Утеулиева Самал Беркиновна
Екпетал мектеп-балабақшасының
тәрбиешісі
сот тел: 87025690988
Білім беру саласы: Таным
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру
Тақырыбы: Бауырсақ математика елінде қонақта
Мақсаты: Балалардың 1-ден 5-ке дейінгі сандар, геометриялық пішіндер туралы білімдерін пысықтау, әртүрлі тапсырмалар орындату арқылы балалардың ойлау қабілеттерін дамыта отырып, 1-ден 5-ке дейінгі сандарды танып-білуге, тура және кері санауға, геометриялық пішіндерді ажырата білуге, бірнеше заттар тобын салыстыра және теңестіре білуге үйрету, таным белсенділіктерін арттыру, есептеу дағдыларын жетілдіру.
Көрнекі құралдар: 1-ден 5-ке дейінгі сандар таңбасы, геометриялық пішіндер, тапсырмалар бейнеленген суретті плакаттар, үлестірмелі материалдар, «Бауырсақ» ертегісі бойынша кітап иллюстрациясы, бауырсақ бетпердесі, көңіл-күй белгілері (смайликтер), т. б.
Әдіс-тәсілдер: көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу, мадақтау, ойын.
Әрекет кезеңдері:
Тәрбиешінің іс-әрекеті:
Баланың іс-әрекеті:
Дәлелдеу-ояту
( Топ бөлмесінің әсемдігіне назар аударту. Балалар шеңбер бойында тұрады. )
Тәрбиеші: - Балалар, бүгін бізде ерекше күн. Себебі, біздің балабақшамызға көптеген қонақтар келіп отыр. «Сәлем – сөздің анасы» демекші келген қонақтарымызбен амандасайық.
Балалар: - Сәлеметсіздер ме?
Шаттық шеңбер:
«Қайырлы таң!» (өзіндік массаж)
Қайырлы таң, көздерім!
Сендер ояндыңдар ма?
Қайырлы таң, құлақтарым!
Сендер ояндыңдар ма?
Қайырлы таң, қолдарым!
Сендер ояндыңдар ма?
Қайырлы таң, аяқтарым!
Сендер ояндыңдар ма?
Қайырлы таң, Алтын күн!
Біздер ояндық.
Қайырлы таң!
Қайырлы күн!
Тәрбиеші: - Бәрекелді, тамаша! Енді бәріміз орнымызға барып жайғасып отырайық.
Ұйымдастыру-іздену.
Кіріспе әңгіме (суретпен жұмыс)
Сұрақ-жауап
-
Балалар, жылдың неше мезгілі бар?
-
Қазір жылдың қай мезгілі?
-
Көктем айларын атаңдар?
-
Көктем мезгілінде қандай табиғат құбылыстары мен өзгерістері болады?
-
Көктем мезгілі туралы қандай тақпақ білесіңдер?
Ғажайып сәт
( Бауырсақтың өлеңі баяу естіліп тұрады. Есік қағылып, залға бауырсақ кіреді. )
Тәрбиеші: - Балалар, қараңдаршы, бүгін бізге қонаққа бауырсақ келіпті. Қане, барлығымыз онымен амандасайық.
Балалар: - Сәлеметсіз бе, бауырсақ?
Бауырсақ: - Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Тәрбиеші: - Бауырсақ, бауырсақ, сен мұнда қайдан келдің?
Бауырсақ: - Мен сендерге ертегі айтып беру үшін «Ертегілер елінен» келіп отырмын.
Тәрбиеші: - Балалар, сендер ертегі тыңдағанды ұнатасыңдар ма?
Балалар: - Иә.
Тәрбиеші: - Олай болса, бәріміз бірге «Бауырсақ» ертегісін тыңдайық.
(«Бауырсақ» ертегісін кітап иллюстрациясы бойынша айтып беру.)
Бауырсақ: - Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Бір күні шал кемпірге қапшық түбінде қалған ұннан бауырсақ пісір деп тапсырыпты. Кемпір қаймаққа нан илеп, оны майға қуырып, бауырсақ пісіріпті де, оны терезенің алдына суытып қойыпты.
Бауырсақ суып тұрып, тұрып, бір кезде домалай жөнеледі. Ол домалап келіп терезе алдынан аулаға, ауладан сыртқа, одан әрі, одан әрі домалай береді, домалай береді.
Бауырсақ жолмен домалап келе жатырса, оған қоян жолығады.
- Қоян, сен неге көңілсізсің? – дейді бауырсақ.
- Мен көжектеріме сыйлыққа сәбіздер апара жатыр едім, бірақ оларды жолда шашып алдым. Енді не істерімді білмей отырмын?! – дейді қоян.
Бауырсақ: - Балалар, сендер қоянға көмектесесіңдер ме?
Балалар: - Иә.
1- тапсырма:
«Қоянға сәбіздерді 1-ден 5-ке дейін тура санау ретімен жинауға көмектес»
Бауырсақ: - Бауырсақ қоянмен қоштасып, әрі қарай домалай жөнеледі. Бір кезде қатты жел соғады.
Балалар: - С - С - С.
Бауырсақ: - Бір уақытта қасқырдың ұлыған дауысы естіледі.
Балалар: - У - У - У .
Бауырсақ: - Бауырсақтың алдынан қасқыр шығып,
- Бауырсақ, сен менің тапсырмамды орындамасаң, әрі қарай жүре алмайсың! – дейді қасқыр.
Бауырсақ: - Балалар, сендер бауырсаққа қасқырдың тапсырмасын орындауға көмектесесіңдер ме?
Балалар: - Иә.
2 - тапсырма:
«Әр орамалды сәйкес құрақпен (пішінмен) байланыстыр»
Бауырсақ: - Бауырсақ қасқырмен қоштасып, әрі қарай домалай жөнеледі. Бауырсақ жолмен домалай береді, домалай береді, бір уақытта айналасына қараса көгалға шыққан екен. Ол қатты шаршап, ағаш түбіріне отырып демалады.
Сергіту сәті
Кел, балақан, балақан,
Шапалақта алақан:
Жай, жай, жай!
Қозғап барлық денені
Қолды қатты соқ енді:
Сарт, сарт, сарт!
Тықылдатып таяқты,
Ақырын бас аяқты:
Жай, жай, жай!
Айтқан кезде өлеңді,
Қатты басқын еденді:
Тарс, тарс, тарс!
Бауырсақ: - Бауырсақ жолмен домалап келе жатырса, алдынан аю шығып,
- Бауырсақ, бауырсақ, маған сенің көмегін қажет еді. Егер көмектессең, сені әрі қарай жіберемін. – дейді аю.
Бауырсақ: - Балалар, сендер бауырсаққа аюдың тапсырмасын орындауға көмектесесіңдер ме?
Балалар: - Иә.
3- тапсырма:
«Әр суретте қанша зат бар екенін сана және тиісті цифрды шеңбер ішіне жаз»
Бауырсақ: - Бауырсақ аюмен қоштасып, әрі қарай домалай жөнеледі. Бауырсақ жолмен домалап келе жатырса, оған түлкі жолығып,
- Бауырсақ, бауырсақ, мен сені әрі қарай жіберуім үшін бір шартымды орындауын қажет.
Бауырсақ: - Балалар, сендер бауырсаққа түлкінің тапсырмасын орындауға көмектесесіңдер ме?
Балалар: - Иә.
4 - тапсырма:
«Заттарды теңестір»
Бауырсақ: - Бауырсақ түлкімен қоштасып, әрі қарай домалай жөнеледі.
Бауырсақ жолмен домалап келе жатып, алдында тұрған сәулетті үйшікті көреді. Ол үйшіктің қасына барып,
- Сәулетті үйшік тым жақсы! Үйшікте кім бар, тіл қатшы? – дейді.
Ешкім үн қатпайды. Сосын бауырсақ үйшікке кіреді. Сәулетті үйшік оған қатты ұнайды. Сондықтан бауырсақ үйшікте мекендеп қалуды жөн көреді.
Рефлекстік-түзету.
Тапсырмалардың дұрыс орындалуын қадағалау, дұрыс орындалмаған жағдайда дер кезінде түзету.
Тәрбиеші: - Балалар, сендерге ертегі ұнады ма?
Балалар жауабы.
Тәрбиеші: - Олай болса, балалар, қызықты ертегі айтып бергені үшін бауырсаққа өзіміздің көңіл-күйіміз бейнеленген смайликтерді табыстайық.
Қорытынды
Тәрбиеші: - Балалар, 1-ден 5-ке дейінгі сандар туралы қандай тақпақтар білесіңдер?
Балалар:
Қолға қалам алайық,
Қанша сан бар жазайық.
Қарап тұрмай, сандарды
Қайта-қайта санайық.
1 саны
Біздің үйде бір тауық,
Бір жұмыртқа жүр тауып.
Қорада бар бір сиыр,
Бәтіш тәтем жүр сауып.
2 саны
Екі көзбен көремін,
Екі аяқпен жүремін.
Екі қолым бар менің
Екі құлақ білемін.
3 саны
Үйімде бар үш қалам,
Үшеуін де ұштағам.
Үш досымды салдым мен
Үш балыққа ұқсаған.
4 саны
Төрт дөңгелек арбада,
Төрт аяқ бар малда да.
Тауыса алмай бидайды,
Төрт тышқан жүр қамбада.
5 саны
«Бестік» деген бағаны
Бақыт күнде алады.
Бәрі жақсы көреді,
Беске оқыған баланы.
(Сабақ соңында қонақтармен қоштасу)
Балалар: Қол ұстасып тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы
Сау-саламат болайық.
Достарыңызбен бөлісу: |