Солярлық символика: Ұлттық таным және әдеби дәСТҮрдегі фольклоризм ғылыми жетекшісі


Поэзиялық дәстүрдегі «күн» мифопоэтикасы



бет7/9
Дата02.01.2022
өлшемі61.29 Kb.
#452070
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Гиниятова А. НИРС- 2020

Поэзиялық дәстүрдегі «күн» мифопоэтикасы

Жоғарыда сонау сақ, ғұн тайпаларының күнге табынғандығы жайында айтып өттік. Солардан жеткен әдеби жәдігерлерде де күнге табынудың ізі анық көрінеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін әдеби жәдігерлерге арнайы тоқталып өтейік. Мысалы, Тұмар патшайым – тарихи қаһармандық дастанында мынадай жолдар бар: «Ей, қанқұмар Кир! Сен еркекке лайықты емес, жиіркенішті ісіңмен мақтанбай-ақ қой! Сен менің ұлымды бетпе-бет шайқаста жеңген жоқсың. Оны айлакерлікпен, шарап ішкізіп қолға түсірдің. Енді менің айтқанымды істе. Ұлымды өзіме тапсыр да, аман-есеніңде келген жағыңа қайтып кет. Есің барда еліңді тап. Егер сен менің осы айтқанымды істемесең, онда мен сақтар құдайы – Күн атымен ант етемін: мен сен секілді аш көзді қанға бөктіріп, өзіңді қанмен суарамын»[18, 21]. Міне, осы жырдағы «сақтар құдайы – Күн атымен ант беремін» деген жолдардан сақтардың Күнді құдай деп санағандығын көреміз. Келесі ежелгі дәуір әдебиеті шығармаларының бірі – Шу дастаны. Шу дастанында да осы айтып отырған сөздерімізге дәлелдер жетерлік. Дастанда сақ заманындағы Шу өңірінің әміршісі Шу батырдың Көк ордасын қорғайтын он екі сарбазы туралы айтылады. Бұл он екі сарбаз әр тайпадан іріктелген мықты жауынгерлер. Шу батыр дүниеден озғанда осы он екі батырдың астындағы аттары бірге жерленген екен. Бұл бізге тарихи зерттеулер арқылы ашылған Берел қорымындағы он үш жирен ат. Енді бір ат кімдікі дегенге келсек, ол он екі атқа қарағанда ерекше үлгіде безендірілген сәйгүлік - Шу батырдың өз аты. Ежелгі сақтардың мифтік түсінігі бойынша жылқы малы адамның тірі кезінде сапарға шығар көлігі, жан серігі, ал қайтыс болғаннан кейін оны, Көк тәңірісіне, яғни, Күнге апарып жеткізетін ақ ниетті періштесі саналған [18, 41]. Келесі күнге табынудың нышаны Авеста кітабында берілген мына бір сақ дәуіріндегі өлеңінен көруімізге болады. «Күнге мадақ»:

«Біз тұлпарлары қанатты

Мәңгілік жарыққа

Күнге сиынамыз

Күн жарық шашқанда

Күн жылу шашқанда,

Жүз мыңдағандар

Құдіретті сезінеді» [18, 18].

Күнді мақтап-мадақтауға арналған мұндай өлеңде Күн шыққан сәтте әлемдегінің бәрі – жер де, су да, тау мен тас та киелі болып келетіні, шынайы шындық пен асыл ақиқат салтанат құратыны айтылады. Ал егер күн көрінбей қалса-ақ жер бетін жын-шайтандар қаптап кететіні, жақсылық атаулының жарығы өшетіні баяндалады.

«ХІ ғасырдың жазба әдеби мұрасы – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында миф символикаға ұласқан. Патша есімі Күнтуды болуы, мұның өзі аллегориялық тұрғыдан әділдікті, шындықты бейнелеп көрсетеді. Символ – мифтің басты ерекшелігі болса, мифология Ж. Баласағұн дастанында дәл осы символдық қолданысымен ерекшеленеді» [7, 81].

Мифтік желінің әсіресе, Күн бейнесінің әдебиетте көрініс табуы, ұштасуы Абай, Мағжан тағы басқа ақындар шығармашылығында қолданыс тапқандығын атап өттік. Мысалы Абай «Жазғытұры» өлеңінде:

«Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай

Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай

Таң атқан соң шығарын күннің біліп,

Өңі қашып бола алмас бұрынғыдай» [19, 143], -

деп Күн – күйеу, жер – қалыңдық болып, ай мен жұлдыз – олардың махаббатын қызғанып, іштарлықпен қарайтын мифтік сюжеттің бір түрі көрініс тапқан. Мұнда аспан денелері бір кезде адам кейпінде болған деген сияқты ертедегі мифтердегі түсінікті өлеңге енгізген. Лирик ақын Мағжан Жұмабаев поэзиясында да Күн мен Ай ерекше орын алады. Әсіресе:

«Күннен туған баламын,

Жарқыраймын жанамын,

Күнге ғана бағынам.

Қараңғылық бұққанда

Қызарып күн шыққанда

Күн отынан туғанмын» [20, 66], -

деп келетін «От» өлеңінде Күнді құдірет-кие деп есептейтін мифологиялық сана көрінісін көреміз. «Күннен туған баламын» деуі ақынның өршіл, асқақ рухын көрсетумен бірге ақын бойындағы солярлық мифтің сәулесі екенін де анық. «От» атты өлеңінде Мағжанның дүниетанымының кеңдігі сонша, пәлсапасының неше атасы осы өлеңнің өн бойына сиып та, жарасып та тұрғаны таң қалдырады. Күннен туған баламын... Біртүрлі қызық. Бал тілді балғын бөбектің тілімен сөйлейді ақын, ал ұлы мұраттарды уағыздайды, түрікшілдік идеясын тазалық ұғымымен ұштастырды, өйткені балада қисын (логика) күшті. «Күннен тудым» деу адамзат аңызының қайнар көзі, оның нәресте шағында туған солярлық мифтердің де сәулесі. Таураттағы Самсон бейнесі күн нұрын персонификациялаудан туғаны сияқты бұл мән-мағынасы ұшан-теңіз таным дүниесі, ежелгі зороастризм дініндегі отқа табынушылардың гимні десе де лайық, көне түркі тайпаларының шартарапқа таралуы десе де артығы жоқ, қатпар-қабаты көп, көркем пафосқа құрылған сұлу жыр. Өйткені Мағжан космостық, ғарыштық сананың суреткері. Өлеңдері асқақтап, жалындай шалқып, жер мен көкті орап тұрады [21]. Қазақ наным-сенімдерінің ғылыми негізін ашу бағытында зерттеу жүргізген Б. Қанарбаеваның «от» турасындағы мынадай пікірі бар: «Тұран халықтарының анимистік сенімі бойынша от — Күн құдайының Жер-Анаға үйленгеннен кейін туып, жер бетінде қалып қойған баласы» [22, 26]. Осылайша зерттеуші Күн, Жер, От үштігінен «отбасы» моделін жасайды. Мағжан поэзиясындағы түн образының дамуын зерттеген А.Боқаева: «Мағжан поэзиясында ең жиі кездесетін 12 образ бар. Олар: күн, түн, ай, толқын, жұлдыз, көк, таң, күншығыс, күнбатыс, жер, жел, от. Ең жиі кездесетін үштікке – күн, жер, жел образдары жатады. Мұндай нәтиже жиілік сөздіктің негізінде жасалып отыр. Ақын символистік бағытта жырлаған, сондықтан оның поэзиясында образдардың көбісі символ дәрежесіне көтерілген. Ал символ дәрежесіне жету үшін бұл образдар белгілі бір жол жүреді – ол образдардың сөз-экспрессема-образ-символ тізбегімен дамуы. Әрине, әр образ бұл тізбекке бағына бермейді. М.Жұмабаев басқа қазақ ақындарының ішінде символизм рухында жазылған өлеңдерімен ерекшеленеді. Мағжанның өзі күн, оның поэиясы күн – екеуі де Күннен туған, күн бар жерде түн болмай ма? Сондықтан Мағжан поэзиясында күн аталмыш тізбекпен символ дәрежесіне қалай көтерілсе, түн де күнмен қатар жүрген. Әрине, мұндағы Күннің жолы ақын поэзиясында алатын орны ерекше, Түннен биік, жоғары» [23] дейді. Мағжан «Мен кім?» атты өлеңінде:

«Көкте – күнмін, көпке нұрым шашамын,

Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын» [20, 97], -

деп тағы да өзін күнге балайды. Енді ақын күннің баласы ғана емес күннің нағыз өзі болып қазақ халқына шуағымды, жарығымды, жылулығымды шашамын дейді. Бұл жерде де халық жадындағы күн күшіне табыну, күндей болуға ұмтылу сипатын көреміз.

«Болды, міне, дәл алты ай,

Жаттың ұйықтап еркетай.

Ұйқың қанды тұр қозым,

Аш көзіңді жұлдызым!» -

Деп маңдайдан ақырын

Жұмсақ жылы сәулемен

Сипап жерді күн күлер» [20, 155], -

деп келетін «Жазғытұрым» атты өлеңінде «Сипап жерді күн күлер» солярлық мифология сюжеттерінің біріндегідей күнді тірі тіршілік иесі немесе адам кейпінде суреттейді.

Келесі лунарлық мифологияның Мағжан поэзиясындағы орнына тоқталатын болсақ ақынның «Айға» деген өлеңін атауға болады:

«Күн батып, қараңғылық қанат жайды

Аспанда сансыз жұлдыз жарқырайды.

Отырған қараңғы үйдің терезесінен

Көремін мұңды, нұрлы толған Айды.

Қайғылы Ай, тұрсың көкте түсің қашып,

Қайғылы жер жүзіне нұрың шашып.

Жылжыйсың ақырын ғана қорыққан жандай,

Жүргендей жол таба алмай бейне адасып.

Бір жауыз сөндірмек пе әлде нұрың?

Үстіңе кигізбек пе қара құрым?

Жоқ әлде қазіргіңмен жұмысың жоқ,

Қайғыға түсіре ме өткен күнің?» [20, 87].

Бұл жерде ақын мифтегі «Күн мен Ай апалы-сіңілі қыздар болыпты. Ай өте сұлу болған екен. Оның сұлулығын көре алмаған Күн қызғаныштан Айдың бетін тырнап алған екен. Сұлулығына дақ түскен ай содан бері мұңлы болып жүреді екен» деп келетін сюжетті өлеңіне арқау еткен. «Қайғыға түсіре ме өткен күнің?» деуінен миф желісі бойынша ертеде сондай жағдай болғандығын Мағжанның білетіндігін, сол бұрынғы мифті поэзиясында интерпретациялағанын аңғаруымызға болады. Ақын өлең соңында:

«Мінеки, қамаудамын тар үңгірде

Мұнысы – көмген ғой тірі көрге.

Мейірімді Ай, мені-дағы жаныңа алшы,

Болайық екі мұңлық біз де бірге», -

деп жаны күйзелгендіктен айдан медет сұрайды. Бұл да «адам жаны қиналғанда ай адамның қайғы-мұңын түсінеді» дейтін мифтік сана көрінісі.

Ақын Әбу Сәрсенбаев өлеңдерінде де күн бейнесі еркше сипатта көрінеді. Мысалы «Жаңбыр» өлеңінде:

«Нұр тамшысын себелейді

Мейірімді жаңбыр бетке.

Күн іргеге артып иек,

Тұр күлімдеп көкжиекте» [24, 82], -

деп көкжиектен күлімдеп тұрған күнді көз алдымызға әкеледі. «Күлу» әрекеті адамға тән болса, ақын күнді күлдіріп кейіптеу арқылы күнге жан бітіре суреттейді. Ақынның тағы бірнеше өлеңдерінен мысал келтірейік.

«Балатон таңы» өлеңінде:

«Серпілді күн.

Күрең нұрмен

Сүйді дағы көлді иектен.

Көтерілді жайдары жүз

Күн күлімдеп көкжиектен» [24, 87], -

деген өлең жолдарында ақынның күні алдыңғы өлеңдегідей жай ғана күлмейді. Бұл жолы күн ерпіліп, көлді иектен сүйіп барып күлімдеп көкжиектен шығады. Көкжиектен күн күлімдеп,

Шашты маған нұр шапағын.

Торғын перде тартып жолға,

Толқып жатыр мұнар-сағым.

Күн астынан ала келдім

Азаттықты мен бұл елге,

Қаным тамған жерге шыққан

Қызғалдағы өскен белде [24, 117], -

деп келетін «Қоштасу» өлеңінде «Күн астынан азаттық әкелдім» деу арқылы «Күнде құдірет бар» дейтін мифтік танымды көркем поэзияға ұштастырады.

«Шашырап сәуле кірпігі,

Алтынға малып асқарды,

Күн күлді. Көктем күркірі

Шатырлап таңнан басталды,

Ақ қанжар бұлтқа сұғына!» [24, 137], -

деген жолдардан тұратын «Шұғыла» өлеңінде ақын Күні тағы да күлімдейді. Берілген мысалдарға қарасақ ақын Күнді үнемі күлімдеп тұратын, ерекше мейірімділік иесі ретінде көрсетеді.

Қазіргі поэзиямызда күнбойлы және айбойлы мифологияның желісімен Күн мен Ай әр түрлі бейнеде, әр тұрғыда кездеседі. Осындай қолданыс Фариза Оңғарсынова өлеңдерінде де бар. Мысалы:

«Тынбасын билер

Түргенше ару Күн іргесін

Мұң толы жанар күлімдесін,

Түндерде әппақ сезімді жандар

Күндіздерінен түңілмесін!» [25, 26] –

деген өлеңінде «күн – ару қыз болған» деген мифтік сюжет желісі кездеседі.

«Серігім – жел мен Күн менің,

Мәңгілік тылсым, мылқау маң» [25, 120], -

деген жолдарда Мағжан атамыз өзін күнмін десе, Фариза апамыз «күннің серігімін» дейді.

«Тек өзі сұлулықтан үміткер Ай

Қызғанып, қалған шығар бұғып талай [25, 177]» деген жолдарда «ай ертеде баға жетпес сұлу қыз болған» деген миф желісімен сарындас.

Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы поэзиясында да Ай мен Күн ерекше орын алады. Әсіресе Күнді қадірлеуі, құрметтеуі, кие тұтуы бөлек. Ақын «Мен тұрғызған мұнара» өлеңінде:

«Түнде ылғи Ай жебеп жүретін

Күндіз – Күн,

Мен бір - арманшыл, мұңлы жұлдызбын» [26, 110], -

деп Күн мен Айдың өзін жебеп, қолдап жүретінін анық айтады. Мұнда Күн мен Айды қасиет тұту іспетті ата-бабамыздан қалған мифтік сарын жатқанын көреміз. Нұр туралы [26, 127] деген өлеңінде:

«Мынадай да бар Ой тағы:

Түп Тәңірі – Құдірет Күн,

Тоғыз Аспанға кемпірқосақтанған Байтағы

Мерзімі келгенде, кәдімгі Күн де сол Құдіретке қайтады», -

дей келе күнді Құдіретті Тәңірдің өзіне балайды.

«Ешкім де, ештеңе де өзгерер емес!

Бәрінен өлердей жалықтым!

Тозағыңа әкетсең де, алып кетші мені, Жарық күн!

Бірде – пайғамбар, бірде қас топас болып,

Бұ жалғанда қыдырыстап, біраз жүремін.

Қашан өзіне шақырғанша Көктегі тылсым Күн-Өмір» [26, 138], -

деп енді тіпті ақын жердегі жалған дүниенің жалғандығынан, азабынан шаршап, Күннен өзінің жанын алып кетуін өтінеді. Ақын ойында ежелгі солярлық мифтердегі «жер бетіндегі адамдар әрекетінің барлығына куә құдіретті Күн кімнің жұмаққа, кімнің тозаққа баратынын шешеді» дейтін мифологиялық түсінік бар іспетті.

«Бәріне куә – Көктегі жарқын Құдай-Күн.

Көкәләй кейде – ерке де қиқар рай-тын» [26, 183], -

деген өлеңде ақын құдіретті Күн барлығына куә дегенді қайталап өтеді. Енді бір өлеңінде:

«Адам болу үшін, сайтанша да ойлау керек, тегінде.

Табиғатқа басымды ійсем,

Жаратушы-Күнге құрметім [26, 192], -

деп жер бетіндегі барлық затты, табиғатты Күн жаратқан деген мифтік сюжетті еске салады.

«Төбеңдегі Күн – Сені жебеген Ие еді.

Астыңдағы Жер – арқыраған Кие еді» [26, 195], -

деп келетін өлеңінде «Күн сен жебеген ие еді», -

деп өткен шақта айтып ердегі ата-бабамыздың күнге табынғандығын, қолдап, қорғаушы, жебеуші деп түсінген мифтік сананың болғандығын еске салады. Тағы бір «Күн» деген өлеңін алайық:

«Күн!

Тікелей Жаратушым!



Көк-Тәңіріден кейінгі тылсым Пән-Іләм!

Жалған дүниеге – жарығы ғана мағлұм.

Ал менің

Күннен таралады,

Жүрекпен қоса есептегендегі 72 тамырым!» [26, 255].

Мұнда енді ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы күнді Жаратушы деп есептейтіндігін ашықтан ашық айтып көрсетеді. Міне, бұл жерден де ақын өлеңдерінің «бір кездері Күн құдай болған» деген мифпен астасып жатқанын көреміз.

«Күн,

Саған,


Мұң шағам:

Тіршілік – тым сараң.

Кеш түсе жауығар

Неліктен мұнша адам? [27, 51]», -

деген өлеңінен Ұлықбек Есдәулет те Күнге мұңын шағатындығын көреміз. Ақын Қалқаман Сарин «Ай» өлеңінде:

«Әппақ, әппақ арманым Айға асығып,

Қайтып жерге түседі қайғы асынып.

Жұбатады жанымды кірпігіне

Жұлдыз біткен жылт еткен ой жасырып» [28, 72], -

деп ақ арманын айға жіберіпқ олдау күткенімен мұңлы айдан еш қайыр болмағанын айтады. Бұл жоғарыда айтып өткеніміздей мифтегі мұңлы ай бейнесінің поэзиядағы көрінісі.

Гүлнар Салықбай шығармашылығында да лунарлық мифтің көрінісін байқауымызға болады:

«Көк те саған бола алмады-ау мәңгі жай:

Қасыма кел,

Жасыма... кел, Жалғыз Ай.

Жалғыз-жалғыз жұлдыздарға қаралық,

Жалтылдаған ағу үшін жаралып.

Кел, жалғыз Ай, кімге керек күресің?

Жер де жалғыз,

Шер де жалғыз,

Білесің.


Тобыр күлсе,

Топастығы болар да,

Жалғыздығын танытайық оларға» [29, 126], -

деген өлеңінде ақын «жалғыз Ай» деп қазақ мифіндегі «Ай-ару мен Күн-күйеу аспанда ғашық-машықтар екен. Екеуі әркез қараңғылықты қуғындаймыз деп бір-бірімен кездесе алмай қойыпты. Содан екеуі жалғызсырап үнемі бір-бірін сарыла, сағынышпен күтумен болады екен. Бірақ біреуі күндіз, біреуі түнде жүретін болғандықтан оларға бірге болу жазылмаған екен. Сол себепті екеуі де жалғыз күн кешуде» деген сюжетінің сарыны бойынша айтып тұр.

Ақын Нұржан Қуантайұлы да ежелгі космогониялық мифті жаңғырта жырлайды:

Таңшолпан – таң жұлдыздар мұзбалағы,

Көңілде құсжолындай сыз қалады.

Ажарын жұлдыз қыздың жымыңдаған,

Ежелден Ай-бәйбіше қызғанады [30, 59].

Халық мұрасында аспан шырақтарының өзара күндестігін былайша түсіндіру де бар: «Күн, Ай, Үркер – үшеуі бірге туған қыздар. Үркер – кенжесі, ол ең сұлу қыз еді. Күн мен Ай сіңлісінің бетін қызғанып тырнап та алады. Содан үркер секпілденіп көрінеді».

Н. Қуантайұлы аспан шырақтарын осылайша өзара күндес сұлу қыздарға балаған ел ұғымын жалғастыра жырлап, аспан перизатына ынтық дала перзентінің лирикалық бейнесін сәтті сомдайды.

«Әппақ, әппақ арманым Айға асығып,

Қайтып жерге түседі қайғы асынып.

Жұбатады жанымды кірпігіне

Жұлдыз біткен жылт еткен ой жасырып» [30, 72], -

деген өлеңінде ақын ақ арманын айға жіберіп қолдау күткенімен мұңлы айдан еш қайыр болмағанын айтады. Бұл жоғарыда айтып өткеніміздей мифтегі мұңлы ай бейнесінің поэзиядағы көрінісі.

«Көк те саған бола алмады-ау мәңгі жай:

Қасыма кел,

Жасыма... кел, Жалғыз Ай.

Жалғыз-жалғыз жұлдыздарға қаралық,

Жалтылдаған ағу үшін жаралып.

Кел, жалғыз Ай, кімге керек күресің?

Жер де жалғыз,

Шер де жалғыз,

Білесің.

Тобыр күлсе,

Топастығы болар да,

Жалғыздығын танытайық оларға» [30, 126], -

деген өлеңінде ақын «жалғыз Ай» деп қазақ мифіндегі «Ай-ару мен Күн-күйеу аспанда ғашық-машықтар екен. Екеуі әркез қараңғылықты қуғындаймыз деп бір-бірімен кездесе алмай қойыпты. Содан екеуі жалғызсырап үнемі бір-бірін сарыла, сағынышпен күтумен болады екен. Бірақ біреуі күндіз, біреуі түнде жүретін болғандықтан оларға бірге болу жазылмаған екен. Сол себепті екеуі де жалғыз күн кешуде» деген сюжетінің сарыны бойынша айтып тұр.

«Аспаны шайхылардың Айға ғашық

Азғырған әзәзілге майдан ашып» [30, 89], -

деген жолдарында аспан шейхыларының Айға ғашық деуіне тағы да «ай – өте керемет, сөзбен айтып жеткізуге келмейтін асқан сұлу болған екен» дейтін мифтік сюжет негіз болған.

Солярлық мифте кездесетін Күн нұры мотиві — қазақ танымындағы ескі тәңіршілдік дінінің бір көрінісі. Бұл мотивті көптеген шығармалардан кездестіреміз. Ақын Қашаған Күржіманұлының «Адай тегі» атты шығармасын алайық. Шежірелік бағытта жазылған аңыз-хикаяда Адайдың анасы Қанбибі серуен құрып жүріп ұйықтап кетіп, жүкті болады:

«…Ұйқыға көзі ілінді.

Ұйықтап көзі ілінсе

Байдың қызы Қанбибі,

Шымырлаған бір нәрсе,

Тұла бойға білінді,

Төмен қарай жүгірді,

Құрсағына кідірді.

Қанбибі шошып оянды,

«Не болды, — деп, — ой, Алла-ай?»

Жан-жағына қарады,

Қарап тұрса нәрсе жоқ,

Көңілін қасірет қамады.

Хазірет қызыр пайғамбар

Қыдырып жүрген күн екен

Қанбибі жатқан шамадан.

Одан хамила болынып,

Құдіретке жолығып,

Біздің асылымыз содан жаралған» [31, 55].

Ақын Адайдың Күн сәулесінен жаралғандығын алға тартып, Күн нұрын Қызыр пайғамбармен теңестіреді. Ақын Адай ғана емес, тарихта Айса пайғамбардың, Шыңғыс ханның арғы тегінің «атасыз» жаралғандығынан да хабардар етеді. Яғни Күн нұрынан жаралу машығы — адамның ерекше сипатпен өсуіне «кепіл» беретін жағдаят деген ұғым қалыптасса керек. Ақын айтып отырған Шыңғыс ханның атасы Тәңірбердінің Күннен жаралғандығы жөніндегі миф — соның айғағы. Бұл аңызда бір хан күн нұрынан жүкті болған қызын алтын қайыққа отырғызып, өзенге ағызып жібереді. Ол алтын қайықты Домбауыл мерген мен Шаба-соқыр көреді, Домбауылдың қалай атайын деген сауалына «қия ат» деп жауап берген Шаба-соқыр сөзі кейін ру атына (қият) айналады. Домбауыл қызды алып кетіп, одан Шыңғыстың атасы Тәңірберді туған екен дейді.

Халық фольклорында, әсіресе, ертегі-эпостарында ғайыптан туу мотиві кең кездеседі. Ғайыптан туу мотивінің негізгі мәні — халықтың ойынан шығатындай «мінсіз» адам туралы арман, адамның ерекше сипатпен жаралып, өмірде де айрықша текті болуына тілектестік. Күнді қастер тұтудың басты негізі халықтың оны Көк Тәңірімен тығыз байланыста, басқаша айтқанда, Тәңірдің «елшісі» деп түсінуінен болуы да мүмкін. Халық Күннің киесі бар деп ұқты, ал Жердің де қасиеті бар деп, әрдайым құт мекен іздеді. Оғыз қаған туралы шығарманы алайық: «Күндерде бір күн Оғыз қаған бір жерде Тәңіріге жалбарынып отыр еді. Қараңғы болды. Көктен бір жарық (сәуле) түсті. Күннен аян, айдан қуқылырық еді. Оғыз қаған (көк жарыққа қарай) жүрді, көрді. Көрсе әлгі жарықтың арасында бір қыз бар екен, жалғыз отыр екен. Артықша көрікті бір қыз екен. Ол қыздың маңдайында оттай сәуле шашқан бір меңі бар екен. Алтын-қазықтай екен. Осы қыз көрікті еді: күлсе Көк Тәңірі (нің өзі) күлетіндей, жыласа Көк Тәңірі (нің өзі) жылайтындай еді. Оғыз қағанның оны көргенде жаны қалмады. (Ол) қызды алып үйіне (кетті). (Оны) сүйді, алды. Бірге жатты. Тілегі қабыл болды. (Сол қыз) жүкті болды. Күннен күн өтіп, түннен түн өтіп, көзі жарыды, үш ер бала туды, Біріншісіне Күн (деп) ат қойды, екіншісіне Ай деп ат қойды, үшіншісіне Жұлдыз (деп) ат қойды» [32, 63] Уақыт өте келе, Күн нұрының сакральдық мәні жойыла бастады, оларға жұрт енді тек жаратушының ерекше бір жаратылысы ретінде қарады. Әдебиетте «Күн» бейнесі поэтикалық астарға бірден еніп кетті. Поэзияда ақындықтың, шығармашылықтың тотемі ретінде де қаралды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет