Баланы сүю – адам айтқысыз еңбек. Ол таразыға тартылмайды, метрмен өлшенбейді.
Ауылдан мектеп ашамыз деу ауыл үшін күтпеген оқиға еді. Өмірдің ыстық-суығын көріп, әбден ысылған жергілікті басшылар бұл істің ауыл өмірін байытар рухани жаңалығымен бірге төтенше «бас ауыру» табатынын бірден сезген еді. Көп жүгірістен соң, ауыл клубының құрқылтайдың ұясындай бес бөлмесі, бір фойесі бар ғимаратын алдық. Жиналыстар өтетін көп орындықты үлкен залын құлыптап қойдық. Мақсатымыздың өте қарапайым екенін, рухани мүддені ғана көздейтінімізді түсінді, отырған орын, жаққан шам үшін ақша талап етпеді. Біздің пайдамыз: азып-тозып бара жатқан клубқа тіршілік кіргіздік.
ҚАРАЖАТ
Қаражатты қайдан аламыз? Бастапқы есебіміз бойынша, әр ата-анадан алған ай сайынғы елу сом мұғалімдерге төлеуге жететін еді. Ақшаның орнына азық-түлік алуға да келістік. Елу сомға бала оқыту дегеніңіз – ауыл адамдары үшін үлкен қайырымдылық еді. Қалған қаражатты ауылдастары үшін көмектесетін демеушілер арқылы табамыз деп ойладық. Шындығында, Әминат деген оқушының ата-анасы Әзірет, Людмила Хачиевтерден, Медеуовтерден, Алматыда тұрса да, ісіміздің маңызын байыптап, қол ұшын берген жазушы-журналистер Бексұлтан Нұржекеев, Жарылқасын Нюсқабаев, Нұрлан Оразалиннен көмек көрдік. Оны күннен-күнге ұстатпай кетіп бара жатқан инфляция желге ұшырып жатты. Тағы бір үмітіміз еңбегімізді көрсетіп, дәлелдесек, жергілікті бюжетке кіру еді. Сол кездегі облыстық оқу бөлімінің басшысы, өте түсінікті азамат Қуандық Данышпанов қанша көмектескісі келіп тырысқанымен, оң шешім болмады. Тамыр-таныстықпен таралып жатқан кредитке қол жетпеді. Көп уақытымызды көмек іздеумен, сарсылып, сансыраумен өткіздік. Идеямыздың дұрыстығын, елге қажеттігін айтып, шенеуіктердің есігінің алдында күтумен өткен есепсіз сағаттар қажытты. Түсінген кісілер көп болды, бірақ олар өзіміз сияқты, билігі жоқ, байлығы жоқ қарапайым адамдар еді.
САРА АПАЙДЫҢ ҚОНАҚҚА КЕЛГЕНІ
Сырттан келер көмектің қай-қайсысына да зәру едік. Үлкен қалаға жете алмайтын, элиталық мектепте оқуға қаражаты жоқ, бірақ білімге деген талабы зор ауыл қарадомалақтарының ынтасын көргенде, өзіңді қамшылауға тура келеді. Соларды қалай қуантамыз, қайтсек отбасына салмақ түсірмейміз деген ой бір сәт те тоқтаған емес.
Бір күні «Бөбек» қорын қонаққа шақырдық. Бізде бұрыннан су құйынып жүрген мұғалімдер, оқушылар да бар еді, Сара апайының келетінін естіп, су құйынушылар тіпті көбейді. Қызбалыққа салынып кетпесін деп:
– Ауырып қалмайсыңдар ма? Байқаңдар, – дейміз.
– Ауырмаймыз! – деп шулайды.
Бұрын үйлерінде құйынып жүрген ауыл адамдары да тау етегіндегі бұлаққа барып, суға түсіп жүрді. Салқын көктем болатын.
Ата-аналарға, оқушыларға сумен сауықтыру әдісінің мәнісін түсіндірдік. Сумен емдеудің қазақ емшілігінде де бар дүние екендігін (мысалға, ауырған кісіні кешке қарай есік алдына алып шығып, суық су бүркетін), жалаңаш етіне шекпен ғана киіп, жалаңаяқ мұз оятын кісілердің болғандығын айттық. Ивановтың халықта бұрын болған тәсілді жүйелегенін тарата келіп, бір нәрседен сақтандырдық: кей жерлерде Ивановты пайғамбар етіп көрсеткісі келетіндігін, сол арқылы өзге дінді насихаттайтынын ескерттік. Мұсылманның пайғамбары – Мұхаммед пайғамбар. Ол – соңғы пайғамбар. Сондықтан Ивановтың жүйесін сауықтыру әдісі ретінде ғана қабылдау керектігін түсіндірдік.
Көктем түгіл, қайнаған ыстықта да тау суы суық. Сара апайдың келетінін естіп, аудан-ауыл басшыларынан бірнеше кісі жиылды. Ата-ана, балалар, мұғалімдердің қуанышында шек жоқ. Бәрі де сәнді, салмақты болуға тырысты. Ол кісі оқушы қыздарымыздың өз қолымен пісірген жұқпа нанынан, наурыз көжесінен дәм татты. Гүл-гүл жайнаған балалар арасында суретке түсті. Әр оқушыға – бір-бір аспа сөмке, іші толған қалам-қағаз, өшіргішке дейін шетелдікі, әдемі. Ауыл баласы түгіл, мұғалім өзімізге де таңсық заттар. Бәрін ортаға үйдік те, өзіміз өзенге тарттық. Жақсы жағынан көрінуге деген құштарлық қандай, кішкене балалар да шешіне салып, суға қойып-қойып кетті. Алдында ғана қолы сынып, таңып алған Бақытжан бибінің өзі де сау қолымен жарты шелек суды басына құйды. Көптен айналысып ысылған Зиба бибі өзеннен шыға салып, қыздарының төбесіне шелекпен құйып жатыр. Сара апай жалаңаяқ кешіп барып, тізесіне дейін жеткен жерден беті-қолын жуды. Намысқа тырысқан мен де табаннан өткен суықтың төбеме дейін шымырлатқанына қарамастан, шыдап тұрмын. Соны байқады ғой деймін:
– Үйренгенше суда көп тұруға болмайды, байқаңыз, – деді.
Плащ, шляпа киген бір топ басшылар алысырақ төбенің басынан қарап тұрды. Келесі жолыққанда:
– Тірісіңдер ме? Тіпті ауырмадыңдар ма? – деп таңданып жатты.
Ауырмадық. Ауырмау адамның көңіл-күйіне де байланысты ғой. Кешінде Сара апаның сыйлықтары, қызыл-жасыл аспалы сөмкелері аса мақтанышпен жалт-жұлт еткен балалардың арқасында кетіп бара жатты.
«Бөбек» қорынан тағы бірнеше рет балаларға бас киімдер, мұғалімдерге көйлек, жаңа жылға Аяз Ата – кәмпит, кітаптар алдық. Жанашырлық көрсеткен Алтын Мәмбетқызын да жылы сезімдермен еске аламыз.
Сара апамыз аудан басшысын шақырып та сөйлесіп, біздің мектепке көз қырын салуды өтінді. Бірақ уақыт солай болды ма, айтқан кісісі көмек көрсете алмады. Аудандық оқу бөлімінен оқулық кітаптардың біразын тегін алдық. Кітапхана жасау үшін жан-жақтан кітап жинаумен болдық.
Достарыңызбен бөлісу: |