Үздіксіз кәсіби білім беру жүйесіндегі орта кәсіптік-техникалық білім беретін



Дата28.06.2016
өлшемі62.41 Kb.
#163785
УДК.377.5 (091) (574)

Абуова Набат Әуелбекқызы

__________________________

Үздіксіз кәсіби білім беру жүйесіндегі орта

кәсіптік-техникалық білім беретін

оқу орындарының ролі мен орны

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі халық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы салаларына қатысты жаңа өзгерістер кезеңінде, яғни адамзаттың болашақтағы ең жоғарғы деңгейдегі сауаттылығы мен білімділігін айқындайтын өтпелі кезеңде тұр. Қоғамымызда болып жатқан өзгерістер мен сол өзгерістерге байланысты туындайтын уақыт талаптары еліміздің техникалық тұрғыда білімді кәсіби мамандарын даярлайтын орта кәсіптік оқу орындарына да мол өзгерістер әкеліп, жоғары деңгейдегі талаптар қоюда.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2010 жылдың 29 қаңтарында халыққа жолдаған "Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері" тақырыбындағы Жолдауында: "2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс" деп атап көрсетті [1]. Бұл – үздіксіз білім беру жүйесіндегі бастауыш және орта кәсіптік білім берудің маңыздылығын айқындайтын бірден бір негізгі бағыт болып табылады. Мұнымен қоса, соңғы жылдары Қазақстандағы үздіксіз білім беру кешенін дамыту, оның әр сатысының талапқа сай өркендеуіне мемлекет тарапынан көмек беру кезек күттірмейтін міндет болып отыр.

Республиканың 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында Қазақстанның білім беру жүйесі мынадай төрт деңгейден тұратыны белгіленген: мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту; орта білім беру; орта білімнен кейінгі кәсіптік білім беру; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру деңгейлері [2]. Білім берудің осы деңгейлері үздіксіз білім беру кешенімен сабақтасқан жағдайда техникалық және кәсіптік білім берудің барлық талаптары толық қамтамасыз етілуі сөзсіз. Өйткені, орта білімнен кейінгі кәсіптік білім беру деңгейі қызмет көрсету және басқару сипатындағы орта буынның білікті кадрларын даярлауға арналған кәсіптік білім беру бағдарламаларын қамтитын және сол арқылы үздіксіз білім берудегі негізгі буынды иемденетін деңгей болып есептеледі.



Енді орта кәсіптік білім беру сатысы бойынша тарихқа шегініс жасап, талдау жасайтын болсақ, Қазақстанның нарықтық экономикаға көшу кезеңіндегі қиыншылықтары орта кәсіптік оқу орындарына да әсерін тигізген. Өндіріс орындарының қысқаруы, кәсіптік мектептердің жұмысындағы тоқыраулар орта кәсіптік техникалық оқу орындарын бітіруші түлекке деген сұранысты төмендетіп, аталмыш оқу орындары жабылудың аз-ақ алдында тұрған.

Дегенмен, жоғары және орта арнаулы білім жүйесіндегі реформаны тереңдету мен одан әрі дамыту, жоғары білікті, орта буын мамандарын даярлау сапасын көтеру мақсатында Қазақстан Ресубликасы Үкіметінің 1997 жылғы 8 мамырдағы № 8 қаулысы орта кәсіптік білім беру жүйесінің қайтадан өркендеуіне маңызды серпіліс жасады. Ал бұдан кейінгі Республика Үкіметінің қабылдаған барлық қаулы-қатарларында, құжаттамаларында орта кәсіптік-техникалық білімнің ролін көтеру тәуелсіз еліміздің структурасын мықтаудағы ең негізгі міндет болып есептеледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 15 мамырдағы № 721 "Қазақстан Республикасында бастауыш және орта кәсіптік білім беруді одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы" қаулысына сәйкес елімізде орта кәсіптік білім беретін оқу орындарын тұрақтандыру байқалған, тіпті бұрынғы орта кәсіптік оқу орындарының оқу процесін оңтайландырумен қатар кейбір облыстар мен қалаларда жаңа оқу орындары ашылды. Оның себебі, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін республикадағы кішігірім өндіріс орындары қайта ашыла бастады, нәтижесінде орта буын мамандарын даярлайтын орта кәсіптік оқу орындарының түлектеріне деген сұраныс өсе бастады; кәсіптік мектептер жұмысының жандануына байланысты өндірістік оқыту шеберлеріне деген қажеттілік жоғарылады; ел экономикасының динамикалық даму көрсеткіштерінің кейбір түрлері орта кәсіптік оқу орындарының жұмысына тәуелді болды; еңбек нарығына бәсекеге қабілетті маман даярлау тапсырмасы орта кәсіптік оқу орындарының ұжымына да қойылды. Міне, осы белгіленген шаралардың барлығы орта кәсіптік оқу орындарының Қазақстанның үздіксіз білім беру жүйесіндегі орны мен ролін айқындауға мүмкіндік берді. Дегенмен, аталмыш орындары әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан орын алуы үшін оқу-тәрбие процесі бойынша жоғары талаптарға сай жұмыс атқаруы тиіс. Атап айтқанда, ғылыми-әдістемелік жұмыс, тәрбие жұмысы, студенттердің тәжірибе жинақтауы, кәсіби бағдар беру іс-шаралары білім берудегі инновациялық технологиялар бойынша жүргізу аталмыш оқу орындары үшін басты мақсат болып есептелді. Осы жерде айта кетер бір жайт, орта кәсіптік оқу орындарын бітіруші түлек белгілі кәсіп, біліктілік және мамандық алып шығады. Бұдан шығатыны, үздіксіз білім беру жүйесіндегі орта кәсіптік білім беретін оқу орындарында кадрлар даярлаудың қалыптасқан жүйесі қазіргі заманғы педагогикалық іс-шаралармен сипатталған өзгермелі қоғам қажеттілігін өтеуі тиіс. Орта кәсіптік-техникалық оқу орны оқытудың гумандық, гуманитарлық және жалпытехникалық білім беру процесі негізінде білім, іскерлік, дағды жүйесін меңгерген, кәсіби құзыреттілігі қалыптасқан, қоғамның өнегелі байлықтарын меңгерген жеке дамушы тұлғаны қалыптастырады. Сонымен қатар, орта кәсіптік техникалық оқу орны орта кәсіптік білім бере отырып болашақ маманды қосымша мамандандырумен қамтамасыз етеді және бәсекеге қабілетті маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастырады. Мұның барлығы студенттің білім алу кезеңіндегі оқу процесінің талаптарымен бірге секция, үйірме, техникалық шығармашылық, кітапхана, арқылы қалыптасатын жеке даралық ерекшелігімен тығыз байланыста дамиды. Сонда орта кәсіптік-техникалық білім ордаларындағы педагогикалық процестің ерекшелігі де білім беру мен тәрбиелеудің жаңа технологиясымен сипатталады.

Республикадағы орта кәсіптік-техникалық колледждер 1991 жылдан бастап "Колледж-университет" кешені, яғни колледжден кейін сәйкес мамандық бойынша университеттің үшінші курсына қабылдау жүйесі бойынша жұмыс жасай бастады. Түсінікті болу үшін төменде берілген үздіксіз білім беру жүйесіндегі орта кәсіптік техникалық білім ордаларының орнын айқындайтын және білім берудегі өзіндік ерекшеліктерін сипаттайтын суретті талдайық (1-сурет).





1-сурет. Орта кәсіптік-техникалық білім беру құрылымы

Бұл кешенге қойылған басты тапсырма – маман даярлауды жетілдіру, талапкер іріктеу іс-шарасын жақсарту, жаңа оқу жоспарларын жасау, бағдарламаларды түзету болды. Студенттердің шығармашылық белсенділігі, оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы айрықша жетістіктер, колледждің үздік дипломы университетке оқуға тапсырудағы жеңілдік болып есептеледі. Бұл кешенді құру студенттердің түсу емтихандарын тапсыру кезіндегі жоғары конкурсын куәландыратын және үлкен қызығушылығын арттыратын бірден-бір мүмкіндігі болып есептеледі. Үздіксіз білім алу жүйесіндегі колледж бітірушілер ЖОО-ғы қалыптасқан жағдайға тез бейімделеді, өз мамандығын жоғары бағалайды, практикалық түрде колледжден кейін ЖОО-ға түскен сту-денттің академиялық қарызы болмайтынын тәжірибелік зерттеулер көрсеткен [3, 41-43 бет]. Мұның себебі орта кәсіптік оқу орындарында біліктілікпен қоса қосымша мамандандыру беріледі. Қосымша мамандандыру оқу бөлімі белгіленген арнайы пәндер бойынша жүргізіледі. Оқу процесі жан-жақты, тереңдетілген, практикамен байланысқан түрде жүргізілетіндіктен студент оқу жоспарында белгіленген сағат көлемінен артық уақытта қосымша мамандандыруға байланысты өзіндік жұмыстарды атқарады, техникалық шығармашылықпен айналысады. Нәтижесінде болашақ мамандығының алғашқы сатысына көтеріледі.

1-суретте бәсекеге қабілетті орта буын маманының бүкіл оқу процесі кезеңіндегі өтетін этаптары мен орындауға тиіс міндеттері көрсетілген. Сурет арқылы орта кәсіптік оқу орындарының қазіргі үздіксіз білім беру кешеніндегі өзіндік ерекшеліктерін саралауға болады.

Елбасының осы жылғы Жолдауында: «Кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара байланыстырылуы тиіс» деп көрсетілген. Ал осы жоспарланған шаралар кешенін іске асыруда еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыратын техникалық және қызмет көрсету еңбегінің мамандарын даярлау көзделуде.

Қорыта айтқанда, Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру үшін үздіксіз білім беру жүйесінің кез-келген сатысындағы білім беру проблемаларын барынша жетілдіріп, инновациялық технологиялар мен әлемдік жаһандану мәселелерін бәсекеге қабілетті маман даярлауға бағыттауы тиіс.


_____________________


  1. Назарбаев Н.Ә. «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері». // Жолдау Егемен Қазақстан 29.01. 2010 ж.

  2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. // Егемен Қазақстан. – 2003 ж. 26 желтоқсан.

  3. Абуова Н.Ә. Қазақстандағы индустриалды-педагогикалық колледждердің дамуы (1991- 2005 жж.) // Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2005. – 151 б.


Резюме
В статье приведены роль и проблемы средне-технического образования в сфере непрерывной формы обучения; подчеркивается, что профессиональная компетентность, образованность и умение будущего специалиста, получившего образование в среднем професионально-техническом учебном заведении, характеризуются высокими показателями, а так же поясняется важность кружков, способствующих формированию технического творчества студентов вышеуказанного учебного заведения.

Resume
In this article is said about the role and problems of high technical education in the sphere of unremitting form of education; emphasized that professional competence, being educated and abilities of future specialist, who is educated at the high professional-technical educational institutions, characterizes with high index, and also clarifies the importance of circles, which assists forming of technical creative works of students of above-mentioned educational institutions.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет