ТҮркі сөзінің тамыршысы



Дата08.07.2016
өлшемі51 Kb.
#184515
ТҮРКІ СӨЗІНІҢ ТАМЫРШЫСЫ

 

Байқап отырсақ, өткен ғасырда қазақ тіл білімінің үш түрлі ұрпағының өкілдері қызмет жасады. Бірінші ұрпақтың құрамына А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов бастаған қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалымдар кіреді. Екінші ұрпақтың қатарында І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев бастаған қазақтың академиялық тіл білімін қалыптастырушы ғалымдарды атауға болады. Академик Ә.Қайдар академиялық тіл білімін жаңа деңгейге көтеріп, дамытушы ғалымдар легін құрайтын үшінші ұрпаққа жатады деп ойлаймыз.



Әбдуәли Туғанбайұлы мектеп бітірісімен өз еркімен майданға аттанып, Ұлы Отан соғысына қатысқан, туған еліміздің азаттығы үшін қан төккен рухы таза, жігерлі, намысты азаматтар­дың бірі. “Даңқ” (1944), І дәрежелі және ІІ дә­режелі “Отан соғысы” (1944) ордендерімен, екі мәрте “Қызыл Жұлдыз” (1945) орденімен, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Гер­манияны жеңгені үшін”, “Москваны қор-ға­ғаны үшін”, т.б. медальдармен марапатталған. Жауынгерлік парызын үлкен абыроймен атқарып келген соң Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны үздік тәмамдап шығады. 1951 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы “ұйғыр тілі” мамандығы бойынша бітіреді. Осының өзінен ғылым жолына аяқ басқан жас ғалымның тіл таңдаудағы өзгелерден ерекшелігін, қиын­дық­тан тайсалмайтын батылдығын байқауға бо­лады.

Сол 1954 жылдан бастап осы күнге дейін, жарты ғасырдан астам уақыт ғалым қазақ тіл білімінің қара шаңырағы саналатын ғылым ордасында – қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында еңбек етіп келеді. Аспи­рантураны бітіріп, арнаулы ғылыми даярлықпен келген жас маман өзінің еңбек жолын ұйғыр-дүнген мәдениеті секторының кіші ғылыми қызметкері ретінде бастап, инс­титут директорына дейінгі жолды жүріп өтті. Осы қызметті 1995 жылға дейін үлкен абы­роймен атқарды. Ғылым кандидаты, ғылым док­торы, профессор, академик болды. Сөйтіп, ғылымның ауыр жолында оның барлық лауазым, атақ, дәреже баспалдақтарынан өтті. Белгілі бір мамандықтың барлық сатыларынан өткен адамның ғана өз саласының хас шеберіне айналатыны белгілі жайт. Академик Ә.Қай­дардың ғылымдағы өмір жолы осының айқын дәлелі бола алады.

Академик Ә.Қайдар – ғұлама ғалым. Ол қазақ тіл білімінің, түркітану мен алтаисти­ка­ның алуан түрлі салалары бойынша әлемдік дең­гейдегі құнды зерттеулер жазды. Түркі тіл­де­ріндегі түбір теориясы, қазақ тілінің лек­сикасы мен лексикологиясы, лексикографиясы, қазақ тіліндегі еліктеуіштер табиғаты, қазақ қос сөздерінің семантикалық құрылымы, қазақ терминологиясының өзекті мәселелері, қазақ тілінің грамматикалық құрылымы мен лексика-фразеологиялық жүйесі, қазақ ономастика­сы­ның жай-күйі мен болашағы, этимологиялық зерттеулердің әдіс-тәсілдері мен басты ұста­ным­дары, қазақ этнолингвистикасының ғылы­ми-теориялық және танымдық негіздері ғалым еңбектерінде егжей-тегжейлі сөз болады.

Академик Ә.Қайдар “Түркі этимологиясы: өзекті мәселелер мен міндеттер” атты еңбегінде этимологиялық реконструкцияны зерттеудің барлық жағдайына арналған универсалды ғылыми-теориялық талдау әдістері мен кри­терийлердің болмайтындығын ескерте келіп, этимологияның фонетикалық, морфологиялық критерийлерімен қатар, семантикалық кри­терийлерді де белгілейді: 1) лексикалық бір­лік­тің бастапқы және кейінгі мағыналарының қайсысының негізгі, түпкі мағына екенін тап басып тану; 2) сөз мағынасында жалпыдан жекеге, бүтіннен бөлшекке немесе керісінше да­муының болатынын ескеру; 3) сөз тұлғасы­ның дыбыстық өзгеріске түсуі кезінде оның мағынасының өзгеретінін немесе сараланаты­нын естен шығармау; 4) гомогенді және гете­рогенді омонимдерді шатастырмау; 5) сөз мағы­насының өзгеруінде тілдік қана емес, бейтілдік факторлардың болатынын бағамдау; 6) кейбір сөздердің мағынасын салыстыруда олардың тарихи түбірлес екенін (сағақ, сақал, сағанақ, сағалдырық, саға, сағана, сағалау) ұмытпау қажеттігін айтады. Ә.Қайдар қазақ тіл біліміндегі этимологияға арналған еңбектерді көне сөздердің, топоним, этноним, диалектілік, басқа тілден енген лексикалардың, түбір, бі­ріккен сөздердің, қос сөздердің этимологиясын зерттеуге арналған жұмыстар ретінде бағалайды. Бұл дегеніңіз, тілдік бірліктердің қазақ этимологиясында жеке-дара, дербес қарастырылып жатқанының көрінісі. Осы кемшілікті жою үшін ғалым төрт түрлі міндетті алға қояды: 1) қазақ тілі материалдары негізінде этимологиялық реконструкция жасаудың әдістемесі мен ұстанымдық мәселелерінің ғылыми-теориялық негіздемесін жасау; қазақ тіліндегі базалық лексиканың қыпшақтық немесе түркілік қалыпқа қатысын неғұрлым тереңірек талдау; 2) жалпы және жеке түркі тілдеріне тән түбірлер мен негіздерді айқындауға бағышталған салыстырмалы-тарихи зерттеулер жүргізу; 3) этимологиялық сөздіктерді құрастыруда “Қазақ тіліндегі этимологиялық зерттеулер тәжірибесі” тәрізді ғылыми негіздемелік еңбек жазу; 4) түркі тілдеріндегі этимологиясы айқын­далған лексика мен грам­матикалық фор­ма­лардың толық тізбесін жасап, этимология мә­се­лелеріне арналған ең­бектердің толық биб­лио­графиясын құрас­ты­ру. Еңбекте сөз болған мәселелер, қойылған міндеттер күні бүгін де өз өзектілігін жойған жоқ. Әбекеңнің түркі­тануға қатысты қандай еңбегі болмасын, дәл осындай маңызды ой-тұжырымдардың мол­ды­ғымен, болашаққа бағдарланған шешім­дер­дің көп кездесуімен ерекшеленеді.

Ұйғыр тіл білімінің мәселелеріне арналған алғашқы еңбектерінің бірінде қос сөздердің табиғаты зерделенсе, кейінгі еңбектерінде ұйғыр тілінің грамматикасы (синтаксис), лек­сикасы, қазіргі ұйғыр әдеби тілінің мәселелері сөз болды. Ғалым 1962 жылы жарыққа шыққан “Қазіргі қазақ тілі” оқулығы авторларының бірі, 1966 жылы басылған “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі” еңбегінің негізгі авторларының бірі болды. Бұлардан соң “Структура односложных корней и основ в казахском языке” (1986), “Сырға толы түр мен түс” (1986) еңбектері жарияланды. М.Оразов­пен бірігіп “Түркітануға кіріспе” (1992) оқулығын жазды.

Қазақ тіл біліміндегі этимология, семасио­ло­гия, ономасиология, диалектология, этно­лин­гвистика салаларының деректерін, әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, этностың шығу тарихын, этнос тілінің пайда болу тарихын, тілдегі базалық лексика құрамы мен құры­лымын, тіларалық байланыстар әсерін зерде­лей­тін, тілдегі сөздердің тарихи қозғалысын, пай­да болу жолдары мен даму заңдылықтарын зерттейтін тарихи лексикология саласының зерт­теу нысандары мен басты міндеттерін ал­ғаш рет анықтап берген ғалым – академик Ә.Қайдар.

Ғалымның 1986 жылы жарық көрген “Структура односложных корней и основ в казахском языке” атты монографиясы отандық және әлемдік тіл білімінде жоғары бағаланған аса құнды еңбек ретінде танылды. Әлемдік түркітанушылар арасында түбір мәселесімен айналысатын ең белгілі мамандардың бірі бо­лып табылатын ғалымның бұл еңбегі оның ғы­лыми беделін бұрынғыдан да арттыра түсті. Мо­но­графияның бес тараудан тұратын ғылы­ми-теориялық зерттемелік бөлігінде түркі тіл­де­ріндегі түбір мәселесі, түбірлер мен негіз­дердің құрылымы, этимологиялық реконструк­ция жасаудың әдіс-тәсілдері, қазақ тіліндегі бір буынды түбір-негіздердің лексика-граммати­калық және семантикалық түрлері жан-жақты жүргізілген тарихи-салыстырмалы, салғастыр­малы зерттеу негізінде талданады. Екінші бөлік­те бір буынды түбір-негіздердің сөздігі беріледі. Бұл еңбегінде ғалым бір буынды түбір-негіздердің жалпы түркі тілдерінің байырғы сөздік қорының өзегі екендігін жан-жақты дәлелдейді. Қазақ сөзінің құрылымы зерттеле бастағанына ғасырлар өтсе де оның шешімін таппаған мәселелері аз емес еді. Осы мәселені ғылыми-теориялық тұрғыдан кешенді түрде зерттеген де академик Ә.Қайдар болды. Ғалым бір буынды түбірлерді өзі ғана зерттеп қоймай, төңірегінде түбіртанушылардың отандық мектебін қалыптастыра білді.

Ғалымның қазақ тіл білімінің зерттемеген саласы кемде-кем. Ол этнолингвистика, тіл та­рихы және диалектология, лексикология, лек­сикография, семасиология, терминология, грам­матика салалары бойынша көптеген ең­бектер жазды. Оның осы салалардың әрқай­сысы бойынша жазған еңбектеріне жеке-жеке тоқталып, арнайы сөз еткен абзал. Алайда осы салалардың ішінде ғалымның қазақ этнолин­гвистикасы бойынша жүргізген зерттеулерінің бір төбе екендігін айтпасқа болмайды. Акаде­мик ғалым этнолингвистиканың қазақ тіл бі­лімінде жеке ғылым саласы ретінде қалып­та­суына, дамуына ерекше еңбек сіңірді. Ғалым­ның ғылыми жетекшілігімен бірнеше диссер­тациялар қорғалып, оның төңірегінде этно­лин­гвистиканың қазақстандық мектебі қалып­тасты. Оның жуырда жарық көрген “Қазақ қандай халық?” атты көлемді еңбегі жұртшы­лық назарын ерекше аударды. Отандық этно­лингвистиканы өркендетуге баса назар аударып жүрген зерттеуші “Қазақтар: ана тілі әлемінде” атты қазақ тілінің үш томдық этнолин­гвистикалық сөздігін жасауға көп күш-жігерін жұмсады. Осы үш томдықтың негізгі жұмысы аяқталып, жақын арада ғана бірінші томы бас­падан шықты.

Егемендік жылдары, терминология сала­сын­дағы басты ұстанымдарды қайта айқын­дау­дың қажеттілігі туындаған кезде Ә.Қайдар “Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас” атты еңбек жазды. Терминжасам ісінде қазақ тілінің сөз байлығын сарқа пайдаланудың қажеттілігін дәлелдеді. Бұл қазақ тіліндегі тер­минжасам ұстанымдарын жүйелі түрде ашып көрсеткен, дер кезінде жазылған бағдарлама­лық мазмұнды еңбек болды.

Әбдуәли Қайдар қазақ ономастикасының жай-күйі мен даму бағыттарын айқындайтын, “Қазақ” этнонимінің лингвистикалық түсін­дір­месін беретін, қазақ эпосындағы жер-су атау­лары мен кісі аттарын түсіндіретін, қазақ оно­мастикасының этнолингвистикалық аспекті­лерін ашатын еңбектерді 1970 жылдардан бері жазып келеді. Ғалым еліміздің егемендік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарында жер-су, елді мекен атауларына байланысты туындаған күрделі мәселелердің шешімін табуға да өз үлесін қосып, Т.Жанұзақпен бірлесе отырып “Атамекен атауларындағы ақтаңдақтар” атты мақала жазған болатын. Әбекеңнің ономастика саласы бойынша этнолингвистикалық мазмұн­да жазылған еңбектерінің бірі “Қаңлы; тарихи шежіре” деп аталады. Зерттеуде ғалым қазақ хал­қының құрамындағы ең көне тайпалардың бірінің тарихи жолы, құрамы, атақты адамдары туралы сөз етеді.

Ә.Қайдар лексикографияның теориялық және тәжірибелік мәселелерімен 1960 жыл­дардан бері айналысып келеді. Бұған мысал ре­тінде “Ұйғырша-орысша сөздік” “Ұйғырша-орысша лингвистикалық сөздік” тәрізді екі тілді аударма сөздіктерді, “Тысяча метких и образ­ных выражений: казахско-русский фразеоло­ги­ческий словарь с этнолингвистическими пояснениями” (2003) атты екі тілді түсіндірмелі сөздікті, сондай-ақ, “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі” (авт. бірі), “Халық даналығы” тәрізді бір тілді түсіндірме сөздік­терді келтіруге болады.

Ғалымдардың нақты ғылыми мәселелерге деген көзқарасындағы өзгерістерді, дамуды немесе қайшылықтарды көрсететін еңбектердің бір түрі – мақалалар жинағы. 1998 жылы Ә.Қайдардың тіл білімі мәселелері бойынша жазылған мақалаларының жинағы жарық көрді. Оған ғалымның өткен жылдарда жазылып, ғылыми зерттеу түрінде әртүрлі басылымдарда – оқулықтарда, ғылыми мақалалар жинақ­та­рын­да, отандық және шетелдік ғылыми журналдарда жарияланған, сон­дай-ақ, тіл білімі мәселелеріне арналған конференциялар мен симпозиумдарда жасалған баян­дама түріндегі еңбектері енген. Аталмыш ғылыми зерттеулердің кейбірі бұдан 30-40 жылдай бұрын жарияланса да, бүгінгі таңда өзінің ғылыми құнды­лығын, өзектілігін, қажеттілігін байқатып отыр. Олардың көп­шілігі қазір библиографиялық тұрғыдан сирек ұшырасатын өте-мөте бағалы еңбектер са­натында. Мұның басты сыры білімі мен білігі мол ғұлама ғалымның ғылыми көреген­ділігінде деп білеміз.

Академик Ә.Қайдардың ғылыми ғұмыры туралы сөз ете отырып, ұстаздық ұлағаты жөнінде айтпай кетуге болмайды. “Ғалымды тақырып өсіреді” деген ойды көңілге түйген Әбекең өз шәкірттерінің қайсысына да даму болашағы жақсы салалардан, ғылыми маңызы жоғары тақырып беруге тырысатын. Канди­даттық, докторлық диссертациялар қорғау кеңесінің басшысы ретінде Ә.Қайдар тек қана өз еліміздегі жас ғалымдардың ғылымдағы тағдырына қамқор болумен шектелмей, көр­шілес Ресейдегі, Қырғызстандағы, Өзбекстан мен Қарақалпақстан­дағы, Моңғолия мен Қытайдағы түркітанушы ғалымдардың ғылыми-зерттеу еңбектеріне жол ашып, бағыт-бағдар беріп отырды. Оларға қолдау білдіру арқылы түркітанушылар қатарының білікті маман­дармен толығуына ықпал етті. Ғалым басқарған Тіл білімі институты ғылыми кадр даярлау жағынан одақтағы негізгі үш орталықтың бірі болып келді. Ғалымның өзі сексеннен астам ғылым докторлары мен кандидаттарының диссертациялық еңбек жазуына жетекшілік, кеңесшілік жасаған екен.

Ә.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даяр­лаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, “Халық достығы” ордені, “Отан” ордені, “Құрмет нышаны” (Түркия ордені) “Ана тілінің айбары” алтын белгісімен және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған.

Ғалымның ұйымдастырушылық қабілеті әсіресе, Тіл білімі институтын басқарған жылдары ерекше танылады. Осы бір ширек ғасырдай мерзім аралығында институт одақтағы ең беделді ұлттық ғылым ордасына айналады. Ол одақтық деңгейдегі жиындарда, симпо­зиумдар мен конференцияларда үнемі ұйымдастырушылар қатарында жүрді. Тіл білімі институтында өткен одақтық конференция­ларды білгірлікпен басқарды. Ғалым, сондай-ақ, Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі ретінде ұзақ жылдар бойы Қазақстан ғылымының өркендеуі жолында аянбай қызмет етті. Ғылым академиясының “Хабарлары” атты ғылыми журналдың бас редакторы, Бүкіл­одақ­тың “Советская тюркология” журналының, республикалық “Білім және еңбек”, “Парасат” журналдарының редакция алқасының мүшесі болды. Мемлекеттік терминологиялық және ономастикалық комиссияларда төраға орын­басары ретінде жұмыс жасап, халқымыздың тағдыры үшін маңызды, игілікті істерді атқар­ды.

Ғалым әр жылдары КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы және Қазақ КСР Министр­лер кеңесі жанындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттердің мүшесі, КСРО Жоғары Аттеста­ция комиссиясының мүшесі, ҚР ЖАК-тың төралқа мүшесі болды.

Әбекеңнің түркітанушы ретіндегі халықара­лық деңгейдегі беделінің жоғары екендігі туралы ғылыми жұртшылық жақсы хабардар. Ғалымның әлемдік түркітанушылар ортасын­дағы беделі де өте жоғары. Ә.Қайдар – Түр­кияның “Dіl Kurumu” лингвистикалық қо­ғамы­ның құрметті (академик) мүшесі, Баш­құртстан ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі.

Ғалымның ғылыми және ғылыми-ұйым­дастырушылық, педагогикалық қызметтер­мен қатар алуан түрлі қоғамдық қызмет ат­қарғаны аян. Ә.Қайдар әр жылдары “Достық қоғамы” мен Халықтар Ассамблеясының мүшесі, ҚР “Тіл туралы” заңының жаңа жобасын жасаушы комиссияның мүшесі, ҚР Президенті жа­нындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болып қызмет жасап келеді.

Үстіміздегі жылы халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы қоғамның құрылуы үшін аянбай күресе білген азамат ғалымның қазақ тілінің мем­лекеттік тіл мәртебесін иеленуі жолында еткен еңбегі барша зиялы қауымға мәлім. Ол бас­қарған жылдардың әсіресе алғашқы кезеңінде осы қоғам ел арасында ерекше беделге ие болып, жұртшылық тарапынан жаппай қолдау тапты. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолындағы басталған істер ілгері басты. Ұлы Отан соғысында ел үшін от кешіп, қан төккен майдангердің халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті ретінде еліміз бен тіліміздің егемендігі үшін жүргізген күресі әрқашанда үлкенге — ғибрат, кішіге өнеге болмақшы.

Соңғы жылдары жиі айтылып жүрген халық әнінің сөзінде үлкен өмір шындығы бар. Шынында да, “күнде көріп бауырында жүр­геннен соң, таулардың биіктігі байқалмайды”. Әри­не, таулардың да түр-түрі болады. Бір тау­лар етек-жеңін жиып алып, көкке шаншылып тұратын құзар шыңдардан ғана құралады. Олардың төскейінде өсімдік те өспейді, аң да жүрмейді. Жалғыздықтың тас бейнесіндей. Енді бір таулардың мол пішілген етек-жеңі жайылып жатады. Етегі мен төскейлері, қойнаулары алуан түрлі жан-жануарға, малға толы ен жай­лау болады. Мұндай таулар өзінің көз ұшын­дағы заңғар биігіне, ақ қар, көк мұзға оранып жатқан төбесіне дейін бірте-бірте биіктейді. Биіктігі байқалмайтын таулар, міне, осындай болмақ. Бүгінгі күні сексен бестің сеңгіріне шығып отырған академик Әбдуәли Қайдардың тұлғасы осы тауларға меңзеп тұрады.




Авторы: Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет