Тақырыбы: Кәсіби ұйымдардың аккредиттелуі
Дәріс жоспары:
1 Кәсіби ұйымдар
2 Кәсiби ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi
3 Аккредиттеу туралы куәлiктен айыру
1 Кәсiби ұйымның аккредиттелуi уәкiлеттi орган бекiткен нысандағы аккредиттеу туралы куәлiкпен расталады. Аккредиттеу туралы куәлiктiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында күшi бар.
Кәсiби ұйымдар коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және өз мүшелерiнiң жалпы жиналысында қабылданған жарғының негiзiнде жұмыс iстейдi.
Кәсiби ұйымдардың құрылымы мен жұмыс органдары олардың жарғыларымен айқындалады.
Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар ғана кәсiптiк ұйымдардың құрылтайшылары және қатысушылары бола алады. Кәсiби ұйымдардың саны аккредиттеуге өтiнiш берерден үш ай бұрын аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар аудиторлар жалпы санының кемiнде бестен бiрiн және аудиторлық ұйымдар жалпы санының кемiнде бестен бiрiн құрауға тиiс. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар бiр ғана кәсiби ұйымның мүшесi бола алады.
Аудиторлардың - кәсiби ұйымдар мүшелерiнiң ұйымның басқару органына сайлауға және сайлануға құқығы бар.
Аудитор немесе аудиторлық ұйым кәсiби ұйымның құрамынан шығарылған жағдайда, мұндай аудитордың немесе аудиторлық ұйымның кәсiби ұйымның шешiмiмен белгiленген мерзiмде, бiрақ шығарылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзiм iшiнде кәсiби ұйымға кiруге құқығы жоқ.
2 Кәсiби ұйымдар:
1) аудиттiң дамуына, оның тиiмдiлiгiн арттыруға, аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың қызметiн ұйымдастыруға және үйлестiруге ықпал етуге;
2) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың аудит стандарттары талаптарын, Әдеп кодексiн сақтауын қамтамасыз етуге;
3) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың жұмыс тәжiрибесiн талдауға, қорытуға және таратуға;
4) мемлекеттiк, қоғамдық, шетелдiк және халықаралық ұйымдарда аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың мүддесiн бiлдiруге;
5) өздерiнiң қатысушылары болып табылатын аудиторлардың, аудиторлық ұйымдардың аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға байланысты дауларын қарауға;
6) аудиторлық ұйымдардың рейтингiн өткiзуге және оларды мерзiмдi баспа басылымдарында жариялауға;
7) бухгалтерлiк есеп және аудит бойынша халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуға;
8) аудиторлық қызмет саласында оқулық әдебиеттердi, әдiстемелiк ұсынымдар мен мерзiмдi баспа басылымдарын әзiрлеуге, шығаруға және таратуға;
9) аудит стандарттары және аудиторлық қызметтiң өзге де мәселелерi бойынша ұсынымдар беруге;
10) сапаға жүргiзiлген сыртқы бақылау қорытындысы бойынша аудит стандарттары мен Әдеп кодексiн бұзуға жол берген тұлғаларды кәсiби ұйымнан шығаруға құқылы.
Кәсiби ұйымдар:
1) аудиторлық қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексiн сақтауға;
2) аккредиттеудi алған сәттен бастап үш ай iшiнде Бiлiктiлiк комиссиясының құрамына өз өкiлдерiн жiберуге;
3) өз мүшелерiн Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiмен қамтамасыз етуге;
4) Әдеп кодексiн әзiрлеуге және оны қабылдауға;
5) аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыруға;
6) аудиторлардың бiлiктiлiгiн арттырудың оқу бағдарламаларын әзiрлеуге және оны бекiтуге;
7) уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аудиторлардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiнде курстар өткiзуге, курстан өткенi туралы сертификаттар беруге;
8) мүшелер қабылдаған (шығып кеткен, шығарылған), сондай-ақ басқару жұмыс органының дербес құрамы өзгерген жағдайда, осы өзгерiстер туралы уәкiлеттi органға хабарлауға;
9) Бiлiктiлiк комиссиясына "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою туралы ұсыныс енгiзуге;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға өз қызметi туралы ақпарат беруге мiндеттi.
3 Кәсiби ұйым, егер:
1) өз мүшелерiнiң сапасын сыртқы бақылауға мiндеттi тексеру жүргiзбесе;
2) өз өкiлдерiн белгiленген мерзiм iшiнде Бiлiктiлiк комиссиясының құрамына жiбермесе;
3) кәсiби ұйым тарапынан өтiнiш жасалмай бiр жыл iшiнде кәсiби ұйымға мүше он аудиторлық ұйым аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензиясынан айырылса;
4) соңғы үш жыл iшiнде Аккредиттеу ережесiн жүйелi түрде (қатарынан екi реттен артық) бұзса;
5) уәкiлеттi органға өзi және өз қызметi туралы көрiнеу жалған ақпарат берсе;
6) уәкiлеттi органның ескерту жасаған себебi үш ай iшiнде жойылмаса, аккредиттеу туралы куәлiгiнен айырылады.
Кәсiби ұйымдар уәкiлеттi органның шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасауға құқылы.
№ 5 дәріс
Тақырыбы: «Аудитор» бiлiктiлiгiн беруге
кандидаттарды аттестаттау
Дәріс жоспары:
1 "Аудитор" бiлiктiлiгiн беруге кандидаттарды аттестаттау
2 Бiлiктiлiк комиссиясы
3 "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою
1 Жоғары бiлiмi бар және соңғы бес жыл еңбек стажының кемiнде үш жылында экономика, қаржы, бақылау-тексеру немесе құқық салаларында немесе жоғары оқу орындарында бухгалтерлiк есеп және аудит бойынша ғылыми-оқытушылық қызмет саласында iстеген адамдар аттестаттауға жiберiледi.
Аттестаттаудан өткен адамдар "аудитор" бiлiктiлiгi берiлгенi туралы бiлiктiлiк куәлiгiн және бiлiктiлiк куәлiгiнiң нөмiрi, тегi, өз аты, сондай-ақ өзiнiң қалауымен - әкесiнiң аты көрсетiлген аудитордың жеке мөрiн алады.
"Аудитор" бiлiктiлiгiн беру туралы шешiм Бiлiктiлiк комиссиясы айқындайтын мерзiмдiк баспасөз басылымдарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жарияланады.
Аттестаттаудан өтпеген адамдар одан қайтадан өтуге Бiлiктiлiк комиссиясы белгiлеген тәртiппен жiберiледi.
2 Бiлiктiлiк комиссиясын оның құрылтайшылары болып табылатын кәсiби ұйымдар құрады және ол ереже негiзiнде жұмыс iстейдi.
Бiлiктiлiк комиссиясы ұйымдық-құқықтық мекеме нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады.
Бiлiктiлiк комиссиясының құрамы кәсiби ұйымдардың өкiлдерiн тең жiберу арқылы алқалы басқару органдарының шешiмiмен олардан айыру құқығымен құрылады. Бiлiктiлiк комиссиясының құрамына уәкiлеттi органның және уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша басқа да мүдделi мемлекеттiк органдардың өкiлдерi байқаушылар ретiнде кiре алады.
Бiлiктiлiк комиссиясының төрағасы болып кәсiби ұйымдардың алқалы басқару органдарының ұсынуы бойынша комиссия мүшелерiнiң арасынан аудиторлық қызметпен айналысатын аудитор төрт жыл мерзiмге кезекпен сайланады.
Бiлiктiлiк комиссиясының қызметiн қаржыландыруды және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi кәсiби ұйымдар тең көлемде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырады.
Бiлiктiлiк комиссиясы аудиторлар тiзiлiмiн жүргiзедi.
Бiлiктiлiк комиссиясы шешiм қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға "аудитор" бiлiктiлiгi берiлген не "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшi жойылған адамдар туралы ақпаратты табыс етуге мiндеттi.
3 "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн Бiлiктiлiк комиссиясы:
1)дербес:
- "аудитор" бiлiктiлiгiн беруге кандидаттарды аттестаттауға жiберу үшiн берiлген мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған;
- сот тәртiбiмен аудитор әрекетке қабiлетсiз немесе оның әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;
үш ай iшiнде кәсiби ұйымға кiрмеген;
- сот клиентке көрiнеу дұрыс емес аудиторлық есеп бердi деп таныған;
аудиторлық қызметпен айналысуға сот тыйым салған жағдайда жояды;
- кәсiби ұйымның ұсынысы бойынша:
Бiлiктiлiк комиссиясы өзiне қатысты тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдаған аудитор тексерудiң сапалы жүзеге асырылуы үшiн барлық қажеттi құжаттарды бермеген;
- аудит стандарттары мен Әдеп кодексiнiң талаптары сақталмаған жағдайда;
Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын бұзған жағдайда уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша жояды.
"Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою туралы шешiм кәсiби ұйымдарға хабарланады және Бiлiктiлiк комиссиясы айқындайтын мерзiмдi баспа басылымында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жарияланады.
"Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшi жойылған адамдар қайта аттестаттауға кем дегенде үш жыл өткеннен кейiн жiберiледi.
Бiлiктiлiк комиссиясының "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою туралы шешiмiне аудитор сот тәртiбiмен шағым жасауға құқылы.
№ 6-7 дәріс
Тақырыбы: Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың
құқықтары мен міндеттері
Дәріс жоспары:
1 Аудиторлардың құқықтары мен міндеттері.
2 Аудиторлық ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi
3 Аудиттелетiн субъектiнiң құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі
4 Аудиторлық қызметті сақтандыру
1 Аудиторлар:
1) аудиттелетiн субъектiнiң аудит жүргiзуге арналған шарттың талаптарын орындау үшiн қажеттi бухгалтерлiк және өзге де қаржы-шаруашылық құжаттамасын алуға және тексеруге;
2) аудиттелетiн субъектiнiң лауазымды адамдарынан аудит барысында туындаған мәселелер бойынша ауызша және жазбаша нысандарда түсiндiрме алуға;
3) кәсiби ұйымдардың шешiмiне сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
Аудиторлар:
1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексiн сақтауға;
2) үш жылда кемiнде бiр рет кәсiби ұйымдарда бiлiктiлiгiн арттыру курсынан өтуге;
3) бухгалтерлiк есеп жүргiзу мен қаржылық есептiлiк жасауда анықталған елеулi кемшiлiктер туралы ақпаратты аудиттелетiн субъектiге беруге;
4) "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiн алғаннан кейiн үш ай iшiнде кәсiби ұйымға кiруге және өзiнiң кiргенi туралы Бiлiктiлiк комиссиясына хабарлауға мiндеттi.
2 Аудиторлық ұйымдар:
1) аудит жүргiзу әдiстерiн дербес анықтауға;
2) аудит жүргiзуге арналған шарттың талаптарын орындау үшiн қажеттi бухгалтерлiк және өзге де қаржы-шаруашылық құжаттамаларын сұратып алуға және тексеруге;
3) Аудиторлық қызмет туралы заңның 24-бабында көрсетiлген тұлғаларды қоспағанда, әр түрлi бейiндегi мамандарды аудит жүргiзуге қатысуға шарттық негiзде тартуға;
4) аудиттелетiн субъект аудит жүргiзуге арналған шарттың талаптарын бұзған жағдайда аудит жүргiзуден не аудиторлық есептi беруден бас тартуға;
5) аудиттелетiн субъектiнiң қаржы-шаруашылық қызметтерiне байланысты құжаттамаларды толық көлемде, сондай-ақ осы құжаттамада есепке алынған мүлiктiң нақты бар-жоғын тексеруге құқылы.
Аудиторлық ұйымдар:
1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексiн сақтауға;
2) сапаны сыртқы бақылауды жүргiзу үшiн жағдайлар жасауға, сондай-ақ аудиторлық ұйымның аудиторына, аудиторлық ұйымның қызметкерлерiне қатысты тағайындалған тексеру кезiнде жәрдемдесуге;
3) мемлекеттiк тiркелуден кейiн үш ай iшiнде кәсiби ұйымға кiруге;
4) кәсiби ұйымнан ерiктi түрде шыққаннан кейiн бiр ай iшiнде басқа кәсiби ұйымға кiруге;
5) Аудиторлық қызмет туралы заңның 24-бабында көрсетiлген мән-жайлардың салдарынан аудит жүргiзудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлауға;
6) бухгалтерлiк есеп жүргiзу мен қаржылық есептiлiк жасауда анықталған елеулi кемшiлiктер туралы ақпаратты аудиттелетiн субъектiге беруге;
7) өздерi мүшесi болып табылатын кәсiби ұйымды аккредиттеуден айырған кезде үш ай iшiнде басқа кәсiби ұйымға кiруге;
8) аудит жүргiзу мiндеттi болып табылатын қаржылық ұйымдарға аудит жүргiзу нәтижесiнде айқындалған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы аудиттелетiн субъектiлердi хабардар ете отырып, қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлауға;
9) Лицензиялау ережесiне сәйкес уәкiлеттi органға есептiлiктi, сондай-ақ уәкiлеттi орган бекiткен нысан бойынша өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру жөнiндегi ақпаратты беруге мiндеттi.
Мемлекеттiк органдардың, аудиттелетiн субъектiлердiң және кез келген үшiншi тұлғалардың аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың қызметiне заңсыз араласуына жол берiлмейдi.
3 Аудиттелетiн субъект:
- аудиторлық ұйымнан аудит жүргiзуге қатысты заңнаманың талаптары туралы қажеттi ақпарат алуға;
- аудиторлық ұйымның ескертпелерi мен қорытындыларына негiз болған нормативтiк құқықтық актiлермен танысуға;
- аудиторлық ұйымнан қаржылық есептiлiктiң, басқа да ақпарат пен өзге де құжаттардың заңнамаға сәйкес келмейтiнi анықталғаны туралы ақпарат алуға;
- аудиторлық ұйым шарт талаптарын бұзған жағдайда оның көрсететiн қызметiнен бас тартуға құқылы.
Аудиттелетiн субъект:
- аудиторлық ұйымға уақтылы және сапалы аудит жүргiзуi үшiн жағдай жасауға, қажеттi құжаттамаларды табыс етуге, ауызша немесе жазбаша нысанда түсiндiрме және түсiнiк беруге;
- егер шартта өзгеше көзделмесе, аудитке тиiстi мәселелер ауқымын шектеу мақсатында аудиторлық ұйымның қызметiне араласпауға;
- аудиторлық ұйымның талап етуi бойынша қажеттi ақпарат алу үшiн үшiншi тұлғалардың атына өз атынан жазбаша сауал жолдауға мiндеттi.
Аудиторлық ұйымның шарт бойынша мiндеттемелерден туындайтын талаптарын орындау аудиттелетiн субъект үшiн мiндеттi.
Аудиттелетiн субъект аудиторлық ұйымға аудит жүргiзу үшiн берген қаржылық есептiлiк пен өзге де ақпараттың толымдылығы мен дұрыстығы үшiн жауапты болады.
Мiндеттi аудит жүргiзуден жалтарған не оны жүргiзуге кедергi жасаған, не оны жүргiзудi Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қамтамасыз етпеген заңды тұлғаның басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Аудит жүргiзу аудиттелетiн субъектiнi табыс етiлген қаржылық есептiлiктiң және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмегенi үшiн жауаптылықтан босатпайды.
4 Аудиторлық ұйымдар аудиттi жүзеге асыру кезiнде мүлiктiк зиян келтiрудiң салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру шартын жасасуға мiндеттi.
Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
№ 8 дәріс
Тақырыбы: Аудиттің мамандық этикасы
Дәріс жоспары:
1 Кәсіби аудиторларға қойылатын талаптар
Кәсіби аудиторларға этикалық тұрғыдан өзін-өзі ұстау мәнері аса маңызды болып табылады. Бизнес саласында екі әдептілік аспект бар – жалпы әдеп (рухани аспект) және кәсіби әдеп (іс-тәжірибелік аспекті).
Әдеп кең мағынада өнегелік принциптері мен нормаларының жүйесі, жеке тұлға, қандай да бір қоғамның немесе кәсіби топтағы адамдардың өзін өзі ұстау әдепі ретінде баяналады. Іс жүзінде әр түрлі әдептілік нормалары мен ережелердің түрлері, оның ішінде аудиторлардың, дәрігерлердің, заңгерлердің, әскерилердің және т.б. кәсіби кодекстері бар.
Кәсіби бухгалтерлердің халықаралық Федерациясының (КБХФ) “Кәсіби аудиторлардың этикалық кодексінен” бірқатар үзінділерді келтірейік.
Мақсаттары. Аталмыш кодекске сәйкес аудитордың кәсібі төмендегі мақсаттарды көздейді:
-
ең жоғары стандарттардың талаптарына сай жұмыс істеу;
-
қоғамның мүддесі соны талап ететіндіктен, ең жоғары кәсіби деңгейге жету.
Кодекстің негізгі принциптері:
Сенімділік – қоғамға дұрыс ақпараттар және сенімді ақпараттық жүйелер қажет.
Кәсіптенгендік – қоғамда клиенттер, жұмыс берушілер және басқа да мүдделі жақтар бухгалтерлік есеп саласында кәсіптенген маман ретінде көрсете алатын тұлғаларға деген қажеттілік бар.
Қызметтердің сапасы – аудиторлар көрсететін барлық қызметтердің ең жоғары стандарттарға сай келетіндігіне кепілдік қажет.
Нанымдылық (көз жеткізгендік) – аудиторлардың кәсіби қызметін пайдаланушылар көрсетілген аудиторлық қызметтерді реттейтін кәсіби этиканың тұжырымдамалық негізі бар екендігіне көз жеткізген болуға тиіс.
Негіз болатын принциптер. Бухгалтерлік кәсіптің мақсаттарына қол жеткізу үшін кәсіби аудиторлар бірқатар ұйғарымдарды немесе негіз болатын принциптерді сақтауға тиіс.
Оларға төмендегілер жатады:
Адалдық – кәсіби аудитор өзінің кәсіби қызметін адал атқаруға тиісті.
Әділдік (объективтілік) – кәсіби аудитор әділ болуға және қате түсініктерді немесе қате қарым-қатынастарды, мүдде қақтығыстарына немесе әділдікті ескермеуге бағытталған қандай да бір әсер етуші факторларды болдырмауға тиісті.
Кәсіби жетік білімділік және тиісті ұқыптылық – кәсіби аудитор өзінің кәсіби қызметтерін тиісті ұқыптылықпен, жетік біліммен және зор зейінмен көрсетуге, сонымен бірге ол клиентке немес жұмыс берушіге өзінің кәсіби білімін іс-тәжірибенің, заңнамалардың, әдіснамалардың соңғы жетістіктеріне негізделген, жетік білімді кәсіби қызмет көрсетуді кепілдендіретін деңгейге дейін тұрақты түрде көтеріп отыруға міндетті.
Ақпараттардың құпиялығын сақтау – кәсіби аудитор өзінің кәсіби қызметін көрсету кезінде алынған ақпараттардың құпиялығына құрметпен қарауға тиісті және кез-келген ондай ақпараттарды (заңдық немесе кәсіби құқық не болмаса міндет ондадай ақпараттарды жариялауды талап есетін жағдайларды қоспағанда) тиісті арнайы рұқсатсыз пайдаланбауға және жария етпеуге тиісті.
Кәсіби мінез құлық – кәсіби аудитор өз кәсібінің беделін түсіретін мінез-құлықтардан аулақ болуға тиісті, яғни оның мінез-құлқы осы кәсіптің беделіне сай іс-әрекеттер мен әдістерге сәйкес болуға тиісті. Бухгалтерлердің халықаралық федерациясына қатысушы ұйымдардан этикалық принциптерді жасау (құру) кезінде кәсіби аудитордың өз клиентерінің, үшінші жақтардың, аудиторлық кәсіптің басқа мүшелерінің, персоналдың, жұмыс берушілердің және қоғамның алдындағы жауапкершіліктерінің мөлшерін қарастыру талап етіледі.
Техникалық стандарттар – кәсіби аудитор техникалық және кәсіптік стандарттарға сәйкес кәсіби қызмет көрсетуге тиісті. Кәсіби аудиторлар клиенттердің немесе жұмыс берушілердің нұсқауларын тиісті ұқыптылықпен және шеберлікпен орындауға міндетті. Одан басқа аудиторлар кәсіби бухгалтерлердің халықаралық федерациясы жасап ұсынған (мысалы, халықаралық аудит стандарттары), бухгалтерлік есептің халықаралық стандарттары жөніндегі комитет, басқа да реттеуші органдар жасаған, тиісті заңдарға сәйкес жасалынған техникалық және кәсіптік стандарттардың талаптарын сақтауға тиісті.
№ 9 дәріс
Тақырыбы: Аудиторлық дәлелдеулер
және оның түрлері
Дәріс жоспары:
1 Аудиторлық дәлелдеудің түсінігі және түрлері
2 Аудиторлық процедуралар және олардың сипаттамасы
3 Аудиторлық дәлелдеулерді алу көздері
1 Тексеріс кезінде алынған аудиторлық дәлелдеулері тура және жанама болып екі түрге бөлінеді.
Тура дәлелдеулер – алғашқы құжаттармен және есеп тіркемелерімен расталған куәлік. Жанама дәлелдеулерге осы мәселе бойынша фактілерге тікелей қатысы жоқ куәліктер жатады. Мысалы тексерілген ұйымның қаржылық есептілігінде мәнді қателіктердің болмауы ішкі аудит жүйесінің сенімділігінің жанама куәлігі.
Аудиторлық дәлелдеулер сыртқы, ішкі және аралас болады. Ішкі аудиторлық дәлелдеулерді клиенттен алады. Үшінші жақтан және басқа ұйымдардан алынған болса ақпарат сыртқы дәлелдеу болып саналады. Клиенттен алынған сыртқы ақпарат көзімен дәлелденген ақпарат аралас дәлелдеулерге жатады. Сыртқы дәлелдеулер анағұрлым құнды және сенімді болып табылады (мысалы, клиенттің банктік шотынан алынған үзінділер). Одан кейін аралас дәлелдеулерді, ең соңында ішкі дәлелдеулерді атауға болады.
Аудиторлық дәлелдеулердің сапасы оларды алу көзіне тәуелді болады. Олар құжаттардан, клиенттің қызметкерлері мен үшінші тұлғаларды ауызша сұрау арқылы және кәсіпорында есептік және басқа да операциялардың орындалу барысын тікелей аудитордың қадағалау арқылы алынуы мүмкін. Сенімділігі мен шынайылығы жағынан аудитордың өзі алған ақпарат құнды болып келеді. Құжаттық дәлелдеулер мен клиенттің жазбаша түсініктемесі ауызша алынған дәлелдеулерден сенімдірек болады.
Егер де аудитор әр түрлі көздерден алынған дәлелделерді жұмыс барысында қолданса, онда аудиттің дұрыс шешім қабылдамау тәуекелділігі азаяды. Егер де бір ақпарат көзінен алынған дәлел екінші ақпарат көзінен алынған дәлелге қарама-қайшы келсе, онда аудитор ақпарат жинаудың тереңдетілген процедураларын пайдалануы керек, сөйтіп, жиналған дәлелдеулердің шынайылығына және қабылдаған шешімінің негізділігіне сенімді болады.
Егер аудитор аудиторлық дәлелдеулерді жеткілікті түрде жинай алмайтын болса, онда ол бұл фактіні өзінің есебі мен қорытындысында көрсетуі керек.
2 Аудитор тексеріс кезінде аудитор қаржылық есептілік ұйымның шынайы қаржылық жағдайын дұрыс бейнелейтіндігіне кепілдеме алу үшін белгілі бір процедуралар орындайды. Аудиторлық процедуралар деп аудиттің әрбір сатысында қандай да бір куәлік түрлерін жинау ерекшеліктерінің нақты нұсқаулықтарын айтады. Дәлелдеулер жинау барысында аудитор келесі процедураларды қолдануы керек:
-
нақты тексеріс,
-
растау,
-
құжаттық тексеріс,
-
қадағалау, сұрау,
-
механикалық дәлдікті тексеру,
-
талдау тестілері,
-
сканерлеу,
-
зерттеу,
-
арнайы тексеру,
-
сараптау,
-
қарсы тексеру және басқалары.
Жинақталған аудиторлық дәлелдеулер аудитордың жұмыс құжаттарында бейнеленеді.
3 Аудиторлық дәлелдеулерді алу көздеріне мыналар жатады:
1) қаржылық есептілік;
2) бухгалтерлік тіркелімдер (есептік және бақылау);
3) экономикалық субъектінің және үшінші жақтардың алғашқы құжаттары;
4) статистикалық есептілік;
5) салық салу бойынша есеп беру;
6) жарғылық құжаттар, келісім-шарттар, бұйрықтар мен басқа да әкімшілік құжаттар;
7) қаржылық- шаруашылық қызметтің нәтижелерін талдау;
8) субъекті қызметкерлерінің және үшінші тұлғалардың ауызша берген деректері;
9) субъектінің құжаттарын бір-бірімен салыстыру, және де ұшінші тұлғалардың құжаттарымен салыстыру;
10) түгендеу нәтижелері;
11) басқармаға жазбаша және ауызша түрде түсініктеме беруі туралы сұрау жазу.
Сонымен, аудиторлық қорытынды жасауға негіз болатын аудитордың қорытынды пікірлерін тұжырымдау процессінде пайдалануға алатын ақпараттары, яғни аудиторлық дәлелдеулері жеткілікті, толық, анық және сенімді болуы қажет. Аудиторлық дәлелдеулердің сапасы, сенімділігі оларды алу көздеріне және ақпараттың сипатына байланысты.
№ 10 дәріс
Тақырыбы: Аудиторлық мәнділік
Дәріс жоспары:
-
Мәнділік туралы түсінік және мәнділік деңгейін анықтау
2. Қателіктердің мәнділігін бағалау және оның аудиттегі маңызы
1 Мәнділік деңгейі деп бухгалтерлік есептілікте кездесетін, білікті пайдаланушыны дұрыс қорытынды жасау және дұрыс экономикалық шешім қабылдау мүмкіндігінен жоғары ықтималдықпен айыратын қателіктің шекті шамасын айтады.
Мәнділік деңгейінің абсолютті мәнін анықтағанда аудитор субъектінің есептілігінің шынайылығын сипаттайтын неғұрлым маңызды көрсеткіштерін негізге алуы керек. Олар бухгалтерлік есептіліктің базалық көрсеткіштері деп аталады. Кәсіпорын қызметінің салалық ерекшеліктеріне қарай базалық көрсеткіштер жиынтығы әр түрлі болып келеді.
Аудиторлық ұйым базалық көрсеткіштерден ауытқу пайызын, яғни жіберілетін үлесін бекітеді (неғұрлым мәнділеріне – екі пайыз, мәнділігі аздарға – бес пайыз).
Базалық көрсеткіштер жүйесі мен мәнділік деңгейін анықтау тәртібі құжатта көрініс тауып, тұрақты қабылданады. Кейбір жағдайларда олар өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Нақты тексеріс үшін мәнділік деңгейінің жалпы бір көрсеткішін, сонымен бірге, әрқайсысы бухгалтерлік есептің, баланс баптарының немесе есептілік көрсеткіштерінің белгілі бір тобын бағалауға арналған мәнділік деңгейінің әр түрлі мәндер жиынтығын есептеп шығаруға болады.
Аудиторлық тексеріс жүргізу барысында аудитор қателіктерді анықтап, олардың қандай-да бір базалық көрсеткіштер шамасының сомасын анықтайды және бұл шаманы мәнділік деңгейінің тиісті көрсеткіштерімен салыстырып, табылған қателіктердің қаржылық еесптілікке әсері туралы қорытынды жасайды. Аудиторлық ұйымдар тексеріс жүргізу барысында есептіліктің шынайылығын абсолютті нақтылықпен анықтауға міндетті емес, алайда барлық маңызды жағдайларда олардың шынайылығын міндетті түрде анықтауы тиіс.
Аудитор мәнділіктің сапалық және сандық жағына назар аударуы керек.
2 Сапалық жағынан аудитор өзінің кәсіби пікірін тексеріс барысында айқындалған экономикалық субъект жүзеге асырған қаржылық және шаруашылық операцияларын орындау тәртібінің Қазақстан Республикасының нормативті актілерінің талаптарынан ауытқуы мәнді немесе мәнді емес екендігін анықтауға бағыттауы тиіс.
Сандық жағынан аудитор табылған ауытқулардың әрқайсысы және олардың сомасы сандық өлшемнен-мәнділік деңгейінен басым түсуіне баға беруі қажет. Мәнділік деңгейін бекіту үшін аудитор бірнеше қадамдық процедураларды жүзеге асырады:
1 қадам. Мәнділік туралы алдын-ала пайымдау
2 қадам. Мәнділік туралы алдын-ала пайымдауды сегменттер бойынша қолдану
3 қадам. Сегменттегі жалпы қателіктерді бағалау
4 қадам. Сомалық қателіктерді бағалау
5 қадам. Сомалық бағаны мәнділік туралы алдын-ала пайымдаумен салыстыру.
Егер де бір уақытта біріншіден, аудит барысында белгіленген және болжанған қателердің жалпы сомасы мәнділік деңгейінен біршама аз болса және екіншіден, аудитордың кәсіби пайымдауы бойынша субъектінің есеп жүргізу және есептілік әзірлеу тәртібінің тиісті нормативті құжаттардың талаптарынан ауытқуларының сапалық айырмашылықтары елеусіз болса, онда аудитор тексерілетін субъектінің есептілігі барылық маңыздылығы жағынан шынайы болып табылады деген шешімге келе алады.
Алайда жоғарыда аталған жағдайлардың тым болмаса біреуі орындалмаса, онда субъектінің қаржылық есептілігі сенімді болып табыла алмайды.
Аудит барысында мынандай жағдайлар да туындауы мүмкін:
1. қаржылық есептілікте анықталған және болжанған қателердің жалпы сомасы мәнділік деңгейінен басым немесе азырақ, бірақ жалпы алғанда мәнділік деңгейінің шамасына жақын болады.
2. субъектінің есеп жүргізу және есептілік әзірлеу тәртібі мен тиісті нормативті құжаттардың талаптары арасында айырмашылықтар болса да, анықталған айырмашылықтар мәнді боп табылмайды.
Мұндай жағдайда аудитор өзінің кәсіби пікіріне сүйене отырып, осы жағдай бойынша тексерілген қаржылық есептілікте мәнді заң бұзушылықтардың болуы туралы шешім қабылдау немесе қабылдамау жауапкершілігін алуға немесе аудиторлық есепке тиісті ескертулерді кіргізу туралы қорытынды жасауға міндетті. Бұл ретте оқиғаны дәл анықтау үшін қосымша аудиторлық процедуралар жүргізу қажет болуы мүмкін.
№ 11 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |