«Мен неге толқып сөйлеп отырмын дейсіздер ме? Менің алдымда осы арада ж.Бақбергенов сөйледі. Мен оның сөзіне соншама наразы болдым. Оның өз сөзімен айтсам, дәл осындай дауыс көтеріп сөйлеуді мен өзіме ар санаған болар едім. Дәл осылай сөйлеуге, Бақбергенов жолдас, жол беруге болмайды, бұл әдепсіздік. Біздің бәрімізде де қателік бар. Кемшіліктерімізді көрсеткен көптеген мақалалар да есімізде. Сонда жаңағы мақалалардағы жағымсыз сілтемелердің барлығын жинап алып, не ана, не мына жазушының бетіне түкіре беруге бола ма? Олар да адам емес пе, оның үстіне Мұстафин жолдас өзінің кемшілігін жасырған жоқ қой»,– деген уәж айтты.
Иә, Әуезов әпербақан сынның уақытының өтіп бара жатқанын, тіпті, өтіп кеткенін сол кездегі жас, майдангер жазушының түсінбегенін «түсінбей», батыра пікір білдірді. Шындығында да журналист қаламгер «науқаннан кешігіп» қалып еді. С.Бақбергеновтің бұл сөзі де «жасасындатқан жалаулы майданның» соңғы «урасы» болғандықтан да одан қысқаша ғана үзінді келтіреміз:
Сәуірбек Бақбергенов: «Жолдастар! Мен редакция қызметкері болсам да, редакцияның емес, өзімнің жеке басымның пікірін айтуға праволымын ғой деп ойлаймын. Демек өзімнің пікірімді көптің ортасына салмақпын...
Біз әдебиетіміздің осындай өскен өресін, зор табыстарын айтумен қатар, кемшіліктерін де ортаға салып, оны батыл сынап отыруға тиістіміз. Меніңше, қазақ әдебиетінің бұдан да көрікті болып, шарықтап өсуіне кедіргі болып келе жатқан бір нәрсе – баспасөздерімізде әлденеше рет сөз болып жүрген жікшілдік екені даусыз. Жазушы Әуезов пен Мұқанов бастаған екі топ әдебиетімізге кеселін тигізіп, жастарды тәрбиелеу, оларды өсіру ісіне бөгет болып отыр. Бұл жөнінде, өткен қыста партияның орталық органы – “Правда” газетінің “Сын орынына дәріптеушілік” деген мақаласында мәселені өте орынды көтерді. Біз бұл мақаладан кейін жікшілдіктің тамырына балта шабылар деп үміттенген едік. Бірақ, ол үміт әлі елес болып қана келеді.
Нақ осындай жақсы ниетпен мен биыл ”Правда“ газетінің сол мақаласын талқылаған жиналыста біраз жазушылардың кемшілігін, қателерін ашық түрде айтқан болатынмын. Әсіресе, Мұстафиннің “Қарағанды” романындағы өрескел қателерді айтқан болатынмын. Мен бұл қателерді сөйлеместен бұрын жазушылар ұйымының сол кездегі төрағасы Жаймұрзин жолдасқа, кітаптың редакторы Тілеков жолдасқа айтқан болатынмын. Менің осы сынымнан кейін кітаптың алты жеріне жөндеу енгізілді. Демек мен өзімнің бұл сыныммен Мұстафинге көмектестім деп түсіндім. Бірақ ол оны көмек деп түсінбей, мені қуғындай бастады. Ал “Қарағанды”романының қазіргі тарап жүрген қазақшасында әлі де үлкен қателер бар. Бұл қатенің ең бастысы – Рысбек пен Жаппар деген екі жаудың қосылып алып, совет үкіметін барынша балағаттайтын жері. Бұл жауларға берілген трибун, бұл пропаганда! Мәселен, “Ақ қайың” сияқты романдағы жау Лозневойдың үкіметке тіл кигізгенін көрдік пе? Жау – тілімен, балағаттаған сөзімен емес, ісімен жау болып көрінуге тиіс. Бұлай етпегенде қате болып шығады.
Мен піш-піш өскек (терген) емеспін, мен әр уақта ашық сынап, ашық айтып келемін. Әлі де ашық түрде, айқайлап, дауысым жеткенше айта беремін. Мені совет үкіметі нақ осылай етіп тәрбиелеген. Мен сыннан да, сынаудан да қорықпаймын. Партия бізді солай тәрбиелеген. Халтурный, серый шығармалармен күресу керек ... деп партия үйретіп отырғанда, жаман шығармаларды көре тұрып үндемей қалуға менің күшім жетпейді.
Біздің әдебиетімізге кесел болып жүрген мына нәрсені айта кету артық болмайды. Егер біреу Әуезовті немесе оның жақтастарын сынаса, оны Мұқановтың тобына қоса салады. Егер біреу Мұқановты, немесе оның тобын сынаса, оны Әуезовтің тобына қоса салады. Сөйтіп, барлық адал, дұрыс сындар жоққа шығып жатады. Әңгіме мұнымен ғана тынса екен-ау, тіпті оны қуғынға салады, өсекші, анау-мынау деген атақтар тағады. Ондай сыншылар екі жақтың да жемтігіне айналады. Пыш-пыш өсек айтып, бірін мақтап, бірін жамандап, сан құбылып күн өткізуге болар еді. Әрқайсысына бір жағынуға да болар еді. Бұл менің арым бармайтын жұмыс. Мен кім көрінгенге жағымпазданып, жазушы деген атақ алуды ар көремін. Мұның өзі жазушылықты қорлағандық болар еді.
Қолайсыздау болса да, мынадай бір фактіні айтуға тиіспін. Қазақ әдебиетіне қызмет ете бастағанына отыз жыл болған Мұстафиннің де не бәрі 3-4 кітабы бар. Оларың өзі әлгі айтқандай. Ал, әдебиетке қызмет ете бастағаныма үш-ақ жыл болған менің де үш-төрт кітапшам бар..»,– деп даурығыпты Сәукең кезінде.
Иә, «Жазушы Әуезов пен Мұқанов бастаған екі топ әдебиетімізге кеселін тигізіп, жастарды тәрбиелеу, оларды өсіру ісіне бөгет болып отыр!» немесе «Бұл жауларға берілген трибун, бұл пропаганда!» – деген «жасасындатқан ұрандар» арысы алты ай, берісі осыдан үш ай бұрын айтылса, ұран емес, үкімге айналар еді. М.Әуезов те ондай сөзді «естігені үшін арланбас» еді, керісінше, іштен тынып тыңдар еді. Енді, міне, оққа шабылған қылыштың жүзі босқа шабылды. Уақыттың қас-қабағы қалай тез өзгерген!
Осының қатарына «Социалистік Қазақстан» газетінің 273-санында жарияланған тілші М.Балақаевтың «Көркем әдебиеттің тілі жайында» деген мақаласын жатқызуға болады. Онда:
«М.Әуезов өзінің жазу мәнерінде қазақ тілінің заңдылықтарын сақтамайды, оның қалыптасқан құрылымын бұзады, – дей келіп – Жазушылар бұл ретте көп елеулі ойлар, көп шешуші пікірлер айта алады. Сондықтан да талай мамандармен қатар қазақ жазушы, ақындарымыздың осы жауапты жайға ат салысуын тосамыз», – деп әңгімені пікір алысу мәнерінде екенін емеуірін ете аяқтайды.
Алайда бұл пікір алысу емес, М.Әуезовке жасалған соңғы шабуылдың, ақырғы атылған оқтың бірі еді. Өйткені, 1953 жылдың 9-желтоқсаны – 1953 жылдың ақпаны емес болатын. С.Бәйішевтің, Қ.Жұмалиевтің, С.Нұрышевтің, С.Кеңесбаевтің, Н.Сауранбаевтің, Қ.Жармағамбетовтің және С.Мұқановтың Мұхтар Әуезовті басына қорлайтын күндері өтіп бара жатқан. Ендігі жалтақтаудың кезегі солардың өзіне келген. Алайда академиктердің жаны сірі келетін болса керек, С.Бәйішев пен С.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев даңқ тұғырынан түскен жоқ, ар алдындағы арылуды да қажет деп таппады. Өйткені олардың сүйенген арқалығын, тіреген табалдырығын, басыңқы бетін де қалың талыс табанды есік қалқалап тұратын. Керісінше, С.Бәйішев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев М.Әуезовтің алпыс жасқа толған мерейтойында оны «шабыттана» марапаттады.
1953 жылы 28-желтоқсан күнгі Университеттер мен жоғары заң оқу орындары басқармасының бастығы М.Прокофьевтің №1078 бұйрығымен Мұхтар Әуезов 1954 жылдың 1-қаңтарынан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің СССР халықтары әдебиеті тарихы кафедрасының профессоры болып қызметке алынды.
Бегімнің бегі, әрі ерке, әрі өте нәзік жанды мәдениет иесі, қайран Ләйлә апай – Ләйлә Мұхтарқызы:
«– Мұхтар Омарханұлы жаңа жылды Мәскеуде қарсы алатынын айтып: «Ләйләжан! Мен осы мерекені өзіңе тойлап беріп барып аттансам деймін. Мен де студент болғамын. Солар риза болтындай кеш ұйымдастыр. Достарыңның бәрін шақыр. Сергитін шағым енді туды. Дастарханы мол, қызуы мен қызығы мол болсын. Ештеңеден қысылма. Бәрінің әкесі профессор емес шығар (өзінің профессор атағын ерекше масаттанып атайтын). Әлгі сугробты ұмыт па!»,– деді. Ой, қуанғаным-ай! Ештеңе аянғаным жоқ. Достарымның бәрін жидым! Мәскеудің дүкеніндегі керек заттан алмағаным жоқ. Сондай бір риза, салтанатты кеш болды. Студенттер Мұхтар Әуезовті көреміз,– деп қуанады, ал мен әкемнің қасымда болғанына қуанамын. Шампанды күресін қарға тығып қойдым. Түн ортасынан ауа барлығымыз шығып, күртік қардың астынан суық шампанды алғанда, студенттердің барлығы таң қалды. Мұхтар Омарханұлының үйде сондай әдеті болатын. Сол кеш есімнен қалмайды. Қазір де сонда болғандар ұмытпай айтып жүреді. Асқар Меңліахметұлымен де сол кеште жақын таныстым»,– дейтін еді сондай бір рахаттанған марапат сезіммен.
Әкелі-балалы екеуі масаттанса масаттанатындай жыл еді. Ол жаңа жылдың ғана емес, өзінің жаңа салтанатты дәуірінің алғашқы күндерін сүйікті Алматыда өткізді.
ОНЫНШЫ ТАРАУ: КҮЙІНІП, СҮЙІНЕ АЛМАҒАН ӨМІР
(«Мұхтардың өлім күйі»)
1.
Жиырма бес жылға созылған қуғын мен сүргіннің сүркілі көзінің отын сөндірсе де, жүрегінің отын сөндірмеп еді. 1954 жылы ақпанның 24-жұлдызы күні диктовка жасап тұрған кезінде біресе көзінен жас бұршақтай тамып, қыстығырылып барып:
«Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті!»,– дегенде өкісіп жіберді.
Жиырма жылға ұласқан ұлы еңбек «Абай жолы» роман-эпопеясы осылай аяқталды.
Осындай дүдәмалды өліара тұста Қазақстанның басшылығы ауысып, Шаяхметовтің орынына Пономаренко келді. Саясаттың беті жыли бастады. Республикадағы бұл жағдайды Мәскеудегі М.Әуезовке емеуірінмен баяндап жазған хатында Ә.Тәжібаев:
«Мүмкін бізге жақсылық, жаңалықтарды арқалай келген Пономаренкомен өзіңіз кездесіп, сөйлескен де боларсыз. Сондықтан менің хатым жүйрік хабаршы емес, мимарат сәлемші ғана. Басының сырты қандай тақыр болса, іші де сондай тақыр Жұмабай кеткелі, ол көтерген маймылдар әлсірей бастағалы, біздің аңқауымыз әдеміленіп келеді. Думан тойды Пономаренко ала келді. Ғабиден депутат болады дегенде бір тойлап едік, сайланып қайтқанын тағы қуаныш еттік. Пленум өтті. Адам сияқты адам, шын адамның сөзін айтты. Жазушыларға ілтипат, мейірім көрсетті. Нұрышев сияқты қоқырсықтар кіруге тесік таппай бұғып отырды. Жаңадан соғылатын жақсы үйдің проектісін жасау, соғылатын орынын таңдау да бізге жақсы ермек. Біз бұрын халықтың махаббатына ғана сүйенуші ек қой. Енді ақылды ел басқарушыларды да сезе бастайтын сияқтымыз. Енді бұзықтар жалтақтай бастаған көрінеді. Тамаша емес пе, қомпиған, тікендеген, әкіреңдеген Шұжықұлының `(Сужиков – Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы – Т.Ж.) өзін көрсеңіз еді. Майлаған қасықтай жылп-жылп етеді...
Мұха, мен Абай комиссиясының секретары ем ғой. Оның бірінші мәжілісі өтті. Жетім қыздың тойындай қып өткізгісі келгендердің де тегі болатын емес. Тағы да Пономаренко жолдас араласып, құлаш – жарқын қосыла бастады. Қаржы мол жіберілетін болды. Абайға памятник салу, оған арналған пленумға қонақтар шақыру, оларға сый-сияпат жасау, Мәскеуде де тәуір өткізу, банкеттер өткізу, түгел жоспарлануда. Тойдағы баяндамашы сіз боларсыз. Сондықтан да осы бастан жақсы әзірленуіңіз керек, бар білгеніңіз, барша берілгеніңіз түгел салынсын»,– деп көтеріңкі лебіз білдірді.
1954 жылғы көктемдегі жазушылардың пленумының қарсаңында Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Пантелеймон Кондратьевич Пономаренко М.Әуезовті кеңсесіне оңаша шақырып, түннің ортасына дейін екі сағаттан аса әңгімелесіп, көңіліне сенім ұялатты. Ол осы сьезде сөйлеген сөзінде:
«Социализм талантқа өте мұқтаж. Сіздер қызмет бабының парызын өтеу үшін де дарынды адамдарды тауып, оны көтеріп, кеңес өкіметіне қызмет етуге баулуларыңыз керек еді. Ал сіздер, өздеріңізде бар сол аздың қадіріне жетпей, кір суды басына төгіп, қатардан шығардыңыздар. Сіздер соларға қол көтеру арқылы сіздер халықтың болашағына, социализмге қол көтердіңіздер»,– деп батыл айтты.
Бұл – елуінші жылдары қудалауға ұшыраған Мұхтар Әуезовке, Қаныш Сәтбаевқа, Ілияс Омаровқа, Төлеген Тәжібаевқа, Ермахан Бекмахановқа, Ахмет Жұбановқа, Есмағамбет Исмаиыловқа, Қасым Жұмалиевке, Қасым Мұхамедхановқа, Бек Сүлейменовке ғана емес, мұқым алаш ардагерлеріне, сонымен қатар барлық ұлтының адал перзенттеріне қаратыла айтылған емеуірінді тұспал деп те түсінуге болады. Сонымен қатар мұндай еркін сөйлеуінің екінші бір үлкен саяси және «коммунистік колонизаторлықпен» астасып жатқан отарлау иделологиясының астарлы пиғылы жатыр еді.
Біріншіден, бүкіл елдегі қуғын, сүргінге ұшырағандар жөніндегі қастаншықпағыр саясаттың беті бері қарап, «жылымық» атанған «отамалы маусымға» дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан. Қауіпсіздік мекемесінің құжаттары реттеліп, атылып кеткендердің істері әскери прокуратура мен трибуналда қайта қаралып, оларды жаппай ақтаудың амалдары ойластырылып жатқан. Осы бағытта Орталық комитеттеріне үгіт-насихат жұмыстарын сақтықпен жүргізуге нұсқау берілген. Соған орай барлық одақтас республикалардағы елуінші жылдары сотталып, жер аударылып, қысымға ұшырағандарды еркіндікке шығару мәселесі бірінші кезекке қойылды.
Ал Қазақстан жағдайында мұның аса маңызды ұлттық мүддені қозғайтын екінші бір жымысқы астары бар еді. Қазақ даласы патшаның да, Столыпиннің де, Лениннің де, Сталиннің де жүзеге асыра алмай «арманда кеткен» үлкен науқанның алдында тұр еді. Ал «жылымық» пен «тың эпопеясының» өліарасында республиканың негізгі тұрғын халқын, яғни, қазақ ұлтының көңілін орнықтыру үшін бұрынғы басшының беделін әлсіретіп, «ауыл шаруашылығын өркендетуде немқұрайлылық жібергені», ал шындығында, тың көтеруге қарсы болып, «тиісті шаралар қолданбағаны үшін» орынынан алынған Ж.Шаяхметовтің бетіне шіркеу түсірудің оңтайлы сәтін пайдаланбау – саяси көрсоқырлық болар еді. «Бір қолмен нан беріп, құшақтағанда кеудеңе інжілді төсеп, екінші қолымен ту сыртыңнан қанжарын қадап тұратын» «қасиетті әкейлердің» тәсілін коммуистер сондай бір әккілікпен қолданды. Сталиннің, Хрущевтің, Брежневтің, Андроповтың тұсында идеологияны уысында ұстап тұрған «сұр кардинал» Сусловтың аяр ақылына бойлай бермейтін «партизан Пономаренко» да мұны түсіне қойды. Өйткені ол өзінің майдандық тәжірибесі арқылы қарауылды дәл көздей білетін. Сол жылғы тамыз айында Опера және балет театрында өткен зиялылар бас қосқан, «тың эпопеясының басталғанын» салтанатты түрде жариялар алдында:
«Қазақстан ұлан асыр табиғат байлығына ие, кен көздері қисапсыз мол, яғни, келешегі орасан зор алып республика ғана емес, мәдениеті жоғары, өсіп өркендеген ұлттық тұлғаларға да бай. Өкінішті жәйт: осы байлықтарды ел мүддесіне кеңінен пайдалануға республиканың бұрынғы басшыларының өресі жетпеді. Мысалы, қазақ халқының атағы әлемге машһүр тарихи тұлғалары – геолог-академик Қ.И.Сәтбаев, ғалым-жазушы М.О.Әуезов, ғалым-композитор А.Қ.Жұбанов сияқты аса талантты перзенттерін және басқаларды қамқорлыққа бөлеп, ел кәдесіне жарар ірі жұмыстарға жұмылдырудың орынына шам алып түсіп, күн көрсетпей, туған елінен безуге мәжбүр еткенсіздер. Осыдан соң сіздерден қандай жақсылық күтуге болады?»,– деп (М.Сәрсекенің аудармасы) кесектене зіл тастады.
Ақиқатына жүгінсек және жоғарыда келтірілген құжаттарда көрсетілгеніндей, Ж.Шаяхметовтің Ғылым Академиясындағы Қазақстан тарихы мен әдебиеті туралы қысым көрсету шараларына, Едіге мен Кенесарының қозғалысын реакцияшыл деп жариялауға, соны сылтаурата отырып Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовті, Е.Бекмахановты қудалауға қарсы болуы – «республиканың бұрынғы басшыларының» бұл науқанның астарын түсінуге «өресі» жеткендігі еді. СОКП Орталық комитетінің ғылым мен идеология бөлімдері қазымырлықпен жүргізіп, «Правданы» әшкерелеуші құрал ретінде пайдаланып, «мылтықсыз майдан» ашқан, оның қарсылығына қарамастан еркінен тыс Қаулы, Қарар шығартқанын «партизан Пономаренко» да білетін. Алайда «шындықтың көзін бояуға» (Абай) құрылған коммунистік аяр саясат халықтың көңілін қалай табудың жолын жақсы игерген болатын. Ұлттық тұлғаларды қайтарып, «әділдік орнатқанының» төлеуінің бодауына бүкіл Қазақстанды басыбайлы етті. Елін аздырды, жерін тоздырды. Егерде ар жағынан өктем күш итеріп тұрмаса бүкіл бір халықты күстәналап, өздері істеген күнәлары үшін өзгені жазғырып: «Осыдан соң сіздерден қандай жақсылық күтуге болады?»,– дейтіндей өктем құқықты Пономаренкоға ешкім де берген жоқ болатын.
Сол кездегі Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамедқали Сужиковтің «Мен ол туралы жақсы көзқарастамын» атты Ж.Шаяхметов туралы естелігіндегі:
«Қазақтың маңдай алды интеллигенция өкілдерімен қоян-қолтық араласа еңбек еттім. А.Жұбанов, М.Әуезовті қудалауды тоқтатуға қатыстым. Әңгіменің шыны керек, қуғындалған Әуезовті, Сәтбаевті Мәскеуден Алматыға шақырып алған, Е.Бекмахановты түрмеден босатуға көмек берген – Пономаренко мен Брежнев еді. Мұндай жақсылықты қазақ халқы еш уақытта ұмытпауы керек»,– деген дерек назар аударуды қажет етеді.
Мәселе мынада, егерде осы үш адам – Понмаренко, Брежнев, Сужиков республиканың басшылығын қолға алмаса, онда бұрынғы жетекшілер Ж.Шаяхметов пен І.Омаров, немесе осы екі топтан мүлде басқа біреулер билік тізгінін ұстаса, онда Әуезовті, Сәтбаевті, Е.Бекмахановты елге қайтару шаралары қолданылар ма еді, жоқ па еді? Біздің ойымызша, бұл жалпы кеңестік қоғамның бағыты және қаласа да, қаламаса да ондай шешімді қабылдауға мәжбүр болар еді. Егерде Ж.Шаяхметов пен І.Омаров өз орынында қалғанда, мүмкін, осы «ойранды науқанды» бастаған С. мен Т., және тағы да басқа Пәленшелер мен Түгеншелер ғылым мен мәдениеттің сахнасынан мүлдем ығыстырылар ма еді, кім білсін.
Өйткені олар кейін де, әсіресе, Сәтбаев пен Әуезов, Бекмаханов дүниеден өткен соң өздерінің азуын қайтадан білеп шыға келді де, сексеніші жылдарға дейін идеология сайысында ықпалын жүргізді, онымен қоймай, артына алған бетінен айнымайтын шәкірттерін қалдырып кетті. Ал ол шәкірттер тәуеслсіздіктен кейін де сол ұстанымын бұрынғыдан бетер қорғап, Қазақстан ғылымын жалған бағытқа бейімдеп, жалған саясат пен идеяны тұжырым ретінде ұсынып, мемлекеттік идеяны Алаш идеясынан ауытқытып әкетті.
Абайдың дүниеден өткеніне елу жыл толғанын еске алу рәсімінен бастап Мұхтар Әуезовтің бағы қайтадан көтерілді. Оның тағдырындағы бетбұрысты оқиға 20-шілде күні өтті. Сол күні Алматының айнымас парасат белгісіне айналған Абай ескерткішінің іргетасы қаланды. Әрине, Тіл және әдебиет институтына және университетке қайтадан қызметке алынды, яғни, бұрынғы бұйрық күшін жойды. Оның сол кездегі көңіл-күйін ақын шәкірті Т.Молдағалиев:
«Күз. Жылдар өтті. «Мүмкін бір күндері бұл пәннен Мұхаң өзі кеп лекция оқыр әлі»,– деп қарап тұр Ханғали ағамыз. Айтқанындай Мұхаң ҚазМУ-ге қайта оралды. Асыл ұстаз Абай туралы лекциясын бізге біртүрлі көңілсіз оқыды. Анау бір жылғы шабыт оты Мұхтар ағаның бойынан көрінбей кетті...»,– деп мұңая да, өкіне де еске алады.
Осы күннен бастап көтерілген Мұхтар Әуезовтің беделі мен мысы енді ешкімге дес бермеді. Тіпті, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің де айдыны мен айбыны, айбары мен атағы, соған қоса ілескен шатағы да Мұхтарды сескендіре алмады. Ол мәңгілік даңқ тұғырына көтеріліп бара жатты. Ал СОКП-ның ХХ құрылтайындағы «жеке басқа табынушылықты» әшкерелеген атақты тарихи шешімі мұқым интеллигенциядан, соның ішінде жиырма жыл бойы саяси қысым мен жазалаудың қыспағында жүрген Мұхтар Әуезовтен де «қарғыс қамытын» сыпырып тастап, еркін тыныстауға мүмкін берді. Мұны ақыл-ой иелері «жылымық» деп атады. 1955 жылы Қаныш Сәтбаев Ғылым Академиясына, Ермахан Бекмаханов, Есмағамбет Исмаиылов, Қажым Жұмалиев, Қайым Мұхамедханов айдаудан қайтып оралды.
Ш.Шокин: «... 1954 жылы қарашада Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысының кезекті сессиясы өтті. Онда мені академик және шикізат қоры бөлімінің төрағасы етіп сайлады. Келесі жылы мені академик-хатшы етіп бекітті. Академияның құрылғанына тоғыз жыл өтті. Бір жыл бұрын республика басшылығында кезекті өзгерістер болды. Қазақстанның партия ұйымын П.К.Пономаренко мен Л.И.Брежнев басқарды. ... Республиканың жаңа басшылары әділеттілікті қайта орнатуды көздеді. Елу бесінші жылдың жазында Сәтбаев, Павлов, Пальгов, Әуезов, Тәжібаев және мен Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне шақырылдық. Орталық комитеттің бірінші хатшысының кең бөлмесінде бізді Пономаренко мен Брежнев қарсы алды. Пантелеймон Кондратьевич, (мен онымен үш рет кездестім), ашығын айтсам, ол мені өзіне тартып әкете алмады. Көбінесе ұрандатып сөйледі, мүмкін, әдейі солай жасады ма, әлде, партияның тақтасына орынды-орынсыз тұздық араластырып сөйлеу өзінің үйреншікті мәнері ме екен, кім білсін. Оны: сен сайламасаң да, тек таныстыру арқылы ғана тағайындап қойса да, көсемнің бойынан оның моральдық және парасат пайымының сенен қаншама биік тұрғанын іздейсің ғой. Онсыз қандай басшы болмақ? Мұндай артықшылық Пономаренконың бойынан байқалмады. Брежнев оның сол жағында отырды. Сол жылдардағы фильмдердегі парторгтің көп көшірмелерінің біріне ұқсайды. Қарап отырады, тыңдайды, бірінен кейін бірін тоқтатпай темекі тартады, кенет – әділеттілікті орнатып шыға келеді. Ал Брежнев адамдардың бетіне тура, қадала, ашық қарайды. Бір сөзбен айтқанда жігіттің қыраны. Екі-үш сөз айтады да, тағы да тура қарап тыңдауға көшеді.
Пономаренко бізге: Қонаевтің Министрлер Кеңесіне ауысуына байланысты бізбен академияның президенті туралы ақылдасуға шақырғанын – хабарлады. «Сіздер академияның басшылығына кімді лайық деп есептейсіздер?»,– деп сұрады бірінші хатшы. Сәтбаевтан басқалардың барлығы да бір ауыздан Қаныш Имантайұлын ұсынды. Академик өзінің денсаулығы мен геология институтындағы жұмысының қарбаластығын алдыға тартып, бірден бас тартты. Әңгіменің аяғында Пономаренко: Брежнев екеуі дәрігерлермен кеңесіп, содан кейін шешім қабылдайтынын жеткізді. Бірнеше апта өткеннен кейін Сәтбаевті қайтадан президент етіп сайлады».
Осыдан бастап Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовтің басына үйірілетін бұлттар олардың бақыт құсы шарықтаған аспан аясынан төменде қалды.
Қайым Мұхамедханов (Естеліктен): «…Елу бесінші жылы ақталып, түрмеден босадым. Мойынты-Шумен келіп, Алматының вокзалына түстім де, Есмағамбеттің үйіне телефон шалдым. Ол айдаудан келіп қойыпты. Амандық-саулықтан соң-ақ, ол:
– Ойбай, бауырым, Мұхтарға телефон шал. Бәрің келіп, Қайымды тастап кеттіңдер деп төбемізге шай қайнатып, бізбен сөйлескенді қойды. Өзі Индияға жүргелі жатыр,– деді.
Мұхтармен сөйлестім. Байқаймын, телефонның аржағында булығып тұр. “Үйге кел!”,– деді. Үстімде түрменің киімі, қалтамда алты-ақ сом ақша бар. Әрі поезд үш сағаттан кейін Семейге жүреді. Мұхтар бұл кезде кейбір мәселелерге байланысты кешірім де сұрап қойған. Сол да қитығыма тиіп тұр.
– Жарайды, Қайым, он бес күн үйіңде дем ал да, маған кел. Жеңгеңе айтып кетемін. Кеңінен әңгімелесеміз,– деді ол.
Мұхтар екеуіміз ағалы-інідей Алматыда қауыштық. Сырымызды, шынымызды айтыстық. “Абайды халқыңа беріп кетем десең, Мұхтар, басыңның амандығын тіле. Біздің шаруамыз бітіп, талқанымыз таусылған адамбыз. Партиядан кешірім сұра”,– деп ақыл айтқан Ахмет Байтұрсынов екен. Осы сырын маған ғана айтты.
– Түрмеде қалай жаттың? Пәлі, біз – Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет бәріміз бір камерада жатып, басымыз қосылып, бір жасап қалдық”,– деп мысқылмен кеңк-кеңк күледі Мұхаң.
Менің де ашуым тарқаған. Бір сәтте Мұхтар:
– Қайым, сен түрмеде не ойлап отырдың?,– дегені. Бір кісілік камерада отырғанымды, көрген қорлығымды айттым да, мынау өлеңімді оқи жөнелдім:
Отырдық тар қапаста күнді санап,
Ұйқысыз өткен түнді жылға балап.
Мөлтілдеп көз жасындай кеп қапсың ғой,
Көзімнен бір-бір ұшқан қайран арақ.
Дейтұғын уақыт жетіп, соқты сағат.
Сағынған сондай күнді қылмай тағат.
Жарқ етіп бұлттан шығып күткен күнім,
Ақ құсы әділеттің қақса қанат.
Дер едім сонда, дүние, арманым жоқ.
Тағдырға таба болып қалғаным жоқ.
Көрсеттің қорлығыңды, зорлығыңды,
Кеудемнен жүрегімді алғаның жоқ.
Өр зорлықпен басымнан еркімді алдың.
Әжім салдың бетіме, көркімді алдың.
Аңқылдап ақ көңілмен алданбасқа,
Аузымнан айнымайтын сертімді алдың.
Отқа салдың, отырдым жігер қайнап,
Тордағы арыстандай көзім жайнап.
Шыңдалып шарболаттай шықтым, міне,
Отырмын өзіңменен күліп-ойнап (Қарлаг, 1952 ж.)».
Иә, бұл әңгімені Қайым дегдардан біз де жиі естуші еді. Оның өзі дербес бір түсінікті қажет ететін әңгіме.
Еңсесін тез көтерген Мұхтар Әуезов бұрын өзі ығына жығылатын адамдарды енді өзінің ырқына бейімдеуге ыңғай танытты. Мысалы, елуінші-елу бірінші жылдары «Знамя» журналының қатардағы қызметкерінің жеделхатымен Мәскеуге бірнеше рет ұзақ мерзімге ұшып келген Әуезов, енді оған талап қойып, бас редактор В.Кожевниковтың өзіне сес танытқандай сыңай да байқата бастады. Оған сол тұстағы қазақ әдебиетінің СССР Жазушылар Одағындағы кеңесшісі Тәкен Әлімқұлов пен жол ма жол аударушы Зейін Шашкинге жазған төмендегі хатының мазмұны дәлел:
«7 т а м ы з. Құрметті іні-достар Тәкен мен Зейін! Мен сен екеуіңе бір өтініш-тапсырма айтқалы отырмын. Мәселе менің соңғы кітабым «Абай жолының» 2-інші кітабы жайында. Осының аудармасын В.В. Смирнова ауырып қалып, қатты созып кетті. Кейін соған көмек етсін деп Фаизова Разияны бір атап едік. Артынан ол араласпасын деп өзім қайтып алдым, себебі, ол қазақшаны түсінбейді, танымайды екен. Не қазақшаны білмесе, не аударушы есебінде дендүріс, тек қана бастаушы аударушы болса – оны көмекке алып не береке табамыз! Зоя Сергеевна Кедрина бір Письменный деген, мен білмейтін біреуді рекомендовать етіп еді. Одан да іс шықпады, подстрочникпен іс істеп көрмеген адам екен. Маған: «Сіз қасымда отырмасаңыз подстрочникпен аударып болмайды»,– депті. Одан да күдер үздім. Қазір енді ойлап-ойлап кеп өз қасымда отырып істейтін Анов Н.И. тапсырғалы отырмын. Жарымын В.В.Смирнова аударған, мынау қалған жарымын, 3-главаны аударады.
Достарыңызбен бөлісу: |