45
ОНЫНШЫ ХИКАЯ
ЮСУФ (АЛӘЙҺИС-СӘЛӘМ)
Ғажап түс пен Юсуфтың балалық шағы
Бірде Юсуф атты бала түс көреді. Ол ұйқысынан оянып, әкесi Яғқубқа
көрген түсiн айтып беру үшiн асығып келiп: «Уа, әкетай!
Мен он бiр
жұлдыздың, күннiң және айдың маған сәжде жасап тұрғанын көрдiм», –
дедi. Бұл Юсуфқа оның пайғамбарлығы жайлы Аллаһтан түскен аян еді.
Әкесi оған: «Ей, балам! Бұл қуанышты хабар екен. Бiрақ сен бұл түсiңдi
ағаларыңа айтушы болма. Олардың сенi аса ұнатпайтынын бiлесiң. Егер
оларға бұл түсiңдi айтсаң, олардың саған деген өшпенділігі оянады. Әрi
малғұн шайтан да ағаларыңды өшпенділікке азғырып, кектенулеріне
итермелейді», – дедi.
Юсуфтың өзiмен бірге туған iнiсi бар болатын.
Юсуф пен інісі
балалықтарына қарамастан, ата-аналарын құрметтейтін. Тіл алғыш және
үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсете білетін
екі баласын әке-шешесі
басқаларынан гөрі жақсы көретін. Ағалары мұны байқайтын және оларға
бұл ұнамайтын. Олар өзара: «Юсуф пен оның iнiсi әкемiзге бiзден гөрi
сүйiктi екенiн көрмейсiңдер ме?» – деп кектенiп, Юсуфты өлтiруге келiседi.
Бiрақ ең үлкен, ақыл тоқтатқан ағалары бұл пікірге наразылық білдіріп:
«Юсуфты өлтiрмеңдер. Оны құдыққа тастаңдар.
Жолдан өтушiлердiң бiрi
алатын шығар. Юсуфтан құтылудың соңғы да ыңғайлы шешiмi – осы.
Әкемiзге барып, одан Юсуфты сұрайық», – деп өз ойын ортаға салады. Олар
әкесiне айлакерлік жасап «Ертең Юсуфты бiзбен жiберiңiз. Ойнап-күлiп
келедi» дестi. Әкесi Юсуфты олармен бірге жіберуге бірден келіспейді. Ол
мұқият ойланып, кейiн үлкен балаларының көңіліне қарап, рұқсатын бередi.
Олар кешке әкелерiне жылап келiп: «Ей, әкетай! Бiз ойнап жүргенде, оны
қасқыр жеп кетiптi. Байқамай қалдық», – дедi. Әкесi: «Жоқ, көңiлдерiң
сендерге бiр iстi әдемi етiп көрсеткен шығар. Ендi менiң сабыр етуден басқа
амалым жоқ», – дедi.
Бiр топ саудагер
құдық басынан өтiп бара жатып, су алуға шелектi
құдыққа түсiредi. Юсуф қуанып, шелекке отырып алады.
Шелектi тартып
шығарған кiсi құдықтан шыққан баланы көрiп, қорыққанынан айғайлап
жiбередi. Маңына жиналған серіктері де Юсуфқа таңданыспен қарасады.
Сосын олар баланы өз заттарына қосып, қалаға алып кетедi. Қалаға барып,
бұл баланы бір уәзірге өте арзан бағамен бiрнеше дирһамға сатады.
Уәзір
баланы сатып алып, үйiне әкеледi. Сөйтіп, әйелiне: «Бұл балаға жақсылап
көңіл бөл. Үлкейгенде бiзге пайдасы тиер немесе бала етiп алармыз», –
дейдi. Уәзірдің көңілі ақ еді. Осылайша Юсуф уәзірдің үйінде өсіп жатады.