«Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы № 861 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы № 861 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 36, 342-құжат; 2013 ж., № 33, 496-құжат; № 60, 819-құжат; 2014 ж., № 30, 255-құжат; № 71, 640-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Республикалық бюджет жобасын әзірлеу қағидалары осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2015 жылғы 18 мамыр
№ 22
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2015 жылғы 18 мамырдағы
№ 22 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2009 жылғы 26 тамыздағы
№ 861 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН
Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Жалпы ережелер
1. Республикалық бюджет жобасын әзiрлеудің осы қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес әзiрлендi және республикалық бюджет жобасын әзiрлеу тәртiбiн айқындайды.
2. Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу процесі мынадай кезеңдердi:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлеуді және оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мақұлдауын;
2) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындауды;
3) орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін әзірлеуді және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауын;
4) республикалық бюджет туралы заң жобасын әзiрлеудi қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының жобасын әзiрлеу
3. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi.
4. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібі мен мерзімдерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
3. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау
5. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің болжамды көрсеткіштері, бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттары, жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының мөлшері негізінде айқындайды.
6. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
4. Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін әзірлеу
7. Бюджет шығыстарын жоспарлау үшін стратегиялық жоспарларды әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде:
1) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын;
2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімдерді және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын, сондай-ақ стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.
Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде:
1) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік бағдарламалардың жобаларын;
2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімдерді және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын ұсынады.
8. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнің бюджеттік өтінімдерін қарау кезінде мыналар:
1) өткен қаржы жылындағы бюджеттік бағдарламалардың атқарылуын талдау және оларды келесі жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтінімде ұсынылған бюджеттік бағдарламалардың сомаларымен салыстыру арқылы өткен қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері, әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша бюджеттік қаражаттың игерілмеуіне әкеп соқтырған себептер;
2) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынған есепті қаржы жылы үшін стратегиялық жоспарлардың іске асырылуы туралы есептер және бюджеттік бағдарламалардың нәтижелеріне қол жеткізу бөлігінде бюджет қаражатын басқару бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері;
3) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері өтінім берген шығыстарды оның негізділігі тұрғысынан қарау бөлігінде өткен қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің есебіне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті берген тұжырымдар мен ұсынымдар ескеріледі;
4) мемлекеттік инвестициялық жобалар бойынша Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес құжаттаманың болуы, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды іске асырудан болған экономикалық және әлеуметтік қайтарымдылықтың ұзақ мерзімді көрсеткіштерін ескере отырып, мониторингтеу және бағалау нәтижелері ескеріледі;
5) бюджеттік кредиттер бойынша кредиттік шарт талаптарын орындау және бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуы ескеріледі;
6) нысаналы даму трансферттері бойынша – шешілуіне нысаналы трансферттер бойынша келісімдердің жобаларында көзделген нысаналы даму трансферттері бөлінетін мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді талдау ескеріледі.
9. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әр үш жыл сайын бесжылдық кезеңге әзірленеді.
10. Республикалық бюджет шығыстары базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарға бөлiнедi.
Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделі шығыстар, сондай-ақ басталған (жалғасатын) бюджеттік инвестициялық жобаларға және қабылданған мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді орындауға арналған шығыстар базалық шығыстар болып табылады.
Мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi орындауға және мемлекеттiк қызметтер көрсетуге, сондай-ақ трансферттер төлеуге және мемлекеттiң басқа да мiндеттемелерiне байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.
Жаңа бастамаларға арналған шығыстарға:
1) кейiннен жаңа бюджеттiк бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес әлеуметтiк-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын iске асыруға;
2) макроэкономикалық және әлеуметтiк көрсеткiштердiң өзгеруiне байланысты емес және қолданыстағы бюджеттiк бағдарламалар шеңберiнде бюджет қаражатын жұмсаудың қосымша бағыттарын (орындалатын мемлекеттiк функциялардың, өкiлеттiктердiң және көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң көлемiн кеңейтудi) көздейтiн базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шығыстар жатады.
11. Республикалық бюджеттің базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарының көлемiн республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi арасында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның ұсыныстары негiзiнде Республикалық бюджет комиссиясы бөледi.
Базалық шығыстар шығыстардың қолданыстағы құрылымы мен болжамды макроэкономикалық көрсеткiштер негiзiнде есептелген кезектi жоспарлы кезеңнiң үшiншi жылына арналған болжамды көлемдерін қоса отырып, ағымдағы жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдардағы шығыстарының бекiтiлген көлемiнің негiзiнде айқындалады.
Жаңа бастамаларға арналған шығыстар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгiленген елдiң даму басымдықтары, есептi қаржы жылының бюджеттiк мониторингi нәтижелерi, есептi қаржы жылында стратегиялық жоспарды iске асыру туралы есептер, нәтижелердi бағалау ескеріле отырып, республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң арасында бөлуге жатады.
12. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң жаңа бастамаларына арналған шығыстарды жоспарлау қосымша бюджет қаражатын бөлу есебiнен де, алдыңғы жоспарлы кезеңде республикалық бюджет туралы заңда бекiтiлген осы бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң базалық шығыстары қаражатын қайта бөлу есебiнен де жүзеге асырылады.
