Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Әож 343. 851. 5: 343. 615(574) Қолжазба құқығында Қарамырза Жарқынбек Тағайбекұлы Жас адамдардың құқық бұзуға бейім мінез-құлқы



бет1/3
Дата26.02.2016
өлшемі245.5 Kb.
#27355
түріРеферат
  1   2   3

ӘОЖ 343.851.5:343.615(574) Қолжазба құқығында




Қарамырза Жарқынбек Тағайбекұлы

Жас адамдардың құқық бұзуға бейім мінез-құлқы

және оның алдын алудың проблемалары

12.00.08 – қылмыстық құқық және криминология;

қылмыстық-атқарушылық құқығы

Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертациясының
Авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2008

Жұмыс Д.А. Қонаев атындағы университетінің қылмыстық құқық, криминалистика және құқық қорғау қызметі кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекшісі заң ғылымдарының докторы, профессор

Алауханов Есберген Оразұлы

Ресми оппоненттері заң ғылымдарының докторы, профессор



Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы
заң ғылымдарының кандидаты, доцент

Ынтықбаев Манас Қапасұлы

Жетекші ұйым Абай атындағы Қазақ ұлттық



педагогикалық университеті

Диссертация 2008 жылдың 14 қараша айында сағат 10.00-де Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігі Академиясы жанындағы докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі ОД 14.20.10 біріккен диссертациялық кеңесте қорғалады. Мекен-жайы: 050060, Алматы қаласы, Өтепов көшесі, 29.


Диссертациямен Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігі Академиясы мен Қазақстан Республикасының Сыбайластық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) Академиясының кітапханаларында танысуға болады.

Автореферат 2008 жылдың «___» қазан айында таратылды


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысының міндетін атқарушы,

заң ғылымдарының докторы, профессор Рүстемова Г.Р.

Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс жастар арасындағы құқық бұзуға бейім мінез құлықтарға байланысты жасалған қылмыстардың криминологиялық сипаттамасына жан-жақты талдау жасауға арналған. Зерттеу жұмысында құқық бұзуға бейім жас адамдардың қылмысты жасау себептері мен жағдайлары, олардың жеке бас ерекшеліктері және қылмыстардың алдын-алу мәселелерін одан ары жетілдіру жолдары қарастырылған.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасында ересек адамдар арасында да, жастар арасында да қоғамға қауіпті қылмыс жасау барған сайын көбейіп келеді. Бұндай мәліметтерді біз Қазақстан Республикасының 2000-2007 жылдардағы Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының 2006 жылға дейінгі статистикалық мәліметтерінен көруімізге болады. Мысалы, жыл сайын тіркелген (2000 және 2002 жылдардан басқа) қылмыстар саны бұл қаралып отырған кезең аяғында 61,2%-ға өскен.

Осы кезеңдерде Ішкі істер органдары жыл сайын орта есеппен 15 мыңға жуық қылмыстың бетін ашып отырған. Олардың жартысынан астамын жасағандар жастар (14-29 жастағылар). Мысалы, 2000 жылы Республикамызда 150 790 қылмыс жасалса, ондағы жас адамдардың үлес салмағы 52,9% болған, 2006 жылы 57%-ға жеткен. Әсіресе, студенттер арасындағы жағдай өте нашар. Қарастырылып отырған кезеңдегі студенттер қылмысы 12,5%-ға өскен.

Кәмелетке толмаған 16-17 жасар жастардың аса ауыр қылмыстарының өсу қарқыны 14-15 жастағыларға қарағанда едәуір жоғары. Ал Қазақстанда 2000–2007 жылдары аралығында қылмыс жасағандар ішінде 16-17 жастағылар саны 35,5%-ға кеміген, ал 14-15 жастағылар керісінше 34%-ға көбейген.

Бұл жас санаттары арасындағы қылмыстылық деңгейі де едәуір өзгеше. Мысалы, 14-15 жастағы 10 000 адамға шаққанда 2000 жылы 778, ал 2006 жылы 507 қылмыс жасалса, мұндай көрсеткіш 16-17 жастағылар арасында 2000 жылы 2318, 2006 жылы – 3103, ал студенттер арасында 2000 жылы 257, 2006 жылы – 392,5 болған.

Сондықтан да қылмыспен күресу үшін және оның алдын алу үшін, бүгінгі таңда жас адамдардың қылмысқа барудағы негізгі себептерін анықтай отырып, оған қатысты ұсыныстар жасалынуы аса қажет. Өйткені қазіргі таңда Қазақстан Республикасы аумағында осы бағытта жұмыстардың жеткіліксіз тұстары кездесуде. Мысал ретінде тоқталатын болсақ, соңғы жылдары криминологиялық зерттеулерде жастардың қарама-қарсы екі санатын – студенттер мен ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері бойынша бөлімшелерінде есепте тұрған жастарды біріктіріп, зерделеу мақсаты алға қойылған жоқ. Жасөспірімдердің құқық бұзуға бейім мінез-құлқын оларға нашар әлеуметтік орта әсер еткендіктен, сол ықпалдан барып қалыптасқан бейморальдық, бірақ қылмыстық емес мінез-құлық (девианттық) деп қарастырады. Сонымен қатар, құқық бұзуға бейім мінез-құлық криминогендік деп те қарастырылады. Әрине, ондай мінез-құлықтан (делинквенттік) қылмыстың жасалу мүмкіндігі зор. Бірақ бұл жерде құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың пайда болуына әсер ететін ортақ әлеуметтік жағдайлар ғана емес, жастарға тікелей әсер ететін кейбір келеңсіз жағдайларды, олардың жеке басының психикалық ауытқуларын қамтып зерделеуді қажет еді. Себебі соңғы жылдары Қазақстан Республикасында да күрделі криминогендік жағдай қалыптасты, онда қылмыстық көріністердің ауқымы жағынан да, азаматтың, қоғамның және мемлекеттің тірлік-тіршілігіне тигізетін келеңсіз ықпалы жағынан да едәуір ерекшеліктер бар. Сонымен қатар жастардың құқық бұзуға бейім мінез-құлық мәселесі сан қилы әрі күрделі сипат алған жағдай ұдайы өзгеріп отырады, мұның бәрі ғылыми зерттеулерді керек етеді. Жұмыста, 14-29 жастар аралығындағы адамдардың мінез құлқына қатысты бөлек қарастырады. Бұл Қазақстан Республикасы «Президентінің жастар саясаты туралы» тұжырымдамасына сәйкес келеді. Сонымен қатар, адам физиологиясының даму процессі осы аралықты қамтиды.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Диссертацияның теориялық негізіне әлеуметтік-құқықтық ой классиктерінің: Аристотельдің, Гегельдің, Гоббстың, Канттың, Макиавеллидiң, Фейербахтың және басқалардың еңбектері алынған. Жұмыс барысында диссертант, сонымен қатар, мына ғалым-криминалистердің еңбектеріне сүйенді. Олар: А.И. Алексеев, Ю.М. Антонян, Г.А. Аванесов, А.Э. Жалинский, Л.Д. Гаухман, А.И. Долгова, К.Е. Игошев, В.Н. Кудрявцев, Н.Ф. Кузнецова, С.Я. Лебедев, В.В. Лунеев, Г.М. Миньковский, А.Б. Сахаров, Д.А. Шестаков және басқалар.

Сонымен қатар, отандық ғалымдар: Н.М. Әбдіров, А.Н. Ағыбаев, Е.О. Алауханов, Т.К. Акимжанов, С.Б. Бимурзин, Ү.С. Жекебаев, Е.І. Қайыржанов, Н. Дулатбеков, М.С. Нәрікбаев, А.Х. Миңдағұлов, Ғ.С. Мауленов, С.С. Молдабаев, А.А. Смағұлов, Е.А. Онгарбаев, С.Е. Еркінов, А.Ш. Ещанов, Г.Р. Рустемова, Қ.Ш. Уканов, Л.Қ. Ерінбетова, Д. Бұғыбайқызының және Қазақстанның философ-педагогтары: Ғ. Есім, Ш.Е. Жаманбалаева, Б.А. Тойлыбаев, Қ.Г. Габдулина, Б. Әбдікерімұлы, Ә. Әбуов, А.Т. Құлсариева, Н.Ж. Байтенова, А. Масалимовалардың, Қазақстанның белгілі ақындары Н. Оразалин, Ғ. Жайлыбай, А. Әлімнің, заманымыздың белгілі педагог-ғалымдары: Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов және шетел ғалымдарының социология, психология, этика, педагогика, заңтану проблемалары және зерттеу тақырыбына қатысы бар өзге ғылыми пәндер бойынша еңбектері пайдаланылды.



Диссертациялық зерттеудің мақсаты мен міндеті. Бұл зерттеудің негізгі мақсаты – жастар ортасындағы рухани және өнегелік қасиеттің деңгейін зерделеу. Жастардың құқық бұзуға бейім мінез-құлқының алдын алудың теориялық және тәжірибелік мәселелерін қарастыру.

Осы қойылған мақсатқа сәйкес зерттеу барысында мынадай міндеттерді шешілуі тиіс:

– құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың биологиялық негіздерін зерделеу;

– құқық бұзуға бейім мінез-құлыққа әсер ететін әлеуметтік жағдайларды талдау;

– құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың түрлері бойынша талдау және олардың ары қарай даму үрдістерін анықтау;

– құқық бұзушының бастапқы кезде қалыптаса бастаған мінез-құлқының алдын алудағы гуманитарлық және дұрыс бағыттарының ерекшеліктерін зерттеу және оларды негіздеу;

– құқық бұзушылық рецидивінің алдын алудың негізгі тәсілдерін анықтау;

– құқық бұзушылыққа тікелей және сақтандырып ықпал етуді жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен әдістемелік нұсқауларды даярлау және оларға дәлелдеме келтіру;



– педагогикалық үрдістің оларды қайта тәрбиелеудегі әдістері мен амалдарын ұтымды пайдалану.

Зерттеу объектісі. Жастар ортасындағы қылмыстылықтың жағдайын, құрылымын және динамикасын сипаттайтын мәліметтер қылмыстық жауапкершілігінің әртүрлі аспектілерін реттейтін бұрынғы және қазіргі отандық заңнамалардың нормалары мен институттары; жастар арасындағы қылмыстардың сот практикасының материалдары. Адам (оның ішінде құқық бұзушы адам) тіршілік ететін әлеуметтік тәжірибе саласы, оның әлеуметтік және биологиялық мінез-құлықтарының арақатынасының ғылыми тұжырымдары мен Қазақстан Республикасының заңдары болып табылады.

Зерттеудің пәні. Жастар арасындағы қылмыстардың салыстырғандағы үрдісі оның ерекшеліктері мен детерминанттары, қылмыстың өсуіне ықпал тудыратын процесстер, қылмыскердің жеке басы, қылмыстардың алдын алатын құқық-қорғау органдары мен басқа субъектілердің қызметі.

Қорғауға ұсынылған диссертацияның негізгі тұжырымдары:

  1. Криминологиядағы биоәлеуметтік тұжырымдама – адамның құқық бұзуға бейім мінез-құлқының тетігі мен психикалық өзгерістердің (ынта мен құмарлықтың) сыртқы жағдайлармен өзара әрекеттестігі бар бағыт.

  2. Қоғамдағы агрессивтік деңгейдің төмендеуі, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатына ғана емес, адамның рухани және өнегелік жағын арттыруға бағытталған оқу-тәрбие жұмыстарына байланысты.

  3. Материалдық (физикалық) дүниенің құбылысын түсіндіретін себептілік – жеке және жалпы қылмыстық мінез-құлықта анықталынбайды, себебі ол жоқ.

  4. Адамның мінез-құлқын психикалық талпыныс (себептер) анықтайды, бірақ шешім қабылдау барысында адамның ырқы (ерік бостандығы) негізгі рөл атқарады. Ал, ерік болмаған жағдайда, есі дұрыс еместік және қылмысқа себеп болған нақты жағдай адамды жауапкершіліктен босатуға негіз болып табылады.

  5. Қоғам өміріндегі келеңсіз әлеуметтік мән-жайлар мен адамның жеке басының әлеуметтік жағдайы (жұмыссыздық, кедейшілік және т.б.) психикаға тікелей әсер етеді (ашу, ыза, кек пайда болады). Бұл нақты мән-жайлар адамға теріс ықпал еткенмен, қылмысқа себеп болмайды. Сондықтан, кез-келген іс-әрекет адамның жеке басымен тығыз байланысты.

  6. «Қылмыскердің жеке басы» деп аталатын криминологиялық санат «қоғамдық қатынастар жиынтығын» береді. Ол тәрбиелеу, оқыту және егу (бұл – құқық бұзушыққа жеке қолданылатын сақтандыру шарасы) арқылы жүзеге асырылады.

  7. Ұлттың рухы, имандылығы – діни әдептер негізінде қайта жандануға тиіс, оның нормалары қазіргі тәжірибе тұжырымдамасында көрініс табуы қажет. Онда отбасын нығайтуға, мектептегі оқуды және тәрбиені жақсартуға, идеологияны оңтайландыруға, жастар тәрбиесінің деңгейін көтеруге және олардың құқыққа қарсы мінез-құлқының алдын алуға бағытталған ұсыныстар «Жарлы отбасындағы балалардың денсаулығын қорғау туралы», «Жас отбасына медициналық-санитарлық көмек туралы», «Азаматтардың қалпына келген денсаулығын қорғау туралы» заңдардың қажет екендігі жайында ұсыныстар; кәмелетке толмаған құқық бұзушыларды, мектеп оқушыларын құқықтық тәрбиелеу жөніндегі, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшелердің қызметкерлеріне олардың диагностикалық әңгіме жүргізуі үшін даярланған әдістемелік ұсыныстар жасалынған.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Біріншіден, адамның дамуын және оның тұлға ретіндегі, биологиялық және әлеуметтік нысан ретіндегі өзара әрекеттестігіне түсініктеме беретін биоәлеуметтік тұжырымдама жасау болып табылады. Себебі, материалдық дүниедегі қылмыстарды түсіндіретін себептілік деген ұғым құқық бұзуға бейім (басқа да) мінез-құлықта мүлде жоқ (әйтпегенде, барлығы алдын ала анықталған болар еді). Құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың түп-тамырында ырық еркіндігі жатыр, ол еркіндігін адам кейде (көбіне) ойланбай (пайымдамай) көрсетеді. Оның ішінде бейәлеуметтік тұжырымдама жасаудың келешегі зор, криминологтар оны ары қарай дамытуға тиіс. Адамның жеке басын, оның мінез-құлқының нысандарын, өмір тіршілігі мен тәрбиесінің әлеуметтік жағдайын, адамның психикалық және өнегелік қасиетін және де оның іс-әрекеті көрініс табатын нақты жағдайды бөлек-бөлек қарастыру мүмкін емес. Ал бұлардың барлығы өзара тығыз байланыста.

Екіншіден, криминологиялық ғылым қылмыс жасаған адамды өз ақыл-ойын, ойластырылған іс-әрекетін басшылыққа алатын саналы адам деп ғана қарастырады, ал іс жүзінде олай емес. Себебі «саналы» деген ақылға қонымды, ал «санасыз» дегенді қисынсыз, интуиция бойынша істелген әрекет деп санау керек. Осыдан барып, адам қылмысты кейде нақты ұғынып, еркімен жасаса да, ол әрекеті қисынсыз, ақылға қонбайтындай болып шығады.

Үшіншіден, криминологиядағы қарама-қайшы тұжырымдаманың үзілді-кесілділігі мен біржақтылығын жоюға талпыныс жасалды. Оның себебі, биологиялық және әлеуметтік (социологиялық) тұжырымдамалар адамның қалыптасып, дамуын әрқайсы өз тұрғысынан бөлекше қарауға тырысады. Әрине әртүрлі тұжырымдамалардың өзара қиылысатын, жанасатын тұстары да болады.

Сонымен қатар, экономикалық, саяси, әлеуметтік, идеологиялық, мәдени-тәрбие және ұйымдық-басқару саласындағы, құқық бұзуға жағдай тудыратын жалпыәлеуметтік келеңсіз құбылыстар монографиялық деңгейде талданған, бөлініп алынған және топтастырылған. Ал жастардың тобын құрайтын өзінше бөлек әлеуметтік-демографиялық топқа қатысты жағдайлар ерекше деңгейде бөлініп алынған. Жастар ортасында жиі кездесетін бірқатар әлеуметтік-психикалық ауытқулар дараланып көрсетілген. Соңғы он жылдықтар ішінде алғашқы рет студенттер ортасына назар аударылған, себебі ол ортада рухани және өнегелік құндылықтың бағасыздануы нәтижесінде келеңсіз үрдіс бой көтере бастады. Соған байланысты криминогендік деңгейде тәрбиенің негізгі шетелдік және отандық тұжырымдамалары қарастырылды, нақты ұсыныстар даярланды. Ол жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудің қазіргі тұжырымдамасын жетілдіруде өз көмегін тигізуі тиіс. Сонымен қатар алғашқы да, қайталанған да қылмыстардың алдын алудың негізгі бағыттарын қарастыра отырып (криминологиялық бағыттар), ішкі істер органдарының КТІБ қызметкерлерінің сақтандыру жұмыстарын жетілдіру жөнінде тиісті ұсыныстар жасалды.



Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңыздылығы. Бұл диссертациялық зерттеудің теориялық маңыздылығы, оның жалпы тұжырымдамасы алынған жаңа ғылыми нәтижелер криминологиялық ғылымның дамуына елеулі үлес қосады, себебі олар құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың себептілігі және оның алдын алуға қатысты қазіргі білім жүйесін толықтырады.

Диссертациялық зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы, бұл жұмыста келтірілген ережелер, қорытындылар, тұжырымдар және ұсыныстар заң шығару қызметтерінде, адамды рухани және өнегелік тәрбиелеу, қылмыстың алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында, сондай-ақ «Криминология» оқу курсын және кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі бөлім қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге арналған курстарды оқыту үрдісінде пайдаланылуы мүмкін.



Зерттеудің методологиялық және әдістемелік негіздері. Диссертациялық зерттеудің негізі ғылыми теориялар мен тәжірибенің өзара байланысын анықтайтын әдіске негізделген. Құрылымына және оларды қолдану өрістеріне деген талаптарды анықтайтын философиялық ілімдер жүйесі болып табылады. Салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы-құқықтық талдау әдістері. Социологиялық әдістер пайдаланылып, болжамдар жасау әдістері. Криминологиялық және этникалық-педагогикалық идеялар интерпретациясы қолданылған.

  • формальды-логикалық, оның мәнісі – қылмыстың алдын алудың жас адамдарға қатысты қолданылатын құқықтық-қылмыстық тәсілдерінің белгілерін жан-жақты талдауда;

  • статистикалық, ол жас адамдарға жасаған қылмыстар туралы статистикалық мәліметтерді жинақтауды және талдауды қамтиды;

  • сауалнама тарату – Оңтүстік Қазақстан облысындағы жас адамдарға жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер сауалнамалары және арнайы бағдарламалар негізінде ішінара зерделеу;

  • сұхбаттасу – зорлықшыл қылмыс жасаудың сылтаулары мен себептерін айқындау мақсатында жас адамдар құқық бұзушылармен әңгімелесу;

  • аталған аймақтардағы ішкі істер органдары қызметкерлерінен жауап алу арқылы сараптық баға беру.

Жоғарыда көрсетілген әдістердің жиынтығы ретінде бұл зерттеу әдістемесі, сонымен қатар, қарастырылған проблеманы қозғайтын нормативтік көздерді де қамтиды.

Диссертациялық зерттеудің эмпирикалық базасын 2000-2008 жылдары Алматы қаласындағы қылмыстылықтың, әкімшілік құқық бұзушылықтың жайын, динамикасын және құрылымын, ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі бөлім қызметін сипаттайтын қылмыстық және әкімшілік статистикасының мәліметтері құрады. 17-23 жастағы 175 студенттен және кәмелетке толмай қылмыс жасаған 16-17 жасар кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі бөлім есебінде тұрған 96 жастан арнайы сауалнама жасалынды. Сонымен қатар зерттеудің эмпирикалық базасы білімнің басқа салаларындағы мамандардың да, оның ішінде криминологтардың да соңғы жылдарда жүргізген, криминологиялық басылымдарда жарияланған әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелерін де қамтиды.

Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі. Жүргізілген зерттеудің негізгі нәтижелері, теоретикалық ережелері, оларға сәйкестендіріліп жасалынған негізгі қорытындылар мен ұсыныстар, Д.А. Қонаев атындағы Универитетінің қылмыстық құқық, криминалистика және құқық қорғау қызметі кафедрасындағы талқылау барысында апробациядан өтті.

Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі теориялық қағидалары мен тұжырымдары келесі ғылыми конференцияларда ұсынылып, көпшіліктен тиісті оң бағасын алды: «Теоретические и практические вопросы предупреждения преступности: в деятельности правоохранительных органов и институтов гражданского общества: международный опыт и национальная практика Казахстана» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы қ.: Қазақстан криминологиялық ассоциация, 2007 ж.); «Уголовно-исполнительная система: перспективы реформирования и проблемы подготовки кадров»: атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Костанай қ.: Қазақстан Республикасы ӘМ ҚАЖК Қостанай заң институты, 2006 ж.); «Повышение правосознания правовой грамотности граждан в условиях развития правового государства и демократизации общества»: атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы қ.: Д.А. Қонаев атындағы университет, 2007 ж.); «Актуальные проблемы борьбы с преступностью на современном этапе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы қ.: Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясы, 2008 ж.).

Диссертациялық зерттеудің нәтижелері, қорытындылары және ұсыныстары Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясының оқу үрдісіне ендірілді.

Жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертация мазмұны таңдап алынған зерттеу жұмысының мақсаты мен міндетіне және оның көлеміне сәйкес келеді. Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, алты бөлімшеден және қорытындыдан, сондай-ақ пайдаланылған әдебиеттер тізімдері мен қосымшалардан тұрады.
Жұмыстың негізгі мазмұны
Кіріспеде диссертацияның өзектілігі, зерттелу деңгейі, мақсаты мен міндеттері, зерттеудің нысаны, қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар, зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы, оның теориялық және тәжірибелік құндылығы, зерттеу жұмысының сыннан өтуі, диссертациялық жұмыстың көлемі мен құрылымы туралы деректер көрсетілген.

Бірінші бөлім «Құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың қалыптасуының себептік тетіктері» деп аталады. Ол екі бөлімшеден тұрады.



«Құқық бұзуға бейім мінез-құлықтың қалыптасуының биологиялық негіздері» деп аталатын бірінші бөлімшеде адамның биологиялық тұрғыдан қалыптасу және оның тарихы мен пайда болуына әсер ететін негізгі себептер мен тетіктері, сонымен қатар адам дамуындағы қоршаған ортаның әсері және ортамен өзара байланысы қарастырылған.

Адамның тәні туғаннан бастап қартайғанға дейін ұдайы өзгереді, сол сияқты мінез-құлық та ешуақытта қандай да бір тиянақты деңгейге жетіп тоқтамайды. Мінез-құлық пен тән дамуы өзара тығыз байланысты және олардың кейбір кезеңдері біріне-бірі едәуір сәйкес келеді. Сондықтан, адамның мінез-құлқына табиғат пен орта бірлесіп ықпал етеді – адамның қандай да бір әрекетке бейімділігі қанында бар болса, ол ортаның әсерінен не артады, не кемиді деген ұғым орынды, – деп есептейміз. Яғни, адам дамуының күрделі де сан қилы процесінде биологиялық және әлеуметтік факторлар араласады, ой мен сезім айқасады, ішкі сенім мен сыртқы ықпал бірігеді. Бұл процестің ағымына қоршаған ортаның әсері зор, сонымен қатар оның әр адам үшін өзіндік сипаты бар. Осы арқылы даму процесі жүзеге асырылады. Ал, адамның дамуы (биологиялық және әлеуметтік) – әлеуметтік ортада да, адамның өз басында да бар көптеген факторлар әсер ететін күрделі, ұзақ және қайшылықты процесс. Адам дамуының көрсеткіші ретінде санадағы, мінез-құлықтағы, қызметтегі, оның қоршаған әлемге көзқарасындағы сапалық өзгерістерді – даму, ал өнеге, рух өзгерісін – адамның қалыптасуы деп атауға болатындығын көрсетті.

Сонымен қатар, зерттеу жұмысында адам дамуындағы және оның дұрыс тәрбиеленуіндегі криминологиялық ғылымның ролі мен орны және онымен байланысы, адамды қылмыс жасауға итермелейтін негізгі факторлар көрсетіледі.

Криминологиялық ғылым да адамның өмiр бойы басынан кешiретiн өзгерістерін, биологиялық, психологиялық, әлеуметтік, тарихи және эволюциялық факторлардың жиынтықтарынан туындаған ықпалының нәтижесі және сол ықпалдар нығайған кезде ғана байланыс арта түседі – деп санайды. Мысалы, криминологиядағы биологиялық тұжырымдама бойынша адамның қылмыстық мінез-құлқының тетігінде биологиялық қасиеттер мынадай түрде көрініс тапты: а) қылмыскердің шыққан тегіне, содан барып өзіне, оның табиғи қасиетіне әсер етеді; ә) қылмыскердің жан-тәнінің, яғни бойға біткен қасиетінің дамуын анықтайды; б) қылмыс жасап жатқан кезде тұлғаға әсер етеді; в) тәрбие табиғи даму процесін тек ғана тездетеді, не баяулатады. Оған әлеуметтік факторлар әсер етеді. Мысалы, 1) адам өмірге биологиялық тұлға болып келеді, содан кейін өз ортасының, төңірегіндегі өзі қатысатын топтардың әсерінен біртіндеп әлеуметтенеді; 2) орта – адамның қалыптасуының басты факторы; 3) тәрбие орта ықпалының сипатына түзету енгізуге тиіс; 4) даму деңгейі неғұрлым төмен болса, адамның биологиялық кейпі соғұрлым айқын көрінеді. Бірақ, «шыққан тектің жамандығы», физиологиялық немесе психикалық ауытқулар, қылмыстылықтың дамуында шешуші рөл атқармайды, себебі қоғамда адамды әлеуметтік құбылыстар өзгертеді, ал көрсетілген факторлар адам өмірінің әлеуметтік негіздерінің туындысы ғана болады [1, б. 106].

Сонымен қатар, адамның дұрыс өсіп, дұрыс қалыптасуына азаматтық тәрбиенің орны өте үлкендігі жұмыста нақты аталып көрсетілген. Азаматтық тәрбиенің, әр адамның қоғамдағы адамгершілігін, Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырудағы ролі сөз болады.

Азаматтық тәрбие тиімділігін көтерудің арқасында төмендегідей жетістіктерге қол жеткізуге болады: азаматшылық идеяларын қабылдаудың психологиялық кейіп жағдайлары жасалады; азаматтар өз араларындағы міндеттерді мойындайтын болады; тату өмір сүруге дағдыланады; өз талаптарында, әрекет-қылықтарында, әдеттері мен әрекеттерінде, ниеттері мен қалауларында да астамшылыққа бармауға үйренеді; басқалар мүддесін де ескерудің қажеттігін сезінетін болады; қоғамдағы бейбітшілік, өзара түсіністік, ымырашылдық пен тәртіптілік сақтау үшін қажет азаматтық ортақтасудың басты шарты өзіндік бақылау мен қадағалау жүргізуге бейімделеді.



Жұмыста агрессияның пайда болуы, оның әсерінен пайда болған қылмысқа итермелейтін себеп-салдардың пайда болуы туралы, адам дамуындағы биологиялық факторлардың әсері нақты жіктеледі. Криминологиядағы биоәлеуметтік тұжырымдаманың, адамның құқық бұзуға бейім мінез-құлқының тетігі мен психикалық өзгерістердің (ынта мен құмарлықтың) сыртқы жағдайлармен өзара әрекеттестігі бар бағыт екендігі дәлелденеді: 1) адамның құқық бұзуға бейім мінез-құлқын психологтармен, педагогтармен бірлесіп зерттеумен қатар, болашағы зор әлеуметтік биология ғылымының жетістіктерін де пайдаланған жөн; 2) адамның құқық бұзуға бейім мінез-құлық көрсетуіне, негізінен, биологиялық факторлар (әлеуметтік биология ғылымдарының, сондай-ақ кейбір криминологтардың пікірінше) себеп болады, олардың ең негізгісі – агрессия, ал ол қалыпты шамада ешқандай теріс салдарға алып келмейді. Бірақ адамның бұл психикалық қасиеті қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға қарай ушығуы мүмкін. Мысалы, жұмыссыздық, мұқтаждық, ешқайда қажет болмай қалу, әлеуметтік дәрменсіздік, тіршілік деңгейінің төмендеуі, қауіпсіздікке кепілдіктің болмауы адамдардың психикасына теріс әсер етеді, агрессивтігін көтереді, қылмысқа итермелейді; 3) жастар бойындағы агрессивтік мінез-құлықтың асқындауына оларға ата-ана тарапынан көрсетілген қатыгездік, ата-ананың арасындағы өзара түсініспеушілік, төңірегіндегілердің басқа адамдарға агрессивтік мінез көрсетуі, өмір құндылықтарының бұрмалануы және т.б. қатты әсер етеді; 4) агрессивтік (биологиялық) деңгейінің төмендеуі әлеуметтік факторлармен тікелей байланысты. Сондықтан да мемлекет әлеуметтік-экономикалық саясатқа көбірек назар аударып, халықтың тұрмыстық деңгейін ұдайы көтеріп отыруы керек. Жас ұрпақты сөзбен, уәдемен алдамай, нақты істерді жүзеге асыру қажет, тәрбиелеу, оқыту, моральдық-өнегелік құндылықтарды санасына құю, тамаша эстетикалық және этикалық сезімдерге баулу – агрессияны азайтудың бірден бір жолы; 5) этология ғылымының тұжырымына сүйенсек, жануарлар өздерінің агрессивтік әрекетін туыстарына қарсы мақсатсыз жасамайды екен. Өзіне қажеттіден артық ешнәрсе өлтірмейді. Ал, адам қылығы мүлде басқа, бәлкім ол оның ақылдылығымен байланысты болар. Сол ақыл оған өз қажеттілігін қандай жағдайда толығырақ қанағаттандыруға болатындығын көрсететін болу керек. 6) жабайы аңдарда табиғи жағдайларда өмір сүрудің ішкі талаптары мен сыртқы жағдайлары арасында қақтығыс болмайды, яғни оның ішкі талабы қоршаған табиғи ортамен қандай да бір үйлесімде болады. Ал адамның жоғарғы интеллекті, оның мәдени дамуын және онымен байланысты барлық атрибуттарды қамтамасыз етіп, туыстарынан бөлек, жеке өз тірлігін жасауға, бөлініп шығуға мүмкіндік береді. Бұл мән-жай адамның генетикалық деңгейде ерекшеленуін күшейтті. Автор, осы және басқа да мән-жайлардың жиынтығы арқылы адамның құқыққа қарсы мінез-құлқына түсініктеме беруге болатындығын көрсетті.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет