ӘӨЖ: 372.854 (075) Қолжазба құқығында
ТАЛҚАНБАЕВА ГУЛСАНА КОНКИШЕВНА
8 – СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН ХИМИЯ ПӘНІНІҢ
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ
6MO11200-Химия мамандығы бойынша
педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін
дайындаған диссертацияның
РЕФЕРАТЫ
Қызылорда, 2012 ж
Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің «Химия және химияны оқыту әдістемесі» кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының кандидаты,
академиялық профессор
Сәдуақасқызы Күлбарам
Ресми оппоненті : педагогика ғылымдарының докторы,
Наурызбаева Р.А.
Диссертация 2012 жылдың «____ » маусымда сағат _____ Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінде қорғалады. ( Мекен – жайы: 120014,
Қызылорда қаласы, Аманкелді көшесі, 9- оқу ғимараты, 3-қабат, 303 аудитория )
Магистрлік диссертациямен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің
ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.
Мемлекеттік Аттестаттау
комиссиясының хатшысы,
педагогика ғылымдарының
кандидаты: К.Ш. Арынова
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеудiң көкейкестілігі. Қазіргі таңда қарқынды даму үстіндегі қоғамымыз терең білімді, шығармашылықпен жұмыс істей алатын, өзіндік әрекеттің сан алуан түрлі саласында өз білімі мен біліктерін іс-жүзінде қолдана алуға қабілетті мамандарды қажет етіп отыр және олардың кәсіби даярлығының деңгейіне және сапасына қойылатын талаптарда күшейтілуде.
²Білім туралы² Заңда мектептің міндеті тек оқушыларға білімнің жиынтығын беру ғана емес, оқушылардың өз бетінше білім алуына, өзіндік білім алудың тәсілдеріне үйрету де болып табылатындығы жайлы айтылған.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың 27-қаңтар күні Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында білім беруге байланысты мынадай мәселелерге назар аудара отырып:
«Алтыншыдан, оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Үкіметке барлық білім беру мекемелерінде жастардың осы құндылықтарды білуін қамтамасыз ету жөнінен типтік кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын. Бізде тіпті ондай оқулықтар да, жастармен дәл осы мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін оқытушылар да жоқ. Біздің жастарымыз үшін бұл өмірлік қажеттілік», - деп нақтылаған еді.
Ол үшін мазмұны мен формасы алуан түрлі сапалы оқу-әдістемелік кешендер жасалуы қажет. Оның үстіне оқу-әдістемелік кешендер мұғалімнің және оқушының өз бетінше жұмыс істеуіне оңтайлы болуы тиіс.
Адам тұлғасының еркін дамуы негізіне оның белсенділігі, өзін бақылауы және өзгеге қатынасы жататындығы ғылыми әдебиеттерде атап көрсетілген (Ю.К.Бабанский, Л.С.Выготский, Н.А.Томин, В.Я.Ляудис және басқалар).
Оқыту үдерісінде оқу-әдістемелік кешендерде берілетін тапсырмаларды ұйымдастыру проблемасы көптеген зерттеулердің зерттеу пәні болып келеді. Ал танымдық тапсырмалар тек оқу-әдістемелік кешендер арқылы берілетіндігі белгілі. Солардың ішіндегі біздің зерттеуіміз үшін маңыздыларына тоқталатын болсақ, тапсырмаларды оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру құралы ретінде (В.Н.Верховский, А.Д.Смирнов, В.С.Полосин, Л.А.Цветков, Я.Л.Гольдфарб, Р.Г.Иванова, И.Н.Чертков), танымдық әрекетті дамыту (А.С.Корощенко, Т.С.Сабиров), ұғымдарды жеке пән аясында қалыптастыру (Н.Е.Кузнецова, Э.Мамбетахунов), пәндік білім мен біліктерді қалыптастыру, білім нәтижелерін жоспарлау (М.В.Зуева, М.Ж.Жадрина), өтілген материалды жүйелеу, қорытындылау және бақылау (Н.А.Глариозов, Б.В.Иванова) тұрғысынан қарастыру болып табылады. Соңғы кездері оқыту үдерісінде бақылау және бағалау мақсатында әртүрлі деңгейлі тапсырмаларды пайдалану айрықша көкейтесті мәселеге айналып отыр (Ж.У.Кобдықова, С.К.Исламгулова, Г.Ж.Жадрина).
Оқу-танымдық тапсырмалар оқушыларды өзіндік жұмысқа да бейімдеуші құрал болатындықтан олар міндетті түрде жүйелі болуы қажет. Демек, оқу-әдістемелік кешендерге дидактикалық құрал ретінде жаңаша міндеттер жүктеліп отыр.
Зерттеудің проблемасы: бір жағынан оқушының өзіндік жұмыс істеуге дағдыланған, шығармашылыққа қабілетті іскер тұлға болып қалыптасуын қажетсініп отырған қоғам сұранысын қанағаттандыратын жалпы орта мектептегі оқу үдерісінде оқушыларды өзіндік әрекетке бейімдеу қажеттілігі мен осы мақсатта пайдаланылатын оқу-әдістемелік кешендердің мүмкiндiктерiнiң теориялық және практикалық тұрғыдан талданып зерттелуінiң жеткiлiксiздiгiнен туындап отырған қарама-қайшылықтар.
Оқу үдерісінде оқушыларды өзіндік әрекетке бейімдеу қажеттілігімен сол мақсатта пайдаланылатын оқу-әдістемелік кешендердің мүмкіндіктерінiң жеткіліксіз қарастырылуы зерттеуіміздің тақырыбын ²8-сынып оқушыларын химия пәнінің оқу-әдістемелік кешені арқылы оқыту ² деп анықтауға негіз болды.
Зерттеу нысаны – жалпы орта бiлiм беретiн мектептегi оқу үдерісінде қолданылатын жаңа типті оқу-әдістемелік кешендер.
Зерттеу пәні – 8-сынып химиясын оқыту үдерісінде оқу-әдістемелік кешені арқылы оқыту.
Зерттеу мақсаты – 8-сынып химиясын оқыту үдерісінде пайдаланылатын «Бейорганикалық қосылыстардың негізгі кластарын қорытындылау» тақырыбы бойынша жаңа типті оқу-әдістемелік кешендерді жасау, негіздеу және тиімділігін анықтау.
Зерттеудің ғылыми болжамы – егер химияны оқыту үдерісінде мұғалім мен оқушы пайдаланатын жаңа типті оқу-әдістемелік кешендердің мазмұны мен құрылымы анықталып, әдістемесі жасалса, онда оқушылардың өзіндік жұмысқа бейімділігі артып, терең білім алуға мүмкiндiк туады, өйткенi оқу үдерісiне қатысушылардың білім алуында өзiндiк әрекетке басымдылық берiледi.
Зерттеудің мақсаты мен ғылыми болжамына сәйкес мынандай негізгі міндеттер алға қойылады:
- оқыту үдерісінде мұғалім пайдаланатын тиімді оқу-әдістемелік кешендердің қолданылу проблемасының зерттелу жағдайын анықтау;
- оқыту үдерісінде оқушылардың оқу-әдістемелік кешендердің көмегімен өзіндік әрекетке бейімделуін айқындау;
- мұғалімге және оқушыға арналған жаңа мазмұнды оқу-әдістемелік кешендердің жүйесiн жасау.
Зерттеудің жетекші идеясы – қазіргі таңдағы оқыту үдерісіндегі мұғалімге және оқушыға арналған оқу-әдістемелік кешендердің педагог еңбегін әрі жеңілдететіндей, әрі жемісті ететіндей және оқушыны өзіндік әрекетке бейім, белсенді тұлға етіп қалыптастыруда тиімді болуы. Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері – тұлғаның шығармашылық белсенділігінің дамуы жайлы философиялық зерттеулер, В.Г.Афанасьевтің, В.Н.Садовскийдің, Э.Г.Юдиннің философиялық еңбектері жатады.
Зерттеу көздері: Қазақстан Республикасының ²Білім туралы² Заңы, Конституциясы, Шетелдердегі қолданыстағы нәтижеге бағдарланған білім моделі (НББМ), білім беруге байланысты қаулы, қарарлар, көрнекті философтардың, психологтердің, педагогтердің еңбектері, Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептердің “Химия” пәні бойынша жалпыға мiндеттi бiлiм стандарты, соған сәйкес даярланған типтік оқу бағдарламалары, Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, оқу-әдістемелік кешендер бойынша педагог-ғалымдардың ғылыми еңбектері.
Зерттеу әдістерi: қарастырылып отырған зерттеудiң теориялық-әдiснамалық негiзiн айқындау мақсатында психологиялық, педагогикалық, әдiстемелiк әдебиеттердi зерделеу және оларға талдау жасау; “Химия” пәнi бойынша жасалған оқу бағдарламаларына, оқулықтарға, есептер жинақтарына, әдiстемелiк құралдарға, қолданыстағы оқу-әдістемелік кешендерге ғылыми-әдiстемелiк талдау жасау; оқушылардың химиялық бiлiм, бiлiктерiнiң жайын зерттеу; пән мұғалiмдерiмен әңгiмелесу; педагогикалық эксперимент жүргiзу; сауалнамалар жүргiзу; эксперимент нәтижелерiн өңдеу және қорытындылау.
Зерттеудің негізгі базасы – эксперименттік жұмыстар Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық № 4, Қызылорда қаласының №136, Шиелі ауданының №153 мектептерінде өтті. Экспериментке 300 оқушы, 10 мұғалім қатысты.
Таңдалып алынған әдіснамалық негіз және алға қойылған мақсаттар теориялық-эксперименттік зерттеудің 2 кезеңге бөлініп өткізілетіндігін анықтады.
Бірінші кезеңде (2010-2011 жылдар) – химияны оқыту процесінде мұғалім қолданатын оқу-әдістемелік кешендер проблемасы бойынша философиялық, психологиялық-педагогикалық әдебиеттер сұрыпталып, диссертациялық жұмыстар талданды және зерттеудің бастапқы бағыты айқындалды.
Бастапқы ғылыми болжамды құру үшін ізденістік эксперимент жүргізілді. Бұл кезеңде жалпы орта білім беретін мектептің оқу жоспарлары мен бағдарламалары талданды, тиiмдi педагогикалық тәжірибелер қорытындыланды, орта мектептің дамуы жайлы құжаттар және философиялық, психологиялық-педагогикалық әдебиеттер талданды, мұғалiмдермен әңгіме, сауалнама жүргiзiлдi.
Екінші кезеңде (2011-2012 жылдар) – зерттеудің міндеттері, ғылыми болжамы нақтыланды, теориялық-әдіснамалық бағыт – дидактикалық әдіс жасалынды, оқыту үдерісінде мұғалім және оқушы қолданатын жаңа мазмұнды оқу-әдістемелік кешендердің жүйесін жасау және оны жүзеге асырып қолдану әдісі анықталды. Осы кезеңде аталған бейімділіктерді құрастыру, жетілдіру және талдауға бағытталған эксперимент жұмыстары жүргізілді. Оқу-әдістемелік кешендердің динамикасы зерттеліп, оларды пайдаланудың іс-тәжірибесі зерттеліп, жаңа мазмұнды оқу-әдістемелік кешендердің жобалары жасалды. Осы кезеңнің зерттеу әдістері: теориялық модельдеу (сауалнама, әңгімелесу); оқушының оқу әрекетінің нәтижелерін талдау; баспасөз материалдарына шолу.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
1. Оқу-әдістемелік кешендерді өзiндiк әрекетке бейiмдеу құралы ретiнде пайдалану мұғалімдерге оқушыларды әрекетке бейім, шығармашыл тұлға етіп қалыптастыруға басымдық бередi.
2. Мұғалімдерге және оқушыларға арналған тиімді оқу-әдістемелік кешендерді орынды қолдану оқушылардың білім нәтижелерін арттырудың бірден-бір тиімді тәсілі.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:
1. Жаңа мазмұнды оқу-әдістемелік кешендердің мазмұны мен құрылымы анықталып, олардың қызметi нақтыланды.
2. Жаңа мазмұнды оқу-әдістемелік кешендердің жобалары оқушыларды өзiндiк әрекетке бейiмдеудi жүзеге асыруға, оқушыны оқыту үдерісінің субъектісіне айналдыруға мүмкіндік беретін жобалар.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Зерттеу нәтижелерiн педагогикалық жоғары оқу орындарында химия пәні бойынша болашақ мұғалімдерді дайындауда, кәсіби білім жетілдіру жүйесінде мұғалiмдердi қайта даярлау мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Жаңа мазмұнды оқу-әдістемелік кешендердің жобалары, сабақ сценарийлері мен оқу-танымдық тапсырмалардың мүмкiндiктерi бойынша жасалған ұсыныстарды оқу пәндерi бойынша оқу құралдары мен тапсырмалар жүйесiн жасауда басшылыққа алуға болады.
Зерттеу нәтижелерінің дәлдігі мен негізділігі: әдіснамалық негізділігімен және зерттеудің бастапқы теориялық қағидаларының бір-біріне қарама-қайшы келмеуімен, бір сөзбен айтқанда проблеманы шешудің біртұтас тәсілімен қамтамасыз етілген және олар анықтамалық әдістеме кешенінің жасалынуымен, зерттеудің негізгі қағидаларының, ғылыми болжамның іс жүзінде дәлелденуімен және эксперимент барысында алынған мәліметтердің ғылыми өңделуі нәтижелерімен расталды.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және іс-тәжірибеге ендіру
Зерттеудің негізгі қорытындылары мен тұжырымдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде, ²Химия және химияны оқыту әдістемесі² кафедрасының отырыстарында, облыстың №4,136,153 мектептерінде, Қызылорда облыстық кадрлар біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау институтының химия пәнінің мұғалімдерінің курстарында, қалалық, аудандық мектеп мұғалімдерінің тамыз мәслихатында, облыстық педагогикалық оқуларда талқыланды. Жұмыстың негізгі мазмұны педагогика ғылымының докторы, профессор Әли Мүсілімұлының 70 жылдығына арналған «Сапалы білім беру–Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізі» және «Үздіксіз білім беру: проблемалары мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларында, Республикалық «Қазақстан мектебі» және «Химия мектепте» журналдарында жарық көрді.
Диссертациялық зерттеудің құрылымы жұмыстың міндеттері мен тақырыпты ашу логикасы арқылы анықталды және кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
ДИССЕРТАЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Қарқынды даму үстіндегі қоғамымыз іскер, шығармашылықпен жұмыс істей алатын, өзіндік әрекеттің сан алуан түрлі саласында өз білімі мен біліктерін іс-жүзінде қолдана алуға қабілетті мамандарды қажет етіп отыр. ҚР ²Білім туралы² Заңда мектептің міндеті тек оқушыларға білімнің жиынтығын беру ғана емес, оқушылардың өз бетінше білім алуына, өзіндік білім алудың тәсілдеріне үйрету де болып табылатындығы жайлы айтылған[1].
Елбасымыздың 2012 жылдың 27-қаңтар күні Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында білім беруге байланысты мынадай мәселелерге назар аудара отырып: Үкіметке, барлық білім беру мекемелерінде жастардың осы құндылықтарды білуін қамтамасыз ету жөнінен типтік кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын. Бізде тіпті ондай оқулықтар да жоқ,-деді[2].
Жастарға химиялық білім беру туралы көзқарас химия ғылымының даму кезеңдеріне сәйкес қалыптасты. Орыстың атақты ғалымдары М.В.Ломоносов атом-молекулалық ілім мен массасының сақталу заңының негізін қаласа, Д.И.Менделеев ашқан периодтық заң және периодтық жүйе, А.М. Бутлеровтың органикалық заттардың құрылыс теориясы орта мектептегі химия курсының теориялық негіздері болып табылады.
В. Н.Верховский, Л.М. Сморгонский, Я.Л.Гольдфарб химияның жүйелі курсының бағдарламасын жасап оқулықтар жазса, Л.А.Цветков, Ю.А. Ходаков, С.Г.Шаповаленко орта мектептегі химия курсының мазмұны мен құрылымын ғылыми жағынан негіздеді. Химияны оқытудың ұйымдастыру формаларын жетілдіруді Д.И.Кирюшкин, химияның негізгі ұғымдарын қалыптастыру, химияны оқыту құралдарын жасау мен тиімді пайдалану әдістемесін С.Г.Шаповаленко, Н.Е.Кузнецова, химияны оқытудың өндіріспен байланысы және химиядан тереңдетіп білім беру мәселелерін Д.А. Эпштейн, химиялық эксперименттің теориясы мен сарамандығын В.С.Полосин, К.Я.Парменов, органикалық химияны оқыту мәселелерін Л.А. Цветков, химияның теориялық негіздерін оқыту әдістемесін Г.И. Шелинский, В.П. Гаркунов, химияны оқытудың басқа пәндермен байланысын Е.Е. Минченков, Д.П. Ерыгин зерттеді [3].
Қазақстанда Д.Қоянбаев, С.Мұсабеков, Л.П. Калашникова, З.Дюсоповалардың зерттеу жұмыстарынан орта мектеп химиясының өзге пәндермен және өндіріспен байланысын ғылыми жағынан негіздеді. М.Д.Жадрина, К.Ә. Сарманова, М.Х. Хасенова[4,5] мектепте химияны оқытудың озат тәжірибелерін жинақтап, көпшілікке тарату мақсатында мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар жазуға еңбек сіңірсе, профессор Б.А. Мансұров отандық оқулықтар жазды. И.Нұғыманов[6] химия оқу-әдістемелік кешеніндегі химиялық тілдің маңызын, Ж.Шоқыбаев химиядан жоғары мектепке арналған оқу құралдарының дидактикалық негіздері жөнінде зерттеу жасаған. К.Ш. Арынова «Орта мектепте химиядан оқу-әдістемелік кешенді пайдаланудың әдістемелік негіздері»[7] атты еңбегінде оқу-әдістемелік кешенді тиімді пайдаланудың жолдарын, Р.Жұмаділова «Жаңа буын оқулықтар кешені»[8] атты зерттеу жұмысында оқу-әдістемелік кешенінің мазмұнын анықтау және оны қолданудың әдістемесін жасау мақсаттарының міндеттерін, әдістерін айқындаған. Ғ.Түсіпбаевтың, Г.Сүйіншалиева, Қ. Молдабек пен Б.Нарқұловтардың мақаласы арқылы оқулықпен тиімді жұмыс жүргізуді, яғни оқулық мәтінімен жүргізілетін өзіндік жұмыстың түрлерімен танысуға болады
Қазіргі уақытта Ресей елінде қолданыста жүрген «Сфера» жүйесі химия пәнінің оқу-әдістемелік кешенімен толықтырылды. Г.Е.Рудзитис пен Г.Фельдманның оқулықтарындағыдай «Сфера»[9] оқу-әдістемелік кешен жүйесі жүйеленген, олардан басты айырмашылықтары: көбінесе оқулықта мағлұмат қысқаша конспекті түрінде берілген, осыған қарай параграф айқын жазылған, ал оқушы үй тапсырмасының ықшамдылығын сезінеді.
Мектептегі химия оқулығының өзгеру себептеріне үңілсек, әрбір оқулықтағы олқылық ондағы тақырыптарда бір жүйеліліктің болмауынан екені үнемі қайталап айтылғанын аңғарамыз.
Қазақстан мектептерінде еліміз егемендік алғанға дейін тек аударма оқулықтар ғана пайдаланылғандықтан, химия пәнінен оқу-әдістемелік кешен дайындап, оқу үрдісінде пайдалану мәселелерін зерттеу толық, жан-жақты жүргізілмеген. К.Ш. Арынова «Орта мектепте химиядан оқу-әдістемелік кешенді пайдаланудың әдістемелік негіздері» атты еңбегінде, оқу-әдістемелік кешеннің ядросы-оқулықтар мазмұны екі маңызды компонентті қамтыған: ұлттық рухани құндылықтар және ғылыми педагогикалық бағыттарды ескеру[7].
К. Сәдуақасқызы оқу–әдістемелік кешен жүйесінде оқушылардың дидактикалық құралдар көмегімен жұмыс істеуі арқылы жоспарланған білім нәтижесіне жетуінің моделін ұсынды[10]. Біз оқу–әдістемелік кешеннің құрылымын мұғалім мен оқушының пайдалануы тұрғысынан анықтадық(2-сызбанұсқа).
2-сызбанұсқа. Оқу–әдістемелік кешеннің құрылымы
Зерттеу жұмысымыздың барысында Н.Нұрахметов, К.Сарманова, К.Жексембинаның жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған химия оқулығына талдау жасауға тырыстық[11]. Қазіргі уақытта мектептің 8-сыныбына пайдаланып жүрген төл оқулығымыздың авторлары: Н.Н.Нұрахметов, К.А.Сарманова,К.М. Жексембина және оның оқу-әдістемелік кешенінің компоненттеріне кіретін «Жұмыс дәптері» және «Есептер мен жаттығулар жинағы» атты оқу құралдары және мұғалімдерге арналған оқу құралы «Химия: Әдістемелік нұсқау». Екінші бір төл оқулығымыз Қазақстан Республликасының Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасына (12.05.2004ж) сәйкес жазылған 8-сынып химия оқулығы, авторлары: Усманова М.Б., Сақариянова Қ.Н және оның оқу-әдістемелік кешенінің компоненттеріне кіретін «Химия кестеде болса есте де болады», «Бейорганикалық химия. Тақырыптық бақылаулар мен тестік тапсырмалар жинағы» оқу құралдары пайдаланып жүр. Сонымен қатар 8-сыныбына арналған «Химия қақпасы» балама оқулығы, авторы-шығыс қазақстандық ұстаз Жұбайбек Жұмаханұлы. Оқулықпен қатар оның мазмұнын ашатын бүгінде оқу-әдістемелік кешеннің қоржыны оқу құралдарымен толықтырылуда. Атап айтсақ, Ә. С. Тапалованың «Бейорганикалық химия»[12] және К.Сәдуақасқызының «Химияның теориялық негіздері»[13] атты есептер мен жаттығулар жинақтарының оқу-әдістемелік кешендегі алатын орны мен маңыздылығы ерекше.
Мектепте химияны оқытудың басты мақсаты-күнделікті тұрмысқа қажетті және республикамыздың шаруашылығы мен мәдениетінің барлық салаларына қатысы бар химиялық білім мен білікті оқушыларға меңгерту болып табылады.
Ахмет Байтұрсынұлы «Мектеп керектері» атты еңбегінде былай дейді: «... ең әуелі мектепке керегі терең білімді педагогика мен методикадан хабардар оқыта білетін мұғалім. Екінші –оқыту ісіне керек құралдар, - деген пікірі дәл қазіргі кезеңдегі оқыту ісінің қажетін айтып тұрғандай. Осы орайда оқу-әдістемелік кешеннің компоненттері мұғалім үшін де, оқушы үшін де тиімді де, ұтымды болуы қажет. Мектеп химиясын оқытуда 8-сынып бойынша мұғалім және оқушы қолданатын оқу-әдістемелік кешендердің қолданыстағы компоненттерін жіктеп ұсынып отырмыз. Осы тұрғыдан қарастырар болсақ оқу-әдістемелік кешендердің маңызы зор. Олар мұғалімдерге және оқушыларға арналған оқу-әдістемелік кешендер болып бөлінеді.
Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Орта білім беруде жалпы білім беретін мектептердегі базалық және бейім бойынша ұштау жетілдіріледі, он екі жылдық орта білім беруге көшуге байланысты эксперименттік оқу жоспалары, бағдарламалары, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері әзірленетін болады»,-деп көрсетілген.
Химияны оқыту әдістемесінің проблемаларының біріне мына проблема жатады: Оқушылардың пәнді қалай игергендігін зерттеу, яғни: Оқушылар қалай оқып жатыр? деген сұраққа жауап беріледі.
Демек, химияны оқытудағы түйінді мәселелердің бірі – қалай оқытамыз? мәселесі болса, оны жүзеге асырып шешуде оқу-әдістемелік кешендердің маңыздылығы бірінші кезекте тұрады. Жалпы оқу-әдістемелік кешендер оқу -материалдық оқыту құралдарына жатады»[14]. Оқушы негізгі теориялық білімді оқулықтан алатын болса, сол алған білімін оқу әдістемелік кешеннің көмегімен бекітеді және өзінің білім деңгейі жайлы мәлімет алады.
Біз 8-сынып химия пәнінің «Бейорганикалық қосылыстардың негізгі кластары» тақырыбының ішінен «Қышқылдарға» байланысты жасалған материалдарды ұсынып отырмыз.
1.Оқулықтың фрагменті
2. Мұғалімнің сабақ конспектісі
3. Тақырып бойынша сабақ сценарийлері
4. Тақырып бойынша тест сұрақтары
5. Оқушының жұмыс дәптері
6. Сөздік.
Төменде осылардың әрқайсысынан бір-бірден енгізілді, толығымен зерттеу жұмысынан танысуға болады.
1. «Бейорганикалық қосылыстардың негізгі кластары» тақырыбы бойынша оқулық материалының фрагменті
Қышқылдар
Қышқылдардың жіктелуі.
Қышқыл құрамына кіретін оттек атомына байланысты оттекті, оттексіз, сутек атом санына қарай бірнегізді, екінегізді, үшнегізді болып бөлінеді.
7-сызбанұсқа. Қышқылдар
Мысалдары:
Физикалық қасиеттері. Күкірт, азот, тұз қышқылдары түссіз болып келеді. H3PO4 ортофосфор, HPO3 метафосфор қышқылдары, H3PO3 бор қышқылдары қатты. Суда ерімейтін H2SiO3 кремний қышқылы, қалған қышқылдардың барлығы суда ериді. Қышқыл ерітінділерінің қышқылдық дәмі болады.
Қышқылдардың химиялық қасиеттері 9-кестеде берілген.
9-кесте. Қышқылдардың химиялық қасиеттері
Қышқылдармен әрекеттесетін заттардың атаулары
|
Мысалдары
|
1. Индикаторлардың түсін өзгертеді
2. Металдармен әрекеттеседі. Егер металл орыс ғалымы Н.Н. Бекетов жасаған металдардың кернеу қатары бойынша сутекке дейін орналасқан болса, қышқыл құрамындағы (азот қышқылынан басқа) сутекті ығыстырып шығарады.
3.Негіздік оксидтермен әрекеттесіп, нәтижесінде тұз бен су түзіледі.
4. Негіздермен әрекеттесіп, нәтижесінде тұз бен су түзіледі.
5. Тұздармен әрекеттеседі. Қышқылдар қатарына сәйкес (қышқыл өзінен кейін тұрған қышқылдың (құрамындағы қышқыл қалдығын) тұздың құрамынан ығыстырып шығарады).
Реакция нәтижесінде жаңа тұз бен жаңа қышқыл түзіледі.
6. Кейбір қышқылдарды қыздырғанда айырылып, нәтижесінде су мен қышқылдық оксид түзіледі.
|
Zn + 2HCl = ZnCl2 + H2↑
CuO + H2SO4 = CuSO4 + H2O
NaOH + HCl = NaCl + H2O
ZnCl2 + H2SO4 = ZnSO4 + 2HCl↑
|
Қышқылдарды алу жолдары 8-сызбанұсқа түрінде берілген.
8-сызбанұсқа. Қышқылдардың алынуы
Қолданылуы. Қышқылдардың қолданылу саласы өте кең. Қышқылдардың қолданылуы қысқаша 10-кестеде жинақталған.
10-кесте. Қышқылдардың қолданылуы
р/с
|
Қышқылдар
|
Қолданылуы
|
1
|
H2SO4
күкірт қышқылы
|
Металлургияда, машина жасауда, мұнай өңдеу өнеркәсібінде, органикалық заттар-полимерлер, бояулар, дәрілік препараттар және т.б өндірісінде көп қолданылады.
|
2
|
Азот қышқылы
|
Азот тыңайтқыштарын өндіруге, қопарғыш заттар алуға, органикалық бояулар, лак, кинопленка, асыл металдарды өндеуге қолданылады.
|
3
|
Фосфор қышқылдары
|
Дәрі-дәрмек жасайтын өнеркәсіпте, минералды тыңайтқыш алуға пайдаланады.
|
4
|
Тұз қышқылы
|
Тұздарын алу үшін, медицинада қолданылады.
|
Достарыңызбен бөлісу: |