Сәндік қОЛӨнер бұйымдары



Дата31.05.2022
өлшемі22.16 Kb.
#458819
Кәдірбердиева А. Орынбек а.


ӘОЖ
СӘНДІК ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫ
Орынбек Аружан - КО-01 тобының студенті
Ғылыми жетекшісі: Кәдірбердиева А.Ш., магистр – оқытушы
Қазақстан, Шымкент қ., Орталық Азия Инновациялық университеті, (arujan_016@mail.ru)


Ключевые слова: Рукоделие, орнамент, мастер

Қазақ халқының қолөнері – халық тұрмысымен бірге келе жатқан, ұзақ тарихы бар ежелгі өнер болып табылады. Қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерінің көп ғасырлық тарихы бар. Қазақ қолөнері ғасырлар бойы көркем ой, халық талғамымен үздіксіз дамып келеді. Халық шеберлерінің тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде өз жалғасын тауып келеді. Пішіндердің ықшам да мәнді үйлесімі, түстердің жоғары талғамы, өрнектердің әсемдігі композициялық шешімі, көздің мүлтіксіздігін, қолдың дәлдігін және қиял ұшқырлығын ұштастырып, шебердің өзіне тән тәсілдерімен орындауына жеткізеді. Халықтың мәдени дәрежесі өскен сайын ұлттық қолөнердің озық үлгілері әлемдік мәдениеттен де өз орнын алды. Қазақтың қолөнерін зерттеу мәселесі ерте кезден көптеген саяхатшылар мен коллекционерлердің ғана емес, ғалым – этнографтар, археологтар мен суретшілердің де көңілін аударып келген. Қазақ қолөнерінің өткендегісі мен бүгінгі жағдайын, оның өзіне тән методологиясын зерттеу, қазірдің өзінде де мәселелердің бірі болып табылады. Бұл саланы ұзақ уақыт бойы зерттеген ғалымдар баршылық. Атап айтатын болсақ: академик Ә.Марғұлан, зерттеуші этнографтар С.Қасиманов, Ө.Жәнібеков, Х.Арғынбаев т.б. Халықтың қолөнері өзінің тарихы мен кейбір ұйымдастыру мәселелерінің жеткілікті зерттелмегеніне қарамастан, күнделікті тұрмысқа қажетті қоршаған затты, көпшілік тұтынатын бұйымды әсемдеуге бейім өнер ретінде, жалпы мәдени дәрежені жоғары көрсетуге тән дамып келе жатыр. Қолөнердің Қазақстан территориясында ертеден кең дамығанын деректерге сүйененіп айтсақ болады. Оның өркен жаюы, біріншіден, қазақ халқының күнделікті тұрмысына пайдалану қажеттігінен туса, екіншіден, халықтың өнерді құрмет тұтып, жоғары бағалауынан туған жағдай екендігі нақты мысалдармен баяндалады. Сондай-ақ өнердің әрбір саласына байланысты кейбір аталған жергілікті жерлердегі түрлерінің өзіндік ою-өрнектері, тоқылу, жасалу, орындалу технологиясы мен тәсілдері олардың бір-бірінен өзгешеліктері де айтылады. Қазақ халқы қаншалықты тарихи дәуірлерді басынан өткізсе де, өзінің киіз жасау өнері мен киіз басып, алаша, кілем тоқу, алтын, күміс, асыл тастардан ұқсатып неше түрлі әшекейлі ою-өрнек, әсемдік заттар жасайтын қарапайым құралдарын мұра етіп сақтап қалды [1: 65].


М. А. Леванский: «Қазақтың қандай кәсіпке болмасын табиғатынан қабілеттілігіне тек сүйсінесің, қарапайым құралдармен тамаша ер қапталдарын жасап, алтын, күмістен әсем бұйымдар шығаратындығына таңданбасқа болмайды. Қазақтардың тіккен аяқ киімдері өте берік, киюге ыңғайлы » деп жазды. Қазақ халқы күнделікті тіршілігіне керек заттарды өз қолдарымен жасаған. Жасаған заттарын әдемілеп, әшекейлеп отырған. Бұл өнер түрін қолөнер дейміз. «Өнер көзі – халықта» демекші, халық қолөнері жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға дамып, жетіліп отырған. Әрине, жоғарыда аталған қолөнерлердің бірқатары өте көп еңбек етуді керек етті. Бертін келе, адамзат қоғамы дамыған сайын қолөнердің біразы жаңа әдіс тауып, жаңа түрге ие болды. Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнерінің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны –ою өрнек өнері. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келеді. Қазақ халқы үшін ою-өрнек өнері байырғы ұлттық өнерлердің ішіндегі ең көнесі, әрі ең кең тараған саласы болып саналады. Бұл ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, адам жанына ләззат сыйлайтын эмоциялық әсері күшті, эстетикалық мәні зор өнер саласы. Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Халық қолөнерінің тағы бір түрі жүннен жасалатын бұйымдар. Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен роль атқарған және оны ұқсатуды ел бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім кешек, қазақ үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасалған. Өрмек – халық қолөнерінің тоқу ісінде қолданатын өте қарапайым әдісі, яғни мұны тоқу станогы десе де болады. Күрделі техникасыз, кез келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтары оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. оның біріншісін аспалы немесе термелі өрмек дейді. Ондай өрмекте кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады, екіншісін жай өрмек дейді. Жай өрмек шекпен, алаша, қап, қоржын, белбеу, терме бау, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналады. Мал терілерін өңдеуде халық тұрмысында қарапайым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан тәсілдердің бірі. Мысалы, ірі қара малдың иленбеген терісін шылғи тері немесе шылғи қайыс, ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны қайыс деп атайды. Мал терісінен жабағы тон, іштік тон, тері шалбарлардың түрлері, ішіктер, тымақ, бөрік жасалады. Қайыстан өріп қамшы, қарғы бау, ноқта, тізгін, жүген, белдік, торсық жасаған. Былғарыны өңдеп етік, абдыра амиян, белдік, ер-тұрман, домбыра қап, дорба, кебіс жасаған. Ежелгі халықтардың қай-қайсысы болмаса да негізгі күн көріс кәсібін аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Малдың сүйектерінен, мүйіздерінен түрлі қолөнер туындылары жасалды [2:46].
Қазақ қолөнерінің бір түріне зергерлік өнері жатады, ол өте ерте заманнан келе жатқан өнер. Оларға: шолпы, шашбау, білезік, сақина, жүзік, сырғаларды асыл тастармен әшекейлер жатады. Оны барлық халықтар жоғары бағалап, ең қалаулы өнер етті. Тарихи этнографиялық музейлердегі, археологиялық сәнді бұйымдар мен қарулар, ыдыс-аяқ, теңге –моншақтар алтын мен күмістен және асыл тастардан жасалған қымбат заттар әлгі шеберлер қалдырған халықтық мұра болып табылады.Бұл өнерді жасаумен бірге батырлық пен саятшылыққа қажетті садақ пен жебе, айбалта мен шоқпар, сойыл мен бас мойыл, құстың тоғыры мен томағасын дайындап кәсіпшілікке айналдырған. Мал шаруашылығына қажетті ноқта, шылбыр жүген, құрық, бұғалық, тұсамыс, шідер, кісен, қада, ертұрманды да дана халық ойлап тауып халық қажетіне айналдырған. Қазақ арасында жалпы темір соғатын ұсталарды да, зергерлерді де «ұста» деп атаған. Ұста сөзі шебер, өнегелі, ісмер деген ұғымда ағаш ұстасы, темір ұстасы, күміс ұстасы, сөз ұстасы, ақыл айтуға ұста деген сияқты тізбектерде айтыла береді. Бірақ алтын-күміс әшекейлі бұйымдарды жасаумен әуестенушілер өздерін темір ұстасынан бөлек санаған. Осыған қарай оларды зергер деп атау бүкіл Орта Азия халықтарында ерте кезден-ақ қалыптасқан. Бұл туралы академик саяхатшы П. С. Паллас өзінің 1776 жылғы «Путешествие по разным провинциям Российской империи» деген кітабында: «қазақтарда ұсталар да зергерлер де бар»,- деп жазады. Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Қазақ халқының дәстүрінде киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары, қалыңдық пен күйеудің, батырлар мен салдардың бас киімі, белбеуі, киімнің жең-жағалары мен балақтары әр түрлі жамылғыштар мен кежімдер және басқа да осы сияқты жол-жорық, үй-іші мүліктері кесте өрнегімен жиі безендірілетін. Тасқа паналау, тас қалау, тасты құрал-жабдық ретінде пайдалану және өрнектеу, таспен басқа затты өрнектеу, тастан мүсін жасау өнерлерінің ертеден пайда болғаны мәлім. 6-12 ғасырларда тасты оюлау күшті дамыды. Ескі деректерге қарағанда бұл кездерде бәдізші (скульптор) сымбатшы (художник) деп атлған қас қашаушы арнаулы шеберлер болған. Бұған сурет өнерінің ескерткіштері мен түрлі тас сымбаттар (бәдіз)және эпиграфиялық ескерткіштердің (бенгуташ) түрлі қалдықтары дәлел бола алады. Халық бұрын ғылым мен білімге қолы жетпесе де, сұлулық пен әсемдікті таңдай да, талғай да білген. Өз тұрмысы мен мәдениетінде қолөнерін мұрат тұтып жетілдіре берген. Шеберліктің небір сан саласын асқан ұқыптылықпен көкірегінде қастерлей сақтап, меңгеріп, біздің дәуірімізге ұштастырған. Халқымыздың сонау арғы кезеңдердегі мәдени өміріне ой жүгіртіп көрсек, ерте заманда да он саусағынан өнері тамған ісмер, зергерлердің, архитекторлардың, қолөнер шеберлерінің мыс, қола, алтын, күміс сияқты металдардан қорытып әсем бұйымдар мен елін қорғаған батырлар үшін қаружарақ, сауыт сайман, ер-тұрман соққаны таңғажайып шежіре болып шертіледі. Қазақтың халық шеберлері жасаған үлкен талғаммен өрнектеліп істелген бұйымдарды зерттеудің, олардың нұсқаларын жариялап отырудың ғылыми маңызы зор. Өйткені, бұл қазақ халқының этногенезінің аса маңызды, тың мәселелерін шешуге, оның ұлттық дәстүрлері мен өзгешеліктері сол сияқты басқа халықтармен байланысты байқауға көмектеседі. Совет өкіметі жылдарында Қазақстанда жиырма төрт музей ашлды, бұлар негізінде, тарихи өлкетану және өнер зерттеу музейлері. Осы музейлердің бәрінде қазақ халқының тарихы, этнографиясы, ою-өрнек жөнінде бағалы зерттеулер бар. Бұған қолөнер саласындағы кілем, алаша, бау-басқұр тоқу, сырмақ сыру, текемет басу, тұс киіз жасау дәстүрінің ертеден келе жатқан үлгілері мысал бола алады. Қазақ қолөнерінің кең тараған бір түрі ши тоқу. Кең байтақ даланың берер байлығын бабаларымыз қолдана білген. Далада өсіп тұрған шиден тұрмысқа қажетті заттарды жасаған. Халқымыздың өрнекті өнерінің бірі шиді жүнмен орап, және оны өрнектеп тоқу ісі. Қолөнерінің барлық түрлері сияқты, ши тоқу, оны түрлі өрнектермен безендіру әдісі өте ерте заманнан бері келе жатқан өнер мұрасы. Сан алуан әдемі өрнектер орап тоқыған шым шилер киіз үйдің керегесі мен туырлығының арасына ыдыс-аяқ тұрған жаққа тұтуға, сондай-ақ үлкен үйлердің ішін бөлмелеп бөлуге де ыңғайлы [3:13].
Қорыта келе ұлан- байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде кілемнің, алашаның, тұс киіз, сырмақ текеметтің ою, түр салу өрнектерінде, бояу тәсілінде аймақтық өзгешеліктер мен өзіндік ерекшеліктері барлығы табиғи құбылыс. Бірақ, бәріне ортақ бір жәйт – осы дүниелердің әрі сәнді, әрі сапалы болып, көздің жауын алатындығы. Қазіргі уақытта революцияға дейінгі қазақ халқының қолөнер табиғатын жан-жақты, этнографиялық тұрғыдан зерттеудің ғылым үшін де, өмірлік тәжірибе үшін де маңызы зор, өйткені қазақтың қолөнері – жалпы халық мәдениетінің ішіндегі негізгі салаларының бірі. Үлкенді-кішілі қай халық болсын, дүниежүзілік мәдениет қорына өз үлесін қосады. Олай болса, қазақ халқының да ұлттық мәдениеті, оның ішінде қолөнер шеберлерінің дәстүрлі өнері – жан-жақты зерттеуді қажет ететін бағалы, құнды мұра. Қазақстанның сәндік қолөнері – біздің түрі ұлттық, мазмұны қазақ мәдениетіміздің құрамды бөлігі. Оны дамыта отырып, жер-дерде халық шеберлерінің өнегелі істерін жас ұрпақтарға насихаттау, қолөнері бұйымдарының сапасын арттыра беру аса құрметті және игілікті іс болмақ.
Әдебиеттер

  1. Қасиманов С. «Қазақ халқының қолөнері» Алматы. 1995ж.

  2. Д.Шоқпарұлы., Д.Дәркембайұлы «Қазақтың қолданбалы өнері» Алматы, 2007 ж.

  3. Арғынбаев Х «Қазақ халқының қолөнері» Алматы


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет