Өзгент ауылдық округінің әкімі Н. Оспановтың 2013 жылы атқарған жұмыстары туралы ауылдық округ тұрғындары алдындағы
есепті баяндамасы
Алдымен ауылдық округ бойынша жалпы статистикалық мәліметтерге тоқталатын болсақ, Өзгент ауылдық округінің жалпы жер көлемі 6 312 гектар. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер 3 762 га болса, оның ішінде -2 686 га жайылымдық, - 1020 га суармалы егістіктер жерлер. Елді мекеннің жері-139 га. Осы аумақта екі елді мекен-Өзгент және Ақсуат ауылдары орналасқан. Ауылдық округтегі жалпы халық саны 1 810 адам, тұрғын үй саны -252 үй, экономикалық белсенді халық саны-842. Ауылдық округте екі мектеп, 1 мемлекеттік, 1 жеке бала бақшалар, 2 шағын балалар орталығы, 1 дәрігерлік амбулатория мен фельдшер-акушерлік пункт, 1 клуб үйі мен 2 кітапхана, 1 почта мен 1 байланыс торабы, 2 мешіт пен екі ауыз су жүйесі тұрғындарға қызмет көрсетуде. Кітапханалардағы кітап қоры-12 893 дана. 83 мұғалім дәріс беретін екі орта мектепте 412 оқушы білім алуда. Ауылдық округте мектеп жасына дейінгі балалар саны-378. Олардың 65-і мемлекеттік бала бақшаға, 40-ы жеке бала бақшаға, 65 бала шағын орталықтарға тартылған. Ауылдық округте 128 зейнеткер, 26 Батыр ана мен 57 күміс алқа иегерлері бар.
Енді өткен жылғы атқарылған жұмыстарға келетін болсақ 2013 жыл Өзгенттіктер үшін табысты жыл болды. Көп жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан біршама күрделі әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапты.
Атап айтқанда: облыстық бюджеттен бөлінген 10 млн. теңгеге Өзгент және Ақсуат ауылдарында шағын спорт алаңдары салынды.
Республикалық бюджеттен бөлінген 2 млн теңге қаржыға балалардың ойын және демалыс алаңы салынды.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 51 млн теңгеге ауылдық округтегі көшелердің 5 км ішкі жолдары орташа жөндеуден өткізілді. Өзгент ауылының Рахманов, Үсен ата, Әбдікәрімов көшелері толық, Досаната көшесінің бір бөлігі асфальттанса, Ақсуат ауылының Сейфуллин, Құнанбаев, Жұмабаев көшелері орташа жөндеуден өткізілді.
Облыстық бөджеттен бөлінген 14 706 000 теңгеге ауылдық округті абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда «Жаңақорған-Қандөз» тас жолының бойына, ауылдық округтің шекарасы басталатын жерге композициялық шекара белгісі салынып, оған ауылдық округтің төлқұжаты орналастырылды. Өзгент және Ақсуат ауылына кіре беріс жерге жаңадан аркалар салынды.
Саябақ пен стадионға жөндеу, жаңалау жұмыстары жүргізілді, 150 орындық көрерменге лайықталған жазғы алаң мен сахна жасалынды. Фонарлар орнатылып, ортаға қазақы алтыбақан қойылды. Ал ардагер ағаларымыз бен апаларымызға арнап ортасына фантан, төр жағына Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестеріміздің аттары жазылған обелиск орнатылған, жағалай скамейкалар, фонарлар қойылған, ауылдық округтегі еңбек ардагерлерінің суреті басылған билбордтар тұрғызылған, асфальттанған алаңы мен безендірілген қақпасы бар «Ардагерлер аллеясы» жасалынды.
Аудандық бюджеттен 12.5 млн қаржы бөлініп, ауыл әкімі аппаратына жаңа кеңсе ғимараты салынды.
