«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КЕАҚ
Зерттеу эссе
Роза Мұқанова шығармаларының жаңашылдық сипаты мен стилдік ерекшелігі
Орындаған: Сарсенбаева Анель
КЯЛ-205 тобының 2 курс студенті
Тексерген: Секей Жанбота
Роза Мұқанованың шығармашылығымен бұрыннан таныс едім. Мектеп табалдырығында оқып жүріп «Мәңгілік бала бейне» атты таңымал шығармасымен таныстым. Одан бөлек «Патша қатын У», «Аида», «Қаралы төбе» сынды шығармаларымен де танысып, толықтай оқып шыққан едім. Автордың қай шығармасын алып қарасаңда, әрқайсысының өзіндік стилі, сөз мәнері, астарлы мағынасы, белгілі бір проблемасы бар екендігін аңғарамыз.
Біріншіден, белгілі бір қоғамдық проблеманы қозғауы ерекше көзге түседі. Мысалы, «Мәңгілік бала бейне» шығармасында Семей ядролық полигоны кезінде болған, соның зардабынан жапа шеккен Ләйләнің тағдыры жайлы суреттеледі. Мұның өзі сол тұстағы өте күрделі әрі көп уақытқа дейін шешімін таппаған өзекті мәселердің бірі болған еді. Осы шығарма арқылы жарылыстардың адам өміріне, болашағына балта шапқандығын, арман-мақсаттарын әп-сәтте жермен-жексен еткендігін көреміз. Қаншама адамдар әсіресе, жаңа туылған сәбилер мен өрімдей жас балалар мәңгілікке мүгедек атанды. Міне осының барлығы бір Ләйләнің бойында көрініс тапқандай. Айта кететін бір мәселе- Прототипі – Еңлік атты Семей қаласының тұрғыны. Яғни, бұл жерде әңгіме тек шынайы оқиғаға ғана емес, шынайы тағдыр иесіне де сүйеніп жазылған. Қоғамдағы осы тәрізді ауқымды мәселерді қозғап, әңгімесіне арқау ету кез-келген жазушының қолынан келе бермейтін іс. Тарих сахнасында болған оқиға бойынша шығарма сюжетін өрбітіп жазу асқан шеебрлікті талап етеді. Мұның өзі сол түйіткілді жан-жақты зерттеуді қажет етері сөзсіз анық. Және осы тұста, Роза Мұқанова еш мүдірместен осынау ауыр да, қайғы-қасіретке толы мәселенің жай-жапсарын көркем түрде бейнелеп, оқырманға жеткізе білді. Осылайша бұл шығармасы оқырман жүрегіне жетіп, ойып тұрып орын алғандай да болды. Себебі, шыныменен-ақ, бұл Қазақ даласындағы ең ауыр, қасіретті оқиғалардың бірі болған еді. Және бұл жәйт жүрегі қазақ деп соққан еркін елдің ұрпағының қайсысын болмасын бей-жай қалдырмасы анық.
Келесі тоқталатыным- автор шығармалырындағы психологиялық сарын. Ол кісінің психологизмді жетік меңгергені анық. Және бұл шығарма кейіпкерлерінің образдары арқылы көрініс тапқандай. Жоғарыда аталған шығармалардың қайсысын алып қарасамда, әрқайсысының кейіпкерлерінің ішінде бір ешкім білмес мұң-шері, жан айқайы, өзіндік бір қырлары жасырынғандай. Және шығарманы жандандырып, әсерлі етіп жеткізіп тұрған да осы қырлары деп санаймын. Мәселен, ендігі кезекте «Патша қатын У» әңгімесін алып қарастырсақ, мұнда сырттай мықты, қайратты болып көрінген У-дың да ішінде де сырт көзден таса қалған бір сырлары мен беймәлім қырлары, басынан өткен небір оқиғалары жасырынған. Тіпті оның өзін осынша қатал, тасжүрек етіп көрсеткісі келгенінің астарында да ұзақ жылдар бойы сақталған ыза-кегі мен өкпе-реніші жатқан еді. Пенде болғасын біз әлсіз келеміз. Ал осы әлсіз адамды болаттай қайратты, қанжардай өткір ететін ол әрине, кек пен ыза. Әсіресе, адам ішінде қаншама уақыт тұншығып, сыртқа шыға алмай жатқан ыза бәрінен де ауыр болмақ. Ауырлығы соншалық, небір сорақылықтардан тай салмауы ғажап емес. Ал бұны У-дың жасаған іс-әрекеттерінен ақ байқауға болады. Яғни, автор өз шығармалырының қайсысында болмасын, қаһарманның ішкі жан дүниесін, тебіренісі мен толғанысын барынша жан-жақты жайып салу арқылы образды айқынырақ аша түсуді шебер меңгерген. Әр әңгімесінде кейіпкерлердің мінез-құлқында бұрындары кездеспеген бөлек әдет, бөтен мінезді суреттеп, соны оқырманға әсерлі етіп жеткізе білген.
Сонымен қатар, жазушы шығармаларынан трагедиялық бейнелер мен мұң -шер байқалады. Мұны да жоққа шығаруға келмес. Өйткені, аталған шығармалырының барлығы трагедиялық сарынға жақынырақ. Басқа шығармалардағыдай көтеріңкі көңіл-күй, болмаса қарапайым ауыл тіршілігі, қағытпа қалжын, адамдардың мәре-сәре болып қуануы сынды тұстары аз ұшырысады. Керісінше, кейіпкерлер бойынан жалғыздық пен іште сақталған мұң, өкпе-реніш байқалады. Осы тұста «Аида» әңгімесіне ойыссам, мұнда да өрімдей жас қыздың өзіне ғана мәлім ішкі сезімдері мен жұмбақ өлімі баяндалады. Және ағасының қарындасына деген үлкен сағынышы көрініс табады. Ал осы Аиданың өзін трагедиялық образға жатқызамыз. Жалпы, бұл кісінің кез-келген шығармасын оқып отырып жадырап күлу мүмкін емес. Себебі, жоғарыда атап өткенімдей әр шығармасы мұң-шер, жетімдік, жалғыздық, өкініш пен үміт, өткенге деген сағыныш пен ыза-кекке толы. Және осының барлығы шығарма кейіпкерлерінің алуан түрлі тағдырларына байланысты.
Кей шығармаларды оқып отырып, кейіпкер бейнесін түсінбей жататын кездерім болатын. Яғни, кейіпкер бейнесі шығармада берілген тақырыпты толық аша алмайтын тұстар да кездесетін. Осылайша, шығармада бірінен соң бірі өрбіген сан түрлі оқиғаларды түсіне алмай, дал болатын кездерім болатын. Ал Роза Мұқанова шығармаларын оқып отырып, кейіпкер жанына, оның сезімдеріне терең үңілесін. Осылайша әрі қарай не болары қызықтырып, кейіпкердің ішкі дүниесіне асқан қызуғышылықпен бойлай бастайсын. Сан түрлі тағдыр иелері, басынан өткерген небір оқиғалары одан сайын еліктіре түсері анық. Және шығарма соңында мүлдем басқаша әсер, түйін алып шығасын. Және бұны да Роза Мұқанова шығармашылығының ерекше тұстарының бірі деп ойлаймын. Яғни, оқырман қызығушылығын ояту, жалықтырмастай сюжет қолдана білу. Мәселен, кез-келген әңгіме болсын, кең көлемді шығармалардың бірі болсын, барлығында бірінен соң бірі өрбіп отыратын оқиғалар тізбегі, әр кейіпкердің өзіндік айшықты образы, жоғарғы деңгейдегі сөз мәнері және ең бастысы - әр жазушының тек өзіне ғана тән стилі болуы тиіс. Ал, Роза Мұқанова өнерінің өң бойында осының барлығы табылғандай. Және осы тұста, ең маңызды рөлге ие- жазушы стилі. Егер ол қалыптаспаса, құр жазушы болғаннан еш пайда жоқ. Жазушы өзіндік стилін, сарынын тапқанда ғана нағыз жазушы болып қалыптасады. Қалғанының барлығы бос әурешілік. Роза Мұқановаға келер болсам, ол - өзінің стилін, дара жолын тапқан нағыз өнер иесі.
Тағы бір қайғы-қасіретке толы шығармасы- «Қаралы төбе». Бұнда да автор қоғамдық проблемаларды суреттеу арқылы кейіпкер бейнесіне терең бойлайды. Сонымен қатар, шығарманың бір ерекшелігі- бір-біріне мүлдем қатысы жоқ образдардың сан-қилы тағдырлары, өмірде көрген небір сорақылықтары. Және осының барлығы бір Қаралы төбенің басында көрініс табады. Әртүрлі кейіпкерлер арқылы бір емес, бірнеше мәселе ашып көрсетіледі. Бүгінгі қоғам дертіне айналып, еріксіз күрсінтетін мәселелерді еш бүкпесіз бейнелейді. Шығарма басында, өмірге құмартқан, басқалар секілді қуанып, басқалармен тіл қатысқысы келетін кемтар қыз жайлы айтылады. Ішінде қаншама айтылмаған сөздер, жауапсыз қалған сұрақтар, мұң-шер сақталып жатқандай. Тек осыны жеткізер күйі болғанда шіркін! Тіпті, «Жылағаны — күлгені сияқты. Күлгені — жылағаны сияқты.» деп берілген еді шығарма тоғысында. Шығарманың келесі кейіпкері- қартайып қайғы ойлаған қарт және оның аянышты халі. Бұл бүгінгінің ауқымды түйіткілдерінің бірі. Қартайған әке-шешесіне қарайласуға шамасы жоқ қатыгез ұрпақ бейнесі. Яғни, келінінің ауыр сөздері мен асқан қатыгездігі, атасына күн бермей, отырса опақ, тұрса сопақ қылған әрекеттері қарт шалды әбден титықтатып жібергендей. Қартайған шағында осыншама ауыр әрі ащы сөздер естіп, небір сорақылықтарға төзу оңайға соғар ма? Жасы жетіп, санаулы күндері қалған шағында балаларының қызығын көріп, қызықтаудың орнына көрген күні мынау. Ауыр сөздері аз болғандай, тіпті нұқып-нұқып жіберуді шығарған имансыз келінінің бұл әрекеті кімді болмасын бей-жай қалдырмасы анық. Бүгінгі қоғамда дәл осыған ұқсас мәселер көптеп таңылуда. Ол аз болғандай асырап – бағып, осы күнге жеткізген ата-анасын керексіз заттай сыртқа теуіп, қарттар үйіне тастап кетіп жатқан санасыздар қаншама?! Кейде осындайларға қатты таңқаламын. Қалай ғана дәті барып, жанының бір бөлшегін, әке-шешесін, өзінде болмасада бар жақсысын перзентіне тосқан аяулы жандарын қиып кетеді екен? Қанша қартайса да, қауқары кетсе де, ол сенің ата-анаң ғой. Оның бар әдетін көтеріп, қалған ғұмырында алақаныңа салып аялау- әр перзенттің міндеті. Шығарма сюжетіне сәйкес қоғамда ата-енесін сыйламайтын келіндер қатары уақыт санап артуда. Тіпті, ене мен келіннің тату болуы да сирек кездеседі десем артық болмас. Және осы тұста бір айтарым, әрбір қыз баласы тұрмысқа шыққанда сүйген жарының ата-анаасын дәл өзіндікіндей сыйлап, кұрмет тұтуға дайын болуы керек. Ал оларға осындай зәбір көрсетуі тіпті асқан сорақылықпен тең. «Тыңдайтын құлақ, еститін жан иесі болса өткенін айтып өксіп, қазіргісін айтып өлгісі келеді. Жасаураған көзінің сорын сүртіп, келініне кемсеңдеп, жас балаша қол созады» Шығармадағы бұл үзіндіден, берілген кейіпкер бойында да іштей тұңшығып жатқан мұң мен шер, қайғы жатқанынын аңғарамыз. Тыңдар құлақ болмай, бар өкпе-ызасын сақтап, іштей тыңған ақсақалдың аянышты халі шебер суреттеледі. Келесі кейіпкерлер- ардан безіп бөтелкелес болған ана мен бала бейнесі. Одан қалса, ащы судың арбауында бірін-бірі танымай азғындықтың орын алуына да сәл қалған еді. Алайда, адамдардан ақылы артық болған ит орталарына түспесі бар ма? Осылайша ол азғындық пен сорақылықтың төбесінен түсіп, алдын алған еді. Міне, бүгінгі қоғам бейнесі осы. Ащы болса да, шындық. Қазіргі адамдардың көздерін шел басып, небір жаман әдеттерге құмартып, мәңгүрттеніп барады. Осыған байланысты шығармада: «Адам азғындағанда өз ішінен шыққан баласын танудан қалып, баласы анасын танудан қалып мәңгүрт болады деседі. Бәлкім, бұлар азғындағандар шығар.» делінген екен. Бұл сөздерінің де жаны бар. Міне, жоғарыда атап өткенімдей, Роза әңгімелерінің басты ерекшілігі- осындай шешімін таппаған, өзекті мәселердің барлығын анық көрсетуінде. Бүгінгі ұрпақ оқырмандары үшін нағыз керекті шығармалар осындай болса керек. «Сын түзелмей мін түзелмейді»,- демекші қоғамдағы барлық кем-кетік тұстарды айтып отыру қажет. Сол кезде ғана адамдар, түзелуге, қатесін жоюға бет бұратын еді.
Бұдан бөлек, автор аталмыш шығармада заман тоғысында қалған тарихи оқиғалардан да қалыс қалмайды. Аналарын жалғыз балаларынан айырып, жас тағдырларды қыршынынан қиған соғыс зардабы берілген. Қаншама адамды сорлатқан соғыс- халыққа ауыр тиген жағдайлардың бірі болған еді. Сонымен қатар, өкіметтің саясаты да халықты сергелденге салған еді. Баласының қазасына сенер, сенбесін білмеген ана байғұстар бос табытты жерлеп жатқандарын да білмеген еді. Осылайша, сұм саясат ана мен баланы айырып, асыраушыларын тартып алды. Бір ғана Қара төбе қаншама адамның қайғы-қасіретін бойына жиғандай еді. «Бірігіп арақ ішіп, көніл көтерген ана мен бала, ақылдан асып қарабет болды. Адамдық қасиеттен безген түні көктен жайдың оты түсті. Олардың жатқан жері ойылып, құз атанды. Қаралы төбедегі мүгедек қыз тәңірге құлшылық етіп, екі қолын көкке созды. Бұл мүсәпірдің де жылағаны — күлгені сияқты, күлгені жылағаны. Біздің Қаралы төбенің кейпі де дәл осы — мүгедек қыз. Жылағаны — күлгені, күлгені — жылағаны.» Яғни, автордың Қаралы төбе дегені- заман, қоғам бейнесі. Осы Қаралы төбе арқылы әр заманның өзіндік мәселелері анық суреттелгендей болды.
Қорыта айтар болсам, Роза Мұқанова шығармашылығы- бүгінгі заман әдебиетіне ауадай қажет туындылардан құрылған. Тақырыбы, психолгизмі, шығарма тілі, сөз мәнері жағынан алып қарасақ та, бәрі де өте шебер әрі көркем жеткізілген. Тағы атап өтерлік жәйт- адам жанына, психологизміне терең үңіле білуі. Олардың бар мұңын аянышты,әсерлі етіп жеткізуі. Роза Мұқанова - әдебиет сахнасынан ойып тұрып орын алған, сыршылдыққа толы ерекше жазушылардың бірі. Ең бастысы, тарихтың айтылмаған шындығын әдебиет арқылы жария еткен нағыз дарын иесі.
Достарыңызбен бөлісу: |