ТЫҢдаушыларды кредиттік технология бойынша оқытудың ерекшеліктері



Дата16.06.2016
өлшемі32 Kb.
#140061
ТЫҢДАУШЫЛАРДЫ КРЕДИТТІК ТЕХНОЛОГИЯ БОЙЫНША ОҚЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Жаппасов Ж.Е., т.ғ.к., Асанов Н.А., п.ғ.д., проф., Мәтбек Н.Қ., ф.ғ.к.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Кредиттік жүйенің негізі ХІХ ғасырдың 70-жылдары алғаш рет Америка Құрама Штатында қаланған. ХІХ ғасырдың аяғында АҚШ-тың жоғары, арнайы орта, орта білім беру мекемелерінде білім деңгейін жақсарту мақсатында «кредит» ұғымы кеңінен енгізілген. Кредиттік технология бойынша жүргізілетін сабақтардың түрлері және әдіс-тәсілдері қалыптасқан дәстүрлі оқытудан басқаша. АҚШ-тың жоғары оқу орындарында оқыту дәріс пен семинар сабақтарға жіктелмей, оқытушының өзінің таңдауы бойынша өтіледі. Кредиттік оқыту жүйесінің мәні білім алушының өз бетінше білімді меңгеруіне мүмкіндік туғызу болып табылады.

1999 жылы 19 маусымда жоғары білімнің бірыңғай құрылымын енгізу үшін 29 ел қол қойған Болон декларациясы қабылданған. Республикамыздың бірқатар жоғары оқу орындарында 2003-2004 оқу жылынан бастап «Болондық жүйе» негізінде жасалған халықаралық деңгейдегі кредиттік оқыту жүйесі қолданысқа ене бастады. Еліміздің жоғары оқу орындары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 17 маусымдағы №386 «Ғылыми-педагогикалық тәжірибе туралы» бұйрығы негізінде кредиттік оқыту технологиясы бойынша мамандар даярлауды қолға алды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығымен бекітілген (ҚР БҒМ 2014.06.02. №198 бұйрығымен енгізілген өзгерістерімен). «Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастырудың қағидаларында»: «Кредиттік оқыту технологиясы – білім алушы мен оқытушының оқу жұмысы көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі ретінде кредитті қолдану арқылы, білім алушының пәндерді таңдауы және реттілікпен оқуын дербес жоспарлауы негізінде оқыту», – [1] деп анықтама берілген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде 2015-2016 оқу жылында оқытудың кредиттік технологиясына көшу енгізіле бастады. ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында міндетті және элективті пәндер жүйесі көрініс тапқан негізгі оқу жоспары дайындалды. ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында тыңдаушылар жоғары оқу орындарына түсу үшін кешенді тестілеу тапсыратындықтан, негізгі міндетті модуль ретінде жалпы білім берудің оқу бағдарламасына негізделген үш пән (33 кредит): Қазақстан тарихы, қазақ / орыс тілі, математика; кәсіби элективті модуль ретінде таңдау пәндері (11 кредит): физика, биология, география, химия, ағылшын тілі, қазақ әдебиеті, дүниежүзі тарихы берілді. Кредиттік оқыту технологиясының негізгі ерекшеліктерінің бірі – студенттер пәндер мен оқытушыларды таңдау мүмкіндігіне ие болса, ал тыңдаушылар өздерінің болашақ мамандықтарына сәйкес төртінші пәнді таңдайды.

2015-2016 оқу жылына арналған академиялық күнтізбе бойынша теориялық оқыту 30 аптаны (әр семестрде – 15 аптадан) құрайды. Семестрдің 7-нші және 15-інші аптасында тыңдаушылар аралық бақылау тапсырады. Әр семестр соңында емтихан тапсыруға – 2 апта, демалысқа 2 апта уақыт бөлінген. Кеңестік жүйеден келе жатқан дәстүрлі 80 минуттық (2 академиялық сағат) дәрісханалық сағат уақыты 50 минутқа өзгерді. Кредиттік оқыту технологиясы бойынша студенттің өзіндік жұмысы СОӨЖ (студенттің оқытушымен өзіндік жұмысы) және СӨЖ (студенттің өзіндік жұмысы) болып екіге бөлінеді. Бакалавриатта 1 кредиттің еңбек сыйымдылығы 45 академиялық сағатқа тең болады. Оның 15 сағаты – дәрісханалық, 30 сағаты студенттің өзіндік жұмыстарының үлесіне тең. Тыңдаушыларды кредиттік технология бойынша оқытудың ерекшеліктері ескеріле отырып, 1 кредит практикалық сағатқа – 0,5 сағат оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін тыңдаушылардың өзіндік жұмысы (ОТӨЖ) берілген. Оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін тыңдаушылардың өзіндік жұмысы да дәрісханалық сабақтың санатында.

«Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастырудың қағидаларында»: «Оқу бағдарламаларына ең қиын сұрақтар, үй тапсырмаларының орындалуы, курстық жобалар (жұмыс), семестрлік жұмысты бақылау, есептер және БӨЖ-дің (білім алушының өзіндік жұмысы) басқа да тапсырмалары ОБӨЖ кеңесіне кіреді», – деп атап көрсетілген. ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында шетелдік тыңдаушылар, оның ішінде қазақ диаспорасы тыңдаушылары білім алатындықтан, шетелде білім алған тыңдаушылар қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы пәндерін оқымай келеді. Олардың білім алуына әр мемлекеттің алфавитінің өзгешелігі де едәуір кедергі келтіреді. Сондықтан ОТӨЖ сағаттарының да дәрісханалық болып берілуі орынды деп санауға болады. Сонымен қатар тыңдаушының практикалық сабақтарда ала алмаған ақпарын ОТӨЖ кезінде алуына мүмкіндігі бар. Кредиттік технология өзіндік жұмыстарды да көптеп орындауына, өзін-өзі дамытуына, дербес тұлға ретінде қалыптасуына да ықпал етеді.



Тыңдаушылардың білімін тексеру тестілеу жүзінде өтеді. Ай сайын кешенді тестілеу тапсырып отырады. ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында барлық пәндер бойынша оқу-әдістемелік кешендер құрастырылып, университеттің оқу-әдістемелік кеңесінде бекітілді. Ол кешендер университеттің «Пәннің оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу және рәсімдеу ережелерін» [2] басшылыққа ала отырып дайындалды. Оқу-әдістемелік кешенде пәннің бағдарламасы (Syllabus), дәріс материалдары, практикалық (семинарлық) оқытуға арналған әдістемелік нұсқау, тыңдаушының өзіндік жұмысы, оқытушы мен тыңдаушының жеке жұмысы, өлшеуіш-бақылаулар құрылымы, оқу-әдістемелік қамсыздандыру картасы келтірілген.
Әдебиеттер
1. ҚР БжҒМ 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығымен бекітілген (ҚР БжҒМ 2014.06.02. №198 бұйрығымен енгізілген өзгерістерімен) «Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастырудың қағидалары».

2. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Академиялық саясат, 2015-2016, «Пәннің оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу және рәсімдеу ережелері», 237 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет