«Адал да арлы адамнан ғана тамаша ғалым шығады, сондықтан ғылым жолының табалдырығын адал атта», - деп жетелеп келе жатқан шәкіртіңіздің ыстық ықыласы.
Ұстаз туралы бір үзік ой...
Жұмыр жер үстінде жаны жайсаң, көңілі дархан, шапағат-мейрімі мол жандар аз емес қой. Соның бірі, бірегейі менің ұстазым, жетекшім, ғалым – Советхан Баянұлы Тлеубаев.
Қазақ ғылымына еңбегі сіңген, қазақ әдебиетінің корифейлері З.Қабдолов, Т.Кәкішев сынды алыптардың шәкірті Советхан ағайдың әдебиетке қосқан үлесі аз емес. Қазақ әдебиетінің, ғылымының уығын шашпай, шаңырағын шайқалтпай ұстап тұра алатындай ұлттық, замана сипаттарының бәріне ие тұлғалардың бірі. Советхан ағай нағыз ұстаз! Ағайдан тәлім алған шәкірттер мен қайраткерлер де, әдебиет пен ішкі істер органдарында белді қызмет істеп жүрген азаматтар да соның дәлелі. Ағай алдында отырған шәкірттерін тазалыққа, кішіпейілділік пен ғылымдағы адалдыққа тәрбиелейді. Адамгершіліктен аттамауға баулиды. Ұлағатты шәкірт тәрбиелеп, рухты ұл мен ұлтжанды қыздардың ертеңгі айтулы азамат болып қалыптасуына ықпал етуде.
Ұстаздың әр сабағы тұжырымды ойға, құнды мағлұматтарға толы. Шәкірттерін өзімен тең көріп, қалжыңмен араластыра айтқан, парасатқа толы әр сөзі бізді ғылым мен әдеби ортаға одан ары жақындата түсетіндей. Алаш зиялылары туралы, ұстаздары туралы, әдебиет пен мәдениет, фольклор туралы айтқанда шаршауды білмейтін ұстазымыздың терең білімі мен тың толғаныстарына таңдана отырып, жалықпай тыңдайтынымызды жасырмаймыз.
Ағайдың ғылым мен ұстазға деген адалдықты, ғылыми этиканы сақтауы – бүгінгі жас зерттеушілер, бізге үлгі.
Білімді, білікті, түсінік-танымы кең, парасатты азамат еңбек жолын мемлекеттік жолдамамен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушылық қызметтен бастап, аға оқытушы, филология факультетінің деканы қызметін атқарған. Ағай «Арқалық батыр жырының нұсқалары» тақырыбы бойынша диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған. Ол кісінің ғылыми жұмыстарының негізгі бағыттары: қазақ әдебиетінің тарихы, фольклор, тарихи жырлар, шет елдегі қазақтардың фольклорын зерттеуге арналған. Тарихи жырға арқау болған тарихи шындық пен көркемдік қиялдардың арақатынасы, Қытайдағы қазақ фольклортануының деңгейі және т.б. өзекті мәселелер жөнінде зерттеген.
Жоғарыда айтқанымдай, ағай «Арқалық батыр» жыры туралы монография жазды. Жырдың бірнеше нұсқаларын жинап, «Алпамыс батыр», «Шора батыр», т.б. жырлармен салыстыра отырып, пікір түйген, кейбір ортақ мотивтерін де анықтаған. Зерттеуші соңғы кезге дейін айтылып, сақталып келген жырдың барлық нұсқаларын толық қамтып, кешенді түрде талдап-зерделеген. Ағай жыр нұсқаларын қашан, қай уақытта кімдер жырлаған, қалай жырлаған дейтін мәселелерді басшылыққа ала отырып, жырды мазмұнына, образдар жүйесі мен көркемдік-тілдік өзгешеліктеріне қарай үш түрге бөліп зерттеп, қазақ руханиятының танымдық-тағылымдық, эстетикалық құндылығы зор бағалы мұрасын қазақ әдебиетінің алтын қорына ұсынды.
Советхан Баянұлы Тлеубаев 1 монография, 3 оқу құралы мен 30-дан астам мақаланың авторы. Сонымен қатар, ҚР ІІМ Алматы Академиясының қазақ және орыс тілдері кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі қызметтерін де атқарған.
Мына тұрлаусыз дүниеде атақ пен қызмет, марапат әркімге де бұйырар. Бірақ нағыз атақ, марапат, ұстазға шәкірттің берген бағасы деп білемін. Себебі, әр уақытта алдыңа келетін заманы мен қоғамы басқа студентті білім нәрімен сусындатып, ғылым шыңына жол сілтеуі ерен еңбек, білім мен біліктілікті талап етеді. Қоғамның көшін алға сүйреу үшін саналы шәкірт тәрбиелеу – өте күрделі мәселе. Сол жанкештілікті қолға алып, қазақ баласының кеудесіне білім мен ғылым дәнін егіп жатқан ұстазыдарымыздың бірі де – Советхан ағайымыз. Сондай игі істері нәтижесін беріп те жатыр.
Жалпы ғылым жолы – өзімен-өзі тынбай әрекет жасап, үйренуден, ізденуден жалықпайтын, еңбекқорлық қасиетті талап ететін таза болғанымен, шөлге шөп өсіргендей бейнеті көп жол. Сол жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жұмысына талабы қатты, ойы озық, биік рух пен бірегей болмыстың иесі - ұстазымыз бүгін асқарлы алпыс жастың шыңына шығып жатыр екен. Әр әңгімесі тарихи деректерге бай һәм терең ұлағатты ұстазымызға «Әдебиет» деген сымбаты бөлек сырлы әлемнің қашанда төрінде жүруді тілейміз! Ғылымға бүкіл жаратылысыңызбен аянбай жасап келе жатқан еңбегіңіз еленіп, ұлт пен қалың елдің құрметіне бөленіп жүре беріңіз! Әдебиет пен ғылым деп соққан жұдырықтай жүрегіңіз мәңгі соқсын!
Ізгі ниетпен: шәкіртіңіз, І курс докторанты
Анар Қуандыққызы Бағашарова
Достарыңызбен бөлісу: |