Сабақ тақырыбы: Хирургиялық инфекция. Бейспецификалық хирургиялық жалпы жіті инфекциялық Сабақ мақсаттары



Дата06.10.2023
өлшемі29.41 Kb.
#479942
түріСабақ
Хирургиялық инфекция. Бейспецификалық хирургиялық жалпы жіті инфекциялық


«Жалпы хирургия, анестезиология және реанимация» пәні
Пән оқытушысы: Айтжанов Бауыржан Ысмағұлұлы


Сабақ тақырыбы: Хирургиялық инфекция. Бейспецификалық хирургиялық жалпы жіті инфекциялық-
Сабақ мақсаттары:

  • білімдік (оқыту): студенттерге хирургиялық инфекция және оның ерекшеліктері туралы толық түсінік, білім қалыптастыру;

  • тәрбиелік: науқастарға дер кезінде көмек көрсету іс-әрекеті арқылы адамгершілікке, жауапкершілікке тәрбиелеу;

  • дамытушылық: хирургиялық қызметті ұйымдастыру жолдарын іріктеу реттілігін қолдана білу,

Сабақ түрі: жаңа тақырыпты меңгерту
Оқыту әдісі: сұрақ-жауап, баяндау, салыстыру әдістері.
Ұйымдастыру.
«Ой қозғау» әдісі.


Жаңа сабақ дәрісі

І.Хирургиялық инфекциялар, түрлері. Жедел аэробты хирургиялық инфекцияның қоздырғыштары,тарау жолдары, алдын алу.


2.Жедел аэробты хирургиялық инфекциялардың жергілікті белгілері.
З.Жедел аэробты хирургиялық инфекциялардың даму стадиялары.
4. Жергілікті инфекциялардың жеке түрлері, белгілері,емдеуі.
а/фурункул
ә/карбункул
б/гидраденит
в/абсцесс
г/флегмона
д/рожа
е/лимфаденит,лимфангоит, клиникалары дәрігер келгенше көмек, емдеу, асқынуы.
1 .Хирургиялық инфекция деп хирургиялық жолмен емделетін іріңді қабыну ауруларын, іріңді жараларды атайды. Хирургиялық инфекция жергілікті және жалпы болып бөлінеді. Клиникасына, қоздырғыштарына байланысты мынадай түрлері болады:
жедел аэробты спецификалық
созылмалы анаэробты спецификалық емес
Жедел инфекциялар 1 аптадан бастап 1 айға дейінгі уақыт ішінде пайда болып, емделінеді. Созылмалы инфекция одан да ұзақ уақыт бойы жазылып болмайды және қайталануға бейім келеді. Аэробты деп қоздырғыштары аэробты (оттегі бар) жағдайда дамып өсетін инфекцияларды атайды (аэробты коктар мен таяқшалар). Ал анаэробты деп, қоздырғыштары анаэробты жағдайда дамитын инфекцияларды атайды (сіреспе таяқшасы, клостридийлер және т.б.) (микробилогия пәнін еске алайық). Спецификалық деп арнайы қоздырғыштарының әсерінен дамитын инфекцияларды атайды. Мысалы: сіреспе, туберкулез аурулары тек өз қоздырғыштарынан дамиды. Спецификалық емес деп кез келген микроорганизмдер ықпалынан дамитын инфекцияларды атайды, мысалы: фурункул, карбункул, абсцесс т.б. Ең жиі кездесетіні: жедел аэробты спецификалық емес хирургиялық инфекциялар, оларды қоздыратын -"ірің туғызушы" патогенді микробтар. Олар: стафилококк, стрептококк, көгілдір ірің таяқшасы, шек таяқшасы, протей, пневмококк, гонококқ, іш сүзегі таяқшасы және т.б. Олар жеке гигиенаны сақтамаған кезде, операция, манипуляция жасағанда жара арқылы, иньекция арқылы сыртқы ортадан организмге түсіп, көбейіп, тарайды. Немесе өз денесіндегі инфекция ұясынан қан-лимфа тамырлары арқылы тарайды.
Жалпы зат алмасу аурулары науқасты хирургиялық инфекцияға бейімдейді. Олар мысалы, қант диабеті, авитаминоз, анемия және т.б.
Алдын алу жолдары:жеке гигиенаны сақтау, асептика сақтау, организмдегі инфекция ұяларын, хирургиялық инфекцияға себепші ауруларды емдеу.
2. Жергілікті хирургиялық инфекцияларға тән ортақ 5 белгі бар. Олардың пайда болу реті:
а/қызару-микроб токсиндерінің әсерінен қан тамырлары әуелі тарылады, содан соң кеңейеді.
ә/ісіну-сол жерге лейкоциттер көп жиналып, қанның сұйық бөлігі жинақталып ісінеді, бұл "лейкоциттік вал" деп аталады.
б/ауырсыну-нерв талшықтарының ісіктің арасында қысылуынан пайда болады.
в/айнала тканьдер ыдырауынан, қыздыру әсерінен жергілікті қызу көтеріледі.
д/осы белгілер мүшенің функциясын бұзады.
Жергілікті хирургиялық инфекциялар организмде жалпы өзгерістер туғызады :ұйқы қашады, тәбеті болмайды, басы ауырады, дел-сал болады.
3. Жергілікті хирургиялық инфекциялардың даму сатылары болады.
1-инфильтрация сатысы –инфекция енген (микротравма болған, шөңге кірген, т.с.с) тұстың айналасы әуелі қызарып, ісініп, ауыратын инфильтрат пайда болады. Бұл сатыда жылу процедураларын беріп, қыздыратын компресс басса, инфильтрат тарап кетуі мүмкін.
2-абсцестену немес іріңдеу сатысы – бұл кезде инфильтрат ортасынан іріңдейді, флюктуация пайда болады (флюктуация -инфильтраттың іріңдеген ортасының былқылдауы), жалпы жағдайы өзгереді. Жалпы реакциялар: қызулау, интоксикация симптомдары, әлсіреу, тоңып қалтырау, пульсі жиілеу болады. Қан анализінде лейкоцитоз көрінеді, ЭТЖ ұлғаяды, эритроциті азайып, зәрінде белок пайда болуы мүмкін.
Абсцесс өздігінен жарылса, не тілініп іріңі алынса жалпы жағдайы түзеледі.
Бұл сатыдағы емдеу принциптері:
а/ауырған мүшеге тыныштық беру
ә/іріңді уақытында тіліп алу сепсистің алдын алуға себепші болады
б/тілінген абсцесті дренаждайды, жиі таңады, кварц сәулесімен емдейді. Антибиотиктер, ферменттер егіледі, детоксикациялық ертінділер көк тамырға егіліп, антистафилококк гамма-глобулин, витаминдер беріледі.
Іріңді қабыну ауруларын емдеудің жалпы принциптері: емдеу консервативті және оперативті болады. Консервативті емнің мақсаты- интоксикацияны азайту, іріңді бактерияларды жою, организмнің иммундық- биологиялық қорғаныш қабілетін және регенерациялық (жазылу) қабілетін көтеру. Бұл үшін науқасқа антибиотиктер, ферменттер егеді, детоксикациялық сұйықтар, плазма құяды, антистафилококк гаммаглобулинін егеді, витамині мол құнарлы тамақ береді, ауру мүшеге толық тыныштық береді (ол үшін кейде ауру мүшеге гипс салады не шина таңады). Оперативтік емнің мақсаты- іріңді ошақты пункция жасау (тесу), немесе тіліп ашу, ішіндегі іріңін тазалау, дренаж қалдыру. Кейіннен науқасты күн сайын таңып, іріңді жараны дренаждайды, кварц сәулесін береді. Орта буын медицина қызметкерінің науқастың күтімі жөніндегі жұмысы: науқастың іріңді қабынған органы тыныштық жағдайда болуы тиіс, дәрігердің нұсқауы бойынша іріңінен тазартылып, тілінген мүшеге гипс немесе шина салынып, қозғалтпайтын жағдай жасалуы мүмкін, тағайындалған режимді науқастың орындауын бақылайды, егер науқастың, мысалы, сирақ абсцесі тілінген болса, сирағының астына клеенка және жаялық төсейді, дренаж түтігінің бір шеті жара ішінде қалдырылса, сыртқы шеті стерильді банкаға құйылған антисептик ертіндіге батырылады. Оған қанша ірің жиналғанын, оның түсін, белгілеп отыру керек. Медбике дренаж түтігін алмастыруды, түсіп қалған түтікті орнына салуды тек дәрігер қатысуымен істейді. Жарадағы таңғыштың жағдайын бақылайды. Егер жараны жауып тұрған дәке таңғыш іріңінен ылғалданып қалса, ығысып кетсе оны ауыстырады. Науқастың дене қызуын өлшейді, тағайындалған антибиотик, детоксикациялық сұйықтар, витаминдерді уақытында егіп тұрады. Іріңді науқастар жататын палатаның ауасын желдетіп, кварц шамымен сәуелелеп тұру керек. Іріңді жараны таңған кезде асептика ережелеріне сәйкес резин қолғап, клеенка алжапқыш киіп, қазіргі заманғы әсері күшті антисептик ертінділерді пайдаланады, пайдаланылған инструменттерді дезинфекциялық ертіндіге батырады.
4. Жергілікті хирургиялық инфекциялардың жекелеген түрлері: фурункул-шаш түбірі мен май безінің қабынуы. Белгісі:қызарған, ісінген ауыратын инфильтрат пайда болады. Ортасында іріңді өзек пайда болады, жарылғаннан кейін өзегі шығып, жарасы тазарып, грануляцияланады. Жалпы жағдайы көп өзгермейді. Фурункулез -фурункулдың әр жерге шығуы. Қант диабеті, анемия, авитаминоз аурулары фурункулез шығуына ықпал етеді. Фурункулезді емдеу үшін негізгі ауруын емдеу керек. Фурункул жоғары еріннен жоғары орналасса, науқаста менингит, ми абсцесі, сепсис тәрізді асқынулар болуы мүмкін.Сондықтан мұндай науқастарды ауруханаға жолдау керек.

Карбункул-бір жерде орналасқан бірнеше шаш түбірі мен май бездерінің бірігіп іріңді қабынуы. Жиі шығатын жері иығы, қары, арқасы. Аумағы үлкен, қызарған, өте ауыратын инфильтрат пайда болады. Ол абсцестеніп іріңді өзектері бірнеше жерден жарылып, "араның ұясындай" болып көрінеді. Науқас қызулап, ұйқысы, тәбеті бұзылады. Науқастың ісінген инфильтратына Вишневский майымен компресс басып, ауруханаға жолдайды.
Абсцесс – шектеулі іріңді қабыну, ол көбіне алдыңғы екі инфекцияның, іріңді жараның асқынуы. Қабыну белгілері болады, ісік бір аумаққа жиналады, абсцестің капсуласы болады, егер ол асқынса, айналаға жайылып кетіп асқынады. Абсцестің жарылғанға дейінгі және жарылғаннан кейінгі екі клиникалық сатысы бар. Жарылғанға дейін абсцесс солқылдап ауырып, қызарып, интоксикация белгілері пайда болады, ауру мүшенің функциясы бұзылып, науқастың жалпы жағдайында өзгерістер болады. Абсцесс жарылғаннан кейін немесе тілініп іріңнен тазартылғаннан кейін, науқастың қызуы түсіп, қатты терлеп, барлық белгілері кете бастайды.
Флегмона – шел майының шексіз жайылып қабынуы. Қабыну процесінің шекарасы білінбейді, үлкен аумаққа жайыла береді. Флегмона кезінде науқастың жалпы жағдайы бұзылады.
Гидраденит –тер шығаратын бездердің қабынуы. Қолтықта не шапта қызарған инфильтрат пайда болады, оның беті тегістеліп жылтырап тұрады. “Ит емшегі” сияқты болып көрінеді, бірнеше жерден тері көтеріліп тұрады. Іріңдеу сатысында жарылып, ірің бірнеше жерден тесіп шығады. Қайталануға бейім.
Рожа –тері мен кілегей қабықтың іріңді-кілегейлі қабынуы, қоздырғышы стрептококк. Ол мал сойғанда, құс, балық тазалаған кезде тері жарасы арқылы ауру теріден жұғады. Қол-аяқта, бетте жиі кездеседі. Рожаның эритемалық-қызарған, буллездық- күлбіреген, некроздық-өлі еттенген, флегмоналық-іріңдеген түрлері болады. Клиникасында интоксикация симптомдары, қызулау пайда болады. Эритемалық түрінде теріде қызарған алаң көтеріліп, ауыртады. Лимфа бездері ісінеді, қабынады. Буллезды формасында теріде күлбіреуіктер пайда болады, некрозды формасында- ткань некрозданады (өлі еттенді), флегмоналы түрінде басқа инфекция қосылып, флегмона жайылады. Емдеуі: терісін спиртпен сүртеді, кварц сәулесін береді, антибиотик, сульфаниламидтер тағайындайды. Синтомицин майын жағады. Жараны сулауға болмайды. Лимфаденит – лимфа безінің қабынуы, себебі- лимфа жиналатын аумақта іріңді қабыну аурының болуы. Мысалы, егер науқастың оң қолының ІІ саусағы іріңдеп, күбірткелі шықса, оң қолтық бездері ісінеді. Лимфаденит абсцеске, флегмонаға айналуы мүмкін. Басып қарағанда ауыратын, ісінген бездер білінеді. Жалпы интоксикация белгілері шығады. Алғашқы медициналық көмек: қабынған лимфа бездеріне Вишневский майымен жылу компресін басады. Дәрігерге жолдайды. Емдеуі –себепші іріңді қабыну процесін емдеп, катаральді қабынған бездерге физипроцедура береді, антибиотик егеді.

Лимфангоит –лимфа тамырының қабынуы. Себебі жоғарыда аталғандай, іріңді қабыну ауруларының болуы. Қолда не аяқтың терісінде лимфа тамыры бойымен қызарған жолақ пайда болады, ол ісініп, ауырады. Тор тәрізді лимфангит кезінде пайда болатын қызыл жолақ торға ұқсайды. Терең лимфангитте сыртқы белгілері көрінбейді, ауырсынады, ісінеді, интоксикация белгілері шығады. Емдеуі: себепші ауруын емдеу, ауру мүшені қимылдатпау (иммобилизация), антибиотик егу, жылы компресс басу аурудың бетін қайтарады.


Флебит – вена тамырының қабынуы. Себебі көк тамырға инфекция түсу. Бұл асептика ережесі сақталмай дәрі еккен кезде, дәрілер егу үшін бір көк тамырды қайта-қайта пункция жасаған кезде болады. Науқастың көк тамырының бойы ісініп, қызарады, басып қарағанда бау тәрізді болады, ауырады, қызу байқалады. Алғашқы медициналық көмек- қабынған тұсқа Вишневский майымен компресс басып, дәрігерге көрсету керек. Емдеуі – консервативті, яғни антибиотиктер, жылу компресі, тыныштық жағдайын беру.

Жедел іріңді мастит

Тромбофлебит- вена тамырының қабынып, ішіне тромб жиналуы. Себебі вена тамырына экзогенді немесе эндогенді жолмен инфекция енуі. Бұған ықпал етуші факторлар- қан айналуының баяулауы, операциядан кейін оның ұюы деңгейінің артуы. Тромбофлебит беткі және терең, жедел және созылмалы болуы мүмкін. Тромбы жиналған көк тамыр тығыз бау сияқты болып білінеді. Оның бойы және (көбіне) бүкіл аяғы ауырады. Терең тромбофлебит кезінде қанның кері айналуы қиындауы себебінен сирағы ісінеді. Қызуы көтеріліп, пульсі жиілейді. Жедел тромбофлебит екі-үш аптаға дейін созылып, созылмалыға ұласуға бейім болады. Бұл кезде басып қарағанда тығыз ауыратын бау тәрізді көк тамыр қалады. Қалған тромб сіңіп кетуі, ішінен канал пайда болып өтімді болуы, қатаюы, іріңдеуі мүмкін. Тромбофлебит кезінде алғашқы медкөмек- қабынған венаға Вишневский майымен компресс басып, дәрігерге көрсету керек. Емдеуі-науқасқа қатаң төсек режимін тағайындайды, бұл тромбының үзіліп кетпеуі үшін керек. Вена қаны кері қайтуын жақсарту үшін ауыратын аяғын көтеріңкі қалыпта Белер шинасына салады. Антибиотиктер егеді, дәрігер қан ұюының анализін қадағалай отырып антикоагулянттар береді, ауыратын венаның бойына Вишневский майымен компресс орайды, жедел қабыну белгілері кеткен соң физиопроцедура тағайындайды.



Іріңді артрит- буынның іріңді қабынуы. Инфекция ашық зақым, фурункул т.б. инфекция арқылы енеді. Буын ісіп ауырып, қызарып, қымылдатпайды, ішіне экссудат жиналады. Жалпы жағдайы бұзылады. Емі -- пункция, тілу, қабыну экссудатын тазалау, антибиотик егу, антисептик ерітіндімен жуу, детоксикациялық терапия тағайындау.


Бурсит –буын қалтасының қабынуы. Егер бурсит жабық зақым әсерінен болса, асептикалық –травмалық бурсит пайда болады, бұл кезде зақым алған буын қалтасы ісініп, ішіне сұйық жиналғаны білінеді. Жедел белгілері (ісінуі, ауырсынуы) басылған соң, физиопроцедура беріледі. Егер инфекция енген болса, септикалық бурсит дамиды. Бұл кезде қабыну симптомдары пайда болады. Буын қалтасы ісініп, солқылдап ауырады, қызу көтеріледі. Емдеуі-хирургиялық жолмен тіліп, іріңінен тазалайды. Әрі қарай іріңді жараны емдегендей жолмен емдейді.
Тендовагинит – сіңір қабының қабынуы. Егер қабыну жабық зақым әсерінен немесе кәсіби болса, асептикалық –травмалық тромбофлебит пайда болады, бұл кезде сіңір бойы ісініп, сіңір қимылдаған кезде сықырлаған дыбыс естіледі, сықырлақ тендовагинит деп аталады. Жедел белгілері (ісінуі, ауырсынуы, функциясы бұзылуы ) басылған соң, физиопроцедура беріледі. Егер инфекция енген болса, септикалық тендовагинит дамиды. Бұл кезде қабыну симптомдары пайда болады. Сіңір тұсы ісініп, солқылдап ауырады, қызу көтеріледі. Емдеуі-хирургиялық жолмен тіліп, іріңінен тазалайды. Әрі қарай іріңді жараны емдегендей жолмен емдейді.
Остеомиелит- сүйектің қабынуы. Гематогенді (қан, лимфа тамырларымен тарайды) түрі балаларда жиі боладі, травмалық түрі ашық сүйек сынғаннан кейінгі асқыну ересектерде кездеседі. Сүйекке жеткен инфекция жілік майында көбейіп, ірің туғызады, Ірің сүйек қабығының ойығына жиналып сүйектің қан айналымын бұзады. Сүйектің бір бөлшектері некрозданып бөлініп қалады. Ол бөлшек -секвестр деп аталады. Оның айналасында қуыс пайда болады, оны -секвестр қорабы деп атайды. Секвестр бар жерде қабыну процесі тыйылмайды. Созылмалы түрге ұласады. Секвестр айналасындағы ірің жұмсақ тканьдерді тесіп, теріден сыртқа шығады. Іріңді тесік (гнойный свищ) пайда болады. Олар процесс қайталанғанда ашылып тұрады. Клиникасы: сүйегі сырқырап, ауырады, қызуы көтеріледі, тахикардия болады, интоксикация белгілері пайда болады. Аяқ тканьдері ісініп, тесіліп ірің шығуы мүмкін. Аурудың басталуынан 2 аптадай өткенде рентген суретте остеомиелит белгісі пайда болады. Алғашқы медкөмек: ауруханаға салу. Емдеуі-тіліп іріңін алады, іріңді жарадай емдейді. Антиобиотиктер (линкомицин) егеді, ферменттер, сұйықтар құяды. Ауырған сүйекке тыныштық беру үшін гипс таңғышын салып, қимылдатпай қояды. Науқастың осы режимді бұзбауын қадағалау патологиялық сынықтың алдын алу үшін қажет.
Сепсис-жалпы іріңді инфекция. Себебі: дұрыс емделмеген жергілікті инфекциялар, ішкі органдардың басқа да іріңді қабыну ауруларының асқынуы, жалпы иммунитеттің әлсіреуі, микробардың вирулентті болуы. Микробтар мен олардың токсиндері қан тамырына түсіп, көбейеді. Ішкі органдарға барып, кері әсер етеді. Соларға тоқтап, көбейіп, абсцесс туғызады.
Сепсистің- микробтардың қанға түсуіне байланысты септицемия деген және әр жерде іріңді метастаз пайда болуына байланысты – септикопиемия деген түрлері бар. Инфекцияның кіру жолдарына қарай: гинекологиялық, урологиялық, хирургиялық, отогендік т.б. түрлері болады. Клиникасына қарай: тез өтпелі, өтпелі, жедел деген түрлері бар. Клиникасы: қызуы аяқ астынан 39-40° С көтеріліп, сандырақтайды, санасы бұзылады, артерия қысымы аздап түседі, пульсі жиілейді, терісі бөртеді. Ішкі органдары-талағы, бауыры іседі, олигурия, интоксикация симтомдары пайда болады. Алғашқы мед.көмек: ауруханаға салу.
Емдеуі: себепші ауруын емдейді, антиобиотиктерді, сұйықтарды көктамырға құяды, гормондар, витаминдер егеді, бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе жұмысын жақсартатын дәрілер береді. Қанның стерильдігін тексеріп тұрады. Антиобиотиктер ұзақ уақыт бойы беріледі. Науқасқа жақсы күтім, тез сіңетін диета керек. Күтуші адам науқастың тері ойылуының алдын алып, паротит, эмболия болмауын қадағалауы керек. (Жұқпалы ауру пәнінен алған білімдеріңе сүйеніп, сепсистің клиникасын, емдеуін еске алыңдар).


Сабақты қорытындылау сұрақтары:

  • 1. Хирургиялық инфекциялар, түрлері, қоздырғыштары,тарау жолдары, алдын алу.

  • 2. Жергілікті инфекциялардың жеке түрлері, белгілері, емдеуі.



Кері байланыс.

  • Мен үшін жаңалық ...

  • Мен үшін түсініксіз...

  • Білгім келеді ...

Үйге тапсырма. Осы сұрақтарға жауап жазу арқылы қысқаша конспект жазыңыз!
Пайдаланылатын әдебиет
Касенов Т.С. Жалпы хирургия және анестезиология. Алматы. 1992

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет