Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет33/38
Дата25.02.2016
өлшемі2.41 Mb.
#20417
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

Зар заманнан сыр ұқсын.

.........................................

От тиген қалың ағаштай,

Жалындай кетті-ау, Кенекем».
Жоқтау ұзақ, қайғылы түрде айтылып, шатқал-шатқалды, сай-сайды қуалап, кең далаға Кенесары батырдың өлімін естіртіп кете барды. Зар жылаған домбыра үні барлық дүниені булықтырды. Тыңдаушылардың қара торы жүзін жас жуды, кейде олар өксіп-өксіп те алады. Бүкіл табиғат осынау бір жұбатуға болмайтын зарлы күймен бірге жылап тұрған сияқты» .

Мәшһүр-Жүсіп: Тілеуғабыл манап Наурызбайды інісінің бодауы үшін, көп қырғыздың ортасынан жеке өзі меншіктеп алды. Сонда қырғыздарға айтты дейді:

Мұны өлтірсем, неге өлтірдің демеңдер. Өлтірмесем, неге өлтірмей қойдың демеңдер. Інім үшін маған бердіңдер ғой. Ықтияры өзімде болсын! – депті.

Үйіне алып барған соң:

Төре, өлер інім өлді. Сені өлтіргенмен, ол тірілмейді. Сені тайдай тал түсте жөнелтсем, тамам қырғыз соңыма түсіп, өзімді бұл Алатауда тірі қоймайды. Менің атымды мін, киімімді ки, сөйт те, түнде қаш, сені ешкім қуып жетіп, түсіріп ала алмайды. Мен риза, құдай риза, маған сенің өлмегенің керек, – дейді.

Кенесары, Наурызбай қолға түсіпті де, Кенесары өліп, Наурызбай қашып келіпті – деген сөз маған өлімнен жаман атақ. Ол абыроймен тірі болып үйге барғаннан да өлгенім артық. Жиырма беске жеткенім жоқ, жүз жасаған кісінің сүретұғын дәуренін сүрдім, тіршілік пен бұ жалғанға менің арманым жоқ! – дейді.

Өлтіруге көзі қимай Тілеуғабыл Наурызбайды үш ай (тоқсан күн) сақтапты. Ақырында Тілеуғабыл өзі бір жаққа кеткенде, жанкүйері өлген қырғыздар қоқиласып келіп, өлтіріп тастады дейді. «Наурызбайды өлтіргендер дәнемеге ұшыраған жоқ», – десіп, мұны қырғыз жұртының өздерінің жиһан кезген, орыс қолына түсіп, жер аударылғандары айтысады. Болмаса, Кенесары, Наурызбай қырғызға түскенде мен туғаным да жоқ» .

Д.Рамазан: «Ал, 1999 жылы Бішкекте шыққан Құсбек Үсенбаевтың «Ормон хан» атты монографиясында: «Кенесары менен Наурызбайды 7-8 күн қармап тұрысады. Ол екеуін бірге қоймай, әрбірін өзінше бөлек үйде ұстаған. Кенесары «ит қырғыздар мені хандарыңа жолықтырыңдар» деп шешімді түрде талап еткен. Бұны Орман хан мақұл көрген жоқ. Өйткені қырғыз, қазақтың салты бойынша ханға жолықтырған тұтқынды «Жан сауға» деп аман қалдырады екен. Сондықтан Орман хан Кенесары мен Наурызбайды маған көрсетпей жоқ қылындар деп бұйырған. Шабылған ел, атап айтқанда шайқаста құрбан болған ерлердің жақындары Кенесары мен Наурызбайға бірнеше сауалдар береді. Мысалы, Наурызбайдан: «Бұрынғы жылғы елшілер бар ма?» - деп сұрағанда, ол: «Жаманқараңды жайлаған, Орманбекті ойрандатқан, Субанбегіңді сұлатқан, Қалпағыңды талпақ қылған қолым осы» – деп тайсалмай жауап берген. Ал: «Арманың бар ма?» - деген сауалға мынандай жауап береді. «Төрт арманым қалды: бірінші – апам байға ұзатылған жоқ еді, екінші – ұрпағым қалған жоқ, үшінші – Тоқсан төбедегі пұл ашылған жоқ, төртінші арманым – алты алаш баласын бастап, Еділ, Жайық, Сарыарқада орыспенен беттеспедім» - деген.

М.Сәрменбайұлы: «Кенесарыны сарбағыш Тастамбек балалары, Наурызбайды Тілеуқабыл балалары жабылып өлтірген көрінеді. Тастамбек Жантайдың әкесі Қарабекпен бірге туған. Тілеуқабыл Қалпақ батырмен бірге туған. Екеуінің де Кенесарыдан жақындары көп өлген. Екеуінің де тірідей жауырынын жарып, өтін, жүрегін алған, қанын ішкен, – дейді. Дұшпанының қанын ішу – бұрыннан келе жатқан түрік әдеті. Қырғыз арасында осы күнде мынандай лақап бар: «Кенесарының жүрегі майланған екен» дейді. Наурызбайдың жүрегінде қарыстай қыл бар екен. Қылды көрген соң қырғыздар «Наурызбайды бекер өлтірген екенбіз. «Жүрегінде түгі бар ер – жүзге серік» дейтін еді деп өкінген».

Мәшһүр-Жүсіп: «Қырық жасында, жылқы жылы демі таусылды. Наурызбайдың жылы қой еді, жиырма төрт жасында жұмыс бітті. Қырғызда манап дейтұғын болады екең. Манап болатұғын себебі: қырық жігітке қатын алып беріп, мал малдандырып, жан жандандырады екен. Сонан соң оны «манап» деп атайды екен. Сонда қырғызда Жанғараш, Жантай екеуі де манап екен. Жаманғара да манап екең. Жанғабыл, Тілеуғабыл ағайынды екеуі де манап екен. Жаманғараны елшілікке келген жерінде Наурызбай өлтірген:



Құлақ пен қозы жаурын қойып алдым,

Өгіздей жон терісін сойып алдым.

«Ханыма қырын қарап сөйлейсің» - деп,

Бүйірін наркескенмен ойып алдым, –

деген өлең де бар.

Өздері қашпаймыз десіп, қолға түскен соң, Жаманғараның бодауына Кенесары ханды Жанғараш алған екең. Жанғабыл манапты соғыста Наурызбай тағы өлтірген екен. Соның бодауына деп, Наурызбайды Жанғабылдың ағасы Тілеуғабыл алған екен. Сол уақытта қырғызда, Алатаудың күнгей бетінде, Орман хан деген хан бар екен. Сонан қырғыздың манаптары кісі жіберіп, ақыл сұраған екен. «Бұлар қолға тірі түсті, қайтеміз?» ‫– деп.

Сонда Орман хан айтты дейді:

Кенесары, Наурызбайға біздің қырғыз барып соқтыққан жері жоқ, өздері келіп қолға түсті. Оны манаптар күшіміз асқандықпен болды демесін. Құдай мен аруаққа төрелердің өздері ұшырады, сонан болды деп білсін. Өздерін өлтірмесін. Бұрынғының сөзі бар еді: «Қарадан хан қойса, қасиеті болмайды. Үлгісізден би қойса, өсиеті болмайды», – деп. Қайта өздері икемге келіп, ынтымаққа көнсе, күллі қырғызға хан көтерсін. Мен де хандығымды тастап, соны хан сайлауға қол қояйын. Егер де икемге келмесе, ынтымаққа көнбесе, күтіп-сақтап бақсын, өз ажалынан өлмесе, менен ғақыл сұраса, өлтірмесін. Және қалған елін барып шаппасын, болғанына қанағат қылсын да тұрсын, – дейді.



