Тарихнамалық талдау пәнінің кезеңдерін анықтау. Бірінші кезекте пән бойынша ғылыми–библиографиялық әдебиеттердің сипатамасы жасалады. Олардың жалпы саны көрсетіледі. Егер ол белгісіз болса, онда жалпылама, шамамен айтылады. Келесі кезекте тарихнамалық талдаудың хронологиялық шеңбері белгіленеді. Оның ең төменгі шегі тақырып бойынша жарық көрген алғашқы мақаладан басталады. Ал жоғарғы шегі осы жөніндегі соңғы мақаламен аяқталады. Бұл мақалалар тақырыпқа арнайы жазылуы шарт емес. Тіпті тақырыптың кейбір мәселелері туралы жай ғана сөз қозғаса да жеткілікті.
Хронологиялық кезеңдерге бөлудің үш шарты бар. Біріншісі зерттеу пәнінің түсінігі бойынша концепцияның ауысуы. Екіншісі – оған қызығушылықтың әлеуметтік жағдайының өзгеруі. Үшіншісі – ғалымдар арасындағы тақырыпты одан әрі зерттеуге мүдделіліктің саябырлауы. Мұның да бірнеше себептері бар. Тақырып зерттеліп болды деген түсініктің пайда болуы, немесе саяси коньектураның өзгеруі. Мысалы Кеңес елінде Коммунистік партияның билік басынан кетуіне байланысты оның тарихын зерттеуге қызығушылық су сепкендей басылды. Тарихнамалық кезеңдер жалпы Қазақ тарихының даму кезеңдерімен сәйкес келуі де, келмеуі де мүмкін. Тарихнамалық талдау жөніндегі әңгіме, оны жалпылама кезеңдеуден басталады. Содан кейін оның саны мен хронологиялық шегі көрсетіледі.
Тарихнамалық кезеңдерді талдау мына төмендегі аспектілер бойынша жүргізіледі.
1. Әр кезеңнің сипаттамасын беру.
2. Әр кезеңнің өз ішінде әдебиеттерді түрлеріне қарай бөлу.
3. Ғылыми әдебиеттің негізгі түрлеріне сипаттама беру.
4. Тарихнама ғылымының әр кезеңінде зерттелген аспектілерін бағалау.
5. Зерттегелі отырған тақырыбыңыздың негізгі концепцияларын анықтау.
6. Тақырыпты зерттеуге үлес қосқан авторларды және олардың негізгі еңбектеріне сипаттама беру.
Әдебиеттерге сипаттама беру барысында олардың жанрына аса көңіл аудару қажет. Олардың публицистикалық, ғылыми–көпшілік немесе ғылыми түрлері бар.
Егер тақырып бойынша ғылыми шығармалар болмаған жағдайда зерттеуші оған жақын немесе хронологиялық шеңбері бір жалпылама еңбектерді пайдалануға мәжбүр болады. Бұл тарихнамалық талдаудың екінші кезеңінде атқарылатын шаруа.
Тек талдаудың үшінші кезеңінде ғана ғылыми шығармаларға баға беру мүмкіндігі туады. Олардың мақалалары мен монографиялары талқыланады, оларға сілтеме беріледі. Сілтеме тек негізгі–негізгі еңбектерге беріледі. Әдетте олардың санын бесеуден асырмайды. Асып бара жатса «тағы да басқалар» деген сияқты белгі салынады.
Белгілі бір елдегі тарихи танымның дамуына сол елдегі әлеуметтік–саяси жағдайдың әсер ететіндігі белгілі. Оның өзгеруіне байланысты тарихнамалық жаңа кезең басталады. Мысалы еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты тарих ғылымының еркін дамуына жағыдай туды. Яғни қазақ тарихнамасының жаңа кезеңі басталды. Сондықтан, әсіресе соңғы жылдары пайда болған тарихи шығармаларға аса көңіл бөлген абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |