Педагогика тарихының әдiснамалық негiзi философиялық диалектика, ол ғылыми әдiснама ретiнде жеке тұлға және таным теорияларының қалыптасып дамуына негiз болып, шындықты бейнелеудiң басты жолдарын анықтайды. Яғни, жеке тұлғаның үйлесімді қалыптасуында, оған сан-салалы әлеуметтiк байланыстар жиынтығының ықпалды әсер етуiнен, бiр жағынан, әрбiр адам қоғамдық қарым-қатынастардың жемiсi болса, екiншi жағынан, қоғамды дамытуда өзiндiк үлес қосатын жеке тұлға болып қалыптасады.
Қоғамның тарихи, әлеуметтiк-мәдени дамуында жеке тұлғаны қалыптастырудың басты философиялық қағидалары бар: бүкiл адамзат қоғамының даму тарихында ғылыми-зерттеу жұмыстары дәлелдегендей, адам және оны тәрбиелеудiң мәселелерiнiң өзектiлiгiмен (Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, Д.Б.Эльконин, С.М.Жақыпов, т.б.) анықталады;
философиялық, тарихи, әлеуметтiк, психологиялық және педагогикалық ғылыми зерттеулердi ретроспективтi талдау нәтижесiнде адамның тұлғалық құрылымында ерекше орын алатын басты қасиет – адамның өзiн-өзi тануы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы және олармен рухани-адамгершiлiктi байланыстар жасауы (Ж.Әбдiлдин, В.Г.Афанасьев, Ә.Нысанбаев т.б.) екені анықталды;
әрбiр тарихи, әлеуметтiк-мәдени орта жағдайында адамның мораль тұрғысынан қалыптасуына өзi өмiр сүрiп отырған қоғамның және әлеуметтiк ортаның, шағын ортаның (отбасы, мектеп, жолдастары, т.б.) тәрбиелiк ықпалы зор (Б.Г.Ананьев, В.Н.Мясищев, Б.Ф.Ломов, М.Мұқанов, т.б.).
Сонымен, ғылымның әдiснамасы – бұл қағидалар, қорытындылар, ұстанымдар, танымдық әдiстер арқылы әр жақты жағдайлар тоғысында шындықты бейнелеу ақиқатын зерделеп түсiндiретiн iлiм.
Педагогика тарихының әдiснамасы әр тарихи дәуiрдегi педагогикалық бiлiм мен тәрбиенi, ойлар мен идеяларды талдап жүйелеу, оларды ұғындыру, тұжырымдар жасау арқылы педагогикалық үдеріске өзгерiстер енгiзу немесе жетiлдiру мақсатын іске асыратын педагогика ғылымының бiр саласы.
Педагогика тарихының әдiснамасы төмендегiдей жүйелi құрылымнан тұрады:
тарихи-педагогикалық бiлiм құрылымы мен қызметтерi;
педагогикалық идеялар, ой-пiкiрлер, iс-тәжiрибелер, үлгiлер, негiзгi педагогикалық қағидалар (идея, болжам, тұжырымдама, теория);
– тарихи-педагогикалық бiлiм мен тәрбиенi өңдеп жетiлдiрiп, педагогикалық үдеріске ендiру.
Осындай үлгi тарихи-педагогикалық, психологиялық және педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарында жалпы ғылыми ұстанымдарға негiзделе жүргiзiледi. Ғылыми зерттеу ұстанымдары мен оларға қойылатын талаптар әдiснамалық бiлiмде ерекше орын алады. Өйткенi, олар тарихи-педагогикалық бiлiмдi, теория мен практиканы бiрiктiрiп, бiлiм беру мекемелерiне ғылыми негiзделген бағдар бередi. Қандай бiр ғылыми жұмыстар болсын, олардың тiрек ұстанымдар қатарына жататын ең басты, негiзгi әдiснамалық ұстанымы – жүйелiлiк. Сондықтан жүйелілiк жалпы ғылыми-әдiснамалық зерттеудiң бiр құралы ретiнде оқу-тәрбие үдеріске және бiр-бiрiмен байланысты құбылыстарды жүйелi зерттеуге өзiндiк сапалылығымен сипатталатын ғылыми тұғыр болып табылады. Жүйелiліктiң мәнi төменде көрсетiлген қағидалар бойынша айқындалып, жүйелi объектiлердiң сапасын және оны жетiлдiру жолдарын анықтауға көмектеседi. Олар:
– сыртқы ортаға байланысты жүйенiң тұтастығы және оны ортамен бiрлiкте зерттеу. Мысалы, бiлiм берудiң мәселесiн жүйелiлік тұғыры арқылы зерттегенде бұл тақырыпты елiмiздегi әлеуметтiк және экономикалық даму үдерісіне байланыстыра және қоғамның сұранысына ұштастыра зерттеу;
– тұтас педагогикалық үдеріс бөлшектелiп, элементтерге бөлiнiп құрылуға тиiс, өйткенi элементтердiң сапалық қасиеттерiнiң өзi де белгiлi бiр жүйеге байланысты болады. Ал жүйенiң сапалық қасиетi, оның элементтерiнiң өзара байланысындағы нәтижелерi кейде бiр-бiрiмен ұштаспай жатуы мүмкiн;
– жүйенiң барлық элементтерi бiр-бiрiмен өзара байланыста болғанымен, олардың iшiнен ең басты анықтаушы, жүйе құрушы элементiн iрiктеп алу керек;
– элементтер жиынтығынан объект жүйесiнiң құрылымы мен ұйымдастыру технологиясы жайлы түсiнiктер беру;
– жүйе элементтерiнiң бiр-бiрiмен байланыстарын арнайы реттеу және олардың өзгерiстерiн басқару (мақсат қою, құралдарды таңдау, бақылау және түзету, қорытындысын талдау).
Достарыңызбен бөлісу: |