Географиялық белдемде қалыптасқан жануарлар қауымдастығының негізгі сипаттары
Жер бетіндегі геогрфиялық зоналар, өсімдіктер формациялары, жануарлар қауымдастығы, биомдар барлығы да климатпен тығыз байланысты түрде түзіліп құрылады. Эвалюциялық даму үрдісінің нәтижесінде географиялық белдемдердің әрбіреуінің климаттық ерекшеліктеріне негізделген өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемінің бірлестігі пайда болып, өзара бірлестік құрып тіршілік етеді. Құрлықтың әрбір табиғи белдемінде жануарлар белгілі үйлесімдік, бейімдеушілік қағидасына сәйкес қауымдасып қалыптасқан.
Төменде әрбір белдемдегі табиғаттың ерекшелігіне сәйкес жануарлар әлемінің негізгі құрылымының сипаты қарастырылады.
Арктикалық шөл белдемі
Арктикалық белдемнің құрамына солтүстік полюспен іргелес жатқан барлық аймақ, солтүстік мұзды мұхиттың полюстік бөлігінде таралған көптеген аралдар мен көшпелі мұздар кіреді.
Арктикалық шөл белдемінің климаты жануарлар тіршілік етуге тым қолайсыз. Қыс айларында күн көкжиектен көтерілмейді. Полярлық түн жарты жылға жуық созылатындықтан, төңірек қараңғы түнек жамылған күйге енеді. Қыс кезінде ауаның температурасы – 50°С -қа жетіп суиды.Өте суық және сағатына 200км жылдамдыққа жететін күшті дауылдар жиі кездесіп тұрады.
Ақпан айының соңына қарай күн біртіндеп көкжиектен көтеріле бастайды. Кешікпей полярлық ұзақ күн басталады. Бұл кезде тәулік бойында күн батпайды.
Арктикалық жылы мезгіл өте қысқа. Көктемнің белгісі біліне салысымен ұзамай жаз басталып кетеді. Мұз бұзылып температура 0°С-тан жоғарылай бастайды.
Арктикның құнарсыз жұқа топырағы түрлі түсті қыналарға бай. Жаз мезгілінде гүлді өсімдіктерден көгілдір және ақсары гүлді тасжарған, аппақ гүлді мамықшөп, сары гүлді қиыр солтүстік көкнәрлері, аз уақыттың ішінде гүл жарып, тұқым шашып үлгереді.
Теңіздердің мұзы еріген бөлігінде, аралдардың суында планктон балдырлар қарқынды дамып көбейеді. Бұл балдырлармен планктон шаяншалар, шаяншалармен балықтар, балықтармен түлендер (ит балықтар) қоректеніп арктикалық биоценоздағы қоректік тізбектің бір бұтағын түзеді.
Мұзды мұхиттың Арктикалық бөлігінде ақсаха (Coregonus), Майшабақ (Clupea), Нәлім (Gadus), Сутіл (Athresthes) қатарлы балықтар кездеседі.
Арктикада жазғы мысал басталып, алғашқы жылымық лебіз білінісімен мұнда мұнтаз- құстар қатарына жататын көптеген су құстары топ-тобымен ұшып келіп қоныстанады. Әсіресе жұқатұмсық қайралар (Uria lomvia), маймақ қаздар (Pinguinus impennis), мұнтазқұстардың (Algae) бірнеше түрі, мамық қаздар (Somateria mollissima) және шағала тұқымдастардан (Laridae): ақ шағала (Pogophila alba), қылаң шағала (Larus argentatus) су құстарының жаз мезгіліндегі негізгі бірлестігін құрайды. (24-сурет). Бұлар Арктикалық теңіздер мен көлдердің жағасындағы тік жартастарға ұялап құс базарын түзеді.
Мұнтазқұс тұқымдастар жылдам ұшады және жүзуге, сүңгуге шебер. Саусақтарының арасы жүзуге арналған жарғақтармен қосылған, қауырсын, мамық жүні бітік және нығыз, терісінің астында май қабаты болатындықтан денесінің жылуын жақсы сақтайды. Бұлар су астында қанатымен есіп жүзеді, ал аяғы қозғалысының бағытын реттеу міндетін атқарады. Су астында 30 метірлік тереңдікке дейін сүңги алады.
Бұл су құстары ұсақ балықтармен, әр түрлі шаянтәрізділермен, былқылдақденелілермен, теңіз құрттарымен қоректенеді. Әрбіреуінің қорегін іздеп табу, ұстап жеу тәсілі әр түрлі. Мұнтазқұс қорегін судың беткі қабатынан, қайралар едәуір терең қабатынан, ал маймақ қаздар судың түбінен қорегін тауып жейді. Бұл, әрине, қорек үшін бәсекелесуді бәсендетіп, бір биоценозда бірлестік құрып тіршілік етуге мүмкіндік береді. Мұнтаз құс тұқымдастарымен бірге су жағасындағы жартастарда құс базарының бір мүшесі ретінде тіршілік ететін шағалалар жақсы ұшады, құрлықта да жақсы жүре алады, суда да жақсы жүзеді. Қауырсыны қалың, мамық жүні бітік. Шағалалардың негізгі қорегі – балық, шаянтәрізділер, былқылдақ денелілер және теңіз құрттары.
Арктикалық шөл белдемінің құрлықтағы биоценозында маңызды рөл атқаратын құстардың бірі – ақ жапалақ (Nyctea scandiacia L). Оның қауырсыны өте қалың және жұмсақ болғандықтан ұшқан дыбысы білінбейді. Бұл аулап жейтін жемтік жануарға білінбей жақындауына мүмкіндік береді. Ақ жапалақ Арктикада лемминг деп аталаын тышқантәріздес кеміргішпен қоректенеді. Қыста лемминг қар астында қыстап жер бетіне шықпайтындықтан ақ жапалаққа қорек табылмайды. Арктикалық күз басталысымен олар тундра белдеміне ұшып барып қыстайды. Леммингтен басқа ол мамық қаз, шағала т.б. құстардың жұмыртқа, балапандарымен қоректенеді.
Арктикада өсімдік қоректі құстардан ақ торғай, ақ құр мекендейді. Бұлар - жазда қоңыр сары, қыста ақ түске ауысып маусымдық диморфизм құбылысы анық байқалатын құстар. Аққұр жер бетінде тіршілік етуге өте жақсы бейімделген. Жермен өте тез жүгіреді. Қыста аққұрдың саусақтарына тұяғына дейін бітік жүн өседі.Сондықтан оның аяғы ұлпа қарға батып кетпей еркін жүгіре алады. Қандай бір қауіп төнген кезде аса шеберлікпен жасырына алады. Аққұр қорегін жерден тауып жейді. Ол жазда жеміс, тұқым, ұсақ жәндіктерді, қыста аласа талдың, жатаған қайынның өркендерін жеп қоректенеді.
Арктикада жыл бойы тұрақты мекендейтін жануар өте аз. Күз басталысымен мұндағы өсімдіктер жаппай қурап, өсімдік қоректі құстар (ақ торғай, ақ құр т.б.) тундра, тайга белдемдеріне көшіп барып қыстайды. Жазда келіп ұялап, құс базарында балапан басып өсірген балыққоректі құстардың барлығы да мұз қата бастағанда оңтүстікке ауып көшеді.
Тек ақ аю, сойдақ тіс морждар, түлендер (ит балықтар) және кеміргіштер тобынан леммингілер тәрізді мұндағы табиғаттың құбылмалығына нағыз бейімделген аз ғана түрлі сүтқоректі жануарлар тұрақты тіршілік етеді (24-сурет).
Қиыр солтүстіктегі арктикалық суық белдемнің сүтқоректі жыртқыш жануарларының ең ірісі және биоценозда маңызды роль атқаратыны – ақ аю. Ол қиыр солтүстік теңіздерінің (Ақ теңіз, Баренц, Баффин, Шығыс Сібір теңіздері) қалқымалы мұздарында және солтүстік мұзды мұхиттағы көптеген аралдардың (Жаңа жер, Бегичев, Жаңа Сібір, Гренландия, Франц-Иосиф жері, Врангель аралы т.б.) жағалауында мекендейді. Денесінің тұрқы-3-3,7 м, салмағы 900 кг-ға жетеді. Артқы екі аяғымен тік тұрып жүре алатын, жүні нығыз, құйрығы қысқа алып денелі жыртқыш. Арктиканың аязынан қорғануға бейімделіп, жүні өте нығыз болуымен қатар терісінің астында шел майдың қалың қабаты бар.
Ақ аю өте күшті жануар. Оның тұяғының ұзындығы 5 см-ден астам. Азуы мен сояу тістері өте қарулы және өткір, алдыңғы аяғымен өте күшті ұрып соғатындықтан қандай да ірі жануарларды оңай жеңіп, қорек болдырады. Табаны май қабатымен қапталғандықтан жүрісі сыбдырсыз, түсі ақ болғандықтан қардан ажырап байқалмайды. Сондықтан ол аса ептілікпен баспалап келіп түлендерді аулайды. Олар қысқы ұйқыға жатпайды, қыс бойында белсенді тіршілік етеді. Тек буаз кірекейлері ғана аралдардың жағасындағы күртік қарды үңгіп уақытша тұрақтайтын апан жасап апанда балалайды. Қонжықтары ұзақ уақыт бойы енесіне еріп жүріп, жемін іздеп табу, аулауды үйренеді.
24-сурет. Арктикалық суық шөл белдемінің жануарлары: 1- жұқатұмсық қайра; 2- кәдімгі мұнтазқұс; 3- шоқпартұмсық мұнтазқұс; 4- кәдімгі мамық қаз; 5- қылаң шағала; 6- полярдың қарқылдақ шағаласы; 7- аққұр (сол жақта – қысқы, оң жақта – жазғы түсі көрсетіледі); 8- ақ жапалақ; 9- сібір леммингісі; 10- түлен; 11- сойдақтіс; 12- Гренландия наһаны (кит).
Қыс кезінде ақ аю көбінесе түлендермен және аздап балықтармен қоректенеді. Түлендер де қалқыма мұзда тіршілік ететіндіктен ақ аюға оңай ұсталады.Арктика теңіздерінде гренляндия түлені (Pagophilus groenlandica ), айдарлы түлен (Cystophora cristata) «теңіз қояны» (Erignathus barbatus) атты түлендер кең таралған. Олардың негізгі қорегі – балықтар: Арктикалық терең суда көптеп кездесетін ақсаха, нәлім, сутіл, теңіз алабұғасы тәрізді балықтармен қоректенеді. Теңіз жағасының таяз сулы бөлігін мекендейтін «теңіз қояны» атты түлен балықтармен қатар су түбінен қос жақтаулы және құрсақаяқты былқылдақ денелілер, ас шаян, таңқы шаяндарды теріп жейді.
Балықтар теңіз суында кең таралған омыртқасыз жануарлармен ( ас шаян, жамбас шаян, ескек аяқ және бұтақ мұртшалы шаяндар т.б.) қоректенеді. Ал бұл шаяндар көбінесе планктон балдырларды, су түбіне шөккен органикалық заттарды сүзіп жеп тіршілік етеді.
Осылайша, арктикалық теңіз суындағы жануарлардың қорек арқылы бір біріне тәуелденіп байланысқан тізбегін көре аламыз. Ол: балдырлар→ теңіздің планнктон және бентос омыртқасыз жануарлары→балықтар→түлен→ақ аю.
Арктикалық табиғи жағдайына ойдағыдай бейімделген жануарлардың бірі – морждар яғыни сойдақ тістілер (Odobenidae). Олар арктикалық теңіздердің былқылдақ денелілерге бай, таяз сулы жағалауларында мекендейді. Теңіз, мұхиттың жағалауларындағы құрлыққа және мұздың үстіне жатып демалады. Бір жерге бірнеше мыңдаған сойдақ тіс шоғырланып үйірімен өмір сүреді. Шоғырланып жиналатын орыны – сойдақ тістер жатыны деп айтылады. Олар судың 80-90м тереңдігіне дейін сүңгіп, қос жақтаулы былқылдақ денелілермен (Bivalvia) қоректенеді. Күндіз көп уақыт бойында мұздың үстінде жатып дем алатындықтан жатын орнының маңында қалқыма мұздың мол болуы шарт. Сойдақ тістердің шыққан байырғы тегі құрлықта тіршілік еткен жануарлар болғанымен қазіргі кездегі сойдақ тістер суда тіршілік етуге өте жақсы бейімделген: суда жылдам жүзіп, терең сүңгіиді. Терісінің астында қос қалтасы бар. Қалталарына ауа толтырып суға сүңгіиді. Қалталарына толтырылған ауамен тыныс алып су астында ұзақ уақыт бола алады және толтырылған ауа салмағын жеңілдетіп, жүзімталдығын арттырады.
Сойдақ тістілердің мұрты өте қатты және айтарлықтай күшті. Олар мәңгі күнгірт қараңғылық орнап тұратын терең судың астынан қорегін (былқылдақ денелілер) тауып жеуіне сол мұрттарының сезгіштігі көмектеседі. Мұртымен су астындағы заттарды сипап сезумен қатар қоректік затын бөлшектейді.
Ересектерінің ұзындығы 3,7-4,2 м, салмағы 1270-1700 килограмға жетеді. Олар өздерінің алып денесі, ұзын сояу тісі, үрейлі пішіні арқылы қандай да жануарларға қорқыныш тудырады. Олар аса күшті сойдақ тістерімен кез келген жануарды оп-оңай жара салады. Ақ аюдың өзі де сойдақтістердің айғырымен шайқасудан сескенеді.
Сойдақтістілер көбінесе қос жақтаулы былқылдақ денелілермен қоректенеді. Сонымен қатар судың түбінде кездесетін көпқылтанды құрттар, басқа да омыртқасыз жануарларды қорек етеді. Ашыққан жағдайда балық, түлендерге де шабуылдайды.
Сойдықтістілерге табиғи жағдайда шабуылдап нұқсан келтіретін жануарлар ретінде ақ аю, тісті киттер және адамды атауға болады. Олардың шаруашылыққа маңызы зор: еті мен майынан тағам өндіріледі. Терісін әртүрлі бұйым өндіруге пайдаланады. Бірақ сойдақтістілер өте азайып кеткендіктен Табиғат және табиғи қорларды қорғау Халықаралық одағының және Ресейдің Қызыл кітабына кіргізіліп қорғауға алынды.
Тундра белдемінің жануарлар қауымдастығы
Тундра белдемі Европаның, Азияның және Солтүстік Американың солтүстік жағалауын көмкере орналасқан. Беринг, Охот, Норвег теңіздері және әлемдегі ең үлкен арал- Гренландия аралы да тундра белдеміне жатады. Тундра белдемі оңтүстігінде орман белдемімен шектеседі.
Тундра белдемінің жазы қысқа және суық, қысы 7-8 ай бойына жалғасатын өте ұзақ және аса қатал. Қыста мұнда 2 айға жуық ешбір күн көзі көрінбейді. Жер беті аса қатты суытып -70 градусқа жететін сұрапыл аяз, қарлы бұрқасын жиі кездеседі. Тундра белдемі жер шарының биік ендігінде орналасқандықтан жазда түн болмай, поляр күні екі айға жуық уақытқа созылады. Поляр күні кезінде күн көкжиекке түсіп, батуға таяп барып қайтадан көтеріледі. Сондықтан күн батпайды. Бірақ күн биікке көтерілмейтіндіктен күннің сәулесі жер бетіне сүйір бұрыш жасап түседі де, жер бетін нашар қыздырады. Тундра белдемінде ең жылы күннің температурасы 10 градустан аспайды. Жаздың кез келген күнінде қарлы қатқақ кездесіп тұрады. Топырағының беткі 30-35 см-ге дейінгі қабаты ғана жібиді. Бұдан төменгі қабатын түгелдей ұзақ жылдық тоң иеленеді. Суық, салқын климат басым болуына байланысты жер бетіндегі судың булануы өте аз, баяу. Топырақтың терең қабатына суды өткізбейтін тоң қабаты орналасуының әсерінен тундра белдемінде батпақты жерлер жиі ұшырасады.
Жаз мезгілі салқын және қысқа болғандықтан тундра топырағында өсімдіктің шіріп, ыдырауы өте баяу жүріледі. Мұның бәрі өсімдік өсуіне бөгеттік жасайды. Сондықтан тундра белдемінде өсімдік жамылғысы өте сирек, өсімдіктің түрлік құрамы өте аз. Көбінесе суыққа төзімді өсімдіктер (криофит) басым кездеседі. Атап айтсақ өсімдік жамылғысының басым бөлігін қыналар (Lichenes), мүктер (Bryophyta), қияқөлеңдер (Carex), мүкжидек (Vaccinium oxycoccus), көкжидек (Vaccinium uliginosum), жатаған қайың (Betula nana), тайпақ талдар (Salix) құрайды.
Тундра белдемінің табиғи экологиялық жағдайы қатал, жануарларға қолайсыз болғандықтан ондағы жануарлардың түрлік құрамы көп емес. Тундраның жағымсыз қатал табиғатына бейімделіп төзе алған аз ғана түрлі жануарлар кездеседі. Оның есесіне мұндағы әрбір түрдің жануары өте өсімтал. Тез көбейіп, аса көп ұрпақ береді.