Сонан соң қырғыз:

Орман өзі басы аман болған соң аузына не келсе, соны айта береді, – деп. – Біздің Жаманғарамыздан артық па? – деп, – Жаманғараша өлтіріп тастаңдар! – дегенде, «Қылышпен шабамын!» – деп ең алғаш қол көтерген қырғыз қолын көтерген бойымен сіресіп қалды дейді. Оның өзінен әл кетіп, қақайып тұрып қалғанын білмей, жанында тұрған арсалаң бір есерсоқ қылышты жұлып алып, Кене ханды мойынан шауып жібергенде, Кенесары ханның басы да жерге түсті. Шапқан батырдың өзі де сылқ етіп құлай кетті дейді. Қараса, табанда жаны шығып кетіпті. Үйіне көтеріп алып барған екен, үй ішіндегі қатын-баласы жалп ете түсті дейді. Сонан соң қырғыз халқы Кенесары ханды өлтіргендігіне көп шемен болысты дейді. Сол өлтіргішлерінің тұқым-тұқымы бұл күнгеше өнбей, быт-шыт болып тозып кетті дейді. Жантай өлтірген кеңестің ішінде жоқ екен. Өлтіргендерін де оңды ұнатпаған екен. Бас терісін сойдырып, орыс жұртына жіберген екен. Сол үшін тұқым-тұқымына нагард берілді дейді».


М.Сәрменбайұлы: «Екеуі екі бөлек қойылған. Кенесары «Бөрілі» деген сайға көмілген. «Бөрілі» Тоқпақтан 25 шақырымдай Жуамға жүретін қара жолдың оң жағында болады. Наурызбайдың қайда көмілгені анық емес. Өлтіргенде Кенесарының басы орыс үкіметінің қолына түскен. Кенесары – 43, Наурызбай – 25 жаста екен. Пенде болған уақыты – 1847 жыл. Жазғытұры Кенесары өлген соң наймандар қырғыздарды шауып, Төрекелді деген манапты ұстап алған. Төрекелдіні құтқармақ болған қырғыздар Алматыдағы орыс әскерінің бастығына үш кісі елші жібереді. Осы үш кісі елшілікке Кенесарының басын алып барған. Үш елші үш рудың адамдары екен. Орыс үкіметі Кенесарыны кім өлтірді дегенде: «Біз өлтірдік» - деп үш елші таласқан. Кенесарыны қалай қылып өлтірдіңдер дегенде, былайғылары аузын ашпай айта алмай қалғанда, Орман манаптың елшісі Қалығұл Әлібекұлы Кенесарыны қалай өлтіргендігін бастан-аяқ сөйлеп, қайдан алып келгенін анықтап айтқан. Кенесарыны өлтіріп, орыс үкіметіне еткен еңбегі үшін сол күндегі Сібірдің ұлық-бастығы князь Горчаков Қалықұл Әлібекұлына 1847 жылы 15 июньде қол қойып, мақтау қағаз һәм күміс медаль берген. Орыс үкіметінің бастығы Кенесарының басын қайда жібергені белгісіз» .

Е.Бекмаханов: «Кенесарының өлімі туралы хабар жетісімен Орынбор шекара комиссиясы жан-жаққа жарлық жіберіп, онда «Орынбор мекемесінің қырғыздарына ортақ жаудың өлімін» хабарлады. Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков осы соғыста көзге түскен қырғыз манаптарын шақыруға шешім қабылдады және оларды ордендермен наградтауға ұсынды. Кейіннен бұл шаралар жүзеге асырылды. Кенесарыны өлтірген Әлібековке Горчаков арнаулы хат жолдады:



«Құрметті қырғыз Қалығұл Әлібековке! Бүлікші Кенесары Қасымовтың ісінде көрсеткен ерлігіңіз бен қызметіңіз үшін, өзіме император тақсыр берген билікке сай, сізге Георгиев лентасындағы, мойынға тағатын күміс медаль жіберіп отырмын, сіздің осы жоғары сыйлықты дұрыс бағалайтыныңызға және өзіңіздің қасиетті императорға берілгендігіңізбен үкіметтің сенімін ақтайды деп сенемін» .

Соңғы шайқаста, Сібір қырғыздарының Шекара бастығы Вишневскийдің мәліметіне қарағанда, Ормон манаптың қолынан Кенесарының інісі Наурызбай, екі баласы және басқа да 15 сұлтан қаза тапқан. Сонымен бірге, көптеген қатардағы қазақтар қаза тауып, мыңға жуық адам қолға түсті.

Қырғыз манаптары Ормон мен Жантай өздерінің ризалығының және достығының белгісі ретінде, өлтірген қазақтардың бастарын Қоқан ханына сыйлыққа жіберді. Бұл туралы капитан Рылцовқа барген жауабында бір керуенбасы еске түсіреді: «Мен Ташкентте қара қырғыздардың басшыларға сыйлыққа жіберген, екі арбаға тиелген Кенесары адамдарының бастарын өз көзіммен көрдім. Бастарды ұзын таяққа іліп, Ташкент базарына қойған. Жергілікті басшылыр бұл іске риза болғандықтан қара қырғыздарға сыйлықтар берді».

Мұндай тарихи шындық пен әфсаналарға түсініктеме беру де артық. Өйткені мұнда халықтық қасірет жатыр. Ал халықтың қасіретін Мұхтар Әуезов сияқты ұлылар ғана жұбата алады. «Хан Кене» арқылы жұбата да, ойланта да алды. Ұлттың басына ең ауыр күндер туғанда да ұлттық тәуелсіздік рухын сөндірмеген шығарманың трагедиялық сипаты мен астары, қадыр-қасиеті осында. Шығармашылық тебіреніс аяқталса да жазушының бақ талайы әлі талай талқыны күтіп тұрды.

Ол «Хан Кене» сахнаға қойылған соң басталды.

САХНА СЫРТЫНДАҒЫ САРЫН

«Хан Кененің» ең соңғы нүктесі 1928 жылдың көкек айында қойылған. Тура сол күндері Ғабит Мүсіреповтің араласуымен жеделдетіп жарық көрген «Қилы заманның» басылымы таралмай жатып тәркіленеді. Ал сахналық қойылымды қажет ететін «Хан Кене» кейінге ысырылады. Өзге шығармалары тергеу ісіне тіркеліп, соңынан жоғалып кеткенде, «Хан Кененің» қолжазбасы кездейсоқ сақталып қалғаны таң қалдырады. Зады пьесаның бір данасы театрдың сөресінде «ұмыт қалған» сияқты.

1932 жылы түрмеден босап шығып, театрға әдеби кеңесші болып келгеннен кейін, заман тынысы кеңіп, «еркін жазушыларға» жол ашылған соң «Хан Кене» сахнаға жолдама алды. Бұл тұста театрдың репертуары да жұтаңданып, драма театры жабылуға таяп, оны жандандыру туралы арнайы қаулы қабылданып еді. Бас директор Орынбек Беков сыннан өткен большевик болғандықтан да оның «Хан Кенені» сахналауға белсене араласуы идеология мекемелерін онша алаңдата қоймаған. Спектакль қойылардың алдына «Хан Кенеге» біраз адамдар пікір білдіріпті. Соның бірі белгілі баспагер Рақымжан Жаманқұлов болған сияқты. Ол – Мұхтардың «Ескілік көлеңкесінде» атты шығармалар жинағын баспаға дайындаған көңілі жақын зиялының бірі. Мұрағатта сақталған мына хат соның дәлелі. Онда:



«Мұқа!

Кенесары тарихи тақырыптардың ішіндегі ең ірісі ғой. Менің байқауымша Кенесары қозғалысының сарқылған, тозып біткен жері алынған. Оқиғаның басталып, етек алып өрістегені көріне алмаған. Кенесары қозғалысы орыс отаршыларынан ел қорғау қозғалысы. Сондықтан ол қазақ ұлтына пайдалы қозғалыс еді деп жүрген Аспандияровтың айтқаны көмескі қалды. Қалың ел Кене соңынан неге ереді? Бұл көрінбейді. Неге ыдырап тозады, бұл жағы жақсы көрінеді. Орыс отаршысына тірек болып шенге сатылу жағы да көзге еркін түсе алмайды.

Кейіпкерлер жақсы көрінген.

Кененің ақыл-айласы таусылып, тұйыққа, жарға қамалған жері көрінгендіктен, ақыл-ой, айла-амалының еркіндеп, өршіп тұрған кезі көрінбегендіктен Кене кейпі түгел көріне алмай тұр ғой деп ойлаймын. Бұл, әрине, қозғалыстың өрісі мен байланысты ғой.

Інісі, қарындасы, батырларының кейпі жақсы көрінген. Пугачеев пен Кенесары қозғалысы бір-біріне ұқсас емес болса да, сондағы қозғалыстың басталып, өсіп-өнуін жазған әдісі маған аса ұнайды.

Қысқаша айтқанда пьесаны толықтандыру керек. Бұл пьесаның тақырып жағынан тарихи маңызы, күштілік жағынан орыны үлкен ғой. Сөз жоқ жақсы жазылған. Әзірше осымен тоқтап, өз ойымды ауызша айтқанда толықтырып айтармын.

Рахымжан. 16. ХІ-33.» - деп жазылған.

Достық ниеттегі бұл пікірді талдап жатпаймыз. Тек пьесаны сахнаға шығарар алдында тілектес адамдарға оқытып, пікірлерін білуге ұмтылғанын еске сала кеткіміз келді. «Хан Кене» спектаклі 1934 жылдың 21 маусымы күні сахнада қойылды. Спектакльге ерекше көңіл бөлініп, оның әсерін үстеу барысында қосылған қосымша көріністер мен музыкалық сүйемелдеулер трагедияның әсерін күшейтіп, төбе құйқа шымырлататындай дәрежеде қойылды. Наурызбайдың сахнаға ақ боз ат мініп шығып атойлауы, оның соңынан мойындарына бұршақ ілген, көгенделген әйелдер мен жас сәбилер көрінісі қанды оқиғаның қатыгездік сыпатын басым етті. Сол сахнада сәбилердің бірі болып «ойнаған» Бақыттыжамал Қалибекқызы Қуанышбаева:



«Тұңғыш рет спектакльге арналып арнайы киім тігілген қойылым – «Хан Кене» спектаклі. Қалибек – Кене, Елубай – Наурызбай, Жүсіпбек – ақын бейнесінде ойнады. Сонда жаудан түскен олжаларды көрсеткенде балаларды бұршаққа тізіп өткізетін сцена бар. Театрдың директоры Орынбек Беков соған барлық актерлердің балаларын қатыстырды. Күләш Байсейітованың сіңлісі Рыстай да бар. Көрермендердің кейінгі айтуына қарағанда, ол көрініс сондай әсерлі, аянышты шыққан көрінеді. Әке-шешемізге еліктеп, өзімізше тырысып, айтқандарын бұлжытпай сахнада орындайтынбыз. Осы спектакльде сүйекпен, алтынмен өрілген шаңырақ есімде қалыпты. Әкем Қалибек ауылға барғанда Сәдірбек байдың күміс белбеуін, кісесін, алтын зерлі бақанын, қасқыр ішігін алып келген. Сол пайдаланылды. Кісені Серағаң – Серәлі Қожамқұлов күні кешеге дейін тағып, сахнаға шығып жүрді. Спектакль жүріп жатқанда сахнаның сыртында шешем босанып, ұл тапты. Оны Қалибек ойын біткенде бір-ақ естіді», - деп еске алады.
Шындығында да спектакль сондай шынайы тұрғыда қойылды. Ондағы жоқтаулар мен елдің Сарыарқамен қоштасулары оркестрдің сүйемелдеуімен, әйелдердің хорымен, балалардың жылауымен астасып, көрермендердің жағасын ұстатқан сияқты. Тіпті С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов сияқты өнер табиғатын білетін ересектер де осы көріністі ұмыта алмаған. Оған атақты шежіреші дегдар Жайық Бектұровтың төмендегі естелігі дәлел:

«1934 жылы жазда Алматыда М. Әуезовтің «Хан Кене» атты әйгілі пьесасының алғашқы қойылымын көрдік. Сахнаның алғашқы ашылуын Ғабит Мүсірепов ағамыз басқарды. Кенесары болып Қалибек Қуанышбаев, Науан (Наурызбай) болып Елубай Өмірзақов ойнады. Қаллекей ағамыз қызыл барқыттан шынтаққа жететін жеңді қамзол киіп, алты қанат ақбоз үйдің төрінде жастыққа бір шынтақтап жантайып жатқанда, Елубай цирктің ақбоз атын сахнаға арқыратып мініп шыққанда, республикамыздың театрға жиналған басшылары, Сәкен бастаған жазушы қауымы – бәрі де бір ғасырдай бұрын өткен уақиға тап қазір шынымен көз алдарына келгендей тыныстарын іштен алып, сахнаға қадалды да қалды. М. Әуезовтің осы пьесасындағы оқиғалар менің үлкендерден бала күнгі естіген аңыз-ертегіммен көбінде сәйкесіп отырды.

Қалибек жұрт көзінде Кенесарының дәл өзі болды да шықты. Жас шамасы да дөп келеді. Кенесары қырық төрт жасында опат болған ғой. Қолға түскен Кене бүйірінен оқ тиіп, шала серпіліп жатқан арыстандай көрінді. Науан болып ойнаған Елубайдың сахнада ат үстінен ақыруы, екпіні, қаһары ертедегі ер Науанның дәл өзі болды да қойды. Елубайдың жасы Науаннан сәл үлкенірек. Сөйтсе де оны жұрт нағыз Наурызбай деп түсінді. Елубайдың өнерінде, тұтықпалылау сөзінде шадыр мінезділік, өңінде қаһарлы кескін, ожар пішін болатын. Соның бәрі оны ызалы Науан етті де қойды.

Сәкен өткендегі хандарды, әсіресе Абылай әулетін қанша жамандаса да, шындықты да шынайы баяндаған болатын. Ақын «Көкшетау» поэмасында:

Орта жүз «ақ патшаға» бағынғанда,

Патшаға хан ұрпағы жағынғанда.

Қасым хан бармай қалған, туыстары

Патшадан байғазы алып тағынғанда.

Кене хан Қасымұлы қырға көшкен,

Үстінен туыстары шағынғанда.

Патшаға қарадың деп елді шапқан,

Хандығын Абылайдың сағынғанда,

-деп жазып еді.

Иә, мұның бәрі әрі толғау, әрі естелік. Бір есептен, Ғабит ағамыздың осы күнге дейін Кененің соңына шырақ алып түсе беретіні сол кезде қалыптасқан біржақты көз қарасын қайталауынан ба деп қаласыз. Жазушы өзінің соңғы көлемді туындысы «Ұлпанда» да Кенені кемітіп өтті. Бұл шығармада Кененің онша қыстырыла қоятындай қисыны жоқ та сықылды еді. Қайтсе де Ғабеңнің атқан оғы сүйегін кейінірек қырғыз манаптары Қызылсу жағасындағы көрінен суырып тастаған Кенеге тиіп жатыр» - деп өз ойын кейінгі күнмен ұштастырады.

Сәкен мен Ғабиттің ар туын ұстаған Жайық марқұмның бұл сөзінде ащы шындық бар. «Хан Кененің» сахналық тағдырына бұл екі жазушы да кері ықпал жасады. Қалайда бұл қойылым қазақ зиялыларының арасында үлкен пікір таласын тудырды. Қ.Жармағамбетов ол туралы кейін:



«1928 жылы жазған «Хан Кене» пьесасында М. Әуезов Кенесары Қасымовтың қозғалысын ұлтшылдық тұрғыдан бағалап, оның бандаларының туысқан қырғыз халқына жасаған шапқыншылығын басынан аяғына дейін ақтап шықты. 1934 жылы осы пьесаның драма театрында қойылуымен байланысты республикалық газеттерде әртүрлі түсініктегі әртүрлі авторлардың мақалалары жарияланды. Ғ. Мүсірепов «Социалистік Қазақстан» газетінің 1934-жылғы июннің 24-25 күндеріндегі санында жарияланған мақаласында: «Хан Кене» пьесасы ұлтшылдықты үгіттейді, көрші отырған екі республиканың еңбекшілері арасындағы советтік туысқандық – Сталиндік достық сезімге араздық пен сенімсіздіктің шоғын тастайды - деп, өте орынды бағалады. Мүсірепов мақаласында қырғыз халқына жасаған Кенесары жорығының реакцияшыл екендігі туралы да мәселе көтерілді. Бірақ газет те, автор да пьесаның театр сахнасынан аласталуына разылық білдіріп, саяси мәні терең жатқан мәселені принципті дәрежеге шейін көтермеді» - деп «өкініш» білдірді.
Шындығына көшсек, дау мен күдік, айтыс пен тартыс, идеологиялық айыптаулар «Хан Кене» сахнаға қойылмай тұрып-ақ басталып кеткен еді. Өзге емес, Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері, «сахналық қойылымға басшылық етіп жүрген» Ғ.Мүсірепов: «Хан Кенені» сахнаға шығару – саяси арандату, қырғыз бен қазақтың арасына араздық тудыру, Кенесарының хандық тұғырын дәріптеу, орысқа қарсы пікір тудыру – деген мағынада көкек айының ішінде Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға «Жабық хатты» жолдап та қойған болатын. Бұл хат арнайы бақылауға алынды. Демек, спектакль қойылмай тұрып-ақ оған қарсы көзқарас қалыптасты. Жоғарыдағы «Жабық хатты» пайдаланудан көрі Ғ.Мүсіреповтің, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған ашық пікірлерін жарыстыра беруді жөн көрдік. Бұл – қазақ көркем ой иелерінің сол кездегі ой-өресін, көзқарасын, тарихи таным тұжырымдарын танытады. Ең алғаш пікір білдірген Ғ.Мүсірепов:

«Қазақ драма театрының көптен әзірленіп, он ойланып, жүз толғанып сахнаға шығардық деген Мұхтардың «Хан Кенесін» оқу комиссариаты уақытша тоқтатып, түзеттіргелі отыр. «Хан Кененің» шымылдығы көтеріле бергенде тоқтап қалуы тоғышарлар арасында өсек-әңгіменің тақырыбы болып жүргенімен, жұртшылығымыз үшін пайдалы жұмыс. «Хан Кенені» бұл күйінде қоюдан тоқтату театрымызға да, Мұхтарға да өте пайдалы, орынды жұмыс болды. Тексеріске салып, түзетуден ешбір шығармаға пайдадан басқа зиян келмейді. Бұған ешбір жазушы жәбірленбеуі керек. Әсіресе «Хан Кене» секілді ескі қарым-қатынастарды көрсетуге арналған шығармаларға қатаң сын көзімен қарағанға жәбірленетін орын жоқ.

Театрмыз «Хан Кенені» алтынмен аптап, күміспен күптеп, мұны бір айта қаларлықтай етіп шығаруға бар күшін салған сияқты еді. Барлық саяси қырағылығын, сахна шеберлігін осы «Хан Кенеден» аямай-ақ қимылдаған сияқты еді. Бірақ, жұртшылығымыздың күткен жерінен шығара алмаған. Театр да, жазушы да сахнаға қоюдан бұрын тексеріскен әдебиет жұртшылығымыз да «Хан Кенеге» терең сын көзімен қарап, түзету жолдарын көрсете алмаған, таба алмаған. Оған бір себеп: театрдың «Хан Кенеге» кір жұқтырғысы келмегені, сыңаржақтығы болған-ақ шығар (мұны болмады дей алмаймыз). Бірақ терең сын айтып, түзету жолын сілтеушілер де болған жоқ. Әйтпесе Мұхтардың қара басы толық сын естіп «Хан Кенені» түзетуге асық-ақ болып жүрді.

«Хан Кененің» желісі бұдан 3-4 жыл бұрын тартылып қалған болатын. Ол кездегі Мұхтардың жолы бүгінгі Мұхтардың жолынан басқа еді. Мұны айтып жату онша орынды болмағанымен «Хан Кене» еріксіз айтқызды. Мұхтардың ол кезде көздеген нысанасы да, мақсаты да басқадай. Мұхтар: «Қазір көздегенім «Хан Кене» арқылы хандықтың құлағанын, оны көпшілік қарсылығының қалай құлатқанын көрсету» - дейді. Мұнысына өз қара басымыз әбден сенеміз, шыны деп білеміз. Бірақ «Хан Кенені» жазған кездегі (30-жылдың аржағы) Мұқтардың көздеген мақсаты - Кенесары, Наурызбайлардың құлағанда да өзгеше ерлікпен құлағандарын көрсету болатын. Аяулы ерлердің моласына бір түнету арқылы жұртты бір күрсіндіру болатын. «Хан Кене» қазір театр қойған күйінде осы ескі қалпынан көп өзгерген жоқ. Театр мен Мұхтардың биылғы қосқандары, түзеттік дегендері, аз-мұз сөзін жаңартқандары пьесаның бұрынғы бағытын өзгерте алмаған. Шуда жіппен жамаған ескі-құсқы болған да, одан аса алмаған. Мұхтардың қазіргі көздегеніне де, біздің тілегімізге де әкеле алмаған. Сондықтан «Хан Кененің» қойылуын тоқтатып, түзеттірейін деп отырған оқу комиссариатының бұл ісіне театр да, Мұхтар да жәбірленбей, қуанулары керек. Оқу комиссариатының өзі-өз болғалы мұндай іске қатынасып, жақсы пьесаны сынағысы келгені қуантатын іс, жаңалық. Біздің міндетіміз де бұл ісіне жәрдем беру, жақсы пьеса жасау, бұл жөнінде азды-көпті пікірімізді ортаға салу».

(...) «Хан Кенені» шу деп сахнаға шығарғанда театр да, оқу комиссариаты да асығыстық істеді. «Хан Кене» жайындағы ойласуды керек ететін пікірлерге құлақ аспады. Көрер көзге-ақ, басқа пьесаларды ысырыңқырап қойып «Хан Кенемен» бір жарқ ете түскісі келді. Орынбек жолдас осы «Хан Кене» арқылы театрдың бағытын, жолын белгілеймін дегенді талай-ақ айтып жүрді. Төңкерісшіл театрдың бағыты мен жолын «Хан Кене» арқылы, «Еңілік-Кебек» арқылы белгілеймін деудің өзі қате болатынын ұғынғысы келмеді. Біздің драма театрымыз өзі-өз болғалы ескі пьесаларды жаңа пьесалардан анағұрлым жақсы қойып келеді. Мұның өзі біраздан соң театрды кейін тартатын, ескі тұрпаттарды (образ) пайымдап, жаңадан қашықтата беретін нәрсе болып шығатынын ескермеді. Өйткені, жаңа пьесалардағы жаңа қарым-қатынастарды, жаңа адамдарды тереңдетіп көрсетуге талпынудың орнына ескі шаңдақты шыңдай беру, театрды ілгері сүйремейді. Театрдың шеберлігі «Түрксіб», «Майдан», «Тартыс», «Талтаңбай» секілді пьесаларға салынып, театрдың бағытын, жолын осылар арқылы белгілеу керек. Театрдың жолын белгілеу деген – саяси мәселе. Жеңіл қарауды көтермейтін мәселе. Мұны белгілеу театрдың өз қолында ғана емес.

Біздің театр биыл қысқысын жаңа пьесаларды шеттетіп, бар тілеуі «Хан Кененің» үстінде болды. «Хан Кенеге» сын көзімен қарай алмағаны да сол сыңар жақтылықтың салдары. «Ән-күй театры жұртты аударып әкетіп барады» деген күндесу де болмай қалмаған шығар. Әйтеуір «Хан Кене» арқылы оңай ғана жарқ ете түсуді тым-ақ дәстүрлеп жүргендігі айқын еді. Ойланудан гөрі даурығу жағы басым болып келді де, «Хан Кенеге» ұрынды. Ұрынды дейтініміз, терең сын арқылы терең түзетудің орнына ұсақ-ұсақ жамаумен түзетіп, сахнаға шығара салды. Сол асығудың, ұрынудың арқасында жұртшылық алдына бір салып алуды да артық көріп, бірден билет сатып шығындарын көтерді. Театр «Хан Кенені» қоюда сүріне қалса, ол әншейіндегі ұшыраса салатын жеңіл сүріну емес. Мойынға қаупі бар, мойын үзілу қаупіне ұқсас сүріну болатынын ұғынбады. Бұл асығыстың қате болғанын театр да, оқу комиссариаты да енді ұғынып отырған болулары керек» - деп әңгімені әріден бастайды да «Хан Кенені» қалай түзету керек?» - деп сұрақ қойып, одан әрі пікір суыртпақтайды.

Әрине, мәселенің бар кілтипаны сол «суыртпақта» жатыр. Бұл «суыртпаққа» С.Сейфуллин де қатысты. Ол да әңгімені қойылымдағы Кенесары-Наурызбай бейнесінің «асыра сомдалуынан» бастады:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет