Тазбулатова Ассель,
Сот Төрелігі институтының 1 курс магистранты
СОТ БИЛІГІ ДАМУЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ
Андатпа
Мақалада ҚР сот саласындағы реформалардың мақсаты – судьялардың заңгерлік білімін одан әрі жетілдіру, судьялармен сот қызметкерлерінің мамандығын жетілдіру. Бір сөзбен айтқанда, заңдылық пен құқық қорғау саласында өркениет көшінен қалмау. Енді сот жүйесіндегі өзекті мәселелерді уақытында шешу, озық тәжірибемен өркендей түсу – уақыт талабы болмақ.
Тірек сөздер: сот жүйесі, заң, Қазақстан Республикасы, Кодекс, саясат, мемлекет.
Аннотация
В статье анализируется цели по совершенствованию судебной системы, обучение судей и работников судебных инстанции. Одним словом необходимо повысить знание сотрудников судебных инстанции для совершенствования судебной системы как органа по защите законных интересов и прав граждан. Проблемы которые существуют в судебной системе РК должны решаться опираясь на практику в данной сфере – это требование времени и политики Нашего государства.
Ключевые слова: судебная система, закон, Республики Казахстан, Кодекс, политика, государство.
Abstract
This article analyzes the goal of improving the judicial system, the training of judges and judicial authorities. In short you need to increase the knowledge of the judicial authorities to improve the judicial system as an organ for the protection of the legitimate interests and rights of citizens. The problems that exist in the judicial system of the Republic of Kazakhstan should be resolved based on practice in this field - a requirement of time and the policy of our state.
Keywords: Judiciary system, law, the Republic of Kazakhstan, code, policy, state.
Тақырыптың өзектілігі.Қазақстан бүгінгі күндері Абылай армандаумен өткен, Кенесарыны мерт еткен, мұң – шерге толы өткен ғасырда Бөкейханов межелеп кеткен асыл мұраттарды жүзеге асыра отырып, ежелден еркіндік аңсаған тәуелсіздік туын көтергелі де көп уақыт болған жоқ. Қазақстан Республикасы Президенттік басқару нысаны біржола қалыптасқан, әлемдік қауымдастық түгел таныған дербес мемлекетке айналды. Ол өзінің бүгінгі жағдайына бір – ақ күнде жетпегеніне тарих куә. Мұның да соқтықпалы – соқпақты өз жолы болды. Жас мемлекетіміз демократиялық қоғамның іргетасын қалауда айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Ең басты жетістігіміз – мемлекетімізді жедел нығайтып, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында қолда бар әлеуметімізді шашау шығармай, ел игілігін арттыру жолына бағыттай білдік. Қазір біздің қолымызда Елбасымыз ұсынған ұзақ мерзімге арналған стратегиялық даму бағдарламамыз бар. Мемлекетіміз сол арқылы қоғамымыздың прогресшіл, құқықтық, саяси, экономикалық және әлеуметтік құрылысы жолын таңдады.
Заманмен жарысқан жаңа реформалардың Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі бағыты, халықаралық тәжірибелер мен заман талабына сай өзекті мәселелерді саралай отырып, өзіндік көзқарасымызды білдіру, тамшыдай болса да сот жүйесіне үлесімізді қосу.
Егемендіктің ақ жолына түскен еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдары–ақ құқықтық салаларды реформалауға батыл кірісті. Өйткені жетпіс жылдан астам тоталитарлық жүйеге қызмет етіп келген сот – құқық қорғау органдары нарық порцестеріне біржола бетбұрған қоғамның талап тілектерін қанағаттандыра алмайтыны түсінікті. Осындай сын шақтарда елімізге бүкіл адамзатқа ортақ, нағыз демократияшыл, елдің ілгері қарай жылжуына ықпал ететін заңдар шоғыры қажет болды. Ондай заңдар өмірге келді, тарихта да болған, алдағы уақытта да бола бермек.
Бабаларымыз: “ Заң алдында «Қара» да бір, билік тұтқасындағы «Зор» да бір – деп тегін айтпаса керек. Бұл дегеніміз – ешқандай орган, қанша жерден жоғары тұрса да, сот функцияларын өзіне ала алмайды яғни, сот ісіне араласуға, қысым жасауға немесе нұсқау беруге ешкімнің, ешқандай органның құқы жоқ деген сөз.
Қазақ халқы қандай бір қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, сот билігінің туын төмен түсірмеген халық.
Қазақстан Республикасының сот жүйесін жан – жақты зерттеп, өткендегі тарихымызды бүгінгі жағдайымызбен салыстыра отырып, ертеңімізге деген көзқарасымызды білдіріп, өзімізше ой түйіндедік. Еліміз тәуелсіздік алғалы сот жүйесінде ұшан-теңіз игі шаралар мен құқықтық реформалар басталып та кетті.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары жалпы қоғамдық құрылымды және оның бағыт – бағдарын айқындаудағы сынақ мерзімі болғаны баршамызға түсінікті.
Осы кезеңде өндірістің құлдырауы, экономикамыздың әлсіреуі, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі және қылмыстың күрт өсуі белең алды. Бірақ, еліміз кездескен қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарсы тұрып күресе білді.
Осы күні ҚР әр азаматтың өмірі мен жұмысының құқықтық жағынан қамтамасыз ету жолында зор еңбектерден құралған, бұл жағынан сот жүйесінде жақсы өзгерістер болып жатыр.
«Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Елбасының Жарлығы сот билігінің қызметін толық, объективті және бейтарап жария етуін бағдарлады [1].
Халықтың сот қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізуін ұсыну арқылы сот жүйесінің ашықтығы мен айқындығын арттыруды мақсат етті. Сот жүйесін жоспарлы түрде ақпараттандыруды, сот төрелігін іске асыру процесінде жедел ақпараттық-құқықтық қамтамасыз етуді, істерді қарау мерзімдерін қысқартуды, сот шешімдерінің орындалуы тиімділігін арттыруды жүктеді. Келер жылдарда сот жүйесін дамыту арқылы, құқықтық мемлекет құру жолындағы игі мұраттарға қол жеткізуіміз қажет.
XIX ғасырдың бас кезіне дейін қазақ қоғамында дәстүрлі билер соты болды. Қазақ билері елдің тұтастығын, бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында, әділдік пен құқықтық принциптерді ұстанып, қазақ елінің саяси жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ал бүгінгі күні Ата Заңымызда сотты мемлекеттік биліктің дербес бір бұтағы ретінде жариялап, өзіндік сот жүйесін де құрып үлгерді. Дегенмен бұл салада бәрі жеткілікті қалыптасты деп айтуға келмейді. Жалпы сот тарихын ел тарихынан бөліп қарай алмаймыз. Еліміздің сот жүйесі халқымыз бастан өткерген ілгерлеу мен құлдырауды да, қуғын – сүргін мен соғыс зұлматын да, толысу мен тоқырауды да басынан кешіріп келеді.
Ұлттық санада да сот билігі халыққа етене жақын тұрған билік саласы болып есептелді. Сот билігі – қазақтардың мемлекеттік нышаны болды. Сондықтан, біз өткенді таразылап, сабақ ала алмасақ, болашағымызды да бағдарлай алмаймыз.
Жоғарыда сөз еткеніміздей, тарихымызда еліміздің абыройын асырып, көсегесін көгерткен талай хандар мен елді аузына қаратқан сұңғыма билер өткен. Дала заңдарының жиынтығы сол аузы дуалы бабаларымыздан қалған баға жетпес мол мұра.
Сондай даналардың ішінде дәуір кемеңгерлері аталған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің орны ерекше. Кейінгі реформалар ығыстырған Ресей заманында да ақиқат жолын, ар жолын берік ұстанған Абай, Ыбырай, Шоқан сияқты ұлы тұлғалардың да саяси билік, құқық саласында өз үлестерін қосып, орындарын айқындап кетсе, бұлардың жолын белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев сияқты қазақ зиялылары туған халқының басқалармен терезесі тең азаматтық құқығы үшін арпалысумен өтті.
Кеңестік дәуірде халықтың ғасырлар бойғы қалыптасқан билік бұлағының қаусарынан қанып ішкен алғашқы дипломды заңгерлері Райымжан Мәрсеков, Ахмет Бірімжанов, Бақытжан Қаратаев, Жақып Ақбаевтардың еңбегі ерекше. Бұлардың ішіндегі Жақып Ақбаев қазақтың тұңғыш заң ғылымының магистрі ретінде белгілі қайраткер.
Бүгінгі, тәуелсіздік заманымызда бұл саладағы жетістігіміз айтарлықтай. Мемлекетіміз Ата заңын бекітіп, дербес сот жүйесін қалыптастырды. Халық бұрын әділдік іздеп билерге жүгінсе, бүгін әділ сотқа жүгінеді. Жеке ғылым болып қалыптасты. Бұл салада аянбай тер төккен көрнекті өкілдер ретінде: С.З.Зиманов, С. Өзбекұлы, М.С.Нәрікбаев, Ғ.С.Сапаргалиев, Ж. Баишев, Қ.Мами және т.б. заң қайраткерлерін атауға болады.
Бұл көмекші құралды жазудағы басты мақсатымыз - өткенге көз жіберіп, бүгінгімізді бағалау, бүгінгі сот реформаларын саралай отырып, болашаққа нық қадам басу үшін жасалып жатқан игі істеріміз бен ғылыми зерттеулерімізді зерделеу, салмақтау.
Сот жүйесін одан әрі дамыту дербес, тәуелсіз сот құру – жүргізіліп отырған сот реформасының басты мұраты болып табылады. Оған 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы мен 2000 жылы қабылданған “Қазақстан Республикасыныңсот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Конституциялық заңдар толық кепілдік береді [2].
Сот жүйесінің негізгі буыны аудандық соттар болып есептелетіндіктен, құқықтық саясат тұжырымдамасында сот жүйесін жетілдірудің бір түрі ретінде аудандық соттардың жұмысын жақсартуға басты назар аударған.
Егемен ел атанып, етек – жеңімізді жиғанымызға да 24 жыл болды. Осы жыл ішінде елімізде татырлық талай өзгерістер болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ескіден қалған сот жүйесінің орнына бүгінгі демократия талаптарына, халқымыздың дініне сәйкес келетін мүлдем жаңа сот жүйесін құру қажет болды. Жаңа құқықтық реформа осы кезден басталды.
ҚР сот жүйесі қазіргі таңда қарқын алып дамып келеді. Дамытудың нақты бағыттарын Егемінді Еліміздің айқындалып берілгенін Жолдауда сот жүйесінде өзгерістер жасалуда деп көрсетілген оған ақиқат болып отырған күнделікті жасалып жатқан жұмыстар куә болуда. Еліміздегі әр салалардағы даулы мәселелерді сот арқылы өркениеттелген тек сот арқылы шешуде.
Жасап жатқан реформалардың барлығы жетістіктерін көрсетіп жатқаны хақ, оның дәлелі Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының судьяларының өткен VІ съезі [3].
2013 жылдың 20 қарашасында Елбасымыздың сот жүйесі туралы «Әділ және сатылмайтын сот- демократиялық және құқықтық мемлекеттің аса маңызды негізі. Егемен Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі-соттар мен судьялардың тек формальды-заңды ғана емес, сонымен қатар, нақты тәуелсіздікке ие болуы», - деуі сот төрелігінің дербестігін бекітіп, судьяларды іріктеудегі талаптардың күшеюіне түрткі болды және Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажеттігін және бұл туралы Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасында нақты көрсеткенін атап өтті.
Сонымен қатар, барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Сот болып табылатынын, Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы және «Қазақстан 2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруінің қажеттігін атап өтті [3].
Елбасының берген жоғары бағасы – барлық соттардың жұмысының жоғары деңгейде екенін білдіреді және Елбасы артқан сенім ел судьяларының ертеңгі күнге үмітпен қарап, жігерленіп қызмет атқаруына сүйеу болмақ.
Мемлекет басшысы Үкіметке Қылмыстық және Азаматтық іс жүргізу кодекстерінің жаңа жобасын дайындау туралы тапсырмалар берді, бүгінгі таңда аталған кодекстерге көптеген өзгерістер мен толықтырулар еңгізіліп, ҚР қылмыстық процестік кодексі ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылып келеді, ал азаматтық іс жүргізу кодексі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді [3].
Қазақстан Судьяларының халқаралық қауымдастығының, Судьялар одағының мүшелікке қабылдануы біздің сот жүйесіне реформалануы жетістіктеріміздің мойындалуының белгісі.
Сот қоғамдастығына кіріктіру жұмысында зор қадам, ол ҚР сот жүйесінің жасап жатқан жұмысын мойындау болып табылады.
Қазақстанда соттан тыс делдалдың көмегімен бітістіру процесі – медиация институты құрылды. Бұл екі жақ та келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттарды біртіндеп босату үшін алғышарт жасайды. Бұл институтты дамытып, әлемдік деңгейге жеткізу қажет.
Қазақстанда медиация институтының енгізілуін дамыту шеңберінде сотқа келуші тараптар арасындағы дауды медиация арқылы шешу, халыққа насихаттау жұмыстарын жүргізу барысында медиацияға қызығушылық танытылуда. Сонымен қатар кәсіби медиаторлар және кәсіби емес негіздегі медиаторлар да бар.
Медиация жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады.
Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесісондықтан, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды [4].
Негізінен айтқанда бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол, сондықтан медиацияны қолдану сот жүйесінің дамуына бірден-бір рөлі бар деп есептеймін
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда соттардың іс қарағанда ағымдағы заңдарды басшылыққа алу керектігі жөніндегі талаптың бекітілуі жұмысқа серпін бере бастады [5]. Ағымдағы заңдарды қолдану істерді шешуді айтарлықтай оңтайландырды. Соттар қоғамының құқықтық сипаты және танымын, қалыптасқан құқықтық ғұрыптар мен ұстанымдарын, рухани пайымдарын сабақтай отырып шешім қабылдауға мүмкіндік алады.
Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Бұл тұрғыда Президент инвестициялық даулар бойынша дербес сот өндірісін құруды ұсынды [6]. Жоғарғы Сотта ірі инвесторлардың қатысуымен дауларды қарайтын инвестициялық алқа ұйымдастырылады. Заң үстемдігі бизнесті қорғап, кәсіпкерлік қызметке жағдай туғызу үшін қажет. Тұрақтылық ахуалы орнаған құқықтық мемлекет қана инвестициялар үшін қолайлы бола алады.
Ал, Президентіміздің «100 нақты қадам» бағдарламасының жүзеге асырылуы бізді басты мақсатқа – экономикасы дамыған және жалпыға бірдей еңбек қоғамының мүмкіндіктерін іске қосқан қуатты мемлекет негізінде өркендеген қоғам құруға жетелейді.
«100 нақты қадам» бағдарламасының заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстацияларын оңтайландыру, яғни бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы /бірінші, апелляциялық, кассациялық/ сот төрелігі жүйесіне көшу, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек, яғни Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істеп, судьялардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді, Жоғарғы Сотта инвестициялық алқаны ұйымдастыру, арбитраждық орталық құру туралы Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарын жариялады [6]. Мемлекет басшысы қысқа мерзім ішінде еліміздің әлемдік кеңістікте қалыптасуы мен нығаюына зор мүмкіндіктер жасады. Соны пайдаланып, алда тұрған ұшан-теңіз істерді еңсеруге бір кісідей жұмыла білейік демекпін.
Алдағы уақытта сот жүйесінің сатылап электрондық іс жүргізу тәсілі «Төрелікке» көшіп жатқанын сот жұмысының ашықтығын, халыққа қолжетімділігін жетілдіру мақсатында бүгінгі күні ғаламтормен «Сот кабинеті» сервис қызметі арқылы үйде отырып–ақ сотқа тапсыратын құжаттарды жөнелтуге мүмкіндік бар екенін, түрлі себептермен сотқа жүгінулерін (арыздарын, талап-арыздарын, т.б) талаптарын электрондық тәсілмен жолдауға мүмкіндігі жоқ азаматтарға аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығынан құжаттарды электрондық тәсілмен жолдау бойынша көрсетілетінін, сонымен қатар, сот істері бойынша сот отырысының хаттамалары дыбыс–бейнежазбалары арқылы жазылып жатқанын да ескерткім келеді.
Сот ісін жүргізу саласын реформалау мен сот органдарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру. Отандық сот жүйесін одан әрі қарай жетілдіру, жергілікті соттардың рөлін арттыру, судьялардың тәуелсіздігін жоғарылату – басты назарда. Жүргізіліп жатқан реформалар адал, әділ, өз ісіне қалтықсыз берілген, заңдылықты сақтаудың озық үлгісін көрсеткен судьяларды қорғау жағдайларын қарастырады, сонымен қатар, өз ісіне немқұрайлы қарайтын, Судьялар әдебі кодексін, заң талаптарын бұзуға жол беретін судьяларға жауапкершілікті қатаңдатады.
Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінен бастау алып, Ұлт жоспары - 100 нақты қадам бағдарламасына ұласқан сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру еліміздің сот төрелігін әлемдік биік деңгейде атқаруға қабілетті, біліктілігі жоғары судьяларды дайындау және іріктеу ісіне серпін береді. Бұл ел дамуының қазіргі тарихи кезеңіндегі сот төрелігін сапалы атқарудағы сот жүйесіндегі басым бағыттарының бірі болып табылады.
Қазіргі уақытта облысымызда мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қарайтын соттар жұмыс істеуде.
Соттың халық алдындағы беделін күшейтуге, халықтың сотқа деген сенімін ұлғайтуға бағытталған жұмыстарды атқару және Жолдауда көрсетілген талаптарды қолдап, оны орындау – біздің басты міндетіміз деп санаймын.
Халықтың сотқа сенімін арттыратын оң қадамдарының бірі қылмыстық құқық нормаларында жазалау шараларын ізгілендіру, яғни рахым жасау көріністерінің салтанат құруы десек қателеспеспіз. Конституция бойынша ең құнды дүние адам өмірі, оның құқығы мен бостандығы деп саналады. Сондықтан, ізгілендіру шаралары жазатайым кінәратты болған жанның ішкі жан дүниесінің азып, өмір сүріп отырған қоғамға деген өшпенділігін тудырмауға жол ашатын бірден – бір шара болмақ. Себебі, қандай істе болсын, ең алдымен адам тағдырын ескергеніміз жөн.
Қазақстанда сот реформасы аясында сот жүйесінің жұмыс сапасын арттыру бағытында аз шаруа атқарылып жатқан жоқ. Ол – жоғары білікті сот корпусын қалыптастыру, сот кадрларын іріктеу тәртібін ширату.
Бұл мәселелердің шешімін табу жолында көптеген зерттеулер игі шаралар жасалуда. Халықаралық тәжірибелерді саралай отырып, болашаққа даңғыл жол ашып, өсу-өркендеу мақсатында Қазақстанның сот жүйесінің шегер сапары айтарлықтай. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірегейі болып отыр.
Жалпы судьялар одағының мақсатысудьялардың біліктілігін арттыру, тәуелсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ету, мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар жасау.
Сот саласындағы реформалардың мақсаты – судьялардың заңгерлік білімін одан әрі жетілдіру, судьялармен сот қызметкерлерінің мамандығын жетілдіру. Бір сөзбен айтқанда, заңдылық пен құқық қорғау саласында өркениет көшінен қалмау. Мемлекетіміз қаржы мәселесін шешіп, толық қамтамасыз етіп отыр. Енді сот жүйесіндегі өзекті мәселелерді уақытында шешу, озық тәжірибемен өркендей түсу – уақыт талабы болмақ.
Сот-құқық жүйесін дамыту сабақтастық және кезеңділік негізінде жүзеге асырылады және мынадай бағыттарды көздейді.Оны дамытудың негізгі арқауы соттар мен судьяларды мамандандыру, оның ішінде ювеналдық,қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылғансоттарды дамыту болып табылады, келешекте салық соттары және басқа да мамандандырылған соттар құрылуы мүмкін.
Сот жүйесінің жетілдіру нәтижесінде түрлі сот инстанциялары функцияларының қосарлануы жойылуға тиіс.Негізгі заңға сәйкес судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады (77-баптың 1-тармағы)[2]. Сот актісі соттағы дауласушы тараптар арасында жаңа жанжалдарды тудырмай, дау-дамайды барынша шектеуі тиіс.
Сот жүйесінің даму перспективасы сотқа дейінгі іс жүргізудегі сот бақылауының шегін кезең-кезеңімен кеңейту мүмкіндігімен де байланысты болмақ.
Аралық және төрелік соттар жүйелері дамитын болады.Қоғам сот билігінің қызметін толық, объективті және бейтарап жария етілуіне мүдделі. Осы мақсатта халықтың сот қызметі туралы ақпаратқа барынша қол жеткізуін ұсыну арқылы сот жүйесінің ашықтығы мен айқындылығы деңгейін арттыру қажет.
Сот ақпаратын тіркеудің заманға сай құралдарын енгізу сот ісінде бәсекелестік принципін іске асыруға ықпал етеді. Сот жүйесін жоспарлы түрде ақпараттандыру сот төрелігін іске асыру процесінде жедел ақпараттық-құқықтық қолдауды қамтамасыз етуге, істерді қарау тәртібін жеңілдетуге және мерзімдерін қысқартуға, сот шешімінің орындалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сот кадрларын іріктеу тәртібін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар қажет, бұл ретте судьялардың кәсібилігі мен биік адамгершілік қасиеттері - сапалы судьялар корпусын қалыптастырудың негізі болып табылатындықтан, судьяға үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптарын қатаңдату мәселесі өзекті болып табылады.
Сот қауымдастығының өз тарапынан да судьялардың Судья әдебі кодексінің талаптарын сақтауына қатаң бақылау, жол берілген барлық жөнсіздіктерге барабар әрі шұғыл әрекет етуі қажет.
Бұл мәселе Қазақстанның сот жүйесін ізгілендіру жолындағы ерекше сара жол болмақ. Нәтижесі – ұсақ – түйек, онша ауыр емес қылмыс жасағандарды темір тордың артына тоғыта бермей, керісінше адамгершілікке бет бұраратын жол. Екінші жағынан экономикалық тұрғыдан да тиімді болар еді. Сотқа адвокат, прокурор, сот приставы т.б. тұлғалар қатысады.
Ондай жерде сыбайлас жемқорлық, пара алу сияқты келеңсіз жағдайлардың алды кесіледі, күдіктінің кінәлі, кінәсіз екені ашық айқындалады деген сөз.
Бұл мәселелер жөнінде аянбай ашық айтып, сот жүйесінің дамуына өз үлестерін қосқан заң ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев пен Қайрат Мәми сынды зиялы азаматтарымыз құқық қорғау жүйелерін уақыт талабына сай реформалауда бар қажыр-қайратымен біліктерін жұмсап келе жатқан тәжірибесі мол заңгер, ғалым ретінде бағалауымыз орынды.
Дегенмен сот жүйесінде әлі де атқарылар істер жетіп артылады. Уақыт талабына реформа өрістеп, сот жүйесі жетіле бермек.
Қорытындылай келгенде, болашақ дайындалатын судьяларымыз бұрынғы билер сотымен сусындап, ұлттық салт–дәстүрді бойына сіңіре қаруланса, “сот жүйесінде , яғни заң алдында “ қара ” да бір, билік тұтқасындағы “ зор ” да бір ”, - деген қағида дәурен сүрері қақ. Себебі, сот міндеті – қара қылды қақ жару.
Әдебиеттер тізімі:
1 «ҚР 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» ҚР Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығы (2014.16.01.берілген өзгерістер мен толықтырулармен): http://online.zakon.kz/
2 Конституция РК (принята на республиканском референдуме 30 августа 1995года)(с изменениями и дополнениями по состоянию на 02.02.2011г.): http://online.zakon.kz/
3 Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезі: http://www.akorda.kz/
4 «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 401-IV Заңы (2014.03.07. берілгенөзгерістер мен толықтырулармен): http://adilet.zan.kz/
5 «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2014ж. 7 қарашадағы №245-VКонституциялық Заңы: http://adilet.zan.kz/
6 ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі «100 нақты қадам» бағдарламасының жоспары: http://100kadam.kz/
Достарыңызбен бөлісу: |