«Тілді жоғары мектепте оқыту әдістемесі» пәні бойынша
«7М01723 - Қазақ тілі және әдебиет педагогтарын даярлау» білім бағдарламасының 2 курс магистранттары үшін
Қазақ тілін оқыту әдістемесі және оның зерттеу нысаны туралы баяндаңыз. Қазақ тілін оқыту әдістемесі педагогика ғылымының бір саласы болып табылады. Ол өз алдына дербес ғылым. Өйткені оның өзіндік зерттейтін нысаны, мазмұны, зерттеу әдістері мен тәсілдері бар.Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттейтіні оның оқыту жолдары мен жағдайлары туралы заңдылықтар. Бұл заңдылықтар педагогика, психология және лингвистика ғылымдарының негізінде жинақталған практикалық тәжірибе мен бұрыннан қалыптасқан теориялық қағидалардан, тұжырымдардан шығарылады. Егер нақтылап айтсақ, оқыту әдістемесі мына мәселелерді зерттейді: 1) мақсаттары (не үшін оқыту керек?); 2) мазмұны (нені оқыту керек?); 3) ұйымдастырылуы (қалай оқыту керек?); 4) құралдары (ненің көмегімен оқыту керек?); 5) оқыту кезінде оқушылардың білімді меңгеру деңгейі, ақыл-ойының дамуы мен тәрбиеленуі арасындағы ұштастық мәселелері. Бұл проблемаларды шешу мектепте тәрбие мен білім берудің жалпы мақсаттарын белгілейді.
Қазақ тілі әдістемесінің мәселелерін сипаттаңыз. Зерттеудің теориялық әдістері. Ең алдымен назар зерттелетін құбылыстардың, процестердің заңдылықтарын жинақтауға, анықтауға, қалыптастыруға бағытталады. Соңғы жылдары оқыту әдістемесінде жүйелі құрылымдық әдіс қолдана бастады. Оның мәнісі — зерттеу өзара байланысты элементтерден құрылған біртұтас жүйелерінде қаралады, элементтер арасындағы өзара байланыстылық пен қарым-қатынасқа басты назар аударылады. Осыған сәйкес оқыту әдістемесінде мұғалім мен оқушының арасындағы байланысты анықтау қажеттілігі туады (яғни оқыту мен білім алу), оқытудың мақсаттарымен, мазмұнымен, әдістері, құралдарымен, оқушылардың білімді қабылдауы, дамуы және тәрбиелену арасындағы байланыстарды анықтау қажет болады Оқытудағы жүйелі-құрылымдық әдіс сабақтың мақсатын анықтауды, осы мақсаттарға байланысты оқытудың мазмұнын, әдістері мен құралдарын сұрыптап ала білуді, сабақтың тиімділігін бағалауды көздейді. Жүйелілік әдіс мұғалімнің бағдарлама бойынша бірнеше сабақты жоспарлап, дайындалуына мүмкіндік береді, әр сабақтың өзіндік ерекшеліктері мен мақсаттары, мазмұны, оқыту әдістері жағынан, оқушылардың танымдық әрекетінің сипаты жағынан өзара байланыстылығы сақталады.
Достарыңызбен бөлісу: |