Шаяхметова маржан нақыпбекқызы Болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастыру



бет1/3
Дата01.07.2016
өлшемі384.5 Kb.
#170410
түріДиссертация
  1   2   3


ӘОЖ 37.013:316.647 Қолжазба құқында
шаяхметова маржан нақыпбекқызы

Болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастыру

13.00.08 – Кәсіби білім беру теориясы мен әдістемесі


Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

авторефераты

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2009

Жұмыс Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде орындалды.

Ғылыми жетекші: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Н.Ә. Мыңжанов

Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абдраман Ш.А.
педагогика ғылымдарының кандидаты

Манабаева А.Ш.

Жетекші ұйым: Еуразия гуманитарлық институты

Диссертация 2009 ж. «___» сағат Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, №1 кеңейтілген дәрісхана) БД 14.50.05 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28).

Автореферат 2009 ж. «____» таратылды.

Диссертациялық кеңестің

Ғалым хатшысы Н.Ә. Мыңжанов



Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстан Республикасы тарихи даму жағдайында көп ұлтты мемлекет ретінде қалыптасты. Тарихтың әр кезеңінде біздің республикамыз түрлі себептермен көптеген ұлттар мен ұлыстардың Отанына айналды. Яғни, Қазақстан қоғамы этникалық әртектілігімен ерекшеленеді. Ал жыныстық, жастық, кәсіптік, конфессионалдық және этникалық әртектіліктің адамдар мен әлеуметтік топтар арасындағы өзара қарым-қатынастың сипатына өз әсерін тигізетіні түсінікті. Кей уақытта ол ашық түсінбестікке, тіпті қарсы тұруға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда ондай қайшылықтарды болдырмайтын, олардың алдын алатын механизмдер жасау қажеттігі туады. Міне, мұның бәрі қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтардың алдын алудың мүмкін жолдарының бірі – толеранттылық құбылысын терең қарастыруға жол ашады. Қазіргі кездегі әлемде орын алған әлеуметтік, дінаралық, ұлтаралық, т.б. қақтығыстар өршіп тұрған жағдайда ғалымдар тарапынан оны қалыптастырудың жолдарын іздеуге ерекше көңіл бөлінуі заңды.

Жалпы тұлғада толеранттылықтың қалыптасуы үшін ол рухани дамудың белгілі бір сатыларынан өтуі тиіс, ал ол педагогикалық проблема болып табылады. Сондықтан 1995 жылғы 16 қарашада ЮНЕСКО-ға мүше елдер қабылдаған «Толеранттылық принциптерінің Декларациясында» білім беру саласында толеранттылық идеясын насихаттауға басымдық берілген. Педагогика ғылымында оның саласы ретінде «толеранттылық педагогикасы» даму үстінде, онда толеранттылықтың мәнін зерттеу және оны әлеуметтік норма, әлеуметтік құндылық ретінде практикаға ендіруге негізгі көңіл бөлінеді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» қазақстандық патриотизмге, толеранттылыққа, биiк мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу отандық білім беру жүйесінің негізгі міндеттері ретінде көрсетіледі. Яғни, білім беру мазмұны адамдардың нәсілі мен ұлтынан, мәдени және конфессиональдық белгілерінен тәуелсіз олардың арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа, тұлғаның жалпыадамзаттық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.

«Менталитет» және «толеранттылық» категориялары білім беру жүйесіне тікелей қатысты. Өйткені ол адам мен социумның менталдық қасиеттерін белсенді әрі мақсатты түрде қалыптастырады.

Сондықтан болашақ педагогтар бұл түсінікпен өздерінің кәсіби қызметін бастамас бұрын танысу тиіс, өйткені олар көпмәдениетті ортада жұмыс жасауға даярланады. Еліміздің білім беру жүйесінде басқа да қоғамдық институттар сияқты қоғамдық өмірде болып жатқан құбылыстар өз көрінісін табады.

Көпұлттылық жағдайында педагог мамандар өзінің кәсіби іс-әрекетінде «басқа», «бөтен», әртекті ортада жұмыс жасауға дайын, басқа мәдениеттің құндылықтарын құрметтеуге қабілетті болуы тиіс. Сол себептен оқу-тәрбие процесінің объектілері мен субъектілерінде толеранттылық қалыптастыру қажеттігі туындайды. Осы қажеттілікті қанағаттандырудың бір жолы – педагог мамандарды кәсіби даярлау барысында толеранттылықты қалыптастыру және оның деңгейін көтеру міндетін шешу болып табылады.

Мәселе төңірегіндегі педагогикалық-психологиялық әдебиеттермен танысу барысында толеранттылық және оны қалыптастыру проблемасының философиялық, психологиялық, әлеуметтану, этикалық жақтарын қарастырумен қатар оның педагогикалық аспектілерінің біршама зерттелгендігін байқадық. Мәселен, ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы гуманистік және антропологиялық (К. Ясперс), биогенетикалық (С.Холл) және психотерапевтикалық (Дж. Дьюи және басқалар) бағыттар өкілдері толеранттылық қарым-қатынас табиғатына талдау жасаған.

Қоғамдық өмірдегі толеранттылықтың орны мен ролі туралы қағидалар Б.С. Гершунский, В.А. Лекторский, А.Н. Леонтьев, М. Мчедлов, А.В. Петровский, В.А. Тишков, О. Хеффе, т.б. еңбектерінде кездеседі. Бұл авторлар негізінен толеранттылықтың әлеуметтік-мәдени және этникалық сипаттарына көңіл бөледі.

Педагогикалық зерттеулердің бірқатарында толеранттылық проблемасы-мен астасып жататын мәселелерге назар аударылады: ұлтаралық қарым-қатынастар, ұлтаралық қарым-қатынастарды қалыптастыру, т.б.

Толеранттылықтың жекелеген аспектілері қазақстандық ғалымдардың зерттеулеріне де арқау болды: Г.К. Искакова, М.А. Кучерова, Ж. Қартбаева, П.И. Мамедова, Э.Д. Сүлейменова, Б.А. Тұрғынбаева, т.б. толеранттылықты қалыптастырудың жалпы мәселелерін қарастырса, С. Әмірғазин еңбектерінде дінаралық толеранттылық мәселелерінің әр жақтары ашылған. Г.А. Уманов ұлтаралық қатынастар педагогикасының теориялық негіздерін қарастырды.

Болашақ мамандарды кәсіби даярлау, педагогтардың жекелеген қасиеттерін қалыптастыру мәселелері Ш.А. Абдраман, Қ.М. Арынғазин, Б.Ә. Әбдікәрімов, К.Б. Дүйсенбаев, С.Т. Каргин, К.М. Кертаева, С.З. Қоқанбаев, П.А. Сейтешев, О. Сыздықов, Ә.Ә. Усманов, Н.Д. Хмель, Л.А. Шкутина, т.б. еңбектерінде қарастырылады.

Этникалық тәрбие мен оның әдіснамалық мәселелері, этномәдени білім беру, патриоттық тәрбие беру отандық (З. Абетова, Ш.И. Джанзакова, Қ. Жарықбаев, Е. Жұматаева, С. Қалиев, К.Ж. Қожахметова, А.Ш. Манабаева, Н.А. Мыңжанов, Ж.Ж. Наурызбай, Ә.Қ. Нұрғалиева, Т. Суюнова, С.А. Ұзақбаева) және шетелдік (Е.А. Балашова, Г.Н. Волков, Дж. Деверо, Г.Д. Дмитриев, Г.В. Иванченко, Дж. Лорсен, Р. Льюис, Т. Моррисон, Н.М. Лебедева, Т.Г. Стефаненко, Э.Р. Хакимов, М. Уолцер, т.б.) ғалымдардың зерттеу пәні болып табылады.

Дегенмен, толеранттылық қарым-қатынас мәселесінен бастап педагог толеранттылығының педагогикалық іс-әрекеттің табыстылығына әсеріне дейін қарастыратын осы және басқа да зерттеулерді талдау кәсіби даярлық барысында болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастыру мәселесінің жеткілікті деңгейде зерттелмегендігін көрсетті. Ал оны қалыптастырудың маңыздылығы полиэтникалық жағдайда дау тудырмас мәселе.

Сонымен, жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастыру қажеттілігі мен педагогика ғылымында және жоғары оқу орнындағы этникалық-мәдени білім беру процесінде оны қалыптастыру жүйесінің жасалмауы арасында қарама-қайшылықтың бар екендігіне көзіміз жетті. Бұл бізге этникалық толеранттылықтың педагогикалық мәнін ашуға және болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесін жасауға бағытталған зерттеу жүргізу керектігін көрсеткен проблеманы есепке алып, зерттеу жұмысының тақырыбын «Болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастыру» деп айқындауға мүмкіндік берді.



Зерттеу нысаны: жоғары оқу орнының педагогикалық процесі.

Зерттеу пәні: болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесі.

Зерттеу мақсаты: болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесін теориялық тұрғыдан негіздеп, құрастыру.

Зерттеу болжамы: егер болашақ педагогтарға этномәдени білім беру процесіне олардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесі енгізілсе, онда жалпы алғанда жоғары оқу орнының педагогикалық процесінің тиімділігі артады, өйткені бұл жағдайда осы процесс субъектілерінің тұлғалық қасиеттерінің дамуының тұтастығы, жүйелілігі қамтамасыз етіледі.

Зерттеудің мақсатын іске асырып, болжамды тексеру үшін төмендегі зерттеу міндеттері анықталды:



  1. болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығының мәнін анықтау;

  2. болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың теориялық моделін жасап, өлшемдері, деңгейлері мен көрсеткіштерін айқындау;

  3. болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесін құрастыру;

  4. болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесінің тиімділігін эксперимент жүзінде тексеру.

Зерттеудің жетекші идеясы: болашақ педагогтардың полимәдени білім беру ортасындағы кәсіби іс-әрекетінің тиімділігі олардың этникалық толеранттылығының қалыптасу деңгейіне тәуелді.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: тұлға дамуының жалпы диалектикалық теориясы; таным теориясы; біртұтас педагогикалық процесс теориясы; аксиологиялық және жүйелілік қатынас теориясы; сәйкестілік теориясы, этнопедагогикалық және этномәдени білім тұжырымдамалары; зерттеу проблемасы бойынша философиялық, психологиялық-педагогикалық ілімдер.

Зерттеудің көздері: зерттеу проблемасы бойынша философтардың, педагогтардың, психологтардың еңбектері, ресми құжаттар: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңы және «Қазақстан-2030» стратегиясы, Толеранттылық принциптерінің Декларациясы, мамандықтардың білім беру стандарттары және жұмыс оқу жоспарлары; жоғары оқу орындарының жұмыс оқу бағдарламалары; оқулықтар; мәселе бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстар (диссертациялар, монографиялар, авторефераттар).

Зерттеу әдістері:

  • аналитикалық (ғылыми, әдістемелік әдебиеттерді талдау, модельдеу, жіктеу, жүйелеу, жалпылау, т.б.);

  • диагностикалық (сауалнама, жеке және топтық әңгіме, сұхбат, бақылау, тестілеу, т.б.);

  • статистикалық (зерттеу нәтижелерін математикалық-статистикалық өңдеу).

Зерттеу кезеңдері:

бірінші кезеңде (2002-2003 жж.) зерттеу проблемасы бойынша философиялық, психологиялық-педагогикалық әдебиеттер қарастырылды, жалпыланды, ғылыми-әдістемелік, диссертациялық жұмыстар талданды. Зерттеудің ғылыми аппараты (болжам, мақсаты, міндеттері, нысаны, пәні) қалыптасты, базалық ұғымдар нақтыланды, болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың теориялық моделі жасалып, айқындаушы эксперимент өткізілді, алынған нәтижелер сарапталынды және этникалық толеранттылықты қалыптастырудың педагогикалық жүйесі жасалды.

екінші кезеңде (2003-2007 жж.) қалыптастырушы эксперимент іске қосылды, жасалған этникалық толеранттылықты қалыптастырудың педагогикалық жүйесі негізінде болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың өлшемдері, деңгейлері мен көрсеткіштері анықталды және негізделді; этникалық толеранттылықты қалыптастырудың мазмұны айқындалып, жасалған жүйе практика жүзінде тексерілді.

үшінші кезеңде (2007-2008 жж.) болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесін қолдану және енгізу тиімділігі бойынша эксперимент мәліметтері талданды және өңделді. Алынған нәтижелер салыстырылды және жалпылама қорытындылар, ұсыныстар жасалды, диссертациялық зерттеу материалдары рәсімделді.

Зерттеудің негізгі базасы: Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің шет тілдері, әлеуметтік-педагогикалық, дене мәдениеті және спорт факультеттері.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәнділігі:

  • болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығының мәні анықталды;

  • болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың теориялық моделі жасалды;

  • болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың өлшемдері, деңгейлері мен көрсеткіштері айқындалды;

  • болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесі құрастырылды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

Зерттеу нәтижелері:

а) болашақ педагог мамандарды кәсіби дайындау процесіне:


  • «Толеранттылық нобайы» арнайы курсы;

  • «Этнопедагогика», «Этнопсихология» және «Өзін-өзі тану» пәндерінің мазмұнына қосымшалар;

  • аудиториядан тыс жұмыстарда (кураторлық сағаттар, тәрбиелік шаралар) және

ә) ЖОО оқытушыларының әдістемелік даярлығын жетілдіруде «Болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың жолдары» арнайы семинары» енгізілді.

Ұсынылған «Болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесі» этномәдени білім беру процесінде қолданылады.



Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі және негізділігі: талапқа сай теориялық және әдіснамалық қағидалармен, зерттеу пәніне сәйкес әдістерді қолданумен, тәжірибелік-педагогикалық зерттеу бағдар­ламаларының педагогикалық мақсатқа сәйкестілігімен, бастапқы және соңғы нәтижелерін салыстырып қорытындылаумен, ұсынылған әдістеменің тиімділігімен, жоғары оқу орны оқу-тәрбие процесіне ендірілуімен қамтамасыз етіледі.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

  • этникалық толеранттылық – басқа ұлт өкілдерінің сыртқы түрін, ойлау жүйесін, өзіндік ұлттық, мәдени ерекшеліктерін, іс-әрекетін принципті түрде қабылдай алу қабілеті ретінде көріне отырып, адамның тұлғалық қасиеті болып табылады, сонымен бірге ол қалыптасу барысында маманның кәсіби қажетті қасиетіне трансформацияланады;

  • қалыптастырылатын феноменнің экзистенциалдық, мотивациялық, интеллектуалдық, эмоционалдық, еріктік, пәндік-практикалық және өзіндік реттелу құбылаларының даму деңгейі болашақ педагогтың этникалық толеранттылығының қалыптасқандығын көрсетеді, сонымен қатар, болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығының дамуы үш деңгейде (төмен, орта, жоғары) анықталады;

  • мақсаттық, мазмұндық, технологиялық және нәтижелік компоненттерден құрылған, әрбір компонент өзінің атқаратын қызметіне қарай иерархиялық ретпен орналастырылған болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесі;

  • болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастыру жүйесінің тиімділігін дәлелдейтін тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері.

Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: зерттеудің негізгі қағидалары педагогика кафедрасының отырысында, жалпы педагогика және кәсіби білім беру проблемалары бойынша ғылыми-әдіснамалық семинарда талқыланды және халықаралық, республикалық, аймақтық конференцияларда баяндалды (Жезқазған, 2001; Қарағанды, 2001, 2005, 2007; Алматы, 2005; Түркістан, 2006); «ҚарМУ хабаршысы», «Ұлт тағылымы», «Ізденіс» ғылыми журналдарында ғылыми мақалалар түрінде баяндалды, сонымен қатар Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жұмыс тәжірибесіне енгізілді.

Диссертацияның құрылымы: диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, зерттеу болжамы, зерттеу әдістері мен негізгі кезеңдері беріліп, диссертацияның практикалық мәні, ғылыми жаңалығы және қорғауға ұсынылған қағидалар баяндалған.

«Болашақ педагог мамандардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың теориялық негіздері» деп аталатын бірінші бөлімде болашақ педагогтың тұлғалық қасиеті ретіндегі этникалық толеранттылықтың мәні қарастырылып, болашақ педагогтың этникалық толеранттылығын қалыптастыру педагогикалық-психологиялық проблема ретінде негізделген және осы негізде жоғарғы білім беру жүйесінде болашақ педагог мамандардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың теориялық моделі ұсынылған.

«Болашақ педагог мамандардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесін іске асыру» деп аталатын екінші бөлімде болашақ педагог мамандардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесі жасалып, этникалық толеранттылықты қалыптастырудың мазмұны берілген және оны қалыптастыру бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері талданып, зерттеу мақсатының орындалу деңгейі көрсетілген.

Қорытындыда жалпы тұжырымдар жасалып, ғылыми негізделген ұсыныстар берілген және бұл өзекті мәселенің болашақта зерттелу мүмкіндігі анықталған.

Қосымшада болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастыру бойынша әзірленген материалдар ұсынылған.
Негізгі бөлім
Бүгінгі күні адамзат қоғамы – әртекті субъектілерден құралған күрделі биоәлеуметтік организм. Адамдар негізінен үлкен үш нәсілге (негроид, монголоид және европеоид) кіретін көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері болып табылады. Мұның сыртында олар діни, саяси және әлеуметтік ерекшеліктерімен дараланады.

Қазақстан қоғамы күрделі конгломерат ретінде қалыптасты. Қазіргі уақытта оның құрамына 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар кіреді, олар бірнеше діни-конфессионалдық қауымдарға біріккен. Осындай жағдайда әлемді алаңдатып отырған ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарға ұшырамай, халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне мүмкіндік беретін күш қандай? Ғылымда «толеранттылық» атауымен белгілі ұғым, міне, осы жерде маңыздылыққа ие болады.

«Толеранттылық» (лат. «tolerantia» - шыдам, төзім) терминіне шет тілдері сөздігінде екі мағынада түсініктеме беріледі: 1) бір нәрсеге, біреуге төзімділік, төзу, шыдау; 2) биологиялық, медициналық тұрғыда – иммундық реакцияның жартылай болуы немесе мүлдем болмауы, яғни ағзаның ауруға қарсы тұратын антиденелер шығару қабілетінің төмендеуі. Ал педагогикалық сөздіктерде бұл ұғымға «қайсыбір жағымсыз факторға жауап әрекеттің болмауы не бәсеңсуі; оның әсеріне сезгіштіктің төмендеуінің нәтижесі» деген анықтама берілген.

Жалпы алғанда, толеранттылықтың негізі – өзінің «басқаға, бөтенге» қатынасын бақылау, бұл күнделікті кездесетін, тұрмыстық деңгейден бастап кәсіби қарым-қатынас жасауға дейінгі аралықты қамтитын мәселе болып саналады.

Толеранттылық қазіргі ғылымда әр түрлі аспектіде қарастырылады: әлеуметтік, діни, саяси, жыныстық, этникалық, т.б. Осылардың ішінен біздің зерттеу пәнімізге байланысты этникалық толеранттылықты жеке бөліп қарастырайық. Этникалық толеранттылықтың философиялық негізі – басқаның, өзінен айырмашылығы бардың өмір сүруі фактісінің өзі болып табылады. Ал оның түпкі мәніне жету үшін ең алдымен «этникалық» түсінігіне тоқталып өткен жөн. «Этнос» терминін қарастырғанда көпшілік авторлар Ю.В. Бромлейдің анықтамасын негізге алады. Оның айтуынша «этнос – бұл белгілі территорияда тарихи қалыптасқан, салыстырмалы түрде тұрақты тіл, мәдениет және психикалық ерекшеліктерге, сол сияқты өзіндік атауында көрінетін өзінің бірлігі мен өзгелерден ерекшелігін (өзіндік сана) түйсінетін адамдардың тұрақты жиынтығы». Этнос табиғатын түсіндіруге арналған басқа да тұжырымдар көптеп жасалды. Л.Н. Гумилев этносты ең алдымен табиғи құбылыс ретінде қарастырды. Оның түсінігінде этнос – «бұл өзін басқа өзі сияқты ұжымдарға қарсы қоятын (біз – біз емес), ерекше ішкі құрылымға және мінез-құлық стереотипіне ие адамдар ұжымы (динамикалық жүйе)». Этномәдени білім беру мәселесін зерттеу барысында Ж.Ж. Наурызбай «этнос» ұғымын тайпадан жоғары қауым, ұлт (национальность) және нация ұғымдарын жалпылаушы термин ретінде қолданады.

Мәселе бойынша философиялық, педагогикалық-психологиялық еңбектерге жасалған теориялық талдау бізге этникалық толеранттылықтың мәнін ашуға мүмкіндік берді. Сонымен, «этникалық» сөзінің мәні адамның белгілі бір этнос мүшесі ретінде сол этносқа тиістілігін, сәйкестілігін сезінуі деген қорытынды жасауға болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда «этникалық толеранттылық» басқа ұлт өкілдерінің сыртқы түрін, ойлау жүйесін, өзіндік ұлттық, мәдени ерекшеліктерін, іс-әрекетін принципті түрде қабылдай алу қабілеті ретінде көрінеді. Әрине, оның шегі өзара сыйластық, ынтымақтастық деңгейінде болуы тиіс.

Этникалық толеранттылық адамның тұлғалық қасиеті болып табылады, сонымен бірге ол қалыптасу барысында маманның кәсіби қажетті қасиетіне трансформацияланады. Сондықтан, философиялық, педагогикалық-психологиялық тұрғыда этникалық толеранттылық феноменін және тұлғааралық қарым-қатынаста оны іске асыру механизмдерін талдау бізге этникалық толеранттылықты болашақ педагогтың кәсіби қажетті қасиеті ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.

Болашақ мамандардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың мәнін анықтап, ерекшеліктерін есепке алу негізінде алдыға қойылатын бағдар ретінде оның моделін ұсындық (1-сурет).




Сурет 1 – Болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың теориялық моделі


Модельдің құрылымы педагогикалық модельдеу тұжырымдарына сәйкес мақсаттық, іс-әрекеттік және нәтижелік бөліктерден құрылады. Оның мақсаты болып, әрине, болашақ педагогтың этникалық толеранттылығын қалыптастыру табылады.

Алдыға қойылған мақсатқа жету үшін бастапқы бағдарлар, яғни принциптер анықталуы тиіс. Болашақ педагогтың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың принциптерінің жалпы педагогикалық принциптерден бастау алатыны, олармен тығыз астасып жататындығы мәлім. Бұл принциптер: оқыту мен тәрбиенің қоғамдық-құндылықтық мақсатты бағыттылығы, педагогикалық іс-әрекеттің түрлерін ұйымдастыруда кешендік тұрғыдан келу, сезімдік-интеллектуалдық, эмоционалды-еріктік және әрекеттік-практикалық компоненттерінің тұтастығы және гармониялық үйлесімі, ұжымда оқыту мен тәрбиелеу, ынтымақтастық, оқу-тәрбие жұмыстарының өмірмен, практикамен байланысы, көрнекілік, даралық тұрғыдан келу принциптері. Нақ осы принциптер болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастыруда бастапқы бағдарлар бола алады.

Келесі кезекте қалыптастырылатын феноменнің құрамдас бөліктерін анықтау қажет. Себебі, қалыптастыру барысында не нәрсеге бірінші кезекте, не нәрсеге екінші кезекте мән берілуі керектігі осы құрылымдық элементтерге байланысты анықталады. Этникалық толеранттылықтың құрамдас бөліктері болып әлеуметтік, кәсіби және даралық бөліктер табылады.

Модельдің іс-әрекеттік бөлігінің маңызды құраушысы – оны іске асырудың педагогикалық шарттары болып табылады. Оларды іске асыру болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың мазмұнын құрайды. Бұл жерде анықтағанымыздай, болашақ педагогтардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық шарттары – оқу жоспарына енгізілетін арнайы курс, оқытушылардың әдістемелік дайындығын жетілдіруге арналған оқыту семинары, пәндердің мазмұндарына енгізілетін қосымшалар және тәрбие жұмыстары болып табылады.

Қалыптастырылатын феноменді адамның тұлғалық қасиеті ретінде қарастырғандықтан, біз оның құбылаларын даралық педагогикасы тұжырымдамасына сәйкес анықтаймыз. Бұл жерде ең тиімдісі – маманның этникалық толеранттылық қалыптастырудың әдіснамалық негізі ретінде даралық педагогикасы тұжырымдамасын (О.С Гребенюк, Т.Б. Гребенюк) алу. Соған сәйкес болашақ педагогтың этникалық толеранттылығының құрылымын төмендегідей құрастыруға болады: экзистенциалдық; мотивациялық; интеллектуальдық; эмоционалдық; еріктік; пәндік-практикалық; өзіндік реттелу құбылалары.

Тұлға құбылаларының даму деңгейі болашақ педагогтың этникалық толеранттылығының қалыптасқандығын көрсетеді. Әр құбыланың дамуын көрнекі байқау үшін оның әрқайсысына тән өлшемдер мен көрсеткіштерді анықтау қажет (1-кесте). Сол көрсеткіштерді бағалау арқылы біз этникалық толеранттылықтың даму деңгейлерін сипаттай аламыз. Шартты түрде жалпыпедагогикалық зерттеулерге сүйене отырып, дамудың үш деңгейін көрсетуге болады (төмен, орта, жоғары).



Осы айтылғандар модельдің мақсатының орындалуына – болашақ педагогтардың бойында этникалық толеранттылықтың қалыптасуына әкелуі тиіс. Бұл модельдің нәтижесі болып табылады.
Кесте 1 – Болашақ педагогтың этникалық толеранттылығының қалыптастырудың өлшемдері


Құбылалар

Өлшемдер

Экзистенциалдық

Басқа мәдениет құндылықтары туралы гуманистік көзқарас қалыптасқан

мәдени құндылықтардың көптүрлілігін сезінеді

мәдениеттердің қатар өмір сүруі туралы түсінік қалыптасқан

мәдениеттерді түсіне біледі

Мотивациялық

«басқамен», «бөтенмен» қарым-қатынас жасау қажеттілігін сезінеді

екіжақты келісім арқылы жақсы нәтижеге жетуге ұмтылады

туындайтын қайшылықтарды шешуге ұмтылады

Интеллектуалдық

сыни тұрғыдан ойлау қабілеті қалыптасқан

басқа этностың ерекшеліктері туралы біледі

тұлғааралық деңгейде мүмкін болатын этносаралық қақтығыстарды болжай және шеше алу қабілеті қалыптасқан

Эмоционалдық

«басқаға» оң қатынас қалыптасқан

мәдени қатынастардың қажеттілігін түсінеді

қақтығысқа бармаушылықтың қажеттілігін түсінеді

Еріктік

басқа мәдениетпен кездескенде туындайтын жағымсыз әсерлерді баса біледі

мәдени қарама-қайшылықтарды шешуде тұрақтылық орын алған

мәдени байланыстарды бейбіт жолмен орнатуға ұмтылады

Пәндік-практикалық

мәдени коммуникация міндеттерін шешудің іскерліктері мен дағдылары жүйесі қалыптасқан (тұлғаішілік этникалық қақтығыстарды шешу және тұлғааралық этникалық қақтығыстардың алдын алу)

екі жаққа тиімді шешімдер қабылдауға қабілеттілік қалыптасқан

этникалық қақтығыстарды шешу және олардың алдын алу іскерліктері мен дағдылары қалыптасқан

Өзіндік реттелу

өз әрекеттерін үйлестіре алады

өзінің жетістіктері мен сәтсіздіктеріне талдау жасай алады


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет