Убайдуллаева Г.Ж.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік универсиетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к.
Оспанова Ф. А.
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік универсиетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к.
Резюме: В статье рассматривается лингвокультурология как межязыковая связь и его роль в сфере когнитологии.
Кілт сөздер: когниция, антропоцентристік құрылым, мәдени ақпарат, тілдік бейне, ұлттық құндылықтар, таным, руханият, болмыс, тілдік бейне, тільдік ментальдық, үдеріс, ментальдық, стереотүр, когнитивтік сызбалар, мәдени мазмұн.
Аңдатпа: мақалада тіл мен мәдениет арасындағы ақпараттардың адам танымында өңделіп, адам санасында қалыптасып, тілде көрініс табуы, адамзат түсінігінің қалыптасуы, оның дүниені тануы, дүниетанымда тіл қандай қызмет атқарады деген мәселелерді қарастырады.
ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНУ: ТІЛАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС
Қазіргі уақытта тіл ғылымы қалыптасқан дәстүрлі зерттеуді емес, логико-лингвистикалық, психолингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық т.б. зерттеу тәсілдерін қажет етуде. Тіл біліміндегі лингвомәдениеттану сынды ғылыми бағыттың қалыптасуы осындай өмір талабы қажетінен туындаған.
ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында тіл білімінде антропоцентристік бағытта қалыптасқан лингвомәдениеттану мен когнитивті лингвистика салалары дүниеге келді. Антропоцентристік бағыт тұрғысынан адам дүниені өзін-өзі тану арқылы біледі. Ол – өткен ғасыр соңында қалыптасқан, тілді зерттеу парадигмаларының ішіндегі ең басты бағыттарының бірі болып саналады. Оның негізгі қызметі – тілді кең мағынада адамның сана-болмысы мен тілін бөлмей, тұтастай әлемдік деңгейде қарау. Тілдің антропоцентристік құрылымы антропологиялық негізде тілдің өзін ішінара зерттемейді, тіл адамның рухани бір бөлігі іспеттес қарастырылады. Олай болса, адамның адамдық қасиетін танытатын да, оның өмірінің барлық саласын қамтитын, заттық, рухани мәдениетін келер ұрпаққа жеткізетін де тіл болмақ.
Бұлардың барлығы ақпараттардың адам танымында өңделіп, адам санасында қалыптасып, тілде көрініс табуы, адамзат түсінігінің қалыптасуы, оның дүниені тануы, дүниетанымда тіл қандай қызмет атқарады деген мәселелерге негізделеді.
Орыс ғалымы В.И.Постовалова: «Лингвогносеология (когнитология), лингвоәлеуметтану, лингвопсихология, лингвоэтнология, лингвопалеонтология, лингвомәдениеттану антропологиялық бағыт шеңберінде қалыптасқан пәндер» [1, 29б.],-деп осы бағытта ұсынады.Лингвомәдениеттану да тіл мен мәдениеттану мәселелерінің ұштасуынан қалыптасқан, тіл арқылы көрініс беретін мәдени құндылықтарды, олардың қолданылу жүйесін зерттейтін, өзіндік мақсат-мүддесімен, әдіс-тәсілдерімен ерекшеленетін тіл білімінің үлкен саласы. Ол ұлттық тіл мен ұлттық мәдениеттің бір-біріне ықпалы, адам дүниені қалай көреді, мәдениеттегі тілдік бейненің рөлі, ғасырдан-ғасырға жетіп, ұлт тілінде сақталған халық қазынасы фразеологизмдердің, нақыл сөздер, мақал-мәтелдердің рөлі қандай, олардың адам баласына қажеттілігі неде деген сияқты мәселелерді қарастырады. Ол екі пәннің тоғысуынан пайда болғандықтан халықтың мәдени қазынасын, олардың қолданылу жүйесін зерттейтін тіл білімінің саласы ретінде зерделенеді. Оны зерттеуді көп қажет ететін жас ғылым саласына жатқызамыз.
Бұл саланың негізгі мақсаты – бұрынғы ата-бабаларымыздың қалдырған дүниесінің кейінгі ұрпақ тілінде қаншалықты дәрежеде көрініс тапқанын айқындау. Осы саланы зерттеп жүрген В.В.Воробьев лингвомәдениеттану пәніне: «Мәдениет тек тілдің қызмет етуіндегі өзара байланысы мен өзара әрекеттесуін зерттейтін, бұл үдерісті жүйелі әдістер көмегімен және қазіргі құндылықтар мен мәдени анықтамаларға бағытталған тілдік және тілдік емес мазмұн бірлігін де біртұтас бірліктер құрылымы ретінде бейнелейтін жинақтаушы түрдегі кешенді пән» [2, 47б.], - деп анықтама береді. Лингвомәдениеттану тек дәстүрлі мәдениетті емес, қазіргі мәдениетті де қамтиды.
Мәдениеттану дүниенің бейнесін, рухани құндылықтарды қарастырса, лингвомәдениеттану ғылымы бірнеше мазмұнға ие. Бұл атауға Г.Г.Почепцов «тілдік ойлау» (языковое мышление), «тілдік ментальдық» және «сөйлеу танымы» (речевое мышление) деген әр түрлі түсініктерді ұсынады. Бірақ біздің ойымызша, бұлардың бірде-біреуі лингвомәдениеттану деген ұғымды дәл, нақты бере алмайды. Себебі тілдік ойлау дегеніміз – тілдік түсінік, тілдік ментальдылық – тілдік түсініктің тәсілі, сөйлеу танымы (речевое понятие) - дүниені сөз негізінде ұғу деген сөз.
Ғалымдар арасында тілдік танымдарды талдай келе дүние – жалпыға ортақ, дүние – континуалды, дүние – ақпараттарға толы әлем, ал тілдік дүниетаным ондай мәліметтерге қатыссыз деген көзқарастар қалыптасқан. «Лингвомәдениеттану» термині соңғы уақытта фразеология мектебінің өкілдері В.Н.Телия мен В.В.Воробьев еңбектерінен бастау алса, мәдениеттану идеялары Г.В.Степанов, Ю.А.Сорокин, Г.З.Черданцева, И.Г.Ольшанский, В.А.Маслова т.б., қазақстандық ғалымдар Н.У.Уәлиев, Г.Н.Смағұлова, А.М.Алдашева, А.Д.Сейсенова, А.И.Ислам т.б. тілші-ғалымдар еңбектерінде жарық көрді. Соның негізінде бірнеше диахрониялық, салыстырмалы, салғастырмалы, лексикографиялық, лингвомәдени т.б. зерттеу бағыттары және өз алдына мектептер (Ю.С.Степанов, Н.Д.Арутюнова, В.Н.Телия, В.В.Воробьев т.б.) қалыптасты.
Лингвомәдениеттанудың айналысатын мәселелері тың емес, өткен заман мен бүгінгі күнді жалғастыратын халық мұралары. ХІХ ғасырда В.Гумбольдт, Ф.И.Буслаев, А.А.Потебня, А.Н.Афанасьев, кейіннен Э.Сепир, Н.И.Толстой, В.Н.Телия, Ю.С.Степанов, Н.Д.Арутюнова, В.В.Воробьев сынды ғалымдар бұл мәселелермен айналысып, олар тіл – мәдениет құралы екендігін, оның бөлігі, қалыптасуының бірден-бір шарты екендігін атап көрсеткен болатын.
Бұл сала ұлттық сипаты бар деп ұғынылатын әлеуметтік, танымдық, этикалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, рухани, тұрмыстық қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы жеткізеді. Осы тұрғыда лингвомәдениеттану өз алдына ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен халықтың танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың қызметі мен орнын анықтау деп мақсат қояды. Ал осы ғылым бір халыққа аңыз, әдет-ғұрып, дағды, рәсім, мәдениет символдарын т.б. қарастырса, бұлардың барлығы тіл арқылы көрініс табады.
В.Маслованың: «Лингвомәдениеттану – лингвистика мен мәдениеттану түйісуінен пайда болған тілде бейнеленген және бекіген халық мәдениетінің көріністерін зерттейтін ғылым» [4,9б.],-деуі мәдениетті тілмен байланыстыра зерттеудің маңыздылығын аша түседі. Ғалым лингвомәдениеттану ғылымының зерттеу нысанын, қалыптасу кезеңдерін, әдістемелік, лингвомәдени бірліктердің түрлерін арнайы зерттей отырып, динамикалық даму кезеңдерін төмендегідей белгілейді:
1. Тіл мен мәдениеттің арақатынасы, астарластығын бағамдайтын лингвомәдени көзқарастардың, лингвомәдениеттанымдық ізденістердің бастау алу кезеңі;
2. Лингвомәдениеттанудың жеке сала ретінде қалыптасу кезеңі;
3. Зерттеу нысаны, ғылыми ұстанымдары мен межелері, теориялық тұжырымдары нақтыланған лингвомәдениеттану ғылымының пайда болу кезеңі [5, 28б.].
Мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа тілсіз жетуі мүмкін емес. Демек мәдениеттің қай түрін алсақ та, оның түрі мен мазмұны тек тіл арқылы ғасырдан-ғасырға сақталып, беріліп отырған. Ендеше тіл арқылы мәдениеттану – ұлттың, халықтың кешегісі мен бүгінгісін тану.
Ал «ұлт мәдениетінің бір біріне ұқсамайтын өзгешілігі неде?», - дейтін болсақ, оны А.А.Леонтьев былай түсіндіреді: «Әрбір халықтың әлемді тануы мен әлемді қабылдауы негізінде өз мағыналары, әлеуметтік стереотүрлері, когнитивтік сызбалар жүйелері жатыр. Сондықтан да адам саналы этникалық жағынан шартты, бір халықтың әлемге көзқарасын жәй ғана «қайта белгілер арқылы ауыстырумен» басқа халықтың мәдениет тіліне аударуға болмайды» [6, 55б.].
Сонымен лингвомәдениеттану – тіл мен мәдениеттің өзара байланысының тілдегі бейнесін сипаттайды. Ол бұл үдерісті «тілдік және мәдени мазмұнды тұтастай құрылым, біртұтас тұлға ретінде кешенді тәсілдер жәрдемімен және де қазіргі заманның негізгі ағымдары мен мәдени ұстанымдарына сәйкес зерттейтін жинақталған біртұтас ғылым болып табылады», - деген тұжырым жасаймыз.
Қолданылған әдебиеттер
1. Фразеология в контексте культуре. Сб. -М., 1999 г.
2. Воробьев В.В. Теоретические и прикладные аспекты лингвокультурологии: дисс. ... докт. филол. наук. -М., 1996 г.
3. Маслова В.А. Лингвокультурология. -М.: Academia, 2001 г.
4. Леонтьев А.А. Взаимодействие культуры и языков. Языковое сонание и образ мира // Язык и сознание: парадоксальная рациональность. -М., 1993г.
Достарыңызбен бөлісу: |