Азоттың оксидтері— азоттың оттекпен қосылыстары. Азот тотығы (монооксид), NO — түссіз газ; қайнау t — 151,8oС, балқу t — 163,6С; қосып алу, тотығу реакцияларына бейім. Азоттың шала тотығы (гемиоксид), N2O — түссіз газ; қайнау t — 89,5oС, балқу t — 102,4oС. Сумен, қышқылмен, сілті ерітінділерімен әрекеттеспейді, тотықпайды.
Медицинада наркоз (“шаттандырғыш газ”) ретінде пайдаланады. Азоттың қос тотығы (диоксид), NO2 — қоңыр түсті газ, қайнау t — 21,15oC, балқу t — 11,2oС. Ол азот қышқылын өндіру үшін және сұйық ракета отыны мен қопарылғыш заттардың тотықтырғышы ретінде пайдаланылады. Азотты ангидрид, N2O3 — қоңыр қызғылт түсті газ, қайнау t — 13,5oC; балқу t — 102oС; сумен азотты қышқыл (HNO2), сілтілермен нитриттер түзеді. Азот ангидриді, N2O5 — түссіз кристалл, сумен қосылып азот қышқылын(HNO3) түзеді. Жалпы азот оксидтері — физиологиялық актив заттар. Сондықтан ағза үшін зиянды. Азот әр түрлі оксидтер түзеді:
N2O, NO, N2O3, NO2, N2O5
N(I) және N(II) оксидтері тұз түзбейтін оксидтер, қалғандары қышқылдық оксидтер.
Азот қышқылы, HNO3 — тұншықтырғыш, иісі бар, түссіз, сұйық зат. Таза күйінде тығыздық 1,51 г/см3. Ол — 42oС-та мөлдір кристалға айналып қатады. Ауада су буымен майда тамшылар түзеп “түтіндейді”. Азот қышқылы жарық әсерінен біртіндеп ыдырайды: 4HNO3=4NO2+O2+2H2O. Бөлініп шыққан азоттың қос тотығы қышқылда еріп, оны қоңыр түске бояйды. Азот қышқылы аса өткір қышқыл, қуаты жоғары тотықтырғыш. Сұйытылған ерітіндісінде ол толық Н+ және NO3— иондарына ыдырайды. Көптеген металл еместер азот қышқылында өзіне тиісті қышқылдар түзгенше тотығады. Мысалы: күкірт азот қышқылмен қосып қайнатқан кезде күкірт қышқылына айналады. Азот қышқылы алтын, платина, тантал, родий, иридийден басқа металдардың бәрімен әрекеттесіп, олардың нитраттарын немесе оксидтерін түзеді. 1 көлем азот және 3-4 көлем тұз қышқылынан тұратын қоспа “патша арағы” деп аталады. “Патша арағы” Азот қышқылмен әрекеттеспейтін металдардың кейбіреуін, соның ішінде алтын мен платинаны да ерітеді. Азот қышқылы азот тыңайтқыштарын, қопарылғыш заттар, бояулар тағы басқа заттар алу үшін қолданылады. Азот қышқылының тұздары — нитраттар да суда жақсы ериді. Өндірісте азот қышқылын аммиакты оттегінің қатысуымен толықтыру арқылы алады.
Достарыңызбен бөлісу: |