Тундраның құрлығында тіршілік ететін омыртқасыз жануарлар қыста қар астында, өсімдіктің арасына кіріп анабиоз күйге түсіп, қысқы ұзақ ұйқы жағдайында өткізеді. Олар көктем басталысымен жаппай көбейе бастайды. Дернәсіл, қуыршақ, жұмыртқа сатысында қыстап шыққан омыртқасыз жануарлар көктем шыға дамуын қайта жалғастырады.
Тундраның жер беті батпақ пен суға бай екенін жоғарыда айтқанбыз. Осы су мен батпақта сансыз құжынаған ұсақ шаян тәрізділер мен жәндіктер, олардың дернәсілдері тіршілік етеді. Олардан жазда орасан зор мол маса шіркей дамып жетіледі де адам мен жануарларға мазасыз жағдай тудырады.
Жаз маусымы басталысымен тундраға ұялап жұмыртқа басу үшін үйрек тұқымдастар тобын құрайтын жыл құстары ұшып келіп қоныстанады. Олар- аққулар, қаздар және үйректер. Бұлардың денесі нығыз, бітімі сымбатты, мойыны ұзын, аяқтары төрт саусақты. Алға қарай бағытталған үш саусағы ұзын, олар өзара жүзбе жарғақтар арқылы бір-бірімен жалғасып қосылады. Бұлардың қауырсыны нығыз, мамықтары қалың және денесін біртегіс тұтастай жауып орналасады. Құйымшақ безінен бөлініп шыққан майлы сұйықпен майланған мамық жүніне су жұқпайды. Суда жақсы жүзеді.
Мамыр айында қар ери бастасымен тундра аққуы (Cygnus bewiekii) алыс оңтүстіктен ұшып келеді. Бұл әсем және маңғаз құс. Аққулар көбінесе өсімдікпен қоректенеді. Су өсімдіктерін де, құрлықта өсетін өсімдіктерді де қорегіне жаратады. Аққулар әрқашан да жұбымен тіршілік етеді. Ұрғашы аққу су жайылмайтын, биіктеу төмпек жерге ұя салып, оған өзінің мамық жүнін төсейді. Жұмыртқасы дамып балапан болысымен олардың тіршілігі құрлықтан суға ауысады. Балапандарының қауырсыны жетіліп және ересек аққулар түлеп біткен соң олар балапандарын ерітіп оңтүстіктегі қыстайтын мекеніне қайтады. Тундра аққуы- саны сиреп бара жатқан, сәнді де маңғаз құс. Ол Ресейдің қызыл кітабына енгізілген. Тундралық суларға көктемде аққулармен қатар қаздардың бірнеше түрі келіп мекендейді. Әсіресе мұнда ақмаңдай қаз (Anser albifrons), аққаз (A.caerulescens), сұрқаз (A.anser), қызыл жемсаулы қарашақаз (Branta ruficollis) жиі кездеседі (25-сурет). Солардың ішінде сандық көрсеткіші тұрғысынан ақмаңдай қаз басымдылық көрсетеді. Ақмаңдай қазды қауырсынының сұр түсінен және маңдайдағы ақ меңінен басқа қаздардан оңай айыруға болады. Тундра белдемінде ол көбінесе құрлық жерлерді мекендейді, ал бірақ суда жақсы жүзеді, қажеттілік туса су астына да жақсы сүңгиді. Судан алыс емес құрлық жерлерде ұя салып жұмыртқалайды. Күзде оңтүстікке қайтып кетеді.
Тундралық қаздардың тағы бір өкілі- қызылжемсаулы қарашақаз. Оның мойыны қысқа, өңі басқа қаздардан ашық: тұлғасы қара ала бола тұра кеудесі, жемсауы, ұрттары қызыл күрең болуы- оның түсінің негізгі ерекшелігі. Ол тундраның суға жақын орналасқан үстірт, қыраттарын мекендейді. Суға жүзімтал және жақсы сүңги алады. Ол маусым айының ортасы кезінен жұмыртқалайтын жерін таңдап тауып, шөбі бітік, бұталы, суға жақын жағалауға ұялайды. Бір жерге 4-5 жұп қарашақаз колониялы топпен ұя салады.
Тундралық өлкелерді шаруашылықтың әртүрлі салалары дамып, өлкені игере бастауы және қаскерлік түрде заңсыз атып аулаудың әсерінен қызылжемсаулы қарашақаздың саны соңғы жылдары азая бастады. Осыған байланысты оны Ресейдің қызыл кітабына енгізіп және Таймыр жеріне мемлететтік қорын орнатып қорғауға алынды.
Тундра жеріне үйректерден айдарсыз сүңгуір (Nyroca marila), қылқұйрық (Anas acuta), теңізші үйрек (Clandula hyemalis) ұшып келіп жұмыртқалайды. Бұлардың барлығы да суда жақсы жүзетін, шебер сүңгитін құстар. Олар көлдердің жағалауына ұя салып, жұмыртқалайды. Жұмыртқадан жаңа шыққан жас балапандары алғашында енесімен бірге ұясының маңайында тіршілік етеді де, тек бірнеше күннен кейін ғана суда тіршілік ете бастайды. Енесі үнемі балапандарымен бірге болып, суға жүзіп сүңгуге, қорек тауып жеуге, жыртқыш аң, құстардан сақтануға үйретеді. Үйректер ұсақ шаяндармен және су жәндіктерімен қоректенеді. Үйректің балапанына көбінесе шағалалар шабуыл жасап шығындайды.
Жаз маусымында тундра белдеміне үйрек, қаздармен бірге лашын (Falco peregrinus), ақ сұңқар (Falco gyrfalcon), жүнбалақ жамансары ( Buteo logopus) қатарлы жыртқыш құстар келіп жұмыртқалайды. Олар сом денелі, саусақтары ұзын, тұмсығы мен тұяқтары имек және өткір болады. Лашын ұясын жартасқа, жарқабаққа немесе батпақ арасындағы аралшық, төмпешіктерге салады, ал ақсұңқар көбінесе басқа құстардың ескі ұясына жұмыртқалайды. Лашын, ақсұңқарлар ұсақ құстармен (үйрек, ақторғай, сарыторғай т.б.) қоректенеді.
Жүнбалақ жамансары ағаштың ұсақ бұтақтарын тоқып жерге немесе бұталардың басына ұя салады. Ол лемминг тышқандармен қоректенеді. Әдетте 2-4 жұмыртқа табады. Бірақ жұмыртқасының саны лемминг тышқандарының санына байланысты: лемминг аз жылдары мүлдем жұмыртқаламайды.
-
25-сурет. Тундра жануарлары:
1- қызыл жемсаулы қараша қаз; 2- айдарсыз сүңгір (үйрек); 3- жүнбалық жамансары; 4- қаратөс құмдауық; 5- күжіркей; 6- ақ тырна; 7- солтүстік бұғысы; 8- ақтүлкі.
Тундра белдемінде ең көп тараған батпақ құстарының бірі- қаратөс құмдауық (Erolia alpine). Ол таяз судан және батпақтың арасынан ұсақ жәндіктерді теріп жеп қоректенеді. Батпақ пен таяз суда мекендеуіне байланысты аяғы және тұмсығы ұзын. Тамағы мен жемсауының түсі қара, көкірегі мен басқа бөлігі түгелдей ақ. Қорегінің басым бөлігін жәндіктер, шаянтәрізділер және былқылдақденелілер иеленеді. Қаратөс құмдауық суда жақсы жүзеді, жылдам ұшады, жермен де жақсы жүгіреді. Ұясын батпақтың арасындағы томпақтарға салады, ескі шөптермен жауып жасырады.
Тундраға тән тағы бір құс- күжіркей (Philomachus pugnax). Шағылысар кезінде еркек күжіркейдің мойынының мамық жүндері әртүрлі өңге бөленіп өзгереді және ұзарып өсіп мойынды жуандатып көрсетеді, басының қауырсындары да ұзарып айдары бар тәрізденіп көрінеді. (25-суреттің 5).
Тундрада әсіресе қызғылт шағала (Rhodostethia rosea) көптеп кездеседі. Оның арқа жағы сұрғылт, ал кеудесі мен құрсақ жағы қызғылт түсті. Қызғылт шағалалар саны шағын топ құрып колониямен тіршілік етеді, су жағалауының шөптесін өсімдіктерінің арасына ұя салады. Судан ұсақ шаян, балық ұстап жеуімен қатар құрлықтан жәндіктерді және жәндіктердің дернәсілдерін теріп жеп қоректенеді.
Тундраға келіп жұмыртқалайтын құстың бірі- ақ тырна –Grus leucogeranus. Ақ тырнаның аяғы мен мойны ұзын, денесі зор, тұмсығы істік тәріздес үшкір. Ол- саны азайып бара жатқан, сымбатты құстың бірі. Қауырсындары мен мамық жүндерінің түсі тұтастай ақ болғанымен құйрығының ең ұшындағы желпуіш қауырсындарының ұшы қара түсті. Көбінесе су астындағы қияқөлеңдермен қоректенеді. Сонымен қатар суда тіршілік ететін омыртқасыз жануарларды басқа құстардың жұмыртқасын жеуден де тайсалмайды. Әдетте екі жұмыртқа табады. Жұмыртқадан жаңа ғана жарылып шыққан балапандары өзара жиі төбелесіп, аяусыз шабуылдасады. Ақырында бірі өліп, біреуі ғана қалады. Күзде екі ересек тырнаның жанында бір ғана балапан тырна еріп жүретіні осыған байланысты. Ақ тырнаға анық жойылып кету қаупі төніп тұр. Адамның шаруашылық іс-әрекеті, заңсыз атып аулау, қыс мерзімінде табиғи шығынға ұшырап және өсімінің аздығы бұлардың санының күннен күнге азаюына әкеліп соқтыруда. Ақ тырна табиғат пен табиғат қорларын қорғау Халықаралық одағының және Ресейдің қызыл кітабына енгізілген.
Тундраға көктемде ең ерте ұшып келіп ұя салатын құс- ақ торғайлар ( Pleetrophenax nivalis). Олар тундраның қары әлі ерімей тұрғанда ұшып келіп, таулы өлкелердің ұсақ тастақты, қорымды беткейлеріне мекендейді. Ақ торғайлардың жалпы денесі ақ болсадағы қанаты мен құйрығының ұшы қара, арқасы да қаралтым түсті. Ақторғайлар ұясын тастың үңгір, қуысына жасырын жерлерге салады. Балапандары ересейіп, ұясынан ұшқан соң ақ торғайлар бір жерге жиналып тобыр құрады. Содан соң көп ұзамай тобымен ұшып жылы жақа қайтып кетеді.
Бұл аталған құстардың барлығы да тундра белдеміне көктемде келіп, жаз бойы жұмыртқа басып, балапанын өсіріп, күз бастала қыстық мекеніне қайтып кететін жыл құстары.
Тундрада жыл бойында тұрақты мекендеп отырықты тіршілік ететін құстар өте аз. Мұнда ақ жапалақ (Nyctca scandiaca), аққұрлар ғана жыл бойында отырықты тіршілік етеді.
Аққұрдың қыста қарды қазып, қар астынан өсімдіктің тамыры мен тұқымын тауып қөректене алатыны және қыс басталардан бұрын түлеп, жүні ағаратындығы оның тундралық табиғатың маусымдық өзгерісіне терең бейімделгенін дәлелдейді. Қыста аққұр қардан айрылып көрінбейді, ал жазда сұр қоңыр түске айналып түлейтіндіктен өсімдіктің арасынан қандай да қырағы көзге оңай шалынбайды.
Сүтқоректілерден тундрада ең көп кездесетін және кең тараған жануар лемминг. Тундра белдемінде леммингнің бірнеше түрі тіршілік етеді: норвег лимминг (Lemmus lemmus ) , сібір лемминг ( L. sibiricus), сары бауыр лемминг (L. chzysogaster) қаратабан лемминг ( L. nigripes) т.б. Жазда жер беті жібіген кезде лемминглер топырақтың 15-20сантиметр терең қабатында көп тармақты ін қазып, жер астынан шым-шытырық күрделі жол тартады. Оның кей жерлерін кеңейтіп ұрпақтарын өсіретін ұя жасайды. Олар өсімдікпен қөректенеді: жапырақ, тамыр, жеміс жидектің қай-қайсын талғамай жейді.Лемминглер өте өсімтал. Аналық бір лемминг бір ретте 3-9 ұрпақ табады. Туған ұрпағы 2 айдан соң ересейіп жыныстық қатынасқа түсіп күшіктей бастайды. Сондықтан олардың саны бірнеше жылда бір рет шектен тыс көбейіп тұрады. Мұндай көрініс популяцияның « сандық жарылысы» немесе популяцияның күрт өсуі деп аталады. Күрт өскен кезде леммингінің саны әдеттегіден 40-100 есеге дейін артады. Ондай кезде леммингілер жаппай көшіп қоныс (мекен) аударуға мәжбүр болады. Леммингілер ақ түлкі, ақкіс қатарлы терісі бағалы аңдардың негізгі қорегі болғандықтан тундрадағы жануарлардың қоректік тізбегінде маңызды рөл атқарады.
Тундра белдемінде тіршілік етуге бейімделген айыр тұяқты сүтқоректі жануарлардың бірден бір өкілі- солтүстік бұғысы (Rangifer tarandus). Солтүстік бұғысының айыр тұяғының арасы ашылып ауданы үлкейетіндіктен батпаққа батпай еркін жүруіне қолайлы. Бұғының саусақтарының тұяғы жалпақ және тұяқтың ішкі жағына қарай имек болатындықтан қарды теуіп қазуына өте қолайлы. Тұмсығының ұшы мұрынының тесігіне дейін жүнімен қапталғандықтан қандай суықта да қар астынан жем тауып жей алады. Солтүстік бұғысы жазда шөптесін өсімдіктермен, саңырауқұлақтармен және талдың жапырағы мен қөректенеді. Ал қыста қалындығы 70-80 см-ге жететін қарды тұяғымен, мүйізімен қазып, қар астынан қына теріп жейді. Солтүстік өлкелерде мекендейтін халықтардың кәсібінің негізгі көзі – солтүстік бұғысы. Тундраның кең байтақ алқабында солтүстік бұғысы мың-мыңдаған үйірімен кездеседі. Солтүстік бұғысы тундра жерінде жабайы түрде кездесумен қатар қолға үйреткен үй жануары ретінде бағып, күнделікті сүтін, етін, терісін, мүйізін пайдаланатын бұғылар да аз емес. Тундрада бұғы шаруашылығы жақсы дамыған. Бұғының негізгі жауы – қасқыр (Canis lupus).
Тундра биоценозында лемминг тышқандарымен қөректеніп екінші реттік тұтынушы (консумент) рөлін атқаратын жануарлардың бірі ақтүлкі (Alopex logopus). Ақтүлкі (25-сурет) солтүстіктің табиғи жағдайына өте жақсы бейімделген. Леммингілермен қөректенудің сыртында көктемде құстардың жұмыртқасын жейді. Қыста леммингіні қар астынан ұстап жей алмайтындықтан ақтүлкілер оңтүстік өлкелерге ауып мекен ауыстырады. Ақтүлкі күшігін інге туып өсіреді 8-18-ге дейін күшік табады.
Қорытып айтқанда, тундра биомының жануар қауымдастығында төмендегідей негізгі сипаттар бар екенін көреміз: а) тундра жерінің 50-60 пайызы жануарлар тіршілік етуге жарамсыз (мәңгі мұз, тоң, су, батпақ т.б). Сондықтан тіршілікке жарамды жерлерінде жануарлар тығыз қоныстанады. (Мысалы, қияқөлең - мүкті тундраның 1 шаршы метр жерінде құстың 16-24 ұясы кездеседі); б) тундра жануарларының көбі қыста жылы жаққа көшіп, қоныс аударып кетеді, қалғандары қысқы ұйқыға кетеді (омыртқасыз жануарлар), белсенді тіршілік ететін кейбіреуі (лемминг, тоқалтіс тышқан) қыс бойы жер бетіне шықпай, қар астында өмір сүреді; в) тундра жануарларының зат алмасу (метаболизм) үрдісі жаз мезгілінде өте екпінді жүріледі. Соның нәтижесінде олар жаздың қысқа мерзімінде көбейіп үлгерумен қатар, қыс түскенше өсіп жетіліп, денесіне азықтық заттың қорын жинап та үлгереді, г) дене температурасы тұрақты (гомоеотермді) тундра жануарларында қыста температурасын азайтып реттеу қабілеті жақсы дамыған. Денесінің температурасы төмендеуіне байланысты олар ішкі энергиясын аз жұмсайды. Энергияны бұлай үнемдеу қыста азығы аз, қары көп, суық белдемнің жануарларына аса қажетті қасиет; д) тундра жануарларының тіршілігінде тәуліктік айырмашылық аз, оның есесіне маусымдық айырмашылық айқын жүріледі; е) әр жылдың өзгешілігіне сәйкес тундра жануарларының саны өте ауқымды мөлшерде ауытқыйды. Осыған байланысты олардың арасындағы қоректік өзара байланыс та тұрақты емес – тез өзгереді. Мысалы, тундрада лашын әдетте шалшықшы, аққұр қатарлы құстармен қөректенеді, бұл құстар аз жылдарда лашын леммингімен қоректенуге ауысады. Жалпы өзінің экологиялық талабын тез өзгертіп, кезіндегі табиғи жағдайға оңай бейімделу – табиғаттың қатаң да өзгермелі мінезіне сәйкес сұрыпталып аман қалудың негізгі бір жолы деп көрген жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |