"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлiк қоғамының еншiлес және тәуелдi ұйымдары акцияларының пакеттерiн бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын бекiту туралы



бет1/4
Дата22.02.2016
өлшемі0.56 Mb.
#1325
  1   2   3   4
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлiк қоғамының еншiлес және тәуелдi ұйымдары акцияларының пакеттерiн бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 8 қыркүйектегi № 1027 Қаулысы



      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 11 ақпанда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы» қоғамдық бiрлестiгiнiң XIII съезiнiң барысында жарияланған тапсырмасын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлiк қоғамының еншiлес және тәуелдi ұйымдары акцияларының пакеттерiн бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасы бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастан қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi                                   К. Мәсiмов

Қазақстан Республикасы 


Үкiметiнiң       
2011 жылғы 8 қыркүйектегi
№ 1027 қаулысымен   
бекiтiлген      

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлiк қоғамының еншiлес және тәуелдi ұйымдары акцияларының пакеттерiн бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасы

Мазмұны

1.

Бағдарламаның паспорты

2.

Кiрiспе

3.

Ағымдағы жағдайды талдау

4.

Бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерi, мақсатты индикаторлары

5.

«Халықтық IРО» бағдарламасын iске асыру кезеңдерi. Компаниялардың акцияларын бағалы қағаздар нарығына шығару

6.

Негiзгi тәуекелдер және оларды басқару жөнiндегi шаралар

7.

Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар

8.

Қажеттi ресурстар

1. Бағдарламаның паспорты

Бағдарламаның атауы

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ еншiлес және тәуелдi ұйымдары акцияларының пакеттерiн бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасы

Әзiрлеу үшiн негiздеме

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылғы 11 ақпанда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ХIII съезiнiң барысында берген тапсырмалары

Әзiрлеушi

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-мен бiрге Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгi

Бағдарламаның мақсаты

Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн отандық жетекшi компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету және қазақстандық бағалы қағаздар нарығын дамытуға ықпал ету

Мiндеттерi

Қазақстан Республикасының азаматтарына елдiң аса iрi кәсiпорындарының акцияларын иелену мүмкiндiктерiн беру;
халықтың жинақтарын инвестициялау мен көбейтудiң жаңа құралын жасау;
бағалы қағаздар нарығын одан әрi дамыту;
инвестициялық бағдарламаларды iске асыру мақсатында компаниялардың қосымша қаржыландыруын тарту.

Iске асыру мерзiмi

2011 - 2015 жылдар

Қажеттi ресурстар және қаржыландыру көздерi

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен оның еншiлес және тәуелдi ұйымдарының өз қаражаты.
Мемлекеттiк органдарға өздерiнiң бағалы қағаздары нарығының инфрақұрылымын жетiлдiруге бағытталған қызметiн қамтамасыз етуге және Қазақстан халқының қаржы-инвестициялық сауаттылығын арттыруға бөлiнетiн республикалық бюджет қаражаты

Мақсатты индикаторлар

1) «Халықтық IРО» шеңберiнде 6 еншiлес және тәуелдi компаниялардың акцияларын орналастыру;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары - кемiнде 160 000 жеке тұлғаны бағдарламаға қатысуға тарту;
3) Қазақстан қор биржасының акциялары нарығының көлемiн (капиталдандыруды) 2015 жылға қарай 2011 жылдың орташа көрсеткiшiнен кемiнде 15-20% арттыру;
4) 2015 жылға дейiн Қор компанияларының акцияларын орналастыру шеңберiнде кемiнде 500 млн. АҚШ долларын тарту.

2. Кiрiспе

      2011 жылы Қазақстан тәуелсiздiктiң 20 жылдығын атап өтедi. Бүкiл осы кезең iшiндегi мемлекеттiң негiзгi басымдығы ел азаматтарының әлеуметтiк және экономикалық әл-ауқаты болып қала бередi.


      Мемлекет басшысының 2011 жылғы 11 ақпанда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ХIII съезiнiң барысында берген тапсырмаларын орындау үшiн әзiрленген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның еншiлес және тәуелдi ұйымдарының акцияларын (бұдан әрi – IPO1) бағалы қағаздар нарығына бастапқы орналастыру бағдарламасы (бұдан әрi – Бағдарлама немесе «Халықтық IРО» бағдарламасы), ол тапсырмалар бойынша «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлiк қоғамы (бұдан әрi – Қор немесе «Самұрық-Қазына» АҚ) басқа мемлекеттiк құрылымдармен бiрлесiп, оларға сәйкес осы Бағдарламаны әзiрлеуi және iске асыруы қажет.
      Бағдарлама Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерiнде әзiрлендi және халық үшiн отандық жетекшi компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге бағытталады, оларды сатып ала отырып, қазақстандықтар олардың тең иелерiне айналады және елдiң экономикалық өсуiне өзiнiң қатысу мүмкiндiгiн алады.
      Бұл бағдарлама сондай-ақ халықтың жинақтарын капитал нарығына тарту, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мен мемлекеттiк және жеке меншiк компаниялардың кең шеңберiн қор нарығына шығару үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету есебiнен Қазақстанның бағалы қағаздар нарығын және тұтастай ел экономикасын дамытуға ықпал ететiн болады.
      «Халықтық IРО» бағдарламасы айқындық, ашықтық, әдiлдiк және барлық қазақстандықтар үшiн тең қол жетiмдiлiк қағидаттарында өткiзiлетiн болады. Бағдарламаны iске асыру кезiнде Қазақстан азаматтарының «Халықтық IРО» бағдарламасына қатысуға басым құқығы қамтамасыз етiлетiн болады.
      Қазақстан әлемдiк қаржы дағдарысынан табысты шықты, бұл Қазақстанның экономикасы мен ұлттық компаниялардың алдына одан әрi өсудiң оң перспективаларын ашады. Бағдарламаға қатысатын қазақстандықтар аса iрi компаниялардың акцияларын сатып ала отырып, ұзақ мерзiмдi перспективада пайдадан кiрiс ала алады.
      Бағдарламаны iске асыру дәйектi және кешендi негiзде жүзеге асырылатын болады, бағдарлама компаниялардың әзiрлiгiне қарай акцияларды бастапқы орналастыру сериясын жүзеге асыруға бағытталған. Бағдарламаны iске асыру барысында мемлекеттiк компаниялардың IРО әзiрлiк жұмыстарымен бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының Үкiметi мен басқа да уәкiлеттi мемлекеттiк органдар IРО табысты өткiзу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында нормативтiк құқықтық актiлерге талап етiлетiн өзгерiстердi уақтылы енгiзу жөнiнде бiрлескен жұмыс жүргiзедi.
      Бағдарламаны iске асыру барысында «Халықтық IРО» қатысуға кандидат компаниялар (бұдан әрi – Кандидат компаниялар) басшылықтың барынша тиiмдi үлгiсiн қабылдай отырып, корпоративтiк басқару жүйесiн жетiлдiруге, ақпараттық ашықтықты жақсартуға тиiс болады. Осылайша, аса iрi компаниялар – Қазақстан экономикасының көшбасшылары озық формат беретiн, елде корпоративтiк мәдениеттi дамытуға ықпал ететiн болады, сондай-ақ өз қызметi туралы қоғамды хабардар етудi қамтамасыз етедi.
      Нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстермен, сондай-ақ Кандидат компанияларды Бағдарламаға қатысуға дайындаумен қатар халықтың Бағдарлама туралы барынша хабардар болуын қамтамасыз етуге және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған толық ауқымды ақпараттық-бiлiм беру бағдарламасы iске асырылатын болады.
_______________
1 ағыл. Initial public offering

3. Ағымдағы жағдайды талдау

Қазақстандағы бөлшек инвестициялау нарығын талдау


Бөлшек сұранысты шолу

      Қазақстандағы бөлшек инвестициялаудың нарықтағы үлесi өте аз және инвесторлардың аздаған санын қамтиды. «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi» АҚ-ның iшкi деректерiне сәйкес 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша брокерлiк ұйымдар жеке тұлғалардың атынан шамамен 10 мың2 қосалқы шоттар ашты. 2011 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жеке тұлғалар 80 млрд. теңгеге жуық сомаға мемлекеттiк емес эмитенттердiң акцияларын және облигацияларын немесе мемлекеттiк емес эмитенттердiң акциялары мен облигацияларының жалпы сомасының 0,65%-ын иелендi.


      Халықтың инвестициялық белсендiлiгiнiң осындай төмен болуының негiзгi себептерi мыналар болып табылады:
      жоғарғы класты эмитенттердiң шектеулi санына, төменгi өтiмдiлiк деңгейiне байланысты қазақстандық акциялар нарығының дамымауы, бұл сұраныстың жылжымайтын мүлiк және банк салымдары сияқты инвестициялау мен жинақтың неғұрлым қарапайым құралдарына қарай ығысуына әкелдi;
      бағалы қағаздар нарығының жұмыс iстеу тетiктерi, акциялар құнының бағасы туралы ақпараттандырудың төменгi деңгейi, акциялар бағаларының өзгермелiлiгiне байланысты жоғары тәуекелдер себебi және басқа да факторлар бойынша халықтың қызығушылығының төмендiгi.
      Халықтың бағалы қағаздар нарығына жанама қатысуы шамамен 8 млн. адамның зейнетақы жинақтарын басқаратын жинақтаушы зейнетақы қорларындағы шоттар арқылы да жүредi. Жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық қоржынындағы жинақтардың бiр бөлiгi (шамамен 7,2%) жалпы құны 172 млрд. теңгеге жуық акцияларға орналастырылған. Акцияларға орналастырудың ең көп үлесi жалпы инвестициялық қоржынның 20%-ын құрайды, алайда бұл көрсеткiшке жоғары класты эмитенттердiң жеткiлiктi санының және зейнетақы қорларына капиталдың жеткiлiктiлiгi жөнiндегi талаптардың болмауына байланысты қол жеткiзiлмейдi.
      Халықтың тарапынан «теориялық» ықтимал сұранысты есептеу үшiн халық иеленетiн таза кiрiс3, екiншi деңгейдегi банктердiң депозиттерiндегi қаражат және ұзақ мерзiмдi мүмкiншiлiкпен жинақтауды жүзеге асыруға мүмкiндiгi бар халықтың ескерiлмеген жеке жинақтары сияқты акцияларды сатып алуға арналған қаражаттың көздерi бойынша бiрқатар жорамалдар пайдаланылды. Негiзгi көздер есебiнен сұраныстың ең көп көлемiн алдын ала бағалау мынаны құрайды:
      иелiктегi таза кiрiстен 240 - 1 100 млн. АҚШ доллары;
      екiншi деңгейдегi банктердiң депозиттерiнен – 730 - 1 300 млн. АҚШ доллары;
      ескерiлмеген жеке жинақтардан – 900 - 1 700 млн. АҚШ доллары.
      Стратегиялық және саяси зерттеулер орталығы мен АЕ демократияны дамыту қоры жүргiзген әлеуметтiк зерттеулердiң деректерi бойынша Қазақстанның ересек халқының 20%-ын ғана «Халықтық IРО» бағдарламасы шеңберiнде акцияларға инвестиция салуға дайын. Осы зерттеуге сәйкес теориялық жағынан алғашқы IРО үшiн қол жетiмдi ақша қаражаты 110 млн-нан 230 млн. дейiнгi АҚШ долларын құрауы мүмкiн.
      «Халықтық IРО» бағдарламасына халықтың зейнетақы жинақтарын басқаратын жинақтаушы зейнетақы қорлары да қатысады деп күтiлуде. Халықтың зейнетақы жинақтарын Кандидат компаниялардың акцияларына инвестициялау халықтың «Халықтық IРО» бағдарламасына аз шығынмен тартылуын жанама түрде ұлғайтуға мүмкiндiк бередi, сондай-ақ бағалы қағаздардың қайталама нарығындағы өтiмдiлiктi қолдау арқылы акциялардың бағасына оң әсер ететiн болады. Бұдан басқа, инвестициялаудың ұзақ мерзiмдi мүмкiндiгiмен қазақстандық бағалы қағаздар нарығындағы аса iрi институционалдық инвесторлардың бiрi болып табыла отырып, жинақтаушы зейнетақы қорлары орналастырылғаннан кейiн акциялардың әдiл нарықтық құнын белгiлеуге ықпал етедi және акция бағаларының өзгермелiлiгiн азайтуға ықпал ететiн болады.
      Алғашқы IРО өткiзу кезiнде Қазақстанның аса iрi жинақтаушы зейнетақы қорларының тарапынан Кандидат компанияның акцияларына инвестиция салудың күтiлетiн көлемi 150 - 300 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл болжам негiзiнен IРО үдерiсiн өткiзу кезiнде қалыптасатын нарықтық жағдайларға, өтiмдiлiк позициясына және әрбiр жекелеген жинақтаушы зейнетақы қорының iшкi инвестициялық лимиттерiне және IРО-ға шығатын Кандидат компанияның сапасына тәуелдi болады.
________________
2 "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi" АҚ-та ашылған жеке тұлғалардың қосалқы шоттары туралы деректер бойынша
3 Халықтың бiрiншi кезектегi қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға жұмсалатын шығыстардан кейiнгi қалған қаражаты

Жұмыс iстеп тұрған инфрақұрылымды шолу



      «Халықтық IРО» бағдарламасы Қазақстанның халқын Кандидат компаниялардың акцияларын орналастыруға тең қол жетiмдiлiкпен қамтамасыз етудi болжайды және демек, бiрiншi IРО өткiзу сәтiнде бағалы қағаздар нарығы мен оған қатысушылардың инфрақұрылымы ықтимал инвесторлардың ең көп санын қамтуға және орналастыру кезiнде уақтылы қызмет көрсетуге дайын болуға тиiс.
      Алғашқы IРО-ға инфрақұрылымдары толық дайындыққа келтiрiлуге тиiс бағалы қағаздар нарығының негiзгi қатысушылары «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрi – ҚҚБ немесе Биржа), брокерлiк компаниялар, трансфер-агенттер, «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийi» АҚ (бұдан әрi – ОД) және тiркеушiлер болып табылады:
      1) акцияларды бастапқы орналастыру үдерiсiнде негiзгi рөлдi сауда алаңы – ҚҚБ атқарады, ол капиталдың әртүрлi нарықтарына, корпоративтiк және үкiметтiк облигацияларға, шетелдiк валютаға, фьючерстiк келiсiм-шарттарға, мемлекеттiк және корпоративтiк бағалы қағаздары бар тiкелей және автоматты репоға қызмет көрсетедi.
      Қазiргi кезде ҚҚБ ресми тiзiмiне 337 бағалы қағаз енгiзiлген, олардың iшiнде 92 бағалы қағаз 66 эмитенттiң акциялары болып табылады. 66 эмитенттiң 9-ы бiрiншi санатқа және 16-ы екiншi санатқа енгiзiлген, осы санаттардағы эмитенттерге қойылатын негiзгi талаптар (2011 жылғы маусымдағы жағдай бойынша) мыналар болып табылады:
      Халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттары бойынша жасалған аудиттелген қаржы есептiлiгiнiң болуы;
      бiрiншi және екiншi санаттағы эмитенттердiң жеке меншiк капиталының шамасы тиiсiнше кемiнде 12 943 млн. теңге және 259 млн. теңгенi құрауға тиiс;
      бiрiншi санаттағы эмитенттер таза пайдасының шамасы соңғы үш жылдың әрқайсысында кемiнде 129 млн. теңгенi құрайды, екiншi санат үшiн бұл шама белгiленбеген.
      2) брокерлiк компаниялардың «Халықтық IРО» бағдарламасына қатысуы клиенттiң нұсқаулықтарына сәйкес Кандидат компаниялардың акцияларын орналастыру, сондай-ақ оларды кейiннен сату барысында оларды сатып алуды қамтамасыз ету болып табылады. Ресми деректерге сәйкес 2011 жылғы 01 шiлдедегi жағдай бойынша 71 ұйым Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензияны иеленедi (оның iшiнде екiншi деңгейдегi банктер – 24; жинақтаушы зейнетақы қорлары – 6, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар – 2). Бұл ретте брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың негiзгi бөлiгi Алматы қаласы мен Астана қаласында орналасқан, бұл елдiң барлық өңiрлерiнiң халқын қамту бойынша қиындықтар туғызады.
      3) трансфер-агенттiк қызметтер көрсететiн компаниялар брокерлермен трансфер-агенттiк қызметтер көрсетуге шарттар жасасу жолымен елдiң барлық өңiрлерiн брокерлермен қамтудың жеткiлiксiздiгi проблемасын шешуге арналған. Осы шартқа сәйкес трансфер-агенттiк қызметтер көрсететiн компания клиенттерден брокерлерге құжаттарды (ақпаратты) қабылдап алу және беру жөнiндегi қызметтердi көрсететiн болады.
      Қазақстанда трансфер-агенттiк қызметтер көрсетуге арналған лицензиясы бар 3 компания жұмыс iстейдi – «Қазпочта» АҚ, «Қазақстанның халық банкi» АҚ және «ДОС Қаржы» ЖШС.
      4) «Халықтық IРО» бағдарламасы шеңберiндегi ОД-ның негiзгi рөлi акцияларды номиналды ұстау қызметтерiн көрсету және акциялармен жасалатын мәмiлелер бойынша есептердi жүзеге асыру болып табылады, осыған байланысты ОД деректердi өңдеу мүмкiндiктерiн кеңейту талап етiледi, өйткенi IРО барысында және олардың акцияларымен кейiнгi мәмiлелер кезiнде Кандидат компаниялары мәмiлелерiнiң саны айтарлықтай артады.
      5) тiркеушiлер бағалы қағаздарды тiркеудi және клиенттердiң бағалы қағаздарды сақтау жөнiндегi жеке шоттарын жүргiзудi жүзеге асырады. Қазақстанда 10 тiркеушi өз қызметiн жүзеге асырады. Кандидат компаниялар тiркеушiнi таңдау кезiнде тiркеушiнiң филиал желiсiнiң кең болуына және тiркеушiлiк қызметтi сапалы әрi уақтылы көрсету үшiн техникалық әзiрлiк дәрежесiне назар аударатын болады.
      Қорыта келгенде, бағалы қағаздар нарығы мен оған қатысушылардың қазiргi инфрақұрылымының техникалық мүмкiндiктерi бағалы қағаздардың ұйымдасқан нарығындағы сауда қызметiнiң әдеттегi деңгейiн және халықаралық мәмiлелер бойынша сауда-саттықтардың бар көлемiн игеру үшiн жеткiлiктi болып табылады, алайда жүйенiң сенiмдiлiгi және өсiп отырған тапсырыстар пакетiн қысқа уақыт аралығы iшiнде өңдеуге қатысты тиiмдiлiк белгiсiз болып табылады.
      Бағдарламаны iске асыруға инфрақұрылымның әзiрлiгi бөлiгiндегi негiзгi проблемалар мыналар болып табылады:
      ОД-ның ағымдағы бiлiктi персоналының штаты «Халықтық IРО» бағдарламасы iске асыру барысында болжанатын жеке тұлғалардан түсетiн шоттар ашу жөнiндегi бұйрықтардың үлкен көлемiн қысқа мерзiмде өңдеу мүмкiндiгiнде шектеулi;
      Қазақстан брокерлерiнiң негiзгi персоналы негiзiнен Алматы қаласында шоғырланған, бұл инвестициялық шешiм кезiнде халықтың қалың жiгiне бiлiктi көмек көрсетуге мүмкiндiк бермейдi;
      Қазақстанның аумағы бойынша тiркеушiлердiң нашар дамыған желiсi, сондай-ақ тапсырыстардың көп саны кезiнде бар қызмет көрсету жүйелерi сенiмдiлiгiнiң төмен дәрежесi;
      электрондық тапсырыстарды жүзеге асыру мен оларды тiркеушiлерде өңдеудiң автоматтандырылған жүйелерi мүмкiндiктерiнiң болмауы.
      ҚҚБ деректерi бойынша қазiр бар сауда жүйесi өзiнiң толық қуатының 1%-ын ғана пайдаланады. ҚҚБ қолда бар жеке сервердi инвесторлардың «Халықтық IРО» бағдарламасы шеңберiнде акцияларды сатып алуға арналған өтiнiмдерiн өңдеу үшiн пайдалануды жоспарлап отыр. Алайда, ең көп қуат сұраулар мен сауда жүйесiнiң қуатын бағалауды модельдей отырып, одан әрi эксперименттiк тексерудi талап етедi. «Халықтық IРО» бағдарламасын озық халықаралық практика мен стандарттар бойынша iске асырудың негiзгi кедергiлерi мыналар болып табылады:
      1. Қолданыстағы сауда әдiстерi тапсырыстар кiтабын4 (бук-билдинг) қалыптастырудың халықаралық үдерiсiн жүргiзудi көздемейдi. Бұл проблеманы шешу үшiн ҚҚБ арқылы акцияларға жазылу жүргiзуге және сауда жүйесi мен iлеспе жүйелердi пысықтауға арналған құжаттар әзiрлеу бойынша жұмыс жүргiзiлуде. «Халықтық IРО» бағдарламасы шеңберiнде алғашқы орналастыруды жүргiзу сәтiне қарай көрсетiлген жұмыс аяқталады деп күтiлуде.
      2. Қазiр бар сауда жүйесi «Халықтық IРО» бағдарламасын iске асыру барысында сенiмдi және кiдiрiссiз жұмысты қамтамасыз ету мақсатында одан арғы инвестицияларды талап етуi мүмкiн.
      «Халықтық IРО» бағдарламасын жүргiзу кезiнде ҚҚБ инфрақұрылымын пайдалану өтiнiмдердi жинау мен өңдеу, сондай-ақ есептер жүргiзу үдерiсiн автоматтандыруға мүмкiндiк беретiндiгiн назарға алу қажет. Қазiргi кезде ҚҚБ жекелеген қажеттi технологияларды иеленбейтiндiгiне қарамастан, «Халықтық IРО» бағдарламасы шеңберiнде алғашқы орналастыруды жүргiзу сәтiне қарай ҚҚБ өзiнiң рәсiмдерiн және техникалық жүйелерiн оларды «Халықтық IРО» бағдарламасын жүргiзу кезiнде пайдалану үшiн дайындауды аяқтауды жоспарлап отыр.
      Осылайша, елдiң барлық өңiрлерiнiң ықтимал бөлшек инвесторларын қамтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ ҚҚБ мен нарыққа басқа қатысушылардың инфрақұрылымын келтiру Бағдарламаны iске асыру барысындағы қауырт мiндеттер болып табылады, оларды шешу Бағдарлама шеңберiндегi алғашқы IРО өткiзу сәтiнде – 2012 жылдың 1-2-тоқсанында аяқталуға тиiс.
_______________
4 Тапсырыстар кiтабы орналастырылатын акцияларды сатып алуға арналған барлық тапсырыстарды жинау үшiн бөлiнген шектеулi уақыт кезеңi iшiнде қалыптастырылады

«Самұрық-Қазына» АҚ тобына кiретiн компаниялардың бағалы қағаздар нарығына шығу перспективалары



      «Халықтық IРО» бағдарламасын iске асыру қазақстандық бағалы қағаздар нарығын дамыту үшiн жағдайлар жасауға және Қазақстан халқына рентабельдiлiк деңгейi жоғары, тұрақты және қызметiнiң нәтижелерi болжанатын неғұрлым iрi компаниялардың акцияларын ұсынуға бағытталған.
      Қазақстан халқының көпшiлiк бөлiгiнiң акцияларға инвестиция салуға тән тәуекелдер туралы хабардарлығының төмендiгiне байланысты «Халықтық IРО» бағдарламасы операциялық қызмет нәтижелерiнiң тұрақтылық деңгейiне және олардың нарықтық конъюнктураға тәуелдiлiгiне ерекше назар аудара отырып, акцияларды бастапқы орналастыру жүргiзуге кандидаттарды талдауға салмақты тәсiл қолдануды болжайды.
      Қазiргi кезде «Самұрық-Қазына» АҚ тобына шамамен 400 еншiлес және тәуелдi ұйымдар (бұдан әрi – ЕТҰ) кiредi, олардың қызметi Қазақстан экономикасының қомақты бөлiгiн құрайды. Осы ЕТҰ экономиканың әр түрлi, оның iшiнде елдiң болашақтағы экономикалық дамуы үшiн стратегиялық маңызы бар секторларында қызметiн жүзеге асырады.
      «Халықтық IРО» бағдарламасы қызметi әлемдiк шикiзат нарықтарындағы конъюнктураға тәуелдiлiк дәрежесi мейлiнше төмен компаниялардың акцияларын халыққа ұсынуға бағытталатындықтан, Бағдарламада қарастыру үшiн ықтимал кандидат ретiндегiлер мыналар болып табылады:
      1) «KEGOC» АҚ – диспетчерлеу функцияларын да орындайтын электр энергиясын магистралдық беру саласындағы монополист;
      2) «Air Astana» АҚ – аса iрi қазақстандық авиатасымалдаушы;
      3) «Самұрық-Энерго» АҚ – өзiнiң құрылымында электр энергиясын өндiру және бөлу жөнiндегi, тас көмiр өндiру жөнiндегi активтерi бар холдингтiк компания;
      4) «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ – темiр жол тасымалдарымен байланысты қызметтердiң барлық түрлерi бойынша үстем жағдайды иеленетiн компания.
      Бұл ретте қандай да бiр еншiлес немесе тәуелдi ұйымдардың қатысу мүмкiндiгiн бағалау «Самұрық-Қазына» АҚ үшiн бақылауды сақтауды қамтамасыз ететiн болады.
      Өз кезегiнде «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобында өндiрiлетiн шикiзаттың бағасынан түсетiн кiрiстерге тәуелдiлiгiне байланысты кәсiби емес бөлшек инвесторлардың қалың жiгiне ұсыну үшiн лайықсыз кандидаттар болып табылатын өндiру секторының компаниялары да бар.
      Сонымен бiрге, Қазақстанда бағалы қағаздар нарығының дамуына қарай өндiру компанияларының IРО өткiзiлуi мүмкiн, алайда кәсiби емес бөлшек инвесторлардың мүдделерiн қорғау мақсатында олардың «Халықтық IРО» бағдарламасына қатысуы акцияларды жинақтаушы зейнетақы қорларының арасында орналастыру есебiнен ғана, не бөлшек инвесторлар арасында тек артықшылық берiлген акцияларды орналастырумен шектелiп жүзеге асырылуға тиiс.
      «Самұрық-Қазына» АҚ-ның iрi өндiрушi ЕТҰ-сына мынадай ұлттық компаниялар жатады:
      1) «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – мұнай мен газды өндiру, тасымалдау, сондай-ақ мұнай өнiмдерiн кейiннен өңдеу және сату саласындағы аса iрi ұлттық компания;
      2) «Қазатомөнеркәсiбi» ҰАК» АҚ – тiгiнен интеграцияланған ядролық отын циклы бар уран кенiн өндiру бойынша әлемдегi аса iрi компаниялардың бiрi.
      Өндiру секторындағы ұлттық компаниялардың құрамында қызметi шикiзат нарықтарының конъюнктурасына тiкелей тәуелдi емес еншiлес компаниялардың да бар екенiн атап айту қажет, демек олардың «Халықтық IРО» бағдарламасына қатысуы ықтимал болып табылады, атап айтқанда олар «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ және «Қазтеңiзкөлiкфлот» ҰТКК» АҚ.
      Осы уақытқа дейiн «Самұрық-Қазына» АҚ барлық ЕТҰ iшiнен акцияларын жария орналастыруды «ҚазМұнайГаз» барлау өндiру» АҚ (2006 ж.), «Қазақтелеком» АҚ (2006 ж.) және «Маңғыстау электр желiсiн тарату компаниясы» АҚ (2008 ж.) өткiздi. ЕТҰ тарапынан акцияларын бағалы қағаздар нарығына шамалы көлемiн жария орналастырудың негiзгi себептерi мыналар болып табылды:
      стратегиялық объектiлерге жататын бiрқатар компанияларда қатысу үлестерi мен акцияларды орналастыруға немесе сатуға арналған заңнамалық кедергiлер;
      компанияның акционерлiк капиталында иелену үлесiнiң акциялардың бақылау пакетiнен төмендеуi қаупi;
      жекелеген салаларда тарифтiк реттеудiң жетiлмегендiгi;
      дамыған бағалы қағаздар нарығының болмауы және қаржылық жағынан сауатты инвесторлардың салыстырмалы шағын базасы;
      жаһандық экономиканың белсендi түрде өсуi барысында қол жетiмдi болған халықаралық нарықтардан тартылатын қарыз капиталы түрiндегi салыстырмалы барынша арзан қаржыландыру;
      қаржы-шаруашылық қызметiнiң терiс нәтижелерi;
      активтерге ауқымы iрi қайта құрылымдау жүргiзу қажеттiлiгi немесе компанияны стратегиялық дамытуды түбегейлi өзгерту;
      бiрқатар компаниялардың салыстырмалы шағын мөлшерi, бұл ықтимал инвесторлар үшiн тартымдылыққа терiс әсер етедi.
      Акцияларды жария орналастыруды жүзеге асыруға сыртқы кедергiлердiң болуын назарға ала отырып, компаниялардың бағалы қағаздар нарықтарына шығуы үшiн қажеттi жағдайлар жасауға бағытталған бiрыңғай шаралар кешенiн қабылдау қажеттiлiгi туындайды. Бұл «Халықтық IРО» бағдарламасы шеңберiнде қазақстандық акциялар нарығын дамытуды, оның iшiнде кәсiби емес инвестор – Қазақстан халқы үшiн барынша қолайлы ЕТҰ акцияларын дәйектi түрде орналастыруды жүргiзуге арналған жағдайларды қалыптастыру жолымен дамытуды мемлекеттiң мақсатты бағытталған қолдауы қажеттiлiгiн ескертедi.

Акцияларды бағалы қағаздар нарығына орналастыруға құқықтық кедергiлердi талдау

      Қазiргi кезде Қазақстанда негiзiнен IРО iске асыруға арналған қажеттi нормативтiк құқықтық база жасалды. Акционерлiк қоғамдардың қызметiн жақсартуға бағытталған бағалы қағаздар нарығын дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламалар, заңнамалық түзетулер бағалы қағаздар нарығын, базалық институционалдық инфрақұрылымды, эмитенттер мен инвесторларды қалыптастыруға оң әсер еттi. Алайда Кандидат компаниялар мен өзге де мүдделi компаниялардың IРО табысты iске асырудың қажеттi шарттарын жасау үшiн акцияларды орналастыру рәсiмiн қозғайтын ұлттық заңнаманы жетiлдiру жөнiнде қосымша шаралар қабылдау талап етiледi.
      Жедел заңнамалық реттеудi талап ететiн басым мәселелер жаңа акционерлердiң пайда болуына кедергi келтiретiн кейбiр Кандидат компаниялардың жалғыз акционерi ретiндегi ұлттық басқарушы холдинг туралы шектеулi ережемен байланысты.
      Сонымен қатар таяудағы перспективада IРО саласында құқықтық және реттегiш реформалар жүзеге асырылатын болады. Бүгiнгi күнi акцияларды орналастыру мәселелерi жөнiндегi ұлттық заңнаманы әлемдiк озық практикаға сәйкес келтiру мақсатында оны жетiлдiруге ықпал ететiн нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстар пакетi қалыптастырылды.

Мемлекеттiк реттеу



      Қазақстан Республикасының Үкiметiне қадағалау және реттеу функцияларының берiлуi фактiсiн, сондай-ақ тарифтердiң, кеден баждары мен салық жинаудың әр алуан түрлерiн белгiлейтiнiн назарға алғанда, компаниялардың рентабельдiлiк деңгейi мен нарықтық құны Қазақстан Республикасының Үкiметi мен мемлекеттiк органдары қабылдайтын шешiмдерге байланысты елеулi дәрежеде өзгеруi мүмкiн.
      Тарифтер көрсетiлетiн қызметтерi реттелетiн қызметтер тiзбесiне енгiзiлген компаниялардың кiрiстiлiгiне елеулi әсер етедi. Табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар саласында Қордың мынадай компаниялары өз қызметiн жүзеге асырады – «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Қазпочта» АҚ, сондай-ақ мынадай компаниялардың еншiлес және тәуелдi ұйымдары – «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ: мысалы, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ және басқалар.
      Табиғи монополиялар субъектiлерiн мемлекеттiк реттеудiң негiзгi әдiсi тарифтi (бағаны, алым ставкасын) немесе олардың шектi деңгейiн бекiту арқылы бағалық реттеу болып табылады. Тарифтi мемлекеттiк реттеудiң негiзiн мынадай қағидаттар құрайды:
      уәкiлеттi орган бекiтетiн табиғи монополия субъектiсiнiң реттелетiн қызметтерiне (тауарларға, жұмыстарға) арналған тарифтер (алымдардың бағалары, ставкалары) немесе олардың шектi деңгейлерi реттелетiн қызметтердi (тауарлар, жұмыстарды өндiру) көрсету үшiн қажеттi шығындардың құнынан төмен болмауы тиiс;
      табиғи монополия субъектiсiнiң тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн пайданы алу мүмкiндiгi.
      Тарифтiк реттеу мәселесi өзектiлiгiнiң негiзгi себептерiнiң бiрi инвестициялық жобаларды iске асыру қажеттiлiгi болып табылады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкiметi барлық мүдделi мемлекеттiк органдармен ағымдағы операциялық шығындарды бiр мезгiлде қысқартып және инвестициялық мiндеттемелердiң орындалуына бақылауды күшейте отырып, инвестициялар салуды ынталандыру бөлiгiнде заңнамаға өзгерiстер енгiзудiң орындылығы мәселесiн зерделеу бойынша жұмыс жүргiзедi. Заңнамаға енгiзiлетiн өзгерiстердiң орындылығын қарау ақылға қонымды мерзiмде инвестициялардың ақталуы, сондай-ақ компаниялардың тұрақты дамуының сақталуы қағидаттарын ескере отырып, жүзеге асырылатын болады, бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкiметi халық мүдделерiнiң теңгерiмiн, табиғи монополиялар мен реттелетiн компаниялардың, сондай-ақ тұтастай алғанда елдегi барлық бизнес қауымдастықтардың әртүрлi деңгейдегi бюджеттерiн қамтамасыз ететiн болады.
      Бұдан өзге, ұзақ мерзiмдi тарифтердiң немесе оларды есептеу мен бекiтуге ашық тәсiлдiң болуы Кандидат компанияларға неғұрлым жоғары сенiмдiлiк дәрежесi бар кiрiстердi болжауға мүмкiндiк бередi, бұл акциялардың құнына оң әсер ететiн болады. Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының Үкiметi тарифтердi (бағаларды) белгiленген тәртiппен бекiту және белгiлеу, сондай-ақ мүдделi мемлекеттiк органдарды көрсетiлген нарық субъектiлерiмен олардың инвестициялық тартымдылығын күшейту жөнiндегi жұмысқа тарту арқылы инвестициялық ортаны жақсарту жөнiндегi жұмысты жалғастырады.
      Кандидат компаниялардың нарықтық құнына терiс әсер етуi мүмкiн мемлекеттiк реттеудiң өзге де әрекеттерi мен шешiмдерi бөлiгiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi басқа факторлардан өзге қабылданатын әрекеттер мен шешiмдердiң Кандидат компаниялардың нарықтық құнына ықтимал әсерiн назарға алатын болады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет