Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Әож 950 (57 4 ) 18 " 19" Қолжазба құқында таңатарова жамиға тәжікқызы г. Н



бет1/5
Дата03.07.2016
өлшемі422.5 Kb.
#174515
түріРеферат
  1   2   3   4   5

ӘОЖ 950 (574) 18 " 19" Қолжазба құқында



ТАҢАТАРОВА ЖАМИҒА ТӘЖІКҚЫЗЫ

Г.Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау

07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның




АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2008
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінде орындалды.

Ғылыми кеңесші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Омарбеков Т.О.
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР ҰҒА академигі



Асылбеков М.К.
тарих ғылымдарының докторы,

профессор Озғанбай Ө.О.

тарих ғылымдарының докторы,

профессор Мадуанов С.М.




Жетекші ұйым: Евразия гуманитарлық институты

Диссертация 2008 жылы “___ ” ________, сағат _________ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарих ғылымдарының докторы (ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29)


Диссертациямен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазба қорында танысуға болады.

Автореферат 2008 жылы “___ ”_________________ таратылды


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева



КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Григорий Николаевич Потанин мен қазақ зиялылары арасындағы байланыс көрсетіліп, олардың шығармашық қызметі зерттелген. Тамыры терең бір-бірімен замандас болған зиялылар өкілдерінің саяси және рухани көзқарастарына тарихи талдау жасалады.

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ зиялыларының саяси қызметінде ерекше орны бар Алаш Орда тарихына да аттай 90 жыл толды. Ел тәуелсіздігін аңсаған Алаш арыстары қазақ халқының алдындағы өзінің азаматтық міндетін орындады. Олардың ұлттық идеясы әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.

«Қазақстан Республикасындағы тарихи сананың қалыптасуы тұжырымдамасында» Қазақстан тарихы ғылымы алдында тарихи iлiм-бiлiмнiң үзiктiлiгi мен бiржақтылығынан мүмкiндiгiнше арыла отырып, өткен тарихымыздың шынайы бейнесiн жасау қажеттiгi айтылған еді [1]. Міне осы міндеттерді шешу үрдісінде бітім бейнесі замана талабына сай келетін жаңа зерттеулердің қатары көбейуде.

Қазақстан тарихының, сондай өзіне ерекше назар аудартатын іргелі тақырыптарының бірі орыс ғылыми интеллигенциясының отарлық кезеңдегі Қазақстандағы қызметі болып табылады.

Орыс пен қазақ халқының өзара байланысының тарихи тамырлары тереңде жатыр. Бірақта, соның ішіндегі оқиғалардың шиеленісуімен бізді ең бір қызықтыратын кезең ХХ ғасырдың басы болып табылады. Оның себебі: Қазақстандағы қоғамдық-саяси және мәдени дамуға аянбай ат салысқан, оған жетекшілік еткен белгілі қоғам қайраткерлерінің қызметі мен өмірінің сан-қырын ашатын деректердің молдығы. Сонымен қатар, аталған тарихи кезеңнің тағы бір сипатты белгісі қазақ және орыс интеллегенциясының өзіндік бір әріптестігі, ғылыми байланыстары қазіргі заман тұрғысынан әділетті түрде бағасын беру арқылы айқындалмақ.

Біздің зерттеуіміздің нәтижесі бойынша өзара белсенді байланыс пен әсер етудің қайнаған кезеңі ХІХ ғ. екінші жартысы болса керек, өйткені әлемдік мәдениеттің бар жетістігін зерттеу мен қабылдау керектігін дәріптеген қазақ ағартушыларының қызметі мен саяси белсенділігі дәл осы кезде аса белсенді болған еді.

Міне, осы жағынан алғанда, орыс мәдениеті зор рухани қуаттың көзі болды. Екінші жағынан, қазақ халқының аса үздік өкілдерінің де Ресей әкімшілік шенеуніктерінің қатарына белсене ене бастағандығы да осы кезеңде еді. Әрине бұның барлығы аса қатал отарлау саясаты жағдайында жүріп жатқан болатын. Еңбір қызықтысы жүргізілген шаралардың нәтижесі патша өкіметінің мақсатынан ауытқып та кетіп жатты. Патша өкіметінің күштеп шоқындыру, орыстандыру, ұлы орыстық шовинизімі жөнінде де айтуға болады. Бұның бәрі әрине көптеген ғылыми зерттеу еңбектерінде айтылды. Ал, мәселенің екінші бір жағы ағарту ісінің, ғылыми зерттеу жұмыстарының, шаруашылықтағы оңды өзгерістердің орын алғандығын жоққа шығаруға болмайды. Орыс ұлттық интеллегенциясымен қоян-қолтық араласа жүріп, қазақтың ұлттық саяси элитасы тәуелсіздік идеясын алға тартып, қазіргі егеменді Қазақстанның болашағын жасаған еді. Отарлық мүддеден туындаған ғылыми әскери экспидициялар да өз мақсаттарынан асып түсіп, қазақ халқының тарихына, этногенезіне, экономикасына баса көңіл аударып, аса құнды мәліметтер жинағаны да ақиқат. Сондықтан, осындай аумалы-төкпелі заманда азаматтық ар-ожданын сақтап, нағыз интеллигент екендігін көрсете білген, өзіндік ұстанымы бар орыс оқымыстыларының бірі, қазақтың ұлы тұлғаларының бірі Ш.Ш. Уәлихановтың жан-досы – Г.Н. Потаниннің де ғылыми мұрасының Қазақстан тарихында өзіндік орны бар десек жаңылыспаймыз. Бұл ұлы тұлғалардың бүкіл өмірі жыр боларлық мәңгілік достықпен өтті. Осы керемет ақыл – ой иелерінің Ресей империясының заңдық ережелеріне сәйкес қарсылас дұшпан болуы керектігіне қарамастан, араларынан қыл өтпес дос болғандығы таңқаларлық.

1905 жылы жазда революциялық өрлеу барысында патша өкіметіні еңбекші халықтың наразылығынан, шет аймақтардағы халық қозғалысынан қорықты. Егер бұл қозғалыс орталықтағы революциялық ағынмен қосылып кетсе, үлкен қауіп төндіретіні даусыз еді. Сондықтан 1905 жылы 6-шы тамызда Мемлекеттік Дума жөніндегі патша манифесі басқа “бұратаналармен” бірге қазақ еліне де депутат сайлау құқын берді. Қазақ зиялылары осы істің бас-қасында жүріп ірі мәселелерді көтеріп, саяси сауатын аша бастады. Бұл кездегі қазақ қоғамында белгілі бір қоғамдық ұстанымда үгіт-насихат жұмысын жүргізе алатын саяси ұйымдар жоқ еді. Міне, осындай жағдайда думаға даярлық мерзімінің тар қыспағына іліккен ұлт зиялылары тұңғыш рет саяси партия құру әрекетін қолға алды.

Қазақ қоғамындағы саяси-идеялық күрестің шиеленісуіне түрткі болған және ұлт зиялыларының көзқарас эволюциясында маңызды белес болған тарихи оқиға – 1917 жылғы Қазан төңкерісі: Ақпан революциясынан кейін ұйымдық жағынан Алаш партиясының төңірегінен біріккен ұлт зиялыларының арасынан Қазан төңкерісінен кейін қазақ халқы үшін социализм идеяларын құп көріп, бүлікшіл-большевиктік жолға ауыса бастаған зиялылар тарапынан (С.Сейфуллин, К.Төгісов, М.Әйтпенов, Ш.Әлжанов т.б.) саяси күш қалыптаса бастады. Алаш партиясы мен оны қолдаған ұйымдарға “Бірлік”, “Жанар”, “Талап”, “Жас азамат” , “Үш жүз” партиясы, Ақмоладағы С.Сейфуллин басқарған “Жас қазақ” ұйымы, Омбыдағы Демократияшыл Жастар Одағы алаштық идеологияға қарсы күресе отырып, қазақ халқын бостандыққа жеткізудің большевиктік жолын таңдаған болатын. Төңкерісшіл ұйымдардың қазақ халқына саяси ықпалы күшті болмаса да, оларға дем беруші орыс большевиктерінің көмегі арқасында елеулі саяси күшке айналды. Ақпан революциясынан кейін ұлт зиялылары арасында неге жік туды? Қазақ зиялыларының бір тобы неге большевиктік жолға ауысты? Оның басты себебі Уақытша үкімет Қазақстан үшін де, Ресей үшін де маңызды мәселені (жер мәселесі, автономия т.б.) бірден шеше алмады, оны Құрылтай жиналысының құзырына ысыра берді. Уақытша үкіметтің осындай шарасыздығы халықтың көңілін қайтарды. Сонымен қым - қиғаш оқиғалар арнасында қазақ зиялыларының қалыптасуы мен шыңдалуы жүріп жатты

Қазақ зиялы қауымы өзі теңдес халықтардың алдыңғы қатарлы зиялыларымен араласып, шығармашылық байланыста, қоғамдық-саяси істе бірегей-бірлікте болған. Әсіресе орыстың алдыңғы қатарлы зиялыларымен қоян-қолтық араласқан. Соның бірі Г.Н. Потанин болды.

Г.Н. Потаниннің еңбектерімен таныса отырып, Азияны зерттеуші басқа да саяхатшылармен, қызметтес болған замандастарын кездестіреміз. ХІХ ғ. екінші жартысында географиялық ашылымдар тарихында, ішкі Азияны зерттеуде орыстың үш саяхатшысы - Г.Н. Потанин, Н.М. Пржевальский мен М.В. Певцов ерекше орын алады. Осы үш саяхатшының алдында Азия құрлығына көптеген еуропалықтар да VІІ ғ. бастап ақ саяхат жасаған болатын. Алайда енді осы үлкен құрлық туралы ғылыми зерттеулер бұған дейінгі 50 жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп жетістіктерге жетті. Осы үш саяхатшы ішкі Азиядағы жаңаша ғылыми зерттеулердің алғашқы көшбасшылары болып табылады. Оларға дейін біз Монғолия, Жоңғар, Шығыс Түркістан және Тибет туралы өте аз білетінбіз, ал білген нәрселеріміз аңызға, мифке негізделген болатын. Мысалы: Шығыс Тянь-Шаньдағы вулкандар туралы, Жоңғардағы Уйбэ үңгірі, Тұрфан тауы туралы түсініктеріміз бұлыңғыр еді. Батыс еуропалықтардың Азия туралы жазғандарында қателіктер көп. Ішкі Азия туралы нақты шынайы ғылыми деректер Г.Н. Потанин, Н.М. Пржевальский мен М.В. Певцовтан бастау алады. Олардың үшеуі де Жоңғар, Монғолия, Қытай мен Тибетте болған. Егерде, біз олардың жүріп өткен маршруттарын бір картаға қойып салыстырып көрсек, онда біз ішкі Азияның әр территориясынан, әр жерлерге шашырап тармақталып кеткен іздерін көре аламыз. Демек, олар көптеген бұрын көпшілікке беймәлім жерлерге саяхат жасаған. Олардың деректері бір-бірін толықтырып отырды.

Солтүстік Монғолия мен Ордосты, Шығыс Тибетті зерттеуде Г.Н. Потаниннің үлесі көп болды. Г.Н. Потанин де, Н.М. Пржевальский де Жоңғария туралы көп мәлімет жинады. Н.М. Пржевальский Ордос, М.В. Певцов солтүстік Тибет жөнінде көп мағлұматтар береді. Н.М. Пржевальский мен М.В. Певцовқа қарағанда этнография жағынан Г.Н. Потаниннің сіңірген еңбегі көп болды. Олар ішкі Азияның табиғаты мен тұрғындары жайлы құнды деректер жинады, география мен этнографиядан ғана емес, сонымен қатар геология мен зоологиядан, ботаникадан, археология саласынан да мәліметтері көп еді.

Олардың еңбектері әр түрлі болып жіктеледі. Мысалы, Н.М. Пржевальскийден біз табиғаттың керемет көріністерін сезе аламыз, ол аңшылыққа көп тоқталатын, ал Г.Н. Потаниннен, М.В. Певцовтан аумақтың нақты сипатын қысқа да нұсқа жеткізгенімен құндылығы артып тұратынын көре аламыз. Н.М. Пржевальский мен М.В. Певцов офицерлер еді, саяхат кезінде қастарына азды-көпті әскери нөкерлерін ертіп алып жүретін. Г.Н. Потанин саяхат жасаған кезінде қасына әйелін алып жүретін. Ол қасына әскери адамды ертпей-ақ саяхат жасауға болады деп дәлелдеді. Ішкі Азияда Тибеттен басқа жерлерде қауіп төнбейтіндігін айтты. Г.Н. Потанин Ішкі Азиядағы әр түрлі халықтарға сый-құрметпен қарады, сондықтан олардың ауыз әдебиетіне ден қойды. Г.Н. Потанин үшін Орталық Азия тұнып тұрған мұражай сияқты еді. Онда материалдық және рухани дүние сол күйінде сақталған дейтін, халықтардың эпосы мен этнографиясы жөнінде бұл жерлерден көлемді де толық мағлұмат алуға болады деп санады. Г.Н. Потанин халықтардың салт-дәстүрімен жақынырақ таныса білді. Оның киіз үйі тігілген жерде адам үзілмейтін, олармен ұзақ сөйлесіп, керекті мәліметтер алып отыратын.

Сонымен, Ішкі Азияны зерттеу арқылы Г.Н. Потанин мен Н.М. Пржевальский, М.В. Певцовтар үлкен еңбектерді дүниеге әкелді. Саяхаттар нәтижесінде Азияның біраз жерлерінен мағлұмат алынды. Мысалы, Монғолия, Солтүстік, шығыс, орталық Монғолияның Алтайы, Нангоя, Таннуола мен Хинган, солтүстік Қытай, Тибет, оңтүстік Қытай мен шығыс Нань-шань. Г.Н. Потанин әр түрлі халықтармен танысты, олардың салт-дәстүрі мен тыныс тіршіліктерін де толық жеткізді. Оның зерттеулерінде түркі тайпалары (Алтай түркілері, Ұранхай, қырғыз, өзбек, т.б.), монғолдардың (халхас, дүрбүт, бурят, торғаут, орда монғолдары, салара, широнгол, харай-шира-егура), тангуттар, дүнгендер мен қытайлықтар жайында мәліметтерді кездестіреміз. Бұл мәліметтер 300-ден астам аңыз, ертегі, тарихи деректерден тұрады.

Э. Бретшнейдер өзінің “Қытайдағы Еуропалық ботаникалық ашылулар тарихы” атты атақты кітабында 160 жаңа өсімдік түрлерін атап көрсеткен. Г.Н. Потаниннің зоологиядан коллекциясын экспедиция кезінде өзі және қызметшілері жинаған болатын. 1886 жылдың өзінде Г.Н. Потанинді Географиялық қоғам жоғары бағалап, Константин медалымен марапаттады. Шығыс Тибетке жасаған саяхатының нәтижесінде шығыстану ғылымы мәліметтермен байыды. Г.Н. Потанин Географиялық қоғамның беделді мүшесі болды.

Г.Н. Потаниннің ғылыми жетістіктері шетелге де белгілі еді. Қытайдағы Наньшань шыңы, Монғол Алтайындағы мұзбел, Г.Н. Потаниннің атымен аталса, Новосибирск, Томск, Омбы қалаларында оған көшенің аты берілген. 1957 ж. Томскіде Г.Н. Потанин қабірі жанында, Университет бағында ескерткіш ашылды. Онда «Потанин Григорий Николаевич. 1835-1920. әйгілі орыс ғалымы және саяхатшысы» деп жазылған. Сонымен Г.Н. Потаниннің Шығыстану саласына қосқан үлесінің мол екендігіне көз жеткіздік.

Оның құнды пікірлерінің бірі қазақ оқымыстыларының өз тарихы мен мәдениетін тану арқылы, өз халқының құндылықтарын арттыра алады дегені еді. Әрине егемендік алуымыздың да терең тамырлары, осы тарихи құндылықтарды, өзіміздің қазақ екенімізді ұғынуда және ата-бабаларымыздың мол мұрасын сақтай алғандығымызда жатса керек. Г.Н. Потаниннің де қазақ халқының шығу тегіне, ауыз-әдебиетіне, материалдық мәдениетіне қатысты жинақтаған материалдарын ғылыми мұра ретінде қалдырғандығын Отандық тарихқа қосқан зор үлесі деп қарастырған жөн. Міне сондықтан да көрнекті ғалым Г.Н. Потаниннің әлі де болса толық зерттелмеген мұраларын мұрағат деректері арқылы аша отырып, нақты бағасын беру қазіргі кезеңнің өзекті мәселелерінің бірі деп айтуға болады.

Г.Н. Потаниннің өмірбаяны мен ғылыми бағалаулары, қоғамдық үлесі мен басылған еңбектері жайында жан-жақты толыққанды зерттеу болашақтың ісі болып табылады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Г.Н. Потанин және қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі бойынша саяси және рухани көзқарастарын зерттеу барысында табылған тың деректік материалдар негізінде жаңа көзқарастар тұрғысынан талдай отырып, олардың құндылықтарын айқындап көрсету – зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осыған орай зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылып отыр:

- ХІХ ғ. екінші жартысы-ХХ ғ. басындағы орыс зиялылары мен қазақ зиялыларының өз ара ықпалдастығы мен әсерін сипаттау;

- Г.Н. Потаниннің саяси және ғылыми көзқарасын қалыптастыруға өскен ортасының, Сібір кадет корпусының ықпалын көрсету;

- Г.Н. Потаниннің Монғолияға, Қытайға жасаған саяхаттарына талдау жасап, оның Ресейдің шығыстану ғылымына қосқан үлесін айқындау;

- Г.Н. Потаниннің Сібірдегі саяси-қоғамдық қызметіне тоқталып, Сібірдегі саяси топтар мен «Сібір облысшыларына» Г.Н. Потаниннің тигізген ықпалына анықтама жасау;

- ХІХ ғ. қазақ зиялыларының қоғамдық-тарихи көзқарасын айқындай отырып, Ш. Уәлиханов, Мұса Шорманов сияқты қазақ зиялыларының Г.Н. Потанинмен қарым-қатынасының жемісті болғандығын көрсету;

- Сібір және Алаш автономиялары: теориялық бастаулары, ерекшеліктері мен сипаты қандай болғанын айқындау;

- ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының дүниетанымын, тұжырымдамаларын көрсете отырып, олардың Г.Н. Потанинмен арадағы қарым-қатынасына талдау жасау;



Зерттеу нысаны Орыс демократиялық ғылыми интелегенциясының өкілі, танымал ғалым Г.Н. Потанин және онымен тығыз қарым қатынаста болған қазақ зиялылары, оқымысты ғалым-ағартушылары.

Зерттеу пәні - Г.Н. Потанин және қазақ зиялыларының өзара ықпалын көрсете отырып олардың саяси және рухани көзқарастарына тарихи талдау жасау.

Зерттеудің методологиялық негіздері мен әдістері. Зерттеу жұмысын талдау барысында біз соңғы жылдары Отандық тарих ғылымындағы болып жатқан түбегейлі өзгерістерді негізге алдық. Осыған дейінгі зерттеулерде Г.Н. Потанин мен қазақ зиялыларының саяси-қоғамдық және рухани байланыстары арнайы тарихи зерттеу көзіне айналмай, тіпті назардан тыс қалып келгенін айта кеткен жөн. Бұған дейінгі жекелеген зерттеулерде Г.Н. Потаниннің қызметі мен өмір жолы отарлық жүйемен байланыста немесе көптеген орыс ғалымдарының көлеңкесінде ғана қарастырылып келген еді. Оның жеке өз басына арналған еңбек тек Ресейде ғана жарыққа шыққанымен оның қазақ зиялыларымен байланысы толық ашылмаған. Ал Кеңестік кезеңдегі зерттеулерде тарихи таптық партиялық ұстанымдар үстем болғандығы белгілі.

Міне, сондықтан да біз өз зерттеуімізде жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдарды, сыннан өткен, жаңа көзқарастар тұрғысынан жазылған отандық және шет елдік зерттеулерді басшылыққа алдық.

Диссертациялық зерттеу жұмысының методологиялық және теориялық негізіне диалектикалық тарихи даму заңдылықтарын және өркениеттілік, салыстырмалық, талдау, жинақтау мен қорыту, сонымен қатар жүйелілік әдістер арқылы бердік.

Негізгі ұстанымдар ретінде тарихи таным мен концептуальдық ережелер, кешендік теориялар негіздері алынды.

Міне, осындай әдістерді кеңінен қолданудағы мақсат: Г.Н. Потанин мен оның өмір сүрген ортасындағы саяси әлеуметтік ахуалды, қазақтың саяси және ғылыми элитасымен рухани байланыстарын, дүниеауи көзқарастарын айқындау.

Зерттеуде осындай әдіс-тәсілдер Г.Н. Потанин және оның заманына, Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы, көзқарастарына, дүниетанымдарына объективті баға беруге қол жеткіздіреді.



Зерттеудің хронологиялық шеңберіне ХІХ ғ. екінші жартысы-ХХ ғ. басы алынды. Бұл кезеңде қазақ зиялыларының Ресейде білім алып, олардың саяси-рухани көзқарастарының қалыптасып, ел ішіндегі оқиғаларға белсене қатысып, қоғамдық-саяси қызметке араласып, орыс зиялыларымен саяси ағартушылық және ғылыми қарым-қатынастарға осы кезеңде терең бой алдырған болатын.

Диссертацияның ғылыми жаңалығы алға қойылған міндеттердің өзектілігінен, тарихнамасын зерттеуден, яғни Г.Н. Потанин мен қазақ зиялыларының саяси-қоғамдық және рухани байланыстарының тарихы осы уақытқа дейін толық және шынайы тұрғыдан зерттелмеуінен туындайды. Диссертацияның ғылыми жаңалығы – мәселенің кешенді түрде зерттелуінде. Қазақстан тарихы ғылымында алғаш рет Г.Н. Потанин мен қазақ зиялыларының саяси-қоғамдық көзқарастарына талдау жасалып, бұл мәселені көрсетуде Томск облысының мемлекеттік мұрағатының, Томск университетіндегі мұрағат құжаттары ғылыми айналымға түсті. Бұғанға дейін Г.Н. Потанин мен қазақ зиялыларының өзара көзқарастарын талдаған еңбектер бола қойған жоқ. Осыған байланысты диссертацияда мынадай ғылыми жаңалықтар көрініс тапты:

- орыс зиялы қауымының қазақ зиялыларының көзқарасына, іс-әрекетіне, ғылыми шығармашылығына ықпалының деңгейін анықтаудың методологиялық негізі жасалды;

- Г.Н. Потанин мен Сібірдегі саяси топтардың ара-қатынасы мұрағат құжаттары және кейінгі шыққан зерттеулер негізінде жан-жақты талданды;

- Шоқан Уәлихановтың Г.Н. Потаниннің ой-өрісіне, көзқарасына әсері көрсетіліп, Шоқан Г.Н. Потанин үшін «Европаны ашқан терезе» болғаны дәлелденді;

- Мұса Шормановтың Г.Н. Потаниннің қазақ этнографиясы бойынша мәліметтер жинауға зор үлесі болғанын, М. Шормановтың да орыс ғалымымен адамгершілік ғылыми байланыстары да тығыз екендігі көрсетілді;

- Г.Н. Потаниннің Орталық Азия елдеріне, Шығыс Тарбағатайға жасаған саяхаты, ол елдер туралы тарихи ойлары ғылыми еңбектері бойынша көрсетіліп, орыс шығыстану ғылымына қосқан үлесі жүйеленді;

- алғаш рет Г.Н. Потаниннің Ж. Ақпаев, Н. Құлжанова, Ә. Ермеков, А. Біржақсин сияқты қазақ зиялыларымен адами, шығармашылық байланыстарының жаңа қырлары мұрағат материалдары бойынша сипатталды;

- Г.Н. Потанин және Алаш Автономиясы мәселесі Г.Н. Потаниннің баяндамалары, мақалалары бойынша талданып, осы мәселеге қатысты Ә. Бөкейханов бастаған зиялы қауымның тұжырымдамалары айқындалды;



Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

- орыс зиялылар мен қазақ зиялыларының көзқарасы Алаш автономиясы және Сібір автономиясы бойынша біркелкі болған жоқ.

- Г.Н. Потанин мен Сібірдегі саяси топтар өз жерінің патриоты болды;

- Ш. Уәлиханов Г.Н. Потаниннің көзқарасының қалыптасып, ғылыми зерттеулермен тыңғылықты айналысуына ықпал жасады;

-ХІХ ғ. қазақ зиялыларының өкілі Мұса Шорманов пен Г.Н. Потанин арасында шығармашылық, ағартушылық байланыстың елге пайдасы болды;

- Г.Н. Потаниннің Қазақстанды зерттеуіне қазақ зиялылары үлкен үлес қосты;

- Оның Орталық Азияны зерттеуі шығыстану ғылымына мол мәлімет берді;

- Г.Н. Потанин мен қазақ зиялыларының қарым-қатынастары өзара жазысқан хаттары арқылы анықталды.



Жұмыстың сыннан өтуі. Зерттеудің негізгі тұжырымдары бойынша Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Павлодар қалаларында өткен халықаралық және республикалық конференцияларда баяндалды.Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес 32 мақала Білім және ғылым саласындағы қадағалау мен аттестаттау комитеті тізіміне енген Қазақстан, Ресей және Қырғызстан ғылыми басылымдарында жарияланды.

Диссертация қолжазбасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихи бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды (хаттама № 8 «10» маусым 2008 жыл).



Зерттеу жұмысының ғылыми және тәжрибелік құндылығы. Г.Н. Потанин мен қазақ зиялыларының саяси-қоғамдық және рухани байланыстарының тарихи тамырларын арнайы зерттеу арқылы тарихи тұлғалардың мұрасы жөнінде теориялық және методологиялық негіз жасауға мүмкіндік беретін ғылыми еңбек жасалмақ.

Зерттеу барысында көтерілген мәселелер Қазақстан тарихын жете тануға ерекше мән беретін оқырмандарға өткен тарихымызды, ондағы тұлғалардың, зиялылардың өмірі мен қызметін жаңаша саралауына септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының тұжырымдамаларын Қазақстан тарихын танып білгісі келетіндерге, тарихшы мамандарға, жоғарғы оқу орындарының ізденуші, аспиранттары мен студенттеріне, тарих факультетінде дәріс алатын болашақ зерттеушілерге арнайы курстар мен семинар сабақтарында пайдалануға болады.



Диссертациялық жұмыс. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінде талқыланған және қорғауға ұсынылған.

Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысының құрылысы тақырыпты және алға қойған міндеттерді ашуда логикалық бір ізділік бойынша жасалды. Диссертация кіріспеден, бес тараудан, қорытынды және қолданылған деректер тізімінен, қосымша материалдардан тұрады.
ДИССЕРТАЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі мен ғылыми жаңалығы көрсетіліп, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны анықталды, методологиялық негізі айқындалып, хронологиялық шеңбері, практикалық маңызы көрсетілді.

Бірінші тарау «ХІХ Ғ. екінші жартысындағы – ХХ ғ. басындағы демократияшыл орыс және қазақ зиялыларының көзқарастарын зерттеудің методологиялық мәселелері» деп аталады. Бұл тараудың «Тақырыптың методологиялық мәселелері» деп аталатын бөлімінде Қазақстандағы тарих ғылымындағы аталған тақырып жүйесіндегі ғылыми зерттеудің әдіс тәсілдерінің деңгейі мен методологиялық маңызы сипаттала отырып, қазақ зиялы қауымының орыс әдебиетінің белгілі өкілдерімен, алдыңғы қатарлы күрескерлері, зиялыларымен араласуы олардың саяси-рухани көзқарасына үлкен әсер еткені атап өтілді. Григорий Потаниннің де қазақтың алдыңғы қатарлы зиялыларымен араласып, тағдырлас, замандас болып, бір мақсат-мүддемен жүруі, бір-бірімен рухани үндес болғаны айтылды.

Революцияға дейінгі тарихнамада интеллигенцияға қатысты үш бағыт көрсетілетін: халықшылдық, либералдық, маркстік-лениндік. Бұл бағыттағы зерттеушілер Ресей зиялыларының қоғамдағы орнын айқындауға тырысты. Ондай еңбектерде көбінесе мұғалімдер, дәрігерлер, темір жол қызметкерлері, студенттердің және тағы басқалардың өмірі мен қызметіне сипаттама берілетін. Халықшылдық тәсілде зиялыларға қатысты белгілер нақты көрсетілді. Мұндай белгілерге халықтың мүддесі үшін олар өзін-өзі құрбан етуге дейін барады деген пікір негіз болды. Мұндай тәсілде зиялылардың әлеуметтік-кәсіби белгілері жоққа шығарылып, зиялы қауымның бүкіл қызметі саяси қызметте делінді.

Сол жылдары бұл пікірлерге қарсы жинақтар да шығады. Зиялылардың мемлекетке, революциялық қозғалыстарға қатынасы туралы мәселені талдауға түрлі саяи топтардың өкілдері белсене араласты.

Пікірталастарда орыс зиялыларының дүниетанымы, оның қоғамдағы орны мен рөлі мәселесі қозғалды. Бұл мәселе әсіресе Н. Бердяевтің «Философская истина и интеллигентская правда» мақаласында өткір қойылды. Либералды тұжырымдаманың өкілдері «Вехи» жинағында «интеллигенция» ұғымын саясаттандырғаны үшін халықшыларды сынады. Зиялылықты анықтаудағы халықшылдық тәсіл оларды әлеуметтік-саяси сапа қалыптастырды деп санаушы еді.

Бұл жерде біздің ойымыз бойынша зиялыларды сипаттауда оның рухани іске араласу дәрежесін ғана көрсететін сыртқы жағын ғана қарастырып қана қоймай, сонымен қатар рухани құндылықтарды таратуда жетекші болатынын дәлелдейтін ішкі сипатын да қарастырған маңызды деп есептейміз. Зиялылардың қалыптасуы, әлеуметтік құрылыстағы оның орны мен рөлі, тарихи орны туралы мәселе де зерттеушілердің назарынан тыс қалған емес. «Интеллигенция» термині Ресейдің қоғамдық ойында көптеген пікір туғызды. Ғылыми пікірталастағы негізгі мәселе «интеллигенция» ұғымын анықтаудан басталды. ХХ ғ. басындағы тұжырымдамаларға қарасақ, интеллигенция ұғымы негізінде рухани бастама жатыр. Ол ой еңбегімен айналысатын, ерекше жағдайда қалыптасқан әлеуметтік топ. Талдаудың өзіндегі осы тұжырымдамаларға жүгінсек, ХХ ғасырдағы Ресей зерттеушілері бұл мәселені адамгершілік көзқарас тұрғысынан қарастырды. Н.А. Бердяев «интеллигенция» ұғымын адамгершіліктің өзі интеллектуалдылықтан жоғары болды деген ресейлік ойдың өзіндік сипатымен байланыстырады[2]. Яғни, өз сөзімімізбен түсініктеме берер болсақ интеллигент дегеніміз ақыл ой, білімділік деңгейімен ғана емес адамгершілік, ар ожданымен айқындалады.

Зиялылар тапқа, әлеуметтік топқа жатпайтын ерекше қоғамдық топ ретінде сипатталды. Мұндай пайымдаманы ұстайтындардың көзқарасы бойынша интеллигенция этикалық жағынан тоғышарлыққа қарсы, әлеуметтік жағынан топқа, тапқа жатпайтын адамдардың сабақтастық тобы, олар толығымен идеямен айналысып, сол идеяға қызмет етуге дайын болады. Олар білімді, сонымен қатар бар нәрсеге сыни көзқараспен қарайды. Әсіресе олар өз халқы үшін күйіне біледі, өз отанының тағдыры үшін алаңдайды.

ХХ ғ. басындағы зерттеушілер интеллигенцияны әлеуметтік-этикалық категория деп түсінді. Мысалы, интеллигенция деп нақты әлеуметтік дүниетанымы, адамгершілік келбеті бар адамдары таныды. Интеллигент деген сыни ойлай алатын адамдар, ескіге қарсы күресе алатын, жалпы теңдік пен бақыт мұраты үшін күреске бастайтын, тоқыраушылықтың жауы, революционер, әділдікті іздейтіндер. Осындай рухани-әлеуметтік тұрғыдан қарағанда зиялылар тарихы идеялар мен қоғамдық ойлар жыйынтығының тарихы. Оны нақты тапқа жатқызу мүмкін емес. Осындай тәсілмен анықтаған кезде интеллигенция феномені ұлттық санамен пара-пар келеді. Ұлттық сипат ұлтқа да өз ізін қалдырады. Интеллигенция орыстықтың шынайы белгілерін көрсетті, сондықтан бірқатар авторлар бұл ұғымды тек орыс интеллигенциясына ғана қолдану керек деген пікірде.

Адам тиімділікті ғана ойлап қоймай, жеке өзі метафизикалы да ойлайды. Ойлау принципіне сай адамдар ғылыми және көркемдік мектептерге, бағыттар мен қозғалыстарға бөліне алады.

Н.П. Гордеевтің пікірінше, мұндай жағдайда тұлғалар тобының таптан, әлеуметтен тыс тобын айтудың қажеті жоқ, өйткені әңгіме рухани тарих, ой тарихы туралы болып отыр. Ал оны осы ұрпақтың кез келгені қайталай алады.

М.А. Славинский интеллигентті интелектуалды зертхана деп атап, онда таза мәдени құндылықтардан басқа, ұлт азаттықтың және саяси құрылымның түрлері мен кейпі жасалады деген пікір айтады [3]. Бұл автордың ұлтты дамытудағы интеллигенцияның рөлі туралы мәселені көтергенін құптауға болады. Автордың ойынша, интеллигенция өз халқының ұлттық санасының барлық құрамдарын қорғайтыны анық. Оның мәдени дамуы сол халықтың мәдени даму деңгейімен анықталады, оның көңіл-күйі де сол ұлттыкіндей, психикасы халықтық санамен ұлттық психологияның ақырғы формасын береді. Халықтың мәдени-ұлттық шығармашылығының басты қаруы болып табылатын ұлттық тіл соның иелігінде болады. М.А. Славинскийдің пайымдамалары қазіргі заманғы зерттеушілердің көзқарастарына қарама-қайшы келетінін байқауға болады.

Таптық қоғамдағы интеллигенцияның орны туралы айта отырып, С.Я. Вольфсон оның пролетариат пен ұсақ буржуазия арасындағы аралық топ екенін, «пролетарлық интеллигенция» терминіне қарсы екенін айқындап, кез келген интеллигенция тапқа тәуелсіз деп көрсетеді. Автордың бұл ұстанымы интеллигенция туралы кеңестік тарихнамада оңшыл оппортунистік делінді. Интелегенция туралы екінші тұжырымдаманы жақтаушылар оны күрделі шығармашылық еңбекпен, кәсіби ой еңбегімен айналысатын адамдар тобы деп таныды. Бұл анықтамаға назар аударсақ, В.И. Лениннің «Бір қадам алға, екі қадам артқа» деген еңбегінде интеллигенциға қатысты утилитаризм тәсілін қолданғанын байқаймыз, ал бұл тәсіл большевиктер партиясы билікке келгеннен кейін теория мен практикада жүзінде анықталды. Мұндай марксистік тәсілде революцияға дейінгі және кеңестік кезеңдегі интеллигенция арасындағы айырмашылық көрсетілмеді, оның рөлі мен орны да анықталмаған. Интеллигенция қызметін таза кәсіби қызмет деп санайды [4].

В.И. Ленин орыс қоғамының ерекше тобы ретіндегі «сословиесіз интеллигенция» тезисіне қарсы болып, орыстың алдыңғы қатарлы, либералды, демократиялық интеллигенция буржуазиялық интеллигенция болды деп мәлімдеді. И.В. Сталин интеллигенция мәнін теориялық жағынан қарапайым схемаға салды. Ол В.И. Лениннен коммунистік қоғамды дамытудың жоғары деңгейіне жеткізетін ерекше әлеуметтік топ деген пікірін ала отырып, кеңестік қоғамның әлеуметтік-таптық құрылысының «үштік формуласына» енгізді.

Мұстафа Шоқай интеллигенция деп кім алдына жоғары мақсат қойып, сол мақсат үшін барлығымен бірігетін білімді адамдарды атауға болатынын айтты. Ұлттық интеллигенция құрамына өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін еңбек ететіндер де енеді деп көрсетті [5].

Кеңестік қоғамдық ғылымда интеллигенция мәселесі идеологияландырылды. Марксизм догматикалық бұл мәселені ХХ ғ. 30-жж. толығымен бекітті. Интеллигенция өзінің жеке дүниетанымы жоқ, қоғамның қандай да бір табының дүниетанымын білдіретін ой еңбегі қызметкерлерінен тұратын әлеуметтік топ ретінде анықталды. Бұдан басқа анықтамаларды қабылдамады. Кеңестік ғылымда ұзақ уақыт бойы интеллигенцияның әлеуметтік-саяси дербестігі туралы мәселе жабық болды.

Деректік мәліметтерге қарағанда алашшыл ұлт зиялылары саяси күрес жүргізуді, дипломатиялық, идеологиялық әдістерді кең қолданған. Өйткені, сол тарихи кезеңде қазақ қоғамының ішкі және сыртқы әсерлері яғни демографиялық ара салмақ, орыс халқының шовинистік пиғылы, автономия ісін жүзеге асыруда әрдайым дипломатиялық тәсілдерді қолдануға мәжбүр болды. Өйтпеген жағдайда елде азамат соғысы өрті тұтануы мүмкін еді. Міне осы жағдайды ескере отырып бұл кезеңдегі қазақ зиялыларының әр бағыттағы белсенді қызметі нәтижесінде алаштық дипломатия мектебі қалыптасты деген қорытынды да жасауымызға болады. Идеологиялық әдіс - қазақ қоғамын идеялық тұрғыдан біріктіруге, халықтың саяси сана-сезімін оятуға және большевизмге қарсы үгіт-насихат жүргізу жұмыстарында кеңінен қолданылды. Саяси күрес жүргізудегі ұлт зиялыларының ұстанған әдістерінің ішіндегі маңыздыларының бірі - қай жерде болмасын қалалық Думада, Земство мекемелерінде, Кеңестік биліктің негізгі ықпалды, жауапты қызмет орындарын қолға алу арқылы ұлттық мүддеге сай жұмыс жүргізу тәсілі болды. Сондай-ақ, Алаш зиялылары большевиктерге қарсы саяси репрессиялық әдіске де жүгінуге тырысқан.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет