Танымдық сабақ
Сабақтың тақырыбы: «Қонаев - ғасыр адамы»
Мақсаты: Оқушыларға қазақ елінің біртуар азаматы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы жан - жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның қоғамға және мемлекетке сіңірген еңбегі, экономика мен саясаттағы реформаларына талдау жасау арқылы білімдерін толықтыру. Ұлы тұлғаның халқына сіңірген еңбегін, ерлігін, қажырлы жүргізген саясатын үлгі ету, оқушылар бойына халқымыздың құндылықтарын сіңіріп тәрбиелеу.
Сабақтың жүрісі:
«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» (Н. Ә. Назарбаев)
Бейнеролик көрсетіледі.
Мұғалім сөзі: Советтік Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – қарама - қайшы тұлға. Қызметінен түскенде басқалар оның атын өшіруге тырысқан болатын, ал, қазір халық оның есімін ұлықтап жүр. Д. А. Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Алматыдағы №14 мектепті үздік аяқтаған соң, Мәскеудегі түсті металдар институтын 1936 жылы тау - кен инженері мамандығы бойынша аяқтап, Балқаш, Риддер «Алтай полиметал» кәсіпорындарында қарапайым инженерден бастап барлық еңбек баспалдақтарынан өте отырып, кәсіпорын басшылығы қызметтерін атқарған.
1960 - 1962, 1964 - 1986 жылдар аралығында Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің І хатшысы қызметін атқарды. Ол басшылық жасаған жылдары Қазақстанда Ақтау, Текелі, Шардара, Арқалық т. б. жетпістен астам үлкенді - кішілі қала салынып, Балқаш пен Жезқазған тау - кен комбинаты, Ақтөбе химия комбинаты, Қаратау фосфор зауыты, Соколов - Сарыбай тау - кен комбинаты т. б. көптеген алып индустриялық құрылыстар жүзеге асырылды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 20 жыл бойы Орталық Комитеттің саяси бюросының толық мүшесі болды. Ел алдындағы оның еңбегі ерекше бағаланып, Еңбек Ері атағымен, көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған. Сонымен қатар, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ғылымға да үлкен еңбек етіп, жүзден аса ғылыми еңбектері жарық көрген.
Достарыңызбен бөлісу: |