Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде радиоалмасу фразеологиясының ережесін бекіту туралы



бет1/10
Дата08.06.2016
өлшемі0.79 Mb.
#122395
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде радиоалмасу фразеологиясының ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2010 жылғы 15 қазандағы № 454 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылы 15 қарашада N 6635 тіркелді


      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 30-бабы 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде радиоалмасу фразеологиясының ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитеті (Р.Ө. Әдимолда) белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркеу үшін осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі Е.С. Дүйсенбаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш рет мемлекеттік тіркелген күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Министрдің
      міндетін атқарушы                        Е. Дүйсенбаев
Қазақстан Республикасы     
Көлік және коммуникация министрінің
міндетін атқарушының      
2010 жылғы 15 қазандағы № 454 
бұйрығымен бекітілген     
Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде радиоалмасу фразеологиясының ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
      1. Осы Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету кезiнде радиоалмасу фразеологиясының ережесi (бұдан әрi – Ереже) «Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына, «Әуе қозғалысына қызмет көрсету және ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізімдемесінде № 6635 нөмірмен тіркелген «Заң газеті» газетінің 2011 жылғы 29 шілдедегі № 108 (2098) нөмірінде жарияланған) (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 16 мамырдағы № 279 бұйрығымен бекітілген Әуе қозғалысына қызмет көрсету және ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа, Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның «Авиациялық электр байланысы» 10-қосымшасындағы Стандарттар мен Ұсынылатын практикаға сәйкес әзiрлендi, ол Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiндегi, сондай-ақ әуе қозғалысын ұйымдастыруды Қазақстан Республикасы жүзеге асыратын одан тыс жерлердегi әуе кемелерiнiң экипаждары мен әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының диспетчерлерi арасында радиоалмасу жүргiзу тәртiбiн және үлгiлiк фразеологиясын анықтайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2012.08.03 № 489 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      2. Осы Ереженің талаптарын ұшуларды орындауға және әуе қозғалысына қызмет көрсетуге қатысатын басқару, ұшу, диспетчерлік құрамдағы адамдар, сондай-ақ түрлі көлік және әуеайлақ құралдарында ұшу алаңында жұмыс істейтін жер үсті қызметтерінің қызметкерлері орындайды.
      3. Осы Ереже авиациялық электр байланысы радиожелілеріндегі, сондай-ақ әуе кемелерінің экипаждары мен әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары диспетчерлері, диспетчерлер мен ұшу алаңында түрлі көлік және әуеайлақ құралдарында жұмыс істейтін жер үсті қызметтерінің қызметкерлері арасындағы өзара іс-әрекет кезінде радиоалмасу ұзақтығын қысқарту, ретке келтіру, оған сенімділікті арттыру және сапасын көтеруге бағытталған.
      4. Фразеология әуе қозғалысына қызмет көрсету (ұшуларды басқару) органдарының диспетчерлері мен әуе кемелерінің экипаждары арасындағы радиоалмасу барысында туындайтын негізгі ықтимал жағдайлар үшін әзірленген.
      Радиоалмасу жүргізу кезінде осы Ережеде көзделген үлгілік сөз тіркестері сақталған жағдайда, радиотелефон байланысын жүргізу біркелкі болып, орын алуы мүмкін кез келген қос мағыналық азаяды.
      5. Әуе трассаларындағы, жергілікті әуе желілеріндегі (бұдан әрі – ЖӘЖ) әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттары үшін әуеайлақ аудандарында міндетті жеткізулер пункттері (бұдан әрі – МЖП), бақылау нүктелері немесе әуе қозғалысына қызмет көрсетуді (бұдан әрі – ӘҚҚ) тапсыру (қабылдау) шептері белгіленеді:
      ӘҚҚ органдарының жауапкершілік аудандары (аймақтары) арасындағы шекараларда;
      әуе кемелерінің ұшу бағытын өзгерту, әуе трассалары мен ЖӘЖ қиып өту, әуе трассасы мен ЖӘЖ-ге кіру (шығу) нүктелерінде;
      көру немесе борттағы радиолокаторлар арқылы танылатын сипатты бағдарларда;
      биіктік алу немесе төмендеу (эшелондарды ауыстыру) басталатын нүктелерде, ұшу режимдері белгіленген аймақтарда (аудандарда);
      биіктік алу, төмендеу және қонуға кіру, күту аймағы схемаларындағы сипатты нүктелерде.
      6. Ұшуларды орындау және ӘҚҚ-ны жүзеге асыру кезінде әуе кемелерінің экипаждарының рұқсаттар мен хабарларға сұранымдарын, ӘҚҚ органдары диспетчерлерінің нұсқаулары мен ақпараттарын қамтитын міндетті хабарлар белгіленеді:
      тіркеп сүйреу, қозғалтқыштарды іске қосу, алдын ала стартқа және атқару стартына рульдеу, ұшып шығуға (қонуға) дайындық және оларды орындау, қондыру жүйелерін, қонуға кіру схемаларын қолдану туралы, қонғаннан кейін ұшу-қону жолағын (бұдан әрі – ҰҚЖ) босату және тұраққа рульдеу туралы;
      ӘҚҚ аудандарына (аймақтарына) кіру, олардан шығу, міндетті жеткізулер межелерін ұшып өтудің нақты және есептік уақыты, схемаларда белгіленген бақылау нүктелерін ұшып өту, берілген эшелонды (биіктікті) алу немесе төмендеу, қайта берілген эшелонға (биіктікке) тұру туралы;
      ұшудың метеожағдайлары (қауіпті метеорологиялық құбылыстар), сондай-ақ құстардың (олар болған жағдайда) көбеюі мен ұшып келуі туралы;
      әуеайлақтағы, әуе трассаларындағы, ЖӘЖ, ұшу бағыттарындағы және нақты әуе кемесіне қатысты авиациялық жұмыстар жүріп жатқан аудандардағы шектеулер туралы.
      7. Радиоалмасу кезінде авиациялық терминологияның бір бөлігі болып табылатын кейбір шектеулерді қолдануға жол беріледі, олар әріптерді хабарлауға арналған алфавитті қолданбай, яғни сөздерді тікелей оқу арқылы айтылады.
      8. ӘҚҚ органдарының диспетчерлері әуе кемелерінің экипаждарымен радиоалмасу кезінде, ӘҚҚ органының диспетчері белгілі бір диспетчерлік пунктте ӘҚҚ-ны жүзеге асыруы үшін әзірленетін жұмыс технологиясын және осы Ережені басшылыққа алады.
      9. Әуеайлақ аудандарында ұшып келетін және ұшып шығатын әуе кемелері үшін метеорологиялық және ұшу ақпаратын радиохабар арқылы автоматты түрде тарату (АТIS) немесе ауа-райын өте жоғары жиілікті (ӨЖЖ) ауқымдағы радиобайланыс арнасы (МВ-арна) арқылы автоматты түрде тарату жүйелері жұмыс істейтін әуежайларда әуе кеменің экипажы, тиісінше, ұшып шыққан кезде рульдеу диспетчерлік пунктінің (РДП) диспетчерлеріне, қонған кезде жақындау диспетчерлік пунктінің (ЖДП) диспетчерлеріне АТIS ақпаратын тыңдағаны немесе МВ-арна арқылы ауа-райын алғаны туралы хабарлайды. Егер әуе кемесінің экипажы АТIS ақпаратын тыңдағаны немесе МВ-арна арқылы ауа-райын алғаны туралы хабарламаса, онда диспетчер оны баяндауды талап етеді.
      10. Әуе қозғалысына ӘҚҚ-ның байқау жүйелері (әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – ӘҚБ АЖ) немесе қайталама шолу радиолокаторы (бұдан әрі – ҚШРЛ)) арқылы қызмет көрсеткен жағдайда, қолданылуының технологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, радиоалмасу фразеологиясы қолданылады.
      11. Қазақстан Республикасы аумағында радиотелефон байланысы қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде жүзеге асырылады. Ағылшын тілі кез келген борттық станцияның сұранысы бойынша және бекітілген әуежайларға (әуеайлақтарға) және халықаралық ұшуларды қамтамасыз ету үшін қолданылатын бағыттарға қызмет көрсететін барлық жер үсті станцияларында қолданылады.
      12. Осы Ережеде белгіленген радиоалмасу фразеологиясы, осы Ережеде көзделген барлық жағдайларда қолданылады. Осы Ережеде көзделмеген жағдайлар орын алған жағдайда, радиобайланыс жүргізу кезінде қарапайым ауызекі тіл қолданылады.
      13. Осы Ережеде Қазақстан аумағындағы ӘҚҚ-ның халықаралық практикадан айырмашылығы (өлшем бірліктері, әуе кеңісітігі құрылымы мен орындалатын процедура ерекшеліктері, биіктік өлшеу қондырмалары), сондай-ақ орыс және ағылшын тілдеріндегі лексикалық өзгешеліктер ескеріледі.
      14. Осы Ережеде белгіленген талаптардан ауытқу фразеологияны бұзумен тең.
      Осы Ережеде мынадай анықтамалар қолданылады:
      1) абсолюттік биіктік (аltitude) - теңiздiң орташа деңгейiнен вертикаль бойынша нүктенiң немесе нүкте ретiнде қабылданған объектiнiң деңгейiне дейiнгi қашықтық;
      2) әуеайлақтық қозғалыс (аerodrome traffic) - әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы әуе кемелерінің және көлік құралдарының қозғалысы, сондай-ақ әуеайлақ ауданында барлық әуе кемелерінің ұшулары;
      3) әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету (аerodrome control service) - әуеайлақтық қозғалыстарға диспетчерлiк қызмет көрсету;
      4) ұшулардың әуеайлақтық шеңберi (аerodrome traffic circuit) - ол бойынша (немесе бөлiгi бойынша) ұшып көтерiлгеннен кейiн биiктiк алу, қонуға бет алу үшiн құлдилау, қонуды күту, әуеайлақ үстiнде ұшуды орындай алатын әуеайлақ ауданында белгiленген бағыт;
      5) көзбен шолып қарағандағы метеорологиялық жағдай (Visual meteorological conditions) - бұлтқа дейiнгi арақашықтық ұзақтығының және белгiленген минимумға сәйкес келетiн немесе одан асып түсетiн бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгiнiң шамаларын бiлдiретiн метеорологиялық жағдай;
      6) көзбен шолып қонуға бет алу (Visual approach) - көзбен шолып ұшу ережесiн сақтай отырып және көзбен шолып ұшулардың белгiленген минимумдары кезiнде орындалатын көзбен шолып ұшу кезеңi;
      7) әуе трассасы (Airway) - әуе кемелерінің ұшуына арналған және аэронавигациялық құрылғыларымен жабдықталған дәлiз түрiндегi әуе кеңiстiгi;
      8) әуе қозғалысы (Air traffic) - ұшуда және әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы әуе кемесінің қозғалысы;
      9) рұқсаттың қолданылу шекарасы (Clearance limit) - әуе кемесiне берiлетiн диспетчерлiк рұқсаттың оған дейiн жарамды пункті;
      10) ҰҚЖ-дағы көру мүмкiндiгiнiң қашықтығы (Runway visual range) - ҰҚЖ осьтiк жол сызығында тұрған әуе кемесінің кабинасынан ұшқыш ҰҚЖ бетiнде таңбаланған белгiлердi немесе ҰҚЖ шектейтiн не осьтiк жол сызығын белгiлейтiн оттарды көруi мүмкiн шектегi ең жоғары арақашықтық;
      11) екі жақты «жер – әуе» байланысы (Air-ground communication) - әуе кемелері мен ӘҚҚ органдары арасындағы екі жақты байланыс;
      12) диспетчерлiк аймақ (сontrol zone) - жер бетiнен бастап белгiленген жоғары шекараға дейiнгi созылатын бақыланатын әуе кеңiстiгi;
      13) жақындау диспетчерлік қызмет көрсету (Approach control service) - әуе кемелерінің әуеайлақтардан (тікұшақ айлақтарынан) ұшып келуi мен ұшып кетуiне байланысты ұшуларға диспетчерлiк қызмет көрсету;
      14) диспетчерлiк рұқсат (Air traffic control clearance) - диспетчерлiк қызмет көрсету органдары белгiлеген шартқа сәйкес қолданылатын әуе кемесінің экипажына ұшу кезеңін белгілеу үшін (рульдеуге, ұшуына, ұшып шығуына, бағыт бойынша ұшуына, қонуға кіруіне немесе қонуына) берілетін рұқсат, бұған диспетчерлік рұқсат жатады;
      15) бақыланатын әуе кеңiстiгi (Controlled airspace) - әуе кеңiстiгiнiң сыныпталуына сәйкес оның шегiнде әуе қозғалысына диспетчерлiк қызмет көрсету қамтамасыз етілетін белгiлi бiр көлемдегi әуе кеңiстiгi;
      16) жол сызығы (Track) - оның кез келген нүктесiндегi, бағыты әдетте меридиандардың солтүстiк (ақиқат, магниттiк немесе шарттық) бағытынан бастап есептелетiн бұрыштық градуспен көрсетiлетiн әуе кемесiнiң жер үстiнде ұшу траекториясының проекциясы;
      17) әуе қозғалысына қызмет көрсету (Air traffic service) – тиiстi жағдайларда ұшу-ақпараттық қызмет көрсетудi, авариялық құлақтандыруды, әуе қозғалысына консультациялық қызмет көрсетудi, әуе қозғалысына диспетчерлiк қызмет көрсетудi (аудандық диспетчерлiк қызмет көрсету, жақын келгенде диспетчерлiк қызмет көрсету немесе әуеайлақтық диспетчерлiк қызмет көрсету) бiлдiретiн жалпы термин;
      18) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету органы (Air traffic services unit) - ӘҚҚ-ның диспетчерлік пункттері, сондай-ақ өз құзыреттері шегінде олар үшін белгіленген аудандар мен аймақтарда әуе қозғалысын жоспарлау, үйлестіру және әуе қозғалысына қызмет көрсету функцияларын орындайтын ведомтсволық командалық және диспетчерлік пункттер;
      19) «блиндпен» хабарлау (Blind transmission) – екі жақты байланыс орнату мүмкін болмаған, бірақ шақырылып жатқан станция хабарларды қабылдай алады деген болжам болған жағдайда бір станциядан екінші станцияға хабар беру;
      20) перрон (Apron) - әуе кемелерінің жолаушыларды отырғызу (түсіру), почтаны және жүктерді тиеу немесе түсіру, май құю, тұраққа қою немесе техникалық қызмет көрсету мақсатында әуе кемесінің орналастыруға арналған әуеайлақтың құрлықтағы белгіленген алаңы;
      21) ұшу жоспары (Flight plan) - ӘҚҚ органдарына ұсынылатын әуе кемесінің көзделiп отырған ұшуы немесе ұшудың бір бөлiгi туралы белгiлi бiр мәлiметтердi қамтитын белгiленген нысандағы құжат;
      22) маневр жасау алаңы (Manoeuvring area) - перронды қоспағанда, әуе кемелерiнiң ұшуына, қонуына және рульдеуiне арналған әуеайлақтың бөлiгi;
      23) күту рәсімі (Holding procedure) - әуе кемесінің кезекті рұқсатты күту кезінде белгілі бір әуе кеңістігінде тұруына мүмкіндік беретін маневрлар;
      24) хабар жеткізу пункті (Reporting point) - әуе кемесінің ұшып бара жатқан жерін хабарлауға болатын белгілі бір географиялық бағдар;
      25) әуе кемесін радиолокациялық векторлау (Radar vectoring) – радиолокатордың деректерін пайдалану негізінде белгiлi бiр бағыттарды көрсету арқылы әуе кемелерiнiң навигациялық дәлденуiн қамтамасыз ету;
      26) әуе кемесін радиолокациялық тану (Radar identification) – радиолокациялық белгілерді немесе радиолокациялық символды нақты бір әуе кемесімен салыстыру процесі;
      27) радиохабар тарату (Broadcast) – нақты бір станцияға (немесе станцияларға) арналмаған, аэронавигацияға қатысты ақпарат беру;
      28) ұшу эшелоны (Flight level) – 760 миллиметр сынап бағанасының (1013,2 гектопаскаль) белгiленген қысым шамасына жатқызылған және қысымның белгiленген аралықтары шамасында осындай басқа да беттерден биiк тұратын тұрақты атмосфералық қысым бетi.
      16. Осы Ережеде қолданылатын, авиациялық ағылшын тілінде қабылданған қысқартулар осы Ереженің 1-қосымшасында келтірілген.
2-тарау. Радиоалмасудың жалпы тәртібі
1. Радиоалмасу жүргізу
      17. ӘҚҚ диспетчерлік пункттерінің диспетчерлерімен радиоалмасу кезінде авиациялық электр байланысын әуе кемесінің командирі немесе оның тапсырмасы бойынша әуе кемесі экипажы мүшелерінің бірі, ал байланыстың жер үсті арналары бойынша – ӘҚҚ диспетчерлері мен әуежайдың (әуеайлақтың) немесе әуе кемесін пайдаланушының (бұдан әрі – пайдаланушы) жер үсті қызметтеріндегі қызметкерлер жүзеге асырады.
      18. Байланыстың жер үсті арналары бойынша ұшуларды орындауға, оларды қамтамасыз етуге және әуе қозғалысына қызмет көрсетуге тікелей қатысы жоқ радиоалмасу жүргізуге немесе ақпаратпен алмасуға тыйым салынады. Радиоалмасуды осы Ережеде белгіленген талаптардан ауытқып жүргізуге әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты, жекелеген жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
      19. Радио арқылы сөйлесу паразит-сөздерсіз және мүдіріп қалу дыбыстарынсыз, жеке сөздерді оқу ережесі сақталып, анық оқылып, қысқа болуы тиіс. Әуе кемесінің ұшуды орындауына, ӘҚҚ-ға және әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты мәліметтер таратылуы тиіс.
      20. Қазақстан Республикасының аумағында (аумағы үстінде) әуе кемелерінің экипаждары радиоалмасуды қазақ тілінде немесе орыс не ағылшын тілінде жүргізеді. Экипаждың байланысқа алғаш шыққан сәтінде таңдаған тілі осы диспетчерлік пункттің бүкіл жауапкершілік аймағында ұшу кезінде сақталады. Ұшу қауіпсіздігі мақсатында, радиоалмасу жүргізу тілін тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша өзгертуге болады.
      21. Қабылданатын ақпаратты қабылдау сапасын арттыру және бұрмалануын немесе қате тұжырымдалуын болдырмау мақсатында:
      1) хабар беруді бастамас бұрын қолдануға белгіленген жиілікте радиоалмасу бар екенін, жүріп жатқан хабар беруге кедергі келтірмес үшін, байланыстың жер үсті арнасының бос еместігін білдіретін сигналдың жоқтығын тыңдап алу қажет;
      2) анық және таза сөйлеу қажет: сөйлеу жылдамдығы минутына 100 сөзден аспауы тиіс;
      3) ақпаратты беру дыбысын тұрақты деңгейде ұстау қажет;
      4) хабар беруді бастамас бұрын беру ауыстырып-қосқышын (тангентаны) басып, хабар аяқталғанша ұстап тұру, оның «жабысып қалуын» уақтылы ескерту қажет.
      22. Әуе кемелерінің экипаждарымен және жердегі абоненттермен радиоалмасу жүргізу ерекшелігін диспетчер белгілейді.
2. Әріптер мен сандарды хабарлау
      23. Байланысты жылдамдату үшін, сөздерді фонетикалық алфавитті қолдану арқылы әріптеп айтпай, толық айтқан дұрыс, тек хабар дұрыс қабылданып, дұрыс түсінілсе болғаны.
      24. Радиотелефон индексі мен әуе кемесінің түрін қоспағанда, әуе кемесінің шақыру белгісіндегі әрбір әріп фонетикалық алфавитті қолданып, жеке-жеке айтылуы тиіс.
      25. Егер радиоалмасу жүргізу барысында жалқы есімдердің, қызметтік қысқартулардың және жеке сөздердің айтылуы түсініксіз болса,  олар әріптеп айтылады. Мұндай жеткізу кезінде мәтіндегі әрбір әріп оған берілген атау бойынша айтылады.
      26. Фонетикалық алфавитті қолдану кезінде осы Ереженің 2-қосымшасындағы 1-кестеде келтірілген сөздерді қолданған дұрыс.
      27. Радиотелефон арқылы хабарланатын сандар осы Ереженің 2-қосымшасындағы 2-кестеге сәйкес айтылады.
      28. Бүтiн жүздіктерден, бүтiн мыңдықтардан және бүтiн мыңдықтар мен бүтiн жүздiктер қатарынан басқа сандарды ағылшын тiлiнде айтқан кезде, әрбiр сан жеке айтылады. Бүтiн жүздiктер мен бүтiн мыңдықтарды айтқан кезде жүздiктер немесе мыңдықтар санын бiлдiретiн әрбiр цифр жеке айтылғаннан кейiн, тиiсiнше «жүз» немесе «мың» сөзi айтылады. Мыңдықтар мен бүтiн жүздiктердi айтқан кезде әрбiр цифр мыңдықтар санын бiлдiретiн санда айтылып, одан кейiн «мың» сөзi, әрi қарай жүздiктер саны мен «жүз» сөзi айтылуы тиiс. Сандарды айту үлгiсi осы Ереженiң 2-қосымшасындағы 3-кестеде ағылшын және орыс тілдерінде келтiрiлген.
      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2012.08.03 № 489 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      29. Радиобайланыс тұрақсыз болған жағдайда бағыттарды, пеленгілерді, атмосфералық қысымды, эшелондарды, уақытты және ұшуларды орындауға қатысты басқа да деректерді хабарлау кезінде сандағы әрбір цифрды жеке айтқан дұрыс. Мұның үлгісі осы Ереженің 2-қосымшасындағы 4-кестеде келтірілген.
      30. Ондық үлестер ағылшын тіліндегі «decimal (дэ-си-мал)» сөзімен және тиісті жерде айтылатын орыс тіліндегі «ЗАПЯТАЯ» сөзімен беріледі. Үлгісі осы Ереженің 2-қосымшасындағы 5-кестеде келтірілген.
3. Уақытты хабарлау
      31. Уақыт туралы хабар берген кезде сол кездегі уақыттың минуттары ғана көрсетіледі. Уақыт мәнін дұрыс түсінбей қалу жағдайы орын алмас үшін, қажет болған жағдайда, сағат та минуттар да көрсетіледі. Үлгісі осы Ереженің 2-қосымшасындағы 6-кестеде келтірілген.
      32. Уақыт туралы хабар беру кезінде дүниежүзілік координацияланған уақыт қолданылады (орыс тіліндегі аббревиатурасы – УТЦ, ағылшын тіліндегі аббревиатурасы – UTC).
      33. Борттағы сағаттардың көрсеткіштерін ұшу кезінде тексеру ӘҚҚ-ның тиісті органынан ағымдағы уақытты сұрау арқылы  жүргізіледі. Тексеру кезінде уақыт минуттың ширегіне дейін айтылып, дәл көрсетіледі. Үлгісі осы Ереженің 2-қосымшасындағы 7-кестеде келтірілген.
      34. МЖП-ны кезекті ұшып өтудің есептік уақыты әуе кемесінің ұшып бара жатқан жері туралы хабармен бірге немесе ӘҚҚ диспетчерінің сұрауы бойынша айтылады.
      35. Егер ұшу жағдайлары бойынша МЖП-ны кезекті ұшып өтудің бұрын хабарланған есептік уақытының 2 және одан көп минут айырмашылығы болса, әуе кемесінің экипажы ӘҚҚ диспетчеріне МЖП-ны ұшып өтудің жаңа нақтыланған есептік уақытын хабарлайды.
      36. Әуе кемесінің экипажы МЖП-ға шығудың нақты уақытын ӘҚҚ диспетчеріне МЖП-ны ұшып өту сәтінде хабарлайды. Әуе кемесінің экипажы МЖП-ны нақты ұшып өткені туралы, ұшып өткеннен кейін мүмкіндігінше ертерек баяндауы тиіс.
4. Үлгілік сөздер мен сөз тіркестері
      37. Радиоалмасу барысында осы Ереженің 2-қосымшасындағы 8-кестеге сәйкес мәндегі үлгілік сөздер мен сөз тіркестерін қолданған дұрыс.
      38. Ағылшын тіліндегі авиациялық фразеологияда «тыйым саламын» деген ұғым жоқ. Ағылшын тілінде мына сөздердің орнына:
      1) «іске қосуға тыйым саламын» дегеннің орнына «negative start up» деп айтылып, себебі түсіндіріледі, мысалы: «Negative start up, snow removal in progress, expect one hour delay» - «Іске қоспай тұра тұрыңыз, қар күреліп жатыр, бір сағатқа кідіре тұрыңыз»;
      2) «рульдеуге тыйым саламын» дегеннің орнына «hold position» деп айтылып, себебі түсіндіріледі;
      3) «екінші айналымға кетіңіз» дегеннің орнына «go around» деп айтылып, себебі түсіндіріледі, мысалы «Go around runway is occupied»;
      4) «ұшуға тыйым саламын» дегеннің орнына «hold position» деп айтылады, егер әуе кемесінің экипажына ұшуға рұқсат етіліп, ол екпін алуды әлі бастамаса;
      5) «ұшуға тыйым саламын» дегеннің орнына «stop immediately» деп айтылады, егер әуе кемесі екпін ала бастаса.
      Басқа жағдайларда «unable to approve» – «рұқсат ете алмаймын» деген сөз тіркестері қолданылады.
      39. Авиациялық ағылшын тілі фразеологиясында «жүріңіз» сөзі мынадай жағдайларда қолданылады:
      1) эшелондау бойынша көрсету арқылы – ...(эшелон, биiктiк) UC арқылы жүрiңiз – «cross UC at...(level)»;
      2) рұқсат етілген бағытқа параллель жол сызығымен (аралас) ұшуға байланысты көрсету арқылы – (бағыттан, жол сызығынан) оңға/солға …(қашықтықта) жүріңіз – «proceed offset … (distance) right/left of (route, track)»;
      3) күту аймағына бағыттауға байланысты көрсету арқылы (ПОД, бақылау нүктесіне) – «proceed to AI...»;
      4) әуе кемесінің немесе көлік құралының артынан жүріңіз – «follow...».
      Ескерту. 39-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2012.08.03 № 489 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
5. ӘҚҚ органдарының (диспетчерлік пункттердің) және ұшуды орындауды қамтамасыз ететін абоненттердің шақыру белгілері
      40. Әуе кемелерінің экипаждарымен радиотелефон байланысын жүргізу үшін диспетчерлік пункттерге осы Ереженің 2-қосымшасындағы 9-кестеге сәйкес радиотелефондық шақыру белгілері белгіленген.
      Радиолокациялық бақылау (бұдан әрі – РЛК) болған жағдайда «Шеңбер» диспетчерлік пунктіне «RADAR» деген шақыру белгісі беріледі. «Шеңбер» диспетчерлік пункті «Жақындау» диспетчерлік пунктінің функцияларын орындаған жағдайда, оған «APPROACH» деген шақыру белгісі берілуі мүмкін.
      41. Тиісті диспетчерлік пункттің (ӘҚҚ органының) диспетчерін шақыру үшін әуе кемесінің экипажы оның географиялық орналасқан жерін (шартты атауын) және берілген радиотелефондық шақыру белгісін атайды.
      ӘҚҚ-ның бірнеше бағыттары (секторлары) болған жағдайда, диспетчерлік пункттің шақыру белгісіне ол берген белгі қоса айтылады.
      Қолданылатын үлгі: «Алматы – Бақылау»; «Астана-Жақындау».
      42. Диспетчерлік пунктпен радиоалмасу мазмұнының бұрмалануын болдырмайтын сенімді байланыс орнағаннан кейін, диспетчерлік пункттің географиялық орналасқан жерінің атауын (шартты атауын) және радиотелефондық шақыру белгісін атамауға да болады.
6. Әуе кемелерінің шақыру белгілері және рейстердің белгілері
      43. Әуе кемелерінің экипаждары диспетчерлік пункттермен радиобайланыс жүргізу үшін мынадай шақыру белгілерін қолданады:
      радиотелефон байланысы кезінде:
      1) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгілеген немесе пайдаланушыны тіркеу кезінде алынған авиакомпанияның ресми атауын (радиотелефондық шақыру белгісін) және рейс нөмірін;
      2) әуе кемесінің тіркеу нөміріне берілгенге сәйкес келетін бес таңбалы цифрлық шақыру белгісін;
      3) әуе кемесінің тіркеу нөміріне берілгенге сәйкес келетін бес әріптен тұратын шақыру белгісін;
      4) әуе кемесінің бес әріптен тұратын тіркеу нөмірінің алдында тұратын өндіруші-фирманың немесе әуе кемесі моделінің атауын;
      5) авиакомпанияның радиотелефондық шақыру белгісін және әуе кемесінің соңғы төрт тіркеу белгісін;
      телеграф байланысы кезінде – борттық радиостанцияны қолдануға берілген рұқсатта көрсетілген бес әріптен тұратын шақыру белгісін.
      44. Әуе кемісінің экипажымен сенімді радиобайланыс орнағаннан кейін және радиоалмасу жүргізу барысында шақыру белгілерінің цифрлық және әріптік мәндерін қысқартуға болады:
      әуе кемесінің бес таңбалы цифрлық шақыру белгісін соңғы үш цифрға дейін;
      әуе кемесінің бес әріптен тұратын шақыру белгісін бірінші әріпке және соңғы екі әріпке дейін;
      әуе кемесінің бес тіркеу белгісінен көп белгіден тұратын шақыру белгісін бірінші әріпке және соңғы үш әріпке (цифрға) дейін.
      45. әуе кемесі өзінің қысқартылған шақыру белгісін ӘҚҚ органы қолданғаннан кейін ғана қолданады.
      46. Байланыста шақыру белгiлерi соңғы үш цифры немесе соңғы екi әрпi бiрдей немесе үндес (дыбысталуы ұқсас) екi немесе одан көп әуе кемесi анықталған жағдайда, оның шақыру белгiсiн қысқартуға рұқсат етілмейді. Белгiлерi үндес әуе кемелерi бар аймақта (ауданда) толық шақыру белгiлерiн қолдану туралы нұсқауды ӘҚҚ диспетчерлік пунктiнiң диспетчерi береді.
      Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2012.08.03 № 489 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      47. Әуе кемесінің авиакомпания атауынан (радиотелефондық шақыру белгісінен) және рейс нөмірінен тұратын шақыру белгісін қолданған жағдайда, әуе кемесінің шақыру белгісін қысқартуға болмайды.
      48. Жүріп өткен жолының турбуленттілігі жағынан ауыр әуе кемесі санатына жататын әуе кемесінің экипажы, әрбір диспетчерлік пунктпен алғаш байланысқан кезде өзінің шақыру белгісінен кейін «ауыр» - «heavy» сөзін қосып айтуы тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет