Саниязова Еркемай Қазбекқызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда



Дата20.06.2016
өлшемі67.96 Kb.
#149119
Саниязова Еркемай Қазбекқызы

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

Мемлекеттік Университетінің

оқытушысы

Жер қойнауын пайдаланудағы экологиялық мәселелерді шешу жолдары

Қай кезде де болмасын әрбір мемлекеттің қалыптасуы мен дамуында жер қойнауының байлықтарын пайдалану тәртібі маңызды роль атқарып келген. Жер қойнауын пайдаланудан түскен табыстар көптеген мемлекеттердің экономикалық жағдайына өсуіне, өзгеруіне айрықша үлес қосып келе жатыр. Сонымен қатар, мемлекет пен оның халқының мұқтаждықтары үшін де маңызы ерекше. Қазақстанда аса маңызды минералдық шикізаттың барлық түрлері бар. Еліміздің жер қойнауынан Менделеев кестесіндегі 99 элемент кездеседі. 70 элементтің мол қоры барланған және оның 60-тан астамы өндіріледі. 6 мыңға жуық пайдалы қазбалар кен орындары ашылған. Басқаны айтпай-ақ, Қазақстан алтын қоры бойынша дүние жүзі бойынша 6-орында, ал ТМД елдері бойынша Ресей мен Өзбекстаннан кейінгі 3 орында. ТМД елдері көлеміндегі мыс пен қорғасын қорының жартысынан астамы, мырыштың 70 пайызынан астамы Қазақстанда шоғырланғаны елміздің жер қойнауы байлықтарына бай екендігін дәлелдейді./1/

Осы айтылған байлықтарымыз еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастар кезеңіне өткен кезде көптеген жағдайлар құлдырап, осыншама байлықтарды игеруге әліміз келмей, ел тоқырауға ұшырай бастады. Осы кезең уақытында жер қойнауын игеру саласының да дамуы кенжелеп қалғаны да рас. Солардың бірі ретінде 1996 жылы «Оңтүстікмұнайгаздың» акциясын 120 миллион долларға канадалық «Петро» мұнай компаниясына сатқанымыз рас./2/ Қазақстандағы игеріліп жатқан кен орындарының барлығы дерлік көп компонентті кендер күйінде. Кезінде олардан кен өндіруге лицензиялар берілгенде сол кен орындарында пайдалы қазбаны алу қажеттілігі экономикалық тұрғыдан жеткілікті негізделіп, ескерілмеді және лицензиялар оңды-солды бейберекет берілгендігі қазір ашық айтылып жүр.

Осы мәселелерді шешуде Қазақстан Республикасы өз алдына егеменді ел болып, еңсесін көтергелі бері осы жер қойнауын пайдалану қатынастарын дамытуда көптеген нормативтік-құқықтық актілердің қабылдап, күрделі реформалардың жүргізілгені әлі де болса жүргізіліп келе жатқаны да белгілі. Осы реформалардың негізгі алдына қойған мақсаттары біреу – ол осы жер асты байлықтарын пайдаланудың тиімділігін арттыру, жер асты ресурстарын кешенді пайдаланудың тетіктерін табу, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосып отырған өндіріс орындарының қызметін нақтылау, шетел инвесторларымен елімізге пайдалы келісім-шарттар орнату, сонымен бірге отандық жекеменшік мердігер компаниялардың да жұмыс істеуіне қолдау қажеттілігі, оларды жоғары дәрежеде ынталандыру.

Жер қойнауын пайдалануда жүргізіліп жатқан реформалардың ішіндегі ең өзекті мәселелеріне айналып отырған үлкен проблема – ол жер қойнауы ресурстарын пайдалану кезінде экологиялық талаптардың тиісті дәрежеде дұрыс орындылмауы.

Экология проблемасы-ұлтқа ортақ проблема. Мемлекеттің өркендеуі халықтың денсаулығына тікелей тәуелді. Ал халықтың денсаулығы оны қоршаған ортасына текелей байланысты екені даусыз. Осы мәселе шеңберінде Үкімет экологиялық жағдайды жақсартуды ұлттың денсаулығын жақсартудың негізгі талабы ретінде қарастырып, осы мақсаттарға нақты іс-шаралар жасау үстінде. Соның бірі ретінде, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында жер асты байлықтары кешені Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағынан жоғары дамыған елдердің қатарына қосылуын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін басым салалардың бірі ретінде белгіленген. Республика кен-металлургия кешенінің басты міндеті ішкі және сыртқы рыноктардың қажеттерін қанағаттандыратын бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруда экологиялық жағдайларды жақсарту болып табылады. Әрине, ұзақ жылдардан бері орын алған түйінді мәселелерді бір күнде, бір жылда шешудің мүмкін еместігі де түсінікті. Әйтсе де Елбасы міндеттеген бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан нық орын алу үшін Отанымыздағы экологиялық саланы дұрыс жолға қойып, өндіріс орындарының қызметін қатаң қадағалап қоймай, заманауи жаңа технологияларды іске қосу болып саналады.

Сондай –ақ, таяуда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған тұрақты дамуға көшу тұжырымдасы», «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы», «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы», «Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға дейінгі экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясы» сияқты ел дамуы үшін маңызды рөл атқаратын құжаттар ауқымы жағынан кең мағынадағы тың құжаттар болып табылады. Осы құжаттар негізінде мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне экологиялық тұрақтылық пен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану сияқты мәселелерді шешудің оңтайлы тәсілдеріін табу мен оны орындау үшін тапсырмалар берілді. Әсіресе, ауа, жер, су бассейндерін ластаған жер қойнауы байлықтарын пайдаланушы өндірістерге талап қатаң болмақ. Сонымен қатар, экологияға зиян тигізетіндерге қойылатын жазаны қатаңдатып, заңды жетілдіре түспекші.

Қазіргі таңда еліміздің экологтары жерімізде 21 миллиард тонна өндіріс қалдықтары жиналып қалғанын айтып, дабыл қағуда. Соның 30 миллион тоннасы радиоктивті қалдықтар екен. Әрине, бұның ішінде жер қойнауын игеруден қалған қалғандықтардың да өзінше үлес алатыны ақиқат./3/

Зерттелген деректерге сүйенсек, жер қойнауын пайдалану кезінде экологиялық талаптардың сақталмауы нәтижесінде, республика бойынша сотта қаралған істер бойынша 27 976 8889 теңге өндірілген. Оның 1468775 теңге көлемі жерді ластағаны үшін, 398613 теңге су ресурстарына келтірілген залалдың есебінен өндіріліп отыр екен./4/

Ежелден алдына асқақ арман, зор мақсат қойған халқымыз оған біртіндеп қол жеткізіп, оның игілігін көруде. Десек те, экология мәселесі қазір мемлекетіміз үшін маңызды мәселе ретінде күн тәртібінде тұрған тақырыптардың бірі. Соның ішінде жер асты қойнауын пайдалану кезіндегі экологиялық мәселелерді шешуде ең алдымен, әр адам өзінің елінің ұлтжанды патриоты бола отырып, өзінің экологиялық мәдениетін қалыптастыруы керек. Экологиялық мәдениетті дамытуда мемлекет тарапынан шаралар ұйымдастырылуы қажет. Одан кейін жер қойнауын игерумен айналысатын компаниялардың халық үшін маңызды экологиялық талаптарды дұрыс орындамағаны үшін қолданылатын жазаны ауырлату керек. Себебі, қазірде компаниялар айыппұл төлеумен ғана шектеліп, айтылған кемшіліктерді толық орындамай-ақ, өз жұмыстарын жалғастыруда. Жылына жарты миллиардтап пайда табатын компанияларға айыппұл салу олардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін көтеруге ықпал ете алмайды. Осы салада заңдарға өзгертулер енгізу қажеттілігі туындайды. Себебі, экология халыққа ортақ үлкен проблема.

Жер қойнауын пайдалану үшін берілетін лицензиялардың талаптарын күшейту қажеттілігі осы аталған мәселені шешудің бір жолы болып табылады. Лицензиялар кендердің көп компонентті болуына байланысты, оларды өндіруде тек қана бір-екі негізгі компонентін ғана өндіруді көздемей, барлық қоспалы компоненттерді игеруді қамтамасыз ететін заңдарымызды дүниеге әкелуіміз керек. Өндірісіміздің көп бөлігі шетелдіктердің қолына өтіп, олардың жерасты байлығын ысыраппен өндіріп жатқаны жасырын емес. Кен өндіру жұмысы қарқынды дамып, тек таза пайдалы кесектерін алып, ұсақ кен байлықты қоқысқа араластырып кетіп жатқаны күнде сөз болып жүр. Әйтпесе, пайдасы мол қосымша компоненттер қалдықтар негізінде тасталынып, өндірілмей қалып жатыр. Осы айтылған толық пайдаланылмаған шикізаттың құрамында көптеген улы заттар бар. Оларды залалсыздандыру ісі әлі дұрыс шешілмеген. Қазіргі кен пайдаланушылар Кеңестік кезеңде жасалынған жобалардың көрсеткіштері мен қол жеткізген экологиялық деңгейден артқан көлемде қоршаған ортаны ластауға жол беріп отыр. Америкалық, еуропа компаниялары өз елінде 1 тонна күлқоқыс тотығын ауаға шығарғаны үшін 48 доллар төлесе, біздің компаниялар небәрі 7 центтен төлейді./5/ Тағы айта кететін жайт, табиғат ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруға, оны тұрақты дамытуға, ол үшін техникалық әлеует құру ісіне, өндірісте, ауыл шаруашылығында, энергитекада, халықты сумен қамтамасыз етуде, қала өнеркәсібінде, көлік жүйесінде экологиялық жағынан таза және экономикалық жағынан тиімді технологияларды енгізу қажет. Мұндай технологиялар қоршаған орта үшін рентабельді және өндірістік жағынан қауіпсіздікті қамтамасыз ететін коммуникативтік және ақпараттық құралдарды, басқару мен есептеудің жаңа тетіктерін (экологиялық маркетинг және менеджмент, сақтандыру, т.б) үйлестіретін кешенді жүйемен іске асады. Сонда ғана өндіріс орындары пайдасыз қалдықты аз шығарып, экологияны бұзудан тыйылуға жол ашуға негіз болып табылады. Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, қалдықтарды қайта кәдеге жаратады.

Сонымен бірге, өндірістік мекемелерде жүргізіліп жатқан операциялардың жариялылығы комерциялық құпия деген желеумен айтылмай жүргені жер қойнауын пайдаланудағы экологиялық проблемалардың бірі. Сондай-ақ, олардың бюджетке түсетін салық көлемін белгілейтін өнімнің өзіндік құны, жаңағы айтылған комерциялық құпияға жатқызылуда. Аталмыш құпияға не жатуы керек екенін айқын да, дәл белгілейтін біздің елімізде заң нормалары жоқ. Міне осы мәселені жеткілікті түрде зерттеп, заңнамаға тиісті толықтырулар енгізуіміз керек.

Қандай мемлекетте болмасын, қандай жағдайда болмасын, біз байлықтың негізгі көзі болып саналатын жер асты қойнауын игеруде экологиялық талаптарының дұрыс жолға қойылуына мемлекет тарапынан да, қарапайым халық тарапынан да үнемі қызығушылықта, мүдделілілікте болуымыз оның әрі қарай жақсаруына мол үлес қосатынымыз ақиқат.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі



  1. Статический ежегодник Қазахстана /под ред. Абдиева / 2006г

  2. Жас Алаш газеті, Данабаев Қ, //Арбалап алып, дорбалап шашып.. 27.10.2004ж

  3. Егемен Қазақстан газеті. Брагин А. //Қоршаған орта және әлем қауымдастығы» 22 қазан 2003жыл, .

  4. Егемен Қазақстан газеті, М.Мырзахметов //Экология –ұлтқа ортақ проблема 10.07.2004ж

  5. Құқықтық Қазақстан газеті, М.Түспеков //Экологиялық қауіпсіздік-адам денсаулығының кепілі. 18 қаңтар 2007 жыл

  6. Егемен Қазақстан газеті Омарханов Қ. //Табиғат және заң, 10.07.2004ж.







Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет