Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Оқу процесінің мəн-мағынасы Жоспары Оқу процесінің мəні жəне дидактика жөнінде түсінік Оқу- дидактикалық процесс



Дата24.07.2016
өлшемі79 Kb.
#219738
түріРеферат

Оқу процесінің мəн-мағынасы

Жоспары


1. Оқу процесінің мəні жəне дидактика жөнінде түсінік

2. Оқу- дидактикалық процесс

3. Оқу процесінің қызметтері

4. Оқудың əдіснама-дидактикалық жүйелері

5. Таным теориясы жəне оқу

1. Оқу процесінің мəні жəне дидактика жөнінде түсінік

Біртұтас педагогикалық процесті құраушы екі басты бірліктің біреуі – оқу процесі. Бұл процесс өте күрделі, сипаты жағынан ол тек тəрбие жəне даму процестерінен кейін тұруы мүмкін. Сондықтан оған толық та жан-жақты анықтама беру қиынға соғады. Оқу процесі əр текті жəне табиғаты жағынан əртүрлі көптеген жағдаяттардың мың санды байланыстары мен қатынастарын қамтиды. Процесс анықтамаларының көптігі де осыдан болар.

Ежелгі жəне ортағасырлық ойшылдардың шығармаларында “оқу”, “оқу процесі” ең алдымен мақсаты - оқушы болған оқыту қызметін (преподавание) білдірген. Ғасырымыздың басында оқу ұғымы енді осы процесті құрайтын екі бірлікті – оқыту қызметі мен оқып- үйренуді қамтитын болды. Оқыту – оқу материалын игеруге ынталандырушы мұғалімдердің қызметін, ал оқып- үйрену (учение) ұсынылған білімдерді игеруге бағышталған оқушылар іс-əрекетін танытады. Кейінгі жылдары «оқу» ұғымы оқушылардың танымдық іс-əрекет тəсілдерін қалыптастырушы мұғалімнің басқару іс-əрекетін де , мұғалімдер мен оқушылардың бірлікті іс-əрекетін де аңдататын болды. Мұғалім мен оқушының бірлікті іс-əрекеті болған оқу процесінің мəні оқыту мен оқып үйренудің бірлігін аңдатады. Бүгінгі түсінім тұрғысынан оқу келесі белгілерімен сипатталады: 1) екі тараптылық; 2) мұғалім мен оқушының бірлікті əрекеті; 3) басқарым мұғалім тарапынан; 4) жоспарлы ұйымдасу жəне басқару; 5) біртұтастық жəне бірлік; 6) оқушылардың жас даму заңдылықтарына сəйкестік; 7) оқушылардың дамуы мен тəрбиесіне жетекшілік.

Оқу жəне білімдену проблемалары педагогиканың дидактика деп аталатын бөлімінде зерттеледі. «Дидактика» термині грек тілінен енген, аудармасы «үйретуші» дегенді білдіреді. Алғашқы рет бұл сөз неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571-1635) шығармаларында қолданылып, оқыту өнері мəнін аңдатқан. Ал Я.А.Коменский дидактиканы «баршаны барлық нəрсеге үйретудің əмбебап өнері» деп түсіндірген. XIX ғасырдың басында неміс педагогы И.Гербарт дидактиканы тəрбиелеп оқытудың өз алдына тұтас жəне қайшылықсыз теориясы ретінде таныған. Дидактиканың негізгі міндеттері В.Ратке заманынан бермен қарай бірде өзгерместен келе жатыр. Олар: нені үйрету жəне қалай үйрету проблемасын шешу; қазіргі заман педагогикасы бұларға қоса –қашан, қай жерде, кімді жəне не үшін оқыту қажет деген мəселелерді қарқынды зерттеуде. Дидактиканың негізгі категорияларын танытушы келесі ұғымдар белгіленген: оқыту, оқып-үйрену, оқу, білімдену, білім, ептілік, дағды, сонымен бірге оқу мақсаты, мазмұны, ұйымдастырылуы, түрлері, формалары, əдістері, құрал-жабдықтары, нəтижесі (өнімі). Дидактикалық жүйе жəне оқу технологиясы да осы категориялық ұғымдар тұрғысынан танылуы тиіс. Осыдан қысқа да ауқымды анықтама келіп шығады: дидактика- бұл оқу жəне білімдену, олардың мақсаттары, мазмұны, əдістері, құрал-жабдықтары, ұйымдастырылуы мен нəтижелері жөніндегі ғылым.

Дидактика өз пəні аймағында іске қосылатын заңдылықтарды зерттейді, оқу процесінің барысы мен нəтижесіне негіз болар тəуелділіктерді талдайды, жоспарланған мақсаттар мен міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуші əдістер, ұйымдастыру формалары мен құрал-жабдықтарын белгілейді. Осының арқасында ол екі басты функцияны атқарады: 1) теориялық (диагностика жəне болжастыру); 2) практикалық (қалыпты іс-əрекет, құралдар дайындау).

Дидактика барша пəндер бойынша жəне оқу іс-əрекетінің барлық деңгейіне орайластырылған оқу жүйесін біріктіреді. Зерттелуші болмысты қамту шеңберіне байланысты дидактика жалпы жəне жекеленген болып бөлінеді. Жалпы дидактиканың зерттейтін пəні: оқыту мен оқып үйренуді, оларды туындатқан жағдаяттары мен оларды орындау шарттары жəне соның арқасында жетілетін нəтижелерімен бірге анықтау. Жекеленген (нақты) дидактика оқыту əдістемесі деп аталады. Ол əртүрлі оқу пəндерінің желісін , мазмұнын, оқыту формалары мен əдістерін қарастырады. Əр оқу пəні өз əдістемесіне ие.



2. Оқу – дидактикалық процесс

Дидактикалық процесс мəнін түсіну үшін «оқу» жəне «оқу процесі» түсініктерінің мəн-мағынасын ажыратып алған жөн. Кейде бұл категориялар теңдестіріле қарастырылады. Іс жүзінде олай емес. «Оқу» түсінігі құбылысты білдіреді, ал «оқу процесі»- бұл процестің уақыт жəне кеңістікте дамуы, оның кезеңдерінің бірізді ауысып баруы.

Ұзақ уақыттар желісінде оқу процесі негізінен оқыту қызметі ретінде қарастырылды, яғни мұғалім жұмысы деп есептелінді. Уақыт өтумен бұл түсінікке кең мағына беріліп, оқушы іс-əрекеттеріне ерекше назар аударылатын болды.

Оқу процесі – шынайы болмыстағы қиын да қыстаулы, күрделі процесс. Ол өз ішіне көптеген құрылымы, деңгейі əр текті жəне табиғаты бір-біріне ұқсамаған жағдаяттардың сан қилы байланыстары мен қатынастарын қамтиды. Сондықтан да «оқу процесі» түсінігіне толық жəне жан-жақты анықтама беру қиындау. Солай да болса, қазіргі педагогика ғылымында «оқу процесі» ұғымына орай келесідей анықтама қабылданған: «оқу процесі – бұл барысында білім беру, игеру, тəрбиелеу жəне дамыту міндеттерін іске асыруға бағытталған оқытушы мен оқушы арасындағы мақсат бағдарлы өзара байланысты іс -əрекет».

Оқу процесі екі тарапты сипатқа ие. Оның құрамы өзара табиғи байланыстағы екі түрлі əрекеттен тұрады: оқыту – мұғалімнің оқу материалын меңгеруге орай ұйымдастыратын оқу-үйрету іс-əрекеттері жəне оқып үйрену – білім меңгеру мақсатындағы оқушының іс-əрекеттері. Бұл екеуі арасындағы байланыстырушы тетік – бірлікті іс-əрекеттерді жанамаластыратын оқу мазмұны.

Оқу негізінде мұғалім үшін осы процесс мазмұнының базалық бірліктері болып есептелетін, əрі оқушылар тарапынан игерілуі тиіс өнім ретінде білімдер, ептіліктер жəне дағдылар жатады.

Оқып-үйренудің аса маңызды элементі – сеп-түрткілер (мотивтер). Қандай да оқу əрекеттерін не тұтастай оқу істерін орындай отырып, оқушы осы сеп-түрткілерді басшылыққа алады. Оқуға қызықтыратын мотивтер түрі көп, əрі сан қилы. Олардың əрқайсысы өз алдына дербес ықпал жасамай, бір-бірімен тығыз ықпалдастық байланыста оқушының білім игеруіне себепші болады. Ақыл-ой əрекеттеріне ынталандырушы сеп-түрткілер қатарында танымдық қызығулар мен қажеттердің маңызы ерекше. Бұлардың жоғары деңгейде дамуы үшін шынайы ғылыми мазмұн жəне педагогикалық мақсат бағдарында ұйымдастырылған белсенді де дербес таным қажет.
3. Оқу процесінің қызметтері

Оқу процесі бірнеше қызметтерді – білімдендіру, дамыту, тəрбиелеу, ынталандыру жəне ұйымдастыру – атқарады. Бұлардың бəрі кешенді іске қосылады, алайда, тəжірибелік іс-əрекетті дұрыс ұйымдастыру, оқу міндеттерін тиімді жоспарлау үшін олардың əрбірін өз алдына қарастырған жөн.

Оқу процесінің білімдендіру қызметі ең алдымен білім, ептілік, дағдыларды, шығармашылық іс-əрекет тəжірибесін қалыптастыруға бағытталады.

Білім (знание) – бұл деректер, мəлімет, ұғымдар, ережелер, заңдар, теориялар, формулалар мен сипаттамаларды , т.с.с. түсіну, есте қалдырып, қажеттікке орай қайта жаңғырту.

Оқу барысында ғылыми білімдер тұлға меншігіне айналып, оның тəжірибелік қорына енуі қажет. Бұл қызметтің іске асырылуынан білім толықтығы, жүйелілігі жəне саналылығы, оның бекімі мен əрекетшеңдігі қамтамасыз етіледі. Оқушы ғылым негіздері мен іс-əрекет түрлері бойынша мəліметтер жинақтайды, игерілген білімдерді саналы пайдалана білу негіздері қаланып, оларды тұрмыстық міндеттерді шешуге қолдануға үйренеді.

Білімдендіру қызметі сонымен бірге оқушыға тек білім игертіп қана шектелмей, олардың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыруға арқау болады.

Ептіліктер – бұл адамның ережелерге сүйене отырып, қандай да нақты əрекеттерді орындау қабілеті. Дəлірек айтсақ, ептілік дегеніміз – білімді практикамен байланыстыра қолдану тəсілдерін, жолдарын меңгеру.

Дағды – бұл саналы іс-əрекеттің автоматтастырылған бірлігі. Басқаша айтсақ, дағды – ойланбай орындалатын, жоғары дəрежеде жетілген ептілік.

Ептілік жаттығулар нəтижесінде қалыптасады. Дағды қалануы үшін көп санды қайталаулар қажет.

Ептіліктер мен дағдылар жалпы оқулық жəне арнайы оқулық болып ажыралады.

Арнайы оқу ептіліктері мен дағдылары нақты оқу пəні мен белгілі ғылым саласына байланысты қалыптастырылады. Мысалы, физика, химия пəндері бойынша – зертханалық тəжірибелер өткізу, заттай көрнекіліктер пайдалану; географиядан – картамен жұмыс, масштабты өлшемдер, компас не басқа құралдарды қолдану; математикадан – логарифмдік сызғышпен, есептеу машиналарымен, əрқилы модельдермен жəне т.б. жұмыс алып бару ептіліктері мен дағдылары орнығады.

Арнайылардан тыс оқу процесінде оқушылар барша пəндерге қатысы бар жалпы оқу ептіліктері мен дағдыларын да игереді. Мысалы, оқу жəне жазу дағдылары; өзіндік таным жұмыстарын тиімді ұйымдастыру ептіліктері; оқулық, анықтамалар, библиографиялық тізімдермен жұмыс.

Оқу процесі білім беру қызметімен бір уақытта тəрбиелік міндеттерді де іске асырып барады. Оқудың тəрбиелік қызметтері осы əлеуметтік процестің өз табиғатына орай орындалады. Осыдан оқу процесінде оқушыларда көзқарастар, ғылыми дүниетаным, табиғат, қоғам жəне ойлау заңдылықтарын пайымдау, қоғамдық талап, тəртіп нормаларын мойындау əрі оған байланысты заңдарға бойсыну қабілеттері қалыптасады. Тұлғаның қажетсіну сезімі, іс-əрекеттік, əлеуметтік мінез-құлық, құндылық жəне құндылықты бағыт-бағдарлар да осы оқу процесінде пайда болып, жетіліп отырады.

Тəрбие мүмкіндіктері тікелей білім мазмұнынан келіп шығады. Əр оқу пəнінің өзіндік тəрбие мүмкіндігі бар. Оқушылардың тұлғалық сапа-қасиеттерін қалыптастыруда гуманитар жəне əлеуметтік-экономикалық пəндердің тəрбиелік маңызы басқа кəсіби пəндермен салыстырғанда өте жоғары.

Оқу барысындағы тəрбиелік ықпал мұғалім мен оқушы, оқушылардың өзара қатынасына жəне ұжымдағы психологиялық жағдайға байланысты. Педагогикалық процесс қатысушыларының арасындағы қарым-қатынас, тілдесу стильдері əрқилы болуы мүмкін: əміршіл-əкімшіл, демократиялық, либералдық. Бұл орайда қазіргі заман педагогикасының ұстанымы-мұғалімнің оқушыға деген ізгілікті (гуманистік), сыйластық қатынас жасауы, шəкірттерге белгілі шамада дербес, өз бетінше жұмыс алып бару мүмкіндігін беру жəне оларды оқу процесін ұйымдастыруға тартып, сенім білдіруі. Осылардың бəрі біріге оқушыға білім беру процесінің тең құқықты субъекті болатынын танытып, оның белсенділігін көтеруге жəрдемін тигізеді. Оқу адамды барлық уақытта тəрбиелейтіні белгілі, алайда ол тəрбие кейде қисынсыз бағытқа да бұрылып кетуі ықтимал, сондықтан оқудың тəрбиелік қызметін іске асыруда оқу процесін ұйымдастыруға, оның мазмұнын іріктеу мен əдіс, формаларын таңдауға байланысты тəрбие міндеттерін дұрыс түсініп алған жөн.

Білім беру жəне тəрбиелеу қызметтерімен бір қатар оқу процесі балаға дамыту ықпалын да жасайды. Оқып, білім игере отырып, оқушы жан-жақты дамуы тиіс, яғни тұлғаның сөйлеу тілі, ой толғауы, сезімдік жəне қозғалыс ептіліктері көңіл-күй-еріктік, қажетсіну қабілет-қасиеттері ілгерілі даму өзгерістеріне келеді. “Даму басы - оқу”(Л.С.Выготский)- бұл аса маңызды психологиялық заңдылық. Сабақ барысында мұғалім қаруы болған білім мазмұны, ол қолданған оқу формалары мен əдістері, сондай-ақ оқушылардың белсенді, саналы да əрқилы іс-əрекеттері – бəрі де даму өзегі.

Дұрыс ұйымдастырылған оқу əрқашан дамыту қызметін атқаратыны сөзсіз, дегенмен оның нəтижелі іске асуы арнайы бағыт-бағдардың болуына тəуелді. Педагогика теориясы мен тəжірибесінде дамыту мақсатына орай ерекше оқу технологиялары нақтыланған:

- ақыл-ой əрекеттерін кезеңмен дамыту бағыты (И.Я.Талызина);

- теориялық материалдар көлемін арттыра беру (Л.В.Занков);

- жоғары қарқын жəне қиыншылық деңгейінде оқыту (Л.В.Занков);

- оқушылардың өз оқу əрекеттерін сезінуін қамтамасыз ету (Л.В.Занков);

- проблемді оқыту (А.М.Матюшкин, М.И.Махмутов);

- оқудың дамытушы əдістер жүйесін қолдану (И.Я. Лернер, М.Н.Скаткин);

- оқудағы мазмұндық қорытындылау тұжырымы (В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин);

- оқушылардың танымдық іс-əрекеттерінің белсенділігін көтеру əдістерін қолдану (Г.И.Щукин);

- төңіректері қоғам, адам, өнермен қатынастардан болатын толғаныс, көңіл-күй, сезімталдық дамыту жолдары пайдалану арқылы оқу тиімділігін арттыру бағыты (Д.Кабалевский, И.Волков).

Бүгінгі таңда оқудың дамытушылық қызметін жүзеге келтіретін талай технологияларын мұғалімдер табысты қолданып жүр (11-лекцияда).

Білім беру, тəрбиелеу жəне дамыту қызметтерімен қатар педагогика ғылымында оқудың ынталандыру жəне ұйымдасу қызметтері де өз алдына қарастырылуда. Оқу процесін шəкірттерді алдағы оқу-танымдық жұмыстарға еріксіз тартатындай, келер сабаққа ынтық болып күтетіндей дəрежеде құрастыру, оқушыны жаңаны білуге ынталандыратындай етіп ұйымдастыру қажет.

Оқу процесінің жоғары да аталған барша қызметтері бір-бірінен оқшауланған құбылыстар емес, олардың бəрі өзара шартты байланыста əрі сабақ бөліктері мен кезеңдерінің бəрінде бірдей орындалып барады.

4. Оқудың əдіснама-дидактикалық жүйелері

Оқу мəнін түсіндірудің бірнеше əдіснама-дидактикалық жолдары бар. Олардың ішінде аса кең танымал болғандары: 1) Гербарттық тəрбиелік оқу бағыты; 2) Дж.Дьюидің оқушы белсенділігіне негізделген оқу бағыты; 3) қазіргі заман демократияшыл дидактика бағыты.

Тəрбиелік оқу бағыты. Негізін салған неміс философы жəне педагогы И.Гербарт. Ол Я.А.Коменскийдің дəстүрлі сынып-сабақтық жүйесін сындарлы түсінім тезіне сала отырып, оның кемшіліктерін көрсетті, онымен бірге этика мен психологияның соңғы жетістіктерін арқау еткен жаңа дидактикалық жүйе түзіп, ұсынды. Гербарттың пікірінше, оқу-тəрбиенің ең жоғары мақсаты – адамгершілікті, моральды, күшті мінезге ие болған тұлға қалыптастыру. Оның ойынша, тəрбиелік оқу келесі этикалық идеяларға сүйенуі тиіс:

- тұлға ұмтылыстарының бағытын, аймағын жəне күшін анықтаушы кемел жетістігі;

- өз еркін басқалардың еркіне икемдесуі мен бағынуын қамтамасыз ететін тілектестік;

- адамдар арасындағы дау-дамайдың өрістеуіне шек қоятын құқықтар;

- басқалар тарапынан болған көңіл қабарту жəне өкпені қайтаруды міндетіне алатын əділдік;

- адамның ерік сезімін оның ниеттері мен наным-сенімдеріне икемдестіруге мүмкіндік беретін ішкі рухани еркіндігі.

Бұл жүйенің негізгі ерекшеліктері келесідей: мектептің басты міндеті – оқушылардың ақыл-ес дамуын қамқорлыққа алу. Моральдық тұрғыдан күшті мінез иелерін қалыптастыруға дұрыс педагогикалық жетекшілік, тəрбие жəне онымен байланысты оқу себепші болады. Жетекшілік жасаған адамның міндеті балалардың тұрақты іспен шұғылдануын қамтамасыз ету, дене жəне интеллектуалды дамуына бақылау қою, тəртіпке үйрету. Оқудың тəртіппен тығыз байланысқа келуінен, білімнің оқушы сезімі жəне ерігімен бірігуінен – тəрбиелік оқудың мəні құралады. Бұл түсінікті ендіре отырып, Гербарт тəрбиені оқудан бөлектеуге болмайтынына, ерік жəне мінездің ақыл-санамен бірге дамитынына баса назар аударды.

Гербарттың дидактикаға ендірген басты жаңалығы – оқу сатыларын бөлектеу болды. Оның дидактикасындағы схема келесідей: түсініктілік – байланыс – жүйе-əдіс. Оқу процесі ұғымдардан түсініктерге өту жəне түсініктерден теориялық сипаттағы ептіліктерге жету жолымен жүргізіледі. Бұл схемада, байқағанымыздай, практикаға орын қалмаған. Бұл формальды деңгейлер оқу мазмұнынан ажыралып, барша сабақтарда жəне барлық пəндерге арналған оқу процесінің желісін айқындайды.

XIX ғасырдың ортасында кең таралған Гербарт теориясы кейін бірте-бірте маңызын жоя бастады. Осы күнгі бағалармен өлшестіретін болсақ, Гербарт жүйесі мектептің дамуына кері ықпал жасады. Осы теорияның негізінде оқудың мақсаты дайын білімдерді ұсынып, жаттату деген пікірлер тарай бастады; оқу процесіндегі белсенділік тек мұғалімнен ғана күтілді, оқушыларға «тыныш, назар салып, мұғалімнің айтқанын орындау» міндеттері таңылды, яғни балалар енжар тыңдаушыға айналды. Дегенмен, Гербарт дидактикасынсыз, одан келер ықпал болмағанда, оның тəрбие тəжірибесін сынға салып, қайта қарастырмағанда, бүгінгі теория мен практика мектеп өміріне еш уақытта да енбеген болар еді. Зерделі назар аударсақ, бүгінгі мектептің өзінде де Гербарт қалаған əміршіл дидактиканың элементтерін көптеп кездестіруге болады. Осылайша, өз сыныбына қатаң тəртіп енгізуді ниеттеген мұғалім алдымен ойланғаны жөн –бұлай істесем бола ма? Гербарт тəжірибесінде бұл тəсіл қолданылған, бірақ оқудағы шектен тыс қаталдықтан ғұламаның кейінгі шəкірттері бас тартты. Бұл өнеге – құптарлық.

Оқушы белсенділігіне негізделген оқу бағыты XIX ғасырда жасаған американ философы, психологы жəне педагогы Джон Дьюи дидактикасы қоғам мен мектептің прогрессив дамуына қайшы келген гербартшылардың əміршіл-əкімшіл педагогикасына қарсы тұру мақсатында дүниеге келді. Гербарт дидактикасына келесідей қарсы айыптар тағылды:

- қатаң тəртіп пен жазалауларға негізделген үстірт тəрбие;

- өмірмен байланыспаған оқудың «кітабилылығы» ;

- оқушыларға тек «дайын» білімдерді ұсыну, жаттауға бағытталған «енжар» əдістерді қолдану;

- оқушылардың қызығулары жəне қажеттерімен байланыспауы;

- оқушы қабілеттерін дамытуға аз көңіл бөлінуі.

Дж.Дьюи өз зерттеуінде оқушылардың белсенділігі дамуына басты назар аударып, оқушылардың қызығуларына, олардың өмірлік қажеттеріне байланысты болған оқудың (құрғақ сөзді, кітаби, тек жаттауға негізделген оқудан гөрі) анағұрлым жоғары нəтижелер беретініне көз жеткізді. Дьюидің оқу теориясына енгізген негізгі үлесі – «толық ойлау əрекеттері (акті)» жөніндегі жаңалық пікірі. Осыған байланысты адам өз өміріне аса күрделі де кедергі болған қиыншылықтарды кездестірген кезде ғана ойлау əрекетіне кіріседі. Əрбір «толық ойлау акті» келесі кезеңдерден құралады:

- қиыншылықты түйсіну (сезу);

- оны нақ байқап(көріп), мəнін анықтау;

- одан құтылудың жолдарын іздестіру (болжам белгілеу);

- болжастырылған шешімнен қорытындыға келу (гепотезаны логикалық тексеріске салу);

- болжамды қабылдау немесе одан бас тартуға мүмкіндік беретін келесі бақылаулар мен эксперименттерге өту.

Шешімдерін ойластырып, жеңу қажет «қиыншылықтар» кейін «проблема» атауын алды. Дьюидің пікірінше, дұрыс құрылған оқу əр уақытта проблемді болуы тиіс. Оқушыларға берілетін тапсырмалар олардың қызығуларына, өмір талаптарына сəйкес болуы шарт.

Мұғалім оқушылардың қызығу қабілеттерінің дамуына мұқият ден қоя отырып, олардың алдына түсінімі жəне шешілуі жағынан қиналтпайтын проблемалар қойып баруы қажет. Оқушылар, өз кезегінде, осы проблемаларды шешуден өздеріне жаңалық əрі пайдалы болған білімдерді игеретініне сенімді болуы тиіс. Сабақтар «толық ойлау актілері» негізінде құрылып, одан оқушылардың келесі ептіліктерді игеруі күтіледі:

- нақты қиыншылықты сезу;

- оны (проблеманы) анықтау;

- кезіккен қиыншылықты жеңудің болжамын (гипотезасын) түзу;

- толық проблеманы немесе оның бір бөлігін шешудің жолын табу;

- болжамды бақылау немесе эксперименттер жəрдемімен тексеру»;

«Дəстүрлі» жүйемен салыстырғанда, Дьюи өте батыл жаңалықтар, күтілмеген шешімдер ұсынды. «Кітаби оқу» орнына негізінде оқушылардың өзіндік таным əрекеттері болған белсенді оқу мектеп тəжірибесіне енді. Əміршіл мұғалім орнын оқушылар белсенділігін не мазмұн, не оқу əдістеріне матамайтын, ал қиыншылықтарды жеңуге көмектесетін, қажет болса, жəрдем беретін жебеуші – мұғалім иеледі. Жалпыға бірдей мызғымас оқу бағдарламалары мұғалім тарапынан тек жалпылай мазмұны ғана анықталған бағыттау бағдарламаларымен ауыстырылды. Ауызша жəне жазбаша сөздің орнына оқушылардың өзіндік дербес зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға бағышталған теориялық жəне практикалық дəрістер келді. Кейінгі кезеңдерде жүргізілген зерттеулер ежелгіден, дəстүрлі жəне жаңашыл дидактикалық жүйелерден ең құнды болған тараптарын сақтап қалып, күнделікті маңызды болған мəселелерді шешудің жаңа жолдарын табуға бағытталды. Бұл ізденулерден кейін орын иеленген оқу жолдары бүгінгі заман дидактикасының жаңа жүйесін құрады.

Жаңа бағыттар арасында белгілі американ психологы жəне педагогы Дж. Бруннер ұсынған «жаңалықтар ашумен оқыту» бағыты назар аударарлық. Бұл теорияға орай оқушылар барлық танымдық күштерін іске қосуды талап ететін жəне өнімді ойлау қабілетінің дамуына ұтымды ықпал жасаушы өз белсенділігімен ашқан жаңалықтары негізінде дүниені танып, білімдер игеруі қажет. Оқушылар бұған дейін білмеген қорытындыларды жасап, оларды өз бетінше өрнектеп, тəжірибеде қолдану жолдарын да игеруі қажет. Мұндай шығармашылық оқу «дайын білімдерді » игеруден де, сондай-ақ қиыншылықтарды жеңу жолымен жүргізілетін оқудан да өзгеше, дегенмен аталған екі жүйе де Бруннер теориясының негізі əрі қажетті шарттары ретінде пайдаланылған. Шығармашыл оқуға тəн белгі, Бруннердің пайымдауынша, нақты тақырып бойынша деректерді жинақтау жəне бағалау, солардың нəтижесінде белгілі қорытынды ғана өрнектеу емес, сонымен бірге игерілетін материалдардың шеңберінен сыртта жатқан заңдылықтарды да анықтау.

Қазіргі заман демократияшыл дидактика өзінің келесідей ерекшеліктерімен сипатталады:

1. Бұл жүйе негізін объектив заңдылықтар құрайды. Осының арқасында қазіргі заман дидактикасы оқу процесін түсіну мен талдауда бір тараптылық көзқарастан құтылды. Дидактиканың қазіргі күндегі тұжырымдамасы оқу процесіне жүйелі бағытта қатынас жасауға негізделген, яғни осы жүйеліліктен сезімдік қабылдау, білімдерді түсіну жəне игеру, игерілген білімдер мен ептіліктерді тексеру танымдық процесте, оқу іс-əрекеттерінде табиғи біртұтастыққа келтіріледі. Танымда да осы сезім, ойлау жəне практикалық іс-əрекеттердің өзара бірдей уақыттағы ықпалдастығына байланысты талаптар да іске асып барады. Қазіргі дидактикалық бағыт өткендегі дидактикалық жүйелерге тəн теория мен практика, білімдер мен ептіліктер, баяндау қабілеттері мен болмысты өзгерту, сондай-ақ тікелей мұғалімнен алынатын білімдер көлемі мен оқушылардың өз бетінше жинақтайтын білімдердің арасындағы қарама-қарсылықтарды жойды.

Дидактикалық жүйе түзуде комплекстік бағыт-бағдар қажеттігі жөніндегі түсінім бекіді. Мұғалімдер де, ғалымдар да балалар жөніндегі білімдер, оларды оқыту механизмдері, танымдық іс-əрекеттері, мақсаттары мен мотивтері бірлігіне сүйенген дидактика ғана тұлғаның жан-жақты жəне үйлесімді дамуына пайдалы болатынын түсінді.

2. Бүгінгі дидактика жүйесіндегі оқудың мəні оқушыларға дайын білімдерді ұсыну, қиыншылықтарды өз бетінше жеңу жəне оқушылардың өзіндік жаңалықтар ашуымен шектелмейді. Оны түбегейлі ажырататын сипат: педагогикалық басқарудың оқушылардың ынтасы, дербестігі жəне белсенділігі мен саналы байланыс, қатынастарына негізделуі. Бүгінгі дидактиканың мақсаты – көзделген оқу деңгейіне оқушы уақытын, күшін, оқу құрал-жабдықтарын өз орнымен пайдаланып, балалардың оқу жүктемесін жас сатылары мен мүмкіндіктеріне қарай белгілеп, денсаулығына зиян келтірмейтіндей етіп жеткізу.

3. Оқу мазмұнын анықтау бағыты да өзгерді, оқу жоспарларын, бағдарламаларын жəне оқу пəндерін құрау принциптері де басқаша. Гербарт заманында мектептік оқу үшін қолданылған бағдарламалар оқушылардың талаптарын, қажеттерін жəне қызығуларын тіпті де ескермейтін еді, интеллектуалдық дамуда «кітаби білімдердің» маңызын асыра дəріптеді. Оқудың американдық моделінде көбінесе оқушылардың жағдайға байланысты өз бетінше туындайтын қызығулары мен мезеттік белсенділігіне аса көп мəн берілді. Нəтижеде, бағдарламалар білімнің жалпы суреттемесін беріп, ал жеке оқу пəндері жоғары сыныптарда ғана енгізілетін. Мұндай дидактикалық бағыттың ұнамды да, сондай-ақ ұнамсыз да тараптары болды. Жақсы болған тарапы – оқушы өз бетінше асықпай еңбектенумен қалаған саласында тиянақты дайындық көрді. Бірақ оның қорытынды білімі тар шеңбердегі проблемалармен ұсақталып, қажетті жүйе мен деңгейге жеткізілмеді.

Бұрынғы дидактикалық жүйелердің ұнамды сапалары жаңа дидактикаға өтіп, толыға түсті. Бүгінде жіктемелі (дифференцированные) оқу жоспарлары, бағдарламалары, курстері бүкіл əлемге тараған. Сонымен бірге, оқу пəндерінің бірігу (интеграция) процестері де өріс алып, олар оқушылардың əрқилы қажеттері мен қызығуларына икемдестірілуде.

Сонымен, ежелгі заманнан бері балаларды оқыту мен білімдендірудің жетілген жолдары іздестірілуде. Мұғалімдер көптеген бағыттарды өз тəжірибесінде тексеріп, сынап көруде. Ғылым топтаған білімдердің аса құндылары, озық тəжірибе, дидактикалық жүйелерге енуде. Мектептің қазіргі заман білімдену жүйесіне И.Гербарт жəне Д.Дьюи жүйелері көп ықпал жасады. Бірақ қазіргі заман дидактикасы оқудағы бір тараптылық принциптен бас тартып, бала жөніндегі ғылыми білімдердің бар комплексін пайдалану теориясына ден қойды.

5. Таным теориясы жəне оқу

Оқудың теориялық - əдіснамалық негізі - материалистік таным теориясы (гносеология). Бұл теорияға орай əлем шынайы, адам санасынан тыс жасайды, бірақ оны танып білуге болады. Таным - бұл қоршаған болмыстың, оның элементтерінің белсенді ақыл-ой жəне көңіл-күй іс-əрекеттері мен олардың нəтижесі, яғни білім; жалпыланған теория, заңдар мен ғылыми ұғымдардың санада бейнеленуі.

Шындық пен нақты болмысты танудың диалектикалық жолы – тікелей байқап, сезуден бейнақты ойлауға, одан практикаға өту.

Тікелей байқау процесінде, яғни түйсік, қабылдау, шынайы болмысты белсенді зерттеу арқасында қандай да құбылыс не заттар жөнінде түсініктер пайда болады. Осы түсініктер негізінде қорытындылар жасалады. Бейнақты (абстракт) ойлау əрекеті танымға түскен құбылыстардың жалпы белгілерін анықтауға, түсінік, пікір, ұғымдарды игеруге, зат не құбылыстар арасындағы мəнді, қажетті де тұрақты байланыстарды ашып, заңдар мен заңдылықтарды өрнектеуге мүмкіндік береді.

Таным теориясы оқу танымына тікелей қатысты. Білім игеру əрқашан таныммен байланысты келеді. Оқудың міндеті – табиғат, қоғам жəне адамның психикалық процестерінің даму заңдылықтарын оқушы санасына өткізу.

Таным мен оқу арасында жалпы ортақтастық көп. Оқушы қоршаған дүниені тану арқылы дамиды, кемелденеді. Оқу жұмысын таным істерінің өзінше бір формасы ретінде қарастыруға болады.

Алайда таным мен оқу ортасында болатын маңызды ерекшеліктерді ескермеу мүмкін емес:

- таным –бұл қоғамдық-тарихи категория. Көптеген ғасырлар бойы ғалымдар табиғат, қоғам жəне адам ақыл-ойының біршама заңдылықтарын ашты. Яғни ғалымдар жаңалықты тұңғыш күйінде таниды, сондықтан да ондай таным толық болмайды. Ал оқу процесінде оқушылар бұрыннан белгіліні жаңалық деп қабылдайды, ғылым жинақтаған түсінік, ұғым, деректерді игереді. Олар өздері үшін бұрыннан белгілі шындықты қайтадан ашқан сияқты болып, шəкірттердің жас мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне орайластырылған, дидактикалық бейімге келтірілген əрі қарапайымдастырылған материалдарды меңгерумен айналысады. Сонымен бірге, оқу барысындағы таным міндетті түрде, мейлі тікелей не жанама, мұғалім болуын керек қылады, ал ғалым тұлғааралық қатынастарды көбіне қажет етпейді.

- жаңалықтар ашуға арналған таным процесі ұзақты кезеңдік ғылыми ізденістерді қажет етеді. Ал оқу процесінде белгіліні қайтадан ашып, игеру жолы қысқа əрі мұғалім шеберлігімен жеңілдетіледі;

- таным процесі материалдық не рухани нысандарды қабылдауды талап етеді де, ал олардың шынайылығын практика дəлелдеуі тиіс. Оқу барысында мұғалім білім игеру процесі бөліктерін ауыстыруы жəне оны практикалық ептілік, дағдылармен кезектестіріп немесе біріктіріп жүргізуі мүмкін.

Сонымен, таным мен оқу процесі арасында қаншалықты ортақтастық болса, соншалықты айырмашылық та бар. Оқу процесі оқушының психикалық іс-əрекеттерінде жүріп жататын заңдылықтар негізінде өзіне ғана тəн ішкі қисындылық (логика) бойынша орындалады.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Оқу мəнін қалай түсінесіз?

2. Оқу процесі анықтамасы қандай?

3. Оқу процесінің негізгі қызметтерін атаңыз.

4. Оқудың қандай əдіснама-дидактикалық бағыттарын білесіз?



5. Ғылыми таным мен оқу танымы арасындағы ерекшеліктер қандай?


www.РЕФЕРАТ.kz Қазақша рефераттар сайты


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет