МӘШҺҮр жүсіп көпеев шежіресі- тарихымыздың дерек көЗІ



Дата25.11.2019
өлшемі29.85 Kb.
МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЕВ ШЕЖІРЕСІ- ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ДЕРЕК КӨЗІ
Қазақтың бірегей тарихи ұлы тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің (1858–1931 жж.) жеке өмірбаяны әр қилы сырларға толы. Жасынан білімге деген құмарлығы белгілі бола бастайды. Ақын өз ғұмырында ел аузындағы аңыз-дастандарды, ертегілерді, қиссаларды жинап, одан басқа өзінің шығармашылығынан туындаған жазбаларын жазып қалдырған. Осындай шығармашылыққа толы өмірі көзі тірісінде-ақ аңызға айналғаны белгілі. Бала кезінен мұсылманша хат таныған Жүсіп Көпейұлы шығыс жауһарларымен сусындап өскен. Орыс тiлiн жетік меңгеріп, Батыс өркениетімен де танысқан ол тарих, этнология, фольклористика, əдебиет, тiл тарихы, этнография, философия, медицина, космология сияқты ғылым салаларына арналған көптеген еңбектерді жазып қалдырды. Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы Баянауылдағы Қызылтаудың Найзатас деген жерде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Адам. 7 жасар кезінен-ақ халық әдебиеті үлгілерін жинаумен айналыса бастаған.Он бас жасынан бастап ақындық жолға бой ұра бастайды. Мұса Шорманұлы ауылына қонақ болып келгенде кішкене баланың өнеріне тәнті болыпты. Ақын баланың әкесіне «Сопы, мына балаңа мұнан былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен! - деп айтқан екен. Содан кейін «Жүсіп» - деген атына «Мәшһүр» аты қосақтала бастайды. Біраз уақыт ауылда бала оқытып, қаржы жинайды. Білімге ұмтылып, 1886 жылы Бұхараға келіп, діни жоғары оқу орнында оқиды. Ары қарай оқуын Ташкентте жалғастырып, Орта Азияны аралайды. Осы сапарында түрколог - академик В.В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинап бастыру ісімен айналасады. Осылайша қазақ фольклорының жүйелі жинақтаушысы болды.

Атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіптің көп қырлы талант екені елге мәлім. Қаршадайынан оқыған, оқып қана қоймай, көңіліне мол дүние тоқыған білімдар. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің публицистикалық шығармаларына арқау болған қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдай сипатталған. Ақынның өмірібаянына тоқталатын болсам: Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы қыс мезгілінде қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде Найзатас деген жерде дүниеге келген. Нәрестеге ата-баба салтымен азан шақырып, атын Жүсіп деп қояды. Бұл жөнінде ақын кейіннен «Өмірбаян» атты өлеңінде:



Жасымда қойылған ат адам Жүсіп,

Жұрт кеткен сүйгенінен Мәшһүр Жүсіп.

Қолыма қағаз, қалам алған шақта,

Кетемін қара сөзге желдей есіп, — деп еске алады.

Ақын бес жасынан бастап ауыл молдасынан дәріс алған. Жастайынан еті тірі, зерек бала Хамар Хазірет деген үлкен оқымысты молданың алдынан жеті жыл бойы сабақ алады. Молда бір ғана дін сабағын емес араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады. Кітаптың тек қарасын танытып қоймай, ішкі мазмұн, мән-мағынасына дейін тәптіштеп түсіндіреді. Арабтың, парсының тілін үйтетеді. Мәшһүр бір жыл ішінде хат танып, өнер-білімге, әдебиетке құмар болып өседі. Жеті-тоғыз жасында «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» сияқты халық жырларын, шығыс қиссаларын жатқа айтқан. Сол себепті де Мәшһүр деген атқа ие болады. Он бес жасында медреседе оқып жүріп өлең жаза бастайды. Он бес жастынан бастап өмірінің бәрін өлеңмен жеткізген десек те болады:

Жабысты маған өлең он бес жаста,

Жұрт айтты: «Не қыласың» — деді баста

Дегенмен қоя алмадым үйренген соң,

Мінім жоқ қылған жұртқа мұнан басқа.

Шүкірлік, бергеніңе, құдай патша,

Он бесте шабыттандым жүйрік атша.

Бір күндер ұйықтап жатқан мезгілімде,

Кеудеме өлең толды сызған хатша[1].

Мәшһүр Жүсіп есейе келе ел ішіндегі ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды, сонымен қатар бала оқытумен де айналысады. Ел көріп, жер көріп, өз білімін әрі қарай тереңдету мақсатында Ташкент, Бұхар, Түркістан сияқты ірі қалаларға бірнеше рет сапар шегіп, Шығыс мәдениеті, Шығыстың ғұлама ғалымдары мен ақын, ойшылдарының шығармаларымен жақыннан танысады.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларында көтерілген мәселелердің бүгінгі күнгі өзектілігі айтылып жүргені мәлім. ХХ ғасырдың басында Ресей өзінің орыстандыру саясатын ашық жүргізе бастады. Қазақстандағы шұрайлы жерлерге мұжықтарды қоныстандыру,  қауымдық жерлерді тартып алу, күнкөріс жерден айыру қазақ қоғамының әлеуметтік бөлшектелуін де туғызды. 1905-1907 жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов,Мұхаммеджан Тынышбаев т.б. қазақ зиялылары патша өкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған саясатына қарсы шықты. Мәшһүр Жүсіптің де саяси қайраткер болып шыңдалуына елде болып жатқан өзгерістер әсер етпей қоймады. Оның публицистикалық қызметінің қолға алуымен және алғаш кітап шығаруы да осы кезеңде болған еді. Яғни, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 1907 жылы «Қазан» баспасынан үш кітабы жарыққа шығады. Атап айтсам: «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы», «Хал-ахуал». Ақын бұл үш еңбегінде қазақ даласын жайлаған әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті сынға алған болатын. Және осы кітаптардын жарыққа шығарғаны үшін Қазандағы кітап шыққан баспахананың иелері – ағайынды Хусайыновтарға 12 мың сом көлемінде айып салынып, 14 кісіні айыптап сотқа тартқан. Осыдан барып 1907 жылы Мәшһүр Жүсіп сапарға шығуға мәжбүр болды. Себебі аталмыш кітаптардың шығуына байланысты патшаның заң орындары Мәшһүр Жүсіпті қамауға алуға бұйрық берсе керек. Ендігі жерде оның соңына түсіп, ізін аңдығандар көбейеді. Мәшһүр Жүсіптің жоғарыдағы кітаптарының үшеуі де, қатал сынға алынып, Қазан полицмейстері арқылы қудаланғаны мәлім [2]. Мәшһүр Жүсіптің «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы»  еңбегінің бірнеше нұсқасы бар. Олардың барлығы да «Мәшһүр Жүсіп» көп томдық шығармалар жинағына Қуандық Мәшһүр Жүсіповтің басшылығымен жарыққа шыққан. Аталмыш кітаптың бірінші, қолжазба түріндегі нұсқасы Нартай Қуандықұлы Жүсіповтің әзірлеуімен алғаш «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында басылды [3]. Ақынның үш бірдей кітабы – "Көп жасағаннан көрген бір тамашамыз”, "Хал-ахуал”, "Сарыарқаның кімдікі екендігі” атты жыр жинағы жарық көрсе, "Миғраж”, "Хаятбақшы”, "Қорқыт”, "Гүлшат-Шеризат” деп аталатын қисса-дастандарын, публицистикалық этнографиялық еңбектерін, халық ауыз әдебиетін жинаудағы қыруар жұмысын атасақ та жеткілікті. Қуандық Мәшһүр-Жүсіповтің әулеттік мұрағатында аталмыш еңбектер сақталған[4]. Ақын бұл шығармаларында да көпшілік қауымды еңбекке, оқу-білімге, адалдыққа үндейді. Әсіресе қолыңнан келгенше кісіге жақсылық істе, кедей-кембағалдың қажетін өтеу адамдық борышың дегенді көрсетіп, халық үмітін ақтарлық игілікті ісің болмаса, кісі санатына қалай қосылмақсың? – деген пікір қорытындылайды. Ал, адалдық, адамдық жайындағы толғамды ойларын өлең, мақала, аңыздың айналасында ғана айтпай, көптеген дастан да жазған. Оларды жоғарыда атап өттік. Мәшһүр қазақтың көптеген білікті адамдарымен кездескен. Атап айтсам: атақты Қажымұқан балуан. Ол онымен 1925 жылы таныс-біліс болып, екеуі Баянауылда бірнеше күн бірге жүріпті. Бірі ақын, бірі балуан – өнер адамдары іштей түсінісіп, қыл өтпес дос болып, қимай-қимай ажырасыпты. Сондай-ақ, Атбасар дуанының тұрғыны Мейрам Жанайдарұлымен де сырлас дос болыпты. Бұл кісі өз заманының оқымысты адамы екен. Арабша, парсыша, орысша сөйлей де, жаза да біліпті. Айрықша қасиеті – ауыз әдебиетін көп жинапты. Сонымен бірге "Мың бір түннің” бір тарауын өлеңмен жырлап, 1895 жылы "Дала уалаяты” газетінің 41-49 нөмірлерінде жариялапты. Мейрам жырлаған бұл дастан Ү.Сұбханбердина құрастырған "Қисса-дастандар” (1986 ж., 28-32-беттер) атты кітапқа енді.

Мейрам қара сөзбен емес, тақпақтап, мақалдап-мәтелдеп сөйлейді екен. Оның бізге жеткен мұрасы жоқтың қасы. Ол адамға Мәшһүр Жүсіп мінездеме бере келіп: "Ақылды адамда күлкі де жоқ, ашу да жоқ, кемдік көріп, тарығып сасу да жоқ, басына Қап тауындай бақыт қонса, шалқасынан шалқайып тасу да жоқ”, – деп бағалапты.

Мәшһүр Жүсіп ел ішін көп шарлап, ақсақалды қарт, ақ самайлы әжелердің аузынан халық ауыз әдебиетін жинайды. Сол мақсатпен кейде баратын ауылына жете алмай далаға қонса, кейде таудың ішіндегі бұлақтың басына түнеген екен.

Ақын мал соңында салпақтап күндіз-түні еңбек етіп жүрген кедей шаруаның ауыр азабын, жетім мен жесірдің көз жасын өлеңге қосты. Сол қиындық бейнебір өз басынан өтіп жатқандай сезінді:

Болмайды түн күндізсіз, күндіз-түнсіз,
Ай кірсіз деген сөз бар, Құдай мінсіз,
Шаттық пенен қапалық кезек нәрсе,
Бірінен соң бірі бар артық – кемсіз, – деген жолдармен дүниенің бірқалыпты тұрмай өзгеретінін, алдағы жақсы күннен күдер үзбеу керектігін жырлайды, елге демеу, сүйеу болып, басу айтады. Біз осы жолдардан ақын өз қара басының ғана қамын ойлап қоймай, өзгенің де өзегіндегі өксігін, өкінішін бар жанымен сезіне алатындығын көреміз.

Кейде қара қылды қақ жаратын туралығымен де Мәшһүр Жүсіп ел ішінің пысық­тарына жақпай қалатын кездері болыпты. Сол себепті бірде момын шаруалармен көңілі өсіп жүрсе, бірде өзін жүдеп-жадап жалғыз қалғандай сезінеді. Ондайда ол қасқайып тұрып жырлап кететін:

Бұл сөзім алты алашқа таныс болсын,
Адамзат ермін десе намыс болсын.
Бір Құдай болысқанға дұшпан оңай,
Көптігі қопадағы қамыс болсын[4].

Мәшһүр Жүсіп еңбектерінің ішінде қазақ шежіресіде орын алған болатын. Еліміз егемендігін алып, қазақ тарихын қайта жазуға ұмтылған тұста қазақ шежіресінің тарихымыздың негізгі дерек көздерінің бірі екендігі дәлелдене түсті. Олардың қатарында кейінгі жылдары басылып шыққан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қазақ шежіресін», Нұржан Наушабаевтың «Манзумат қазақиясын», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» жатқызамыз. Жекелеген қаһарман тұлғаларды сипаттау барысында ел тарихын шежіре сипатында баяндаған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінің маңызы зор. Мәшһүр Жүсіп тарихты жазуда жер тарихын, ел тарихын, жеке адам тарихын біртұтас сипатта қарастырып, өзара тығыз қарым-қатынастар жүйесінде баяндайды. М.Ж.Көпеев қолжазбасы – халқымыздың тарихына өз үлестерін қосқан қаһарман тұлғалар хақында фольклорлық нұсқалардың, жазба зерттеулердің, зерттеуші автордың өз ой-пікірлерінің өзара байланыстырылған мағлұматтарының аса мол казынасы. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қазақ шежіресінде» қазақтың шежіресін былайша тарқатады: Алаштан Сейілхан, Жайылхан атты екі бала тарайды. Соның Сейілханынан сегіз арыс түркімен таратылады да, Жайылханның ұрпағы туралы шежірешілер екі түрлі пікір таратады. Соның бірінде Жайылханнан Қазақ, Созақ, Ұзақ деген үш бала дүниеге келеді. Осының Созағы қарақалпақтардың, Ұзағы қырғыздар мен хакастардың түп атасы деп есептейді. Ал Қазағынан келіп Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген балалар дүниеге келеді. Олардан Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз тараса керек. Екінші нұсқада Алаштың екінші баласы Жайылханнан үш бала емес, бір ғана ұл Майқы болады. Майқыдан Өзбек және Сыбан деген екі ұл туады. Сыбаннан Айырқалпақ, Айырқалпақтан Қазақ пен Созақ, Созақтан Қарақалпақ, ал Қарақалпақтан Ақарысты таратады. Қырғыздардың ақ айыр қалпақ киетіндігі осыған байланысты болса керек[5].

Барлық өмірін болашақ ұрпаққа мол рухани мұра қалдыруды мақсат еткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің ғұмырын өнегелі тіршілікке айналдырады. Сондықтан оның барлық рухани мұрасын зерттеу және осындай асыл перзентінің ұлағатты өмір жолы мен ерең еңбегін лайық. Қазақ халқының қайдан шыққаны, оның жүздерге бөлінуі туралы мәселе кейінгі кезеңдерде де көп толғантқан. Осы мәселе бойынша Шәкәрім өз шежіресінде «қазақтардың шығу тегі, нәсілі арабтардан емес, түп төркіні көне түрік әлемінде жатыр» деп тұжырым жасаса[6], ал Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Бұл қазақ деген кеше мен бүгін қойылған ат емес, заман-заманнан айтылып келе жатқан ат. Араб тілінде «ұғызақ» деп жазылған, шағатай түркісінде «хазағ» деп, өзіміздің жуан тілде «қазақ» деп жазылған»деп қазақ этнониміне қысқаша шолу жасап, қазақтың шығу тегін қазақтардың алғашқы ханы-Алаш пен оның балаларымен байланыстырып солардың ұрпағы деген ұғым қалыптастырады[6]. Баспа бетінде жарияланған “Қазақ шежіресі” туындысын зерделей қарастырсақ та, Мәшһүр Жүсіптің жеке адамдар тарихын жер тарихымен, ел тарихымен байланыстыра баяндағанын көреміз. Оның үстіне М.Ж. Көпеев жалғыз қазаққа ғана емес, түркі халықтарына да ортақ тарихи тұлғалар: Нәрікұлы Шора (Қазан), Әмір Темір (Самарқан), ер Едіге (Алтын Орда) туралы шежіре нұсқаларын жазып алып, ара - арасында оларға деген өз көзқарас-пікірін келтіреді [5].

Мәшһүр қолжазбасындағы ел билеушілері (XV ғ.-ХVПІ ғ.ғ. аралығы) қазақ хандары тарихы сөз болады. Шежірелік-жылнамалық сипатта жазылған бұл шығармаларда атақты билеушілердің іс-әрекеті қысқаша, тартымды баяндалынып, шежірешінің өз пікірлері де қатар беріледі. Керісінше, тарихи дерегі жұтаң, белгісіз хандардың есімдері ғана аталынып өтеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы “Қазақ түбі” еңбегінде әз Жәнібек ханнан бастап әз Тәуке ханға дейінгі хандар тізбегін таратады. Мәшһүр Жүсіп шежіресінде Тахир хан, Тоғым хан, Бойдас хан т.б. белгісіз билеушілердін тек есімдері ғана аталынып өтіледі. Ал атақты, даңқты хандар тарихын баяндауларында Мәшһүр Жүсіп Қасым ханды “Жошы ханның өзінен соң Дешті Қыпшақты толық меңгеріп билеген” хан, “қазақ хандарының пируай дөкейі”; Хақназар ханды “қайратты кісі”, “батыр хан”; әз Тәуке ханды “ақылды кісі, табанды кісі”,“терең ойлы долық милы, дөкей ірі хан” ретінде бағалайды. Мәшһүр Жүсіп жазбаларында Алаша ханға қатысты берілген мәліметтер тарих ғылымы тұрғысынан арнайы қарастыруды қажет етеді. Мәшһүр Жүсіп Көпеев хандар тізіміне Алаша ханды, Ормамбет ханды т.б. қосады. Бірақ, “Атасының аты білінбей, өз аты шыққан ерлер” еңбегінде оның тарихта кім болғаны халық жадында ұмытыла бастағанын атап көрсетіп, енді бір хандар тізімінде Алашаны қазақ билеушілерінен бөліп алып жеке қарастырады: “Қазақтың өз сыбағасына арналып хан болғандар: “Қасқа жолды” Қасым хан, “Ескі жолды” Есім хан, “Күлтебеде күнде кеңес” атанған әз Тәуке хан, олардан соң 48 жыл хан болып билеген Абылай хан. Қазақта хан болып, заң шығарып, халық қатарына қосқандар - осы айтылған хандар. Алды-арты жоқ Алаша хан деген бір хан билеген. Қазақ 3 жүзге бөлініп; Ұлы жүз Үйсін, Орта жүз Арғын, Кіші жүз Алшын атанғаны; “Алаш” деп ұран шақырысып: “Алаш- алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш болғанда, ұранымыз Алаш болғанда”,-деп айтатын заман болған”[7].



Ұлы ойшыл өзінің өлер сәтін болжап, сол сәтке үлкен дайындық жұмыстарын да жүргізгені де баршамызға аян. Ал енді Мәшһүр Жүсіптің денесінің 21 жыл ашық жатуы - әлі күнге дейін жұмбақ. Мәшһүр Жүсіп үлкен баласы Шәрәпиденге: «Мен өлгеннен кейін қырық бір жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады»,- деп өсиет етеді. Біреулер денесін шірітпейтін арнайы дәрілік шөптер ішкенін айтады. Ондай дәрі болса басқа әулиелер не болмаса бақсылар, тіпті байлар неге қолданбады екен... Тіпті топырақтың құнарлылығын да алға тартанындар бар. Қалай болғанда да күн сәулесінің қаншалықты көлемде түсетіні мен зиратының басынан шығатын, биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр жалпақ ақ тасты қабырғаға ілгізуі жұмбақ күйінде қалмақ. Қалай дегенмен де бұл - Алланың әмірімен болған жағдай. Д.Әбілев өз естелігінде: «Біз барғанда Мәшекең болашақ мавзолей-зиратының астыңғы қабатынан лайықталатын бөлме - өзі жататын орнын қазып жатқандардың қасында тұр екен. – Қазыңдар! Терең қазыңдар. Мәшһүр қашып кете алмайтындай етіп қазыңдар! - деп сылқ-сылқ күледі де, - және кең қазыңдар. Он-он бес адам сыятындай кең болсын. Кірпіштері берік қалансын, - деді. – Тірлігінде ұры-қарылардың, озбыр, қиянатшыл, аю мінез әкімдердің қара халыққа жасаған қиянатын қызыл тілмен қылыштаған Мәшһүрдің шатағы аз боп па? Тірімде тістері батпаған сол сойқандар мен көз жұмғансын өш алуға үстімнен арыз жаудырып, мұңкір-нәңкірге тергеттірмей қоймас. Сонда менің мұндағы дұрыстығымды қорғауға бірнеше періштелер келерКең қазыңдар, - деп Мәшекең сылқ-сылқ күлді. Қазушылар да күлді», - деп жазады.

Қорытындылай келе, бүгінде Мәшһүр Жүсіп өмір сүрген біздің ортамыз бөлек. Дегенмен қазақ жері, қазақ тілі, қазақ салт-дәстүрі,қазақ тарихы шежіре мәселелері тәуелсіз қазақ елі үшін көкейтесті мәселе болып қала бермек. Жоғарыда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туылған кезіне бір шолу жасап, өлеңдеріне тоқталып, Мәшһүр Жүсіп тарихты жазуда жер тарихын, ел тарихын, жеке адам тарихын біртұтас сипатта қарастырып, өзара тығыз қарым-қатынастар жүйесінде баяндаған еді. Ақынымыздың шығармашылығы- халқымен бірге жасай береді. Ақын Еңбектері тарихи тұлғаларымызды ғана емес, жалпы қазақ тарихына қатысты мәселелерді де жан-жақты қарастыруымызға мол мүмкіндік береді.

Бүгінде ғұлама әулиенің мұрасын насихаттау бағытында әртүрлі шара ұйымдастырылып келеді. Мәшһүртану мен Мәшһүр Жүсіп оқулары жыл сайынғы дәстүрге айналып, жас ұрпақ ұлы ғұламаның еңбектерін санасына терең сіңіруде. Заманында қатарынан озық туған көрнекті тұлға ақындығымен қатар тарих, әдебиеттану, өлкетану, шежіре жинақтау салалары бойынша мол мұра қалдырды. Бірақ өкінішке орай ақынның қолжазбаларының көбі түрлі себеппен сақталмаған. Әсіресе, Кеңес заманында көптеген шығармасы қасақана құртылды. Мәшһүр Жүсіптің ел ішінде көріпкел-әулиелігімен танылғаны белгілі. Оған өзінің дүниеден қайтатын ай-күніне дейін дәл біліп, бір жыл бұрын асын бергізіп 21 І бөлім. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмір жолы кетуі дәлел. Ақынның шығармалары жиырма том болып басылып жатыр. Бірнеше диссертациялар да жызылды. Ғылыми мақалалар көптеп шығарылуда. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының зерттелмеген мұрасының өзі әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз.

Оның еңбектері келешек ұрпақты өткен дәуірлерге қатысты тарихи мәліметтермен байыта түседі және бір қарағанда кездейсоқ болып көрінетін қазақтардың қоршаған ортамен байланысын, олардың тарихи үрдістегі әлемдік тарихтың дамуындағы рөлін анықтауға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік таңы атып, ақын мұраларын кеңінен насихаттала түсуге мүмкіндік алды. Ақын атында Мәшһүртану мен Мәшһүр Жүсіп оқулары ұйымдастырылып, жылдағы дәстүрге айналды. Осындай ата- бабаларымызды дәріптеп болашақ ұрпаққа, олардың еңбегін кеңінен насихаттау — бүгінгі ұрпақтың парызы!



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Мәшһүр Жүсіп. Шығармалар, 1- том, Павлодар, ЭКО, 2003.

  2. Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Таңдамалы. Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1990 ж.

  3. «Қазақ әдебиеті» газеті, №4, 1994 ж.

  4. Мәшһүр Жүсіп шығармалары. Павлодар: «ЭКО», 2004 жыл.

  5. Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. 2-ші бас.толық.- Астана: «Алтын кітап», 2007,-233б.-(Қазақ этнографиясының кітапханасы, 32-ші том).

  6. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі.- Алматы: «Қазақстан» және «Санат», 1991. -80 б.

  7. Көпейұлы Мәшһүр Жүсіп. Ит дүние.-Алматы.-2008ж.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет