Құрметті Бақберген Сексенбайұлы! Құрметті ауылдастарым!



Дата29.06.2016
өлшемі52.5 Kb.
#165817
Құрметті Бақберген Сексенбайұлы!

Құрметті ауылдастарым!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың талай жылдан бері дәстүрге айналған Қазақстан халқына Жолдауы әдетте әрбір жылдың басында жария етілген болса, биыл сол дәстүрге өзгерістер енгізілді. «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 15 тамыздағы №615 Жарлығын іске асыру мақсатында әр тоқсан сайын ауыл әкімдері есеп беретін болады. Мен бұл өте дұрыс шешім деп санаймын.

Биылғы жылдың 9 айында әкімнің қабылдауында 233 адам болды. Жазбаша түрінде 12 және ауызша түрінде 12 өтініш түсті, олар: 2 адам кәсіптік оқуға тілек білдірді және 10 адам қоғамдық жұмысқа қабылданды. Ал 12 жазбаша өтініштердің иелері үй құжаттарын заңдастыру жөнінде әкімнің қабылдауында болды. Барлығына тиісті құжаттарын беріп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жарлыөзек ауылында орналасқан Бейсек көшесі 330 метр жерге 7 416,76 мың теңгеге асфальт төсеніші салынды және Мұқаншы ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын жайластыруына 3,0 мың теңге қаражат бөлініп жасалды. 2012 жылы атқарылған жұмыстарына есеп беру кезінде ауыл азаматтарының қойған талап-тілектері бойынша Бозтоған ауылы Мұсабек көшесінің тұрғыны С.Айнабеков азаматтың ұйымдастыруымен ауыл тұрғындарынан сүт жинайтын орталық ашып, бүгінгі күнге Үштөбе қаласындағы «Фудмастер» фирмасының филиалына күнделікті 1 тонна сүт өткізіледі және округ бойынша ауыл бақшаларына су келетін арықтарын «Абатты» су тұтынушылар кооперативінің ұйымдастыруымен сәуір айынан бастап қайта қазылып, тазаланып, ретке келтірілді.

Тәуелсіз қазақ елінің тағылымды тарихы өзінің бір жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Президенттің әр Жолдауынан халық жаңалық күтетіні рас. Биыл Елбасымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын жария етті. Әрине, болашақты болжаған өркениетті елдер өздерінің жарты ғасырға немесе бір ғасырға арналған дамуын жоспарлап қояды. Халықтың өмір сүру сапасы, әлеуметтік жағдайы жақсарды. Осыған байланысты қоғамдық өмірдің барлық саласы ілгерілеу үстінде. ЭКСПО-2017 көрмесін өз елімізде өткізуге құқық алғанымыз - біздің ең үлкен жеңісіміз. Ұзақ мерзімді қамтитын Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиясы болашаққа, жас ұрпақ пен жастарға арналып отыр. Оның жүзеге асырылуы барлығымызға қатысты.

«Жемқорлық – жәй құқық бұзушылық емес, ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауыпсіздікке төнген қатер болып саналады. Біздің түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті күшейтуіміз керек» деп Жолдауда айтылғаны бекер емес. Еліміздегі заңнамалық актілердің мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, ұлттық қауыпсіздікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы мемлекеттік органдардың, мемлекеттік міндеттерді атқаратын лауазымды және де басқа да адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың тимді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан да Елбасымыз атап өткендей ұлттық қауыпсіздікке төнген тікелей қатер – жемқорлықпен баршамыз күресуіміз қажет.

Елде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыру барысында, өңірдің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы біздің округті де айналып өткен жоқ. Биылғы жылы жеке шаруа қожалықтарының басшылары 2 дана трактор техникасын сатып алды. Оның біреуі 3,4 мың теңгеге қолма қол қаражатқа, ал екіншісі лизингке. Мал шаруашылығында мал басының өсу қарқыны байқалады.

Жарлыөзек ауылдық округі бойынша жалпы, 3 елді мекен орналасқан. Округ бойынша халық саны 2823 адам, 505 түтін саны, атап айтқанда Жарлыөзек ауылында тұратын халық саны – 1293 адам, 230 түтін саны, 2 ЖШС-гі және 126 – шаруа қожалығы бар. Бозтоған ауылында тұратын тұрғындар саны – 1113 адам, түтін саны – 204, 87 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Мұқаншы ауылында тұратын тұрғындар саны – 417 адам, түтін саны – 71, 39 – жеке шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Әкімшілік Жарлыөзек ауылында орналасқан. Әкімдікте: әкім, 4 бас маман, және 1 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Олар функционалдық міндеттері бойынша әр салаға жауапты болып бекітілген. Сонымен қатар, Көксу аудандық аумақтық инспекциясынан 1 мал дәрігерлік қадағалау инспекторы, 3 лицензиялы мал дәрігері, 1 өлкелік полиция инспекторы, 1 пошта қызметкері жұмыс істейді.

САЛЫҚ. 2013 жылы Жарлыөзек ауылы бойынша жер салығы 311,5 мың теңге жоспарланса, нақты орындалғаны - 311,5 мың теңге, жер салығы 100,0 % орындалған. Мүлік салығы жоспар бойынша 20 мың теңге болса, нақты орындалғаны 20 мың теңге, мүлік салығы -100,0 % орындалған.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫ

Ауыл шаруашылығың дамыту барысында Жарлыөзек ауылында ауылшаруашылық өнімдерін өсіру бойынша осы заманға сай агротехнологиясын енгізу, егіншілік мәдениетін көтеру, жергілікті жерге бейімделген аудандастырылған жаңа сорттар енгізілді. Сонымен қатар арзандатылған жаңар-жағар майға сұраныс берген шаруа қожалықтар толығымен алды.

Жарлыөзек ауылының аумағы 9135 га, оның ішінде: суармалы - 840 га, егістік жер 3185 га.

«Балпық» ЖШС-де 401 га, оның 180 га таулы егістік жері бар.

«Солтанбай батыр» ЖШС-де 105 га егістік жер бар.

252 жеке шаруа қожалығының иелігінде 2535 га

Ауыл ішіндегі бақша 144 га

2013 жылы егілген егіс көлемі:

Жаздық бидай – 70 га, жаздық арпа – 164 га, күздік бидай – 120 га, жүгері дәнге – 50 га, жүгері силосқа – 25 га, қант қызылшасы - 180 га, май бұршақ – 2113 га, көп жылдық шөп – 222 га, бір жылдық шөп – 60 га, күнбағыс – 23 га, картоп – 115 га, бақша – 15 га, көк-өніс – 28 га.

Жазғы бидай – жеке шаруа қожалықтарынан 30 га 21,7 центнерден 65 тонна, ал ЖШС-нен 40 га 12 центнерден 48 тоннадан бидай алынды. Барлығы 113 тонна астық жиналды.

Жазғы арпа – жеке шаруа қожалықтарынан 69 га 24,3 центнерден 168 тонна, ал ЖШС-нен 95 га 12 центнерден 114 тонна өнім алынды. Барлығы 282 тоннаны құрайды.

Күздік бидай – жеке шаруа қожалықтарынан 85 га 31 центнерден 263 тонна, ал ЖШС-нен 35 га 27,7 центнерден 97 тонна. Барлығы 360 тонна бидай жиналды.

Май бұршақ дақылдары – 230 га 25 центнерден өнім алынды және өнім жинау жұмыстары жалғасуда.

Округ бойынша май бұршақ дақылын жинауға 30 комбайн дайындалды. Бүгінгі күнге 16 комбайн дақыл жинау үстінде.



МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Округ бойынша жалпы ірі қара - 2116, оның ішінде аналық бас - 844, жылқы - 420, оның аналығы 163 бас, қой мен ешкі -6500, оның аналығы - 2550 бас, құс басы - 6500. Жарлыөзек ауылы бойынша жалпы ірі қара - 786, оның ішінде аналық бас - 256, жылқы - 110,оның аналығы 41 бас, қой мен ешкі -2354, оның аналығы - 920 бас, құс басы - 2679. Бозтоған ауылы бойынша жалпы ірі қара - 945, оның ішінде аналық бас - 453, жылқы - 161,оның аналығы 68 бас, қой мен ешкі - 3239, оның аналығы - 1295 бас, құс басы- 2791. Мұқаншы ауылы бойынша жалпы ірі қара - 385, оның ішінде аналық бас - 135, жылқы - 149,оның аналығы 54 бас, қой мен ешкі -907, оның аналығы - 335 бас, құс басы- 1030. Жалпы Жарлыөзек ауылы бойынша мал ұрықтандыру екі пунктері бар. Оның біреуі жылжымалы. Округ бойынша 745 бас мал қолдан ұрықтандырылса: оның ішінде 80 бас етті бағытта, ал 674 бас сүтті бағытта. Малдарды алдын ала егу және қан анализдарын өткізу жұмыстары уақытылы жүргізіледі.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Жұмысқа қабілетті тұрғындар саны – 1813 адам, зейнеткерлер саны – 259 адам. Жарлыөзек округінде – 9 сауда нүктелері: оның ішінде 2 киоск халыққа қызмет көрсетуде

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 2 адам кәсіби оқуға жіберілді, 10 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа қабылданып, 14 жаңа жұмыс орны ашылып, 45 адам жұмысқа орналасты.

18 жасқа дейінгі балалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы тағайындау үшін құрылған комиссия отырыстары болып, жыл басынан бері Жарлыөзек ауылы бойынша 23 жанұяның 83 баласына 832 799 теңге көлемінде жәрдемақы төленді.

Тұрғын үй коммуналдық көмегін алуға өтініш білдірген 4 отбасына 77646 мың теңгеге көмек көрсетілді.

ПОШТА

56 адам І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер және 220 жасымен зейнетке шыққан зейнеткерлерді зейнетақыларымен қамтиды. 505 түтін басы жарық шамдарының және 220 байланыс телефондарының ақысын төлейді. Округ бойынша 12 үйге интернет орнатылған



ТАЗАЛЫҚ

Әр сәрсенбі және жұма күндері «Тазалық күндері» болып жарияланып, ауылымыздың тазалық жұмыстары мектеп, балабақша, әкімшілік, дәрігерлік амбулатория қызметкерлерімен және ауыл тұрғындарымен 14 шақырымжол бойы тазаланды, 7,5 шақырым арық жүйелері тазаланып, 398 тонна күл-қоқыс шығарылды.



БІЛІМ

Мұсабек атындағы орта мектебінде 49 жоғары білімді мұғалім білім беруде. 2012-2013 оқу жылын 445 оқушы аяқтады. 11 сыныпты 25 оқушы бітіріп, оның 14 ҰБТ-ке қатысты. ҰБТ-ың қорытындысы бойынша білім сапасы 60% құрады. 2013-2014 оқу жылын 425 оқушымен бастады. Даярлық топта 52 бала, 1 сыныптарда 41 бала, 9 сыныптарда 40 бала және 11 сыныптарда 28 бала білім алуда.

Биылғы жазғы демалыс кезінде 60 бала мектеп жанындағы ыстық тамақпен қамтылған «Жұлдыз» лагерінде демалды, 60 бала ыстық тамақсыз «Қуаныш» лагерінде болды. «Балауса», «Жас желек», «Жас қайың» қоғалдандыру бригадаларына 45 бала қамтылды және 17 бала өз ата-аналарымен отбасының жеке шаруа қожалықтарында жұмыс жасады. 40 бала пәндік лагерде дайындалды және 28 бала «Қарлығаш» демалыс лагерінде демалды. Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мұражайына 12 бала және Талдықорған қаласындағы Тынышбаев атындағы мұражайға 36 бала барды.

«Балдырған» бөбек-жай балабақшасында 12 тәрбиеші жұмыс жасайды, оның ішінде – 7 жоғары білімді, 4 - арнаулы орта. Балабақшамыз 75 орынға арналған. Олар жас ерекшеліктеріне қарай 3 топқа бөлінеді – 2-3 жас аралығында «Балапан» сәбилер тобы, 3-4 жас аралығында «Айгөлек» орта тобы, 4-5 жас аралығында «Қарлығаш» естиярлар тобы, әр топта 25 бала бар. Қазіргі кезеңде тәрбие жұмыстарының басты міндеттерінің бірі - бүлдіршіндерді халқымыздың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына, ұлттық дәстүріне байланысты әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне үйрету мақсатында әр мерекелік күндерге арналған іс-шаралар, ертеңгіліктер ұйымдастырылып өткізіледі.



ДЕНСАУЛЫҚ

«Бірінші байлық- денсаулық». Елбасымыздың Жолдауында Қазақстан халқының денсаулығына лайықты көңіл бөлінген. Дәрігерлік амбулаториясы бүгінгі күнге сай, барлық құрал жабдықтармен қамтылған. Онда 9 орынды стационар бөлімі, зертханасы бар. Бүгінгі күнге жоғарғы білімді 1 дәрігері халыққа қызмет көрсетуде. Медбике 8 адам, оның ішінде жоғарғы категориялы – 2 адам, санитар – 1 адам, жүргізуші 1 адам, көгалдандыру және ауылдағы санитарлық тазалық ісімен - 1 адам.

Ауыл тұрғындары арасында аурудың алдын алу жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. 2013 жылдың 9 айында 44 бала дүниеге келіп, 16 адам қайтыс болды. Табиғи өсімі 28 адам. 895 адам флюрография тексерісінен өтті, 456 балаға манту прививкасы салынды.

Туберкулез ауруымен бүгінгі таңда 2 адам есепте тұр, ал 1 адам жаңадан есепке алынды. Сары ауруы жоқ.

СПОРТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ.

Жарлыөзек және Бозтоған ауылдарында 2 ашық спорт алаңы, «Ұлан» спорт кешені бар. Ауыл ішінде футбол, волейбол, күрес, тоғызқұмалақ секциялары жұмыс істейді. Соның нәтижесінде ауылдан құралған спортшылар командалары аудан деңгейінде өтіп жатқан спорт ойындарынан жүлделі орындарды иеленуде, сонымен қатар ауыл және аудан деңгейіндегі барлық мәдени іс-шараларға округ азаматтары белсенді қатысуда. Ауылымыздың азаматы, Ерменбет Жасұлан жасөспірімдер арасында Сербия мемлекетінде өткен әлем чемпионатында жүлделі 3 орынды иеленді.



ТӘРТІП.

Округте 1 өлкелік полиция қызметкеріне әкімшілік ғимаратынан 1 кабинет беріліп, телефон, автокөлікпен қамтамасыз етілген. Қылмыстың алдын алу, болдырмау, жасөспірімдердің тәрбиесін бақылап отыру үшін ақсақалдар алқасы, әкімшілік, мектеп ұжымы және әйелдер істері жөніндегі жұмыс топтары біріге отырып, тәртіп бұзушыларды жөн жолға салып отырамыз. Күндізгі және түнгі кезекшілік ұйымдастырылған.

Үстіміздегі жылы 6 қылмыс тіркелді. 2 мал ұрлығы, 1 аккумулятор, 1 телефон, 1 мото ұрлығы және 1 зорлау әрекеті тіркелген. Барлық қылмыс ашылды.
Сөзімнің соңында: Құрметті Бақберген Сексенбайұлы! Сіздермен бірлесе отырып, ауыл өмірін жақсарту, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру үшін аянбай еңбек етемін.

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!



Жарлыөзек ауылдық округ

әкімінің міндетін атқарушы Қ.Бимуханова

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет