М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
РЕФЕРАТ
Тақырыбы:Жастарға салауатты өмір салтын насихаттау
Орындаған: Кеңесова Аида
Тексерген: Қамысбаева Жанар
Тараз 2022
Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру — қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгертуі, ең алдымен, тәрбиелік мәселе. Дұрыс тамақтану жас кезінен, отбасынан басталады.
«Денсаулық — зор байлық, адам бақытының бастауы» — дейді халқымыз. Денсаулық ұлан асыр байлық екені рас, бірақ оған ие болу үшін күш жұмсалуы тиіс. Денсаулық ол адамға бір рет берілетін сый деуге болады. Оны сақтау үшін еңбек сіңіріп, ауырмайтын жол іздеу керек.
Салауатты өмір салтының жастар арасында қалыптасуының маңызы өте зор. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстар: ауру шақыратын факторлардың әсерін төмендетуге, ішімдіктің, темекінің, есірткінің зияндығына, қимыл - қозғалыстың аздығына, құнарлы тамақтанбауға қарсы жүргізілетін үгіт - насихат жұмыстарына негіз салды.
Салауатты өмір тіршілігі – денсаулықты сақтаудың және нығайтудың негізгі, ол жан - жақты дамыған азаматтың қалыптасуына, оның рухани, дене дамуына әсер етеді.
Денсаулыққа кері, жағдайсыз әсер ететін көптеген факторлар бар: аурып жазылу; никотин мен алкогольге құмарлық; еңбектің, тұрмыстың жайсыз жағдайларының созылмалы әсері; дұрыс тамақтанбау ( оның жеткіліксіздігі және шамадан тыс көптігі); көңіл күйдің жылдам ауытқуы, еңбек пен ретсіз демалыстың бұзылуы, ауаның, судың бұзылуы; дәрі - дәрмекті және тұрмыс химиялық заттарын орынсыз пайдалану. Осы факторлардың ішінде бірінші қатарда қимыл - қозғалыстың аздығы.
Қазіргі кезде Қазақстанның жастарының денсаулығы төмен деңгейде. Оған мысал ретінде әскерге қабылдау кезінде өтетін тексерісте кемінде 50% жастар денсаулықтарына байланысты әскери борышын атқаруға жарамсыз. Оған себеп ауру шақыратын факторлардың өсуі, яғни құнарлы тамақтанбау, темекі, ішімдік, есірткі зияндығы, қозғалыстың аз болуы.
Қимыл белсенділігі — бұл салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты болып табылады. Маңызды мүшелердің және мүшелер жүйесінің қызметін жақсартады, сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
Денсаулықты сақтауда уақытымен және дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Майлы, тұзды, тәтті тағамдарды қабылдауды шектеген жөн, тамақты аса көп жеуге, ұйықтар алдында тамақтануға болмайды. Төрт мезгіл тамақтануды сақтай отырып, белгілі бір сағатта ас қабылдаған дұрыс. Сонымен қатар, организмді шынықтыру, жұқпалы аурулардың алдын алу, зиянды әдеттерден алшақ болу, күйзеліске көп салынбау сияқтыларды сақтай отырып денсаулықты сақтауға болады.
“Дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі” деп тегін айтылмаған.Қазіргі қоғамымызда халықтың табиғи өсімі төмендеп, сырқаттанушылық және өлім- жітім деңгейі арта түсті. Әсіресе, балалар мен жастардың денсаулығы қауіп тудыруда. Темекі тарту, ішімдік пайдалану, есірткі құмарлық және улы заттарға әуестік, адамгершілікке жат мінез-құлық, ерте жыныстық қатынас кеңінен етек алуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сарапшыларының дерегі бойынша халық денсаулығының 49-53%-ы өмір салтына, яғни адамның өз денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді, 17-20%-ы қоршаған ортаға (аймақтың экологиялық және климаттық-географиялық ерекшеліктеріне), 18-22%-ы тұқым қуалау себептеріне, біздің ден-саулығымыздың тек 8-10%-ы ғана денсаулық сақтау ұйымына тәуелді. Халықтың денсаулығы - ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі.Атамыз қазақтың «Бірінші байлық - денсаулық», яки болмаса «Денсаулық - терең байлық» деген даналық мәтелдері тіршіліктің нағыз өзегінен алынған емес пе? Денсаулықтың қадірін, маңызын айрықша ұғынып барлық игіліктен жоғары санаған. Тағы да «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп жан мен тән саулығын қоршаған орта аясында дұрыс сақтап және нығайтуға түрлі пайдалы әрекеттер жасап отырған .
Н.Ә.Назарбаев: «Халықтың денсаулығы - ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі» деп тағы да айрықша айқындап атап өтті. Сонымен қатар келешек атқарылатын істердің басты стратегиялық бағыттарын да көрсетті.
Бірінші: балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына айрықша көңіл бөлу.
Екінші: халықты қол жетерлік және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Үшінші: отандық медицина ғылымын дамыту. Осы бағыттама аясында ел басқарған ағалармен біріге отырып, түрлі індеттердің алдын алу керек. Салауатты өмір салтын ұсынбаған мемлекеттің экономикасы құлдырайтыны сөзсіз. Ауру адам қандай іс бітірмек!
Жастар - болашағымыздың алтын тірегі. Жастар арасындағы нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу қажет. Тағы да айтарым, өкінішке орай көптеген азаматтарымыз өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға жауапты емес, немқұрайды қарайды. Тіпті денсаулығы өзіне емес, тек дәрігерлерге қажет сияқты медицинаға тұтынушылық немесе масылдық пиғылы бар. Дәрігерлер қанша ескертсе де жаман әдеттерден арылғысы келмейді.
Адам денсаулығына зиянын тигізетін жат әдеттерден аулақ болғаны жөн. Енді оларға не жататынына тоқтала кетейік: Олар - темекі тарту, спирттік ішімдіктерге, есірткілік заттарға салыну. Арақтың орнына қымыз бен қымыран іш, темекі тартудың орнына таза ауада көбірек жүр. Жастарға есірткіні пайдаланба, көңіл көтеретін мәдени көпшілік орындарына баруды әдетке айналдыр дер едім. Еңбек адамды тәрбиелейді. Сондықтан жұмыс істеуден қашпаған жөн. Жалқаулыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайды. Имандылық жолына түсіп, жылына бір келетін оразаны тұтып, оның тәртібін сақтағаныңыз дұрыс. Дүниеде бұған тең келетін ештеңе жоқ. Біз табиғаттың, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуіміз керек. Өзіңізді қандай көрсеңіз, өзгелерді де солай көріңіз. Адамдар бір-бірімен дос, бауырлас, сыйлас, рақымды, мейірімді болса, нұр үстіне нұр жауады. Әрқашан жаман ойдан аулақ болыңыз. Адам өзін өзгеден кем сезінуі, денсаулығының нашар екендігін ойлап қамығуы, көз алдына өлім қорқынышын елестетуі ойды бұзады.
Денсаулық қатерінің негізгі факторлары — қозғалыс күшінің кему саддарынан қимылдың кемуі (гиподинамия), дене массасының артуы, жүйесіз тамақтану,қоршаған орта нысандарының барлығының көптеген уытты заттармен ластануы, өндірістежәне тұрмыста күйзеліс туғызатын жағдайлар, зиянды әдеттердің (шылым шегу, алкоголь пайдалану, уланқорлық, нашақорлық, т.б.) кең таралуы.
Салауатты өмір салты — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты қозғалыс белсенділігін дұрыс ұйымдастыру организмнің өсу мен дамуына белсенді ықпал етеді, организмнің жұмысқа қабілеттігін жоғарылатады, әр түрлі ауруларға төзімділігін арттырады.
Ия, әрбір адамның денсаулығы өз қолында. Ал, бала денсаулығының негізінің мықты болуы оның тамақтануына байланысты, балалық шақта қаланған денсаулықтың іргесі адамның бүкіл кейінгі өмірінің сапасына әсер етеді. Дұрыс тамақтану және салауатты өмір салты – бала организмінің ауруларға жоғары тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін міндетті шарттар.
Баланың күнделікті тамақтануы өсу үстіндегі организмнің қажетті қоректік заттектерге және қуатқа қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыруы және күні бойы жұмсайтын күштерін толығымен қалпына келтіруі тиіс. Осыған байланысты мектеп оқушысына арналған негізгі салауатты тамақтану ұстанымдары туралы білу аса маңызды.Баланың жасының әр кезеңі алдыңғысынан өсу қарқыны және физиологиялық жүйелердің жетілуімен, өсу үстіндегі организмнің тіндері мен ағзаларында өтетін өзгерістердің сапасымен ерекшеленеді. Сондықтан, баланың жасының әр кезеңіндегі тамақтануы айрықша талаптармен сипатталады, осы талаптарды ескеру арқылы баланың ақыл-ойы мен денесінің қалыпты дамуына, өмірлік әлеуетін арттыруға ықпал етуге болады. Салауатты тамақтану – өнімдердің пайдалы қасиеттерін ескеріп, қолданатын тамақтану. Салауатты тамақтану ұстанымдарын қадағалау организмнің ақуыздарға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге, басқа да көптеген қоректік заттектерге барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді, осы арқылы:
– өсу үстіндегі организмнің қалыпты дамуына ықпал етеді,
– жақсы денсаулық пен ұзақ жасауды қамтамасыз етеді,
– иммунитетті арттырады,
– ақыл-ой еңбегі қабілетін жақсартады,
– дене шыдамдылығын жақсартады,
– көптеген аурулардың дамуының алдын алады.
Керісінше, салауатты емес тағам асқазан-ішек жолдары ауруларының, семіздіктің, қан айналымы жүйесі ауруларының, апаруы мүмкін. Дұрыс тамақтанбаудың жағымсыз салдары бірден білінбейді. Организм ағзалар мен жүйелердің қызметінің бұзылысын өтей алмайтын болған кезде ауру дами бастайды. Жылдар бойы жинақталған өзгерістердің бетін қайтару қиын. Бұл үшін сәйкес емдеу, уақыт және науқастың тарапынан дәрігердің ұсыныстын қатаң орындау қажет.
Ең бастысы – адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгерту. Сондықтан, баласына өмірінің басынан бастап дұрыс тағамдық дағдыларды қалыптастырған ата-аналар баласының денсаулығының мықты іргесін қалайды. Күнделікті баланың рационында 5 негізгі топтың өнімдері болуы қажет:
– жармалар, нан (қоңыр ұннан болғаны дұрыс) және кейде – макарон өнімдері;
– көкөністер, жеміс-жидектер, балғын күйінде күніне кемінде 400 г тұтыну қажет;
– ет, құс еті, балық, бұршақ тұқымдастар, жұмыртқа, жаңғақтар;
– сүт және ашытылған сүт өнімдері;
– майлар: өсімдік майының 1 ас қасығы (суық сығымдау арқылы алынған, өңделмеген), сары май (30 г-нан аспайды).
Өнімдердің бұл топтары – организм үшін қажетті өсімдік және жануар тектес ақуыздардың, майлардың, көмірсулардың, дәрумендердің, минералдық заттектердің, сондай-ақ, ішектің қалыпты қызметі үшін қажетті заттек – талшықтардың табиғи көзі.
Жаңа ғасыр табалдырығынанаттанған болашақтың тағдыры – оның денсаулығында. Ұлы Абай атамыздың «Бес нәрсеге ғашық бол, бес нәрседен қашық бол» қағидасын берік ұстап, ертедегі ата-бабаларымыздың әскерлі сөз мәйектерімен жеткізе білген денсаулық жайлы ойларының қадірін түсіне білу керек.
Сау дене, азат ақыл, адам көңіл,
Үшеуімен бақытты болады өмір,- дегендей, өмірге адам болып келген соң, адам болып өту, өмірімізді мәнді де, сәнді өткізу, келешекке оң көзқараспен қарау – міндетіміз. Бұл өмірді дұрыс өткіземін десең, салауатты өмір салтын ұстан.
Салауаттылық – саулық кепілі, ал саулық – байлық негізі.
Өркениеттің жолындағы елдің ертеңі – халқының саулығына байланысты. Дені сау халық – бай халық, халқының дені сау болып тұрса, мемлекеттің де мықты болып тұрары сөзсіз. Жаны сұлу, тәні сау ұрпақ, саған аманат еткен тәуелсіз мемлекетіміздің алтын кілтін жоғалтпай, көк туын көкке қарай биік көтер!
Есірткі, нашақорлық – азаматты жұтатын аждаһа екенін бір сәт естен шығармайық!
Өміріміз - өз қолымызда. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Адамға өмір бірақ рет беріледі. Бұл ретте оның денсаулығы мықты, рухы күшті болғаны абзал!
Достарыңызбен бөлісу: |