13. Егер жекелеген бюджеттiк бағдарламалар бойынша алдыңғы жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекiтiлген сомамен салыстырғанда өзгермейтiн болса, онда осы бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер жасалмайды.
Осы бағдарламалар бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер үшiншi жылға ғана жасалады.
Егер жекелеген бюджеттiк бағдарламалар бойынша алдыңғы жоспарлы кезеңнiң екiншi және (немесе) үшiншi жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекiтiлген сомамен салыстырғанда өзгеретiн болса, онда шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша жоспарланатын жоспарлы кезеңнің жылдары бөлiнiсiнде жасалады және ұсынылады.
14. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жетекшілік ететін саладағы (аядағы) стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және оларды іске асыру жөніндегі мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін ескере отырып:
1) стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын олардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкестігі, нәтижелер көрсеткіштерін таңдаудың және оларға қол жеткізу дәрежелерінің дұрыстығы тұрғысынан;
2) бюджеттік бағдарламалардың жобаларын нәтижелер көрсеткіштерін таңдаудың дұрыстығы, нәтижелер көрсеткіштерінің стратегиялық жоспар көрсеткіштерімен өзара байланысының болуы, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізушілік дәрежесі тұрғысынан қарайды.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын қарау нәтижелері бойынша қорытынды қалыптастырады және оны ағымдағы қаржы жылының 15 маусымынан кешіктірмей бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті қаржы жылындағы бюджеттің атқарылуын талдау нәтижелерін, сондай-ақ бюджет қаражатын басқару жөніндегі мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін ескере отырып:
1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін олардың Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына, әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, қолданыстағы заттай нормаларға және стратегиялық жоспарлардың жобаларына немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларына сәйкес келуі тұрғысынан қарайды, бұл ретте бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстар түрлері бойынша есептеу кезінде бағдар ретінде тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген бағалардың дерекқоры да пайдаланылады;
2) стратегиялық жоспарлар әзірлейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары жобаларының көрсеткіштерін олардың стратегиялық бағыттардың міндеттерімен, стратегиялық мақсаттарымен өзара байланысы тұрғысынан;
3) стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары жобаларының көрсеткіштерін олардың бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің функцияларына, өкілеттіктеріне, қызметінің бағыттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
15. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік өтінімдерді, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын қарау қорытындылары бойынша бюджеттік өтінімдер және бюджеттік бағдарламалар жобалары бойынша қорытындылар қалыптастырады.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындылары мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалардың жобалары және стратегиялық жоспарлардың жобалары немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобалары бойынша қорытындыларын ескере отырып қалыптастырылады.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның жергілікті атқарушы органдарға нысаналы даму трансферттерін және бюджеттік кредиттер ұсынуға бағытталған бюджеттік бағдарламаларға бюджеттік өтінімдер бойынша қорытындылары өңірлік саясат мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымдары ескеріле отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының қарауына стратегиялық жоспарлардың жобалары немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобалары, бюджеттік өтінімдер, бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындыларды енгізеді.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
Республикалық бюджет комиссиясы Қағидалардың 14-тармағында және осы тармағында көрсетілген материалдарды қарайды және олар бойынша ұсыныстар тұжырымдайды.
16. Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қарауға дайындаған материалдарды Республикалық бюджет комиссиясының жұмыс органы жасайтын және Республикалық бюджет комиссиясының төрағасымен келісілетін жоспар-кестеге сәйкес қарайды. Республикалық бюджет комиссиясының төрағасымен келісілген жоспар-кесте республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің назарына жеткізіледі.
17. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейінгі мерзімде:
1) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға пысықталған стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік өтінімдерді;
2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға пысықталған стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын ұсынады.
Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейiнгi мерзiмде:
1) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға пысықталған бюджеттік бағдарламалардың жобаларын;
2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға пысықталған бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік өтінімдерді ұсынады.
5. Республикалық бюджет туралы заң жобасын әзiрлеу
18. Республикалық бюджетті бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып, жыл сайын жоспарлы кезеңге әзірлейді.
Бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет жобасын жасайды және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
19. Бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының республикалық бюджет жобасы бойынша ұсыныстары негiзiнде республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзiрлейдi және ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешiктiрмей оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына ұсынады.
20. Республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 13-бабында көзделген бюджет құрылымына сәйкес Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 71-бабында көзделген талаптар ескеріле отырып әзiрленедi.
21. Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджет туралы заңның жобасын ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Парламентiне енгiзедi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджет туралы заңның жобасымен бiр мезгiлде мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) республиканың әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын;
2) орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын;
3) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын;
4) мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың соңғы есептi күнгi жай-күйi туралы деректердi;
5) бюджеттік бағдарламалардың бюджеттік кіші бағдарламалары бөлінісінде бюджет қаражатының жұмсалу бағытын нақтылайтын ақпаратты және республикалық бюджеттің жобасына енгiзiлген шешiмдердi ашып көрсететiн түсiндiрме жазбаны ұсынады.
___________________
Достарыңызбен бөлісу: |