ҚАЗАҚТАҒЫ ЕЛ БАСҚАРУДЫҢ ҮЛГІСІ
Қазақ қоғамындағы билердің рөлі мен билер алқасы туралы. Егемен ел болғалы қазақ халқының табиғатынан туындайтын талай тағылымды тұстарды ауызға алып, қайта жаңғыртып, ұлттық үрдіске лайықтап кесіп-пішіп жатқанымыз белгілі. Қазақтың үш ұлы биінің, әрі батыр, әрі би Сырым Датұлының мерейтойларын атап өткенде көптеген ойлар туындаған. Шынында да өз заманында бұл бабаларымыз ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен ретінде танылған еді.
Сонда бізді толғандыратыны: неге біз патшалық отарлауға дейін мұрты бұзылмаған ел басқарудың тамаша үрдісі – билер алқасын қайта жандандырмаймыз деген ой еді. Бізге енді ғана егемендіктің дәмін тата бастаған іргелі елге ғасырлар бойы жалғасқан халықтық дәстүрді қайта жаңғыртпасқа?
Талғам таразысына салып көрейікші. Қашан қазақ жері отарлау саясатының құрсауына түскенге дейін билер алқасы арқылы дау-дамай, жанжал ғана емес, азаматтық, елдік, рулық мәні бар мәселелер кең көлемде шешіліп отырды. Билердің басқаруы өмірдің, күнделікті тіршіліктің қажеттігінен туындаған, қазақтың ұлттық табиғаттына сай келетін. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, қандай шаруаны болмасын сабырлықпен, көптің қатысуымен, елдің төрелік етуімен, билердің билік құруымен шешіп отыратын. Соның арқасында ешкімді итжеккенге айдатпаған, абақты, түрме тұрғызудың қажеттілігі болмаған. Бітім, құн беру, келісімге келу, ағайыншылық жолдарымен талай күрделі мәселенің күрмеуі шешілген. Қандай мәселені де әр елдің, әр ауылдың билері, ақсақалдары үнемі әділдікпен шешіп отырған.
Әрдайым қара қылды қақ жарған әділдікті берік сақтаған. Халқымыздың ежелден ұстанымы осындай болған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал халықтың тәжірибесінен алынған.
Қазақта «Он үште – отау иесі, он алтыда – ордаға кіреді» деген сөз бар. Өйткені 16 жас – кәмелет жасы. Ордаға кіреді деген сөз осы жаста хан сайлауға, би сайлауға, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге қатысады деген ұғымды білдіреді. Ал халық сынынан өтіп, ақыл-парасатымен танылған балалар 16 жасында би болып сайланған, ел басқару ісіне араласқан.
Біздің білуімізше, билер беделі мен орнына қарай: төбе би, төтенше би, жеке би, бітуа би, аға би, бала би болып келеді. Әркімнің өзінің билік айтатын, пәтуаға шақыратын тұстары болған. Мәселен, төтенше би шұғыл мазмұндағы мәселелерді шешкен. Бұл – тұрақты би емес, мұндай мәртебенің қай-қайсысы да билердің кеңесуімен ғана берілген. Өздері «мына мәселеде пәленшенің білігі бар, соны белгілесек» деп отырған. Әрмен қарай қалай алып кетеді, ол сол бидің парасат-пайымына байланысты болған. Әдетте би атаулы өзінің ойын дәлелдеп шығатын, соған үлкен дайындығы бар, өмірлік-пәлсапалық тәжірибесі мол, құқықтық мәселелерді терең меңгерген адамдардан іріктелген. Аңғаратын бір жайт, қазақта билердің айтқандарына бәрі де мойынсұнған, бұл бір қаймағы бұзылмаған елдіктің әдемі нышандары.
Қазақ халқының тұңғыш аудармашысы, публицист және прогресшіл бағыт ұстаған ағартушы-демократ Дінмұхамед Ғазыұлы Сұлтанғазин (1897-1917/18) өз зертеулерінде
Ш. Уәлиханов сияқты қазақ қоғамындағы билер сотының тиімді және гуманистік сипаттағы нышандарына ерекше назар аударған. Қазақтың билер сотының демократиялық және ұлттық ерекшеліктерге сай келетіні қахында ерекше толғаныспен жазады. Билер сотының жағымды, бюрократиялық сипаттардан мүлдем ала жақтарын мақтанышпен көрсетеді. Сұлтанғазин билердің ертеректе сайланбағанын ақсақалдар өздерінің халық дәстүрлерін жақсы білгендіктен би боп танығандарын айтады. Билердің шешімдерін ешкім өзгертпеген, тіпті хандардың өзі билердің ісіне араласпаған, тіпті шешімдерін бұза аламаған.
Бұрынғы және қазіргі қазақ қауымына белгілі заңгер, саясатшы Дінмұхамед Сұлтанғазиннің бұл пікірінен мынаны аңғаруға болады. Билер сотының шешімі дауласқан екі жақтың да талаптарына сай келіп отырған, билердің іс бойынша айтқан билігіне даугер де, айыпкер де риза болған. Егер бір жақ шығарылған билікке риза болмаса шешім әділетсіз деп танылған. Қазан төңкерісіне дейінгі билер сотының тәжірибесіне небір күрделі істер бойынша шығарылған үкімнің әділеттілігіне бүкіл ел риза болып отырған.
Қазақтағы билердің дауға кесік айту дәстүрі туралы Әлихан Бөкейхановтың еңбектерінен де кездестіруге болады. Оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 21-санында жарық көрген «Бас қосу турасында» деген мақаласында қазақ халқының дәстүрлі салтындағы үлкен жиынға әр рудың сөзін ұстап баратын адамның, ақсақалдың, бидің қазіргі дәуірдегі көпшілік атынан сайланып, қызмет ететін депутатпен орайлас екендігін салыстырып көрсеткенін байқаймыз. Ендігі уақытта, орысқа қараған заманда қазақтар бас қосып, іс жасау үшін, өз ішіндегі алауыздықты, әрі тарт, бері тарт берекесіздікті құрту керек деген ой айтады. Байдың, мықтының, атқамінерлердің шабындыққа, егін жайға, жаз қонысқа, қыс тебінге жасайтын зорлықтарын айғақтап, мұжық арасындағы жерді пайдаланудағы бірауыздылық, әділеттілік қазақ шаруаларына үлгі ретінде тартылады. Орыс заңына біржолата бас ию, ескі шариғат шарттарын орындау – осы секілді екінің біріне жығылған үзілді-кесілді таңдаудың дәл қазіргі күнде қазақ тұрмысына келмейтіндігін автор «Тағы да би хәм билік» атты мақаласында айта келіп, заманға лайық, екі бағыттың да тиімді рәсімдерін алған жолды жөн көреді.
Халықтың осындай қарапайым тәжірибесінен туындаған қазылық институт, билік-төрелік айту әдеті қалыптасқан.
Билер институтындағы ұлы тұлғалар. Қазақ еліндегі билер институтындағы ұлы тұлғалар туралы сөз еткенде қазақ жерінің тұтастығына өлшеусіз үлес қосқан халқымыздың үш данасы, ұлтжанды үш кемеңгер Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің қазақ сахарасының 7 салада, 7 бағыт-бағдарда, 7 бапты жарғысын саралағанын айтпасқа болмайды. Қожаберген жыраудың «Жеті Жарғы» дастанында:
Шығайдан соң орнына Тәуке қалды,
Кезінде Әз Тәуке деп атақ алды.
Қазыбек, Төле би, Әйтеке – ақылшы боп,
Дейтұғын «Жеті Жарғы» заң шығарды, – деуі осыдан.
«Жеті Жарғы» – ғұмыр кешу салты бір, төскейде малы, төсекте басы қосылған үш халықтың мүдесіне қызмет ететін, халықаралық ержеге сәйкес көтерілген ел билеу заңы деуге болады.
Тәуке хан 1680 ж. Хан сайланып, сонымен қоса Хан кеңесіне қарақалпақ Сасық би, Мұхамед би, қырғыз Көкім би, кіші жүздің атынан айыр тілді алшын Әйтеке би, ұлы жүзден үйсін Төле би, орта жүзден арғын Қаз дауысты Қазыбек би сайланады. 6 бидің ең жасы үлкені, Тәукенің әкесі Жәңгір ханның кеңесшісі болған қарақалпақ – Сасық биді Хан кеңесін басқаратын кемеңгер билікке сайлады.
1684 ж. көктемде Хан кеңесінде қабылданған «Жеті Жарғыны» жазғандардың бірі төртқара Бәйбекұлы Әйтеке (1644-1700) – Тұран жұртының ортақ перзенті, қазақ халқының киелі отбасынан өсіп-өнген, парасатты, талғамы жоғары, әруақты, халқына қадірлі азамат. Бабасы Жалаңтөс батырдың әскери мектебінен тәлім алған Әйтеке би де, өзге билер де қазақ хандығының саяси бірлігін нығайтуды, тәуелсіздігін сақтап қалуды көздеп Тәуке ханға бір сардарға бағынған, соғыс өнеріне жаттықтырылған тұрақты халық жасағын құруды ұсынады. Бірақ уақытша болса да қазақ жүздерінің басын қосып, өзара қақтығысуларды тоқтатқан Тәуке хан қолындағы қарулы билікті әлдебіреуге ұстатқысы келмей, бұл пікірге мән бермейді.
Қарадан шыққан әскери элита, елге билік айтқан шешендер мен көсемдер хан тірегіне айналады. Хандық билік жүйесі мен ақыл-күштің тетігі – батырлар мен билер билігіне осылай ұласты. Билер мен батырлар әкелген қара халықтың рухы хандық өктемдікті шектей білді. Бүкіл қазақтық мәжіліс, бүкіл қазақтық негізгі заң, үш жүздің бірлігі, ынтымағы осылай туындады, ұлттық сана халық көңіліне осылай ұялады. Ен далада өз құдіреті – ел құдіретіне айналғандықтан хандық билікті ең биік тұғырға қондырған әз Тәукеге Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің Абылайханға Бұқар жыраудың тоқтау сала алуы осыдан.
Қазақ халқының ұлттық санасының қайнар басында халқымыздың үш кемеңгер билері Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би тұрғаны хақ.
Билер қаншама дана болса да өздеріне сын көзбен қарап, кемшіліктерін де көре білген. Оны біз Қаз дауысты Қазыбектің мына бір айтқандарынан байқаймыз:
Асқар тау, сенде бір мін бар – асу бермейсің,
Тасқын су, сенде бір мін бар – өткел бермейсің,
Билер, сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсің.
Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы – 18 жасынан бастап қазақ елі басынан кешірген тағдыр тауқыметінің, алмағайып замана оқиғаларының куәгері, орта жүздің төбе биі, шешендік өнердің маңдай алды өкілі ретінде еліміздің тарихында мәңгілік орын алған аса ірі тұлға. Ол қазақ халқының біртұтас, дербес мемлекетін құруға және оны нығайтуға қатысқан ірі мемлекет қайраткері. Сонымен қатар Қазыбек би өз тұсындағы хандарының ақылшысы, мемлекетаралық шиеленістерді бейбіт жолмен реттеуді жақтаған парасатты елші, мәмлегер, дипломат та бола білген. Қазыбек бидің беделі мен ықпалына қазақ хандары ғана емес, ұлы империялардың әкімшіліктері де сүйенген. Атап айтқанда, 1761 ж. Қытай империясының елшілігі, 1762 ж. орыс мемлекеті әкімшілігінің өкілдері оған арнайы келіп қайтқан.
Сөз болып отырған дәуірдің даналары туралы айтқанда, үш жүздің атақты билерінің өкшесін басқан, кемеңгерлігі тасқан, шешендігі асқан, бір өзі дала академиясы болған, өзі би, өзі жырау, өзі дипломат, өзі мемлекет қайраткері, замана данасы, қазақ мемлекетін бүкіл еуразиялық биікке көтеруге үлкен үлес қосқан Бұқар жырауды да атамасқа болмайды. Мұқтар Әуезов айтып кеткендей, «тыныштық заманда қиюы қашып, арасы ашылған қарындасты табыстырып, қысылшаң заманда сасқан елге жол табатын, бет нұсқайтын, кемеңгер, көрегені болған» билер мен жыраулар қазақ тарихында легион десе де болады.
Тарих тақырыбына жазып жүрген тамаша қаламгер Мұхтар Мағауиннің дәлелдегеніндей, Тәуке ханның тұсында Бұқар жырау «Ордадағы белді би – батағой ақсақалдардың бірі» болды. Ардақты ағалары Төле би, Қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке сияқты даналар мектебінен өтіп, «Жеті Жарғыны» жазуға қатысты.
Ол халық бабасына, халық данасына айналды. Абылайхан, Бұқар жырау барша билікке қатысқан қауым ұлт тұтастығының, біріккен мемлекеттердің идеологиясын қалыптастырды. Ұлттық, халықтық ағынның жыршысы, ұйытқысы Бұқар жырау ұлт санасының қайнар бұлағының бастауы бола білді. Дала демократиясы көшпелілер өркениетінде басқадай өзгеше сипат алды. Кейіннен қазақ мемлекеттігі қожырап, хансымақтар отаршыл жүйеге сүйеніп, осы дала демократиясының қалыптасқан қаймағын бұзған кезде, Сырым, Исатайлар Абылайхан заманын көкседі. Билік пирамидасындағы халықтық, батырлық, билік арналарының жоғалып, олардың орнына империялық диктат, озбырлық талау, таптық езу арнасы күш ала бастаған кезде батырлар мен билерді шаруаларды бұқара қауымды қазақ батырлары мен билері Сырым, Исатай батырлар дабыл қағып күрес алаңына шықты. Әулие дананың қазақ халқының тарихындағы орны осындай.
Орыс әкімдері қазақ даласын хансыз басқарудың сан жолдарын қарастыра бастағанда-ақ тек төрелермен ғана ақылдасқан екен. Ал төрелер «қара қазақ өзін-өзі басқаруға әлі жетілмеген, ол халықтың бағына қарай құдай-тағала басына бізді қойған» деп сендірген екен. 1822 ж. қабылданған белгілі «Орта жүз қазақтары үшін» атты жарғыға «Округтерге аға сұлтан төрелерден сайланады» деген баптың енуіне осы сөздер себеп болғаны сөзсіз. Патшалық Ресейдің көз алдында қарапайым қазақтың да ел басқара алатынын дәлелдеген Орта жүздегі Айдаболдың Едігесінен туған Шоң (1754-1836) болды. Ол – «қарадан» аға би сұлтан болған тұңғыш би. Содан кейін Шоң салған ізбен Шорманның, оның баласы Мұсаның, Тұсынбай Боштайының, Сатыбалды Қазанқапының, Өскенбай Құнанбайының, Жайық Ыбырайының, Зілқара Мұсатының, Естемес Есенейдің әр кезеңдерде әр округтерге аға сұлтан болып тағайындалғаны тарихтан аян.
Шоң өмірінде Керекуден асып ешқайда бармаса да қала салып, отырықшылыққа айналған халық ұрпағының қауіп-қатер, ауру-сырқауға, ұшырамай өсетінін, еңбектің неше түрлісімен оқу-жазуды дамытуға болатынын мойындаған жан. Шоң өзінің ақыл-парасат, алғыр істерімен қара қазақтың да ел басқара алатынын әкімдерге дәлелдеп шығу мақсатын ұстанған. Осы тұста Шоңға жолыққан поляк демократ-жазушысы Адольф Янушкевич 1846 ж. Парижде шыққан «Күнделіктер мен хаттар» атты кітабында: «Шоң үлкен адам болған. Елді әрі ақылды, әрі әділ және іскер басқарғаны сонша, оның өкіметіне хандар да қызыға қараған. Ол заманда төрелер халықты қатты қанаған екен. Шоң оларды өзі билеген аймақтан аластатып, халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленген», – деген сөз қалдыруы бекер болмаса керек.
Демек би – билеуші ғана емес, сонымен қатар білім мен өнер иесі, яғни өз заманының тарихшысы, заңшысы, ақылшысы.
Қазақ сөз қадірін білген халық, сөзге тоқтаған халық. Қасиетті сөз – киелі сөз екенін білген халық. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп айтарын айтқан халық. Үш би айта білді, Әз Тәуке хан, Абылайхан тыңдай білді, бағалай білді.
Осы уақытқа дейін біз хан деген сөзге үрке қарап келдік. Оларды «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» өктем әмірші деп білдік. Шындығына келгенде, қазақ сахарасында ел билеушілердің демократиялық жолын ұстағанын сол заманның куәгері – жыраулар поэзиясынан да байқау қиын емес. Мәселен, Бұқар жыраудың көп толғауларында Абылайхан атына үлкен сындар айтылады. Хан болса, көбіне-көп жырау сезімен есептесіп отырған, сөзін жерге тастамаған. Мұның өзі – ел басқару ісіндегі демократияның бір көрінісі.
Әдетте хан өз ордасына үш жүзден кеңесшілер жинаған. Бұл – Хан кеңесі деп аталған. Осы Кеңестің шешімін орындауға хан міндетті болған. Әз Тәукенің хандық дәуірі кезінен жеткен «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөз бар. Әз Тәуке хан барша мемлекеттік мәселелерді ел жіберген өкілдерімен кеңесіп, шешіп отырған. Хан әділ шешімге осындай жолмен келген. Қазақ тұрмысындағы ең қиын дау – жер дауы, жесір дауы кезінде би біреу болмаған. Бірнеше бидің пікірі бір жерде тоғысқан кезде ғана түйінді шешім қабылданған. Қазақ – «қара қылды қақ жарған», биді құрметтеген халық. Бұра тартқан бидің қадірі болмаған, ондайлар көп ұзамай-ақ ел билігінен ығысып қалып отырған. Осының бәрін демократияның қазақ еліндегі биік үлгісі деп бағалауымыз керек.
Жалпы қазақ елі тарихындағы билер институтында аты шыққан ұлы тұлғалардың саны аз емес. Олардың ішінде он үш жасында қазақ пен қалмақ елінің дауын шешіп, ұрыс-төбелессіз қонтажыны бітімге келтірген Қазыбек, он үш жасында билік айтып, көзге түскен Мөңке би, Шақшақтың Жәнібегі мен Әнеттің Кеңгірбайы сияқты билерді сөзден мүдірткен он бес жасар Жобалай бар. Олар – нағыз халық даналары, даланың цицерондары.
Шешендік өнер қай жерде сөзге бостандық, еркіндік болса, жүйелі сөзге жұртшылық, қоғам құлақ асса, міне сол жерде, сол елде ғана дамиды. Керісінше, ақыл-ойға, тілге қысым жасалып, шек қойылған жерде талант аясы тарылып, сөз өнері тоқырайды. Сондықтан билердің шешендік сөз өнері өз алдына бір үлкен тәрбие мектебі болып саналған.
Тоталитарлық дәуірде бас та кесілді, тіл де кесілді. Қазақ ата салтынан ада қалды. Замана талабы – көреген бабаларды, дана ағаларды тыңдау керек екендігін ел жадына салады. Бұл да тарих тағылымы.
Осы арада Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың: «Өткенді талдаумен көбіне білімі таяз адамдар, тарихты конъюктуралық реңкке, аяқ астынан саясат қажетіне қиюластырушы білімсіздер немесе саясатшысымақтар айналысатындықтан да кәсібилердің әділдігі аса маңызды», – деген пікіріне қосылып, ата-баба шежіресін, одан қалды тарихын қолдан жасайтындарға тосқауыл қою керектігін айтқан жөн.
Қазақ мемлекетіндегі билер басқарудың сабақтастығы. Қазіргі жағдайда егемен ел басқарудың тың жолдарын іздестіргенде ұмытыла бастаған билер институтын белгілі бір деңгейлерде қайта жаңғыртсақ та артық болмас еді. Мысалы, қазір қазақ мектебінің қай бағытты ұстануы керек деген мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазақтың жаңа мектебі ұлттық үрдіске негізделген пәлсапалық әдістемелік арнамен өрістеуі қажет. Қазақтар үлкен ойшылдардан кенде болмаған. Майқы би, Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би, Сырым Датұлы сияқты мол пәлсапа иелерін қалай мақтаныш етпеске. Олардың артында қалған бай мұрасы қазіргі қазақ мектебінің негізін құраса оңды болар еді, бекзаттығымен талайды тамсандырып, халықтың ар-ұятына айналған.
Біле білсек, ұрпақтардың сабақтастығы жоқ па билердің үрдісінде? «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» демекші, кейінгі билер өзінің алдында өмір сүргендердің тәлім-тәжірибесін ескеріп отырған. Сөйтіп ұрпақтардың байланысына сызат түспеген. Билердің сөзі сол күйінше кейінгі ұрпаққа жетіп отырған.
Атақты билердің барлығы осындай халық мектебінен тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған. Мәселен, Қазыбек би Бұқарада оқыған кезде ғұлама ғалым Тобықты Әнет бабаның қасына көшіп барып, айлап-жылдап, қазақтың әдет-ғұрпын, шариғат заңдарын үйренген, батасын алған.
Осы сияқты әрі батыр, әрі шешен Қошқарұлы Жәнібек – Төледен, Датұлы Сырым – Малайсары биден бата алған. Демек қазақта аға-кексе ақындар мен шешендерден, билерден ақыл кеңес сұрап, бата алу бейне бір ұстаз алдында емтихан тапсырып, сыннан өтіп, кәмелеттік аттестат алумен пара-пар болған.
Билердің сөздері кітап болып халыққа таратылмаған, бірақ ауызекі айтылған пәлсапалық, дүниетанушылық, қоғамға, адамға, заманға, уақытқа көзқарастарын негізге ала отырып, ұлттық мектептің іргетасын қаласа дейміз. Нағыз ұлттық мектеп дегенің де осы болар еді ғой. Әрине елді басқарудың батыстық үрдісіне мойынсұнып отырғанда, билер мектебін ашып, олардың қызмет өрісін кеңейтудің оңай іс еместігін түсінеміз. әл-Фараби бабамыз негіздеп кеткен шығыстық үрдіспен басқарудың ұзын ырғасын әлі толық байыбына жетіп, меңгере қойған жоқпыз.
Қалың қазақ шоғырланған жерде халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, басқаруды билер институты сияқты түрінде қолдануға болар еді. Бұл әрине күні ертең осы бағытпен жүрейік деген сөз емес. Бірақ өзіміздің төл табиғатымызға жақын басқару әдісін ұстансақ, одан көштен қалып қоймайтындығымыз анық. Демек билер алқасын пайдаланып, талай шаруаны тыңғылықты шешуге болады. Сонда ол көп нәтиже берер еді. Түрме арқылы ешкімді үркітпес едік. Билерді тек ақ-қараны ашатын адамдар десек, онда қателескеніміз, оларды кең мағынасында халықтың тәрбиешілері деп білгеніміз жөн.
Билердің ең үлкен тағылымы – олар сөз құдіретін, сөз ғылымын терең меңгерген адамдар. Олар қоғамның дамуында сөзді құралына айналдыра білген. Сонысымен қоғамды дамытушы, жетектеуші құралға, ілгері апарушы құралға айналдырған. Дәл қазір билердің басқаруын кеңінен енгізуге толық мүмкіндік бар. Қазіргі қабылданып жатқан заңдарға халықтық мазмұнға ие билер үрдісін пайдалану жөніндегі арнаулы бап енгізсе де жөн болар еді.
Жалпы билер институты қоғамдық, шаруашылық өмірдің қай саласында да қолданыс табуға әбден лайық. Мәселен, мектепті алайық. Директор, тәуір әкім не ұйымдастырушы болуы мүмкін. Алайда педагогикалық оқиғаға әділ баға беруде екі талай. Не істемек керек? Мұндай да педагогикада мол хабары бар төтенше би төрелік айтса, көп мәселенің беті ашылар еді. Басқа салаларда да дәл осылайша жанжал туа қалса, оны ушықтырмай шешкен жөн.
Билер туралы сөз еткенде жадымыздан шығармайтын бір мәселе – қалың қазақ шоғырланған жерде ғана, онда да басқа ұлт мәдениетінің ықпалы үстемдік етпеген кезде ғана билер алқасы нәтижелі жұмыс істейді десек шындыққа сәйкес келеді. Қазақтың тарихынан хабары бар, 7 атасын білетін қазақтар ғана билер алқасының шешіміне ден қоюы мүмкін. Мұның өзі халықты тәрбиелеп қана қоймайды, әрі рухани жағынан қанағаттандырады.
Осы мақсатпен республикада ең алғашқы болып Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында Билер кеңесі құрылды. Қалада жеті би бар. Қасиетті сан, қастерлі билік…
Жеті би халықты тәртіпке шақырумен айналысты. Отбасының жанжалы, ағайынның ашу-арызы, арақтың кейбір ылаңы сотқа жетіп көрген емес. Бірақ бұлар биліктің атқарып жатқан жұмысының бөлшектері ғана.
Арыстық қазіргі заманның билерінің ортақ пікірі төмендегідей ойға сайып келеді: өз еркімізбен қолға тигенде, әркімге еліктемей ата жолымен жүру керек. Егін ек, жер ал. Ата жолымен жүрсек біз адаспаймыз, ағайын.
Қарап отырсақ, билер араласпаған мәселелер некен-саяқ: әмеңгерлік дейсіз бе, жер дауы, жесір дауы ма, біреудің басы жарылып, көзі шықса да әділ бидің төрелігімен шешілген. Үлкен мемлекеттік мәселелермен қатар ауыл арасындағы майда-шүйде көрінетін жәйттер де билер алқасының араласуымен шешімін тауып отырған.
Тағы бір мәселе – бидің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы кластар ашса да жаман болмас еді.
Оған оқуға қабылданатын әрбір шәкірт талантына, қабілет, дарынына, билік зердесіне, парасаттылыққа сәйкес оқытылып тәрбиеленеді. Мектепте Шығыс пен Батыс мәдениетінің жетістіктері тілге тиек болады. Халық педагогикасының озық дәстүрлері өмірмен ұштастырылып, оқу-тәрбие процесінде түрі ұлттық, мазмұны әлемдік бағдарламаларға сай ғылыми-тәжірибелік әдістемелер негізге алынады.
Егемендікке қолымыз жеткен екен, ел үшін басқарудың тың формаларын қарастырудың еш сөкеттігі жоқ. Қайта бұрыннан барды жандандыру азаматтық борышымыз болса керек. Оның үстіне мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес құрылған кезде билер мектебі институтына да талдау жасауға тиіс сияқты.
Өйткені ұлы идея ұлы күшті тудырады. Дәл осы кезде елді басқару, меңгеру өнері шыңдалады. Біріншіден, ханды халық сайлайды. Екіншіден, елге бай құт емес, би құт екендігі айқындалады. Дана көсем Ақназар (Хақназар), Жәңгір, Тәуке, Абылайхандар кезінде елді бірлікке, ұлдарын ерлікке, азаттық аңсаған халықты ынтымаққа, азаттық күреске шақырған шешен билердің мәртебесі биік тұғырға көтеріледі. Халқымыздың ата-дәстүрін, саяси мәдениетін, дала заңын, шежіре тарихын жетік білетін, шешендік өнерін игерген еліміздің атақты билері халық санасын қалыптастыруға үлес қосқан кемеңгер замана идеологтеріне айналады.
Сондықтан да халық ішінде «тұтас хандыққа Есім хан жеткен, тұтас билікке Төле би жеткен» деген сөз бар. Бұл қанатты ұғым көптеген көне қолжазбалар мен шежірелерде де кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |