Рымғали нұРҒалидың журналистік шеберлігі



Дата19.06.2016
өлшемі79.15 Kb.
#148589
РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИДЫҢ ЖУРНАЛИСТІК ШЕБЕРЛІГІ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Публицистика – кең ауқымды ұғым, белгілі бір оқиғалармен проблемаларды қозғайтын көркем шығармалардың барлық түрінде публицистика кездеседі. Публицистика сарынында көркемдеу құралдары мен публицистикалық элементтер астасып жатады. Оның өзіндік функциясы, құрылымы, формалары бар. Публицистика белгілі жанрлардың жүйесін құрайтын әдебиет пен журналистикаға ортақ түр. Публицистика - жазушыны мен журналистің әлеуметтік пікір айту ғана емес, қоғам, өзі өмір сүріп отырған орта, онда болып жатқан құбылыстарға, өзгерістерге үн қосуы және терең ой қозғап, белгілі бір оқиға, өзгерістерге қауымды еліктіре білген жағдайда публицистің шеберлігі танылады. Сонымен публицистика саяси көркем проза ғана емес, қаламгердің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді толғайтын қаруы, ішкі, сыртқы саясатқа өз көзқарасын білдіретін, сол мәселелерді айшықты сөз кестесімен насихаттайтын құралы. Публицистика ақиқат оқиғаларды ғылыми тұрғыда дәйектеуге, жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Қоғамдағы жағымды-жағымсыз негіздерді сынауға, кемшіліктерді жоюға, көкейкесті проблемалардың шешімін табуға септігін тигізеді. Ал, публицистің мақсаты - өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы адамдардың өмірін, ғылым мен мәдениеттегі жаңалықтары, тұрмыс пен моральдің өзекті мәселелері туралы салиқалы ой-толғаныс айту. Заман тарихын жазу, өмір құбылыстарының шын шежіресін жасау, өмір көшіне ілесе отырып, өз дәуірінің өнегелі жаршысы болу да публицистің еншісінде. Филология ғылымдарының докторы Б.Жақыпов публицистке былай анықтама береді: «Публицистер – осы бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі мазмұндық жағынан байытылып, толығуын, басты, қоғамдық маңызы зор ой, идеяларды күн тәртібіне қоюды жүзеге асыратын адамдар. Бірақ нағыз кәсіби публицист – сонымен бір мезетте танымал журналист болып та қызмет атқара береді» [1,31-32].

Филология ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰҒА академигі Р.Нұрғали қазақ әдебиеттану ғылымының күрделі міндеттері мен мәселелері төңірегінде сүбелі зерттеу еңбектер жазған, қазақ әдебиеттану ғылымына игілікті үлес қосқан ғалымдардың ішіндегі бірегейі. Р.Нұрғали тек әдебиет зерттеушісі ғана емес, көркем шығармалар жазған шебер жазушы, көркем шығармашылығынан әсте бөліп қарауға болмайтын белгілі журналист. Р.Нұрғали публицистикасының идеялық, бейнелеу, тақырыптық аясы көркем шығармаларымен астасып жататын, өзекті мәселелерді талдауда, сараптауда дәйектілігімен, фактілерінің шыншылдығымен, көркемдігімен ерекшеленеді. Автор өзінің публицистикасын оқушыға түсінікті етіп, өте қарапайым тілде жатық жазады. Ол тек өршіл, өміршең талдауларымен ғана емес, әділ, сергек, сенімді пікір айтуымен оқушысын тәнті ететін қасиеттерге ие. «Публицист болашақ шығармасының тақырыбын таңдай білуі керек. Оны дамытып және өңдей білуі тиіс. Публицистиканың қандай жанрында шығарма жазғанда да журналист осы үш заңдылыққа сүйенеді. Шығарманың тақырыбы ұнамды, мазмұны тартымды болуы публицистиканың негізгі міндеті» [2,129],-дейді публицистика теориясын зерттеген ғалым Т.С.Амандосов.

1977 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Р.Нұрғалидың «Дән»[3] атты үш циклдан тұратын новеллалар жинағы үлкен идеялық – көркемдік жүк арқалаған туынды. Бұл кітап «Жігер», «Алау», «Серпін» деген тарауларға бөлінген және әр тараудың өзіндік ерекшелігі бар. Бірінші тарауда тың ерлерінің қажы-қайраты, ой-санасы, болмысы суреттелсе, екінші тарауда өндіріс саласындағы адамдардың басынан кешкен оқиғалар қамтылып, үшінші тарауда тың еңбеккерлерінің ерен еңбегі, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігі, өзіндік характері сәтті ашылған. «Дән» жинағының формалық ізденісі мен композициялық құрылымы ерекше және автор тек фактілер мен цифрларды беруді мақсат етпей, болған оқиғаларды қысқа әрі әсерлі баяндай білгендігімен ұтқан. Осы кітаптың игілікті тұстарына белгілі журналист Жанболат Аупбаев былай деп баға береді: «Дән» новеллалар жинағын оқып шыққанда көзге ұрып, көкейге ұялайтын нәрсе – оның архитектоникалық құрылымы. Қазіргі очерктер кітабында көп ескеріле бермейтін бір тиянақтылықты оның «Жігер», «Алау», «Серпін» атты тарауларындағы публицистикалық пафосқа толы авторлық ремаркалары одан сайын жандандырылып тұр. Біздінше осы бір шағын творчестволық әдістің өзі әйтеуір кітап шығару үшін ғана емес, автордың «Дән» новеллалар жинағын керісінше ұзақ уақыт ойда пісіріліп, терең толғанып, оқырмандарға өзінің жан сыры ретінде ұсынған дүние екендігін аңғартады»[4]. Расында бұл новеллалар жинағының мазмұны терең, еңбек жолындағы адамдардың тағдырын көркем суретпен бейнелеген өмір деректерін боямасыз шындық тұрғыдан табиғи баяндау тәсілдерін орынды пайдаланған деуге болады.

Атақты комбайыншы Михаил Довжик туралы үшінші новеллада оқиғалар желісі шымыр, қарапайым еңбеккердің тек еңбегін ғана көрсетіп қоймай, оның ішкі жан-дүниесі, адамдармен қарым-қатынасы, еңбекқор комбайыншы ғана емес жаңалыққа жаны құмар жан ретінде де бейнеленеді. Бұл шығармадағы оқиғаның өрілуі мен шиеленістің дамуы шындыққа негізделіп баяндалады. Тың төсіне қара бидай шығару ниетінің дұрыс шешім тауып, өніп-өсіп кетуі, басқалардан жасырып егіс алқабының ортасына қара бидай егіп өз мақсатына жинақталып, оның психологиясын, характерін толық ашуға мүмкіндік жасайды. «Алғаш кездесу, алғаш туған әсер. Довжиктің көздері тап -таза екен. Жылылық, нұр атаулының ұясы секілді. Жұмыр денесі салмақты қозғалып, балғын қолдарымен қатты қысып амандасты. Бәрінен де көзі, анау тап-таза адал, көздері әсер етеді» [3,43],- деген портреттік суреттеуден қарапайым еңбек адамының шын болмысын, азамат дидарының қадыр-қасиетін, сабырлы да толғаулы ақылын көруге болады.

Бұл кітапқа филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай былай баға береді: «Рымғали Нұрғалиевтің публицистикалық новеллалар жинағының мазмұны терең. Жастардың әр жылдардағы даңқты дәстүрі, еңбек жолы көркем суретпен бейнеленген. Жанрлық ізденістері ерекше назар аудартады. Тек қана диалогке, күнделікке, психологиялық шегініске, интервьюге құрылған новеллалардың мазмұны ғана емес, формалық құбылтулары жүрекке жылы әсер етеді»[5,99]. «Дәннің» кейіпкерлерінің басынан кешкен оқиғалар заман, өмір жайлы айқын түсінігі бар азаматтар. Оларды қайнаған өмір ортасынан көре отырып, олардың да қуанып, ашуланатынын көреміз. Бұл жинақтағы новеллалар қысқа-қысқа эпизодтардан тұрады, бірде тың төсіне, бірде өндіріс орындарына, бірде жайлауға алып кететін көріністер бірімен-бірі заңды жалғасын тауып, оқыған сайын бір арнадан екінші арнаға жетелеп, қысқа да нұсқа қызықты оқиғаларымен есте қалады. Бұл новеллалардағы кейіпкерлер күнделікті өзіміз көріп жүрген қарапайым еңбек адамдары, автор сол адамдардың іс-әрекеттерін бейнелегенде ойдан ештеңе қосушылыққа бармай өзі көрген, өзі куә болған оқиғаларды ғана арқау етіп алады. Он төртінші новелладағы Қайыркен Байтасаов, образы қысқа штрихтермен берілсе де есте қаларлық детальдармен суреттеліп, өзі ісіне мығым, кішіпейіл, еңбексүйгіш, ойлы жан ретінде танылады. «Қайыркен Байтасов оң аяғын шұңқырға тығып алды: ботинкасының лайын төгіп, шұлығын сығып жатыр, дір-дір етеді.

- Қырсыққанда қымыран іриді!

Әлдебір ауырлық, әлдебір ашу буғандай қыстығып тұрған комбайыншылардың өңі бригадирдің суықтан тоңып тұрған бақайын көрген мезетте, күлкінің бұлаң жымиысымен қызғылт тартты.



  • Байқа, бақайсыз қалма!

  • Бригадир құлап жатыр, комбайн қалай жүрмек?

  • Ей, сендер де!...- Қолын бірақ сілтеді. – Жоқтан өзгені сөз қылып...

Ырду – дырду жөні ме қазір? Аспанға, анау талағы қарс айырылғалы тұрған аспанға бірдеңе десеңші одан да...»[3,84]. Фашистің оғы түк те қыла алмаған бақайға қыркүйектің сүмелек жауыны не істер дейсің деп Қайыркен әзілін айтып қызу жұмысқа кірісіп кеткендігін жазушы өмір қиыншылықтарын көп көрген кейіпкерінің характерін ашу сәтіне жанды өмірдің суретін орынды пайдаланған. Прологтағы комбайыншы Кенжебек Алпысбаевтың бейнесі қысқа-қысқа сұхбат диалогтар арқылы ашылған. Комбайыншының бір сәттегі өмірінің өзінен еңбек ардагерінің ой-өрісін, мінезін сәтті және ықшам бере білген очеркші кейіпкерінің психологиялық құбылыстарын дөп басқан. Мысалы, Кенжебек ақсақал мен кемпірі Зағыпыран екеуінің диалогы былай берілген:

«- Әй, шал! Әй, Кенжебек! Немене қыжың-қыжың? Ит басына іркіт төгіліп, мілиарт деп дүние шулап жатқанда сен неменеге тарыласың – ей? Тәубаңды айтып, қол қусырып, шүкіршілік етіп отырсаң етті. Мына шайтан арбаңды екі өкпеге тепкілеп, тағы қайда бет түзедің.

Пулеметтен бораған оқ астында қалғандай Кенжебек жасқанып, бұға берді. Машинаның жабуын өзі алып, қораның есігін өзі ашты. Тілден қалған адам секілді. Кешеден бергі тұтанып жүрген ашуы су сепкендей басылды. «Москвичті» от алдырып, жүруге бет бұрғанда кемпірі:

- Оразаңды ашпайсың ба? – деді, татулыққа шақырған үнмен»[3,8].

Осы үзіндіден жетпістен асса да қайраты Кенжебек ақсақалдың қайта қоймаған, мазасыз шағы сәтті суреттелген. Өмір бойы жұбы жазылмаған кемпір мен шалдың мінездері осы қысқа диалог арқылы әдемі ашылған. Мұнда хабарламалық сипатпен қоса адам көңіл-күйі, мінез-құлқынан елес бере отырып, жазушы жан-жақты нақышпен сол кезеңнің ортақ ісін қадірлеушілік, қоғамдық борышқа адалдық сияқты идеалдарын оқушы алдына жайып салады. «Дән» кітабында диалогтарға көп орын берілген, әрбір кейіпкердің ойы мен сезімі, көңіл-күй толқындары осы диалог арқылы сомдалып, әр қаһарманның мінезі нанымды суреттеледі. Бұл туралы белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов былай дейді: «...Еңбек адамдарының тың игерудегі ерлік істерімен қоса олардың арасындағы психологиялық тартыстар, қиыншылықпен бетпе-бет кездескендегі характерлері әр новелланың оқиға өзегіне арқау болған. Бұларда сен өзің жүздесіп, сырласқан, зерттеген адамдарыңның өмірінен үзік сыр шертесің. Сөйтіп, жүректі бір шым еткізіп барып, екінші өмірдің өзегіне қарай көшесін» [6].Өмір жайлы өзіндік түсінігі бар, еңбек қадірін білетін Р.Нұрғали кейіпкерлері бірде қуаныш, бірде реніш үстінде суреттеліп, адам өмірінің қайшылықты болмысын жан-жақты ашып беруге арналған.

Үш циклдан тұратын бұл новеллалар жинағының қаһармандары Кенжебек ақсақал, Константин Топалов, Ыдырыс Нұрбаев, Владимир Лазерец, Тасболат Сырғабаев, Мереке Аяпбергенов, Өтеубай Шәкеев, Сәкен Ыдырысов т.б. бірін-бірі толықтырып, бір мақсат жолында еңбек етіп жүрген замандастар екенін бір новелладан екінші новеллаға ауысып отырғанда байқаймыз. Бұл кейіпкерлер бірін-бірі толықтырып, өзара үндес, үлкен өмір жолында қатар келе жатқан азаматтар. Бір -біріне ұқсамайтын кейіпкерлер әр новеллада жаңа қырынан танылып отырады, тың игеру кезеңіндегі ірі оқиғалары тыңғылықты қамтылған бұл кітапта ой мен характерлерді ашудағы автордың тіл шеберлігін байқау қиын емес. Бейнелі сөздер мен жеңіл оқылатын оралымдар, образды теңеулер молынан кездеседі. «Жігердің» бесінші новелласындағы: «Ала көбеде оянған Мұраттың денесі сәл тоңазып, дірілдегендей болып тұрды да, кішкенеден кейін жазылып сала берді. Дала қосының іші ақайранданып, қисық көлеңке құлап жатыр. Танау пысылдайды, сірә, осы дәу де болса батыр ұйқы тракторшы Ғазизат Ақаевтың мұрны болар»[3,52]. Жаны бар сурет пен адамның мінезі оның еңбектегі белсенділігі, адам мен табиғаттың байланысы әдемі көмкерілген. Жан-жақты зерттелген деректі материалдар автордың есте қаларлық образдар жасауына мүмкіндік берген. Мысалы, он сегіз жастағы Мереке Аяпбергеновтың іс-әрекеті, оның болашақта бір жақсы басшы бейнесінде автордың көз алдына елестеуі, өсіп, өркештеніп кететіні туралы жорамалдар жас басшының жігері мен еңбекке деген белсенділігінен көрінеді. «...Мерекенің бастықпаған, табанының бұдыры таймаған жас та болса асау жүрегі шын қалауын тапқандай, диқан көңіліне, іс жүлгесіне тура жол іздеп қысқа күнде қырық төңкеріледі»[3,58],- деген жолдардан жас Мерекенің ой-өрісі мен қиялын, мінезін бейнелейтін сәтті дөп басып, психологиялық құбылыстарды беру арқылы оқырманды еліктіреді.

Қорыта айтқанда, Рымғали Нұрғалидың журналистік шеберлігі мығым, публицистикалық шығармаларының тілі шұрайлы, теңеулері астарлы ойға толы, табиғат пен адам бейнесі қатарластырыла суреттелгеніне куә боламыз. Қаламгерлік шеберлігі нақты суреттер арқылы көрінген Р.Нұрғалидың деректі шығарма жазуда шеберлігінен үйренер жайттар мен үлгі алуға үндейтін тұстар баршылық.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жақып Б. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. – Алматы: Білім, 2004

2. Амандосов Т.С. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. –Аалматы: Мектеп, 1978.

3. Нұрғалиев Р. Дән. – Алматы: Жалын, 1977

4. Аупбаев Ж. Жүректің сөзі - өмірдің өзі.// Білім және еңбек. 1978. №11.

5. Жұртбаев Т. Жүрекке тұнған сыр.//Еңбек туы. 1978. 6 қыркүйек.



6. Нұршайықов Ә. Деректі кітап дидары.//Қазақ әдебиеті. 1978. 31 наурыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет