ӘОЖ 374:37.014.521:28(574.4) Қолжазба құқығында
ТӨЛЕГЕНОВА ГҮЛЖАУХАР ҚАЛАБАЙҚЫЗЫ
СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ДІНИ АҒАРТУШЫЛЫҚ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
(ХІХ – ХХ ҒҒ.)
6N0114-тарих мамандығы бойынша педогогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
РЕФЕРАТЫ
Қызылорда, 2012
Жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих және тарихты оқыту әдістемесі кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші:
Ресми оппонент:
|
тарих ғылымдарының докторы,
профессор Ө. Қожақұлы
тарих ғылымдарының докторы,
профессор Х.М. Тұрсын
|
Диссертация 2012 жылы «___ » сағат ___ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өтеді (Мекен-жайы 120008, Қызылорда қаласы, Тарих және құқық факультеті, №1 оқу ғимараты, № дәрісхана)
Диссертация Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Магистрлік зерттеу жұмысында ХІХ ғ.-ХХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстік аймағында діни ағартушылық бағыттардың таралуының ерекшеліктері және ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы Сыр бойындағы сопылық ағартушылық мектептің қалыптасуы мен дамуы т.б. мәселелер құжаттар жинағы мен ғылыми әдебиетке негізделіп қарастырылады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі өткен тарихымызды қайта қарастырып, жаңа баға беруге мүмкіндік берді. Тарихтың ақтаңдақ беттерін ақиқатпен толықтыру арқылы өшкенімізді тірілтіп, өткенімізді білуге және оны бүгінгі көзқарас тұрғысынан түсінуге жұрттың ынтасы күн сайын арта түсуде. Сондықтан да ұлттық санасы оянған қазақ халқының өткенін әділ баяндау қажет. Қазіргі таңда Отан тарихында бірқатар көкейтесті мәселелер жаңа көзқарас тұрғысында ғылыми негізде зерделенуде. Оның көзге түсетін тұстарының бірі-ислам дінінің қазақ жеріндегі мың жылдан астам тарихы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен бейбітшілікті көздеген саясатының нәтижесінде Қазақстан халқы ұлан-ғайыр жұмыстарды атқарып қоғам өміріндегі саяси және рухани жаңғыру кезеңіне көшті. 2005 жылғы 22 қарашада Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІ сессиясында конфессияаралық үнқатысусыз этносаралық келісім болмайтынын ескерте келе ҚР Президенті «Біздің қоғамымыз елдің ішінде және шет елде лайықты бағасын алған рухани келісімнің жоғары деңгейіне жетті. Бізде 3340 діни бірлестік, 40-қа жуық конфессиялар мен деноминацияларға тиесілі 2488 ғибадат орындары жұмыс істейді. Біздің елімізді конфессияаралық бейбітшілік пен әлемдік діндер үнқатысуының ордасы деп бекер айтпайды!» деп мәдени және тілдік, этностық және діни сан алуандық көріністеріне төзімділік өркениеттер арасындағы үнқатысу секілді, елдер мен халықтар арасындағы бейбітшіліктің, өзара түсіністік пен достықтың қажетті шарттары болып табылатынын айтты [1].
Дін соның ішінде ислам діні адамзаттың қазіргі дамуына орасан зор үлес қосқан рухани жетекші екені белгілі. Адам баласының жан-жануар әлемінен оқшауланып, өзін адам есебінде сезінуіне, жасампаз істерді атқаруына себепші болған да діни дүниетанымдық түсініктер. Қазіргі уақытта тарихқа өркениеттік принциптер бойынша қараудың бір жолы - қоғамның дамуына діни және рухани факторлардың әсері болғандығын дұрыс бағалау. Егер біз осы күнге дейін тарих ғылымында формациялық көзқарастардың ықпалында болсақ, енді өркениеттік танымға мойын ұсынуымыз керек. Оның формациялық көзқарастан бір ерекшелігі – адам дүниетанымы мен рухани үрдістерге сүйену. Ал формациялық көзқарастар тұрғысынан қарасақ, қашанда материалдық өндіріс, экономика үстем тұрады.
Осы тұрғыдан келгенде қазақ жерінде исламның тарауы айрықша қызықты және мағыналы тақырып. Исламның қазақ арасында тарауына қандай себептер болды, діни қауымдастықтар қалай құрылды, жалпы қазақ жеріндегі исламның қандай ерекшеліктері бар деген мәселелер тек жеке зерттеушіні ғана емес, жалпы қоғамдық сананы елеңдетеді. Дегенмен, әлі де болса зерттелуі кенже қалған, жеткілікті мән берілмей отырған мәселелер де баршылық. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның оңтүстік аймағында яғни сыр өңірінде ислам дінінің таралуына терең тарихи талдау жасалған жоқ. Сондықтан да біздің диссертациялық тақырыбымыз Отан тарихы үшін өзекті мәселені көтеріп отыр деп есептейміз.
Диссертациялық жұмыстың зерттелу деңгейі. Бүгінгі күнге дейін аталмыш тақырыпқа арнайы тарихнамалық талдау жасалмағандығы Қазақстан тарихының патша, кеңес дәуірінде арнайы зерттелмегендігінен болып табылады. Түркістан өлкесін, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан аумағын, орыстандыру мен шоқындыру мәселесі төңірегінде, орыс ғалым-миссионерлері Н.П. Остроумов, С. Граменецкий, А.Е. Алекторов, Н.И. Ильминский және алғашқы генерал-губернатор К.П. Кауфман [2] еңбектерін жатқызуға болады. К.П. Кауфман өз еңбегінде «мектептер мен медреселердің ағарту ісі заман талабына сай болмағандықтан, заңды үрдіс негізінде өзінен-өзі ыдырайды» деп түсініп, «өзге халықтарды қорқынышқа бөлемей, аралас орыс-түзем мектептер империя мүддесін өз дәрежесінде орындайды» деген ойға келеді. Ал, Н.П. Остроумов мұсылмандық мектептер мен медреселер тарихына байланысты бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл еңбектерінде, ол мұсылман оқу орындарының дамуына тосқауыл қою жолдарын қарастырған. Себебі, мұсылмандық оқу орындар өлкенің орыстандырылуымен шоқындырылуына кедергі болған еді. Оның пікірінше орыстандыру саясатының бірден – бір жолы ретінде «қазақтар мен орыстарды біртұтас саяси-мемлекеттік құрылымға біріктірудегі негізгі буын оқу-ағарту саласы» – деп, пайымдады. Сонымен қатар Ильминский де өз жұмыстарында бұратана халықтарға арнайы әліпби жобасын әзірлеп, мұсылмандық оқу орындарында пайдалану арқылы орыстандыру мақсатын көздеген, оның барлық еңбектері орыс православиялық миссиясы тұрғысынан жазылған. Жалпы алғанда Сыр бойының Ресей империясының отарына айналуы мен салдары жөнінде деректерді Н.И. Крафт, В.Н. Каплун, В.П. Вощинин, А.И.Добромыслов, Н.И. Веселов, В.Задорская мен Г.Александров, Т. Седельников, П.П. Румянцев, М.А.Терентьев [3] еңбектерінен табуға болады. Жалпы алғанда , мұсылман халықтарының мәдениеті Ресей зерттеушілерін тек саясатпен ғана байланысқан жағдай да қызықтырса да, аталмыш тақырып үшін маңызды дерек болып табылады. Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш. Құдайбердіұлы сынды ел тағдырын ойлаған ғұламалар дін мәселесін жан-жақты зерттеген.
Кеңес үкіметі жылдары дін туралы тек атеистік тұрғыда ғана жұмыс жүргізуге ғалымдар мәжбүр болғаны белгілі. Дегенмен, аз болса да кейбір мәліметтер мен зерттеулер тарихи еңбектерде көрініс тауып отырды. Отаршылдық саясаттың бір көрінісі татарларды қудалау, мектеп және медресе мұғалімдерінен орыс тілін талап ету, оқулықтарды кириллицамен шығару, араб тілінде және графикасында жазылған әдебиеттерді тәркілеу т.б. шаралар туралы ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқымыстылары аз жазған жоқ. Осы тұста С. Асфендияровтың «История Казахстана (с древнейших времен)» деп аталатын еңбегін атауға болады. Ғалым патша үкіметінің миссионерлік саясатын сипаттай келе, Ильминский сияқты белгілі идеологтардың қазақты орыстандырмақ саясатына мұсылман діні қарсы болды, сонымен бірге бұл әрекеттерге Қазақстан өлкесінде жақсы орныққан татар дін иелері де жол берген жоқ» деп жазады [4, 244-245 бб]. Жалпы, Ресейлік миссионерлердің үлкен нәтижеге жете алмағаны туралы Ә. Бөкейхановтың еңбектерінде де айтылады. Е. Бекмаханов «Присоединение Казахстана к России» атты еңбегінде: «ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ даласында ислам ақсүйек феодалдардың діні ретінде қызмет атқарды» дейді [5, 380-381 бб.]. Е. Бекмахановқа байланысты қуғын-сүргіннен кейін аталған тақырыпта жазу тіпті де мүмкін болмады. Осыған байланысты кеңестік кезеңнің 50-ші жылдарынан бері жазылған дүниелердің көпшілігін тек атеистік, дінсіздікті дәріптейтін, ғылыми сапасы төмен еңбектер есебінде ғана бағалауға болады. Солардың бірі С.Б. Дорженовтың «Ислам және ұлттық қатынастар» деп аталатын еңбегі. Бұл еңбекте ислам дінінің, оның әдет-ғұрыптарының қазақ арасында әлі де беделін сақтап отырғаны айтылады және автор, ораза-айт, құрбан-айт, мәуліт сияқты діни мейрамдарда халықтық сипаттан дәнеңе де жоқ дей келе, діни ғұрыптарды ығыстырып, жаңа кеңестік салт-дәстүрлерді енгізу мәселесін көтереді.
Сонымен қатар, Қ. Шүлембаев, Ж. Қажымов, К. Бейсембиев сияқты авторлардың еңбектерінде кеңес дәуіріндегі партиялық-таптық идеологияның тегеуріні байқалады. Бұл сол кездегі қоғамдық ғылымда әбден үстем болған құбылыс екені белгілі. Дегенмен, кеңестік кезеңнің өзінде тарихи деректерге нақты сүйенген, танымдық маңызы бар еңбектердің аз да болса болғандығын атаған жөн. Бұл тұрғыда Қазақстанның солтүстік аймағына қатысты көптеген деректерді қамтыған Н. Сәбитов, Х.З. Ақназаров және т.б. еңбектері бар. Исламтану бағытына тарихшы ғалымдар ХХ ғасырдың 90 жылдары ғана қайта оралды. Қазақстанндағы ислам дінінің ахуалы белгілі тарихшы Ж. Қасымбаевтың, Н.Д. Нұртазинаның, Ә.Т.Төлеубаевтың еңбектерінен көрініс тапты[6]. Мысалы, Ә.Т. Төлеубаев «Реликты до исламских верований в семейной обрядности казахов (ХІХ-начало ХХ в.)» атты еңбегінде Қазақстандағы исламның өмір сүру ерекшелігін былай сипаттайды: «біз қарастырып отырған уақыт аралығында исламға дейінгі сенімдер өте маңызды, ал кейбір жағдайда тіпті басым роль атқарды» [7, 114 б.]. Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстік аймағындағы діни ағартушылық бағыт туралы Р.М. Мустафина [8] еңбектерінде де кездеседі.
Қазақстанның тәуелсіздік алуымен байланысты шыққан М.Қ. Қозыбаевтың, А. Күзембайұлының, С. Мадуанов және М. Шалекеновтің, Ж.О. Артықбаевтың, Ө. Қожақовтың еңбектерінің кейбір тараулары ислам жағдайына арналған. Қазақ жерінде жүргізілген миссионерлік саясат туралы деректерді З.Е. Қабылдиновтың[9], Г.К. Батырхановтың[10], З.Т. Садуақасованың[11], зерттеулерінен алуға болады. Соңғы он жылдықта қазақ авторларының арасынан «қазақ қалай шоқындырылды?» деген сұраққа қатысты бірнеше зерттеу еңбектер жарық көрді. Олардың ішінде С. Жақыпбек, М.Ш. Егембердиева, А. Байболсынова т.б. Ресей империясының ХІХ ғасырдың-ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан жерінде жүргізілген шоқындыру саясатына қатысты деректер мен пайымдары анық көрсетілген. Соңғы кездегі зерттеулердің ішінде А.С. Тасмағамбетовтың «История конфессии Казахстана в конце ХVІІІ-начале ХХ вв.: распространение, организационное развитие и миссионерство (по материалам ислама и православия)» атты зерттеуінде ислам мен православиенің Қазақстан жерінде таралу тарихы, осы діни ілімдердің ұжымдасу ерекшеліктері, олар жүргізген миссионерлік саясат т.б. мәселелер көрсетілген. Автордың діни фактордың елдің қоғамдық-саяси өмірінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында айрықша орын алғаны туралы тұжырымы қостауға тұрады. Қазіргі таңда сыр өңіріндегі діни ағартушылық бағыт тақырыбына қалам тартқан бір топ өлкетанушы ғалымдардың қатарында М.Қ. Кереев, А.Х. Айдосов [12], Т. Тебегенов [13], Т. Дайрабай [14], Қ. Омаров [15] т.б айтуға болады.
Тарихнамалық шолу зерттеу тақырыбына қатысты зерттеулердің әлі де қажет екендігін көрсетеді. Оның ішінде, тағы қазақ тіліндегі зерттеулердің тапшылығы. Олай болса, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы ислам дінінің тарихын зерттеу сұранып тұрған тақырып екенін дәлелдейді.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеу жұмысының негізін мұрағаттық және жазба ескерткіштерінің кешенді деректануға негізделген үлкен тобы құрайды. Автор жоғарыда аты аталған деректік қайнар көздермен қатар зерттеу тақырыбына қатысты жазылған ғылыми және ғылыми-көпшілік әдебиеті, ауыз әдебиеті үлгілерінің жазбаша нұсқаларын игеруге күш салды. Деректердің алғашқы тобын ғылыми түрде жарық көрген немесе мақала түріндегі еңбектер құрайды. Олардың ішінде ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың мұрағат құжаттарынан құрастырылған бірнеше жинақтарды ерекше айту керек. Олар «Казахско-русские отношения в ХVІ-ХІХ вв.»; «Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ вв.»; Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы Көп томдық Құжаттар мен материалдар жинағын айтуға болады. Сонымен қатар диссертациялық жұмысты жазу барысында жоғарыда тарихнамалық шолуда аттары аталған зерттеу еңбектер де дереккөзі есебінде енеді. Мәселен, Радлов, В.В. Бартольд, Ш.Ш. Уәлиханов, К. Кемеңгеров, М. Шоқай, С. Асфендияров және тағы да басқа зерттеушілердің зерттеулерінің деректік қабілеті өте жоғары.
Ал деректердің екінші тобын халық ауыз әдебиет үлгілері, атап айтқанда, діни жыр дастандар, шежірелер, насафнамалар, және ел аузындағы аңыз әңгімелер құрайды. Өкінішке орай, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы ислам ахуалына қатысты дерекке қатысты деректанушылық жұмыстар аз. Оның бір көрінісі Қазақстанның оңтүстік аймағында жүргізілген кеңестік саясат бойынша бірде-бір деректанушылық жұмыстың жоқтығынан-ақ көрінеді. Себебі, көптеген шығыстық қолжазбалар кеңес үкіметі жылдары жоғалып немесе орталық Масква, Ленинград сынды қалалардың мұрағат қорларына сақталып жабақ күйінде қалып отырды.
Зерттеудің жұмысының мақсаты - Сыр өңіріндегі діни ағартушылық мектептердің қалыптасуы мен дамуы және бұл діни мектептердің өлкеміздің рухани-мәдени өміріндегі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басы аралығындағы рөлі мен тарихын тың деректік материалдар негізінде, жаңа көзқарастар тұрғысында талдай отырып, оның жұмыс істеу тәсілдерін ашып көрсету – зерттеу жұмысының басты мақсаты. Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылып отыр:
- Ислам дінінің сыр өңірінде таралу тарихын баяндау. Оның негізгі кезеңдеріне тарихи тұрғыдан баға беру;
- Ислам дінінің Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жағдайын анықтау;
- Қарастырылып отырған өңірде қазақи исламның қалыптасу ерекшеліктерін көрсету, сонымен бірге діни мектептердің құрылу тарихына шолу жасау;
- Сыр бойындағы жадитшілдік және оның ислам дінінің орнығу тарихына қатысты әсеріне зерттеу жүргізу;
- Сыр өңірінде мешіттер мен медреселердің салыну барысына, діни оқу орындарының діни сауаттылық пен рухани қызметіне баға беру;
- Ресей үкіметінің сыр өңірінде жүргізген миссионерлік саясатының себеп-салдары және қарама-қайшылықтары туралы зерттеу;
- Ресей отаршыл үкіметінің аталған кезеңде мұсылман дініне көзқарас саясатының өзгеруін бағалау;
- Көрсетілген мерзімде Оңтүстік Қазақстан аймағындағы дінаралық байланыстар және ахуалға баға беру;
- ХІХ-ХХ ғ. басында Ресей саясатының ислам дініне деген ұстанымдары туралы пікір білдіру.
Диссертацияның зерттеу нысаны. Сыр өңіріндегі діни ағартушылық мектептердің қалыптасуы (ХІХ-ХХғғ.) тарихи талдау жасау
Жұмыстың зерттеу пәні. дерек көздеріне сүйене отырып, ислам дінінің аймақта орнығуы және азаттық күресінің ұраны болу үрдісін қарастыру боп табылады.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақстанның оңтүстік аймағында ислам дінінің таралуына қатысты деректер сараланды және ислам дінінің таралу кезеңдері талданды;
- Ресейдің отарлау саясатының ықпалымен және тікелей араласуымен Қазақстанның оңтүстік өңірінде салынған алғашқы мешіттер мен медреселер туралы мәлімденді;
- Сыр өңіріндегі исламның тарауына қатысты «қазақи ислам» түсінігінің қалыптасуымен бірге, оның тарауына дәстүрлі діни сенімдердің өкілдерінің қатысы туралы жан-жақты қарастырылды;
- Жадитизмнің оңтүстік аймақтағы ислам дінінің орнығуына тигізген әсері нақтыланды. Сонымен бірге ислам дінінің таралуына қазақтың өз ішінен шыққан діни ағартушы тұлғалардың қатысуы анықталды;
- Қазақстанның оңтүстік өңірінде мешіттер мен медреселердің пайда болуы және олардың рухани өмірге әсері, отаршылдық саясатқа қарсы төтеп беру амалдары туралы мәселелер қарастырылды;
- Ресейдің отарлық саясатының қазақ жеріндегі ислам дамуына қатысты көзқарастарының өзгеруіне қатысты деректер ғылыми жүйеленіп, айналысқа түсті;
- Ресейдің дінаралық байланыстар мен қарым-қатынастарға әсерін нақты деректердің негізінде көрсетуге талпыныс жасалды;
- Ислам дінінің ХХ ғасырдың басында ел ішінен қолдау табуы және ұлт-азаттық күрес ұранына айналу үдерісі зерттелді.
Зерттеу жұмысының территориялық шеңбері. Тақырыптың алдына қойған мақсат-міндеттеріне байланысты зерттеу жұмысының территориялық шеңбері Қазақстанның Өзбекстанмен шекаралас оңтүстік аймағын қамтиды. Егер революцияға дейінгі әкімшілік-территориялық жүйемен қарасақ бұл Сырдария облыстарының уездері (Перовск, Қазалы, Түркістан, Шымкент, Әулиеата). Сонымен қатар зерттеу барысында тақырыпты аша түсу үшін біз осы көрсетілген территориялық шеңберден шығып Батыс-Солтүстік және Шығыс Оңтүстік аймақтардың да деректерін айналымға қосып отырдық.
Зерттеу жұмысының мерзімдік шеңбері. Зерттеу тақырыбы Қазақстанның оңтүстік аймағындағы ислам дінінің ең айрықша кезеңі ХІХ ғасырды түгел және ХХ ғасырдың басы аралығындағы тарихи кезеңді қамтиды.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар: - Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ислам дінінің таралу тарихы баяндалып, оның негізгі кезеңдеріне тарихи тұрғыдан баға берілді;
- Оңтүстік Қазақстан аймағында ислам дінінің орталықтарының пайда болуы қарастырылды. Ресей үкіметінің Оңтүстік Қазақстан өңіріне әсер ету саясаты факторының бірі ретінде қызметіне баға беріліп және Ресей тарапынан жасалған шаралар нақты деректермен көрсетілді;
- ислам дінінің одан әрі бекуіне әсер еткен құбылыстардың бірі ретінде «қазақи исламның» қалыптасуына тоқтала келе, дәстүрлі діни түсінік өкілдерінің исламға қатысы сараланды;
- ХІХ ғасырдың бірінші жартысында діни білімнің, мешіттер мен медреселердің қазақ ортасындағы рухани және ағартушылық қызметі талданды;
- Ресей үкіметінің миссионерлік саясатының себеп-салдары және қарама-қайшылықтары, отаршыл үкіметтің исламды шектеуге бағытталған әкімшілік шаралары дәйектелді;
- Аталған уақыт мерзімінде Ресей империясының исламға көзқарас саясатындағы өзгерістер мен даму ерекшеліктері айқындалды;
- ХІХ-ХХ ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстік аймағындағы діни мәселелерге және халықтың діліне әсері және аталған кезеңдегі қалыптасқан ахуал жан-жақты қарастырылды;
Зерттеу жұмысының методологиялық негіздері. Зерттеу тарих ғылымдарындағы негізі саналатын тарихилық, обьективтілік принциптеріне негізделген. Сонымен қатар зерттеу барысында мәселеге жүйелі түрде қарауға күш салдық, бұл шаруашылықтың дамуы, отаршылдық саясаттың себеп-салдары, әлеуметтік өзгерістер мен үрдістерді, қазақтың төл ділін т.б. факторлары ескеруге мүмкіндік жасады. Белгілі дәрежеде жұмыс барысында салыстырмалы - тарихи зерттеу әдістері де қолданылды. Ол әсіресе исламның Қазақстанның өзге өлкелеріндегі, Қазақстанмен шекаралас елдердегі жағдайы туралы тарихи мәліметтерді пайдалануға негізделді. Зерттеудегі басты методологиялық ұстанымы етіп өркениеттік бағытты алдық. Қазақ тарихының теориялық мәселелері, соның ішінде ислам дінінің тағдыры мен кешегі тоталитарлық билік кезіндегі рухани ахуал қазіргі күні тарихи еңбектерде өзінің жан-жақты бағасын алып келеді. Біз өз зерттеу жұмысымызда қазақ тарихының негізгі кезеңдері мен белестерін анықтауда теориялық-методологиялық бағдар ретінде кеңінен пайдаландық.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Диссертацияның тәжірибелік мәнін үш тұрғыдан көрсетуге болады. Біріншіден, зерттеу нәтижелерін Қазақстан тарихынан оқулықтар жазуға пайдалануға болады. Екіншіден, зерттеу материалдарын исламға қатысты іргелі монографиялық еңбектер жазу барысында қолдануға болады, себебі диссертация Орталық Азияның үлкен бір аймағында болған мұсылмандық үрдістерді қамтиды. Үшіншіден, зерттеу жұмысының нәтижелері қазіргі кезеңде діни-конфессионалды саясатты дайындау және жүргізуде пайдаға асады. Сонымен қатар, тарих және дінтану мамандығында оқитын студенттерге арнайы курстарды оқытуда пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі ңәтижелері мен тұжырымдары ғылыми мақалаларда жарияланған және ғылыми конференцияларда талқыға салынған. Негізгі тұжырымдамалар Отандық ғылыми журналдардың сандарына шығарды. Сонымен бірге, халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларға қатысқан.
Диссертация Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Тарих және тарихты оқыту әдістемесі» кафедрасы ғылыми - әдістемелік семинарының кеңейтілген мәжілісінде талқылаудан өтті.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған деректер мен әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Диссертацияның кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, тақырыптың зерттелу деңгейі, жұмыстың нысаны мен пәні, мақсаты мен міндеттері, деректік және методологиялық негіздері, ғылыми жаңалықтары мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдар баяндалып, зерттеу жұмысының ғылыми-тәжірибелік маңызы, сыннан өтуі мен құрылымы көрсетілген.
«ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның оңтүстік аймағында діни ағартушылық бағыттардың таралуының ерекшеліктері» деп аталатын бірінші тарауда Патша үкіметінің Қазақстандағы шоқындыру саятаты мен оңтүстік аймақта провасловие ағымының таралуы және сыр өңіріндегі ағартушылық бағыт жадиттік түрік-мұсылмандық қозғалысы қарастырылады. Ресей империясы қазақ даласын толықтай жаулап алғаннан кейін, отар аймақты өркениетті елдерге тән ағартушылық, ізгілік, халқына білім беріп, оның қоғамдық-саяси санасы мен мәдениетін көтеру емес, қайта оларды өзінің қасиетті ана тілінен, ғасырлар бойы ұстанған дінінен, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінен айырып, рухани жағынан құлдықта, мәңгүрттік болмыста ұстау сияқты мақсаттарды көздеді. Қазақ халқын шоқындыру патша шенеуніктері мен шіркеу миссионерлерінің негізгі міндетіне айналды. Патша өкіметінің жергілікті халықтарды «сауаттандыру ісінде», әкімшілік органдарға ең жақын, жанашыр көмекшілері православтық шіркеу мен оның миссионерлері болды. Түркістан өлкесінде миссионерлік әрекетімен көзге түскен, православиялық шіркеудің ең белсенді миссионерлерінің бірі, Н.И. Ильминский 1860 жылы «Қазақтар мұсылман емес, олар шамандар. Сол себептен оларды христиан дініне кіргізу оңай болады» [16. 90-91] – деп, орталық үкіметке баяндаған болатын. 1886 жылы орыстық білім беру саласының дамуына үлкен үлес қосушы ретінде, патша әкімшілігі тарапынан құрметтелген Н.П. Остроумов, православ миссионерлері бірлігінің жиырма жылдығына арналған «Көшпелі халықтар христан діні мен мәдениетін қабылдауды қалай ма?» атты жиында, миссионерлердің негізгі назарын қазақ даласы мен Түркістан аймағына аударып: «Ресейге бағынатын азиялық көшпенділердің адамдық және мәдени тұрғыдан жетілуі және православтық орыс халқымен бірігуі үшін, христиандықты қабылдаудан басқа жолы жоқ. Егер азиялық көшпенділер христиан дінін қабылдамайтын болса, мұсылмандықты қабылдап, еліміздің дамуын тежейді, саяси үстемдік пен тұтастыққа қатер төндіреді» [2. 15-17] – деп, қорытындылады. Отарлық билік жүйесі оңтүстік өңірді жаулап алған күнінен бастап-ақ, жергілікті халықты өздерінің исламдық діни сенімдерінен ажыратып, христиан дінінің православтық ағымына сиындыру бағытын ұстанды. Сол уақыттардағы Түркістан өлкесіндегі әлеуметтік-қоғамдық жағдайды қарастыра отырып, Ресейдің Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі көздеген мүддесін, академик А.Н. Кононов өзінің «История изучения тюркских языков в России» атты еңбегінде: «Для политики экономического освоения восточных окраин российской империи, было необходимо их предварительное, идеологическое освоение путем привлечения живущих там народов и народностей в лоно православной церкви. Решение этой задачи взяли на себя православные миссионеры, которые проходили курс специальной подготовки в особых учебных заведениях для овладения языком и ознакомления с бытом и обычаями своих будущих подопечных» [17. 90] – деп, ашық көрсетеді. XIX ғасырдың соңғы онжылдығында Қазалы, Перовск, Түркістан және Шымкент уездерінде орыс қоныстанушыларының арта түсуіне байланысты, әрбір құрылған село мен поселкеде приходтық орындар кеңінен ашыла бастады. Ашылған приходтар орыс шаруаларының сыйынатын орталығына және жер мәселесін талқыға салатын орынға айналды. Приходтарда православ дінінің қасиетті кітаптары көптеп сақталып, олар орыс шаруаларының балдары білім алатын ошақтарға айналып, жаңа шоқынған жергілікті ұлт өкілдерінің де келіп, православиялық діни білімін тереңдететін орталық қызметтерін атқарған, сонымен қатар, олардың құрамына он шақты оқушыға жоспарланған шіркеулік мектептерде жұмыс істеді. Кейбір деректердің бірінде, «Орыс қоныс аударушыларының жаңадан қалыптасып жатқан поселкелерінде, приходтық мектептердің ашылуының басты әрі негізгі мақсаты, жаңа шоқынған қазақтарды христиан дінінде мықтап ұстап тұру және олардың орыстармен етене жақын араласуын қамтамасыз ету үшін, орыс поселкелерінде орыс-түзем приходтық мектептерін көптеп ашу керек» [18. 24] – деп, приходтардың ашылу мақсаты мен міндеттерін ашық белгілеп берді.
1899 жылдың 2 қыркүйегінде Түркістан генерал-губернаторы Сырдария облысының әкімшілігіне, Қазалы уезі тұрғындарының мұсылмандық ұстанымын зерделеуге және соның қорытындысын дайындауға арнайы тапсырма берді. Жоғары басшылықтың бұйрығына орай, Қазалы уезінің әкімшілігі «Қазалы уезіндегі мұсылман халқының рухани жағдайы» атты мәлімдеме дайындады. Онда: «Қазалы уезінің көшпелі қазақ халқы арасындағы мұсылмандық діни ағымдар, Ферғана және Самарқан облыстарының отырықшы халықтарына қарағанда айқын көрінбейді. Көшпелілер туралы толық мағлұмат жинауда қиынға түседі, өйткені олар бөлек-бөлек көшіп жүреді. Көшпелі қазақ халқының өмір салты, отырықшы мұсылмандардан ерекшелеу болғандықтан, жергілікті халық мұсылмандық діни басшылық құрамы мен ұйымдастырылуы туралы біле бермейді, бірең-сараң адамдардың ғана мұсылмандық діни ағымдардан хабары бар. Бірақ барлығы өздерін сунниттер екенін біледі. Мұсылмандардың түрік сұлтанын жақтауы, христиандардың саяси ұстанымына қайшы келеді. Осы себепті мұсылмандықты басқа саяси ағымдар секілді мейлінше шектеу керек, өйткені ол дінге сиынушылардың барлық ой-арманы мен мақсаты біздің мемлекеттілікке қылмысты болып келеді» [17. 34] – делінген. Оңтүстік Қазақстан өңірінде ХХ ғасырдың бас кезінде бірнеше шіркеу мектептері ашылды. Мәселен, 1913-1914 жылдардағы Түркістан епархиясының есебі бойынша: екі мектеп ашылған, біріншісі – Шымкент уезіне қарасты Арыс ауылында, екіншісі – Арал теңізіне жақын Мойнақ ауылында. Өлкедегі сектанттар мен раскольниктер негізінен Сырдария облысының Қазалы, Перовск және Шымкент уездеріне қоныс құрған. Шымкент пен Перовск уездеріндегі сектанттар мен раскольниктер арасында православ діні туралы уағыз әңгімелерді Верный қаласының шіркеулік мектептердің ұстаздары жүргізіп, олардың арасына православтық діни кітаптарды таратумен айналысты. Ал, Қазалы уезіндегі сектанттар мен раскольниктер арасында православтық үгіт-насихат жұмыстарын жергілікті шіркеу қызметкерлері мен барлаушылар жүргізіп отырды. Православ миссиясын таратушы шіркеулік қызметкерлер мен барлаушылар бұл қызметтері үшін 900 рубльге дейін жалақы алды [19. 221].
Осындай жағдайда Ресей империясының отарлық саясатына қарсы ұлт-азаттық күресті бастайтын жаңа тұрпатты қоғамдық-саяси әрі әлеуметтік күш қажет болды. Мұндай күш – алғашында ана тілінде сауат ашып, өз ұлтының тарихы мен ұлттық ерекшеліктерін жете меңгерген, кейіннен орыс оқу орындарында білім алып, патшалық отарлау аппаратында қызмет жасаған, түрік халықтарының зиялылары еді. Міне осы кезеңнен бастап өздерін «жәдидттер» деп атаған жаңа идеологиялық мәдени-ағартушылық бағыттағы қозғалыс дүниеге келеді. Жәдидшілердің ағартушылық реформалары қоғамдық өмірде өз орнын алған феодалдық тәртіп пен патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталды. Олар баспасөз беттерінде: «Біз мұсылман халықтарының өзінің завод, фабрикаларымен қатар дамыған оқу орындары болып, олардың ерікті, әрі өркениетті, болғанын қалаймыз»-деп басқа елдер секілді тәуелсіз өмір сүруін аңсаған. Ал патша өкіметі болса бұл идеяға қарсы шығып, «мұсылмандар еуропалық өркениетке тек орыстанып барып, жете алады»-деген пікірде болды. Жәдидшілдер бұл пікірге қарсы шығып, ұлттық болмысын сақтай отырып, өркениетті елдер қатарына жете алатындығын дәлелдеуге тырысты [20. 133]. Яғни отарлық езгідегі түрік тілдес мұсылман халықтарының ерікті, өркениетті болуын, басқа азат халықтармен тең тұруын қалады және олардың қызметі үш бағыттан тұрған: жаңа оқу әдісіндегі жәдидтік мектептер ашу арқылы ұлттық рух пен сана-сезімді көтеру; дарынды, жігерлі жастарды шетелдерде оқыту, қайырымдылық қорларын құру және ұлттық басылымдар шығару арқылы мықты саяси партия құруға әзірлеу. Жәдидшіл ілімнің негізін Маржан қаласында дүниеге келген Шаһабуддин Багауиддинұлы қалайды [21. 20].
ХХ ғасырдың басында Мүнәууар қаридың әрекетін Абдулла Ауляни, Убайдолла Қожаев, Кәмілбек және Кәрімбек Нәрбековтер, Тасболат Нарботабеков және тағы басқа да жәдидтер қолдайды. Олар 1909 жылы тамызда Сырдария облысындағы материалдық және рухани көмекке мұқтаж мұсылмандарға қаржылай көмек көрсету мақсатында Ташкент қаласында «Көмек» мұсылмандар қоғамын құрып, сол жылы өз Жарғысын бекітеді. Жарғы бойынша қоғам Сырдария облысында өз бөлімшелерін ашады. Қоғамның құрылтайшыларына Ташқожа Тұяқбаев, Низан-Қары Молда Хусайнов, Мода Абдулла Авлянов, Мүнәууар қары Абдурашидханов, Баширулла және Асадулла Ходжаевтар кіреді[32. 324]. Осы аталған жәдидшілердің бастамасымен ХХ ғасырдың басында Сырдария облысында жаңа әдісті мектептер көптеп ашыла бастайды. Олардың арасында Әулиеата қаласында «Шамсие» мектебі, Қазалы қаласында «Хусаинов» татар мектебі, Перовскі қаласында ашылған «Шаги Ахмет Валиуллинов» атты жаңа әдісті мектеп және тағы басқа мектептер мұсылмандардың балаларына білім берген. Ал жалпы Сырдария облысында білім берген жәдидшіл мектептердің санына келетін болсақ, 1914 жылға дейін 16 жаңа әдісті мектеп жұмыс істеп, онда 1650 шәкірт білім алған. Атап көрсетсек, Әулиеата қаласында 2 жаңа әдісті мектеп, Перовскіде 3 мектеп, Қазалы қаласында 3 мектеп, Шымкент қаласында 2 мектеп, Түркістан қаласында 1 жаңа әдісті мектеп болған. Ал қалған мектептер көшпелі жағдайда қызмет атқарған. Жәдидтік мектептердің түрік халықтарының азаттығы жолында қандай ағартушылық рөл атқарғандығын Түркістан өлкелік оқу орындары басқармасында жіберілген мәліметтегі. «мемлекет үшін мұсылман мектептерінің автономиялығы қауіпті болып табылады» деген мазмұндағы пікірден тануға болады[22].
Дисертацияның ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы сыр бойындағы сопылық ағартушылық мектептің қалыптасуы мен дамуы деп аталатын екінші тарауында ХІХ-ХХ ғасыр басындағы Сыр елінің рухани мәдени өміріндегі сопылық діни ағартушыларға тарихи сипаттама, соның ішінде, Сыр бойында ислам дінін таратуда ишандардың алатын орны мен қожалардың өңіріндегі діни-ағартушылық ой-сананың қалыптасуындағы рөлі жан-жақты талданады. Сыр бойында ислам діні сонау орта ғасырда ҮІІІ-ІХ ғасырлардан бастап ене бастады. Ислам дінін таратуда көптеген тұлғаларымыз аянбай еңбек етті. Солардың қатарында Сыр бойында Ислам дінін дамытуға Арыстанбаб, Әбдіжалил баб Қорасан ата, Қожа Ахмет Яссауи, Мүсірәлі, Марал ишан, Қалқа ишан, Құлболды ишан, Оқшы ата, Есабыз ата, Қалжан ахун, Тапал ахун секілді көптеген тарихи тұлғалар лайықты үлес қосты. Оған өңіріміздегі мазарлар мен шығыстық қолжазбалар және олар туралы жырланған тарихи жыр-дастандар дәлел бола алады. Ал біз қарастырып отырған мәселе ХІХ мен ХХ ғасырдың басындағы сыр өңірінде қалыптасқан діни ағартушылық бағыт болып табылады. ХІХ мен ХХ ғасырдың басындағы сыр өңірінде ислам дінінің сопылық жолы кеңінен насихатталып тарады. Соның ішінде ишандар мен ахундар ислам дінін таратудығы рөлі ерекше болды. Ишандар және олардың қазақ даласындағы ықпалы туралы айтқанда, ең алдымен бұлардың діни іліміне назар аудару керек. Олар ел өмірінде әлеуметтік топты құра отырып мұсылман дінінің имандылық-тәрбиелілік қасиеттеріне үгіттеді. Мешіт салдырып, медреселер ашты. Сөйтіп қазақ даласында осындай қызметімен есте қалды. Ишандар туралы В.В. Бартольд өз зерттеуінде, «олар суфизм жетекшілері, Түркістан өңірінде бұл атау «шеих, пір, ұстаз (яғни оқытушылар)» және ізбасарлар «мүрид» мағынасында қолданылған» деген анықтама берді. Одан әрі ғалым «ишан» – Орта Азиядағы суфизм жетекшілеріне берілетін атақ екенін, ол мұрагерлік ретінде әкесінен баласына өтіп отыратынын айтады[23]. Ал басқа зерттеушілердің бірі оларды Құранның басты мәнінен хабардар молдалар деп, екіншілері философиялық-дүниетанымдық көзқараспен байланыстырып, соның деңгейіндегі жандар ретінде баяндайды. Расында да өмір тұрмысын пайымдау ишандар үшін ең қажетті жағдай болып табылады. Ал үшіншілері, олардың геналогиялық шығу тегін қожадан, сондағы белгілі бір қасиетті әулиеден, ақсүйектерден таратып көрсетеді. «Ишан» парсы тілінен аударғанда «олар», «олардың қайырымдылығы», «шапағаты» деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл оларға құрметпен, ізетпен айтылатын сөз. «Ишан» Орта Азия елдері терминінде «ишон», «эшон», «эшен» деп аталып, ол қасиетті және құрметті дін иелеріне берілген титул болды[23].
И.И. Гейердің пікірінше, қазақ даласындағы рулар «ишан» және «қожа» топтарын өздерінше пірге балап, оларды бір-біріне ұқсас деп қабылдады. Себебі ірі ишандар қожа тобынан шыққан. Оңтүстік қазақтарының арасында, олардың пірі – қожа болды. Мұндай жәйт қазақ даласының барлық аумағында көрініс алды[34]. Бұл пікірді ауыл ақсақалдарының сөзінен байқауға болады. Олардың айтуынша, бір рулы елде 1-2 үй қожа болса, оларды «пір» санап, құрметпен қараған. Сондай-ақ, арқа елі Қожахан қожаны, Алтай өңіріндегілер Керей ишанды, Шыңғыстау жұрты Әуез қожаны, Сыр бойындағы әлім-шөмендер Қосым қожаны өздерінің піріміз деп атаған. Демек, араб миссионерлері немесе Мұхаммед пайғамбар ұрпақтары әрбір өңірлердегі қазақ руларымен тығыз араласып, олардың «пірлеріне» айналған. Әрбір қазақ пірге қол беріп, оларды өздерінің рухани көсемдері деп білген. Қазақ даласында сопылық бауырластықтың ірі өкілдерінің бірі Қожа Ахмет Ясауи және оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани сияқты ірі тұлғалар мұсылмандықтың негізгі қағидаларын насихаттаған болса, ишандық дәстүрдің, қызметтің Қазақстан аумағы бойынша кең өріс алып, етек жаюы ХVІІІ-ХІХ ғасырларда басталады. Алайда, Ресей ықпалына түсуге дейін ишандар елді 2-3 жылда бір рет өздерінің ізбасарларымен аралайтын. Бірақ бұл жаңа Ресей отарлауы кезінде біраз уақыт бойы іске аспады. Есесіне қазақтардың өздері оларға келіп тұрды. Ол кезеңде Оңтүстік Қазақстан өңірінде Орта Азия ишандары қызметі кең түрде өріс алды. Сыр бойы ишандары, Шу өңірінде Түркістан қожалары белгілі болды. Олардың қазақ даласындағы жүргізген насихаттарын Г.А. Арандаренко былай сипаттайды: «Ишандар өздерінің мойындатқызулары арқылы «тәкәппар» қазақтарды да баурап, оларға қол беру арқылы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) және Алланың бірлігіне шақырып, мұны өздерінің жетекшілік сенімдерімен куәландырып алды». Сөйтіп, қазақ даласындағы ишандардың бірқатары бізге архив деректері бойынша осылай белгілі болды [24]. Соның ең көрнекті өкілі – Айқожа ишан. Бұл қасиетті жан 1773 жылы Жаңақорған өңірінде дүниеге келген [25]. Есейген соң Ташкент, Бұхара шаһарларына барып, медреселік білім алады. Бұдан кейін Ауғанстандағы атақты ғұлама, қара суды теріс ағызатын Ислам Шайхқа барып, оның қолында төрт жылдай Кұлболды, Марал, Қосым ишандармен бірге оқып, жоғары білім алады. Содан Құлболды Тереңөзекке, Марал Қармақшыға, Қосым Қазалыға, Айқожа Жаңақорғанға ишан болып оралады[24]. Қожа – ходжа деген сөзінен шыққан Орта Азия халықтары арасындағы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) халифасынан тарайтын әулеттер. Сондай-ақ қожалар іштей бірнеше топқа бөлінеді. Пайғамбардың (с.а.у.) қызы Фатима мен Али ибн Әбу Тәліптің ұлдары Хасаннан тараған әулет өкілдерін шарифтер, Хусейіннен тараған әулет өкілдерін Сайдтер деп атайды. Ал,Әлидің ұлы Мұхаммед ибн әл-Ханафиа мен өзге үш халифтен тараған әулет өкілдерін ишандар дейді[26. 20]. Жалпы мәселені қорытар болсақ, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы Сыр бойындағы ағартушылық мектептің қалыптасуы мен дамуына сопылық ағымның рөлі ерекше болды. Атап айтқанда, ишандар, ахундар, мағзұм және қожалар өлкеде ислам дінін таратуда белсенділік танытып, нағыз көшбасшы болып табылды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жұмыстың қорытынды бөлімінде Қазақстанның оңтүстік аймағында ислам дінінің орнығуы, осы бағытта жүргізілген күрес, исламның қоғамдық пікірге әсері, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық күрестің негізгі идеологиясына айналуы т.б. мәселелер бойынша негізгі тұжырымдар мен қысқаша пайымдамалар берілген. Атап айтсақ:
- Ресей үкіметінің тікелей әсері ең алдымен Сыр өңірінде салынған алғашқы отырықшы қоныстарда және ел ішінде беделді ірі тұлғаларға арнап мешіттер салу, оған татар молдалар бекітуден көрінеді. Зерттеу еңбектерінде Ресейдің исламның қазақ даласына тарауына қатысты тым асыра бағаланған пікірлер басым;
- Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы қазақ жанашырларының қолдауымен Қазақстанның оңтүстік аймағында мұсылмандық мектептер мен мешіттер ашылды. Оларға қызмет жасауға Сырдария өңіріндегі қожалардан және Орта Азиядан діни сауатты адамдар шақырылды. Бұл тұрғыда да зерттеушілердің арасында көрсетілген уақыт мерзімінде ислам тек Ресей империясы жәрдемімен ғана орныға бастады деген пікір үстем болып келді;
-Қазақстанның оңтүстік бөлігінде қазақи исламға өту процесіне дәстүрлі діни түсініктердің өкілдері – бақсылар, жауырыншылар, ырымшылар, жұлдызшылар т.б. үлес қосты және осы процестің ең бір жемісті және кең тараған өкілі «диуаналар» деп есептеуге болады. Бұл мәселе төңіріегінде де қазақи ислам өкілдерін, яғни бақсы, диуана т.б. тек таза этнографиялық тұрғыдан ғана сипаттау, олардың ислам әсерін күшейткен еңбектерін тым ескере бермеушілік бар;
-Оңтүстік Қазақстан өңірінде мешіт салу және діни сауаттылық ісіне жетекшілікті Қалжан ахун, Тапал ахун, Сүлеймен ишан, Қожаназар ишан сияқты діни ағартушылардың өз қолына алғаны көрінеді. Ислам дінінің орнығуында жеке тұлғалардың атқарған қызметтеріне баға беру, сол арқылы ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген діни ағартушылардың халықты қолдауға арналған саясатын бағдаралауға мүмкіндік береді;
-Ресей үкіметінің исламға көзқарас эволюциясында 1905 жылғы 17 қазан Манифесінен кейінгі кезең ерекше орын алады. Дін бостандығы Қазақстанда мешіт-медреселерді көбірек ашуға, мұсылмандық әдет-ғұрыптардың көбірек қанат жаюына ықпал етті;
- Оңтүстік Қазақстан өңірінде отаршыл жүйенің әрекеттері, мұсылман дінінің өкілдері, азаттық күресі басшыларына жасалған қуғын-сүргін, наразылыққа ұласып, исламның қоғамдағы рөлін тіпті күшейтіп жіберді және ислам ұлт-азаттық күрес туына айналды.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1.Назарбаев Н. Ә. Бейбітшілік пен келісім саясаты. -Астана: Елорда, 2008. 480 б.
2.Казахско-русские отношения в ХҮІІІ-ХІХ веках. /Сб. документов и материалов. (Сост. Ф.Н. Киреев, В.Я. Басин, Т.Ж.Шоинбаев, К.Ж. Жунисбаев, В.С. Мусаева). - Алматы: Наука, 1964. - 575 с.
3.Қазақстан тарихы. – 3 том. Алматы, 2002. – 766 б.
4.Асфендияров С. История Казахстана. – Алматы: Қазақ университеті, 1998. – 304 с.
5.Бекмаханов Е. Присоединение Казахстана к России. - Масква, 1957. 381-с.
6.Қасымбаев Ж. Были мектебы и медресе очагами суеверия и фанатизма // Вечерняя Алма-Ата, 1991. - 31 мая.
7.Толеубаев А.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (ХІХ-начало ХХ в.). -Алма-Ата: Ғылым, 1991. -214 с.
8.Мустафина Р.М. Представления, культы, обряды у казахов (в контексте бытового ислама в Южном Казахстане в к. ХІХ-ХХ вв.) -Алматы: Қазақ университеті, 1992.-322 с.
9.Кабульдинов З.Е. Казахи внутренних губернии России во второй половине ХVІІІ-начало ХХ веков (историко демографической аспект). Павлодар: Эко, 2002; -295 с
10.Батырханов Г.К. Ресейдің Қазақстанда жүргізген миссионерлік саясаты. //тар. ғыл. канд. ғыл. дисс.автореф. Алматы. 1997. – 25 б.
11.Садуакасова З.Т. Духовная экспансия царизма в Казахстане в области образования и религии (втор.пол. ХІХ-начало ХХ вв.). Алматы, Ғылым. 2005. 223 с.;
12. Кереев Қ.М, Айдосов А.Х, Қалиев Ы. «Қызылорда» Қызылорда: Тұмар 2005. 320 с.
13. Тебегенов Т. «Қазақстандағы ислам ағартушылығының тарихи мәдени негіздері және Марал баба Құрманұлының ұстаздық қайраткерлік қызметі» Ана тілі газеті 14 қазан 2009.
14.Т. Дайрабай «Сыр перзенттері» Алматы: «Арыс», 2010 – 616 б
15.Омаров Қ. «Сыр бойындағы ағартушылық мектептердің төл тарихымыздағы орны мен маңызы» Қазақ тарихы №3. 2009. 32-34 бб.
16.Садвокасова З.Т. Русификаторская политика царизма в области образования нерусских народов. // Отан тарихы, 2008. – №1. – С. 90-99.
17.Несипбай К.Р. Колониальная политика России и религиозная ситуация в Казахстане в середине ХІХ и в вначале ХХ вв. // ҚазҰУ хабаршысы, Тарих сериясы, 2007. – №2 (45). – С. 90-94.
18.Жаркенова А.М. Население Казахстана по первой всеобщей переписи 1897 г. (демографический анализ): Автореферат ... к.и.н. – Алматы, 2002. – 32
19.Рабочее и аграрное движение в Казахстане в 1907-1914 гг. Сборник документов и материалов. Составили: Ф.Н. Киреев, Ф.И. Колодин. – Алма-Ата, 1957. – 566 с.
20.Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Құраст. Грибанова Е.М., Смагулова С.О. – Алматы: Алаш, 2004. – 552 б.
21.Исхали И. Этническая мобилизация: Национальное движение в Тюрском мире. – Москва: Мысль, 1998. 220 с.
22.Жұртбай Т. Маржани мен Абайдың тоғысар тұсы // Абай, № 3. 1996. 18-23 бб.
23.Бартольд В.В Сочинение Т.7. Алматы, 1960. 320 с.
24.Ибадуллаева З. «Ишандар» «Егемен Қазақстан» газеті 11 қазан, 2008 жыл.
25.Дайрабай Т.М. «Айқожа діни рух сепкен ғұлама» «Түркістан» газеті 9 қазан, 2008 жыл.
26.Жандарбек З. «Насаб-нама» нұсқалар және түркі тарихы.-Алматы, 2002, 20б
Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған мақалалардың тізімі
-
Сыр бойындағы жәдиттік оқу-ағартушылық мектептердің қалыптасуы. //ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМЫЗ – СҮЙІКТІ ОТАНЫМЫЗҒА Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 90 жылдығына орай өткізілген республикалық патриоттық форум аясында дайындалған материалдар жинағы. І Бөлім. – Қызылорда, 2012ж. 74 б.
-
Сыр өңіріндегі діни-ағартушылық бағыт және Айқожа ишан. //Университеттің 75 жылдық мерейтойына орай шығарылған жас ғалымдардың ғылыми мақалалар жинағы. – Қызылорда, 2012ж. Ақпан.
-
Сыр өңірінде ислам дінін таратуда діни-ағартушылардың рөлі. //Ел тілегі. 2012ж. Мамыр.
РЕЗЮМЕ
диссертации на получение академической степени магистра педагогических наук по специальности
6М011400 – История
Тулегенова Гулжаухар Калабаевна
Формирование религиозно-просветительских школ на землях
Сыра ( XIX – XX вв.)
Актуальность темы исследования: Распространение ислама на территории Казахстан особенно интересная и значительная тема. Такие проблемы как распространение ислама среди казахов, как создавались религиозные сообщества, каковы особенности ислама на территории Казахстана интересуют не только отдельных исследователей, но и общественное сознание вообще. И всё же ещё достаточно имеются исследованные проблемы. На сегодняшний день нет глубокого анализ распространения ислама на юге Казахстана, т.е. на землях Сыра. Поэтому считаю, что тема моей диссертации затрагивает важную для истории Отечества проблему.
Цели и задачи работы: Основная цель исследования – в свете новых взглядов, на основе документальных материалов раскрыть методы работы религиозно-просветительских школ, показать формирование и развитие религиозных школ на земле Сыра, их роль и значение в духовно-культурной жизни региона в XIX – начале ХХ века.
Из вышеизложенного выделены следующие задачи: Изложить историю распространения ислама на территории Сыра и дать оценку основным периодам с исторической точки зрения. – Выяснить состояние исламской религии на юге Казахстана; – Исследовать противоречия и причины миссионерской политики России на территории юга Казахстана.
Научная новизна диссертационной работы: Произведен анализ периодов распространения ислама и исследованы относящиеся к нему документальные факты на территории юга Казахстана. – Сообщить о первых мечетях и медресе, построенных на юге Казахстана при содействии политики России.
Предложения на защиту: Рассказать об истории распространения ислама на территории юга Казахстана, дать историческую оценку основным периодам; – Рассмотреть возникновение на территории Южного Казахстана центров исламской религии. Дать оценку деятельности правительства России как фактора политики воздействия на территории Южного Казахстана, показать на основе документальных фактов мероприятия, проведённые со стороны России; – Дать анализ просветительской и духовной деятельности в среде казахов религиозных знаний, мечетей и медресе в I половине XIX века;
Структура диссертации. Диссертация состоит из введения, двух глав, заключения, списка использованной литературы.
SUMMARY
The dissertation on receiving the academic degree of the master of pedagogical sciences on specialty
6M011400-History
Tolegenova Gul’zhaukhar
Formation of religious – educational schools on the land of Syr (19-20th centuries) .
Urgency of a theme research:
There is Islam distribution in the territory of Kazakhstan, especially interesting and considerable theme. Such problems as Islam distribution among Kazakhs as religious communities were created, what features of Islam in the territory of Kazakhstan interest not only certain researchers, but also public consciousness in general. And there are unexplored problems still enough. Today there is no deep analysis of distribution of Islam in the South of Kazakhstan, i.e. on the lands of Syr. Therefore I consider that the theme of my dissertation mentions important for Motherland history a problem.
Purposes and problems of work:
The main objective of research – is new views, on basis of documentary materials to open methods of work of religious – educational schools, to show formation and development of religious schools in the land of Syr, their role and value in spiritual to cultural life of the region in 19-20th centuries.
The following tasks are allocated:
To show the history of Islam distribution in the territory of Syr and to give marks to the main of periods from a historical point of view; to find out a condition of Islamic religion in the South of Kazakhstan; to investigate contradictions and the reasons of missionary policy of Russia in the territory of the South of Kazakhstan.
Scientific novelty of dissertational work:
The analysis of the periods of distribution of Islam is made and the documentary facts relating to it in the territory of the South of Kazakhstan are investigated; to report about the first mecheties (mosques) and the madrasahs constructed in the South of Kazakhstan with assistance of policy of Russia.
Appendices of protection:
To tell about history of distribution of Islam in the territory of Kazakhstan, to show a historical mark to the main of periods; to consider emergency in the South of Kazakhstan’s territory of the centers of Islamic religion;
to give a mark of activity of the government of Russia as factor of Policy of impact in the South of Kazakhstan’s territories;
to show on the basis of the documentary facts the actions which have been carried out from Russia; to give some analysis of educational and spiritual activity among Kazakhs of religious knowledge, mosques and madrasah in 1 half of the 19 th century.
The dissertation structure:
The dissertation consists of the introduction, two chapters, the conclusion, the list of the used literatures.
Достарыңызбен бөлісу: |