Ахмет Жұбанов
Aлпысыншы жылдарғы Алматы. Жасыл мәуеге малынған маужыр қала. Соғыс кезінде азды кем тұрып, дәмін татып, көзі жұмылғанша тамсана мадақтап өткен ақын Владимир Луговской тауып айтқандай – “Город вещих снов”. Жайраңдаған жайдарман ортадағы жадыра думаннан соң жайлы төсекте жатып, таң алдында тамсана көрген тамаша түстей жайсаң шаһар. Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай. Мұзарт құздардан мөлтеңдей құлап, көше сайын мөлдірей шапқыласқан меруерт моншақ тау суын жағалап, қырық сан қызыр серуендеп жүргендей. Аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұлып алғаныңды білмейсің. Өйткені, қарсы алдыңнан ол кездегі исі қазақтың бәрі де: “Шіркін-ай, бір көрсем-ау?” – деп жүретін аты әйгілілердің біреуімен қалай да ұшырасып қаласың.
Ол кездегі сондай жаппай аңсарымызды аударатын жайсаңдарымыздың бірі Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді. Көзқарақты қазақтың қай-қайсысы да ғылым десе – Қаныш Сәтбаевты, әдебиет десе – Мұхтар Әуезовті, батырлық десе — Бауыржан Момышұлын еске алатын. Ал саз өнері дегенде көз алдына төбесіндегі туырылып тұрған тұнық ауада әуелей самғап жүрген әдемі әуенді қармап алғысы келгендей, салалы саусақтарының арасындағы ақ сүйір сиқыр таяқшасын ойнақшыта сермелеп, көк бурыл бұйра шашы желді күнгі толқындай дудырап Ахаң, Ахмет Жұбанов, тұра қалатын. Ол лекция оқиды, дирижерлік етеді дейтін жерге тайлы-таяғымыз қалмай тегіс ағылатынбыз. Қырау көмген қылаң шашына лайық киім киісі, тіп-тік еңсесі мен шалқақ басына лайық жүріс-тұрысы, кеңірдегіне күш салмай, естір құлаққа ғана еншілеп, ерінінің ұшымен емескілеу тіл қататын биязы дауысы – бәрі-бәрі терең парасат пен биік талғамнан тағылым танытқандай. Қол созым жерде тұрып, ұшар шыңның басынан тіл қатқандай. Көз жетпестей алыс, қол жетпестей биік көрінетін. Сондай қиялыңмен ғана аймалай алатындай арман тұлғамен көзі мен көзің, сөзі мен сөзің тоғысатындай жерден бетпе-бет жүздесіп, емен-жарқын тілдесе қоямын деп кім ойлаған?!.
Қайран жастық албырттық-ай! Өз жүрегің өз кеудеңе симай, өрекписің де жүресің. Қараптан қарап тілің қышиды. Дүниенің барлық кетік-кемшіні баяғыдан бері сені күтіп жатқандай. Сен айтсаң, бәрі де өзгеріліп, жөнге басып кете қоятындай. Университет бітірмей жатып, “Қазақ әдебиетінде” қазақ фильмдерін сынап “Ниет пен нәтиже” дейтін мақала жазып киногерлерді, “Лениншіл жаста” Алматы архитектурасын сынап “Телмірген терезелер, қағанақ қабырғалар” деген мақала жариялатып, сәулетшілерді бөрі тигендей бөрліктіріп дәндеп алған басым “Күйдің де күйін ойлайық!” деп дабыл қағайын. Редакция телефондары тағы да безгек тигендей безілдей жөнелсін... Біреуін көтеріп қалып ем, көзім атыздай болды: “Бұл — “Лениншіл жас па? “Иә”. “Әбіш бар ма екен?” “Тыңдап тұр”. “Бұл — Ахмет Жұбанов қой”. “Саламатсыз ба, Ахмет Қуанұлы?!” “Қалқам, мақалаңды оқып жатырмыз. Кафедра отырысында талқыламақпыз. Ертең сағат он бірде, консерваторияда. Қолыңыз тисе, қатысқаныңызды қалаймыз”. Мә, саған безгелдек! Қуанғанымды да, қобалжығанымды да білмеймін.
Айтылған уақытта консерваторияға бардым. Өңшең сахнада ғана көретін ығай мен сығай. Ахаң қақ төрді емес, қапталдағы қабырғаны бойлап жапсарлас қойған орындықтардың ең түпкісін иемденіпті. Қасында бір орын бос тұр. “Келіңіз, келіңіз!”— деп, мені соған отырғызды. Қызу талқы басталды да кетті. Ешкім мақалаға тиіскен жоқ. Қайта онда сөз болмаған соны мәселелер көтерілді. Газет бетінде оларға да орын беруге уағдаластық. Тіл табысып, тарастық. Қоштасқалы қолымды созып ем, Ахаң сағатына үңілді. “Түскі үзіліс болыпты. Сосын өзім апарып салармын”,— деп, есікке қарай бастай жөнелді. Көкшіл ме, сұрғылт па — әйтеуір бозғылт киінетін академиктің үстіндегі киіміне өңдес мәшинеге жайғасып жатып жұрт білетін бір оқиға ойыма түсті. “Әлгі Хамаң отыратын мәшине осы ма?”— деп едім, Ахаңның оң жақ иығы бүлк ете қалды. “Иә, сол, қалқам. Хамаң ол күні әлденеге буырқанып, қошқар тұмсығын қолақпандай қылып, әнтек әуелетіп, қой түнеткен жердің иісін сезген арлан бөрідей, құлағын тікірейтіп, едірейіп отыр екен. Орнымыздан қозғала бергенде, ігір де жоқ, мігір де жоқ: “Аха, сіз осы, өлең танисыз ғой. Құдайы шыныңызды айтыңызшы, қазіргі ақындардың қайсысы мықты деп санайсыз?”— деп салғаны. Әрірек кетсем, бір пәлеге ұшырарымды білдім. Беріден оралып: “Өзіңді ғой, Хамитжан!”— дедім. Батырың қапелімде мүдіріп қалды. Соны пайдаланып: “Расында да, сенен басқа қайсысының шофері академик?!”— дедім. Сол-ақ екен, мәшинемнің бөксе тұсы бүлкілдеп қоя берді. Рахаттана бір күліп алған ақын: “Аха, Алла риза болсын!”— деп, алғыс айтты”.
Ахаңның жымиып қойып, жайбарақат баяндай салған әлгі әңгімесіне мәз болып отырып, жетер жерімізге қалай жетіп қалғанымызды да байқамаппыз. Хайуанаттар бағының құбыла бетіндегі тұйық көшеге келіп тоқтадық. Қақ маңдайдағы көк шарбақта суретші Әбілхан Қастеев, ал күн батыс қапталдағы есік-терезесін көкпен бояған тәпене үйде Ахаң тұрады екен. Атақты адамның қаралай пысы басып, үй ішіне дұрыстап көзім де түспеді. “Жеңгең балаларына кеткен болды”,— деп Ахаң өзі шәй қойды. Дастархан үстінде не әңгімелескеніміз анық есімде қалмапты. Әйтеуір, түскі үзілістен соң Ахаң қызметіме өзі жеткізіп салды. Ол күні менің де “шоферім академик” болып, өзімді редакциядағы “ең мықты” қызметкер сезініп, қомпиып жүрдім. Бірақ, жұрт мақтаншақ екен дер деп, ол күні түскі шәйді қайдан ішкенім жайында ешкімге тіс жарғаным жоқ. Бір күні жігіттер сеңдей сығысып отырған біздің бөлмеге қыз көре келген күйеудей сызданып Ахаң кіріп келгені. Көбелек қуалап жүрген кісідей аяғын еппен басып, ерінін болар-болмас қимылдатып, бәрімізге жағалата бас изеді. Біз орнымыздан атып-атып тұрдық. “Әбішжан, мынау әнеукүнгі күй туралы пікір алысуыңызға жазылған нәрсе еді”,— деп, папкасынан қағаз суырды. Ол — кейін кітаптарына енген “Сөз күй жөнінде” дейтін мақаласы еді. Әйгілі ғалымның қолжазбасын көмекшілерінің бірін жұмсамай, өз аяғынан әкеліп тапсырған қарапайымдығына қайран қалыстық.
Кейін сазгер алпысқа толғанда, сол оқиға естеріне түсті ме, редакция басқа қызметте жүрген менің мақала жазып беруімді қолқалады. Бұл жолы Ғылым академиясына іздеп бардым. Терезесі терістікке қараған аядай бөлме. Иін тірестіріп қойылған үстелдер. Аяқ басар жер жоқ. Босағаның қыр көзінде қобыраған қалың бума қағаздардың арасында басы ағараңдап Ахаң отыр. Әңгімесін тыңдап, мерейім өссе де, жұмыс орнын көріп, көңілім құлазып қалды. Бірақ, мұнысын да ұлы адамның кішіпейілдігіне жорыдым. Мүшелтой күндері сала құлаш мақалалар жарияланып жатты. Кешқұрым телефон шылдыр ете қалды. Көтерсем — таныс дауыс. Әдеттегідей мығым емес, әлденеге жүрексініп тұрғандай. “Қалқам, жақсы лебіздер аз айтылып жатқан жоқ қой. Бірақ, сен көйлектің ішкі бауындай өнердің өз адамының сөзін айтыпсың. Рахмет. Амандық болса, хабарласамыз ғой!”— деді. Бір жағынан масаттансам да, бір жағынан көкірек тұсым шым ете қалды. Жұрттың көпшілігі төбесімен көк тіреп тұр ғой деп ойлайтын асқаралы тұлғаның әлгі бір жасқаншақ сөз ләмі мен қажыңқы үнінен арасында не жүргені белгісіз бейтаныс орманға енді аяқ басқан бейсауат адамдай қаралай жүрегім лоблып, қобалжып қоя бердім.
Көп ұзамай Ахаңның зайыбы – Науат жеңгей дүние салды. Бір топ кісі болып кіріп шықтық. Қатты қимастығы көрініп тұрса да, отырысы нық, әңгімесі ширақ еді. Арада аз уақыт өте өзі төсек тартып қалды. Ауруханадан санаторияға шығыпты дегесін, іздеп бардық. Сүйек-сүйегі арса-арса болып, сылынып қалыпты. Жанары тұңғиықтанып, бет алды көгіс тартқан. Жұрттың жасқана қойған сыпайы сауалдарына тек жауап, мезірет қана жасап, ағыл-тегіл ақтарылып кетпей, кібіртіктеп, іркіле сөйлеп отыр. Өзін емес, естір құлақтарды аяғандай, көкірегіндегі айтып тауыса алмас лек-лек сырды көмейіне тұншықтырғандай, бәрімізді көзімен шолып, еміренгені де, мүсіркегені де белгісіз, иегін болар-болмас қимылдатып, қайта-қайта мүдіріп, үн-түнсіз қалады. Сол жылы сары күзде мен әскерге кеттім. Бықсыған қоңыр күзде Алматы Ахаңмен қоштасыпты. Әлгіндей-әлгіндей санаулы мезеттер, енді құдайдан қанша тілесең де қайтып оралмас тылсым сағынышқа айналды. Аяулы Ахаңның өз аузынан ести алмай қалғандарымызды білмек болып, көзқарақты адамдардың аузына үңіліп, арғы-бергі кітаптарды ақтармалаудан басқа амал қалмады. Сөйтсе, пайғамбар жасына жетер-жетпесте көз жұмған оның өмір жолы, расында да, екінің бірі тұмсық батыра бермейтін, ат көпір айдау жолдан бір бүйір бұрыс жатқан оқшау орман сияқты екен. Оның қатпар-қатпар қалың жынысын әлі ешкім жүрегі дауалап түгел аралап, толық сүзіп шыға қоймағандай.
Сонау Мұзды мұхиттан Арал теңізіне дейін бірде кілт үзіліп, жайдақ жазықпен алмасып, бірде қайтадан еңсе көтеріп, үздік-создық созылып жатқан жақпар-жақпар жапырық таулар сілемінің арасында жеке жайылған нарқоспақтай Орқаш атты оңаша жота бар. Сол маңайды баяғыдан жайлап жүретін Назар, Шүрен ауылдары бұрындары Темір уезіне қарапты. Соған кіретін Темірорқаш болысының тоғызыншы ауылы болып есептелетін Қосуақтамның төңірегін ағайынға сыйлы, айналаға абыройлы, өз шаруасына мығым Жұбан ақсақалдың қол астындағы шаңырақтар мекендепті. Оның өзі де, үлкен ұлы Қуан да байығанның жөні осы екен деп, қауға санап, құмалақ теріп қалмаған, төңіректе не болып, не қойып жатқанына енжар қарамайтын, көңілі ояу, көзі ашық кісілер болыпты. Арабша, парсыша, түрікше білетін, усул жадид жолын қуған Оспан ишан деген молда ұстап, балаларына тарих, математика, жағрапиядан мәлімет бергізіпті. Оны да місе тұтпай, жақын маңайға кеп жайғасқан орыс, немістердің тілдерін үйреніп, олардың көрер көзге таңсық тіршілігіне біртіндеп қаныға бастапты.
1913 жылы Темір уезіне тиесілі екі орыс мектебінің біреуін өз ауылына сұрап алып, Сатыбалды дейтін қайратты жігітке шымнан кірпіш ойдырып, үй қалатып, екі жылдық мұғалімдік оқу тауысқан Хұсайын Ашығалиев дейтін ұстазды шақырып, Қосуақтамда “Уркачевское однокласное русско-киргизское училище” деген оқу орнын аштырыпты. Ол еңбектері ақталып, Қуанның 1899 жылы туған тұла бойы тұңғышы Құдайберген әп дегеннен зеректігімен көзге түседі. Қосуақтамдағы, Електегі, Уфадағы орысша-мұсылманша оқу атаулының бәрін мерзімінен бұрын үздік бітіріп, сүзектен дүние салған Қуан мен інісі Тәкеннен қалған екі үйлі жанды асыраймын деп ауылға келеді. Әлеуметтік іске араласып, әуелі Жұрындағы уезд, Ақтөбедегі губерния, сосын Қызылордадағы республика орталықтарына қызметке шақырылады. Жұмысбасты жүрсе де, қиян түкпірде жатып, өз бетімен оқып, бірден емтихан тапсырып, Ленинградтағы А.С.Енукидзе атындағы Шығыс тілдері институтының дипломын алып, аспирантураға шақырылады. Сол тұстағы шығыстанушы ғалымдардан дәріс алып, көп ұзамай Н.Я.Марр, С.Е.Малов, И.И.Мещаннинов, В.А.Богородицкий, Е.Д.Поливанов сынды әйгілі яфетолог, түркітанушы оқымыстылардың санатына өзі де қосылады.
Күллі қазақ ағарту майданының жаңа шамшырағына айналған Құдайберген Қуанұлының шарапатты жарығынан 1906 жылы туған інісі Ахмет те құр қалмайды. Бес жасынан бастап қазақша әріп танып, өлең, тақпақ жаттайды. Ағасымен жолдас Жиенғали Тілепбергенов, Абдолла Беркінов сынды оқығандардың, ауыл аралап жүрген Науаш, Жұмабек, Тоғыс, Барлыбай сынды жыршылардың әңгіме-хиссаларын тыңдайды. Аймаққа аян қарт домбырашы Талым, нағашысы Әлдеберген, жездесі Ырзағұлдар тартқан күйлерге құлақ түреді. Оның үстіне Қосуақтамдағы мектепті басқарған Құсайын Ашығалиев та домбыра, гитара, скрипка, мандолинада бірдей ойнап, нота білетін өнерпаз кісі болып шығады. Ол кішкентай Ахметті көрер көзге саз өнеріне баулып, аспаптарға үйретіп, ән салғызады. 1916 жылы Ахмет ауыл мектебін тауысып, Жұрындағы екі кластық мектепке түсіп, бітіреді. 1919 жылы әкесі өлген соң, ағасына болысып, жұмысқа кіріседі. Бірақ, музыкадан қол үзбейді. Мәскеуден нота оқулығын алдырып, мандолина ойнауға жетіледі. 1927-1928 жылдары Темірде, Ақтөбеде мұғалім болып жүріп, орыс халық оркестріне қатысады. 1929 жылы аспирантураға бара жатқан Құдайберген талабы таудай інісін Ленинградқа ертіп әкетеді. Әуелі музыка техникумында А.А.Этигонның скрипка, кейін консерваторияда Ф.А.Неманның гобой класында оқиды. 1930 жылы Ленинградтың “Рабочий и театр” журналында тұңғыш мақаласын жариялатқан А.Жұбанов 1932 жылы Ленинград консерваториясының тарих-теория факультетін бітіріп, өнертану академиясына аспирант болып кетеді. “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан”,— деп Абай айтқан қағиданы бұлжымас заң еткен жас музыкант ұлттық саз өнерінің қай жыртығына да жамау болуға пейіл тұрады.
Арманшыл жастың өз айтуынша, “мамандық таңдауда ат басын ақырғы көмбеге тіреуі А.В.Затаевич есімімен тығыз байланысты” еді. Ол 1928 жылы Ақтөбеге бір айлық курсқа барады. Кинотеатрлардың бірінде экрандағы мылқау фильмді скрипкамен әуездеп отырған бейтаныс кісіні көреді. Ертесіне оның пәтеріне іздеп барады. Сөйтсе ол Варшава консерваториясын бітірген соң, тағдыр айдап, Ақтөбеге келіп, әлгіндей кәсіппен күн көріп жүр екен. Жас курсанттың музыкаға әуестігін губерниялық оқу бөлімінің бастығы Решетняк та байқап қалады. Ол Ахметке А.В.Затаевичтің “Қазақ халқының 1000 әні” кітабын сыйлайды.Оның мазмұнымен толығырақ танысқысы келген Ахмет оны баяғы таныс скрипкашысына апарып көрсетеді. Таң қаларлығы, ол А.В.Затаевичті Варшава консерваториясынан біледі екен. Мынау еңбекке қатты таңғалып, ондағы бір-екі шығарманы сол арада сольфеджиоға түсіреді. Затаевич жинаған бірнеше әнді ойнап береді. Скрипкадан, музыка теориясынан, сольфеджиодан сабақ алу үшін Ақтөбеге көшіп келуге кеңес етеді. Ахмет татар махалласындағы қазақ мектебіне мұғалім болып орналасады. Таныс скрипкашы П.Чернюкке ай сайын 8 сом төлеп, сабақ алады. Сол күндері-ақ ол А.В.Затаевич жүрген жолмен жүруге бел байлайды. Бұл шешімі консерваторияда оқып жүргенде одан сайын бекемдене түседі.
1931 жылы маусымда Ленинградтан келе жатып, Мәскеудегі қазақ өкілдігіне тоқтайды. Солардан адрес алып, әйгілі ғалымның пәтеріне іздеп барады. Өзі үйде жоқ екен. “Әйелі тұрмыстарының қиындығын, бөлмелерінің тарлығын, Александр Викторовичтің денсаулығының онша еместігін айтып шағына бастайды”. Бөлме жиһаздары, шынында да, Александр Викторовичтің “шықпа, жаным, шықпалап” өмір сүріп жатқандығын байқатады. “Сыңайына қарағанда прокатқа алынған ескі рояль, лақсасы шыққан диваннан өзге іліп алар ештеңе жоқ екен”. Шешесінің әңгімесіне араласпай, шеттеу отырған бойжеткен Ольганы көрген Ахмет, жұртқа айтқызсаң, ән-күйге құмар “әңгүдіктеу ауылдың әңгүдік баласы” екендігі есіне түсіп, ескі рояльге отырып, салдырып желіп келе жатқан салт аттыны бейнелейтін “Екі жирен” әнін орындап отырған кезде “үстінде түсі оңған сұр кителі, сол түстес жартылай галифесі, аяғынан тастамайтын етігі бар” Затаевич кіріп келеді. Бейтаныс жігітпен құшақтасып, Ақтөбе губерниясының әндерін жазып алуға бара жатқанын, КСРО Ғылым академиясының жаңадан жазу мұрағаты берген фонографтың отыз ұршығымен бірге Қазан вокзалының жүк сақтайтын ұяшығында жатқанын естіп, балаша қуанады. Жас зерттеушіге халық арасындағы шығармаларды қалай жинап, қалай жазып алудың шарттары мен жолдарын үйретеді. “Әсіресе, орындаушыларға өз дауыстарын қайта естірткенде, олар қызығып, өз репертуарларындағы барды түбіне дейін сарқып беретінін” түсіндіреді. Әрине, мұндай кеңестер Ахметке “халық әндерін жазу кездерінде көмегін тигізгені сөзсіз”.
1933 жылдың ақпан айында Қазақ үкіметі алғашқы музыка техникумын ашып, оның жұмысын жолға қоюға Ленинградта оқып жүрген Ахметті шақыртады. Бір жылға демалыс алып келген аспирант біржолата Алматыда қалып қояды. Техникум жанынан халық музыкасын зерттейтін кабинет ашылды. Кабинеттің жанынан халықтың музыка аспаптарын қайта жасау, жаңарту, жетілдіру жөніндегі шеберхана ұйымдастырылды. Онда бұрын да домбыра жасап жүрген Қамар Қасымұлы мен скрипка жасап жүрген шеберлер Борис және Маниул Романенколар іске кірісті. Алғашқы жасағандары Арқаның қысқа мойын қалақ бас, батыстың ұзын сапты қозы құйрық альт домбыралары болды. Оларға қолдан иірілген қой ішегі емес, дәрігерлер пайдаланатын иірген тарамыс тағылды. Ол қатты бұрауға, дыбыстың күшті шығуына қолайлы еді. Қосарлап сым ішек таққан прима домбыралар да жасалды.Техникум оқушылары мен Оралдан шақыртылған әйгілі күйші Лұқпан Мұхитов бастаған он бір кісіден ансамбль құрылды. Ол кейін он жеті кісіге жетті. Бірігіп ойнауға айлап машықтанып жүргенімен, көпшілік алдына шығуға асыға қоймады. Сөйтіп, 1934 жылғы маусым айы да жетті. Алматының Дзержинский көшесіндегі Қазақ драма театрының іші-сыртына құжынаған халық қаптап кетті. Дәл бірінші маусым күні кешкі сағат сегізде Бірінші Бүкілқазақстандық халық өнері қайраткерлерінің слеті ашылды. Қазылар алқасында Мәскеуден жеті тәулік жол жүріп, пойыздан ауырып түскен А.В.Затаевич те отырды. Ол бұрынғы Гоголь мен Ленин көшелерінің қиылысындағы, бір кезде Троцкий тұрған, “Жетісу” мейманханасынан әзірленген бөлмесіне тек тұмсығын сұғып, дереу абыр-сабыр болып жатқан театрға тартты. Шартараптан келген сан алуан өнерпаздарды көз айырмай қадағалап бақты. Нота дәптерін тізесінің үстіне қойып, бұрын естімеген шығармаларын жан ұшыра жазып алып жатты. Үзілісте өнерпаздарға барып жолықты. Естіп-көргендеріне таңдайын қағып, үсті-үстіне қайран қалумен болды. Жұрттың бәріне ұзақ қол соғып, ауызы жалпылдап сөйлеп, оң-солына тістерін ақсита күліп, масаттанып қояды. Слеттің ақырғы күні тіптен есі шығып кете жаздады. Сахнаға ойда жоқ жерден домбырашылар ансамблі шықты. “Айжан қыз” бен “Кеңес” күйін, “Дударай” әні мен “Келіншек” биін құйқылжыта орындады. Затаевич жанарына лық ете қалған ыстық жасты жасыра алмай, иықтасып қатар отырған Ахмет Жұбановты айқара құшақтап, ернінен қадала ұзақ сүйді. Өзінің көптен күткен арманына жақсы көретін шәкірті жеткеніне төбесі көкке тигендей қуанып, Қазнаркомпросқа “халық музыкасын насихаттау үшін әлгі ансамбльді негізге ала отырып, қазақ музыканттар тобының турнесін құруды” ұсынды. Сол күнгі кешкі жиын әйгілі ғалымды ұлықтаған мүшелтойға ұласты. Ол өз ғұмырын арнаған қазақ өнеріне деген ыстық сүйіспеншілігі мен еңбегін бағалаған ақпейіл халыққа деген шексіз ризашылығын ағыл-тегіл ақтарып бақты.
Аталмыш байқау қазақ музыкасындағы жаңа кезеңді бастап берді. Бұрын әлемет әншілігімен аты шыққан далалықтар енді жұртты ерен күйшілігімен таңғалдырды. Мұны теория жүзінде алғаш дәлелдеген Құдайберген Жұбанов еді. “Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы” деген еңбегінде ол: “Қазақта ән мен күйдің екі басқа болушылығының өзі халық музыкасының жетіскен сатыда тұратындығын көрсетеді. Өйткені, бұлар әуелден айырылып туған емес, ән мен күй әуелде бір болып, бара-бара бірінен бірі айырылып, вокал музыка, инструментал музыка болып, егізделіп шыққан. Халық музыкасының көпшілігі мұндай екі айрылуды әлі күнге дейін білмейді. Музыкалық шығармаларының барлығы да тек әндер ғана болып, күй сияқты жанрды атымен білмейтін елдер де бар; немесе ән мен музыка аспаптарын қоса отырып, бір жағынан биді де араластыратын, музыкасы синкретизм деңгейінен асып болмаған бірқатар елдер және бар”,—дей келе, татар тілінде әнді де, сазды да “күй” дейтінін, онда ән салмай, тек аспапта ойнайтын саз тіптен болмайтынын, ал өзбек музыкасында ән, күй, би үшеуі бір-бірімен қой қосақ араласып жүретінін айтады. Олай болуының себебін әуелде ән, өлең, би адамдардың жаратылыспен әлі ірге ажыраспаған балаң шағында сырына қанығып болмаған табиғатты өз дегендеріне ылықтырып алудың магиялық тәсілі — айла-амалы ретінде қалыптасуымен түсіндіреді. Келе-келе мұндай еліктірме өнердің өзі де жіктеледі. Әр саласымен әр қилы кісілер шұғылданатын болып, әр тарап салаларға сараланады. Бұрын бәрімен шұғылданатын абыздар енді есепшілерге, жұлдызшыларға, бақсыларға, тамыршыларға бөлініп, әрқайсысы әр кәсіпке машықтанатын болады. Соған орай, олардың өз кәсібін сүйемелдейтін магиялық тәсілдері де әралуанданады. Ол әкеден бала үйреніп, тұқым қуалап, кәсібилене түсті. Бұл үдеріс әр халықта әр қилы өрбіді. Қазақта бақсы “ауруды бағатын” емшілікті ғана білдірсе, көптеген жұрттарда ол науқас адамның көңілін аулап, көзін арбауды көздейтін әншілікті де, ақындықты да, күйшілікті де білдіреді. Музыка терминдерінің семантикасы да соған айғақ болғандай. “Қобыз” сөзі ежелгі “абыз” деген, “сыбызғы” “сыбыс”, қазақтың “домбыра”, арабтың “тамбур”, бенгалдың “тапыр”, гректің “тамир” сөздері әуелде үн шығаратын белгілі бір нәрсені білдіретін ең бір түпкі ұғымнан тараса керек-ті. “Күй” сөзін әуелгі “көк” дейтін ұғымнан шығарып, Қ.Жұбанов музыкалық терминдер әралуандығын адамзат қоғамының айналадағы дүниені тануы барысында қалыптасқан кәсіби жіктелу эволюциясымен түсіндіреді. Қазақ күйлерін халық музыкасы тәжірибесінде атымен сирек кездесетін айрықша тосын құбылыс ретінде қарастырады. “Бұл — осы күнгі Еуропаның симфониясы тәрізді. Мұндай дәрежеге жетісу үшін халық музыкасы жақсы дамыған болуы керек. Сондықтан күйлерді қазақ музыкасының ең жоғарғы түрінің үлгілері деп білуіміз керек”,— деп түйіндейді.
Солай бола тұра аталмыш кезеңге дейін Құрманғазының генерал В.Перовскийді, жорналшы Н.Савичевті, Дәулеткерейдің жат жерлік мәртебелі меймандарды, Тәттімбеттің де көлденең көк етікті қонақтарды оңаша тамсандырғандары болмаса, халық күйлері бейтаныс аудиторияларда, көп халық бас қосқан үлкен жиындарда орындала бермейтін-ді. Тек әйгілі сазгер Сейтек Оразалиев 1923 жылғы тамызда бүкілресейлік ауылшаруашылық көрмесінде әлденеше күй орындап, мәскеуліктерді әбден тәнті еткен-ді. Алайда, қазақ астанасындағы “өз білгіштеріміз” 1936 жылы тұңғыш рет драма театрының сахнасында Құрманғазының не бір саңлақ шығармаларын орындаған Уақап Қабиғожинді іш пыстыратын “мәнсіз ұзақ тартыс” деп қызметтен қуып жібереді. Сөйтіп, күй 1934 жылдың маусымына дейін сүтке тиген күшіктің халін кешіп, сахнадан өгейлік көріп, көрепара қақпайланып келді. Ленинград аспиранты Ахмет Жұбанов бұл өкінішті түсінікті түзетуге күш салады. Ол да ағасы Құдайберген Жұбановтың “Бұрыннан бар музыка мұраларын жетілдіріп, толықтырып, көркейтіп, көркемдік жағын күшейтіп, примитив түрлерін гармониялап, халық музыкасындағы өмірге, тіршілікке шақыратын ерлік, талап, жігер тудыратын элементтерін саралап алып, кертартпа, сары уайым, жасықтық туғызатын жағын жойып, — осы ретпен ғана қазақ ұлтының қазіргі музыкасын дамытуға болады. Халық музыкасы мұраларын зерттеудің маңызы зор болатыны осы жағынан” дейтін қағидасын ұстанды. Ұстазы А.В.Затаевичпен тізе қосысып, жоғарыда айтылған жаңаша өнер көрсеткен шағын ансамбльді байқауға жер-жерден келген дәулескер домбырашылар, қобызшылар, сыбызғышы-сырнайшылармен толықтырып, ұлт аспаптары оркестрін құруға күш салады. Ол талпыныстары үкімет тарапынан қолдау табады. Оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып Ахмет Жұбанов тағайындалады.
1935 жылғы қаңтардың екісі күні. Кешкі сағат 8. Дзержинский атындағы клубтың шымылдығы сырғып ашылды. Жиналған жұрт әуелі сахнаны лық толтыра жайғасқан өзбектің ала жолақ биқасап матасынан тігілген сырма шапан киген бейтаныс адамдарды көріп, қапелімде, аңтарылып қалды. Сосын олардың қолдарындағы қазақы домбыраларын танып, дуылдата қол соқты. Алдыңғы жақтағы аузы-басы сүйреңдеген бір жеңгей: “Мына неменің қақ алдымызға келіп, қаздиып тұрып алғаны несі!?”— деп, дирижерге тиісті. Алты ай бойы дайындалған оркестр Қали Жантілеуов алып келіп үйреткен “Адайды” бәйге төбеге жетіп қалған желаяқтардай желпініп, аласұра арындатты. Зал дуылдата жаңғырықты. Шарт-шұрт шапалақ басылмай тұрып алды. “Бис,бис” деудің орнына, “бас,бас” деп кеңірдек жыртқан көпшіліктің сұрауымен күй қайта-қайта орындалды. Залдағылар да, сахнадағылар да жаппай көздеріне жас алып, мәре-сәре боп жатты. “Құрманғазы тіріліп келсе, қандай қуанған болар еді?!”,— деп қиялдады жас дирижер.
Сол жылғы жазда оркестр облыстарды аралады. Қай тарапқа барса да, халықтың қуанышында шек жоқ. Оркестрдің қатары көбейді. Бұрынғы альт домбыраларының үстіне шанағы үлкен, дыбысы қоңыр тенор домбыралар қосылды. Қақ төрге ата қаздай алшайып, бас домбыра жайғасты. Созақтан келген жалғыз қобызшы Жаппас Қаламбаевқа Қараталдан келген Жұмағали Қасымов қосылды. Ұжымның көлемі кеңіп, дыбысы байыды. Орындалатын күй саны да өсті. Күздігүні Алматыға күйтабақ жазатын бригада келіп, оркестрдің орындауында он бес күй жазып алды. Оны естіген жер-жердегі жастар шағын оркестрлер ұйымдастырды. Қыс бойы қазақ өнерінің Мәскеуде болатын он күндігіне дайындық басталды. Ұлт оркестрі үлкен концерттің шымылдығын ашатын болды. Алматы оқу орындарындарында домбыра үйірмелері құрылып, талантты-талантты дегендері таңдап алынып, бұрынғы отыз кісіге тағы да отыз кісі қосылды. Мамырдың басында Мәскеуге аттанған екі жүз елу адамның алпысы оркестрде ойнады. Олар Үлкен театрда қойылған қорытынды концерттің шымылдығын ашты. Мәскеуліктердің аузынан “Жамбыл”, ”Күләш”, “Қазақ оркестрі” деген сөздер түспей қойды. Сол жалғыз оркестрдің кезінде Жамбыл атындағы ұлттық филармония құрылып, оған да Ахмет Жұбанов жетекшілік етті. “Домбыра, қобыздан ештеңе шықпайды, оларды жиып қойып, балалайка, мандолинаға көшу керек” дейтіндердің ауыздарына құм құйылды.1935 жылдан бастап, оркестрге нота сабағы жүргізілді. Нотамен ойнау үшін оркестр құрамы, аспаптардың бұрауы, пернесі өзгертілді. 1937 жылы музыка аспаптары әуездеріне қарап, дауысқа жіктеле бастады. Қобыздар бірінші, екінші, альт, бас, контрабас қобыз болып, домбыралар бірінші, екінші прима, альт, бірінші, екінші тенор, бас, контрабас домбыралар болып бөлек-бөлек сұрыпталды.
Достарыңызбен бөлісу: |