Тарау. Өгдүлміш патшаға әскер бастайтын бас қолбасшы
қандай болу керек екендігін айтады
«Патшам! – деді, берді Өгдүлміш жауабын,
Күшің болсын жаудың берер сауабын.
Әскер басы керек бекке бас ұрар,
Жараспайтын жау ұйқысын қашырар.
2235. Мұндай істі ержүрек ер қалайды,
Құрыш, қайсар, көріп жүрген талайды.
Барынша ұлы іс – әскері көп қол бастау,
Тәртіп тұзіп, ойран салып, жау жасқау.
Сақ, ерекше кісі керек, ұғымды,
Қапы қалып келтірмейтін шығынды.
194
Болсын алып, момын, сыпа, ол мерген,
Өзі – сақы, тұз бен нанын мол берген.
Аса жомарт, ашық қолды бола алса,
Ең таңдаулы басшылар кеп қол алса.
2240. Үлестірсе барлық малын, бар асын,
Қалың нөпір жыйса дос, жар, жорасын.
Бір ат, киім, қару алсын о тағы,
Бар әлемге кетсін даңқ, атағы.
Мал жинамай әйеліне, қыз, ұлға,
Күміс жинап, қызықпаса қызылға*.
Жұмсап қылыш қалағанын жинаса,
Даңқы шықса жұртқа беріп сыйды аса.
Ішкіз, жегіз, кигіз жұртқа киімді,
Ат пен қару, күң, құл берсең – тиімді.
2245. Батыр ерлер сонда келіп иілер,
Жанын қиып, тау-тау болып үйілер.
Ер жүректі, өте ақылды, елге – өзек,
Тайсалмайтын, болсын басшы елгезек.
Қорқақ адам болмай әскер санында,
Тек отырсын әйелінің жанында.
Қорқақ адам бұзар шеру шептерін,
Қол бұзылса, сасар қайсар текті ерің!
Қан майданда сом жүрек боп күрессін,
Жау ат қойса, табанды боп тірессін.
2250. Бір өлімнің бар екені анық-ты,
Мезгіл жетпей ер өлмейді даңқты.
195
Азулы ерді тыңда жауын жалмаған,
Жауың жеңер өлімді еске алмаған:
«Мезгіл жетпей өлмес туып өргендер,
Қорықпасын жауды әшейін көргендер.
Жалын болып жаумен алыс ерлерше,
Ажал келмей бұйырмайды көр мен жер!»
Намыс керек – ер шабады ары үшін,
Өшін алар ар-намысы бары үшін.
2255. Ары барлар жауың жеңіп ұтады,
Намысы жоқ кісі алдымен жытады.
Арын ойлап, қорқақ ер боп жатқан шақ, –
Қайсар да өлер бола берсе жасқаншақ.
Жүректі ерлер намысына шабады,
Олар өлсе айқаста ажал табады.
Құлқы жақсы, ақ көңілді керім ер,
Ел-жұртына сүйкімді боп көрінер.
Кішік кісі іш жылытар, басшы, біл!
Жырақтатар жұртты өзінен ащы тіл.
2260. Әскер басы алшаң басса аяқты,
Шүбәсі жоқ, жаудан жейді таяқты.
Өр көкірек, бейқам жүрген немелер,
Не бұзылар, қамсыз қалып, не өлер.
Аса батыр, керек қайсар ер дара,
Даңқы-атағы жайылатын жер жара!
Ұста қатаң жамандарды – сиынсын,
Төк мейірім жуастарға – сүйінсін!
196
Болу керек саясатшыл қолбасы,
Бар әскери істің болар сол – басы.
2265. Саясатқа қол бағындыр, – тоқталар,
Қол бағынса, тамағы да тоқ болар.
Қалың әскер басқармаса – бытырар,
Ондай әскер бұзылар да құтырар.
Жамандарды сыйпап сөйлеп құр бетке,
Жақсыларды бөлеп тұрсын құрметке.
Жақсыларға жақсылық қыл, «кеш» деме,
Бер тілегін жүктемей-ақ ештеме.
Тілер адам ылғи жақсы қылықты,
Құл боп сүйер игі іс қылған ұлықты.
2270. Ей, ақкөңіл, біреу айтқан жәйіт бар,
Оқы мәз боп, міне, мұндай бәйіт бар:
«Азат кісі – жақсылықтың құлы сол,
Қыл жақсылық, туралыққа аш та жол.
Кісіліктің негізі – осы кісі айтқан,
Кісілікке – кісілік қыл, әсте, мол!»
Қолбасыға мұны білген дұрыс та,
Бетпе-бет кеп сап түзейтін ұрыста.
Болсын батыр арыстандай жүректі,
Ұстасқанда жолбарыстай білекті.
2275. Шошқаша ұмтыл, бөрідей боп қарпитын,
Аю ашу, бұғыдай боп тарпитын.
Түлкі айламен тірі жұтар турамай,
Өш алатын жыны түскен бурадай.
197
Сауысқаннан сақ боп сезік алатын,
Қырандай боп қырымға көз салатын*.
Арыстан боп тап бергені сезілмей,
Үкі болсын түні бойы көз ілмей.
Жаугер болар адам мұндай іспеттес,
Жаугер болса, ол – жарамды, істе ептес.
2280. Жаугер кісі – жарамды ердің көкесі,
Жауды құртар, кетпес онда кек-өші.
Нан, тұз, ас бар – дастарқаны толса кең,
Ат, тоны мен қару соған болса тең.
Өміріне жұрттың арқау болатын,
Ас-тұз болса, ердің жаяр сол атын.
Тыңда, айтыпты Ыла жұрттан шықкдн ер*:
Нанды мол ет, ей, сөзімді ұққан ер!
«Атақ сүйсең – ас-су істе, нан да қыл,
Өмір сүйсең – осыларды қамдағыл!»
2285. Кісілік қыл – сонда нағыз сақысың,
Ер өтейді нан мен тұздың ақысын.
Ұлылықты тілесен - бер асыңды,
Сол ас болар ұзартатын жасыңды.
Қолбасшыға мына қылық жарайды,
Іс иіні осы орамға қарайды:
«Шын сөз айтсаң – дұрыс солай қалғаны,
Халық сенбес, болса сөздің жалғаны.
Екіншісі – сақылық қой, ашық қол,
Сараңға жан жуымайды, қашық бол.
198
2290. Үшіншісі – жаужүрек ер қол қияр,
Қорқақ адам жауды көрсе – қылжияр.
Бұ төртінші – амал-айла бұлтартпас,
Айла білсе ер – арыстан да тіл тартпас.
Шеп бұзуға қайсарлықпен жетер ер,
Қайсар болса, қол рухын көтерер.
Әскер басы болса өнерлі о тағын,
Жауды жойып, жоқ қылады атағын.
Дәл осындай басшы қолды бастаса,
Ат қойғанда жауды таптап тастаса.
2295. Лап бергенде қылып ұйқы-тұйқыны,
Басшы қойсын күн-түн демей ұйқыны.
Көп қол емес, аз қол керек тандаулы,
Аз қол болса – бес қаруы қамдаулы.
Көп қол болса, бассыз болар – тірексіз,
Бассыз әскер болары шын жүрексіз.
Сыншы жаугер таң қалуға епті емес,
Он екі мың жауынгерді «көп» демес.
Бір ер айтқан жауды быт-шыт ететін:
«Маған төрт мың әскер қолы жететін.
2300. Қалың әскер бұзар сапты, жиынды,
Ептеп, түзеп, басқару да – қиын-ды!»
Айтқан бір ер, батыр, көзі қарақты:
«Әскер керек болса қару-жарақты!»
Айтқан жаугер, аты кеткен арайлап,
Есті сөзін, іс қыл соған қарайлап:
199
«Көп қол емес, ең таңдаулы ер ізде,
Бәрінің де бес қаруын бер ізді.
Тәртібі бар аз жақсы ғой көп қолдан,
Көп қол болса жеңіліс көп тәрізді».
2305. Әскер басы болса жауын шабатын,
Болсын соғыс іс-айласын табатын.
Сақшы қойып әрбір шетке ұрымды,
Көз, құлағы шолсын алыс қырымды.
Бақылаушы, барлаушы қып ерлерін,
Білсін жауды дәл ұратын жерлерін.
Әскер дайын, сақшы болсын зейінді,
Біреу озып, біреу қалмай кейінде.
Барлаушылар орнын біліп, сап құрсын,
Хабаршы ұстап, тап-тұйнақтай, сақ тұрсын.
2310. Ту көтерген тәртіп байқап сұғаңдап,
Соққы берер топ кетпесін шығандап.
Жайлы жерге түссін әскер шетінен,
Тас түйін боп, бытырамай бетімен.
Қамсыз қалмай алсын жаудың мазасын,
Қамсыз болса – жау береді жазасын.
Жауды іргелеп, сақшысын ап, аңдасын,
Қол жататын от, сулы жер таңдасын.
«Тіл» алдырмай күзетті тым мықтасын,
Қолын, санын жау білмесін, ұқпасын.
2315. Бекініп ап, жаудан ұстап ұрын «тіл»,
Содан сұрап, жаудың ойын бұрын біл!
200
«Тілден» біліп, бар ісіңді басым қыл,
Бар да жаудың мойынын үзіп, басын жұл!
Қан майданда сақтық керек қырағы,
Кім сақ болса. соның жанар шырағы.
«Қылышымен – айтты еңбегі сіңген ер, –
Қамшыласын арыстанды мінген ер!»
Кім жеңудің екі амалын табады, –
Сол екеуден жау өмірем қабады.
2320. Қолдан жауға айла-тәсіл – соны ойла,
Жауды қызыл қан қылады сол айла.
Сосын, сақтық – жау жеңудің құралы,
Кім сақ болса, сол үстемдік құрады.
Кім қырағы, сақ боп тұрса таза осы, –
Келер содан жаудың алар сазасы.
Жау көп болып, сен аз болсаң шайқаста,
Сен асықпа, ол асықсын айқасқа.
Жарасатын болса – жарас, тіреспе,
О болмаса – сауыт ки, шық күреске!
2325. Бас ұйқыда, жаудың шығар мүлде есін,
Қолдың аз-көп екендігін білмесін!
Бас салуға болмай қалса сенде жол,
Елші жібер, келісім қыл, ел де бол!*
Тілмен алдап, жарас, сақта өзіңді,
Айқасуға асықпа, қой сөзіңді!
Оған болмай, жау қаруын білесе,
Көңіл бермей, айқасуды тілесе, –
201
Сен ұзатпай әскерменен ұғысқын,
Иінін тап та, көп қол жиып, соғысқын.
2330. Созба ұрысты – жау алады сырыңды,
Көзі үйренсе, күш алады жырынды.
Бір ер айтқан жаудың дымын өшірген,
Көзбен көріп, бастан бәрін кешірген:
«Көрінбеген жау алыстан сығалар,
Жау көрінсе, көз үйренер, сыр алар.
Сыр алдырмай, жалындай боп жалмаған,
Ұмтыл жіті – сонда жауың тұралар!»
Бір топ әскер жібер жауды торуға,
Жаяу әскер алда болсын қоруға.
2335. Ысылған карт ерлерді қой шетіне,
Пана қылып қалың жаудың өтіне.
Қарттар – сыншы, талай істі қаузайды,
Аса жаугер, тез біледі ау-жайды.
Жас жігіттер – тым елгезек кейде осы,
Жауды көрсе – тез басылар кеудесі.
Алды, артына кісіні қой сенетін,
Оң мен солға басқаны ғой көнетін.
Жау таянса – ерлеріңе тылсым сын,
Жанын түйіп шүберекке ұмтылсын.
2340. Алыс жерде – оқты жаудыр аққұла,
Жақын жерде – сүңгімен ұр, соққыла.
Ұр қылышпен, айбалтамен шабысып,
Тырна, тісте, ал жағадан жабысып.
202
Жауға берме жауырыныңды – тырысқын,
Түйре, шаншы – өлгеніңше ұрысқын.
Ер айтыпты істі біліп тындырар:
«Шыдай білген саудың сағын сындырар!»
Неке түні қыз жетеді мұратқа,
Соғыс күні ер мінеді құр атқа.
2345. Батыр ерлер жаудың мойнын жұлар бұл,
Тұтқын етіп, әскерін де қылар құл.
Жауды көрсе – батыр қозар өзекті,
Ол ұрыста жұртқа бермес кезекті.
Жауды көрсе – арыстан боп келер де,
Ат ойнатар – өлтірер не, өлер не!
Жауды көрсе – жайнап кетер, бой алып,
Соғысады қызыл қанға боялып.
Қан болады ат, әбзелі, қаруы,
Ердің міндет әруақтай аруы.
2350. Жау ат қойса, сапырылыс басталып,
Арқа бермей, шыда, соғыс бас салып.
Жау шегінсе – лап қойып қу соңынан,
Қарап тұрма іс туғанда оңынан.
Жау қашқанда шыдай алмай күші іріп,
Тез жет қуып, ал қолыңа түсіріп.
Тобын жазбай, ерлер жауың түйресін,
Қайта айналып соқсын жауың – күйресін.
Жауың қашса – қума алысқа, саяққа, –
Қайтар жолда күш түседі аяққа.
203
2355. Жау түңілсе – өлімге бет қояды,
Сонда қарсы кім кеп оны жояды!
Бейқам адам өліп босқа кетеді,
Қам жеген ер тілегіне жетеді.
Ұлым, сақ боп жүрген кісі ұтады,
Сақтанбасаң – өлім сені жұтады.
Бір сөз бар-ды сыны маған ұнаған,
Сөз атасы болады сөз сынаған:
«Жауың қашса – ұзақ қума баладай,
Қуған кейде таяқ жеп те қалады-ай!
2360. Бір тозған жау бас көтермес тұтамдай,
Су құйылған от қалады тұтанбай.
Жау түңілсе – тек өлімге бел тірер,
Бел тіресе – өледі не өлтірер!»
Бер сыйлығын – біткен істің пайдасын,
Алған ердің өңі кірсін, жайнасын.
Кім ер болса, мақтау естіп, балқысын.
Сый да көріп, ер жүрегі толқысын.
Мақтап қойса – жақсылар да марқаяр,
Мақтап қойса – жамандар да қайқаяр.
2365. Ер мақталса – арыстанды ұстайды,
Ат мақталса – зырлап ұшқан құстай-ды.
Емдет, қарат жаралы мен іскенді,
Құтқарып ал жау қолына түскенді.
Өлгендерді зор құрметке бөлегін,
Ұл-қызына әке ақысын төлегін.
204
Әскер бұған қуанады, қолдайды,
Шыбын жанын қимайтыны болмайды.
Сөзі – тәтті, жүзі – жылы, ашық қол,
Болса – әркім-ақ үшеуіне «ғашық» сол.
2370. Азат кісі сонда құл боп табынар,
Жанын пида қылатындар табылар.
Ей, дана, бір сөз бар елең еткізген,
Байқап тұрсаң, дәл шындықты жеткізген:
«Тәтті сөзің, жылы жүзің, сыйың бар –
Үшеуіне азат халық сыйынар.
Алтын, күміс, құл жинама – бер, тарат,
Олар сонда құл болады – сый ұнар».
Әскер басы болса керек осындай,
Қолы сонда жасақталар жасындай.
2375. Сый-сияпат, алтын, күміс алғандар –
Алтын жанын құрбандыққа шалғандар.
Бұл үшеуін құл болып жұрт ұғады,
Білсе бектер – бәрі осыдан шығады.
Бек таба алса әскербасы осындай,
Ел қуанып, ісі жүрер тосылмай.
Дәл осындай бектер қолды бастаса,
Іс жүреді қуанышпен астаса.
Керек болса – міне, уәзір жарамды,
Міне, іздесең – әскербасы орамды.
2380. Міне, бұлар бек сенетін ер еді,
Бек қалауын солар істеп береді».
205
Айтты Өгдүлміш: «Ей, падишам, бақтылы,
«Ұлы» аталар екі жұмыс нақтылы.
Ол – уәзір, қолбасшы ғой нұсқайтын,
Бірі – қалам, бірі – қылыш ұстайтын.
Бұл екеуі – елдің жүген, құрығы,
Кім бұзады екеуінің ырығын.
Елден ерек, бұлар – адам құнды аса,
Басын алдыр бекке мойын сұнбаса.
2385. Пайдалы адам көп істейді бұл істі,
Бойсұнбаған бүлдіреді ұлысты.
Бек болады ізгі адамның сарасы,
Бұл екеуі – іскер елдің сарасы.
Бұлар елге берер кейін қол ұшын,
Бекке пайда келтіреді сол үшін.
Ел бастаған дана айтыпты тастай қып,
Дана сөзін жей бер дәмді астай қып:
«Ел жаулаған қылыш ұстап қасқарар,
Ел басқарған қалам ұстап басқарар.
2390. Жаулап елді – қылыш жұмсап, бағын бас,
Бірақ ол ел қалам болмай бағынбас.
Ел шапқанша қылыш күштен бас алмас,
Бірақ күшпен елдің кегін баса алмас.
Қалам ұстар кент, ұлыс, қаланы,
Жолға салып, қалағанын алады».
Осы, патшам, – бар білгенім, бар ой да,
Бердім жауап сұрағыңа орай да!»
206
Айтты патша: «Жетті бұған білігім,
Тағы бір сөз – жауап берші, күлігім!
2395. Қара маған – бір әңгіме қылайық,
Ұлы хажиб болуға кім лайық?
Хажибтерді басқаруға жарайтын,
Барлығына мейір төгіп қарайтын?»
Айтты патша: «Ойлап осы сөзімді,
Айтып берші, ашып менің көзімді!»
Достарыңызбен бөлісу: |