеушілік дағды, шығармашылық дағды, іденушілік дағды, зерттеушілік әдіс, зерттеу кезеңдері
Зерттеушілік қызмет мәселесінің тарихы өте терең және бай, өйткені көптеген ғалымдар бұл мәселемен ұзақ жылдар бойы қызығушылықпен айналысып келеді. Зерттеушілікке оқыту негіздері туралы Сократ сұқбаттарында, белгілі ритор Квинтиллианның еңбектерінде, сондай-ақ қайта өрлеу дәуірінің педагог-ойшылдарының (Ф.Рабле, Т.Мор, В.Да-Фильтре) ілімдерінде де кездестіруге болады. Олар таным белсенділігі туралы, балаларды ғылымға икемдеу, тарту қажеттігі туралы айтқан. Я.Коменский, Дж.Локк, Ж.-Ж.Руссо, И.Песталоцци, Ф.Дистервег, С.Френе балаларды оқыту мен тәрбиелеудің аса маңызды міндеттерінің бірі оқушылардың бойында «білім іздеу рухын» ояту деп санаған, оқушыларды бақылауға, эксперименттер жасауға, қорытындылар жасауға үйреткен. Дидактиканың негізін салушы Я.Коменский, алғашқылардың бірі болып, баланы оқытудың тиімділігі – басқа біреулердің түсінгендері мен байқағандарын тұтынушы ретінде емес, «ақиқатты тұңғыш ашушы» сияқты сезіндіру түрінде оқыту деп санаған. Я . Коменский құбылыстар мен заттарды бақылағанда «біреудің көзімен», «біреудің ақылымен» емес «...әрбір оқушы барлығын өзі зерделеп, өзі сезінетіндей» етіп ұйымдастыру керек деп атап көрсетті [1].
XVII ғасырда өмір сүрген ағылшын философы, педагог Дж.Локк тәрбиелеудің басты міндеті білімді әр ғылым бойынша жинақтай беру емес, «...ақыл ойды кез келген ғылымға барынша, ең жоғары дәрежеде қабілетті болып шығатындай етіп дамытып, бейімдеу», яғни баланы білімді өз күшімен ізденіп табуға дайындау деп жазды. Ағартушы, философ Ж.-Ж.Руссоның пікірі бойынша, баланың дамуындағы аса маңызды мәселе оның жеке практикалық тәжірибесі болып табылады, ол бақылаулар мен эксперименттер жасау барысында заттар мен құбылыстарды өз күшімен зерттеудің негізінде түзіледі. Бала ғылымды зерделегенде жаттап емес, оның сырын өзі ашып, тереңіне үңіліп зерделеуі керек. Тәрбиелеушінің міндеті, баланың қызығушылығын оятып, оқып-үйренудің әдістерін үйрету. Швейцариялық педагог И.Песталоцци білімнің қайнар көзі табиғаттағы құбылыстар мен үдерістерді өз күшімен зерттеуде жатыр, деген пікірді ұстанған. Мұндай қызметте бала дамиды, логикалық түрде ойлауды үйренеді, фактілерді салыстырып, қорытады және осының негізінде ұғымдар туындайды. Оның оқыту жүйесі (элементарлық білім беру теориясы) тұлғалық дамуды қамтамасыз ететін осы зерттеуге де жақын. Дамыта оқыту, И.Песталоццидің пікірі бойынша, бақылаудан тәжірибеге, тұжырымдар мен қорытуларға, білімдерді жинақтауға жетелеуі тиіс. Неміс педагогы Ф. Дистервег аса маңызды жалпыдидактикалық үш принциптің бірі – көркемөнерпаздық принципі (балалардың шығармашылық белсенділігін дамыту). Оқыту жолдарының бірі ретінде ол эвристикалық әдісті ұсынған, ол оның пікірі бойынша бастауыш мектепте өте маңызды, өйткені кішкентай балаға іздену, ойлау, білімдерді ашу мүмкіндігін береді. Оқытушы оқушының бойында ақиқатқа өз күшімен, өз ойларының, зерттеулерінің нәтижесінде жетуге ұмытылысты дамытуы тиіс.
«Жаман оқытушы ақиқатты өзі айтып береді, жақсы оқытушы оны іздеп табуды үйретеді». Ресейде, ХІХ ғасырдың ортасында Дистервегтің идеялары өте танымал және кеңінен таралған болатын [2].
Оқу-зерттеушілік қызмет идеясы ХІХ ғасырдың екінші жартысында – ХХ ғасырдың басында қалыптасты. Бұл кезеңге осы әдістің шетелдерде іс жүзінде іске асырылуы сәйкес келеді. Азаматтық
тәрбие беру теоретигі, және оның құралы ретінде еңбек мектебі идеясын ұсынушы, неміс педагогы Г.Кершенштейнердің тәжірибесі өте қызықты. Ол оқытудың әдістері мен жағдайларын өзгертіп, оқушылардың мүмкіндіктеріне қарай зертханалар мен шеберханаларда өткізілетін зертханалық, шығармашылық жұмыстарды, зерттеушілік қызметті енгізді. Американдық философ, психолог, әлеуметтанушы, педагог Дж. Дьюи келесі шартарды ескере отырып, дидактикалық жүйені әзірлеп шығарды: оқушыларды зерттеушілік жұмыстарға тарта отырып, олардың белсенділігі мен танымдық дербестігін дамыту; «ойлаудың толық акті» тұжырымдамасына негізделген проблемалық оқыту, оның кезеңдері мыналар болып табылады: қиыншылықты сезіну, оны табу және анықтау, оны шешудің негізгі ойын тұжырымдау (болжамдық шешу жолынан туындайтын гипотеза мен қорытуларды құрастыру, гипотезаны логикалық тұрғыдан тексеру, одан арғы бақылаулар мен эксперименттер арқылы гипотезаны қабылдау немесе жоққа шығару) [3].
ХХ ғасырдың басында Англия мен Америкада оқыту үдерісіне Дальтон жоспарының кеңінен енгізілгені белгілі. Бұл идеяның авторы – бастауыш сынып мұғалімі Е. Паркхерст. Дальтон жоспарын іске асыруда басты назар жинақталған білімнің санынан сол білімдерді балалардың еркін шығармашылық қызметі нәтижесінде зертхналарда, шеберханаларда алуының барысына аударылады. «Дальтон жоспарының мәні – балалардың бойында өз күшімен зерттеу жүргізу дағдысын тәрбиелеуге күш салу...». Осыдан кейінгі кезеңде АҚШ, Англия және басқа да шет мемлекеттерде оқытудағы зерттеушілік қызмет туралы түсініктердің дамуы екі бағытта жүріп жатты. Біріншісі – ұғымды эвристикалық сұқбаттарға дейін төмендету, екіншісі – жаратылыстанушылық ғылыми пәндерді оқытуға қатысты зерттеушілік әдісті терең әзірлеу. Зерттеушілік әдістің кеңінен таралуы АҚШ-та ХХ ғасырдың 50-ші жылдарына тұспа-тұс келді. Бұл тұрғыда американдық психолог Дж.Брунердің «жаңалық аша отырып оқыту» тұжырымдамасын қарастыруымызға болады.
«Оқыту үдерісі» еңбегінде ол былай деп жазады: «біз баланы белгілі бір ғылыми қағидаларды жаттауға мәжбүр ету үшін емес, білімдерді іздеп табу ісіне белсенділікпен қатысуға үйрету үшін оқытамыз». Оқытудың ең тиімді әдісі – оқушылардың білімді өз күшімен ашуы, бұл ретте мұғалім оларға тапсырманы дайын түрде жеткізбейді, оларды өз күшімен іздеп табуына бағыт-бағдар береді. Оқушылар өздерінің шығармашылық және ғылыми ізденуінің арқасында дүниені танып, білімдер мен дағдылар алуы тиіс. ХХ ғасырдың орта кезінде педагогикалық эвристика идеяларын қамтитын Д.Пойаның еңбектері жарық көрді. Ол ғылымды зерделеуді эвристикалық әдіспен – яғни зерттеулер және жаңалық ашу жолымен жүргізу әдісін ұсынды [4]. Қазіргі кезде шетелдік мектептерде зерттеушілік қызмет оқушылар жүргізетін әралуан жобалық қызметтерде көрініс табуда.
Ресейде XVIII ғасырдың бас кезінің өзінде ұлы ғалым М.В. Ломоносов дәрістермен қатар оқушылардың өзіндік жұмыстарын енгізу керек, ғылыми еңбектерді оқушылардың өздері оқуын енгізу керек, өйткені бұл әдіс оқушылардың бойында ғылыми деректерге деген саналы көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді деп санаған. Оқытудағы зерттеушілік тәсілдеме идеясының өзін ағартушы, алғашқы балалар журналының негізін салушы Н.И. Новиков алғаш рет ХVIII ғасырдың екінші жартысында жария еткен болатын. Ресейдің ұлы қайраткерлері мен педагогтары Н.И. Пирогов, Н.Г. Чернышевский, Д.И. Писарев, Н.А. Добролюбов, К.Д. Ушинский және т.б. балалардың зерттеушілік қызметін теориялық тұрғыдан негіздеу проблемасына өз үлестерін қосты. Олар оқушылардың дербестігін, ғылыми ойлау, шығармашылық әрекет ету қабілеттерін дамыту қажет екені туралы жазды. Н.И. Пирогов мұғалімдерге оқушының ойын ояту қажеттігін, олардың ойлау қабілеттерін дамытуды, өзіндік жұмыс жасау дағдыларын үйретуді ұсынды. Д.И.Писарев зерттелетін құбылыстың түпкі мәніне дейін баланың өз күшімен жүріп өтуі, және оның кезінде бүкіл ғылымды ашқан ұлы ойшылдардың жүріп өткен зерттеушілік жолымен жүріп өтуі аса маңызды деп жазды. Ресейдің ұлы педагогы К.Д. Ушинский, өзінің педагогикалық тәжірибесін қорыта келіп, оқушылардың дербес, өзіндік қызметі «...кез келген табысты ілімнің бірден бір мықты негізін құрайды» деп санаған. К.Д.Ушинский де балаларды ой еңбегіне үйрету қажетті туралы жазды, көптеген әдістермен бірге «...баланы оқыту емес, оқып-үйренуге үйрету қажет» екенін көрсеткен. Смольный институтында инспектор бола жүріп, ол биология және физика пәндерінен тәжірибелерді енгізіп, сабақтарды өткізуге белгілі әдіскер-педагогтар В.И. Водовозованы, Д.Д. Семенованы шақырған, олар педагогтың ілгерушілік ойларына қолдау білдірген [5].
Оқытудағы зерттеушілік бағытты әзірлеуге В.П. Вахтеров, Н.Ф. Бунаков, П.Ф. Каптерев, С.А. Рачинский және т.б. үлес қосты. В.П. Вахтеров баланың шығармашылық қабілетін дамытуға жетелейтін дамыта оқытудың жақтаушысы болған, осы тұрғыдан ол бастауыш мектептегі оқытуды жаңарту керек деген ұстанымын білдірген. Ол «ақиқатты қалай ашуға болатынын үйрету керек» деген ойды білдірген. Осыған байланысты мектеп оқушылардың бойында өз күшімен ойлауды дамыту үшін жағдайлар тудыруы тиіс, ол үшін бақылауды, эксперменттер жүргізуді, қорытуды,
салыстыруды, қорытындылар жасауды, жіктемелеуді, ғылыми әдістерді үйрету қажет. П.Ф. Каптерев алғашқылардың бірі болып оқытуда «генетикалық тәсілдеме» деп аталған зерттеушілік тәсілдемені қолданды. Бұл тәсілдеме оның ойынша оқыту үдерісінде ғылыми фактілерді қарастырып қана қоймай, сонымен қатар оларың ашылу тарихын зерделеуге де мүмкіндік береді. С.А. Рачинский болса, құрғақ формалистік оқыту әдісін сынға алып, баланың өздігінен білім алуға ұмтылысын оятуға ықпал ететін әдістер әзірледі. Л.Н.Толстойдың Ясная Поляна мектебінде іске асырған педагогикалық көзқарастары да назар салуға лайық. Баланың мектепте тыбысты білім алуының аса маңызды шарттарының бірі – баланың білімді өз күшімен іздеп табуы және оны практикада шығармашылық түрде іске асыруы, ал мұғалімнің рөлі – өзіндік жұмысты ұйымдастыруға көмектесу, шығармашылыққа жағдайлар тудыру [6].
Революциядан кейінгі кезеңде заманауи мектептегі зерттеушілік әдісті насихаттаған Н.К.Крупская мен С.Т.Шацкий болды, олар зерттеушілік әдістің арқасында оқушылардың бойында өзіндік зерттеушілік жұмыстың қарапайым әдістері мен тәсілдері қалыптасады деп санады. Зерттеушілік әдісті дамыту және оны заманауи мектептегі оқыту үдерісінде қолданудың негізін қалағандар Б.Е.Райков, К.Б.Ягодовский, В.Н.Верховенский, П.П.Лебедев болды. «Зерттеушілік әдіс» терминін ХХ ғасырдың басында (1911 жылы) Б.Е.Райков ұсынды. Ол бұл терминді былай деп анықтады: «Зерттеушілік әдіс дегеніміз - оқушылар дербес бақылайтын немесе іс жүзінде қабылданатын нақты фактілерден туындаған қорытынды пікір». Б.Е. Райков, оқушылардың зерттеушілік жұмысын сипаттай келіп, бұл қызмет нақты факторларға дербес бақылау жасауға сүйенетін логикалық ойлаудың білгілі бір үдерісін білдіреді және ол төрт сатыдан өтеді: бақылау және мәселелерді қою; болжамды шешу жолдарын табу; болжанған шешу жолдарын зерттеп, оның ішінен ең дұрысын таңдап алу; гипотезаны тексеру және оны түпкілікті бекіту деп есептеген. Б.Е. Райков зерделенетін материалдың баланың ақыл-ойы енді ғана қалыптасып, дамып келе жатқан кезде, яғни білімнің бастапқы кезеңінде оқушылардың өздері қол жеткізген, тікелей меңгерген фактілерінің негізінде дербес зерттеулердің көмегімен қарастырылғаны өте маңызды деп санаған. Осы кезеңде зерттеушілік әдістің әзірленуіне Б.В. Всесвятский, П.П. Блонский, А.И. Пинкевич, елеулі үлес қосты, олардың пікірі бойынша белсенділіктің ең жоғарғы сатысы – зерттеудің мақсатын оқушының өзі қойып, зерттеудің жоспарын өзі құрғанда және оны өз күшімен орындаған кезде жүзеге асырылады. Мектептер кешенді бағдарламалар бойынша жұмыс істеген кезеңде (1923-1931 жж.) Ресейде оқытудың зерттеушілік әдісін шамадан тыс бағалау үрдісі орын алды. Зерттеулер, бақылаулар, практикалық жұмыстар, материалдарды кітап бойынша өзіндік зерделеу, экскурсиялар ұйымдастыру ең дұрыс, ең тиімді жалғыз жол деп саналды. Нәтижесінде «жұмыс кітаптары» бойынша зерттеулер жасаған оқушылар жүйелі де тұрақты білім ала алмады. Сондықтан, кейінірек зерттеушілік әдістен бас тартылып, сынға алынып, «әдістемелік әдебиеттер мен оқыту практикасында ұзақ жылдарға ұмытылды» [7].
1960-шы жылдардың басында, «жылымық» жылдары елдің қоғамдық өмірінде жастарды ғылым, техника, өндіріс, өнер саласындағы жоғары білікті мамандардың басшылығымен оқу- зерттеушілік қызметке тарту идеясы қайта жанданды. Осы жылдары әралуан мектеп үйірмелерінің, мектеп клубтарының жұмысы біршама белсендіріле түсті. Одан әрі Ресейде оқытудағы зерттеушілік әдіске деген қызығушылық қайтадан қолға алынды, белгілі дидакттар мен әдіскерлер осы мәселеге бірқатар еңбектерін арнады (М.Н. Скаткин, И.Я. Лернер, В.Н. Федорова, С.Г. Шаповаленко, М.И. Махмутов және т.б.) Мәселен, С.Г. Шаповаленко, оқыту әдістері туралы айта келіп, осыған дейінгі ойшылардың пікірімен ынтымақтастығын білдіреді, және зерттеудің негізгі әдістеріне тарту жолымен оқушылардың ойлау қабілетін белсендіруге, оқушыларды ғылыми проблемалардың пайда болуымен таныстыруға, оқушылардың алдына оқу проблемаларының қойылуына, оқушыларды өз күшімен гипотезалар жасауға бейімдеу қажеттігіне айрықша назар аударады. Д.М. Кирюшкин иллюстрациялық және зерттеушілік тәсілдердің салыстырмалы тиімділігіне зерттеу жүргізді. Ол, зерттеушілік тәсілмен салыстырғанда иллюстрациялық тәсіл білімнің жеткілікті және орнықты түрде меңгерілуін қамтамасыз ете алмайтынын анықтады. Л.А. Цветков зерттеушілік әдісті қолдану шарттарын анықтап, оларды негіздеп шықты: эксперименталдық шешімді талап ететін оқу проблемасының нақты да анық қойылуы, оқушылармен бірлесе отырып тәжірибенің негізгі идеясын әзірлеу, олар затты бақылау кезінде осы идеяны ұстануы тиіс; оқушыларда тәжірибені дұрыс бақылау мен талқылауға қажетті білім қорының болуы; ой қорыту буындарының дұрыс құастырылуы. Зерттеушілік қызметтің көрініс беруін сабақтың дидактикалық мақсаты тұрғысынан қарастыруға болады: жаңа білімдер алу мақсатындағы зерттеулер; білімдерді қорыту мақсатындағы зерттеулер; білімдерді бекіту мақсатындағы зерттеулер. М.А. Данилов былай деп жазды: танымдық міндеттері элементарлық ғылыми зерттеулермен байланыстырылған оқу сабақтары өте маңызды
болып табылады, оқыту кезінде оқушыларды «ақиқатты іздеу», оны негіздеу және дәлелдеу үдерісіне қатысушы етіп көрсету қажет, өйткені осылай еткенде ғана дербес зерттеу жұмысының элементтері ең жақсы нәтижелерді береді». Б.П. Есипов зерттеушілік сипаттағы жұмыстың құндылығын былай деп атап көрсетеді: «... оқушының бақылау жасаудан бастап шығатын нәтижеге, қорытындыға жетуі үшін жүріп өткен жолы – ең құнды және ең мәнді жол. Зерттеушілік сипаттағы дербес жұмыстар оқушыны ғылымға жақындата түседі» [8].
Қазіргі уақытта Н.М. Скаткин мен И.Я. Лернер ұсынған оқыту әдістерін оқушылардың оқу материалын меңгеру кезіндегі танымдық қызметінің сипатына қарай жіктемелеу кеңінен таралған. Авторлар мынадай әдістерді ерекше атап өтеді: түсіндірушілік-көрнекілік; репродуктивтік; проблемалық мазмұндау; ішінара-іздестірушілік; зерттеушілік. И.Я. Лернердің пікірі бойынша, зерттеушілік әдістің функциясы – оқушылардың шығармашылық, зерттеушілік қызмет тәжірибелерін меңгеруі үшін жағдайлар тудыру, соның барысында оқушылар субъективті ақиқаттарды ашады, өз жаңалықтарын ашу кезінде мұғалімнің тарапынан айтарлықтай қолдау табады. Н.М. Скаткин, оқушыларды тиісті дайындықтан өткізу кезінде зерттеушілік әдісті қолдану қажет, атап айтқанда, оқушылардың алдына бір проблемалық мәселе қойылады, ал олар осы проблема туралы ойларын ортаға салып, оны шешудің түрлі болжамдарын жасауға, осы болжамдардың дұрыстығын тексеруге, болжанып отырған тәжірибені ойластыруға, өз күштерімен тәжірибе жасауға, бақылау нәтижелерін белгілеуге, қорытындылар жасауға, оларды бастапқыдағы айтылған болжаммен салыстыруға, сыныпта іздестірудің барысы мен нәтижелері туралы баяндауға, жасалған қорытындының дұрыстығын қорғап шығуға тиіс болады [9].
П.И. Пидкасистый ілімді «зерттеушілік элементтерін қамтитын жеке танымның ерекше нысаны» деп түсіндірген, бұл ретте оқушы өзінің дербестігін барлық ақпаратты нық сеніммен бірден қабылдай салмау арқылы танытады, алдымен оны әртүрлі дереккөздер, эксперименттер мен тәжрибелер арқылы тексеріп көруге тырысады, туындаған сұрақтарға өз білімдерін, өз ойлау қабілетін пайдалана отырып өзі жауап іздейді. Оқушының жеке танымында ғылыми зерттеушілік элементтерін дамытудың негізгі жолы – оқыту үдерісінде проблемалық жағдайларды кешенді түрде қолдану». П.И. Пидкасистыйдың «танымдық оқу қызметіндегі дербестіктің, шығармашылық үдерістердің түпкі негізінде ең алдымен зерттеушілік ізденіске қажетті білімдердің, дағдылар мен бейімділіктердің саналы және нық меңгерілген көлемі жатыр» деп атап көрсетуі де өте әділ пікір [10].
И.Д. Чечиль, жоғарғы сынып оқушыларымен қатар бастауыш сынып оқушыларын оқыту үдерісінде де зерттеушілік қызметті ұйымдастыру тәжірибесін талдай отырып, біріншіден, осы еңбектің кең таралған түрлерін көрсетеді (тапсырмалар – белгілі бір тақырыптағы зерттеулер, зерттеулер – дүниетану бойынша эксперименттер, зерттеушілік жобалар, конференциялар); екіншіден, оқу зерттеу жұмыстарына байланысты орын алған проблемаларды ашып көрсетеді. Соның ішінде бұл жұмыстың бастауыш сыныптарда кіріспе дағдыларды алдын ала енгізусіз, негізінен жоғарғы сыныптардан бастап жүргізілуі, оқушылармен зерттеу жұмыстарын дайындау кезіндегі баяндамалар мен рефераттар жасаумен шектелетін формализм, зерттеушілік қызметке деген уәждемелердің жоқтығы және оларды дамытуға, сонымен қатар, дағдыларды дамытуға деген жағдайлардың жасалмағандығы. И.Д. Чечильдің пікірі бойынша, оқушыларды зерттеушілік жұмысты меңгеруге алдын ала, бірте-бірте дайындау керек, ал зерттеушілік жұмыс «ғылыми іздестіру стратегиясының алгоритмдеріне сай болуы тиіс. И.Д.Чечильдің ұстанымы бойынша, оқу зерттеулерін де эмпириялық (тәжірибелермен, бақылаулармен байланысты) және теориялық (теориялық және жалпылогикалық әдістерге сүйене отырып, нысанды жан-жақты зерттеуге негізделген) зерттеулер деп бөліп қарастыруға болады [12].
Көптеген психологтар оқу үдерісіне зерттеушілік тапсырмаларды қосудың орындылығын негіздейді. Мысалы, Д.Н. Богоявленский былай деп жазады: «Кез келген мазмұн оқушы үшін оқу қызметіне бағыт беретін және ынталандыратын белгілі бір мәселеге айналғанда ғана оқу мәніне ие болады». В.В. Давыдов болса, оқу қызметінің құрылымындағы ерекшеліктер мен заңдылықтарды зерделеу қажеттілігін атап көрсетеді, өйткені олар ерекше түрде нақты зерттеушілік және іздестірушілік әрекеттерді өзгеше бір қырынан көрсетеді. Балалар зерттеушілік ынтасын зерттеген А.Н. Поддьяков, оқушылардың зерттеушілік қызметін жобалау туралы жазған А.В. Леонтович, нәтижелі ойлау қабілетін дамыту туралы зерттеген А.И. Савенков сияқты психологтардың еңбектері аса маңызды. Бұл авторлар балаларды, оның ішінде бастауыш сынып оқушыларын да дамытудың маңызды құралы ретінде оқушылардың зерттеушілік қызметін ұйымдастырудың тиімділігін негіздеп, дәлелдеген.
А.И. Савенковтың мектеп жасындағы дарынды балалармен жұмыс жүргізудің бір формасы ретінде оқу зерттеулерін жүзеге асыру үдерісін әзірлеуге арналған педагогикалық жұмыстары да қызығушылық тудырады. Ол кішкентай оқушылармен оқу зерттеулерін жүргізу практикасын дарынды балалармен сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстардың ерекше бір бағыты деп қарастырады. Автор қысқамерзімді зерттеулер (экспресс-зерттеулер) мен ұзақмерзімді зерттеулерді жүргізудің әдістемелерін ұсынған. Экспресс-зерттеу балалардың жаппай қатысуына арналған, педагог ұсынған тақырып бойынша жүргізіледі және әдетте эмпириялық сипатта болады, бірақ теориялық және фантастикалық зерттеулердің де болуы мүмкін. Қорытындылау сәті симпозиумдар мен конференциялар түрінде көрсетіледі.
Ұзақмерзімді зерттеулер сабақтан тыс қызмет шеңберінде жүргізіледі. Мұнда жобаның ұзақтығы бірнеше айды құрайды. А.И. Савенков жұмыстың келесі кезеңдерін атап өтеді: проблеманы анықтау және алға қою; оны шешу жолдарын, нұсқаларын іздеу; материалдар жинақтау; қорыту; жобаны дайындау; жобаны қорғау. Зерттеушілік жұмыстың бұл түрі нәтижелі ойлау қабілетін дамыту мақсатында аса қабілетті балаларға арналады. А.И. Савенков балалардың зерттеу жұмысының тақырыбын таңдау тәртібі туралы былай деп жазған: баланың осы тақырыпқа қазығушылығы; оны орындауға қабілетінің жеткіліктілігі; дарыны мен қабілеттерін ашу мүмкіндігі; бірегейлілік. Тақырыптар туралы айта келіп, зерттеуші автор оларды үш топқа бөледі: фантастикалық – шынайы өмірде болмайтын нысандар мен құбылыстарды әзірлеуге бағдарланған тақырыптар; теориялық – әртүрлі дереккөздерден алынған материалдарды зерделеп қорыту жөніндегі жұмыстарға бағдарланған тақырыптар; эмпириялық – өзіндік, дербес эксперименттер жүргізуді қарастыратын тақырыптар. Зерттеуді іске асыру мақсатында уәждемесі жоғары балаларға мақсатқа жеткізетін жолдарды іздеп табуға көмек көрсетіледі. Эксперимент алаңдарында А.И.Савенков білім беру мазмұнын байыту орталықтарын ашты, оларда келешектегі зерттеулер үшін қажеттінің барлығы жинақталған [13].
Қазіргі уақыттағы бастауыш мектепке арналған бағдарламаларға, оның ішінде дамыта оқыту бағдарламаларына жүргізілген талдау (Л.В. Занков, Д.Б. Эльконин - В.В. Давыдов, «Мектеп 2000 (2100...)»), осы курстардың мазмұнында оқушылардың зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін матрерилдардың бар екенін көрсетті. Л.В.Занков сабақққа қойылатын талаптар туралы айта келіп, мынадай әдістемелік мақсат қояды – сабақтың барысында оқушылардың танымдық өзіндік қызметінінің көрініс беруі үшін жағдайлар тудыру. Бұл мақсатқа келесі жолдармен жетуге болады: мұғалім проблемалық жағдайлар туындатып, пікір қақтығыстарын, қайшылықтар ұйымдастырады; оқушыларды өз ойларын айтуға, қателесіп кетемін-ау, жауабым дұрыс болмайды-ау деп қорықпастан тапсырмаларды орындауда әралуан тәсілдерді қолдануға ынталандырады. Л.В.Занковтың пікірі бойынша, әрбір тапсырма ойлау әрекеттеріне, бақылау жүргізуге, салыстыруға, заңдылықтарды айқындауға, қорытындылар жасауға; ұжымдық және жеке зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретіндей дербестілік пен шығармашылық танытуға итермелеуі тиіс. Д.Б.Эльконин - В.В.Давыдовтың дамытушы жүйесінде баланың ұстанымы – мақсатты тұжырымдау, жоспарлау, мақсатты іске асыру және нәтижені талдау сияқты барлық кезеңдерді өз күшімен жүзеге асыра алатын, қызметтің толыққанды мүшесінің ұстанымы ретінде қарастырылады. Оқушыны «зерттеуші– жасап шығарушы» дәрежесіне қояды, оның оқу қызметі үлкендердің зерттеушілік қызметімен бірдей қарастырылады (квази-зерттеушілік қызмет). Мұғалім оқушыларға ғылымның жетістіктерін хабарлап қана, жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар, мүмкіндігінше, оларды сол жаңалықты ашу жолдарымен жүргізіп өтеді, оларды ғылыми іздестірудің тікелей қатысушылары етеді.
«Мектеп 2000» бағдарламасы жеке тұлғалық-қызметтілік тәсілдеме тұжырымдамасының негізінде жасалған (А.А. Леонтьев). Негізгі дидактикалық принциптердің бірі – қызмет принципі, ол балалар білімді дайын түрінде емес, зерттеушінің қызметін атқара отырып, өз күштерімен «ашып», түсініп барып қабылдауы тиіс дегенді білдіреді. Олар алға мақсат қоюды, туындаған қиындықтарды шешудің тәсілдерін ойластыруды, өз әрекеттеріне лайықты баға беруді үйренеді. Мұғалімнің міндеті – балалардың зерттеу жұмысын сабақта туындаған шешуші проблеманың жауабын өздері «ойлап табатындай» етіп, сөйтіп жаңа жағдайларда қалай әрекет етуді өздері айтып бере алатындай етіп ұйымдастыру. Бұл принциптің теориялық негізін В.В. Давыдовтың еңбектері құрады [14].
Л.В. Петерсон оқытудағы қызметтік әдіс туралы ой тұжырымдай отырып, оны сабақ кезінде іске асыру мүмкіндіктері туралы былай деп жазады, ол үшін, яғни қызметтік әдісті сабақ кезінде іске асыру үшін, оқу үдерісі жаңа білімдерді іздеу мен «жаңалық ашу» кезеңін қоса алғанда, оқу мәселесін алға қою, балалардың «жаңа білімді ашуы», бастапқы бекіту, жұмысты сыныпта өз күшімен тексеру, бұрынғы өткен материалды қайталау және бекіту сияқты зерттеудің барлық кезеңдерін қайталайтын болуы тиіс деп жазады. Алғашқы екі кезең проблемалық жағдай тудыратын
қақтығыстарды қамтитын тапсырмалардың орындалуын көздейді, бұл ретте жаңа білімдерге деген қажеттілік қалыптасады [15]. Мұндай тапсырмалар сабақтың мақсатын анық құрастыруға, балаларды
«жаңа білімдерді ашуға» жетелейтін сұрақтар мен тапсырмалардың жүйесін жасап шығаруға көмектеседі.
Осылайша, балалардың зерттеушілік қызметі олардың оқу қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады, ол мұғалімдердің алдында да, оқушының алдында да орасан зор шығармашылық алаңын ашады. Сабаққа зерттеу элементтерін енгізе отырып, балаларды «жаңа білімдер ашу» жолдарымен жүргізе отырып, мұғалім көптеген мәселелерді шешеді, соның ішінде – балалардың қабілеттерін барынша тиімді дамыту мәселесі шешіледі.
Қорыта келе, бастауыш сынып оқушыларының оқу зерттеушілік қызметіне мынадай анықтама беруге болады: бұл оқушылардың арнайы ұйымдастырылған танымдық шығармашылық қызметі, өзінің құрылымы жағынан мақсаттылықпен, белсенділікпен, мәнділікпен, уәжділікпен және саналылықпен сипатталатын ғылыми қызметке сәйкес келеді. Оның іске асырылуы барысында дербес белсенділіктің әрқилы дәрежелерінде балалар үшін қолжетімді әдістердің қолданылуымен оқушылардың белсенді ізденісі мен субъективті тұрғыдан жаңа білімдерді ашу үдерісі жүзеге асырылады. Бұл қызметтің нәтижесі – танымдық уәждемелер мен зерттеушілік дағдылардың қалыптасуы, оқушылар үшін субъективті тұрғыдан жаңа білімдер мен қызмет тәсілдерінің ашылуы болып табылады.
Зерттеушілік қызметтің қаншалықты табысты іске асырылып жатқанын, оның зерттеушілік дағдылардың қалыптасуы мен дамуына қандай ықпал жасайтынын осы дағдылардың қалыптасуына әсер ететін зерттеушілік дағдылар мен жағдайлардың дәрежелерін сипаттайтын мәліметтер арқылы біле аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |