1 Дәріс XVII ғ халықаралық қатынастар және халықаралық қатынастардың Вестфальдік жүйесінің құрылуы.
1.1 ХҮІІ ғасыр қарсаңындағы халықаралық және саяси жағдай.
1.2 Ұлы жағрафиялық ашулар мен алғашқы отарлық басып алулардың халықаралық қатынастар жүйесінің қалыптасуына ықпалы.
1.3 Француз дипломатиясының үстемдігі.
1.4 Отыз жылдық соғыс. 1648 ж. Вестфаль бітімгершілік шарты және оның мәні
Сауданың дамуы, халықаралық байланыстардың кең өріс алуы және орта ғасырдың соңында жаңа орталықтандырылған мемлекеттердің пайда болуы абсолютизмнен мұраға қалған дипломатияны ұйымдастырудың жаңа формаларының дамуына себепкер болды. Бұл дегеніміз өзге мемлекеттерде орталық дипломатиялық мекеме арқылы үкімет басқарып отыратын тұрақты өкілеттілік ашып алу. Халықаралық құқық ғылым ретінде өріс алуы, дипломатиялық және консулдық қызметтердің пайда болуы, еуропалық мемлекеттерде дипломатиялық церемониалдың қалыптасуы да осы кезеңге келеді. Венеция республикасы және Рим папасының дипломатиялық тәжірибесінде орта ғасырда пайда болған тұрақты дипломатиялық өкілдіктер бұл кезеңде кең түрде таралады. Дипломатиялық иерархия қатал орнайды және келіссөздер жүргізудің жалпыға ортақ формалары мен ережелері қалыптасады.
Капиталистік қатынастардың дамуына география саласындағы ұлы жаңалықтар мен ХУ-ХУІ ғғ. алғашқы отарлардың пайда болуы ықпал етті. Әлемдік сауда-саттық байланыс кеңейді. Кеме жасау мен теңіз жүзу дамып, тауарларды теңіз арқылы тасымалдау көп пайда әкелетін болды. Теңізбен, ірі өзендермен шектесетін мемлекеттердің экономикасы жоғары қарқынмен дамыды. Жерорта теңізі бассейніндегі, саудалық Оңтүстіктегі экономикалық және саяси орталық енді Балтық теңізі мен Солтүстік теңіз жағалауына, өнеркәсіптік Солтүстікке ауысты. Атлант мұхиты отарлау процесін әрі қарай дамытуға әкеп соқтырған жаңа сауда жолдарын қалыптастырған әлемдік маңызы бар стратегиялық акваторияға айналды. Теңіз сауда орталықтарына жақын орналасқан мемлекеттер басты рөлдерге ие болды. Олардың ішінде: Португалия, Испания, Нидерланды, Франция мен Англия. Сөйтіп, бұл кезеңнен бастап геосаяси тұрғысынан Батыс Еуропа ретінде анықталатын Батыс халықаралық қатынаста әлем орталығы ретінде қалыптасады. ХУ ғ. Батыс экспансиясы деген құбылыс пайда болып, өзге мемлекеттер оған тәуелді болып қалмау үшін өз беттерінше талпыныс жасайды. Батыс болса, өз күшіне зор сенімділікпен қарап, өз мәдениетін өзге мәдениеттерден артық санап, өзге әлемге ойымызға келгенді жасауға болады деген көзқарас қалыптастырды.
Сөйтіп, Батыс табысты әлемдік экспансия жолына тұрды. Батыс Еуропа жаулаушыларының өзге жаулаушылардан айырмашылығы мынада: олар жаулаған жерлерін тек иемденумен шектелмей, сол жердегі халықтың мінез-құлқы, дәстүрін өз пайдасына өзгертуді көздеді. Батыстың мәдени-экономикалық экспансиясы бұл кезеңдегі халықаралық қатынастардың басты ерекшеліктерінін бірі болды.
ХУІ-ХУІІІ ғғ. Еуропа елдірінің дипломатиялық қызметі негізінен сауда-саттықта және саяси аренада басымдылыққа ие болу, жаңа аймақтарды игеру, бұрынғы игерілген отарларды кеңейту үшін жұмыс жасады. Нарық экономикасы негізінде шаруашылықты дамытуды көздеген Голландия, Англия сияқты елдер бұл күресте табысты болды. Керісінше, феодалдық қатынастан әре қол үзе қоймаған Испания, Голландия, 1789 ж. дейнгі Франция сияқты мемлекеттер дипломатиясы біршама сәтсіздіктерге кезікті.
ХІХ ғ. 30-шы жылдарынан бастап Еуропа мемлекеттерінің буржуазиясы саяси басымдылыққа қол жеткізуге талпынды. 1848-1849 жылдардағы Еуропада өткен буржуазиялық-демократиялық революциялар кезеңінде бұл күрес жаңа күшпен жалғасты. Абсолютизм жаңа саяси, экономикалық қатынастарға әлі де кедергі келтіріп тұрған және ішкі саяси өзгерістер енгізу мәселесі жеке княздықтарды біріктіру мәселелерімен тығыс байланысқан мемлекеттерде (Германия, Италия, Австрия) ерекше дүмпу болды. Сөйтіп, ХІХ ғ. бірінші жартысында Еуропаның кейбір елдеріндегі елеулі оқиғалар мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына әсерін тигізіп, соңында Италия мен Германия бірігуіне әкеп соқтырды, Еуропа континентімен қатар, жалпы әлемдегі халықаралық қатынастардың қозғаушы күші болды.
ХУІІ ғ. испан гегемониясы құлдырап, Франция ықпалының күшеюі салдарынан Еуропаның саяси картасында бірқатар өзгерістер болды. ХУІ ғ. аяғы - ХУІІ ғ. басында француздық абсолюттік монархия нық орнады. Мемлекет қазынасы шаруалардың көбеюінен, жаңа қалыптасып келе жатқан буржуазияның үлесінен толықтырылып, бұл өз кезегінде монархтардың Еуропа континентінде ғана емес, өзге жерлерде де сыртқы саясатты жүзеге асырып, Францияның позициясын күшейтуге септігін тигізді.
ХУІІ ғ. Франция билеушілерінің сыртқы саясатының негізі ретінде “табиғи шекара”, “саяси тепе-теңдік” принциптері алынды. 1594-1610 жж. Бурбондар династиясын басқарып келген ІУ Генрих (Наварский) өз саясатында екі мақсатты көздеді: Габсбургтер династиясының күшін әлсірету және Еуропа державалары арасындағы тепе-теңдікті Франция мүддесіне орай сақтап қалу. Ол үшін Англиямен достық қарым-қатынасын сақтады, ал Англия оған, протестант-гугенотқа, католиктік Испаниямен күресіне және француз тағына ие болуға көмектесті. Сөйте тұра ІУ Генрих ағылшын теңізшілері мен саудагерлерінің жоспарлары мен Италиядағы және Шығыстағы британ дипломаттарының іс-әрекеттеріне қарсы астыртын күрес жүргізді. Сонымен бірге, Габсбург династиясының қарсыласы ретінде олардың күшін әлсірету үшін Испания мен Голландия арасында достық қарым-қатынас орнауына атсалысты. Осы арқылы француз монархы Испанияның отаршылдық саясатына қарсы күресіп отырған Нидерланды солтүстігіндегі 7 кантонның тәуелсіздігінің орнауына ықпал етті.
ХУІІ ғ. континенттегі саяси күштердің орнын айқындап берген жалпыеуропалық оқиға ретінде 1618-1648 жж. Қасиетті Рим империясы және оның жақтастары мен Франция-Швеция коалициясы мен оның жақтастары арасындағы Отызжылдық соғысты атауға болады. Бұл соғыс діни сипатқа ие болды.
ХУІІ ғ. аяғына қарай түріктердің Габсбургтерге қысым көрсетуі әлсіреп, Габсбургтер Реформацияның әсерінен құлдыраған империялық билікті қалпына келтіру мақсатымен Германияға көз тікті. Неміс княздерін басқарып отыру үшін императордың күресі діни ұрандарды тастау арқылы өтті. Бұл католиктік реакцияның протестанттарға қарсы күресі еді. Император ІІ Фердинанд Германияны оның шексіз билігінің астында болуын армандаған. Германияны өзіне бағындыру империяның Отызжылдық соғыстағы соңғы мүмкіндігі еді. Егер олар осы мақсатқа қол жеткізгенде Францияға тең ірі держава өмірге келетін еді. Ришелье болса бұны болдырмауға бар күшін салды. Ол неміс протестант княздеріне қолдау көрсете отырып, Францияның саясатындағы дәстүрін берік ұстанды. Ол дат королімен келіссөздер жүргізді. Дат королі болса Солтүстік Германия мен Солтүстік және Балтық теңіздері жағалауларында Габсбургтердің күшеймеуі үшін Англия мен Голландиядан субсидия алып, Империяға қарсы соғыс ашты.
Осы кезеңнен бастап дипломатия тарихы еуропа конгрестерінің тарихына ұласады. 1645-1648 жж. Оснабрюк конгресінде ұзақ келіссөздер жүргізіліп, онда Қасиетті Рим империясы, оның одақтастары мен Швеция және оның одақтастары арасында бір келісім, 1645-1648 жж. өткен Мюнстер конгресінде Қасиетті Рим империясы және оның одақтастары мен Франция және оның одақтастары арасында екінші келісімге қол қойылды.
Вестфаль бейбіт бітімі Германияның кальвинистер, католиктер, лютерандардың діни құқықтарын теңестіріп, шіркеулердің секуляризациясын заңдастырды, бірақ Герман княздерінің қол астындағыларының діни көзқарасын белгілеуіне тыйым салды. Алайда княздер сыртқы саясаттарын өз бетінше жүргізу, соғыс ашу, бітімгершілік жасау, келіссөздер жүргізу құқықтарына ие болды, бірақ неміс княздерінің сыртқы саясаты империяға қарсы келмеу керек деп белгіленді.
Вестфаль бейбіт бітімінің маңызы мынада: Германияның ішкі құрылысын ұзақ уақытқа тұрақтандырып, оның саяси бөлінуін бекітіп берді. Еуропа континентіндегі мемлекеттердің шекараларын анықтай отырып, Вестфаль бейбітшілігі ХУІІІ ғ. аяғындағы француз буржуазиялық революциясына дейінгі барлық келісім-шарттардың бастапқы құжаты ретінде қарастырылды.
Вестфаль бейбіт бітімі Ришелье саясатының жемісі еді, әрине бұл кезде кардинал өзі тірі болмаған. Оның саясатын жалғастырушы кардинал Мазарини болды. Ол Оснабрюк, Мюнстер шарттары жасалған кезде билікте еді. Кейін ол өзі Кромвель басқарған Англиямен одақтасып Испанияға қарсы соғыс жүргізді және 1659 ж. Испаниямен Пиреней бейбіт келісіміне қол қойды. Осы шарттың арқасында Франция Люксембургтың бір бөлігіне, Руссильон, Артуа мен Геннегауға ие болды. Вестфаль және Пиреней бейбіт келісім-шарттары Францияның Еуропада үстемдік етуіне жол ашты. Францияның ең басты қарсыласы – Империя іс жүзінде жойылды. Германияда “неміс еркіндігі”, Италияда “саяси еркіндігіне” қол жеткізілді. “Бостандық” деген жел сөз болып қалып, осы екі еуропалық елдің саяси бытыранқылығы бекітілді және Франция енді оларға қатысты ойына келгенін жасап отырды. Ежелгі Галлия кезіндегі фактілерді алға тарта отырып, Мазарини өзге жерлерді иемдену мақсатында “табиғи шекара” жайлы сөз қозғауға қол жеткізді.
Достарыңызбен бөлісу: |