Студенттерге шетел журналистикасының тарихы пәнін оқыту әдістері



Дата21.06.2016
өлшемі122.73 Kb.
#152410
СТУДЕНТТЕРГЕ ШЕТЕЛ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ТАРИХЫ ПӘНІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Қазiргi шетел баспасөзiнiң тарихын оқытудың журналист мамандары үшiн орны ерекше. Әртүрлi елдер журналистикасына бүгiнгi күнi жаңаша көзқарас қалыптасып келеді. Қазақстанның қазiр шетелдермен байланысы нығайған кезеңде баспасөз ұйымдарының жұмысымен жақынырақ танысуға үлкен мүмкiндiктер туып отыр. Болашақ журналистердi даярлау барысында әлем баспасөзiнiң тарихымен кеңiрек таныстырып, теориялық бiлiмдерiн ұштаудың сәтi келді. Әлем журналистикасының тарихы, оның iшiнде Еуропа елдерi, Америка мен басқа шетелдердiң барлық бұқаралық ақпарат құралдарының пайда болуынан қазiргi кезеңге дейiнгi жағдаймен танысуға мүмкiндiк мол.

Бұл пәнді оқыту барысында Батыс Еуропа елдерiнде «демократия сақшысы» атанып отырған АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Испания, Италия баспасөз тарихының кезеңдерiне кеңiнен тоқталу көзделеді. Әр елдiң журналистикасының ерекшелiктерi мен басқа ел ақпарат құралдарының тигiзiп отырған әсерi, тарихындағы елеулi оқиғалардың журналистикадағы көрiнiсi қандай деген сауалға студенттiң өзi жауап беруіне талпындыру мiндеттеледi. Қазіргі әлем баспасөзiнiң пайда болуы мен қазiргi кездегi даму деңгейi, журналистиканың шынайы өмiр шындығын көрсету дәрежесiне талдау жасалады. Бұл пәнді оқыту барысында әр елдiң журналистикасының ерекшелiктерiне, қоғамдық жағдайды суреттеудегi шеберлiгiне, журналистиканың қоғамдағы алатын орнына баға беруге студенттердi баулу көзделеді. Оқыту барысының негiзгi мiндеттерiнiң бiрi - шетелдiк газет-журнал, теледидар мен радио, ақпарат агенттiктерiнiң жұмыстарының жақсы жақтарын меңгертумен қоса, болашақта өз iстерiнде озық тәжiрибелердi пайдалану мүмкiндiгiн алады.

Қазiргi шетел журналистикасы түрлi ерекшелiктерге толы. Өйткенi ол әрбiр елдiң экономикалық-әлеуметтiк және саяси даму деңгейiнiң әр түрлiлiгiмен айқындалады. Әлем құрылықтарының әр түкпiрiндегi елдердiң iшкi жағдайы мен көптiлдiлiгi бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiне әсер етпей қоймайды. Журналистиканың даму эволюциясы қай кезде де түрлi деңгейде болды. Ол елдiң экономикалық даму дәрежесiне, саяси құрылымына, сол саяси күштердiң ара салмағына байланысты екенi аян. Бұқаралық ақпарат құралдарының бұдан басқа да аудиториялық және таралымдық көрсеткiштерге әсер ететiн факторлары аз емес. Олар әр елдiң қалыптасқан дәстүрi, салты, саяси партиялар мен бұқаралық қозғалыстарға көзқарасы, әкiмшiлiкке бөлiну принциптерi, жеке меншiк иелерi немесе атақты династияларда қалыптасқан салт-дәстүр, көршi елдердiң ықпалы, әлемдiк экономикалық интеграцияның әсерi және әлемдiк спутниктiк байланыс жүйесiн меңгеру деңгейi деуге болады. Мiне, осы принциптер негiзiнде әлем журналистикасын жоғарыдағыдай төрт бөлiкке бөлiп қарастырған жөн.

Баспасөз, теледидар, түрлi бұқаралық ақпарат құралдарының үлкен жиынтығы ретiнде қалыпты жұмыс iстеуi үшiн журналистика қызметiнiң өмiршеңдiгiн қамтамасыз ететiн жүйесi кең инфрақұрылым пайда болып, белсендi дамуы тиiс. «Инфра»-латын сөзi, «төменгi» деген мағына бередi. Бұл жүйе, бiр жағынан, газет, журнал, телерадио ұйымдарының табысты қызмет етуiн тиiстi қажеттiлiктермен жабдықтайды, екiншi жағынан, ақпараттық өнiмдi тұтынушыға жедел жеткiзудi қамтамасыз етедi. Осындай инфрақұрылымсыз кез-келген редакция жағдайы нашарлайды, себебi жалғыз қызмет ету ауыр, қиын, қымбат болады және жұмыс бояу екпiнмен жүзеге асады. Инфрақұрылымның маңызды бөлшектерi болып мыналар табылады: ақпарат агенттiктерi және ақпарат алмасу қызметтерi, өндiрiстiк-техникалық бөлiмдер, байланыс қызметi, жеткiзу және тарату жүйесi, БАҚ жұмысын ғылыммен қамтамасыз ету институттары және оларға кадр дайындау. Баспасөз және хабарлау ұйымдарының, адамдардың ассоциациялары, тiркеу мен лицензия беретiн және БАҚ қызметiнiң бағдарламасын дұрыс өткiзудi қадағалайтын мемлекеттiк ұйымдар. Сонымен қатар, журналистика қызметiне кейбiр жағдайда прокуратура және сот ұйымдары араласады. Бiрiншiлерi журналистика саласындағы заңның орындалуын қадағалайды, екiншiсi заң актiлерi бұзылған жағдайда азаматтық және қылмыстық iстердi қарастырады.

Ақпараттық агенттiктер мен қызметтер - ол телеграфтық, баспасөз және аудиовизуалды ақпарат агенттiктерi, баспасөз және пресс-орталық, бұқарамен байланыс қызметтерi, жарнама қызметтерiнiң жүйесi. Бұл ұйымдар ақпаратты жинау мен өндiруде, оның таратылуы және онымен БАҚ ұйымдарын жабдықтауда, журналистермен қатынастарды реттеуде түрлi қызмет атқарады. БАҚ түрлi ақпараттық қызметтермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қазiр оларды БАҚ-тың қатарына жиi қосады, себебi ақпараттық қызметтер бұқаралық ақпарат таратумен айналысады. Бiрақ олардың газет, журнал, радио, телевидениеден айырмашылығы, бұқаралық аудиторияға тiкелей шықпайды, керiсiнше, өзiнiң ақпаратымен газет, радио, журнал, телевидение және т.б. қамтамасыз етедi. Кейде олар бұқаралық ақпарат құралдарының құрылтайшысы ретiнде де болады. Мысалы, Ресейде «ИТАР-ТАСС» агенттігі «Эхо планеты» журналын шығарады. Бiрақ бұл жағдайда олардың кез-келген басқа әлеуметтiк институт сияқты өзi құрып отырған басылымдар мен бағдарламаларына толық құқығы бар. Ақпараттық қызметтер газеттерден әлдеқайда бұрын пайда болған, себебi олардың ақпараты әрқашан түрлi саяси, экономикалық және басқа да қоғамдық институттарға қажет болды.

Алғашқы басылымдар кадрлары басында осы қызмет орнының жұмысшыларынан дайындалып құралған. Сондай-ақ, ақпарат қызметiнiң негiзiнде пайда болған басылымдар да бар. Мысалы, Францияның «Француз Gazette» басылымының тарихын келтiруге болады. Алайда, iрi ақпарат қызметтерi, негiзiнен журналистиканы ақпаратпен қамтамасыз етуге мамандандырылған болатын. Алғашқы ақпарат агенттiктерi XIX ғасырдың орта кезiнде пайда болды, ол кезде күнделiктi бұқаралық баспасөз белсендi қалыптаса бастады. Осы уақытта газеттердiң өз күшiмен ақпараттың қажеттi көлемiн, әсiресе, шетел жаңалықтарын ала алмайтыны анық көрiндi, тiлшiлердiң санын көбейту өте қымбат болды, себебi, телеграф арқылы, кез-келген мемлекет және аймақ абонентiне агенттiктегi бiрнеше журналистердiң түрлi оқиғалар жайлы хабар беруi қиындық туғызды. Бұл жағдай бiр мезгiлде әртүрлi Еуропа елдерінде телеграфтық ақпарат агенттiктерiнiң құрылуына негiз болды. Алғашында Францияда, кейiннен Германияда және Англияда пайда болған ағылшын ақпарат агенттiгi «Рейтер» бүгiнгi күнi де өз жұмысын жалғастыруда. Бастапқы агенттiктердiң әр салада қызмет ететiн көп тiлшiлерi болған, техникалық құралдардың шапшаңдығын пайдаланып, алғашында телеграф, кейiн телефон, телетайп, телекс, телефакс жер бетiндегi және космостағы құралдардың көмегiмен ақпараттың көп мөлшерiн жинап және өңдеп, бұқаралық ақпарат құралдарына белгiлi бiр төлем ақыға жедел түрде таратады. Бiрақ алынған хабарлар көзiне сiлтеме жасап отыру арқылы ғана пайдалануға мүмкiндiк берiлген. Осыған байланысты ақпараттың мазмұнына таратушы БАҚ жауапты болмаған. Осындай хабарды беру кезiнде қысқарту мүмкiндiгi қарастырылып, толықтыратын шолулар да берiлiп отырған. Кейiннен шолудың түрлi пішіндері, көлемдi хабарлар пайда болды. Стандарттық ақпаратпен қатар, эксклюзивтi ақпарат (ағылшынша. «еxelusibe» - «ерекше») белең ала бастады. Егер де стандарттық хабар түгел жазылған абоненттерге берiлетiн болса, ал эксклюзивтi ақпарат әдейi баспа редакциясының немесе бағдарлама тапсырыспен дайындалып, тек сол арнада ғана берiлген. Агенттiк тек арнайы хабарлар шығарып, оны белгiлi тұтынушы топтарға арнаған. Арналар арқылы факсимильдi (яғни, түп нұсқаның айнымас көшiрмесi) ақпаратты беру мүмкiндiгiнiң тууы фотосуреттiң, суреттердiң, карталардың, кестелердің, және т.с.с. фототелеграф арқылы таралуына жол ашты. Радио, ал кейiннен теледидардың пайда болуына байланысты арнайы аудиовизуалды ақпарат агенттiктерi жұмыс жасай бастады. Қазiргi таңда дербес аудио немесе бейнежазу студияларынын саны өсуде. Өзiндiк ақпараттық агенттiк ретiнде алға «Интернет» шыға бастады, оған қосылған БАҚ-тың өзiне қажеттi мазмұны мен пішіні үлкен көлемдi ақпарат алуға мүмкiндiгi бар.

Пресс-орталықтар мен қоғаммен байланыс қызметтерiн қамтамасыз ететiн министрлiктер, ведомстволар, iрi фирмалар, қоғамдық ұйымдар БАҚ-пен қатынастарын реттеу мақсатында, өздерiнiң қызметтерi жайлы халыққа хабарлау үшiн аталмыш ұйымдар брифинг немесе пресс-конференция өткiзедi. Мысалы, президенттiң пресс-қызметi және баспасөз орталығы да осындай. Ведомстволық баспасөз орталықтары БАҚ пен аталған ведомство бөлiмдерiнiң арасындағы делдал болып табылады, олар бiрнеше бағытта жұмыс iстейдi. Пресс-орталықтардың журналистерi – кәсiпқой журналистер. Олар газет, журнал, телевидение қызметкерлерiне ақыл-кеңес бередi және ведомоствоның түрлi бөлiмдерiмен байланыс жасауға көмектеседi.

Баспасөз орталықтарында мәлiметтердiң көп мөлшерi жинақталады, оны журналистер пайдаланып, пресс-релиздер дайындайды және оларды БАҚ-та жариялайды. Бұл мәлiметтер толық күйiнде немесе редакциялық өңдеуден өткен соң жарық көредi. Сонымен қатар баспасөз орталықтары түрлi газет, журнал, радио және телевидение редакцияларына жариялауға арнайы дайындаған материалдар жiберiп отырады. Кейде саяси форумдар, қоғамдық компаниялар, iрi спорт жарыстары және т.б. оқиғалар болып жатқан уақытта ұдайы қызмет атқаратын орталықтан басқа баспасөз орталықтары құрылады. Олар осы жиындарға келген журналистердi куәлендiредi. Ақпаратты көп мөлшерде жинап таратады, пресс-релиздер шығарады. Куәлендiрiлген тiлшiлермен белгiленген шара бiткенше жұмыс жасайды.

Журналистиканың ақпараттық инфроқұрлымына жарнамалық агенттiктердi де жатқызуға болады. Олар жарнамалық материалдарды дайындап, таратуға тапсырыс алады. Жарнаманы баспа беттерiнде, радио және теледидар бағдарламаларына орналастырады. БАҚ редакцияларында арнайы жарнамалық бөлiмдер бар, олар жарнама агенттiктерi және қызметтермен қатынас жасап, өздерiнiң басылымдары мен бағдарламаларының жарнамалық саясатын жүргiзедi.

Қазіргі журналистиканың даму үрдісі мен ақпараттық кеңістіктің жаһандануы әлемнің барлық елдерін қамтып, экономикалық және саяси қарым-қатынастың жедел өсуіне әсер етуде. Баспасөз, радио және телевизия, мультимедия, компьютерлік желілер мемлекет пен континентті жақындастырып, миллиондаған халықтың үйіне енді. Ақпараттық ағым қоғамдық басқару үрдісінің тетігіне айналып, оған билік басындағылар, саяси билікке таласушы топ та жүгінеді. Онымен қоса бизнес заңы бойынша өнеркәсіпте, өңдеу саласында, саудада ақпарат тарату нормалары мен ережелері күшеюде. Газет немесе журнал шығару, телевидение мен радионы иемдену тікелей табыс әкеле қоймайды, бірақ оның өзіндік пайдасы бар, жақсы иммидж қалыптастырып, қоғамдық пікір қалыптастыруға, бұқараны тәрбиелеуге көмектеседі. Бұқаралық ақпарат құралдарының, коммуникациялық үдерістiң қарқыны дамыған сайын адамның өзiне, жеке өмiрiне, әлеуметтiк өзгеріске массмедиа қатты ықпал етеді. БАҚ-тың қалыптасуы мен дамуы, әр елдегі демократияландыру мен мемлекеттiк жүйенiң өзгеру кезеңімен қатар жүредi. Шетел БАҚ-тарының тәжiрибесi ақпараттық кеңiстiктiң жаһандану шарттарын қалыптастырды. Журналистиканың дамуы, қоғамдағы әлеуметтiк-саяси және экономикалық үдерістен, техниканың, ғылымның iшкi логикасы дамуымен тығыз байланысты. Қазiргi шетел журналистикасының жан-жақты дамуының ортақ тенденциясында ұлттық ерекшелiк әлi де сақталып отыр. Баспасөз, радио және теледидардың коммерциялануы, жаңа ғылыми-техникалық табыстардың барлық жерде енгiзiлуі, Батыс, Шығыс және Орталық Еуропа, Америка, Азия елдерiнiң БАҚ-ның алдына күрделi мәселелер қойды. Дамушы елдердегi БАҚ-ты модернизациялау үдерісі әртүрлi пішінде дамып, бұқаралық ақпарат құралдары мен коммуникацияның дамуына, сол елдің идеологиялық бағытына ықпал етуде. Шетел журналистикасының тарихын зерттеп оқытудағы мақсат – жоғарғы оқу орындарындағы болашақ журналист, баспа ісі, қоғаммен байланыс мамандарын дайындау (олардың тарихи-филологиялық, әдебиет тарихы, журналистика тарихы, экономика мен философия, мәдениеттану, құқық) барысында оқылатын шетел журналистикасы тарихын толық меңгеруі тиіс. Бұл студентке журналистиканың даму заңдылығын түсінуге мүмкіндік береді. Журналистика мамандығында оқитын студенттерге шетел журналистикасының тарихын оқымай қазіргі журналистиканың жағдайын, оның дамуы мен қалыптасуын білу мүмкін емес. Шетел журналистикасы қазақстандық университеттердің оқу жоспарында оның алғашқы қадамынан бастап маңызды бөлігін құрайды. Шетел журналистикасы курсы көп салалы, ол әлемдік баспасөз, радио, телевидение, ақпарат агенттіктерінің тарихын толық қамтиды. Университеттерде шетел журналистикасын оқытқанда, көбіне Батыс елдері, АҚШ, Азия, Африка, Латын Америкасы елдері бұқаралық ақпарат құралдарының тарихы мен теориясы толықтай қамтылады.

Тарихи зерттеудің деңгейі екі фактормен анықталады: біріншісі, зерттеу мәліметтерінің толық болуы, екіншісі, материалды зерттеудегі әдістеме. Көп жылдар бойы идеологиялық бағыттағы (маркстік, большевиктік, кеңестік) журналистика қамтылып, шетел журналистикасы курсын құрайтын мәліметтер толық болмады. ХХІ ғасырда шетел журналистикасы туралы жаңа мәліметтер алуға мүмкіндік туды. Бірақ бұл барлық мәліметтер зерттелді деген сөз емес, әлі де қамтылмаған көп мәселелер бар. Журналистика тарихы мен теориясын зерттеу логика, принцип, әдістемеге негізделеді. Бұл жүйеде теорияны ұғынудағы әмбебап принцип пайдаланылған жөн. Зерттеу аспектісінде гуманитарлық ғылымдардың әдістемесінің бірі - типологиялық талдау арқылы шетел журналистикасын тарихи-теориялық және логикалық тұрғыдан қарастырған оңтайлы.



Бұл пәнді оқытудағы негізгі әдістеме тарихи болып табылады. Ол екі негізгі бағытта: синхрондық талдау – журналистік деректі қоғамдық-саяси үрдіспен байланыста қарастырып, диохроникалық талдауда – журналистік деректі елдің ішкі дамуымен байланыста зерттеуді қамтамасыз етеді. Синхрондық талдау баспасөз тарихына негізделіп, әр ел мен халықтың тарихы, қоғамдық қозғалысы қоғамның ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Мұндай БАҚ қоғамның дамуы арқылы қалыптасады. Бұл БАҚ-тың өзіне тән заңдылығы мен қоғамдық институт ретіндегі рөлін айқындау үшін маңызды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет