Тәттігүл Ерсайынқызы Картаева



Дата03.07.2016
өлшемі80.59 Kb.
#174184
Тәттігүл Ерсайынқызы Картаева

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология,

этнология және музеология кафедрасының доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты
ИНТЕГРАЦИЯЛАНҒАН МУЗЕЙЛЕР: ЖАҢА БАҒЫТТАР, ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР
Музейлерді жаңа бағытта дамытуға деген ізденіс ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан басталды. Латын Америкасында «интеграцияланған музей» тұжырымдамасы жасалып, оның негізгі ережелері 1972 жылы Сантьяго (Чили) қаласында ЮНЕСКО ұйымдастырған «дөңгелек үстел» кезінде қабылданды. «Интеграцияланған музейлердің» негізгі бағыты адамдардың өздерін қоршаған табиғат пен әлеуметтік ортаны танып білуін жүзеге асыру болып табылады. Концепция авторлары Латын Америкасы үшін тек мәдени құндылықтарды сақтап, насихаттайтын музейлердің болуы өздерін қағаттандырмайтындығын жеткізе отырып, дәстүрлі музейлермен қатар адам дамуы индексіне әсер ететін, таным көкжиегін кеңейтетін музейлерді қоса қабат дамыту керектігін дәлелдеді. Француз музеологтары Ж.А.Ривьер мен Ю.Де Варин бастаған «интеграцияланған музей» идеясы «экомузейлер» деген жалпы атаумен сипат алды. Музейдің бұл жаңа бағытының озық тәжірибесі Венесуэла қаласының Баркисименто музейінен, сондай-ақ Рио-де-Жанейро қаласының (Бразилия) Санта Тереза және Сао-Кристовао деген екі ауданынан көрініс тапты. Идея авторлары осы экомузейлерді құрудың нәтижесінде, тұрғындардың табиғи-мәдени ортамен тікелей байланыстын дамыта отырып, дәстүрлі мәдениет құндылықтарын сақтап, насихаттауды әрі тұрғындарды музей ісіне тартуды жүзеге асыруды мақсат етті.

1983 жылы Лондон қаласында өткен ІСОМ-ның Бас конференциясында музей ісінің осы бағытын ресми ұйымдастыру бастама алды. 1984 жылы Квебек қаласында мамандар «Экомузей және жаңа музеология» атты I халықаралық семинар ұйымдастырды. Квебек декларациясының авторлары «Қазіргі заманда өзінің дамуында жаңа көзқарастарды жүзеге асыру жолына түскен музейлер дәстүрлі идентификация, консервация және ағартушылық міндеттері мен мақсаттары көлемінен шығып, қоғам мен қоршаған орта өміріне қызу араласып, өз аясын кешенді бағдарламаларды жүзеге асырумен кеңейту керек», - деген. 1985 жылы Лиссабон қаласында өткен ІІ халықаралық семинарға қатысушы мамандар музей ісі саласындағы жаңа идеяларды қолдайтын «Халықаралық федерация» құрды. «Жаңа музеология», «Жалпыға қолжетімді музеология» атты білім жетілдіру курстары, «Жаңа музеология және әлеуметтік тәжірибе» атты бірлестік және «Квебек экомузейлер Ассоциациясы» құрылды. «Жаңа музеология» идеясы одан әрі Латын Америкасы, Азия, Африка елдерінде дамыды. «Жаңа музеология» жүйесінде экомузейлермен қатар, виртуальды музейлер, сайт-музейлер, тірі музейлер, тірі экспозиция, парамузейлер, музей-қалалар дамыды.



«Тірі музей» идеясын америкалық музеолог Д.К.Дан қалыптастырған. Тірі музей – табиғат және тарихи-мәдени ортада өзінің табиғи болмысын сақтап қалған, материалдық және материалдық емес мәдениеттер жиынтығының дәстүрлі түрлерін сақтап отырған, оладың қызметін ылғи жандандырып, өзекті мәселе ретінде көрсетуге бағытталған музейлік тип. Тірі музейлер өзінің аймағында ландшафты тарихи қоныстар мен қатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандағы қызмет көрсету сервистерін қамтамасыз ететін қонақ үйлер, мейрамханалар, офистер, т.б. қамтиды. Тірі музейлер -тарихи мәдени ескерткіштер мен қатар ұлттық дәстүрлер мен ғұрыптарды насихаттап, оларды дамытуға бағытталған. Тірі музейлер шетелдік музеологияда «пайдалы музей» деген ұғыммен танымал, оның мақсаты жергілікті тұрғындарды мәдени-тынығу және ағартушылық қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, олардың қоршаған ортамен байланысын арттыру болып табылады. Бұл ұғым «жаңа музеология» ұғымына ұласты. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Тірі өсімдіктер» тірі музейі 120 жылдан бері танымал. Нью-Йорк қаласындағы Квинс штатындағы Кридмур психиатриялық клиника жанынан ашылған «The Living Museum» тірі музейі әрі арт-студия ретінде жұмыс жасайды. Музейді сюррализм табынушылары, Колумбия университетінің түлегі Болек Гресзинский мен дәрігер Янос Мартон қалыптастырып, 30 жыл бойына табысты жұмыс жасап келеді. Сондай-ақ АҚШ-тың Джеймстаун және Вильямсбургтегі Американы отарлау кезеңінің тірі музейлері, Сан-Уотчтегі үнділер қонысы, Ұлыбританиядағы Қара ел тірі музейі, Норвегия халық музейлерін атауға болады. РФ-да «тірі музейлердің» озық тәжірибесі Красноярск өлкесінде «Экодом», Бородино шайқасы алаңында құрылған «Боронино» музей-қорығынан көрінеді. 2010 жылы Түрікменстанда Ашхабад қаласының маңындағы Гекдере атты елді мекен «тірі музей» ретінде құрылды.

Тірі музейлер имитация арқылы «тірі экспозиция» құрумен ерекшеленеді, әрі тірі экспонаттық келушілерге әсері мол болады. Имитация (латын, imitatio – ұқсау, еліктеу) – музей ісінде материалдық емес мәдениетті, ұлттық салт-дәстүрлерді, қолөнер шеберлерінің әдіс-тәсілдерін адамдар көмегімен көрсету. Мысалы, қолөнер жәрмеңкесін, шебер-сыныптарын, ұлттық киімдер сән шеруін, т.б. ұйымдастыру. Сондай-ақ музей экспозциясы тақырыбын, көрме мазмұнын ашу үшін құстар, жан-жануарлардың тірі дауыстарын, табиғат құбылыстары, яғни теңіз шуылын, боран соғудағы, найзағай ойнағандағы дауыстарды пайдалану. Имитациялы «тірі экспозиция» этнографиялық және этнографиялық бөлімі бар тарихи музейлер бағытына сәйкес келеді. Мыс., ҚРМОМ-де мерекелік күндерге орай ұйымдастырылатын «Орта Азия қолөнер шеберлері» жәрмеңкесі аясында қолөнер шебер-сыныптары мен ұлттық киімдер сән шерулері өтеді. Ықылас атындағы Республикалық музыка аспаптар музейінің қайта ашыллу салтанатындағы «Тұран» этнографиялық-фольклорлық ансамблі шебер-сыныптарын атауға болады. Музейге келушілердің сұранысын қанағаттандыру үшін «тірі экспозиция» бір күндік немесе бір іс-шара аясындағы «уақытша» көрініс болмау керек, ол күнделікті музей жұмысының бөлігіне айналу керек. Прадо музейі ХХІ ғасырдың бас кезінен «жаңа музей» бағытының өзекті мәселелерінің бірі «тірі экспозиция» қалыптастыру мақсатында жұмыс жасап келеді. Музей залында мольбет алдында жұмыс жасап отырған Диего Веласкестің, Фернандо VII отбасының шақыруымен жұмыс жүрген Гойяны, Эль Греконың «Шаруалардың табынуы», Босханың «Рахат бағында» атты жұмыстарын аяқтау сәтінен тірі көріністерді (актерлер немесе музей қызметкерлері) көруге болады.

ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі дәстүрлі музейлердегі демократизация және жаңғыру бағытындағы ізденістер олардың сапалы түрде жаңа бағытқа трансформациялануын қамтамасыз етті. Музей қорындағы құндылықтарды көпшілікке ұсынатын, қолжетімді етудің жаңа жолдары қалыптасты, олар электронды цифрлау, электронды каталогтау, музейлердің мәдени-ағартушылық бағытында инновациялық бағдарламалар арқылы жүзеге асырылды. Музей құндылықтарын көпшілікке қолжетімді ету қазіргі таңда «виртуальды музейлер» жүйесі негізінде іске асуда. Виртуальды музейлер – виртуальды кеңістікте орналасқан, компьютерлік технологиялар көмегімен жүзеге асырылған музейлер моделі. Яғни музейлердің орналасқан мемлекетіне бармай-ақ, үйде, мекемеде отырып, музей экспозициясына ғаламтор жүйесі, аудиотехникалар, мультимедиалық қондырғылар, интерактивті қондырғылар көмегімен саяхатқа шығу. Мұнда музей заттары «виртуальды экспозицияда» орналасады. Виртуальды музейлерге саяхатты электронды жасалған аудиогидтер жүргізеді. Виртуальды музейлер жасау ісі ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қолға алынып, қазіргі таңда кең қолданысқа ие болған. Қазіргі заман музейлерінің озық тәжірибесіне музей экспозициясының мазмұнын ашатын 3D, 5D, 7D форматтағы киноқондырғыларды, виртуальды тур, виртуальды музейдегі 3D форматтағы экспозиция мен экспонаттарды атауға болады. Сондай-ақ қазіргі таңдағы музей коммуникациясында музейге келушілілердің әртүрлі категориялары, мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдармен, балалармен жұмыс жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдері қарастырылды.

Жастар мен өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында тарихи дәуірлер оқиғасынан түрнұсқалар толық сақталмаған жағдайда «парамузей» арқылы да сол кезеңнің тұлғалары мен оқиғасын ашуға болады. Парамузейлер – шетел музеологиясында тәжірибеге енген, музей қорының негізі түпнұсқа емес заттардан қалыптасқан, белгілі бір тарихи маңызы бар оқиғаларды, нысандарды насихаттайтын музейлік маңызы бар мекеме. Парамузей экспозициясы балауыз фигуралардан, жоғары сапалы жаңғыртпалардан, нақты және жаңа көшірмелерден, т.б. тұрады. Мысалы Қазақстанда «Қазақ хандары», «Қазақ батырлары», «Ұлы тұлғалар» сияқты парамузейлер қалыптастыруға болар еді.



Музеология саласындағы өзекті мәселелердің Балалар музейі арқылы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру. Біздің елімізде Балалар музейі Оқушылар сарайы ішілік, мектеп ішілік музей ретінде тар шеңберде дамып отырғаны шындық. Балалар музейі – балалар аудиториясына арналған, балалардың сұраныс талабына сай, олардың жас ерекшелігіне сай интерактивті экспозиция құрылған, білім-тәрбие беру функциясын атқаратын, балалардың қоршаған ортаға бейімделу үдерісін, эстетикалық талғамын қамтамасыз ететін, балалардың шығармашылық қабілетін арттыратын, ойлау қабілетін шыңдайтын үйірме, клубтар, курстары жұмыс жасайтын, балалардың ептілігін қалыптастыратын ойын алаңдарымен жабдықталған музейлер жүйесі. Балалар музейі жеке музей ретінде де, «музей ішіндегі музей» түрінде ашылған филиал, бөлім ретінде де жұмыс жасайды. Балалар музейі идеясы мен термині ХІХ ғасырдың аяғында қалыптасқан.

Қазіргі заманғы музеологияның өзекті мәселелерінің бірі музейлердің қызметінің жаңа бағыттарын дамыту, музей қызметі арқылы адамдарды қоршаған ортамен, табиғатпен байланысын дамыту болып табылады. Адамдер мен қоршаған ортаны байланыстыратын бір бағыт интеграцияланған музейлерді, соның ішінде музей сыртындағы музей ретінде жұмыс жасайтын мүсіндер бағы мен ботаника бақтары жұмыстарын музейлендіруден көрінеді. Мүсін бақтары мүсіндемелердің көп шоғырланған жері болып саналады. Әлемдегі мүсіндер бағының озық тәжірибесі Норвегиядағы Осло Вигеланда мүсінінің саябағынан, Шығыс Финляндияның Париккала жерінде Веджо Ронкконен есімді суретші жасаған әр түрлі қимылдағы 500 адам мүсіні (200 мүсін әртүрлі көңілдегі өзінің автопортреті) табиғи фауна, флорамен үйлесімділікте тұрғызылған саябақтан, Санкт –Петербург, Москва мүсіндер бақтарынан т.б. көрінеді.

Ботаникалық бақтарда тірі өсімдіктердің колекциясын жинап олардың көмегімен өсімдіктердің сан алуандығын және жердің өсімдік әлемінің байлығын зерттеу жүзеге асады. Ботаникалық бақтардың көбінде дендрарий, альпинарийсу өсімдіктері мекендейтін тоғандар бар және пайдалы өсімдіктердің экспозицияларын орналастыра отырып, оның музейлік қызметінде жаңа ақпараттық технологияларды енгізудің мағызы ерекше. Ұлыбритания жеріндегі табиғат пен мүсіндердің әсем байланысын Хелиген бағынан көруге болады. Хэлиген бағы– халық көп жиналатын және әлемге танымал ботаникалық бақтардың бірі. Бүгінде ботаникалық бақ Ұлыбританияға ғана емес, күллі әлемге даңқы шықты. Хелигэнде Альпы аңғарлары, қабырға артындағы бақ, жүзімдіктер, қауын ауласы, Хрусталь үңгір, Итальян бағы сынды бөлімдер бар. Бақтың ең көрікті құндылықтары – «Батпақтағы бикеш» және «Алыптың басы» атты өсімдік мүсіндер болып табылады. Ал, Токиодағы Ұлттық табиғат және ғылым музейінің экожүйе- табиғат бөлімі жердегі тірі организмдер эволюциясын тірі экспозиция-имитациямен көрсетеді, ғимараттың шатырында 160-тан астам өсімдік түрін көрсететін бақ орналасқан, баққа кірген әр адамға автоматты түрде ашылатын қолшатырлар көлеңке түсіреді. Мүсіндер бағы мен ботаника бақтары «музей сыртындағы музей» ретінде адам танымының көкжиегін кеңейтетіп, мәдени-эстетикалық, экологиялық тәрбие береді.

Шетелдік музеологияда музей қорын мен жеке коллекция қорын антикварианттармен, өнер мұраларымен, мемориалдық заттармен, тарихи-мәдени маңызы бар құжаттармен, т.б. толықтырудың бір бағыты, адамның әлеуметтік-мәдени қызметінде маңызды орын алатын затты көпшілік сатылымына шығарудың бір жолы аукцион (латын, auctio, auctionis – көпшілік сауда арқылы сату) арқылы көрінеді. Аукционды ұйымдастырушы мекемелелер, заттың құндылығына алдын-ала сараптау жасайды.



Қортыта айтқанда, музейге келушілерді дәстүрлі экспозициялық жүйе қазіргі таңда толық қанағаттандырмайды, сондықтанда музей ісін толық автоматтандыру, жаңа ақпараттық технологияларды экспозицияға ендіру, экспозиция мазмұнын сенсорлық киосктер, аудио-видео фильмдерді енгізу, фонокомментариий, аудиогид қызметтерін енгізу арқылы әлемдік өркениет кеңістігіне шығуды талап етеді. Бұл бүгінгі музеология саласындағы кезек күттірмейтін мәселелер қатары.
Әдебиеттер:

1 Картаева Т.Е. Әлем музейлерінің кеңістігі. – Алматы, Қазақ университеті, 2013.

2 Архипов В. Вещи не для глаза, а для пользы // Журнал Открытый музей. Музейная коллекция и ее замысл. №1-2, Красноярск, 2003, -С. 26-29.

3. Музейная экспозиция. На пути к музею 21 века. - М., 1997.



4. Ноль Я.Л. Информационные технологии в деятельности музея. – Спб., 2007.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет