Құнанбайұлы Абай (1845-1904) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Шын аты Ибраһим. Туған жері бұрынғы Қарқаралы ауданына қарасты Шыңғыс тауының баурайы. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы.
Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үіт етеді. Сондықтан да ол абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.
Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі - өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі – ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі - өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік – шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның экономикасы мен ой-пікірінің прогресшіл бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану процесінде екі элементтің – сезім мен логиканың , түйсік пен ақылдың қатынасын мойындайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.
Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы – экожүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге этникалық арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тезіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты сорақылықтар қазақ халқының бойындағы туа біткен биогенетикалық қасиеті емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, қазақ бойынан Абай көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашылады.
1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан өледі. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахман қайтыс болады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы-қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті - Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.
Тақырып 7: Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі
1 Ә.Бөкейханов және оның саяси портреті
2.Алаш орда үкіметі , оның қызметі туралы
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жыл бойы үздік оқыған алғыр шәкіртіне риза болған мүмкіндік жасайды. Сөйтіп ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы иснтитутына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.
Оқуын бітіріп, Омбыға орaлғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.
XX ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. Бұдан студент кезінде ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп, бақылауда жүрген Әлихан да тыс қалған жоқ, алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылады.
1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынбор келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады.
Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейханов сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Бірақ көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Ә.Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен өлім жазасына кеседі.
Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі, ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармагы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.
2 Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – бүгінгі жастар. Сіздер оларға қалай білім берсеңіздер, Қазақстан сол деңгейде болады», - деп атап көрсеткен [1]. Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, дәуірдің күн тәртібінде тұрған келесі мәселе – білім беру, ғылымды дамыту. Бұндай күрделі екі мәселені жүзе асыру үшін ана тілімізді толыққанды меңгеруіміз қажет-ақ. Ал тілімізді толыққанды меңгеру үшін өткен тарихымызға талдау жасамасақ тағы да болмайды. Тарихты білмей бүгінгіні құру, болашақты болжау мүмкін емес. Яғни, тарихы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Мұхтар Шаханов «Тарихты білмеу – тамырсыздық» - дей келе:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – сатылмайтын байлығы.
Туған дәстүр, салт-санасы, тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі» - десе
Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындағы XX ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты., өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен Алаш партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы – «Алашорда» үкіметін құрып, ұлттық-аймақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады.
Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған XX ғасыр басындағы осы бір қазақ зиялылары алдыңғы қатарлы тобының саяси қызметі де, кұқықтық көзқарастары да, тіпті ғылыми, әдеби мұралары да ұзақ жылдар бойы жабық тақырып саналып, зерделі зерттеулерге объект бола алмады. Оларсыз қазақ тарихы – тұл, алтын дегені – күл еді. «Алаш» партиясынсыз саяси күрес тарихын, «Алашорда» үкіметінсіз экономикалық ілімдер мен реформалар тарихын, «Алаш автономиясынсыз» Қазақстан мемлекеттілігінің негізін, Алаш ардагерлері өмірінсіз ұлт тарихын жасау, мемлекеттік тіліміздің тарихын қалыптастыру мүмкін емес .
Қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына бастап шықты. Бұған себеп болған 1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс еді. Патша үкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен күрескен көрнекті тұлғалар шықты. Олар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов және т.б. болатын. Олар патша самодержавиесінің қазақ халқының саяси-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.
1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ сиездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді.
1917 жылы Қазақ сиездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) т.б. қалаларында болды. Қазақ сиездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті.
Орал облыстық қазақтардың 1-ші сиезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті. Сиезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Осы сиезде бірінші кезекте Мемлекетті басқару туралы, Уақытша үкімет туралы және жүріп жатқан импералистік соғысқа көзқарас туралы мәселелер қаралды.
Сиез төрт күнге созылды, сиездің соңғы төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және т.б. мәселелер қаралды. Сиезде бұдан басқа да мәселелер қаралды, басқа қаралған мәселелерді қосқанда саны 23-ке жеткен. Осы сиезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қольша беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады.
1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және сиез материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ интеллигенциясы ғылыми жұмыстармен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару қарекетімен де, көркем творчествомен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы программасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде
- оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы;
- жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады;
- қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуға;
- оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы;
- үкімет оқу ісіне кіріспеуі;
- мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы;
- ел ішінде кітапханалар ашылу туралы айтылады.
- газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік - деп көрсетілген [8].
1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ сиезі өтеді. Сиездегі қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б..
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатын-ды .
Орынбордан қайтып оралған бойында Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер қазақтың батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі – XX ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІҮ Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уэлаяты» уақытша үкіметінің атқарған істері: жерге жекеменшікті жойып, оны халықтың меншігі деп жариялады; халық сайлаған уәлаяттық, уездік соттар іске кірісті; ақша-финанс жүйесі жасалынды; халыққа өз саясатын жеткізу, түсіндіру үшін газет шығарылды (оның редакторы болып Ахмет Мәметов жұмыс атқарды. Ол М.Мәметованың әкесі, көрнекті Алашорда қайраткерлерінің бірі); жерді пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады.
Осыған қоса, іс-қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы мәселе айқын жолға қойылды. Білім беру ана тілінде болуы керек делінген. Басылымдардың қазақ тілінде болуына ерекше назар аударған [10].
1918 жылы 1 сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханов екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Дегенмен де РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімі құрылады .
Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Х.Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген пікірді айтқан . Қазақ АССР-і орнағаннан соң 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш сиезі шақырылды. Осы сиезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні жөнінде, дыбыс әдісімен оқыту ісі жөніндегі мәселелер талқыланды . Ал 1927 жылы Қызылордада жазу (графика) мәселесіне арналған конференцияда А.Байтұрсынов сиезде айтқан пікірін қуаттай келе: «Түрік жұртының 90%-і баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жазылған хат мәдениеті бар (хат мәдениеті –сауаттылық, оның жүзіндегі өнер-білім, ілім, емле, үйрету әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер т.т.). Хат мәдениеті бар халыққа бір әрпін тастап, екінші әріпті ала кою оңай нәрсе емес», – деп өз ойын білдірген.
Тақырып 8: Қазақ интелегенциясының
ел тарихындағы рөлі
1.Қазақ интеллигенциялары: А.Байтұрсынов, М,Жұмабаев М:Дулатов
2. М.Сералин және демократиялық интеллигенция
Қазақ халқының тарихында Алаш қайраткерлерінің алар орны ерекше. Олар өз ұлтының бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен, туған елін отаршылдықтың бұғауынан босатып, тәуелсіз мемлекет құру үшін ақтық демі қалғанша күрескен асылдар еді. Жалпы, қазақ халқының тарихында азаттық аңсап, өз елінің тәуелсіздігін қорғаған тарихи тұлғалар аз емес. Әйтсе де, Алаш қайраткерлерінің олардан бір үлкен айырмашылығы мен ерекшілігі бар. Бұған дейінгі бостандық үшін басын бәйгеге тіккен ұлы тұлғалар өз мақсаттарын ақ найзаның ұшымен, алмас қылыштың жүзімен жүзеге асырмақ болса, Алаш қайраткерлері өркениетті елдердің дәстүрімен күресті партия құрып саяси жолмен жүргізді.
Соның нәтижесінде Алаш қайраткерлері қазақ жерінде тұңғыш рет қағазға түскен қаулы-шешім негізінде бекітілген үкімет құрды. Мемлекетті басқару, қазақ елін дамытып-өркендету жөнінде жаңа дәуірге сай сауатты, жүйелі жоспар-бағдарлама жасады.
Байтұрсынұлы Ахмет (1873-1937) - қазақтың ұлы ағартушысы, ірі ғалым-лингвист, түріктанушы, ақын, аудармашы, әдебиет жинаушы һәм зерттеуші, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). Батырлықты, билікті салт қылған ірі мінезді адамдары көп ортада туып, өскен Ахметтің тәрбиесі мал бағып, күйбің тірлік кешкен өзге қазақы ортадан бөлектеу еді. Әділетті жақтау, қиянатқа төзбеу - атадан балаға қалған мұра секілді қасиет еді мұнда. Әділеттің ісін тізіп, әріге бармай-ақ, беріден қайырсақ, әкесі Байтұрсынның параға сатылып, аулына қиянат жасаған Торғай уезінің начальнигі, «кәрі ояз» атанған Яковлевті сабап, басын жаруы да сол қасиеттің құдіреті болатын. Осы қасиет Ахметті де өз ортасынан суырып алып, күрес жолына салды. Патша өкіметінің зұлым саясатын, халқына жасап отырған көрнеу зорлық-зомбылығын, қорлығын көріп, біліп отырып, жан бағып, жайына жүре алмады. Бар оқығаны: ауылдағы екі жылдық, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектептерімен шектелгеніне қарамастан, «өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды…, халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» (С. Сейфуллин). Ол замана ағымымен кетпей, өзгелер құсап қазақ халқын бай, кедейге бөлмей, тұтас жақсы көрді, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Ол отаршылықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Қуғын-сүргінге түсті - мұқалмады; түрмеге қамалды – жасып, жұқармады. Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты; газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді; өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты, түрлі қызмет істеп, үлгі - өнегеге көрсетті, Ол өзі атқарған үлкенді–кішілі қызметті де, сабақ берген мектепті де, мақаласы мен өлеңдерін шығарған баспа орындарын да – бәрін-бәрін халқына қалтқысыз қызмет етудегі өз идеясын, өз саясатын жүзеге асырудың құралы етті. «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов). Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғысын жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.
Дулатов Міржақып (1885-1935) - қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайреткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері. Туған жері - бұрынғы Торғай уезінің Сарықопа болысының үшінші ауылы. Әкесі - Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі - Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған.
Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды. Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп бар даусымен жар салады.
Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, « Ахаң Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бас тартап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.
Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді Міржақып қашанда күрес шебінің алдында болды. Жалынды сөзімен де, тындырымды ісімен де, жеке басының жүріс- тұрысымен де ол өзінен кейінгі жастарға әсер етіп, оларды халық ісіне алаңсыз берілуге үндеді. Оның публицистикалық толғауларынан шағын өлеңдеріне дейін, «Бақытсыз Жамал» романынан газет журналдардағы шағын мақаласына дейін халық мүддесіне арналды. Сонымен бірге ол Ахмет ағасы секілді жастарды тәрбиелеу жөнінде көп ойланып, көп еңбектенді, халықтың пайдалы әдет-ғұрпын сақтауға, елін, жерін сүйетін тәрбие беруге күш салды. Жазушылық, қоғамдық қызметке педагогтік міндетті қосарлап көтеруі де Міржақыптың халқын беріле сүйетіндігінің айғағы еді. Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған Жақаң: «Ем таба алмай дертіңе мен ертеден, Сол бір қайғың өзегімді өртеген. Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден, Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай» деп, дүниеден арманда кетті.
Құдайбердіұлы Шәкәрім (1858- 1931) ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби өмірге белсене араласып, адамгершілік, ағартушылық идеяларды уағыздаған қазақтың ұлы ақыны. Ол сондай ақ прозашы, аудармашы, тарихшы және философ. Кейбір деректерде оның есімін «Шаһкәрім» деп те көрсетеді. Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді. Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған.
Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады. Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, Молда сабағынан басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармонда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.
Тақырып 9: Қазақ АКСР-ін құрудағы қайраткерлер
1.Қазақ АКСР-і және С.Меңдешев.
2.М.Тынышбаев және Түркістан Автономиялы Кеңестік Республикасы
3.М.Шоқайдың қазақ тарихындағы орны
1.Елдің шығысында бірінші Кеңестік ұлттық республика Түркістан кеңесінің 5 съезінде қабылданған Түркістан АССР болып табылды. 1918 ж.30 сәуірде қазіргі Қазақстанның оңтүстік облыстары Түркістан республикасының құрамына енді.
1918 ж. аяғы мен 1920 ж. басында Қазақ Кеңес Автономиясын құруға интенсивті дайындық жүріп жатты. 1919 жылы 10 шілдеде Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құрылды. Бсашысы- С.Пестковский болып тағайындалды. Мүшелеріне қазақ зиялылары: а.Байтұрсынов, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, В.А.радус-Зенкович, Б.Қаратаев, Ә. Әйтиев, Х.Ғаббасовтар енді. Казревком міндеттері:
*контрреволюция мен интервенцияға қарсы күресу,
*өлкеде мемлекеттік шаруашылық, мәдени құрылыс үшін жағдай жасау,
*өлке Кеңестерінің құрылтай сьезін әзірлеу,
*1920 жылы Алашорданы тарату,
*мәдени құрылыстағы іс-шаралар: - «Ұшқын» газетін шығару, - 300 мектеп ашу, -мұғалімдер даярлау, т.б. мәселелер қаралды.
1920 ж.қараша айының басында Ақтөбеде Түркістан және Сібір қазақ аудандарының депутаттары қатысқан өлкелік кеңестік конференциясы өткізілді. 1920 ж. тамыз айының басында ұлттық істер халық комиссариаты жанында Қазревком, Сібір ревком және Турцик өкілдерінің жиналысы өтті, мұнда Ақмола және Семей облыстарын Қазақстанға беру мәселесі түбегейлі шешілді. Қырғыз (қазақ) Кеңес Автономиялық Социалистік Республикасын құру жайлы деректің үлгісі 17-тамызда қаралып, РСФСР ХКК қолдады, ал 1920 ж. 26 тамызда бұл деректер бекітіліп, заң күшіне енеді.
1920 жылы 20 тамызда Қырғыз (қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы декрет қабылданды. Астанасы-Орынбор қаласы болып бекітілді. Халық саны -5 млн. жуықтады.
1920 ж. 22 қыркүйекте бүкіл ресейлік орталық атқару комитетімен жаңа деректері бойынша КАССР-інің құрамына Орынбор губерниясы қосылды. 1920 ж. 4-12 қазанда Орынборда Кеңсетердің құрылтайы өтті. Жоғарғы өкімет органдары сайланды. Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып С.Меңдешев, Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып В.А.радус-Зенкович бекітілді. С.С.Мендешев басшылық еткен орталық атқару комитетінің және В.Радус-Зенькович басқарған халық комиссарлар кеңесін сайлаған Қазақстан кеңесінің құрылтай съезін өткізіп Қырғыз (қазақ) АКСР-нің құрылуының тарихи маңызы айтылды.
1.Қазақ халқының ғасырлық арманы орындалуының көрнісі,
2.отаршылдыққа қарсы күресі нәтижесі
3.Ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам деген тарихи баға берілді.
Түркістан құрамына енген Жетісу және Сырдария облыстарын Қазақстанға қосу азамат соғысы кезінде туындаған. Бұл облыстарының қазақтары солтүстік ауданмен бір республикаға бірігу пікірін үнемі ұсынып отырған. 1921 жылы елде ЖЭС (жаңа экономикалық саясат ) басталды. 1924 ж. ТАССР жойылып Өзбек және Түркімен республикаларына бөлінді.Оңтүстік облыстар Қазақстанға қосылды.Қазақстанның астанасы болып Қызылорда жарияланды.
2 Тынышбаев Мұхаммеджан (1879-1937) – қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Туған жері – бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы – Садыр болысындағы Жыланды тауының етегі, қазіргі Алматы облысының Қабанбай ауданы. Оқып, білім алу үшін уез бастығының тізіміне қазақтың кедейі түгіл, бай баласының ілуде, біреуі зорға ілігетін сол бір қиын кезде кедей шаруа Тынышбайдың баласының Верный қаласындағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық класына алынуы айтарлықтай ерекше оқиға еді. Тағдыры тартқан тосын сыйдың мәні «балам оқып, білімді азамат болса» деп армандаған әке тілегімен үйлесіп жатқанын жанымен сезінген он бір жасар Мұхамеджан алғашқы күннен сабағын жақсы оқып, орыс тілін жетік меңгеруге күш салады. Осындай ынта-ықыласына табиғи қабілеттілігі қосылып, ол аз уақыт ішінде гимназия оқытушыларының назарын өзіне аударады. Жыл сайын кластан класқа І – дәрежелі наградамен көшіп, үздік үлгірім, өнегелі тәртібімен ұстаздарының ықыласына бөленеді. Гимназияны бітіргенде педагогикалық кеңестің шешімімен ол ғылымда, әсіресе, математикада үздік жетістікке жеткені үшін Алтын медальмен марапатталады. Гимназияның Алтын медалі мен педагогикалық кеңестің жоғары бағалаған мінездемесі жиырма жасар Мұхамеджанның Жетісу әскери губернаторының кеңсесіне тілмаш болып орналасуына жол ашады. Бірақ оқуға ынталы жас жоғары білім алуға ұмтылып, император Александр І атындағы Петербург теміржол транспорты институтына түсуге тілек білдіреді. Бұл жолы да тағдыр оған күле қарайды. Өзінің мұғалімі, гимназия директоры М.В.Вахрушевтің көмегімен қазынадан 360 сом жылдық стипендия алып, Петербургке аттанады. Мұнда да ол ерен қабілетімен ұстаздарын таңқалдырып, институтты үздік бағамен бітіреді. Институттың соңғы курсында жүргенде 1905 жылғы төңкеріске қатысады.
Сол жылы өткен автономистерінің съезіне қатысып, онда «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» деген тақырыпта баяндама жасайды, өз халқының мұңын жеткізіп, Министрлер комитеті атына өтініш жолдайды. Онда қазақтарды басқарудың басты принциптерінің қазақтардың мүддесімен сай келмейтіндігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салады және басқарудың әскери жүйесінен азаматтық жүйеге көшуді талап етеді. Жас саясатшының бұл талабының атақты «Қарқаралы петициясы» талабымен үндесіп жатуы - халқым деген қазақ азаматтарының әр жерде жүріп, бір мақсатқа қызмет еткенін айқын көрсетеді. Жалпы М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды, Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі, әсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырды. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымдағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау құқығынан айырылуымен тынады. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхамеджан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Сол жылы көктемде Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерімен бірге М.Тынышбаев та жалпыұлттық «Алаш» партиясын құруға тікелей араласып, 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады. Осының алдында ол бүкілтүркістандық ІV – мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады. Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М.Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен тізе біріктіре отырып, азамат соғысы жылдарында қызылдарға қарсы күреседі. Бірақ одан күткендей нәтиже болмайтынын көргеннен соң, 1920 жылдан бастап, Кеңес өкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Ташкентте, Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді.
1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады. Халыққа азаттық әпермек болған істерінен нәтиже шықпай, кеше өзі қарсы болған қызылдарға қызмет етуге мәжбүр болған ол енді бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді. Алайда қара тізімге алып, әр қадамын қалтқысыз баққан қызыл жендеттер оған халқының тарихын жазуға мүмкіндік бермей, қамауға алып, Ресейдің қаратопырақты аймағына (қазіргі Воронеж облысы) бес жылға жер аударады. Айдауда жүрген кезінде М.Тынышбаев Москва-Донбасс темір жолын жобалау бөлімінде жұмыс істейді. Содан кесілген мерзімін өтеп елге оралады. Бірақ ұзамай, ол 1937 жылдың қараша айында қайтадан тұтқындалып, көп кешікпей атылады.
3 Шоқайұлы Мұстафа (1886-1941) - отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты Шоқай ауылы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Торы тармағына жататын Шашты руынан тараған текті әулеттің ұрпағы. Атасы Торғай Сыр қазақтары орыс патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі болған. Әкесі Шоқай дала қазақтары арасында ерекше мәдениетті, елге беделді би болған, отырықшылықпен айналысып, бау бақша салдырып, егін еккен, кірпіш үй салдырған. Анасы Бақты да текті жердің қызы екен. Әкесі батыр болыпты. Түркістанды орыс отаршылары жаулап алуға кіріскенде, Бақты да әкесімен бірге соғысқа қатысып, барлаушылық қызмет атқарған. Бейбіт күнде өлең жазып, дастандар жырлаған.
Отаршылдықтың өктемдігін, қиянатшыл әділетсіздігін Мұстафа жастайынан көріп өседі. Өз басы отаршылдықтың өрескел кеудесоқтығымен Ташкентте, «өте жақсы» деген бағамен гимназияны аяқтаған кезде бетпе-бет кездеседі. Гимназияда оған берілмекші болған алтын медальді генерал Самсонов бергізбей, одан төмен оқитын орыс баласына жазады. Бұған күміс медальді ұсынады. Бірақ Мұстафа медаль алудан мүлде бас тартады.
Мұстафаның терең білім алып, саяси көзқарасының қалыптасуы және қоғамдық қозғалысқа, халқының азаттығы үшін күреске қатысып шыңдалуы Петербор университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінен басталады. Ол гимназияда да, университетте оқып жүргенде де, жергілікті әкімшіліктен зәбір жапа шегіп келген жерлестерінің атынан арыз жазып, олардың әділдікке жетуіне көмектеседі, тіпті, кейбір күрделі істер бойынша сенат алдына мәселелер қоюына тура келеді.
Мұстафаның алғашқы қоғамдық жұмысы оның 1914 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен IV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының хатшылығы. Бұл оның Ресейдегі қайраткерлермен, Дума депутаттарымен араласуына, іс жүзінде жалпы мұсылмандық, жалпы түркістандық идеяларды қолдауына алып келді. Азаттық алу үшін езілген халықтардың тізе қосуы қажет екенін Мұстафа сол кезде анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл пікірінен айныған жоқ.
1917 жылғы Ақпан төңкерісін Мұстафа Петeрборда пікірлес достарымен бірге қуана қарсы алады, патша үкіметінің құлауы оларға бостандыққа жетуге жол ашқандай болады. Ол Әлихан Бөкейханов секілді отандастарымен бірігіп, іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты тұлғаларының біріне айналады.
Уақыт туғызған мүмкіндікті пайдаланып, еркіндікке қол жеткізер кезде Түркістан мұсылмандары бірлік таныта алмай, ек топқа бөлініп: бірі консервативті бағытты, екіншісі прогресшіл бағытты ұстанады. Қазан төңкерісінен кейін билікті алған Түркістан жұмысшы шаруа кеңестерінің үкіметі бұл екі топты саяси бірлікке келтірмеудің бар шарасын істеп бағады. Екінші бағыттың басында тұрған Мұстафа Шоқай осы кезде құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің сыртқы істер министрі, Мұхамеджан Тынышбаев отставкаға кеткен соң, оның орнына Бас министр қызметін атқарады. Бұл кезде ол Өлкелік Қазақ Кеңесінің төрағасы болатын. Оған қоса 1917 жылдың шілде айында Орынборда өткен I Бүкілқазақтық Құрылтайдан соң құрылған «Алаш» партиясына мүше еді.
Ташкенттегі жұмысшы солдат депутаттарының үкіметі өзін бірден-бір билік иесімін деп есептеп, Қоқандағы Мұсылман автономиясына қарсы қанды қырғын ұйымдастырады. Қоқандағы большевиктер ойранынан зорға қашып құтылған Мұстафа Иргаш Құрбашының бандыларының қолына түседі. Өліммен бірнеше рет бетпе бет келіп, әйтеуір аман қалады. Бұдан кейінгі басталған оның эмиграциядағы өмірі де қиыншылыққа толы еді. Жат жерде қаржы қаражатсыз жүргеніне қарамай, тынымсыз саяси ғылыми баспагерлік жұмыстармен айналысады. Бұл Мұстафа Шоқай ұлының өз халқының тәуелсіз болашағы үшін білек сыбанып, ымырасыз күреске түскен жылдары еді.
Ол өмірінің соңында тамыз айының басынан қараша айының соңына дейін немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықтармен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. Жаны күйзелген Мұстафа Германияның билік орындарына жолдаған хатында: «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ» деп жазады. Осы хатты тапсырған СС офицері: «пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде Мұстафа: « Егер сіздер осыған байланысты маған ату, не асу жазасын берсеңіздер қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» дейді. Мұстафаның адал жары Мария Яковлевна арқылы бізге жеткен осынау деректер ұлтын сүйген ұлы азаматтың ұлтшыл жүрегінің жерлестері тартқан азапты көріп қалай ауырғанын, жанының қалай күйзелгенін әлемге жариялап тұрғандай.
Ол 1941 жылы Берлиндегі «Виктория» ауруханасында құпияға толы жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылмандар бейітінде жерленген.
Тақырып 10: Қазақстан 20-30 жылдарда кеңес заманында
1.20-30 жылдардағы қазақ интелегенциясы: С.Садуақасов, С.Қожанов.
2.Т.Жүргеновтің тарихтағы орны
1 Қазақстанда халық шарашылығын қалпына келтіру аяқталғаннан кейіи елді индустрияландыру бағыты іске аса бастады. Индустрияландыру өндіріс құрал-жабдықтарын жасайтын, халық тұтынатын тауарларды шығаратын зауыт, фабрикаларды салумен тығыз байланысты болды. Мұндай кәсіпорындар бұрынғы КСРО-ның шығыс аудандарында, оның ішінде Қазақстанда көптеп бой көтерді. Олардың салынуы артта қалған шет аймақтардың өндірісі, өнеркәсібі дамыған орталық аудандармен теңестіру ұранымен жүргізілді. Мұндай оң ниетті мақсаттың қойылуына сол шет аймақтарда, оның ішінде Қазақстанда бай шикізат қорының болуы да өз әсерін тигізді, өлкеде темірдің, көмірдің, мұнайдың, түсті металлдың мол қоры бар болатын. Осы қорды игеру мүдделері бұл жерлерде көптеген жаңа өндіріс орындары мен құрылыстарын салуға себеп болды.
Индустрияландыру Қазақстан еңбекшілерінің өмірлік мүдделеріне қайшы келген жоқ. Оның дамуы:
- біріншіден ұлттық жүмысшы табының қалыптасуына,
- екіншіден жұмысшылардың өндірістік-техникалық дәрежесін көтеруге,
- үшіншіден Қазақстанныц өнеркәсіптік деңгейін биіктетуге, сол арқылы көлік шаруашылығын, ауыл шаруашылығын және басқа да салаларды жаңа техникалық негізде қайта құруға, сөйтіп халықтың материалдық жағдайын, әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік беруге тиіс еді.
Қазақстанның индустриялық дамуына бағыт ұстауына байланысты бұл мәселеде ұлы державалық шовинистік және жергілкті ұлтшылдық психология мен пиғылдарды да бой көрсеткенін айта кету керек. Республикада өнеркәсіпті өркендету саясаты іске аспайды, өйткені "артта қалған көшпелі халық" индустрияның дамуына шыдай алмайды деген шовинистік көзқарастар және дамудың феодалдық сатысынан социализмге өту мүмкін емес, көшпелі қазақ халқының өз ұлттық ерекшелігі бар, ал индустрияландыру осы "ұлттық ерекшелікті" бұзады деген пайымдаулар да айтылды. Өлкеде өз алдына томаға-тұйық, шаруашылық құру "теориясын" ұсынушылар да кездесті.
Ф. И. Голощекин республикада индустрияландыру идеясын қолдай отырып, Қазақстанда ауыр өнеркәсіп салаларының орнына, ауыл шаруашылығымен байланысты ұсақ және орта кәсіпорындарды дамыту жоспарын ұсынды. Голощекиндік индустрияландырудың мәнін тез арада түсінген қазақтың алдыңғы қатарлы интеллигенция өкілдері оған үзілді-кесілді қарсы шықты. Олар республика болашағына аса маңызы бар бұл мәселеде өлкелік партия комитетінің қойған мақсатын қайта қарауды талап етгі. Бұлардың арасынан, әсіресе, Смағүл Сәдуақасов Голощекин идеясына ашық қарсы шығып, республикада шикізат байлықтарын қайта өңдеп шығаратын кәсіпорындар салу талаптарын қойды. Алайда, Қазақстан жетекші кадрларының ақылға қонатын, дүрыс қойған саясатын Голощекин жергілікті ұлтшылдықтың белгісі деп бағалады, оларды енді қуғынға сала бастады.
Қазақстанда өндіріс күштерін өрге бастыруды, табиғат байлықтарын игеруді тездетуде Түркістан-Сібір темір жолының маңызы зор еді. Ол құрылыс 1927 жылдан басталды. Аталмыш құрылысқа мемлекет тарапынан 200 млн. сом қаржы жұмсалып, тез аяқталу үшін істелген шаралардың нәтижесінде ол мерзімінен 17 ай бұрын 1930 жылы 25 сәуірде іске қосылды. Оның құрылысын жүргізуге бұл тұста РКСФР Халкомы төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов, темір жол инженері М. Тынышбаев, т. б. елеулі үлес қосты.
Сол жылдарда республикада түсті металл өндіру қарқыны едәуір күшейді. Риддерде полиметалл, Қарсақпай мыс қорыту комбинаттары іске қосылып, жаңа техникамен жабдықталды. Кезінде дүние жүзіндегі осы тектес өнеркәсіп орындарының ірісі - Балқаш мыс қорыту зауыты, қуаттылығы жағынан елімізде бірінші орынға шыққан Шымкент қорғасын зауыты жұмыс істей бастады. Жезқазған мыс қорыту, Текелі полиметалл комбинаттары, Өскемен мырыш зауыты салына басталды. Сөйтіп, бірінші дүние жүзілік соғысқа дейінгі бесжылдықтарда түсті металл кәсіпорындарының негізгі өндіріс қоры 27 есе артып, республика ірі өнеркәсібі негізгі өндіріс қорының 40 пайызын құрады. Қазақстан темір өнеркәсібінің, әсіресе Карағанды көмір алқабының зор маңызы болды. Республика мұнай өнеркәсібі алғашқы үш бес жылдықта бүкіл елдегі мұнай өнімінің бестен бірін беріп, Одақта үшінші орынға шықты. Сөйтіп, түсті металл, мұнай, көмір өнеркәсіп салалары Қазақстан ауыр өнеркәсібінің арнаулы бағытқа бейімделгендігін көрсетті. Сонымен қатар химия, энергетика, металл өндеу сияқты өнеркәсіп салалары да өркендей түсті.
Ф. И. Голощекин республикада индустрияландыру иде-ясын қолдай отырып, Қазақстанда ауыр өнеркәсіп салаларының орнына, ауыл шаруашылығымен байланысты үсақ және орта кәсіпорындарды дамыту жоспарын ұсынды. Голощекиндік индустрияландырудың мәнін тез арада түсінген қазақтың алдыңғы қатарлы интеллигенция өкілдері оған үзілді-кесілді қарсы шықты. Олар республика болашағына аса маңызы бар бүл мәселеде өлкелік партия комитетінің қойған мақсатын қайта қарауды талап етгі. Бұлардың арасынан, әсіресе, Смағүл Сәдуақасов Голощекин идеясына ашық қарсы шығып, республикада шикізат байлықтарын қайта евдеп шығаратын кәсіпорындар салу талаптарын қойды. Алайда, Қазақстан жетекші кадрларының ақылға қонатын, дүрыс қойған саясатын Голощекин жергілікті үлтшылдықтың белгісі деп бағалады, оларды енді қуғынға сала бастады.
Партиялық-мемлекеттік қүрылымның идеологияландырылған саясаты профессионалдық оқу орындарындағы істің жағдайына бәрінен де көп зиян келтірді. Ғалымдарды, жоғары оқу орындары қызметкерлерін қудалау мен жазалау шаралары 20-шы жылдарда басталып, Сталин келгенге дейін жүргізілді. Осының нәтижесінде 30-шы жылдардың орта кезінде А. Байтұрсынов, С. Асфендияров, X. Досмұхамеұдов, Т. Жүргенов, О. Жандосов және басқа аса көрнекті қоғам қайраткерлер, ғалым, педагогтердің өмірі қиылып кетті.
Тақырып 11-12: 20-30 жылдардағы Қазақстандағы мәдени құрылыс кезіндегі тарихи тұлғалар
1.Араб графикасының негізі қалаушы А.Байтұрсынов
2.Әдебиет пен өнер қайраткерлері: С.Сейфуллин., Б.Майлин., С.Торайғыров
3.М.Әуезов шығармашылығы және ұлттық мәдениет
Байтұрсынұлы Ахмет (1873-1937) - қазақтың ұлы ағартушысы, ірі ғалым-лингвист, түріктанушы, ақын, аудармашы, әдебиет жинаушы һәм зерттеуші, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). Батырлықты, билікті салт қылған ірі мінезді адамдары көп ортада туып, өскен Ахметтің тәрбиесі мал бағып, күйбің тірлік кешкен өзге қазақы ортадан бөлектеу еді. Әділетті жақтау, қиянатқа төзбеу - атадан балаға қалған мұра секілді қасиет еді мұнда. Әділеттің ісін тізіп, әріге бармай-ақ, беріден қайырсақ, әкесі Байтұрсынның параға сатылып, аулына қиянат жасаған Торғай уезінің начальнигі, «кәрі ояз» атанған Яковлевті сабап, басын жаруы да сол қасиеттің құдіреті болатын. Осы қасиет Ахметті де өз ортасынан суырып алып, күрес жолына салды. Патша өкіметінің зұлым саясатын, халқына жасап отырған көрнеу зорлық-зомбылығын, қорлығын көріп, біліп отырып, жан бағып, жайына жүре алмады. Бар оқығаны: ауылдағы екі жылдық, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектептерімен шектелгеніне қарамастан, «өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді.
Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды…, халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» (С. Сейфуллин). Ол замана ағымымен кетпей, өзгелер құсап қазақ халқын бай, кедейге бөлмей, тұтас жақсы көрді, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Ол отаршылықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Қуғын-сүргінге түсті - мұқалмады; түрмеге қамалды – жасып, жұқармады.
Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты; газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді; өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты, түрлі қызмет істеп, үлгі - өнегеге көрсетті, Ол өзі атқарған үлкенді–кішілі қызметті де, сабақ берген мектепті де, мақаласы мен өлеңдерін шығарған баспа орындарын да – бәрін-бәрін халқына қалтқысыз қызмет етудегі өз идеясын, өз саясатын жүзеге асырудың құралы етті. «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов). Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғысын жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.
2. Бейімбет Майлин – поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Бейімбет Майлин (1896 ж. Қостанай обл. , Таран ауд., - 1937 ж.) - жазушы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Әкесі Жармағамбет те, атасы Майлы да кедей адамдар болған. Жастай жетім қалған Бейімбет шешесі Құлғизар мен әжесі Бойдастың тәрбиесінде өседі. Әжесі Бойдас кезі келгенде өлең де шығарып жіберетін сөзге ділмар жан болған. Бұл үйде ақындар, жыршылар жиі қонақ болып, ұзақ таңға небір дастандар жырналып, суырып салма айтыстар болып, өлеңдер айтылып тұрған. Оның үстіне шығыстыңқиссаларын жақсы көретін әжесі кейіннен Бейімбет ауыл молдасынан хат таныған соң оған ұзақтаңға жыр!дастандар оқытып, тыңдайтын болған. Осының барлығы жас Бейімбеттің сөз өнерін сүйіп, әдебиет жолына түсуіне ықпал жасады. Әуелі ауыл молдасынан сауат ашқан Бейімбет кейіннен Арғынбай қажының медресесінде екі жылдай дәріс алады. 1913 ж. Троицкідегі «Уазифа» мектебінде, оны бітірген соң Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқиды. Медреседе оқып жүргенде татардың Ғалымжан Ибрагимов, Мәжит Ғафури сияқты белгілі жазушылармен танысады. Осында шығып тұрған «Садақ» атты қолжазба журналға белсене араласып, өзінің алғашқы прозалық туындысы, «Шұғаның белгісі» әңгімесі жариялайды. Өлеңдері «Айқап» журналында басқа да басылымдарда шыға бастайды.
Осы жылдарда ол қазақ, татар, башқұрт, орыс әдебиеттерімен кеңірек танысып, әдеби сауаты арта түседі. Денсаулығына байланысты Майлин медресені аяқтай алмай, 1916-1921 ж. ауылда бала оқыту, мұғалімдікпен айналысты. Осы кездерде 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалысына арналған, төңкерістен кейінгі кездердегі қазақ аулының тұрмысын суреттейтін бірсыпыра өлеңдер жазды. 1922-23 ж. Орынборда шығып тұрған «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке келеді. Газетте редактор болып істейтін белгілі революцонер ақын С.Сейфуллиннің қарамағында жұмыс жасау Майлиннің шығармашылық жолына үлкен өзгерістер әкеледі, еңбекші таптың саяси мүддесін көздеген өлеңдер жаза басатайды. «Еңбекші Қазақ» газеті бетінде өлең!әңгімелері жиі жарияланады. «Шұғаның белгісін» қайтадан өңдеп, «Кызыл Қазақстан» журналында бастырады. 1923-1925 ж. Қостанайда шығып тұрған «Ауыл» газатінде істейді. «Раушан!коммунист» повесі осы кезде жазылады. 1934-1937 ж. «Қазақ әдебиеті» газетінде редактор болды. 1937ж. халық жауы деген жаламен ұсталып, 1938ж. ақпанның 25-і күні атылып кетті.
Майлин аз өмірінде аса өнімді еңбек етіп, елуге тарта кітабын шығарды. Оның шығармаларында қазақ кедейінің мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі, арман-мүддесі бұрын болмаған деңгейде жан!жақты да терең суреттеліп, қміршең типтік бейнелер жасалды. Майлиннің ақындық қызметі 1912ж. жазылған «Мұсылмандық белгісінен басталады». Төңкеріске дейін жазған көп өлеңдерінде («Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа») ауылдың ауыр тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік жырланады. 1916ж. ұлт-азаттық қозғалысы Майлин шығармашылығындағы халықтық сыйпатты күшейте түсті. Осы кезден жазылған «Қанды тұман» өлеңінде қараңғыға қамалған қалың елдің, аянышты халі суреттеледі.
Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. 1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» журналдарына жазып тұрады. Б.Майлин «Еңбекшіл қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген.
1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Б.Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткені мәлім. Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі 30-шы жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болып істейді. 1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның құрбаны болды.
Торайғыров Сұлтанмахмұт– қазақ ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері, ойшыл.Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туған. Торайғыровтың 3 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болды. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанды. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, 1908 жылы баянауылдық Әбдірахман молданың қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болды.
1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Пән негіздерін үйреніп, білімге деген ынтасы артқан Сұлтанмахмұт одан әрі оқуын жалғастыру арманына жете алмайды. Троицк, Семей, Томск сияқты ірі қалаларда барып оқуын жалғастыруға ниеттенсе де, қамқоршысы мен қаржының жоктығынан, тұрмыстың қиыншылығынан ол мақсаты орындалмайды. Бірақ оптимист Сұлтанмахмұт өз бетімен ізденіп көп оқыды, ғылымның әралуан саласынан хабардар болды, сөйтіп заманының оқымысты жастарының біріне айналды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров жасында жабысқан дерт кеселінен 27 жасында кайтыс болған ақын, ойшыл өзінің аз жасағанына қарамай, ол қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа сатыға көтеріп кетті. Реалист-ақын XX ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті. Оның адам өмірінің мән-мағынасы жайлы "Адасқан өмір" поэмасы, XX ғ. басындагы қазақтың іріп-шіріген билеуші табының өскен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн көтерген "Қамар сұлу" шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы - оны қазақ әдебиетіндегі демократтык әдебиеттің ірі өкілі етті. Осы кезден ақыңдыққа ден қойып, 1912-1913 жылдар аралығында «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды.
Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастады. 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. 1916-1917 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. «Шәкірт ойы» өлеңінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуды» армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысады. 1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, «Алаш ұранын» жариялайды. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасады. Осы тұста саяси-философиялық әдебиетті (Г.Ц. Плеханов, Н.Г. Чернышевский, т.б.) көп оқып, «Шал мен қызға», «А, дүние», «Жас жүрек», «Сарыарқаның жаңбыры», «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс», т.б. өлеңдерін жазады.
Ол өмір шындығын көркем бейнелей келе, қазақ өлеңінің мазмұнын кеңейтті, сырға толы лирикалық жырлар туындатты. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман («Қамар сұлу», «Кім жазықты?»), төрт поэмасын («Таныстыру»), «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс») жариялады. Торайғыров «Қамар сұлуда» әйел теңсіздігі мәселесін көтере отырып, дәуір шындығын әлеуметтік тұрғыда талдаса, «Кім жазықты?» романында ауыл өмірінің шындығын жан-жақты суреттей келе, қазақ халқының шаруашылық тұрғыдан дамымағанын, талапсыздық пен шаруаға қырсыздықты, жалқаулықты, алауыздықты сынайды.
Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты. Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы «Таныстыруда» Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың «бірі - күн, бірі - шолпан, бірі – ай» екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. «Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды.
Тақырып 13-14: ХХ ғасырдың 50-80 жылдарындағы Қазақстанды өркендетудегі тарихи тұлғалар
1.Қазақстан және оның басшылығындағы тарихи тұлғалар: Ж.Шаяхметов, Д.А.Қонаев
2.Қоғамның рухани өміріндегі жетістіктерді қалаушы қайраткерлер туралы
1.Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан еңбекшілері бейбіт құрылысқа қайта оралды. Соғыс Қазақстан экономикасына да үлкен зардаптарын тигізді. Өнеркәсіп өнімдерінің, әсіресе бұқара халық көп қолданатын тауарлар өндіру түрлері қатты қысқарды. Еңбек ресурстарының проблемасы едәуір шиеленісті. Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасы әбден төмендеді. Сондықтан Кеңес өкіметі, оның жергілікті басшы органдары халық шаруашылығын қалпына келтіруге айрықша көңіл бөлді, оның қарқынын шапшаңдатуда тиісті шаралар жүзеге асырыла бастады. Елдің шаруашылық құрылысы мен мәдени саласына мемлекеттік бюджет пен күрделі қаржы қайта бөлінді. Әскери шығындар барынша қысқартылды. Республикада соғыс қажеттерін өтеуге жұмыс істеген жүздеген кәсіпорындар азаматтық өнімдер шығару үшін қайта құрылды. Сонымен бірге онда Қазақстан экономикасын өрге бастыруға үлкен мән берілді. 1947 жылы Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай -ақ, женіл және тоқыма өнеркәсібін одан әрі өркендету көзделді. Тұрғын үй құрылысын және қалалар мен жұмысшылардың тұрақты аудандарында мәдени-тұрмыстық орындар жүйесін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді.
1950 жылы металлургиялық процесстердің тұйық циклімен жұмыс істейтін Қарағанды металлургия зауытының құрылысына арналған дайындық жұмыстары басталды. Өскеменде қорғасын-мырыш комбинатының құрылысы одан ары жалғасты, 1947 жылы ол алғаш рет мырыш берді.
1950 жылы электр қуатын өндіру 1945 жылға қарағанда 2,3 есе өсті. Бесжылдық тапсырмасы бір жарым есе артық орындалды. Өскемен жылу электр орталығының бірінші кезегі, Алматы құлама су-электр станцияларының 6, 7, 8 ГЭС-тері, Тишин ГЭС-і, Құлсары ЦЭС-і және басқалар іске қосылды. Қарағанды ГРЭС-інде жаңа қуаттар орнатылды, жұмыс істеп тұрған көптеген электр станцияларының куаты арттырылды. Республикадағы аса ірі Өскемен ГЭС-ін, Жезқазған жылу-электр орталығын салу одан әрі жүргізілді.
1953 жылы 5 наурызда Коммунистік партия мен Кеңес Одағының басында 30 жылдан астам отырған И. В. Сталин қайтыс болды. 1953-1964 ж.ж. аралығындағы кезең Н.С.Хрущевтің атымен байланысты. Айтылып өткен кезең қазіргі тарих ғылымында «Хрущевтік жылымық» деп аталынды. Ол ең алдымен саяси режимнің әлсірегенін білдіреді. КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі кешірім жасау жайлы Жарлық қабылдады.
Ауылды одан әрі қанаудың мүмкін еместігін түсінген Хрущев мемелекеттік салықты азайту аграрлы секторды инвистицияны ұлғайту тәрізді идеяларды партиялық шешімге енгізе бастады. Сталин өлгеннен кейін елде демократиялық қайта құру процесі қарқынды жүре бастады. Демократиялық өзгерістердің ықпалымен Кеңес өкіметі шамадан тыс орталықтандыруды босаңсытуға және одақтас республикалардың шаруашылық, саяси-мәдени құрылыс саласындағы құқықтарын кеңейтуге бағытталған кейбір шараларды жүзеге асыруға мәжбүр болды. Бұл кезде Қазақстанның бюджет құқықтары кеңейтіліп, оның көлемі едәуір өсті. Атап айтқанда, 1951-1955 жж. өнеркәсіпке жұмсалған қаржының жалпы көлемі 1941-1950 жж. салыстырғанда 2,3 есе артты.
Ал 1956 жылдан бастап табыстың кейбір түрлері бойынша республикалық бюджеттерге қаржы бұрынғыдан да көбірек бөліне бастады. Қазақстан бюджетінің шығыс көлемі - 1953-1960 жылдарда 7 еседен аса ұлғайды: 434, 9 млн. сомнан 3 млрд. 53 млн. сомға дейін жетті.
1954-1956 жылдарда одақтық министрліктерден республика қарамағына 144 ірі кәсіпорны, ал 1959 ж. түсті металлургияның барлық 29 кәсіпорындары берілді. Мұның нәтижесінде одақтық-республикалық өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2 еседен артық ұлғайды.
1954 ж. партияның ОК ақпан – наурыздағы Пленумы Еуразия далаларына зерттеулер жүргізіліп, жыртуға ұйғарылған «Елдегі астық өндіруді одан әрі ұлғайту мен тың және тыңайған жерлерді игеру жайлы» шешім қабылданды.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің алғашқы жылдары қолайлы болды. 1956 жылы елде 125 млн. тонна рекордтық астық жиналды, оның елу пайызы тыңайған жерлерден алынды.
Бірақ экологиялық тепе - теңдіктің бұзылуымен жел эрозиясы 50-жылдары аяғында нақты проблемаға айналды. 1960-жылы Солтүстік Қазақстанда тыңайған жерлерді тиімсіз игеру нәтижесінде щаруашылық айналымнан 90 млн.га топырақ шығарылды. Тың және тыңайған жерлерді игеру тек Қазақстанда ғана емес басқа да республикаларды да қамтыды. Бірақ бұл процессте халық еркімен емес, жоғарғы жақтың бұйрығымен жүрді.
Тың игеруге басқа республикалардан адамдар көшіріліп әкелініп, оларға көптеген жеңілдіктер жасалды: Дүние-мүлкімен тегін көшірілді, әр отбасы басшысына 500-1000 сом , әр отбасы мүшелеріне 150-200 сомнан қаржылай көмек берілді. 10 жылға 10 мың сом несие берілді, оның 35 пайызын мемлекет төледі, Мал сатып алуға 1500-2000 сом несие берілді, Азық-түлік көмегі ретінде 1,5 ц. астық немесе ұн берді,
-
2 жылдан 5 жылға дейін ауылшаруашылық салығынан босатылды,
-
Мемлекеттік қаржы көзі 20 млрд. Жетті
1954 жылы тамыздағы ақпарат бойынша жыртылған жер көлемі:
- КСРО-да 13,4 млн-ға жетті;
- Қазақстанда – 6,5 млн-ға жетті;
- 1954-1955 жж. 4,5 мың маман, 1959 жылы 15 мың маман келді;
- тәртіп бұзушылық, мемлекет мүлкін талан-таражға салу орын алды;
- табиғатқа көп зиян келтірілді т.б.
-1954-1962 жж. жасанды миграциялық шаралардан халық саны күрт өсті. Жиыны 2 млн адам келді.
1954-1962 жж. бұл процес кезінде күшті ұжымдастыру жүріп, материалдық-техникалық база жеткіліксіздігі байқалды. Басты себеп-әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің ауыл шарашылығын жүргізудің сауатсыздығының салдарынан көп зардаптар әкелінді. Оған жауап мыналар еді
Тың жерлерді игеру саясатының салдары:
Тың игеру процесінің
жағымды жақтары
|
Тың игеру процесінің
жағымсыз жақтары
| -
Қазақстан-КСРО-ның негізгі астықты аймағы болды;
-
Экономиканың басқа салалары дамыды;
-
Қазақстан – көп ұлтты мемлекетке айналды
-
Еңбекшілердің ерен еңбегінің үлгісі жасалды;
-
Жаңа жолдар мен елді мекендер көбейді;
|
*Экологиялық жағдайларға ұшырады;
* Мал шаруашылығы төмендеді;
*Тың игеру экстенсивті әдіспен жүрді;
*Жер-су аттары орысшаланды
*Республиканың ұлттық ерекшеліктері ескерусіз қалды;
*Тілдік және демографиялық ахуал өзгеріске ұшырады;
*Тың игеру процесі 20 жылға жуық жүрді
|
Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (1912-1993 ) - аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері.
Алматы қаласында, қызметкерлердің отбасында өмірге келген. Орта мектепті бітіргенннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Москваның Түсті металл алтын институтына оқуға жібереді. Институтты ойдағыдай бітіріп, тау кен инженері мамандығын алған Д.Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, руднигтің бас инженері және оның директоры болып істейді.
Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Ленингор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942-52 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау кен ісі саласының ірі ғалымы Д.Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады.
Д.Қонаев 1955-60 және 1962-64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-62 және 1964-1986 жылдары Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді.
Ол бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКП ның 19 съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылдан бастап СОКП Орталық комитетінің мүшесі. Партияның 23 съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 24 съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ПРезидиумының мүшесі болды.
Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Алпысыншы жылдардың басында Н.С.Хрущевтің озбырлығымен Өзбестанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.
1986 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты Д.Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. Орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.
Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
Тақырып 14-15: Тәуелсіз Қазақстан және қоғам қайраткерлері
1.Желтоқсан оқиғасының батыр-қаһармандары
2.Егеменді елдің басшысы-Н.Ә.Назарбаев
3.Тәуелсіз елдің жасампаздары- халық қалаулылары
Достарыңызбен бөлісу: |