2013 жылы шешімін тапқан негізгі мәселенің бірі Өзгент және Ақсуат ауылындағы ауыз су жүйесіне су тазартқыш қондырғы орнатылды. Екеуінің құны 30 млн теңге тұратын бұл қондығылардың арқасында ауылдық округ тұрғындары бүгінгі таңда сапалы таза су ішіп отыр.
Бүгінгі таңда екі ауылдың орталық көшелерін жарықтандырудың жобалық құны 12 600 000 теңге тұратын жобалық-сметалық құжаттары жасалынып дайын тұр.
Ауылдық округте «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында да бірқатар жұмыстар жүргізілді. Жаңа кәсіп пен жұмыс көздерін ашуды көздеп отырған ауыл тұрғындарын жеңілдетілген несиемен қамту мақсатында ауылда «Нұрсерік-финанс» несие серіктестігі құрылды. Сонымен қатар «Нұрбақыт» несие серіктестігі құрылып, мал өсіру жұмыстарымен айналысуда. 2013 жылы ауылдық округтегі 3 шаруа қожалығына 6 адам әлеуметтік жұмысқа тартылып, 1 872 000 теңге көлемінде жалақы алды. Сондай-ақ осы бағдарлама арқылы ауылдық округтің 6 тұрғыны жеңілдетілген несие алды. Ең төмені 800 000, жоғары шегі 3 млн теңге, жалпы сомасы 15 600 000 теңге несие алып, кәсіппен айналысуда. Осы бағдарлама аясында 5 жас азамат кәсіби оқыту курсынан өтсе, 2 азамат қайта даярлаудан өтті.
Ауыл шаруашылығы: «Өзгент-С» шаруа қожалығының жұмысы жанданып, жаңа күріш ақтайтын диірмен іске қосса, жаңадан «Биқадыр» және «Смет» шаруа қожалықтары құрылды. Ауылдық округ бойынша барлығы 12 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Осы қожалықтарменен 2013 жылы 352 га күріш, 2 392 га ескі жоңышқа, 115 га жаңа жоңышқа және басқа да көкеніс, бақша дақылдары егілді. Ауылдық округте есепте тұрған мүйізді ірі қара саны -1284 бас, қой мен ешкі -418 бас, жылқы -200 бас. Өткен жылы ауылшаруашылығын қолдау қорынан несие алған «Смет» шаруа қожалығы мен «Нұрбақыт» несие серіктестігі ірі қара мал сатып алып, мал басын көбейтуде.
Әлеуметтік сала: Өткен жылы 81 отбасы 18 жасқа дейінгі 281 балаға 5 836 932 теңге балалар жәрдемақысын, 33 отбасы 217 балаға 1 082 322 теңге тұрғын үй жәрдемақысын, 3 отбасы 61 434 теңге атаулы әлеуметтік көмек алды.
Енді ауылдық округтегі проблемалық мәселелер мен атқарылуы тиіс жұмыстарға келетін болсақ; Бірінші проблема: ауылдық округтегі күріштік алқаптарға су жеткізетін шағын каналдар мен қашыртқыларды, сбростарды және ауылға аяқ су жеткізетін каналдарды қазып-тазарту мәселесі. Ауылдық округтегі шаруа қожалықтары немесе жеке тұлғаларға «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алуға жәрдемдесу.
Өткен жылы есеп беру жиналысында тұрғындардан түскен сұраныстар бұл ауылда клуб үйін, жаңа дәрігерлік амбулатория ғимаратын салу мәселесі көтерілген болатын. Өткен жылы клубтың да, амбулаторияның да АПЗ-сын дайындап, құрылыс басқармасына тапсырған болатынбыз, бірақ ол жақтан ешқандай қозғалыс болып жатқан жоқ. Ақсуат ауылындағы шеткі көшелерге құм мен гравий төсеп, қалың етіп жол салуға аудандық бюджеттен қаржы бөлінсе деген ұсынысымыз бар. Сондай-ақ Өзгент ауылындағы ауыз су жүйесінің авариялық жағдайда тұрған су жинау мұнарасы мен 300 метр құбырына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Достарыңызбен бөлісу: |